Инфоурок / Другое / Другие методич. материалы / Ғалымбек Әбілқайырұлының өмірі мен шығармашылығы
Обращаем Ваше внимание: Министерство образования и науки рекомендует в 2017/2018 учебном году включать в программы воспитания и социализации образовательные события, приуроченные к году экологии (2017 год объявлен годом экологии и особо охраняемых природных территорий в Российской Федерации).

Учителям 1-11 классов и воспитателям дошкольных ОУ вместе с ребятами рекомендуем принять участие в международном конкурсе «Законы экологии», приуроченном к году экологии. Участники конкурса проверят свои знания правил поведения на природе, узнают интересные факты о животных и растениях, занесённых в Красную книгу России. Все ученики будут награждены красочными наградными материалами, а учителя получат бесплатные свидетельства о подготовке участников и призёров международного конкурса.

ПРИЁМ ЗАЯВОК ТОЛЬКО ДО 21 ОКТЯБРЯ!

Конкурс "Законы экологии"

Ғалымбек Әбілқайырұлының өмірі мен шығармашылығы

библиотека
материалов


hello_html_5bfc75d2.gifАқмола облысы Жарқайың ауданының «Білім бөлімі» ММ

hello_html_m4e89ff6e.gifНахимов негізгі мектебіhello_html_m4e89ff6e.gif

hello_html_m717d4f28.png











Ғалымбек Әбілқайырұлының өмірі мен шығармашылығы

Бағыты:Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалық туристік сапар желілері

Секция: Қазақ әдебиеті

Дайындаған: Талапова Үміт Талапқызы Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


hello_html_5bfc75d2.gif














Жарқайың,2015 жыл



Мазмұны:

Абстракт

Кіріспе

1. Тектілер шыққан ұлы өлке

1.2 Ғалымбек Әбілқайырұлының өмір жолы

2. Жұлдызы кешігіп жанған ақын

2.1 Шуақты көңіл жырлары

2.2 Ақын баспасөзге жарияланбаған өлеңдері

Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Пікір





































Абстракт


  • Ғалымбек Әбілқайырұлының өмірі мен шығармашылығы

  • Нахимов негізгі мектебі

  • Жұмыстың аяқталу мерзімі – 2015 жыл

  • Жұмыс көлемі: 25 бет

  • Әдебиеттердің саны: 8

Зерттеудің мазмұны: Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, талай жүректерге үміт отын сыйлаған, өзінің де жүрегі-өлең деп соққан ұстаз-ақын – Ғалымбек Әбілқайырұлының шығармашылығы мен өмір жолы қызық пен шыжықтан тұрады. Текті Торғай даласында дүниеге келген ақын ақтық демі таусылғанша туған өлкесін аузынан бірелі тастамай, жырлап та, жазып та, айтып та өткен.

Жұмыстың мақсаты:Ұрпақ тәрбиесіне етек түре, білек сыбана араласқан жанның ақындық тұлғасын зерттеп, жастарға үлгі өнегелігін таныстыру, өлеңдерінің мазмұнын, поэзиясының мәнділігінің сырын ашып, зерттеу.Ғалымбек Әбілқайырдың еңбектерінің тәрбиелік мәніне үңіліп, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны мен қазақ әдебиетіне қосқан, қосар үлесі жайлы саралай келіп, шығармаларының тәрбиелік мәнін айқындауды мақсат еттім.

Осы мақсаттарға жету барысында алдыма мынадай міндеттерді қойдым:

-Ақын Ғалымбек Әбілқайырдың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдарды жүйелеп оқырмандарға ұсыну;

-Халық ауыз әдебиетінің ақын шығармашылығына әсерін көркемдік дәстүр аясында қарастыру;

-Қазақ әдебиетіндегі жаңа сарынмен жазылған ақынның ойлы да мазмұнды сөздерінің мағынасына, ой астарына көз жүгірту;

ҒЖЗ зерттеу әдістері

-Ғалымбек Әбілқайырұлының шығармаларындағы тарихи көріністерін жүйелеп қарау.

- Баспа бетіне жарияланбаған өлеңдерін , жаңа ойларын табу.

ҒЖЗ негізгі нәтижесі:Ғалымбек Әбілқайырұлының өлеңдеріндегі- қазақ поэзиясының дәстүрлерін,демократтық- ағартушылық әдебиет үлгілерін, лирикалық туындыларындағы тебіреністі ой- толғаулары, күрделі сезім иірімдері, ұлттық өлең өнеріндегі шынайы көркемдік үрдістерді, қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтарын ашу.

Ғылыми зерттеу жұмысының құрылымы:Жұмыс кіріспе бөлімінен, негізгі бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.





Кіріспе

Ұлтымыздың ең ұлық мұраты – тәуелсіздік тұғырына қонғалы бері халқымыз кешкен тарихи оқиғаларға және сол ел шежіресін жасауға ерен еңбек еткен, жұртын өрге тартқан тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан баға беріле бастады. Соның табысты нәтижесі боларлықтай тарихымыздың тынысын бағамдарлық татымды шаруалар атқарылуда. Мұндағы мақсат – бүгінгінің мұратын айқындау үшін, болашақтың баянды бейнесін жасау үшін кешегінің ақиқат баянын байыптау.

Еліміздің бүгінгі жағдайға жетуіне өзінің зор үлесін қосып, кезінде рухы мен жігерінен айрылған халқын жаңа күшке сенуге және киелі қазақ халқының азаматтарының жүрегіне сенім мен өшпес жеңістің шырағын жандыра білген қазақтың жалынды жазушылары мен ақындары дархан қазақ даласында аз емес.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, талай жүректерге үміт отын сыйлаған, өзінің де жүрегі-өлең деп соққан ұстаз-ақын – Ғалымбек Әбілқайырұлының шығармашылығы мен өмір жолы қызық пен шыжықтан тұрады. Текті Торғай даласында дүниеге келген ақын ақтық демі таусылғанша туған өлкесін аузынан бірелі тастамай, жырлап та, жазып та, айтып та өткен.

Қандай да болмасын кәделі ескерткіштің шын иесі де, бағалаушы мұрагері де халық. Өйткені, ақын, шешендер шығармасының қазіргі дәуір үшін қаншалық қадірлі екенінің де негізгі көрсеткіші бүгінгі өскелең елдің ілтипаты, ықыласы. Дәл осы тұрғыдан алып қарағанда ақын Ғалымбек Әбілқайырұлының өмірі мен еңбегі өзінің туған елінде аса қадірлі болып отыруы елеулі фактор демекпіз.

Қандай ел болмасын, мейлі ол отырықшы, әлде көшпелі болсын сол елдің ғасырлар бойы тарихи жағынан қалыптасқан өмір тұрмысы, салт-дәстүрі өзін қоршаған табиғи ортаны қабылдаудағы түйсік-сезімі мен ойлау жүйесіне орай лайықты жасалған туған тілі,әдебиеті, төл мәдениеті болмақ. Мәдениеті мен өнеріне қарай ел өмірі мен оның рухани тұлғасы, бет-бейнесі мен бедел-белі де айқындалып танылмақ.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар әдеби қазынасының терең бір арнасы – ақындық өнері. Бұл өнер заманалардың қатал сын-дауылдарынан мүдірместен өтіп, өзінің сан қырлы көркемдік сипатымен сақталынып, көшпелілердің биік руханияты мен мәдениетінің сарқылмас бұлағына айналды. Қазақ өлеңдері о баста ауызекі түрде шығып, тарап, өз тыңдаушыларының жүрегіне биік орнығып, әр заманда сұрыпталып, сан түрлі реңі-бояуларымен, міне XXI ғасырға да жетіп отыр.

Халқымыздың рухани тынысының кеңеюі мен эстетикалық сана-түсінігінің терең қалыптасуына бұл өлеңдердің әсер-ықпалы орасан зор болды. Сөз өнері халықтық тұрмыс-тіршілікке, әдет-ғұрыпқа деген талғамын ғана өсіріп қойған жоқ, сонымен бірге біздің жан-дүниемізді сұлулық пен мейірімге, ізденіс пен махаббатқа түбегейлі іңкәр етті.

Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген қазақ халқы небір әдемі әуенге өрілген, асыл сөздің мөлдіреген моншақ-кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын ізгілік пен адамгершілікке жетеледі. Осылайша буыннан-буынға жалғасып келеді.

Кейбір кер заманда қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалар қазақ халық ауыз әдебиеті тағдырына да кері әсер еткені анық. Мәселен, кешегі қызыл империяның ызғары қазақтың сөз өнеріне өзінің сұсты көлеңкесін түсіріп кетті. Өйткені, қаншама шығармалардың авторларының аты-жөнін ашық айтуға болмағандықтан, олардың көшпелі халық ауыз әдебиеті қатарына барып қосылған болса, енді біразы әлі де иесін таппай жүр.

Біздің қолымызға тиген Ғалымбек ақынның «Көңілімнің көктемі» жыр жинағы мен кейінгі жылдары жазған, баспасөз беттеріне жарияланбаған өлеңдері, ойтолғамдары соңында қалған шалқар дүниенің сарқыты ғана. Ғалымбек ақынның өлеңдері мен халық ауыз әдебиеті саласындағы мұрасы жайын біріктіре қараған еңбек жоқтың қасы. Аталған жайттар ғылыми жұмыстың тақырыбының өзектілігін көрсетеді.

Тегінде, қоғам, өнер қайраткерлерінің артына қалдырар мол мұрасы да халық қажеттілігінен туса керек. Ақынның түрлі тақырыпқа арнаған нәзік жырлары,кер заманның ешбір жалған емес болмысын, қоғамға ой салатын ойлы сөздері тау сілеміндей мұра. Ақын мұрасы өз оқырманын тауып, насихатталып жатса қазақ әдебиеті тағы бір қырынан өз нәтижесін көрсетуіне сенім мол...

Ұрпақ тәрбиесіне етек түре, білек сыбана араласқан жанның ақындық тұлғасын зерттеп, жастарға үлгі өнегелігін таныстыру, өлеңдерінің мазмұнын, поэзиясының мәнділігінің сырын ашып, зерттеу.Ғалымбек Әбілқайырдың еңбектерінің тәрбиелік мәніне үңіліп, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны мен қазақ әдебиетіне қосқан, қосар үлесі жайлы саралай келіп, шығармаларының тәрбиелік мәнін айқындауды мақсат еттім.

-Ақын Ғалымбек Әбілқайырдың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдарды жүйелеп оқырмандарға ұсыну;

-Халық ауыз әдебиетінің ақын шығармашылығына әсерін көркемдік дәстүр аясында қарастыру;

-Қазақ әдебиетіндегі жаңа сарынмен жазылған ақынның ойлы да мазмұнды сөздерінің мағынасына, ой астарына көз жүгірту;









  1. ТЕКТІЛЕР ШЫҚҚАН ҰЛЫ ӨЛКЕ

1.1.Ғалымбек Әбілқайырұлының өмір жолы.

Киелі Торғай өңірінен көптеген дарындылар мен таланттылар шыққан. Біздің ғылыми жұмысымыздың зерттеу нысаны – Әбілқайырұлы Ғалымбек ақын. Ақын Торғай өлкесінің тумасы. Оның да текті болмай, осал болуға хақысы жоқ. Өйткені, Торғай – ұлттың ұясы. Ұлылар туған өңірдің ұрпақтарына осалдық, кенжелік жарамайды. Олар бабалардың есіміне кір келтіріп, рухын аласартып, бәсін түсіреді.

Ғалымбек Әбілқайыр 1942 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай селосында туылған.

1960 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебін ойдағыдай бітіріп, бұрынғы Н.К. Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт ата атындағы университет) Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсіп, оның филология (қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша) факультетін 1965 жылы бітірген.

Педагогикалық еңбек жолын Жангелдин ауданының С.М. Киров атындағы (қазіргі Қ.Топаевтың атындағы) орта мектептен бастаған.

Міне, содан бері, 1965 жылдан бері Қаратүбек және Албарбөгет орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген.

1971 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ы. Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінде үздіксіз мұғалім болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келді.

Ғ.Әбілқайырұлы мұғалімдік қызметте абыройсыз болмаған. Бірнеше рет облыстық, аудандық грамоталарға ие болған. Еңбек кітапшаларына жазылған алғыстары да бар.

Мысалы: 1981 жылы VI облыстық педагогикалық оқуға қатысып, жасаған методикалық баяндамасына бірінші орын беріліп, ол республикалық педагогикалық оқуға ұсынылған 1980, 90 жылдары жас ұрпаққа сапалы тәрбие, сапалы білім берудегі жемісті еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің мақтау грамотасын алған.

1992 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» деген белгімен наградталған.

Сондай-ақ 1980 жылы аудандық «Жаңа өмір» (қазіргі «Торғай тыңысы») газетінің 50 жылдығы құрметіне облыстық грамотаға ие болған.

1988 жылы аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциялық алқасы село тілшісі ретінде газет өміріне белсене араласқаны, қайта құру процесінің барысын насихаттауда сіңірген еңбегі үшін грамотамен наградтаған.

Сол сияқты 1988 жылы аудандық мәдениет бөлімінің грамотасын алған.

Бірнеше жыл бойы аудандық, облыстық, семинар – кеңестерге қатынасып, баяндамалар жасаған.

1988 жылы Қостанай қаласында екінші облыстық Алтынсарин педагогикалық оқуларына қатысқан.

1991 жылы Торғайда болған республикалық педагогикалық оқуға қатысып, онда «Ы. Алтынсарин – жазушы» деген тақырыпта баяндама жасаған. Сол сияқты әр жылдары «Әдебиеттің оқу сабағында жазбаша жұмыс алу тәжірибесінен», «4 – класта байланыстырып сөйлеуді дамыту», «Синонимдерді оқыту», «Жазба жұмыстарының түрлері және оларды жүргізудің жолдары» т.б. методикалық баяндамалар жасаған.«Қыз өссе, елдің көркі» деген көрініс спектакль жазып, оны бүкіл республика мұғалімдері тамашалаған.

Ғ. Әбілқайырұлы жоғарғы санаттағы мүғалім болған. Өзі өлең жазған. Өлеңдері республикалық, облыстық газеттерде жарияланып жүр.

Ақын 2012 жылы қазан айында денсаулығы сыр беріп, жетпіс жасқа қараған шағында дүниеден өтеді.

































2 ЖҰЛДЫЗЫ КЕШІГІП ЖАНҒАН АҚЫН


2.1 Шуақты көңіл жырлары:

Жаны, жүрегі, қиялы күні -түні тыным көрмей, кейде найзағайдай шатырлап, күндей күркіреп, буырқана теңселіп, дәмін тұзын еңсеріп, елін егіле сүйген ақын – Ғалымбек Әбілқайырұлы.

Ғалымбек ақын жырларына көз жүгіртсеңіз қамшы салдыра бермес асау ырғақтар, қайшы салдыруға көнбес образдар жүйесі, өмірі мықты өмірлік шындықтың бейнелі де бедерлі сәттері шыншыл муза мен шынайы лириканың қайталанбас қалпы сізді баурап,жадылап алады. Ақын жыры мұндайда алпыс екі тамырыңызды кезіп, бой бойыңызды қуалап, қуану мен шаттанудың, қайғыру мен мұңаюдың, арылу мен тазарудың, ырғақ пен ұйқас билігіне кінаратсыз бағынған, ой мен сезім жетегіне көзсіз ерген жан тебіренісінің ғажайып үлгілерін жасайды.

2005 жылы «Жазушы» баспасынан ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл жинақ – ақынның жастық шағынан жігіт ағасына айналған шағына дейінгі көзі көрген, көңіліне түйген өлеңдерінің куәсі іспетті. Бұл – көңілдің көктемі құлпырғанда ақ қағаз бетіне түскен жырлардың жинағы.

Ақынның тұңғыш кітабы «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...», «Ұстаздық еткен жалықпас...», «Махаббатпен жаратты адамзатты...», «Құлақтан кіріп, бойды алар...» секілді төрт ірі бөлімнен құралған.

Ақындық – қазақтың қанына сіңген өнер. Сондықтан бірер ауыз өлең құрастыра алмайтын қазақты табу қиын. Бірақ Ғалымбек Әбілқайырұлы бұл деңгейден өтіп, өз кітабын шығару дәрежесіне жетіп отыр. Демек, ол «шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтіндердің қатарынан емес, өлеңді өнер тұтқан зерделі жан. Сондықтан оның:

Өлеңім – маңдай терім тамшылаған,

Жан сырым – дос-жарлардан жасырмаған.

Өлеңсіз – жапырақсыз ағашпын мен,

Өлеңсіз – бұл ғұмырым тапшы маған, - дегеніне иланамыз. Автор ақынның қоғамдағы орнын әркімнің тағынан жоғары қояды, бірақ мансап деп емес, өмірдегі келеңсіздіктерді жойып, рухани тазалыққа бастайтын ізгі жол ретінде бағалайды. Сол себепті де:

Ақындық тақ маңдайыма бұйырса,

Жамандықтар өсіп-өнбей қиылса.

Ар-ожданды қадір тұтып, әр адам

Үйлеріне мүлік емес, жыр жиса, - деп армандайды.

Жинақтағы өлең-жырлардың тақырыбы әр алуан. Олардың ішіндегі тәуелсіздік, Отан, туған жер, ел өмірі тәрізді патриоттық рухтағы өлеңдерінің алатын үлесі мол. «Ақын болу міндет емес, азамат болу парыз» дегендей, ұстаз адамның көңіліндегі ақындықтың көзін ашқан да осы – Отанға деген сүйіспеншілдік сезім болар, сірә. Бұған дәлел ретінде жинақтан мысал келтіруге де болады.

Уысымда жан рухым – байлығым,

Дос тұтқанға құшағым кең, жайлымын.

Тәуелсіздік туын келем көтеріп,

Құдай қолдап, оңнан туып ай-күнім, - дейді ол бір өлеңінде. Автор тәуелсіздік тақырыбына «Заман-ағыс» атты толғау да арнапты. Мұнда қазақ елінің басынан кешкен қилы тағдырына тебіреністі шолу жасалады. «Өткен өмір өрнектері» өлеңінде сонау «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» тарихынан бастап, кейінгі Шоқан, Ыбырай, Абай, Мұхтар Әуезов тәрізді ұлыларымыздың мәртебесін көтере жырлайды.

Ақын Торғай өлкесіндегі туып-өсіпті. Сондықтан да болар, туған ел тақырыбындағы жырлардың үлкен бір тобы осы өңірдің мақтан етер жетістіктері мен айтулы азаматтарына арналған. Мұны «Қазақстан – Торғайым», «Шалғайда жүрсем Торғайдай», «Дархан дала – Торғайым» секілді тақырыптардан да аңғаруға болады. Ақынның өзі айтқандай, туған өлкесінің сәні мен салтанатын жырға, әнге қосқан бұлбұлына айналғысы келеді. Ән демекші, автор жергілікті композиторлардың әндеріне мәтін де жазады, олар орындалып жүр. Мұны оның «Әліби – әнім», «Жүректен ән тербейді», «Топжарғаным», «Туған жер – Торғайым» тәрізді әні бар өлеңдері айтып тұр.

Әрине, ақынды толғандырмайтын, тебірендірмейтін ешнәрсе жоқ. Бұл ерекшелік Ғалымбек Әбілқайыр ағамызға да тән.

Қызыл гүлдей бүршік жарып қылтиған

Есіңде ме кекілді қыз бұртиған?

Әттең өтті, ойнаушы едік алаңсыз,

Қызығы көп балалықты кім қиған?- деп өткен балалық дәуренін сағына еске алатыны сондықтан.

Немесе:

Өмірде жүріп келем алшаң басып,

Кей кезде кешір, Ана, қалсам жасып.

Өзіңдей өмір сүрем, әл келгенше,

Арбалып жамандықпен, жанталасып, - дегенінде анаға деген перзенттік махаббат сезімі аңғарылады.

Ғалымбек өзі ұстаз болғандықтан, бұл тақырыпқа да аз жазбаған. Ұстаздың ұлағатты тұлғасын ашуға тырысқан. Ал дін, имандылық жөніндегі өлеңдері – мәңгілік тақырып, әрі бүгінгі күнмен де рухтас. Осының бәрі ұстаз-ақынның өнер жолындағы өзіндік таңбасы, ұрпақтарына мұра болар еңбегі деп білеміз.

Ғалымбек Әбілқайырұлы жұлдызы кешігіп туған ақын. Оның тұңғыш жыр жинағы шыққанға дейін ақын өлеңдері газет тігінділерінде ғана сақталып келген. Балаларының қолдауымен жарық көрген жинаққа ақынның шығармашылығының ішіндегі ең үздік лирикалық әр жылдарда жазылған өлеңдері енген. Біздің аталмыш ғылыми жұмысымызда ақынның шығармашылық зертханасына алғаш рет ғылыми талдау жасалып, шығармашылық лейтмотиві жеке сараланып отыр.

Ғалымбек – лирик ақын. Оның махаббат, сезім, сағыныш, мұң секілді абстраксыз көңіл-күй әсерінен жазған өлеңдері оқырманды бірден өзіне баурап алады. Мысалға төмендегі мына өлеңіне назар аударалық:

Сенің хатың – көңіліме гүл екті,

Сенің хатың – дірілдетті жүректі.

Сенің хатың – өн бойымды жандырып,

Бір өзіңнен махаббатты іздетті.

Бұл қандай өлең өзі?! Бұл не қылған хат?! Жауап біреу-ақ – махаббат машығы. Ақынның жеке мұрағатында сақталған Шәрбат есімді қыздың хаты. Шәрбат – ақынның жастық шағының адал махаббаты болса керек. Тағдырдың жазу бойынша екеуі екі әлемге кетіп, араларындағы ғашықтық сезім өлең-жүрекке өмірлік муза әкелгенге ұқсайды. Шәрбат – орындалмаған арман, тәтті махаббат ретінде қала берген. Бұл – әдеби сарын. Бұл – поэзиядағы махаббат музасы. Бұл әлемдік әдебиеттегі Петефиде де, қазақтың Жұматай Жақыпбаевында да бар құбылыс. Жұматайдың өмірінің соңына дейін «Ләйлә» деп жырлап өтуі де соның дәлелі. Ғалымбектің Шәрбаты да жүректің сағынышына, зарына айналған лирикалық кейіпкер. Ақын өлеңдерінің көбі – лирикалық бейнеден құралған. Шәрбат пен сезім – лирикалық қаһарман десек жаңылыспаймыз. Бұл турасында мұзбұлақ ақын Мұқағалидың «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» дегені еске түседі. Ғалымбектің де поэзиясы асқан ғашықтық алай-дүлей тасыған сезімнен құралып, парасат пайымынан аяқталады. Оған дәлел ақынның кейінгі жылдары жазған тәрбиелік мәні бар өлеңдері.

Ақынның «Сүйген жар тілегі» деген өлеңі бар. Бұл өлең – парасаттылықтың жемісі. Үйлі-баранды, үбірлі-шүбірлі жанның өмірлік серігі, адал жары-әйеліне жазған өлеңі. Өлең жолдарының бірінде:

Жар тілегі – қияға алыс самғасам,

Өзектіге ауыр салмақ салмасам.

Жар тілегі – менің ғана үстімде,

Жуытпайды өмір-бақи маған шаң.

Немесе

Десе жарың «Аспандағы айды әпер»,

Деп мүдірмей «Барар оған қайда өткел?»

Батырлардай ертектегі бел буып,

Тарту керек жоқты іздеп, «тәуекел!»-дейді, ақын-жүрек. Жар тілегін орындау керек деп нүкте қояды. Жар тілегі – адалдық, тұрақтылық екенін ақын астарлап түсіндіріп тұр. Әйел – ана, әйел – жар екеніне ақын жоғары көзқараспен қарайды. Оны – балаларының анасы, отбасының берекесі, шаңырағының жылуы деп бағалайды. Бірінші шумақтың үшінші, төртінші жолында ақын «жақсы әйел жаман еркекті төрге шығарады» деген халық даналығына сәйкестендіріп, жарының өзіне ешқашан дауыс көтеріп немесе оны сырт көз адамдарға жамандап, келекелеуден ада екенін баса айтады.

Ақынның махаббат тақырыбына жазған өлеңдері көп. Қарап отырсаңыз, кез келген ақын махаббатты тілге тиек етеді. Махаббатты жырламаған ақын жоқ та шығар, бәлкім?! Ғалымбектің «Желеп-жебер періштемдей» деген өлеңі бар. Өлең – тұнып тұрған мөлдір сезім. Кіршіксіз, пәк жүректің түбінен шыққан, су бұрқақтай атқылаған өлең.

Махаббат – дүниенің бүтіндігі,

Әрқашан ашық тұрар жыр-түндігі.

Ғашықтар шежіресі таусылмайды,

Тек бүгін кесілгендей сыр кіндігі.

Немесе

Көктемім болды менің құбылмалы,

Кей кезде айырмадым құбыланы.

Жүрегім билік етіп өміріме,

Самғады шартарапқа жыр-қыраны.

Сайыпкелгенде, ақын Абайдың «Махаббатсыз дүние бос...» деген тәмсіліне сүйенеді. Көктем – символ. Көктем – сезімнің алай-дүлей болып, өзгеріп, түрленуі. Көктем – жаңару. Көктем – жасару.Көктем – махаббаттың бастауы. Бұл – ақынның осы өлең жолындағы сөзтіркестері. Өлеңге рең, әсемдік беріп тұрған да осы – көктем. Яғни, көктем құбылту (метафора) есебінде жұмсалып тұр.

Махаббат – таусылмайтын ұлы дастан

Махаббат – өлмес өлең, өмір гүлі, -дейді ақын. Махаббаттың таусылмайтынын осыған дейін ақынның замандасы Мұхтар Шахановтың «Ғашықтар бар өмірде әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» деген сөзін есіңізге салады. Ақын махаббаты – жары. Бір бөлімде бірнеше өлең жарына арналған.

Ақын сүйіктісі. Жазушы жары. Бұл – үлкен ұғым. Ол арқалар жүк ауыр, жауапкершілік мол. Ғалымбектің жары жолдасына үнемі жағдай жасап, шығармашылық еркіндік бергенін өлеңнің әр жолынан аңғарасыз. Ендеше, Ғалымбек бақытты ақын, бақытты жар.

Творчество, ақындық лаборатория деген тым нәзік құбылыс. Өнер тарихына үңілу үшін өзгеше ыждаһаттылық керек. Ал, бүгінгі өнер туралы сөз сабақтау қашанда да қиынның қиыны. Оны қалыптасқан үлгімен, белгілі әдіспен зерттеу мүмкін болмай қалады. Неге десеңіз, қазіргі өнердегі психологиялық, философиялық, эстетикалық категориялардың динамикасын бағып көркемдеу құралының органикалық бітімін тану, бүгіндік тұлғасын ажырату оңай емес, бірақ ол қажет.

Біздің нысанымыздағы кейіпкер тым талғампаз ақын. Ғалымбек өлеңдеріне тіпті түр, жаңалығына аса сақ қарайды, кейде мен-мен өзімшілдікпен менсінбей қарайды.

Еркелеп ойнап көктеммен,

Жас гүлдер бүршік жаратын.

Жазықта, жасыл белдерде

Алқызыл албырт кеудеңе

Есетін жұпар қыр лебі.

Шыдайтын аптап желге де

Қырмызы қырдың гүлдері

Тұратын ылғи үлбіреп,

Сәулені ғана қымтанып.

Қымсына қарап дүниеге

Жүзінен балғын нұр тамып, - деген жолдарда ешбір түр, жаңалығы, сөз ойнату, образды сөйлеуге тырысушылық мүлде сезілмейді. Алайда, ол өлең сапасына нұқсан келтіріп тұр ма? Сурет, поэзия мұраты – терезесі тең.

Рас, өлең – қарапайым өлең. Тілі, ойы қарапайым. Әңгіме сонда, бұл жерде қарапайым – қара сөз емес, поэзия қуаты молынан сезілетін, өмірлік тынысы кең, құны да өмірдің өзімен өзектес қарапайым. Өмірдің өзімен бағалас мұндай қарапайымдылық қай жанрда болсын қолға сирек түсер сый.

Әлемдi билейтiн - сөз, сөздi билейтiн - ақын. Талантпен, талғаммен қоса табандылықты, азаматтықты қажет ететiн ақын болу - қиынның қиыны. Азаматтық жоқ жерде ақындық та жоқ. Төлеген Айбергенов:

Ақын болу оңай деймiсiң, қарағым,

Аузында болу бұл өзi дүниедегi барлық жараның, - деп бекер айтпаса керек.

«Дүниеге бiр жарықшақ түссе алдымен жүрегi жараланатын» (Гейне) аймүйiз айтулы ақынның бiрi – Ғалымбек Әбілқайыр. Ол ақындық философиямен:

Хан қызығып қарағандай,

бай күндеп,

Ақындар ек,

Арыстандай айбатты ек.

Қынабынан суырылған қылыштай,

Өлең жазу болды қашан жай мiндет?! - деп жырлайды. «Ұлықтың сөз ұқпайтынын бiлсе де, естi бiрi ойланар ма?» деген оймен ел iшiнiң аужайын айта алған «кермедегi асаудай аласұрып жүрегi», ылғи да «ауылды аңсап тұрады». Сұңқар қиясын, торғай ұясын сағынады. Сенка айтқандай, туған жерiн ұлы болғандықтан емес, отаны болғаны үшiн сүйедi». Расул Ғамзатов былай дейдi: «Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар». Ғалымбек Отанын сүйетiн ұлтжанды ақын. Содан да Ғалымбек ақынның тұрақты тақырыбы - ауыл, ең көп жырлағаны - туған жер, оның сұлу табиғаты.

Торғайын ертегiден жаралған жүрегiнiң желкенiне теңеген ақын: «Армысың, Туған жерім Торғайым» деп шалқиды. Өлеңнiң мазмұнын қарасөзбен баяндау қандай қисынсыз болса, жұлдызды жұлмалап, үзiк үзiндiмен шектелу де сондай қиянат. Ұнатқаныңды тұтас көшiру де әбестiк болар. Осының бәрiн салмақтап, саралай келе, Ғалымбек ақынның ауыл жайлы жұлдызды жырларының бiреуiн үзiп-жұлмай бiрге оқып, бiрге тұшынайық қадiрлi оқырман.


Ел жаққа кетiп барам де…

Сәлем айт онда бәрiне.

Өзi де келiп қалар де,

Жолыққан жасқа, кәрiге.


Достарға жете «қағынып»,

Саласыңдар-ау бiр «гөләйт».

Менi де бәрi сағынып,

Сағынып қатты жүр деп айт.


Арнайы сәлем ауылға,

Айта бар осы барғанда.

Тұрған шығар да тауым да,

Шалқая қарап жалғанға.


Қарттарым қанша бар елде,

Тартпаған менсiз таңда дәм.

Бәрiне менен сәлем де,

Сағынып жүр деп жан балаң.


Сәлем айт көрсең қылаң

Жазатын сирек хат қана.

Көтерiп менi ызғыған,

Сәлем айт ақбоз атқа да.


Өзi де мұнда құмар де,

Кетпейдi деп айт тегi елден.

Осында келiп құлар де,

Айырса құдай өлеңнен!..

«Ауылға сәлем» айтты осы бiр жыр жолдары сезiмнiң нәзiк пернелерiн шебер шертiп тұрған жоқ па? Ақын: «Ол жақта өзгешелеу атады таң, әйтеуiр өзгешелеу батады айың» деп суреттеген ауылға, неткен кербез өңiр, керiм аймақ деп таңғаласың. Атын алсақ аударып демейтiн жаны жомарт, жалы биiк адамдарға таңдай қағып тамсана қарайды. Ақын айшықты сезiмдермен ажарлы айтқанындай:


Сол жақта ғой, жаным-ау,

Серi жiгiт, перi қызы.

Сол жақта ғой пейiш те,

Перизат та, бекзат та!

«Тақырыбым - махаббат елге деген» деп ақынның өзi айтқандай елi мен жерiн емiрене сүйiп, егiле, төгiле жырлаған, адам атын асқақтатқан замандастар бейнесiн сымбаты бөлек сұлу сөзбен сомдапты. Соның мықты бiр мысалы деп ақынның «Халқыма», «Iңiр», «Жаулауда», «Басқадан орны бөлек бiр тұлғасың», «Ағам бар едi» т.б. көптеген көркем туындыларын айтар ек.

Арнау өлеңдер де ақын шеберлiгiне сын. Құрғақ мақтау, құр даттаумен кейiпкер портретi жасалмайды, жалаң сөзбен оның жан дүниесi ашылмайды. Ғалымбек Әбілқайыр өзi өлең арнаған кiсiнiң сыртқы тұлғасы мен жан дүниесiн жарыстыра суреттеп, бүкiл бiтiм-болмысын өлеңнiң өн бойына он алты өрiм қамшыдай жымдастыра өредi. Бiр ғана мысал: Жақсылықтың барлығы болсын дейтiн өзiме, сөйте жүре кiсiнiң несiбесiн қызғанбас» ақын аға, жанымызға жақын аға Тұманбай Молдағалиев жайлы:

Өмiрi де жайдары, көңiлi де жайдары,

Келе жатыр килiкпей кикiлжiңге қайдағы.

Жауына да жұдырық сiлтеп

көрген жерi жоқ,

Ақ қағаздың үстiнде аяқталып майданы, - деп басталатын жыр:

Өкiне ме, кiм бiлген,

Текке бiр күн өттi деп.

Өлең-жырдың нөсерiн

күркiрете төктi-ау кеп,

Үлгi бола бастаған ұлыға да, кiшiге

Өзi де бiр асқақ ән,

Өзi де бiр тектi әулет!

- деп аяқталыпты. Бiз бiлетiн, ел бiлетiн Тұмағаң ақын ажарлы айтқандай, «аңқылдап жүрген» өлең жазып, жыр арнапты.

Ғалымбек Әбілқайырдың ақындық ерекшелiгi, бәлкiм, көп қаламдастарынан артықшылығы деп оның өлеңдегi, өмiрдегi өзгеше өрлiгi мен батылдығын, батырлығын айтар ем.

Ар алдында мен өзiмдi әрдайым,

Дар алдында тұрғандай-ақ сезiнем,

- деп жан дүниесiн жайып салған ақын:


Шындық үшiн шайқасудан бiр талмай,

Айтарымды айтам елге бұлтармай.

Бас кетсе де тұра алмадың үндемей,

Жалғандықты жалға өзiм құртардай.

Ендi осылай өтер өмiр, өтер күн.

Шындық үшiн не болса да көтердiм,

- деп жырлайды. Ақын жыры - жан сыр. Ең бастысы, бұл қыздырманың қызыл тiлi емес, ақын Ғалымбек Әбілқайырдың кредосы, керек десеңiз бұл оның стихиясы, жаратылысы. Содан да өмiрдiң күнгейiн сүйе бiлген ақын оның «Ұлығы да сұйылып, сыйқыңды алып, Қылығы да барады қиқымдалып» өткiрдiң көлеңкесi мен күнгейiне, өтiрiгi мен өксiгiне, озбырлығы мен әдiлетсiздiгiне күйе де бiледi. Ақынның «аш арыстан секiлденiп, аласұрған көңiлi», «керуен бiткен керi айналып кейде, ақсақ түйе алға түскен кезеңде», «тексiзi мен бетсiзiн тайраңдатқан заманда», «ұлылардың үнi де ит үргендей болмады» деп ащы шындықты ашына айтқан ақын:

Жарымаған жақсыға,

Кiлең ғана бiлгiштер,

Қылмыскерi сақшы да,

Сақшылары қылмыскер,

Азғындаған қызына

Ақыл айтқан «жүргiштер»

Бұл неткен ел, неткен ел?


Жақыны жоқ өкпелер,

Жауы да жоқ өкпелер,

Ұры-қара әкiмi,

Ақынында жоқ бедел,

Бұл неткен ел, неткен ел?


Аярлықты айла дер,

Қараулықты пайда дер,

Су жүректер мекенi,

Апыр-ау, бұл неткен ел,

Апыр-ау, бұл қандай ел?!

- деп аһ ұрады. «Абайдан ұлы санап әкiмдердi, қаншама тiлiмiзге зақым келдi» деп ащы да болса ашығын айтқан ақынның азаматтық позициясын оқушы да қолдары зайыр.

Тәттi өтiрiктен ащы шындық артық. Соны бiр кiсiдей бiлетiн Ғалымбектің: … малды саттық тiгерге тұяқ қалмай түп-түгел, арды саттық,

Ендеше сатылмаған не қалды?! - деп әлеуметке салауатты сауал қоюы да орынды.

Халқы үшiн «жүрегiн жұлып алып алау қылған», «әр сөзi бiр қаралық» ақын:

Бiр басымның мұңы емес торығарым,

Елдiң қамы едi ғой қорымағым,

Жамау болсам деушi едiм жыртығына,

Жөнi мәлiм жұртымның соры қалың,

- деп жыл өткен сайын, жоталанып, тұлғаланып барады. «Бәрiне де жүрегi шыр-шыр етiп, бәрiне де қабырғасы қайысатын» сөйте тұра өмiрде де, өлеңде де өр, қайсар ақындық қайталанбас хас таланты мен оқушы көңiлiн өзiне бұрғызбай қоймайды.

Ғалымбектің тағы бiр ақындық ерекшелiгi-өмiрдiң әртүрлi көрiнiстерiнен ой түйiп, оны сымбатты бөлек сұлу сөзбен жүрегiне жеткiзе алатындығында. Бұған «күзгi аспанның қалың бұлтын жамылып сыңсыған «Жалғыз тырнасы», «тоғайда топ қасқырға кездесе қап, соңғы рет қанды майдан ұрысқа кiрген», «иттiкке итке те болса жеңдiрмеген», «Арланның ажалы» атты жұлдызды жыры дәлел.

Қазақта ғана емес бүкiл әлемде махаббаты жырламаған ақын жоқ. Шығыстың Фирдоусиi мен батыстың Петраркасын ақын еткен, оқушы жүргiне жақын еткен де махаббат! Пушкин: «Я помню чудное мгновенье десе, Фет: «Ты передомной стоишь как божество» деп жырлады. Хакiм Абай айтқандай: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» О.Генри: «Тот еще не жил полной жизнью, кто не знал бедности любви и войны» деп тегiн айтпаған. Мұның терең сырын өмiрдiң өзiнен iздеу керек. «Жаз етiп жiберген қыстың күнiн сүйетiнiне:


Жалғанда жалғыз билеп еркiңдi де,

Басайын өртiңдi де, дертiңдi де,

Көркiңдi қыз бiткеннен асырайын,

Жалғансыз махаббатым - сертiм мiне, деп жыр арнайды ақын.


Ғалымбек:

Естiлiп қалар ма деп бiр үнiң,

Аңсай күттiм телефонның шырылын.

Күт менен келемiн ғой, дүние-ай,

Күтумен-ақ өтер ме екен ғұмырым? деген жалтаңы жоқ жан сыры оқушыға да ортақ.


Ал серi көңiл Ғалымбектiң:

Жатқанмен арамызда

қанша мүшел,

Шәрбатым сен бе деп ем аңсап iшер,

- деген де ақынға сыйымды, ақылға қонымды. Себебi Ғалымбек ақын тап басып, тамаша айтқандай:


Қыз дегенiң сұлулық!

Сұлулыққа

Сұқтанбау мүмкiн емес.

Ғалымбек - ең алдымен ақын, Азамат! Қарасөзбен жырлаған тақырыптары да, көсем сөздерi де аз емес. Аударма еңбектерi өз алдына бiр төбе. Өмiрбаянына қарап отырып, сан биiк лауазымды қызметтер атқарған, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі атағы және бар. Соның бәрiн таратып айтып қөзi қарақты оқушыны жалықтырғым келмейдi. «Туғалы сойылдан да, дойырдан да айылын жиып көрмеген айбарлы ақын» бойындағы барша қуат, екпiнiмен, тыныш өмiр сүре қойған жоқ. Сол тынымсыз еңбек пен табиғи талант оны ақын еттi, халыққа жақын еттi. Бүгiнгi биiгiне көтердi.








2.2 Ақынның баспасөз бетінде жарияланбаған өлеңдері


Біз бұл бөлімде ақынның бұрын-соңды газетке жарияланбаған өлеңдерін қолжазбадағы нұсқасы бойынша ешбір жерін түзетпей, сол қалпында жариялап отырмыз. (Ескерту әрбір түспен жазылған өлең жолдары мен жылдардың санын ақын қолжазбада солай бояпты – Ж.А.)

Оңашадағы ойлар

Өмірдің қилы сыры бар секілді,

Өткінші... еріп кетер қар секілді.

Дарханға шағын үй сахарадай,

Күншілге кең дүние тар секілді.


Семсердей қара қылды тіліп өтер,

Мәңгілік әділдіктің туын көтер.

Тірлікте ақиқатты іздемесен

Жер басып жүргеніңнің өзі бекер.


Бермейтін ар алдында есіріп бой,

Шындықтың нағыз жауы өтірік қой.

Қолымнан келсе егер ойланбай-ақ,

Жасар ем өтірікті өлтіріп той.


Бұл өмір түсінгенге майдан күрес,

Жосықсыз жағаласу пайда да емес,

Алайда айқасудың бір жақсысы,

Іздетер ізгілікті қайда да егес.


Кей адам бұландаған түлкі бейне,

Түсірер жұмыр басты күйкі күйге.

Дәміңді татқанымен сырт айналар,

Құдайы қонақ болып мың күн үйден.


Ішінен шын жек көріп сыр бермеген,

Семсерді жаман мінез сермегеннен.

Қорқамын мен осындай адамдардан,

Тура айтса жасқанбаймын сергелдеңнен.


Баласын ата-анасы жек көре ме,

Болсын деп алмай ма ұрсып көпке өнеге,

Қақ жарып қара қылды бетіңе айтсам,

Ендеше достым маған өкпелеме.


Қаншама құпияңды жасырып қал,

Өмірде жамандық бар, жақсылық бар.

Қызығы дүниенің болар ма еді,

Жоғалса ішкі егес, қайшылықтар.


Не жетсін күш басым боп белдескенге,

Жаным қас жөн-жосықсыз егескенге.

Жүректі қақ жарып-ақ берер едім,

Аңқылдап ақ жарылып кеңескенге.


Жек көрем арамдықтың сарқынын да,

Жек көрем қас-қабақтың салқынын да.

Білмеймін өзім жәйлі мен ештеңе,

Ілессем болды өмірдің қарқынына.


Әйтеуір ұнатпаймын жалынсызды,

Көгертпей көсегені ол сағым сынды,

Майыспай, сынсам егер морт кетемін,

Секілді бейне менің жаным-шыны.


Күйінсем сәл нәрсеге қайраттанам,

Жігерді жанитұғын қайрақ табам.

Мінезім дүлей күшке қарсы шауып,

Жауыма арыстанша айбаттанам.


Мейлі жұрт бұл мінезге шыдамасын,

Қайраймын өткір жүзді жыр-алмасын.

Жүректің түкпірінде ой ұялап,

Көңілде айтылмаған сыр қалмасын.


Бүкпесіз ашық ойды ұнатамын,

Мен үшін керек емес құр атағың.

Толғана өмір жайлы ойлағанда,

Мұз жастап, «Махамбетше» түн қатамын.


Су сепкен қанатыңдай қарлығаштың,

Тек қамын көксемеймін қара бастың.

Ұялап жүрегімде ар тұрғанда,

Жамандық ойлауға еш жарамаспын.


Кеудемде күмбірлеген таудай арман

Мәңгілік жүрегімді жаулап алған.

Сондықтан «Өмір» атты сахарада,

Бықсымай, шала шоқтай, даулап жанам.


Маңдайдан сорғаласа тамшылап тер,

Бір сәтке ақын жанға кеңшілік бер.

Шабандап тұлпар-жырым қалып қояр,

Аямай анда-санда қамшылап көр.


Жұқпайды аққа күйе, жала маған

Сабылып әркімді бір жағаламын.

Әйтеуір жұрт қатарлы бір кездері,

Өлеңім – еңбегіммен бағаланам.


Ойымның айтсам бәрін бұл ғұмырда,

(Осылай ойлайтын мен жалғызбын ба?)

Жазғаным жұртқа жетсе, осы жыр ғой,

Рухани байлығым да, азығым да.


Өлеңді бәлкім озық жаза алмаспын,

Дей алман суырылған ақ алмаспын.

Сонда да бұл өнерге бар таласым,

Ақниет барша ақынмен қаламдаспын.


Түсірсем парақтарға ақ көңілді,

Ақпанда әкелемін ***көктеміңді.

Заманым – шабытымның қайнар көзі,

Іздемен бұл кезеңнен басқа өмірді.


Сондықтан отыра алман жырлар жазбай,

Жүремін өлең - досым, жұбым жазбай.

Өмірде бір жұлдыз боп жансам деймін

Әлемде менен өзге жұлдыз аздай.


Әзірге том-том шыққан жоқ кітабым,

Шабамын, желіп кейде шоқытамын -

Жазғаным жүрек – елге жетсе болды,

Өзіме бұл жырымды бақ тұтамын.


11.08.1964 жыл



КҮНДЕР

Кей күнім өтті арманда,

Шаттықа толып көп күнім.

Кей күні жүрдім шабандап,

Кей күні биік шоқтығым.


Тер төккен күні маңдайдан,

Бақ қонғандай басыма.

Көңіл - бұлбұл сайрайды ән,

Шабытты шаңым осы да!


Құбылмалы күндерім,

Емтихан алып жатқандай.

Кейде бұлттай түнердім,

Кейде ашықпын ақ таңдай!


Табиғатпен пара – пар,

Адамның мінез - машығы.

Жаратылыс жаратқан,

Біздер – өмір ғашығы.


Маңдайдан тер төккенде,

Бойымды кетер жыр кернеп.

Зымырап күндер өткенде,

Қалса екен артта бір дерек.


1983 жыл

Жанға жақын, Жаңа жылым!

Қазағымның Жаңа жылы,

Шұғылалы көктемімдей.

Шежірелі дала жыры –

Ойлы-қырлы өткен күндей.

Бораны да дауылы да,

Бір Алланың көпке бірдей.

Көк тас жібіп, ауылыма

Нұр шуағын төккен Күндей.

Жанға жақын, Жаңа Жылым!

Немеремді өпкенімдей.

Көңілдегі арман-жырым,

Самға биік кептерімдей!

Сағынысып көрісейік,

Дос-жараным, бауырым!

Қуанышты бөлісейік

Армысың, туған ауылым!

Жүйткиді жылдар зымырап,

Асықтырып Ертеңіме.

Алдымда ма гүлді бақ,

Келешегім ертегі ме?!

Көрсем деймін бәрін де,

Қазағымның озғанын.

Әуен қосып әніне,

Қандай сұлу жан-жағым!

Көтеріңкі көңілім,

«Сарыарқаның» күйіндей.

Жайнай берші өмірім,

Тату-тәтті үйімдей!



1988

Ел ағасы

(Бұрынғы Жангелдин аудандық партия

комитетінің хатшысы болған

Қайырбек Алматұлының аруағына бағыштаймын)


Жастарға үлкен айтқан үгіт қонып,

Сарқылмас көңіліңе үміт толып.

Тау түсі - Алпысқа да жете алмай,

Ағамыз өтті өмірден жігіт болып.


Атанды аз ғұмырда ел ағасы,

Мол болды алғаны алғыс, сыбағасы.

Ойлады ол тек Торғайдың абыройын,

Уа, жұртым, жоқтауы айтып, жыламашы!


Жанашыр Торғайына басшы болды,

Жақсыға бейімдеді оңды-солды.

Бөлмеді ағайынды алаламай,

Ісіне сондықтан да көңіл толды.


Тағдырды... қашан келер Алла білер,

Ісіне қара халық баға берер.

Тірлікте сыйласайық, ойласайық...

Кейінгі ұрпақ, қайдасыңдар Ағаны елер?

Өрге өрлеп өмір сүрді өршеленіп,

Құйды да өте шықты - ау нөсер болып.

Еленіп еңбегіне елге сіңген,

Қалса екен мәңгілікке Көше болып.


2006

Өткен өмір өрнектері


Қазақ десе көшкен ел көзге елестер,

Талай қырғын өткен ғой көп егестер.

Жесір дауы, жер дауы, алауыздық,

Кетті қазір о заман көз көрмеске.


Қазақ десе Жәңгірмен көп егескен,

Қиындықтың теңізін бірге кешкен.

Қорлық көрген қызғыштай елін іздеп,

Махамбеттер еріксіз түсер еске.


Қазақ десе домбыра ойға оралар,

Құрманғазы тартқан күй бойды алар.

Қызық қуып арқалы қайран жұртым,

Шақырусыз сабылып тойға барар.


Махаббаттың шынары –Қозы Көрпеш,

Жалған болсын ел барда аңыз қайдан

Ескерткіш боп күмбезді моласы тұр.

Көрінеді бұлдырап анадайдан.


Домбыраны құбылтып, мың бұрауым,

Терең ойдан сыр тартып, жыр құрауым.

Ұлы ұстазым – Ыбырай, сенің арқаң,

Алғаш қаққан білімнің қоңырауын.


Тума талант елімнен көп табылар,

Тамызыққа қажет пе От алыңдар

Мәңгі лаулар ғылымның шамын жаққан,

Кем халық па, қазақтар Шоқаны бар


Тозағына қиындық көнген қазақ,

Көшіп-қону, ен дала... көргені азап.

Терезе тең, қазір ше, шалқыған ел,

Абайы, Мұхтары бар кем бе қазақ


Ұлы орыспен ежелден дос ел едік,

Ортақ жауға аттанып өршеленіп.

Революция жалынын алаулатқан,

Күндей нұрлы жетілдік көсемге еріп.


Революция ақыны Сәкен келді,


- Таң атады бостандық ертең,-деді.

Вагогында Анненков көрсе де азап,

Жолдан таймай буынды бекем белді.


Аманегелді, Әліби батыр шықты.

Бір-бір тұлпарастында ақ қылышты.

Ұлан-байтақ еліме тұңғыш рет.

Жақындатты нұрлы өмір-жақсылықты.


Қызғалдақтай түрге енді ел реңі,

Жырға қосып Нұрхандар тебіренді.

Бостандықтың мәңгілік белгісіндей,

Аспанымда Қызыл Ту желбіреді.


Болып жатқан қақатығыс қиян-кескі,

Бай-кулактар аңсады заманды ескі.

Жау әлегі алайда тойтарылып,

Далам гүлдеп, жайқалып қалам өсті.


Соғыс бұлты аспанды торлағаны,

Фашистердің өзіне ор қазғаны.

Есте әлі қалайша ұмытылмақ,

Ленинградты Жамбыл-жыр қорғағаны.


Қазақ қызы Әлия, Мәншүктерім,

Арпалысып қалғанша ақтық демі.

Қыршын қалпы мәңгілік жер жастанып,

Қорғап қалды қанымен бақытты елін.


Мәлік, Талғат, Бауыржан, Төлегендер-

Тірілердің тірісі-өлмгендер.

Есімдері-мақтаныш, үлгі-өнеге!

Ерліктері-шырқалар ән-өлеңдер!


Бейбіт күндер, игердік тың майданын,

Әлемге аян, марқайып, тыңайғаным.

Малға толы мыңғырған төскейлерім,

Бітік егін толқыған гүл-аймағым.


Құлан жортқан құба жон, тақыр далам,

Қазір қандай, біледі даңқын ғалам!

Таңсық емес көз тігу ту ғарышқа,

Тағы ұшқалы, мінеки жатыр Адам!



Ардагер ұстаздың арманы

Арсың ба, тәрбиелеген, шәкірттерім!

Мен өте өзің бар да бақытты едім.

Дүние жаңарады, құлпырады

Өзгертеді Өмір өзі, Уақыт бәрін...


Жүрекпен бала жанын ұғынып ем,

Ыбырай мектебінде шынығып ем.

Қазір сен өркен жаяр Терек болдың

Жайқалар еккен менің Шыбығым ең.


Қолыма, нар тәуекел, қалам алдым.

Аз уақыт сабақ бермей дамылдадым.

Өлеңмен өнеге боп, Өркендерге

Жалынды жас секілді жалындадым.


Кезінде Абайды да оқып едім,

Көңілге Ыбырайды да тоқып едім.

Қазіргі кейбіреуді көргенімде,

Өмірде болды ма?- деп ол қылығым.


Ұстазбын. Алатаудай тым асқақпын

Әуелден жамандықтан шын алшақпын.

Шәкіртім балалары оқысын деп,

«Ұланға» жыр арнадым-бар мақсатым.



16.10.2007 ж.


Арқалығым - шалқар жырым.


Арқалығым – ердің жасы Елуде,

Несібенің бұйырғанын теруде.

Бір-ақ күнде сынған шөлмек оңалып,

Бақыт - бағым қайта айналып келуде.


Түсірмеймін елімнің мен еңсесін,

Қиындықтың қайтарамын есесін.

Байлығым да, айлығым да жетеді,

Сындырмайтын тәуелсіздік кесесін.


Еңбек ету - азаматтық міндетім,

Жойылуда кер жалқаулық – індетім.

Өзім бимін «өгіздей қара күшім бар»,

Жүрмін қазір маңдай термен күнелтіп.


Рухани байлығым да жетерлік,

Парызым да келе жатыр өтеліп.

Әр пендеге ырыздық берген осындай,

Ең алдымен, Аллаға тәубе етелік!


Ханымызды сайлап алдық екшелеп,

Қарсыластар жете алмады өкшелеп.

Дана халық қалт айтпайды ешқашан,

Адалдықты, адамдықты хош көрмек.


Айдан анық самғаймыз рас, биікке

Билік іздеп, жөнсіз маған килікпе.

Ойы терең... әркім өзі біледі.

Қамшы енді керек емес жүйрікке.


Ойлан, толған, пісір әбден ойыңды,

Шыңдал, шынық, өсір асыл бойыңды.

Құранда айтқан босқа ысырап болмасын,

Өзіне, ерім, шақтап жаса тойыңды!


Тарқады аймақ бір ашылып, жабылып.

Ол заманда ел күйзелді жабығып...

Қазір көрсең «Елу жылда – ел жаңа»,

Торғайлықтар көрісеміз сағынып.


Қиыншылық, артта қалып азаптар...

Қаламызға жиналуда қазақтар.

Талантымен абырой, данқ әкеліп,

Молаюда азаматтар мадақтар!


Оқығанда «Арқалықтың хабарын»,

Әр бетінен көп жаңалық табамын.

Жанға жақын жақсыларды көргенде,

Шабыттанам... жүйрік менің қаламым.


Есіме алып, жақсы күнді, жас күнді...

Мақтан тұтам елге сыйлы басшымды.

Арқалығым – шалқар жырым таусылмас,

Жырлап келем, жырлай берем Жақсымды.



Ғалымбек Әбілқайыр.

Ардагер ұстаз.

Арқалық қаласы.

2006 жыл

Ғафу ағаға

Алдыңда, аға, інілік бір күйге еніп,

Толқып тұрмын... оқуға өлең именіп.

Сәлем түзу, ниетадал сонда да,

Қиналамын... сөз таба алмай жүйелі.


Оқып жүрміз жырларыңды жаттап ап,

Үлгі тұтып кейінгі ұрпақ - жас талап.

Ыбырай қаққан дала қоңырауындай,

Біздер үшін Ғафу деген асқақ ат!


Ақын деген талантымен өлшенер,

Жас қаламы маңдай термен төселер,

Алған үлгім деп білемін өзіңнен,

Ақындықтың менде ұшқыны болса егер.


Тума талант, өлең сөзге ол хас шебер!

Ардақтайды, таниды сені барша ел.

Өзің жазған жырларыңдай өмірлік,

Ғафу аға! Ұзақ ғұмыр жасай бер!



























Қорытынды


Осы ғылыми зерттеу жұмысымызды қорытындылай келгенде, біз Ғалымбек Әбілқайыр өмірі мен шығармашылығы жөнінде біраз мәліметтер беріп өттік. Ғылыми жұмысының бірінші тарауында торғай ақындық мектебіне жан-жақты түсінік берсек және ақынның шығармашылық жолына тоқталдық.

Ақынның поэзиялық ерекшеліктеріне тоқталып, оған мән бере білдік. Жоғарыда айтып кеткендей, біз Ғалымбектің ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқын, Отанын сүйгіш сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке төзбеуі, жаман мінез, қылықтар мен әлеуметтік міндерді сынап, сықақ ету дәстүріне, өлеңдеріне талдау жасадық. Жалпы айтқанда, оның ұйқас түрлеріне, поэтикалық, синтаксис, ырғақтарымен шектеліп қалмай, сонымен бірге ұйқастың түрлерінде, буын, шумақтарында да ерекшеліктер кездесетінін байқадық.

Жалпы Ғалымбек ақын лексикасында теңеулер, эпитет, метафоралар өте мол. Әрбір қимыл, әрбір көрініс, әрбір құбылыс жалаң берілмей, үнемі тапқыр теңеу, ұтымды эпиттер арқылы келеді және ақын теңеулерінің барлығы дерлік халықтың ұғымына қонымды, оның тұрмысына, әдетіне, ғұрпына байланысты жатады. Өйткені, өз халқымен біте қайнасып, бірге өскен ақынның басқаша жырлауға, халық ұғымына қонымсыз теңеуді, сөз нақысын, ой өрнектерін басқаша беруі де мүмкін емес. Эпитет, теңеу, метофораларының қай – қайсысы болмасын, кейбір натуралистік жайларын былай қойғанда, ақын бұқара халықтың эстетикалық сезімінің жеткен биігі тұрғысынан шығып отырады. Сұлулық, әдемілік сол ақын өзі өмір сүрген әлеуметтік ортаның ұғымы тұрғысынан беріледі.

Ақын эпикада да, лирикада да терең ойдың, үлкен сезімнің, ұшқыр қиялдың ақыны болды. Ол әрқашан ақын жүрегін жарып шығатын шын сезімді жырлады. Ал, ақын сезімі үнемі заман құбылыстарымен, ондағы өзгеріспен байланыста көрінді.

Ақын өлеңдері әлі асқақ оқылады, шабыттан төгілген жыр маржандары мөлдір таза, жұтаңдық көрмеген. Рас, ұзақ уақыт жоқтаушысы табылмай жетімдік көрген жырына қамқоршы табылды.

Сонымен, Ғалымбектей шабытты ақынның арман, мұраты орындалып «Көңілімнің шуағы» жинағы көрмек. «Дүниенің мыңына айырбастамаймын» ақын өлеңдерімен оқырман қайыра қауышады.

Ғалымбек Әбілқайыр – таланты биік ұстаз-ақын. Оның өлеңдері мен ойтолғаулары – ерекше әсермен жазылған публицистикалық тың дүниелер. Бұлар – ақынның соңғы жылдары жазған пәлсапалық еңбегі.

Ақын шығармашылығы – адамзат өмірінің философиялық керемет туындысы болмақ. Өйткені, ақын жан жүрегімен, қиялымен, арманы биік сүйіспеншілігімен туған жерін, туған елін сүйеді және барлық адамзатты туған елін сүюге шақырады. Ақын шығармаларының соңғы түйіні – туған елді сүю, туған жерді құрметтеу! (Өлеңінде де, поэзиясында да).

Ғалымбек Әбілқайыр шығармашылығы – өшкен үмітті үкілендіріп, ерік жігер мен күш-қайрат, тасқын қуат ұялатады. Ақын арманы – елжанды болу. Ақын осы қағидасы бойынша адамзат өмірін биік махаббатпен жырлайды.








































Пайдаланылған әдебиеттер:


1.Қалиев А. Торғай ақындық мектебі: Оқу құралы. – Арқалық:2013. -173 б.

2.Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас., 1956. – 340 б.

3.Нұрғали Р.Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.–Астана:Күлтегін, 2002. – 250 б.

4.Бектемісов Н. Ахмет ұшқан алтын ұя. – Астана: Елорда, 2001. – 200 б.

5. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.

6.Байтұрсынов А. Жоқтау. – Алматы: Жазушы, 1993. – 180 б.

7. Мәуленов С. Сыр мен жыр. – Алматы: Жалын, 1991. – 260 б.

8.Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы:Санат, 1970.-369 б.
































hello_html_m4d466bb7.png

1



Самые низкие цены на курсы переподготовки

Специально для учителей, воспитателей и других работников системы образования действуют 50% скидки при обучении на курсах профессиональной переподготовки.

После окончания обучения выдаётся диплом о профессиональной переподготовке установленного образца с присвоением квалификации (признаётся при прохождении аттестации по всей России).

Обучение проходит заочно прямо на сайте проекта "Инфоурок", но в дипломе форма обучения не указывается.

Начало обучения ближайшей группы: 18 октября. Оплата возможна в беспроцентную рассрочку (10% в начале обучения и 90% в конце обучения)!

Подайте заявку на интересующий Вас курс сейчас: https://infourok.ru

Краткое описание документа:

Жұмыстың мақсаты:Ұрпақ тәрбиесіне етек түре, білек сыбана араласқан жанның ақындық тұлғасын зерттеп, жастарға үлгі өнегелігін таныстыру, өлеңдерінің мазмұнын, поэзиясының мәнділігінің сырын ашып, зерттеу.Ғалымбек Әбілқайырдың еңбектерінің тәрбиелік мәніне үңіліп, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны мен қазақ әдебиетіне қосқан, қосар үлесі жайлы саралай келіп, шығармаларының тәрбиелік мәнін айқындауды мақсат еттім.

Осы мақсаттарға жету барысында алдыма мынадай міндеттерді қойдым:

-Ақын Ғалымбек Әбілқайырдың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдарды жүйелеп оқырмандарға ұсыну;

-Халық ауыз әдебиетінің ақын шығармашылығына әсерін көркемдік дәстүр аясында қарастыру;

-Қазақ әдебиетіндегі жаңа сарынмен жазылған ақынның ойлы да мазмұнды сөздерінің мағынасына, ой астарына көз жүгірту;

Общая информация

Номер материала: 294177

Похожие материалы