Ғылыми жобаның тақырыбы:
Эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдер
Ғылыми жобаның көлемі:
Ғылыми жобада пайдаланған әдебиеттер саны: 33
Ғылыми жобаның нысаны: Қазақ тіліндегі
эмоционалды-экспрессивті салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдер
Ғылыми жобаның мақсаты мен міндеттері: Қазіргі
қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдер ерекшеліктері мен
жасалу жолдарын айқындау бітіру жұмысының мақсаты болып табылады.
Осы мақсат негізінде жұмысқа мынандай
міндеттер қойылды:
-
Тілдегі эмоционалдылық пен экспрессивтіліктің
синтаксистік жүйедегі көрінісін анықтау;
-
Қазақ тіліндегі эмоцианалды-экспрессивті құрмалас
сөйлемдердің ерекшеліктеріне тоқталу;
Ғылыми жобаның әдістері: Жұмысты жазу
барысында сипаттама, жинақтау, құрылымдық-семантикалық талдау және т.б әдістер
қолданылды.
Диплом жұмысының мазмұны:
Кіріспе бөлімде қазақ тіліндегі
эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдерді зерттеудің маңызы туралы
айтылған.
Негізгі бөлімде тілдегі эмоционалдылық пен
экспрессивтілік туралы, оның синтаксистік жүйесіндегі орны және құрмалас
сөйлемдерде қолданылу ерекшеліктері тілдәк мәліметтерді келтіре отырып,
жан-жақты қарастырылған.
Қорытындыда талдау жасау барысында
жасалған негізгі тұжырымдар түйінделген.
Ғылыми жобаның құрылымы: Жоба кіріспеден,
негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған ғылыми әдебиеттер тізімінен
тұрады.
Кіріспе
Тілдің экспрессивтік, эмоционалдық,
бағкалауыштық қызметін анықтау-қазақ тіл білімінде кейінгі кездің жемісі.
Алайда, тілдің экспрессивтік, эмоционалдық, бағалауыштық қызметі қазақ
ғалымдарының назарынан тыс қалмаған. Айталық, бұл мәселе М.Б.Балақаев,
І.К.Кеңесбаев, Ғ.Ғ.Мұсабаев, Ш.Ш.Сарыбаев, А.Т.Қайдаров, Р.С. Әміров, М.С.
Серғалиев т.б ғалымдар еңбектерінде айтылған.
Тілдің аталған қызметіне көлемді
еңбектермен қатар, әр бағытта мақалалар жазылып келеді. Соның ішінде сөздің
эмоционалды-экспрессивті қызметіне көптеген мақалалар арналған. Атап айтсақ,
А.Т. Қайдаровтың «Экспрессия как фактор языкого выражения эмоций» (Вестник АН
КазССР, 1983, №9,с,.15-20), І.К.Кеңесбаевтың «Фразеологияның
экспрессивті-семантикалық функциялары жайында» т.б
Ауызекі сөйлеу тіліндегі эмоционалдылық
пен экспрессивтіліктің ерекшелігіне арналған көлемді еңбек – М.С.Серғалиев пен
Ш.И.Нұрғожинаның «Эмоционально-экспрессивная лексика казахского разговорного
языка» (1995) атты еңбектері. Мұнда ауызекі сөйлеу лексикасындағы
эмоционалды-экспрессивті сөздердің ерекшеліктері, олардың жасалу жолдары мен
тәсілдері, лексико-грамматикалық топтары қарастырылған.
Ал, А.Нұрмахановтың «М.Әуезов драмалық
шығармаларындағы эмоционалды-экспрессивті лексика» атты диссертациясында
аталмыш тақырып жан-жақты, бірнеше жүйелі түрде зерттеліп, құнды ғылыми
тұжырымдар жасалған.
Сөздің эмоционалдылығы мен экспрессивтілігі
стильдік тұрғыдан да қарастырылып келеді (С.А.Абдуллаев , Х.М. Нұрмұханов,
В.И.Лиханов т.б)
Қазақ тілінде сөздің, фразеологиялық
тіркестердің эмоционалдылығы мен экспрессивтілігі туралы біршама сөз болғаны
айтылды. Алайда, лексикадағы экспрессивтілік пен эмоционалдылық айтылғанымен,
бұл мәселе синтаксис жүйесінде көрініс таппай отыр.
Синтаксистегі экспрессивтілік пен эмоция
туралы мәліметті тек Р.С. Әміровтың еңбектерінен көруге болады. Автор әрбір
синтаксистік құрылымдардың грамматикалық белгілерін, жасалу жолдарын айта
отырып, олардың эмоционалдылығы мен экспрессивтілігіне де тоқталып отырады.
Алайда, автор жай сөйлемдегі эмоционалдылық пен экспрессивтілікті қарастырған.
Мысалы, профессор Р.Әміров эмоционалдықты білдіруге бейімделген формалар,
амалдар, интонациядан, арнаулы баяндауыштың формаларынан көрінеді дейді.
Мұнымен бірге, түгел құрылысы жағынан осыған қалыптасқан сөйлемдер де бар
екендігін айта келіп, лепті, жақсыз, атаулы, номинативті, қыстырма сөйлемдерді,
қайталауларды айтады.
Сонымен, тіл мамандарының бәрі де тілде
эмоционалды-экспрессивті сөздердің бар екенін бір ауыздан мойындайды.
Қазақ тілінде құрмалас сөйлемдердің
эмоционалдылығы мен экспрессивтілігі әлі көп қарастырылмай келеді. Ғылыми
жобамызда осы мәселе қарастырылмақ. Сол себепті, жобамыздың тақырыбы қазақ
тілі білімінің өзекті мәселесі болмақ.
Осы мақсат негізінде жұмысқа мынандай
міндеттер қойылды:
-
Тілдегі эмоционалдылық пен экспрессивтіліктің
синтаксистік жүйедегі көрінісін анықтау;
-
Қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті құрмалас
сөйлемдердің ерекшеліктеріне тоқталу.
Қазақ
тіліндегі құрмалас сөйлемдер:
-
салалас құрмалас
-
сабақтас құрмалас
-
аралас құрмалас – деп бөлінетіні белгілі.
Жобамызда біз тек салалас құрмалас пен
сабақтас құрмаластағы эмоционалдылық пен экспрессивтілікке тоқталдық.
Жобамыздың нысаны: қазақ тіліндегі
эмоционалды- экспрессивті салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Ғылыми жоба жұмысының әдістері: Жобаны жазу
барысында сипаттама, жинақтау, құрылымдық-семантикалық талдау және т.б әдістер
қолданылды.
1 Тілдегі эмоционалдылық пен
экспрессивтілік және олардың синтаксистік жүйедегі көрінісі
Тілдің
бірнеше негізгі қызметтері бар:
-
коммуникативтік
қызмет;
-
ақпаратты
жеткізу;
-
когнитивтік;
-
эмоционалды-экспрессивті;
Тілдің эмоционалды-экспрессивті қызметі негізгі әрі маңызды қызметі болып
саналады. Тіл тек қарым-қатынас құралы немесе ойды сыртқа шығарушы құрал
ретінде жұмсалмайды, сонымен қатар тіл адамның эмоционалды және ойлау-сөйлеу
әрекетін қамтамасыз ете отырып, сезіммен, эмоциямен тығыз байланыста болады.
Сөз – әрі қарым-қатынас ұүралы ретінде сөйлеудің, әрі сол тілді зерттейтін тіл
білімі саласының негізгі тілдік бөлшегі болып есептеледі. Тіл біліміндегі
сөздің қызметі сан алуан екендігі белгілі. Бұл сөздің тілде әр түрлі көптеген
мағыналарды, нақтылай айтқанда, сындық, қимылдық, заттық, атауыштық,
бейнелеуіштік сияқты, т.б. мағыналарды білдіре алатын қабілетімен тікелей
байланысты. Сөздің сондай мағыналарының бірі – тіл білімінде эмоционалды-экспрессивтілік
деп аталады. Олар көңіл-күйдің, сезімнің, әсердің мағыналық бояуларын
білдіреді. Тіл білімінде олар эмоционалды-экспрессивті сөздер деген атау алған.
Эмоционалды-экспрессивті сөздер халықтың ауызекі сөйлеу тілімен қатар әдеби
шығармалар тілінде де жасалып, көп кездеседі. Алайда, сөз қуаттылығы
жазушыларымыздың ой зерделігі мен тіл байлығына, шеберлігіне байланысты болмақ.
Бір сөзбен айтқанда, эмоционалды-экспрессивті сөздердің орынды қолданыс табуы,
қажетті мағыналық бояуды бере алатындай болуы тиіс. Бұл – сөздің негізгі
қызметтерінің бірі.
Эмоция
мен экспрессивтілік (туралы) жөніндегі ғылымдағы пікірлерге мән берсек, мұндай
пікірлерді тек тіл біліміне қатысты емес барлық сала мамандарының еңбектерінен
кездестіруге болады.
Мысалы, тілдегі осы мағынаға байланысты: «Сөз сөйлеушінің ойымен қатар, оның әр
түрлі психикалық толқуларын білдіреді» - деп атап көрсетеді академик
В.В.Виноградов [1,50].
Эмоция сөзінің төркіні – латын тіліндегі «Emoure» етістігі [3,46]. Бұл орыс
тіліндегі «возбуждать, волновать» (әсерлендіру, толқыту) деген ұғымды
білдіреді.
Жалпы алғанда, эмоция туралы алғашқы ғылыми пікірді биологиялық тұрғыдан айтқан
ағылшын ғалымы Ч.Дарвин болса керек. Дарвиннің «Выражение эмоции у человека и
животных» деген кітабы жарыққа шығудан бұрын-ақ бұл проблема тек ғалымдардың
ғана емес, өнер адамдарының: суретшілердің, скульптордың, актерлардың көңілін
аударған.
Эмоционалдық құбылыс қолданылу аясы мен белсенділігіне қарай әр қилы болып
келеді және эмоционалдық әсер неғұрлым күшті болса, одан көрінетін
экспрессивтілік те ұлғая түседі:
Қанға бөгеп, аппақ болып есеңгіреп жатқан балғын денесі бар күнәдан бар
азаптан арашалап алғысы келген көлдің көп толқындары өз ырқынан, өз арнасынан
асып кете алған жоқ (Ардақ, 429).
Сөйлемнің эмоционалдық әсері өте күшті, себебі, мұнда «қанға бөгу,
есеңгіреу, күнә, азап» сияқты бірнеше семантикасынан эмоционалды сөздер мен
сөз тіркестері қатар қолданылған және олардың әрқайсысының эмоционалдық реңі,
мәні ерекше көзге шалынады. Соған сәйкес сөйлемдегі экспрессивтілік те айқын
әрі анық болады. Енді тіл мамандарының эмоцияға берген анықтамаларына тоқталып
өтейік. Түркологияда бұл тақырыптың зерттелуі 50-жылдардан бастау алды десе де
болады. Қазақ тілінің көрнекті өкілдері С.Қ. Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Т.
Қайдаровтың еңбектерінде эмоционалдылық, экспрессивтілік, ондағы лексика-семантикалық
бірліктер мен олардың жасалу тәсілдері жайлы салмақты пікірлер айтылған.
Тілдегі эмоционалды элементтер адам сезімін білдіру үшін қызмет етеді. Ал
тілдегі экспрессивтілік амалдар эмоцияларды, ерікті білдіруде, ойды білдіруде
де, мәнерлілік пен суреттілікті күйшейтуге ықпал етеді [6, 918].
Атақты тіл маманы А.М.Кожина «стилистика русского языка» атты еңбегінде
эмоционалды лексиканы үлкен екі топқа бөледі [8, 223]
1.
Эмоционалды-экспрессивті
(бояу)
2.
Функционалды-стилистикалық
(бояу)
Эмоционалды-экспрессивті лексиканың өзін тағы 3 түрге
бөліп қарастырады.
1.
Бір
мағыналы яғни, о баста табиғатынан эмоционалды-экспрессивті сөздер
2.
Көп
мағыналы-ауыспалы мағынада қолдану арқылы эмоционалды мәнге ие болатын сөздер.
3.
Қосымшалар
арқылы жасалған эмоционалды-экспрессивті сөздер.
Ал
өзбек ғалымы Л.Абдуллаева эмоционалды-экспрессивті лексиканың «жағымды»
(құрметтеу, кішірейту, еркелету) және «жағымсыз» (дөрекі, тұрпайы және
ирониялық –кекету, қомсыну) болып бөлінетінін айта келіп: «жағымсыз мәндегі
эмоционалды лексика тек жаман кейіпкерлерді сомдау үшін ғана емес, сонымен
қатар жағымды кейіпкерлердің жағымсыз эмоцияларын реніш, күйініштерін, ашуын
суреттеу мақсатында да пайдаланады», - десе, П.А. Эфендиева
«эмоционалды-экспрессивті лексиканы тудырудың классикалық үлгісі тұрақты сөз
тіркестері, яғни фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер» - деген пікір айтады.
Осындай қолда бар деректер мен сипаттамаларды негізге ала отырып былайша
жіктедік:
1.
Эмоционалды
реңді сөздер мен сөз тіркестері (екі қалпақ, зұлым жау).
2.
Экспрессивті
мәнді сөздер (шаһар дидарласу, көз жүгірту)
3.
Эмоционалды
мәнді сөздер мен сөз тіркестері (ғажап, ит өлген жер).
4.
Экспрессивті
реңді сөздер мен сөз тіркестері (көңіл-құсы, ысқыртып жіберді).
Көркем шығарманың басты элементі тіл дегенде ұлы
Горькийдің ойында қалай болса солай қолданылған сөз жиынтығы емес оқырманын бір
дегеннен-ақ өзіне икемдей беріп, кешіктірмей үйіріп тарта жөнелетін, бірден
түсінікті болатын таза тіл болғаны, өз пікірін сол жөнінде айтқаны даусыз. Ал
мұндай тіл, сөзсіз эмоционалды, экспрессивті мән мен реңге тікелей байланысты, сол
арқылы қажетті әр мен әсерге ие болады. Сондықтан да болар тілдегі осы бір
құбылыс тек тіл мамандарының ғана емес, сонымен бірге ақын-жазушыларымыздың да
назарында келе жатқан мәселе екені байқалады.
Эмоционалдық пен экспрессивтілік тудыруға тек
бейнелі сөздер ғана емес, жалпылама, арнаулы көнерген, неологизмдер, кітаби
лексика, тұрмыстық сөздер, қарапайым сөздер, диалектизм бәрі де қатысады.
Әңгіме тек олардың қалай және қандай мағынада қолданылуында. Бірақ тілімізде
өзінің заттық-лексикалық мағынасы о бастан эмоционалды-экспрессивті мәнді болып
ұшырасатын сөздер болатыны белгілі.
Эмоциялық пен экспрессивтілік тілдің барлық
құрылымдық бөлшектерінде көрінеді. Осыған орай лексикада, грамматикада қарапайым
сөз формаларға сыңар болып жұмсалатын эмоциялық тұлғалар қатар жүреді. Бұл
тұлғалар затты, құбылысты, дүниедегі қатынасты атап қана қоймайды, оған қоса
сөйлеушінің эмоциялық сезімін білдіреді. Эмоция – психикалық құбылыс оның тілде
көрінуіне екі коммуникативтік себеп бар. Бірі - болмыстан алған әсерді білдіру,
тыңдаушыға жеткізу. Екіншісі – тыңдаушыны бір іске жұмылдыру үшін, әсер ету.
Тілдің синтаксистік жүйесінде эмоциялық
тудыратын формалар көбінесе баяндауыш мүше қатарынан көрінеді.
Эмоциялықты білдіруге бейімделген формалар,
амалдар синтаксисте әртүрлі бұл интонациядан, арнаулы баяндауыш формаларынан
көрінеді.
Мұнымен бірге түгел құрылысы жағынан осыған
бейімделген сөйлемдерде бар. Эмоция түрлі сезімге, қуаныш, таңдану, жиренішке
байланысты Ә.Ахметов: «Жай қалпынан өте асырып көрсету арқасында суреттелген
құбылыс адамның, ой-сезіміне тез әсер еткіш келеді» - дейді. Екінші сөзбен
айтқанда мұндай суреттемелерде үнемі эмоционалды-экспрессивті рең, мән болады.
Осыған байланысты мысал келтірелік. Көзі қанталаған
қалпы, қақпанға түскен қасқырдай мәңгілік кекпен, арлан ашумен қалды.Бұл
мысалда эмоция мен экспрессивтілік бірден көзге түседі. Мұнда сөйлемге ерекше
әр беріп тұрған – бірнеше әсерлеулердің (мәңгілік кек, арлан ашу) қатар
алынады. «Қақпанға түскен қасқырдай» сияқты теңеулер сөйлемнің экспрессивтік
бояуын қанықтыра түскендей.
Эмоционалдылық пен экспрессивтіліктің синтаксистегі
көрінісі
Профессор Р.Әміров эмоционалдықты білдіруге бейімделген
формалар, амалдар, интонациядан, арнаулы баяндауыштың формаларынан көрінеді
дейді. Мұнымен бірге түгел құрылысы жағынан осыған қалыптасқан сөйлемдер де бар
екендігін айта келіп, лепті, жақсыз, атаулы, номинативті, қыстырма сөйлемдерді,
қайталауларды айтады [9, 73-78]
Эмоциялық, экспрессивтік тілдің барлық құрылымдық
бөлшектерінде көрінеді. Осыған орай лексикада, грамматикада қара жаяу сөз,
формаларға сыңар болып жұмсалатын эмоциялық тұлғалар қатар жүреді. Бұл тұлғалар
затты, құбылысты, дүниедегі қатынасты ғана білдіріп қоймайды, оған қоса
сөйлеушінің эмоциялық сезімін білдіреді. Эмоция – психикалық құбылыс. Оның
тілде көрінуіне екі коммуникативтік себеп бар. Бірі – болмыстан алған әсерді
білдіру, тыңдаушыға жеткізу. Екіншісі тыңдаушыны (немесе үшінші бір жақты) бір
іске жұмылдыру үшін әсер ету [12]. Тілдің синтаксистік жүйесінде эмоциялық
тудыратын формалар көбіне баяндауыш мүше қатарынан көрінеді. Бұл заңды да.
Өйткені баяндауыш сөйлемді ұйымдастыруда негізгі қызмет атқарады.
Эмоциялықты білдіруге бейімделген формалар,
амалдар синтаксис те әртүрлі , бұл интонациядан, арнаулы баяндауыш формаларынан
көрінеді, мұнымен бірге түгел құрылысы жағынан осыған қалыптасқан сөйлемдер де
бар. Эмоция кісінің түрлі сезіміне-қуанышына; таңдауына, жиренішіне байланысты.
Бірақ осы алуан түрлі эмоциялық сезімдер көбіне синкретті ортақ формалар арқылы
көрінеді.
Көп жағдайда сөйлемнің лепті, лепсіз көрінуі
тек интонацияға сүйенеді: Құлайды! – деп айқайлайды.
Біз эмоциялы баяндауыштардың жеке-жеке
формаларын, олардың қызмет ерекшеліктерін көрсетпекпіз.
1.
Субъектіге
тән сапаны эмоциялы түрде атау үшін айтса айтқандай, мықты десе мықты тәрізді
құралған баяндауыштар қызмет етеді. Бұл баяндауыштар бар сөзді қайталақтатып
тіркестіру негізінде жасалады. Баяндауышқа енген компоненттердің бағыныңқысы
шартты рай тұлғасы арқылы негізгі компонентпен байланысады.
Ах, сорлы балам, айтса айтқандай. Аудырмай
түсірген (Ш.Х).
2.
Субъектіге
тән іс-әрекетті ерекше екпін түсіріп, тұжырып айтуда алғаным алған, алғаны
алған, айтатыным айтамын тәрізді құралған баяндауыштар жұмсалады. Бұл
баяндауыштар да бір сөздің қайталақтап келуі арқылы жасалады. Баяндауыштардың
бір түрінде (алғаным алған) негізгі компонент болып -ған, -ген, формалы есімше
түбір күйінде келеді де, қайталақ компонент тәуелдік жалғауын жалғаған есімше
түрінде келеді, екі компонент өзара предикативтік қатынас арқылы байланысады.
Бірінші компоненттің тәуелдік жалғауы баяндауыштың жақтық мағынасына қарай
түрленеді.
Әпкем баратыны барады. Ертеңнен
қалмайды. Су жаңа дөңгелек осы қалғаны қалған (Ш.Х).
3.
Эмоциялы
баяндауыштың бір түрі келетіні келеді, келуі келді (келген)
тәрізді болып жасалады. Баяндауыштың негізгі компоненті ретінде келер шақ,
өткен шақ формалы етістік жұмсалады да, оларға есімше, тұйық рай тұлғалы
қайталау компоненттер үстеледі.
Әпкем келетіні келеді
(келуі келеді, келуі келген).
4. Компоненттері да, де
жалғаулықтары арқылы біріккен күрделі баяндауыштар да (алды да кетті)
эмоциялық күйді білдіру үшін қызмет етеді.
Жалғаулық арқылы біріккен күрделі
баяндауыш көсемше форма арқылы бірігуден гөрі эмоциялы болуға бейім болуының
себебі бар. Баяндауыштың бұл түрі ерекше интонациямен айтуға ыңғайлы: сіресіп
қалдым – сірестім де қалдым.
5. Эмоциялық баяндауыш «сын есім
– десеңші», «етістік - десеңші» болып құралады: күшті десеңші, алады
десеңші. Бұл баяндауыштар сұраулық сөз қатысқан лепті сөйлемдер құрамында
жұмсалады.
Оған не жоқ десеңші (Б.Т).
6. «Етістік – дейсің (деймін)»,
«есім сөз - деймін» болып құралған баяндауыштар да іс-әрекетті эмоциямен атау
үшін жұмсалады: жауды дейсің, ұстамын деймін.
7. Эмоциялы баяндауыштардың бір
түрі -тын, -тін формалы есімше немесе есім сөз және өзі есімдігінің бірігуі
арқылы жасалады.Есімше, есім сөз және өз есімдігі матасып байланысты: сөйлейтіннің
өзі, күлегештің өзі.
8. Эмоциялы баяндауыштың тағы бір
түрі алғанды шығарды тәрізді болып құралады:
-ған,-ген,-тын, -тін формалы
есімше шығарды етістігімен тіркесіп, бір баяндауыштық форма құрап тұр.
Екі компонент объектілік қатынас арқылы біріккенмен, объектілік мағына бұл
тіркесте көрінбейді. Объектілік қатынастың жоғалуына екі компоненттің
лексикалық мағыналарының бұл қатынас шеңберінде сыйыспауы себеп.
Экспрессивтілікті,
эмоционалдылықты білдірудің тәсілдері әртүрлі болады, олардың бастылары
мыналар:
1.
Сөйлеу
тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын құбылту арқылы сөйлемге
экспрессивтік мағына енгізуге болады, мысалы: «Абай жолы» роман-эпопеясында
кітапханаға кірген Абайды түйеге теңеп бір чиновниктің мысқылдап күлгенін естіп
Абай:
Чиновник мырза, түйе ірсе несі
бар, мұнда ол түгіл есек те отырыпты ғой! – дейді.
Бұл сөйлемдегі есек те отырыпты
ғой! Сөздерін күмілжіп ақырын айтсақ, Абай мысқылының мәні онша айқын
болмай шығар еді, ал сол сөздерді сөйлемдегі басқа сөздерден гөрі көтеріңкі,
ойнақы дауыспен айтсақ, онда сөйлемнің экспрессивті-эмоционалды мағынасы тайға
таңба басқандай болады.
Сол сияқты, Білмеймін дейсің бе, әй! Көріңде
өкіргір! Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс сөйлемдерін өршелене
көтеріңкі, мәнерлі дауыспен айтса, олардың экспрессивті бояуы айқын сөйлемдер
болып ұғынылады.
2.
Бір ойды
білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған
экспрессивті мағына қосуға болады. Мысалға мына сөйлемдерді салыстырып көрейік:
Мен шындықты айтамын – Мен
шындықты айтпай тұра алмаймын.
Мен осы кітапты оқып
бітіремін – Мен осы кітапты бітірмей қоймаймын.
3. Баяндауыштың І жақтық жіктік
жалғауын -мен, -бен, -пен түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын
экспрессивті етуге болады. Ондай болымсыз сөйлемдер қайсарлықпен үзілді-кесілді
айтылған ойды білдіреді, мысалы:
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар-намысымды қашырман!
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да жасырман
(Махамбет).
Өлеңім – оқ, ол алдымда
Мен де жаудан шегінбен!
(Жамбыл).
Тәуекелге келгенде, алдымда
тау тұрса да, тайынбан! (Ғ.Мұстафин).
4. Сөйлемнің баяндауышын, кейде
сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем түрімен ауыстырып айту
арқылы да оған экспрессивті мағына үстеуге болады. Мысалы:
Мен бармаймын – Мен
бармасам болмайды. Мен мұныңа көнбеймін – Мен мұныңа көне алмаймын. Техниканың
тетігін білген жақсы – Техниканың тетігін білгенге не жетсін!
Мұндай экспрессивті мәні бар сөйлемдерге
әдебиеттен мысалдар келтірейік:
Жақып сөйлей жөнелді (Ғ.Мұстафин).
Мұны Жақып сөйледі дегенмен салыстырайық, онда ешқандай экспрессивті
реңк жоқ. Сондай-ақ мына сөйлемдерге назар аударайық:
Жарқыраған май күні тамылжып тұр
(М.Әуезов). – Жарқыраған май күні ыстық.
Жақсылық күлімдей түсті (Ғ. Сланов). – Жақсылық
күлді.
Күн көптен бері жылынбай қойды
(М.Әуезов). – Күн көптен бері жылынбады.
5.
Сөйлемнің
етістік баяндауышын қайталап екі рет айту да немесе есім, етістік
баяндауыштардың алды-артына олардың мағыналарын күшейтетін сөз қою да экспресситікті
білдірудің синтаксистік амалы болады. Мысалы:
Жапан далада жан-жағына алақтап
жалғыз әйел жортып барады, жортып барады. Кең далада жалғыз адам жүзіп
келеді, жүзіп келеді. Өзгеше бір күй кең даланы күңіренте шайқай береді, шайқай
береді (Ғ.Мқстафин). Зытып келем, зытып келем (Ғ.Мүсірепов).
Япырмай, мына жерге ауыл орнап,
дүкен құрылғаны жақсы болды-ау! (С.Мұқанов).
Жоғарыда айтылғандардан,
келтірілген мысалдардан экспрессивтікті білдірудің синтаксистік тәсілдері қалай
болатынын байқауға болады.
Мұнымен бірге түгел құрылысы
жағынан осыған қалыптасқан сөйлемдер де бар: лепті, жақсыз, атаулы,
номинативті, қыстырма сөйлемдер.
Атаулы сөйлемдердің
эмоционалды-экспрессивті қызметі
Атаулы сөйлемдер арнаулы коммуникативтік
мақсаттың қажетімен қалыптасқан. Бұл сөйлемдер төңіректі, жағдайды үнемді
жолмен суреттеу үшін және пікірді эмоциялы етіп білдірудің амалы ретінде
жұмсалады.
Негізгі мүшесі атау тұлғалы атаулы сөйлемдер
құбылысты, затты эмоциялы атау үшін жұмсалады. Мысалы:
Шіркіннің күлкісі-ай! (Б.М). Шіркін, осы ауылдың
жастары-ай! Ойын-сауық десе жанып кетеді (С.Мұрат).
Негізгі мүшесі сын есімнен болған атаулы сөйлемдер
субъектіге тән сын, сапаны эмоциямен білдіру үшін жұмсалады.
Мысалы:
Түннің қараңғысы-ай! Ту, қараңғысы-ай даланың! –
деді Әдиев (С.Мұрат).
Негізгі мүше қызметіндегі сын есім тәуелді
формада тұрады. Бұл – оның субъектілік мағыналы сөзбен байланысуы үшін туған
жағдай: Менің оқығаным-ай! Сенің келгішің-ай!
Негізгі мүшесі -ған, -ген, -қан, -кен, -тын, -тін
тұлғалы есімшеден болған таулы сөйлемдер іс-әрекет туралы пікірді эмоциямен
білдіру үшін жұмсалады. Мысалы:
Күні бойы сарылып үйде отырғаны! Жай отырмайды,
бірдемені жазып отырады (Б.Т).
Сенің-ақ сағына беретінің-ай! (Б.М). Тоба-ай, сенің
түсінбейтінің-ай! (Б.М).
Негізгі мүшесі тұйық етістіктен болған атаулы
сөйлемдер іс-қимылды эмоциямен білдіру үшін жұмсалады. Тіпа, мынаның шешенсіп
сөйлесуі-ай! (Б.М).
Негізгі мүшесі табыс септіктегі сөзден (зат есім,
сын есім, есімше) болған атаулы сөйлемдер де пікірді эмоциямен білдіреді.
Мына жердің тауын-ай! Жүктің ауырын! Мүләуімсуін! Балаларға
қорған болған кісімсіп тұрғанын (М.Ә). [9,92-94].
Қаратпа, қыстырма сөзді сөйлемдердің
эмоционалды-экспрессивті қызметі
Қаратпа сөз әсіресе шешендік сөзде, үндеуде, диалогты
сөйлемде, кім үшін, кімге қарап, неге арналғанын және сөйлеушінің ішкі сезімін
аңғарту үшін жұмсалады.
Мысалы: Шырағым, сен ағаңның тілін ал – деген
сөйлемді кім айтса да, жылы шыраймен айтылып отырғаны бірден аңғарылады, оның
орнына Сен, оңбаған, ағаңның тілін ал! –десек, біреудің екінші біреуді жек
көріп айтқаны аңғарылады. Бұл мағыналық, эмоциялық айырмашылықтың болуы, бір
жағынан, сөйлемнің айтылу әуенімен байланысты болса, екінші жағынан, ең бастысы
сөйлемде қолданылған қаратпа сөздердің мағынасымен байланысты [13.159].
Қаратпа сөздердің түрлері де, сөйлемдерге
енгізетін мағыналық өзгерістері де аса елеулі, олардың негізгілері мыналар:
1.
Әй, ей –
қаратпа сөздері бар сөйлемдер дөрекілікті білдіреді.
Әй, Олжабек бері кел (Ғ.Мұстафин). Бала, әй бала,
қайдасың? – деді аттылы адам (С. Ерубаев).
2.
Бірқатар
қаратпа сөздер біреуге жылы шыраймен жасы кішіні жақын көріп сөйлегенде
қолданылады. Олар – қалқам, шырағым, күнім, сәулем, бауырым сияқты біреуді
басқа затқа балап айтқан сөздер. Мысалы:
Қарағым, бермен кел,
Бізге де көңіл бөл!
(Абай).
-Құстың жемін әкелші, қалқам, - деді
Амантай Ботагөзге (С.Мұқанов). Шырағым, сен абыржыма. Жыламашы, күнім
(Ғ.Мүсірепов). Балалар, аманбысың, шырақтарым? (Жамбыл). Не сездің, айтшы,
күнім, айым (М.Әуезов).
Мұндағы сөйлемдердің эмоциялық
мағыналарын әлі де болса құбылта түсу үшін қаратпа сөздердің құрамына модальді
шылау сөздер (ай, ау) қосылған.
- Қарағым-ай, сен бе едің?
(Ғ.Мүсірепов).
- Қарағым-ай, тұршы тезірек...
Күнім-ау, не істегелі жүр едің? (С.Мұқанов).
3. Біреуді жақын көріп, ұлық санап,
не еркелеп сөйлегенде, кісі атын қысқартып, Ақа, Сәке, Жәке деп немесе інішек,
қарындас, апа, әпеке, ағатай деп айтады.
- Ақа, қозың бүгін түгел ме?
- Түгел, қарағым (Ғ.Сланов)
4. Әдетте қаратпа сөздер адамды
нысанаға алып айтылатын сөз болса, көркем әдебиетте сөйлемге ерекше эмоциялы әр
енгізу үші жансыз затты жанды, адам тәрізді қаратпа етіп те жұмсайды.
Сайра да зарла,
қызыл тіл,
Қара көңілім
оянсын! (Абай)
Тыңда, Қастек, Қаскелең,
Сөйлесін кәрі бауырың
(Жамбыл)
Қыстырма сөздердің бірқатары ойдың
айтылу тәсілін, өзара қатынасын, тағы басқа мағыналарды білдіреді. Қысқа
сөйлемдегі ойға, оның айтылу тәсіліне айтушының көзқарасын да білдіру
мақсатымен қыстырма сөздер сөйлем құрамына еніп отырады.
Оставьте свой комментарий
Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.