Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Другое / Рабочие программы / Ашық есік күні сценарий "Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың рөлі"

Ашық есік күні сценарий "Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың рөлі"

  • Другое

Поделитесь материалом с коллегами:


Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың рөлі


Мақсаты: Кітап сарқылмас рухани қазына екенін, білімнің тек қана кітап арқылы берілетінін ұғындыру, кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру, кітапқа деген қызығушылығын арттыру, кітап оқуға құмарландыру, оны күтіп ұстауға дағдыландыру, оқушылардың актерлік шеберліктерін шыңдау.

Видеоролик «Кітап туралы»

Ән: «Ассалаумалейкум» орындайтын Аззахир Азиз

Жүргізуші:

Бүгін мейрам, бізге үлкен мереке,
Тойлайықшы кітабыңды жыр ете.
Әрі ақылшың – рухани қазынаң,
Құнды байлық баға жетпес бұл өте, - деп ақындарымыз жырлағандай әдеби

кітаптар мен оқулықтар – білім көзі, рухани қазына. Біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз, өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтері де, талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтардың көзі –осы кітаптар. Рухани білімнің, мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес.

Құрметті қонақтар, бүгінгі біздің «Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың рөлі» тақырыбындағы шарамызға қош келдіңіздер!

Бүгінгі мерекелік кешіміздің ашылу сөзін мектебіміздің директоры Көшкінбаева Әлия Сейдуәліқызына береміз.

Әдеби монтаж: Жас ұландар

1-оқушы: Адамның  досы - кітап, өмір  кілті,

                  Тең  келмес  оған  жиған  дүние  мүлкі.

                  Ақылшы, жанға  серік  жол  бастаушы,

                  Асыл  ой,қазынасы, өмір  көркі.

2-оқушы: Тұрады басын құрап әріп неден,
Басталған білім басы әліппеден.
Қарасақ шалқар теңіз, түпсіз мұхит,
Оқысақ кітап сырын ашып неден.

3-оқушы: Кітапты  оқымайды  сыйламаған,

                  Білімге  жанын  жанып  қинамаған.

                  Өсірген  кімнің  болсын  ой-өрісін,

                  Сол  кітап  бек  ақылшы  күнде  маған.

4-оқушы: Айдын  шалқар  кейде  бір

                  Кітапты  тұнған  көл  дерсің.

                Ауада  қажет  бейне  бір

                 Татпасаң  нәрін  шөлдерсің.
5-оқушы: Кетпейді ешбір жадымнан
Мектепке бардық күз айы

Тастамай сені жанымнан
Қолтықтап жүрдім ұдайы.
6-оқушы:Достарға  толы  маңайым,

                 Татулық  тәтті  бәрінен

                 Ерекше  сені  санаймын,

                 Құшақтап  жүрмін  әлі  мен.

Жүргізуші: Бұл өлең жолдары кітап туралы. Егер кітап болмаса, сен рухани бай болмас едің. Кітап ел мен жерді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, төзімділікке баулиды. Бар білім де, ақылдың сәулесі де кітаптан тараған. Олай болса қазір сіздерге кітаптың маңызы жайында мектебіміздің кітапханашысы Измағамбетова Рыстыгүл

«Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапханының рөлі» тақырыбында өз баяндамасын оқиды.

Жүргізуші: Біздің елімізде бірде-бір бала мектептен тыс қалмайды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің болашағы – білімді жастар қолында» дей келе, білім мен ғылымға үлкен мән беріп келеді. Барлық бала тегін білім алып, кітаптармен түгел қамтылған.

Кітапхана ісі барлық мектепте жүйелі қолға алынған. Әр мектепте кітапқұмарлар клубы бар. Біздің мектебімізде де «Аққауырсын» кітапқұмарлар клубының белсенді жұмыс атқарады. «Аққауырсын» кітапқұмарлар клубының мүшесі – 8 сынып оқушысы Серікбай Айдынға сөз береміз.

«Cahoot» бағдарламасы - Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат»

Жүргізуші: Жайнатып жанымызды,

Келтіріп сәнімізді

Арнайық бас қосқанда тамаша әнімізді, - деп келесі музыкалық әнімізді қабыл алыңыздар!

Ән: «Дайдидау» орындайтын Рахман Динар

Тренинг: Мектеп психологтары

Күй анасы - Дина

Мақсаты: Күйші Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру және шығармаларын насихаттау, халқымыздың ұлы күйшілеріне құрмет сезімін тудыра отырып, оқушыларды ұлттық өнерге баулу

Міндеті: Динаның өмірі мен күйшілік өнерін таныту. Күй халық мұрасы, күйшілік өнер арқылы домбыраның қасиетін білуге, эстетикалық тәрбиеге баулу. Домбыра аспабында әр түрлі қағыстардағы күйлерді тыңдап оқушының ойнау, есте сақтау, тыңдау қабілеттерін шыңдау.

Көрініс: «Жамбыл мен Динаның» кездесуі

Көріністе байқағандарыңыздай бұл кездесу жыр алыбы Жамбыл мен күй анасы Дина анамыздың кездесуі еді. Биыл жыр алыбы Жамбыл ақынның 170 жылдығын еліміздің түкпір –түкпірінде тойлап жатыр. Сонымен қатар елімізде тағы да бір елеулі мереке, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Күй анасы – Дина апамыздың 155 жылдығы екен. Бүгінгі ашық есік күніміздің бір бөлімін осы айтулы мерейтойға арнағымыз келіп отыр.

Оқушы:

Қ.Сарин «Күй»

Күйге толы дүние-ай, дүбірлеген,

«Қайран шешем», «Кішкентай» күнім деген.

«Көбік шашқан», «Сары өзен» жағасында,

«Ерке сылқым», «Айжан қыз» күлімдеген.


«Дайрабай», «Байжұманың» өзін көрдім.

«Адаймын», «Жекпе-жекке» төзімді ермін.

Толғанып «Төремұрат», «Жеңгем сүйер»,

Бүлкілі, «Былқылдаса», «Бозінгеннің».


«Ақ жауын» «Алатауға» нәрлі жауын,

«Аңшының зары» емес пе, ал мынау үн?

Құрса егер күй керуен «Салтанатын»,

«Той бастар» топты жарып «Балбырауын».


Құдыретін көрдің бе күйдің осал,

Салтанатқа сән қосып сыйды жасар.

«Сейтектің сексен ері» серт байласып,

«Бес қыздың бел шешпесі» биге ұласар.


Қазақтың күйлері көп «Көңілашар»,

«Сарыжайлау» «Сарыарқаға» кеп ұласар.

Күй қылып күллі әлемді құшаққа алған,

Қазақтың болмаған ғой тегі нашар!

Жүргізуші: Құрманғазының күйі «Балбырауын». Орындайтын 9 «Г» сынып оқушысы Тілеуберген Анар

Жүргізуші: Домбыраның сыршыл да нәзік үнді жаратылысына қарап отырып, осынау құдіретті аспап әу баста әйел затының жүрегін әлдилеу үшін жаралмады ма екен деп те ойлайсың? Өйткені домбыраның бүткіл болмысы әйел табиғатымен үндес. Домбыра көкірегіндегі жұмбақ сырды ең сезімтал саусақтың ғана сауып шығара алатыны да содан болу керек. Күй – қазақтың бағына біткен дара өнер. Қастерлі дүние. Тылсым әлем. Ұлы даланың сырлы сазын мұңлы күймен жеткізе білген Қорқыт, Кетбұға, Асанқайғы, Қазтуған, Құрманғазы секілді ұлы тұлғалардың ізін басып, дәстүрін жалғастырып, бүгінгі күнге жеткізген саңлақ күйшілер сирек. Сол сиректің бірі, әрі бірегейі - әйгілі күйші Дина Нұрпейісова. Енді осы Дина апамыздың шығармашылық өміріне назар аударайық.

Нұргүл: Қазақтың ән-күйлерін ғасырдан ғасырға жеткізіп келе жатқан, халық арасынан өнер адамдары – орындаушылар. «Ел іші - өнер кеніші» дегендей, халқымыз өнерлі жандарға кенде болған емес. Құрманғазы мұраларын жеткізушілердің бірі - Дина Кенжеқызы Нұрпейісова. Дина Нұрпейісова – халықтың күйші, сазгер, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, Қазақстанның халық әртісі. Ол 1861 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Малшылықты кәсіп еткен әкесі домбыраның құлағында ойнаған болса, анасы Жәниха және екі үлкен әпкесі әнді тамылжыта айтатын шебер әншілер болған деседі.

Шыңғыс:Дина 8-9 жасында домбырашылық өнерді жақсы игерді. 1870 жылы атақты күйші Құрманғазы қыздың ауылына келеді. Бұл уақытта Динаның күйшілік өнері жайлы әңгімелер елге тарап үлгеріп еді. Сондықтан Құрманғазы талантын сырттай естіп, әдейі жас қызды іздеп келіп, өзіндік бағасын беруді ойлайды. Қыздың өнеріне тамсанып, ақыры оны өзі баули бастайды. Осылайша тоғыз жыл бойы Дина Құрманғазыдан күйшілік өнердің қыр-сырын меңгерді. Оның ұстазы Құрманғазы Динаның болашағынан үлкен үміт күтеді, ақыл кеңес беріп, күйлер үйретеді. Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік орындаушылық дәстүрін жалғастырады. Құрманғазы мектебінен өту Динаның өнерін шыңдай түсті. Ол өз жанынан күй шығара бастады.

Бейнекөрініс: «Құрманғазы мен бала Динаның кездесуі»

Анель: Дина 19 жасқа толғанда Нұрпейіс Мақатұлына тұрмысқа шығады. Сол жылдары құжат аларда оның фамилиясы Нұрпейісова болып тіркеліп кетеді. Қазақтың дәстүрімен атасының атын атай алмаған жас келін өз тегі ретінде күйеуінің атын жаздырған екен. Дина ұзатылғанда әкесі оған қара қасқа ат сыйлапты. Толқыған Дина әкесінің құрметіне «Қара қасқа ат» атты күйін дүниеге әкелді. 1885 жылы Динаның аяғы ауыр кезде Нұрпейіс дүниеден өтті. Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша ол күйеуінің кіші інісі Нұралыға тұрмысқа шығады. Нұралыдан он құрсақ көтереді. Дегенмен олардың көпшілігі аштық пен аурудан шетінеп кеткен.

Бейнекөрініс: «Дина апамыздың ұрпақтары туралы»

Ернар: 1937 жылдың күзінде Дина апамыз Алматыға келеді. Қалада шат көңілді, алаңсыз оқып жүрген қазақтың қыздарын көріп, немересі Қоңырды есіне алады. Сағыныштан көңілі босап көзіне жас келеді. Осындай Отанымыздың бақытты балаларына арналған «Әсем қоңыр» күйін шығарады. «Әсем қоңыр» - жарқын, көңілді шығарма. Мұнан балалардың балғын күлкісі, шаттық үні анық естіледі.

Олай болса, Дина әжеміздің «Әсем қоңыр» күйін тамашалайық

Назерке: 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаны Алматыға алып кетеді. Сол жылдың күзінде Алматы қаласында ұлт дарындары бас қосқан екінші республикалық жиында Динаға ресми түрде сый-сияпат, құрмет көрсетілді. Ол өзінің «Бұлбұл», Құрманғазының «Төремұрат» пен «Қайран, шешем» атты күйлерін шебер орындағаны үшін ең алғашқы сыйлығын алды. Осыдан кейін Дина Қазақ филармониясына жұмысқа алынып, оған «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Осы жылы ол Жамбыл Жабаевпен танысады.

Икрам: Дина өзінің бір әңгімесінде: «Тұтқыннан босанған Құрманғазы менің ұзату тойыма келді. Құдалар отырған үйге мені шақыртып алып: «Мынау Дина Кенженің қызы, әйел затынан шыққан асқан домбырашы. Мен Динаның өз тойында өзіне домбыра тартқызайын деп отырмын. Құдалар, сіздер сөкпеңіздер. Сіздерге айтатын бір тілегім: Динаның домбыра тартуына тыйым салмаңдар. Ол мұраны ұрпақтарымызға таратуды, Дина, саған тапсырдым, өз домбырамды саған ұсанамын»,- деп өз домбырасын маған берді. Мен иіліп, рақмет айтып, домбыраны алдым. Тарт деген күйлерін тарта бердім», - дейді.

Осы мектебімізде Дина апамыздың жолын қуып, қазақтың өнерін көпшілікке насихаттап жүрген оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да баршылық. Олай болса, күй айтыс өнерін тамашалайық.

Күй айтысқа қатысушылар – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілеубергенова Гүлназ Жаппарбергенқызы мен шәкірті Тілеуберген Анар

Наргиз: Дина Нұрпейісова халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. 1955 жылдың 31 қаңтарында ұлы күйші дүние салды. Оның жасы сол кезде 94-те болатын. Дина Кенжеқызы Алматы қаласының орталық зиратында жерленген. Оның шығармалары қазақ домбыра өнерінің нағыз классикасына айналды.

Бейнекөрініс: «Дина апамыздың соңғы сахналық өнері»

Домбыра тілегімді қуаттасаң,

   Үніңе үзіле бір құлақ тосам.

   Тарихтың тереңінен сыр ақтарсаң,

   Бойдағы қуатыма қуат қосам.

Құрманғазының күйі «Науысқы». Орындайтын Тілеуберген Анар

Көрініс: «Қайран, шешем»
Келесі кезекті мектебіміздің жас ақындарына берейік.

Маралбек, Айсұлу, Сымбат, Жауқазын, Динар, Динара, Мадина, Аружан

7 «Ә» сынып оқушылары «Туған жер»

Рахман Динар «Қазақстан»

Қазақ ән десе, күй десе ішкен асын жерге қойған дарқан халық қой. Осынау көдесіне күй, жусанына жыр тұнған дарқан даламызды ән-күйімен тербеткен небір абыз бабаларымыз, аналарымыз өткен. Қасиетті қара домбыраның перне көмейінен періштенің лебізіндей үн төккен ұлы халықтың ұрпағымыз біз!

Міне, біз Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың өткен өмір жолымен танысып білдік. Динаның өмірі - бай, шежіре. Дина шығармалары - халқымыздың аса құнды байлығы. Ол әлі талай ұрпақты тәрбиелеп , өсіруге қызмет етеді.






hello_html_af02942.jpg

Ногаева Гульназ

101 орта мектептің кітапхана меңгерушісі


Автор
Дата добавления 02.04.2016
Раздел Другое
Подраздел Рабочие программы
Просмотров76
Номер материала ДБ-002690
Получить свидетельство о публикации
Похожие материалы

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх