Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Другое / Другие методич. материалы / Қазақсың сен, әлемге аян ерлігің

Қазақсың сен, әлемге аян ерлігің

  • Другое

Поделитесь материалом с коллегами:


Қазақсың сен, әлемге аян ерлігің

(Жоғары сынып оқушыларына арналған поэзия кешін жүргізу жобасы)


Поэзия-әйелдей жұмбақ әлем,

Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем.

Жаны-тұңған тұңғиық тереңдікте,

Қимылы-ырғақ, әуен.

Поэзия арудай құпиясын

Ұқтырар жылдап әрең.

(Ф.Оңғарсынов)


Кешті өткізу үшін алдын ала ұйымдастыру жұмыстары: Кештің жүргізілу жоспары (сценарийі) жасалып, оқушыларға оқуға әдебиеттер беріледі, кештің тақырыбы, жүргізілу жоспары көрсетілген хабарландырулар ілінеді. Кеш тақырыбына орай «Қазақ поэзиясы- ерлік үлгісі» атты кітап көрмесін ұйымдастыруға болады.

Поэзия кеші үш бөлімнен тұрады:

І.Кіріспе сөз: Қазақ ақындары-сөз өнерінің алыптары.

ІІ. Тарихи өлеңдердегі тіл өрнегі.

ІІІ.Өлең-сөздің патшасы...


І.Кіріспе сөз: Қазақ ақындары-сөз өнерінің алыптары.

Өз кезінде бүкіл Дәшті-Қыпшаққа даңқы кеткен Асан Қайғы, Қазтуған жыраулар мұраларын көненің жалғасы деп танимыз. Көптеген нақыл сөздердің, философиялық толғаулардың авторы, Ш.Уәлиханов «көшпен-ділер философы» атаған Асан Қайғы, Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған. Ол табиғатты түсініп, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады.

Ерлік жырларын шығарушы, әрі нәзік лирик Қазтуған жырау қиялының байлығы, суреттер тәсілінің кемелдігі мен әсемдігі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сипатын танытады.

Жорық жыршысы болған Досмамбет жырау шығармаларынан жауынгердің асқақ рухы мен ерлік бейнесі көрінеді. 1465-1560 жылдары өмір сүрген Шалкиіз жырау заманының бірінші ақыны болып танылып, оның туындылары аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, өткірлігімен, сұлу сазды көркемділігімен ерекшеленеді:

Жауға кисең берен ки,

Егеулеген болат жебе өте алмас.

Есендікте малыңды бер де батыр жи,

Күндердің күні болғанда

Басыңа қыстау іс түссе,

Дұспанның қолы жете алмас,-

деген жолдар ер азаматтың басынан өтер қилы істің шешуін асқақ үн, серпінді қуатпен жырлаған жыраудың ақындық келбетін таныта түседі. Сөз өнерін жетік меңгерген арқалы жыраулар Марқасқа мен Жиембет Есім хан тұсында (ХҮІІ ғасыр) өмір сүрген. Біздің заманымызға олардың санаулы ғана толғаулары жеткен.

ХҮІІІ ғасырдың басына төнген қара бұлт- жоңғар шапқыншылығы мен «ақтабан шұбырынды», қоғамдық өмірдегі өзгерістер бұл кездегі қазақ поэзиясының идеялық бағытына, тақырыбына айтарлықтай әсер етті. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны әсіресе исі қазақ болып атқа қонуды армандаған патриоттық бағыттағы Ақтамберді жырау (1675-1768) шығармаларынан айқын көрінеді.

Осы кезеңде өмір сүрген Үмбетай (1706-1778), Тәттіқара (1705-1780), Бұхар жыраулар (1668-1781) шығармалары ел азаматтарын халық бақытты жолындағы күреске жұмылдыруда зор қызмет атқарса, ақындар поэзиясының ең көрнекті өкілдері Көтеш (1745-1818) және Шал (1748-1819) ақындар өлеңдерінің негізгі тақырыбы дін, этика, мораль мәселелері, тұрмыстық өлеңдер, философиялық үлгідегі туындылар болды.

Қазақ ақын-жыраулары тілінің қайнар көзі-ертеден келе жатқан ауз әдебиеті тілі болғандықтан, суреттеу жағынан ұқсас болып келеді және ауыз әдебиетіндегі эпостарды сақтап таратушылар да солар болғандықтан, қазақ сөз өнерінің бүкіл көркемдік қоймасы олардың жадында болып, ақын жыраулар туындылары мен фольклор тілдері жақын болып келеді.

Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да ақын-жыраулар шығармасында өзінің көркемдік бейнесін жасап отырды. Қазақ поэзиясының өрісі кеңейіп, реалистік дәстүрдің өркен жаюының негізі қалана бастады.

ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясы қоғамдық өмір бейнесін көрсете білід. Осы ғасыр әдебиетінің аса ірі тұлғасы- өршіл, күресшіл Махамбет поэзиясы өзінің озық идеясымен кейінгі дәуірлерде Шернияз, Жанақ, Шөже т.б. еңбектерінде одан әрі Абай, Ыбырай негізін қалаған жазба әдебиетіне де өз жалғасын тапты.

Көне дәуірлерден келе жатқан халықтың сан ғасырлық көркемдік мұрасын, тәжірибесін ауызша сақтаушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші жыршы, жыраулардың еңбегі зор болды. Абыл, Марабай, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Ығылман тағы басқалар батырлар жыры циклын арғы дәуір жыршыларынан үйреніп кейінгіге жеткізсе, Шал, Жанақ, Шөже, Орынбай, Сүйінбай, Базар, Құлтуамалар сан алуан лиро-эпикалық, батырлық дастандарды жаңа ұрпаққа табыстаумен қатар, өздері де көптеген өлең-жырлар тудырды. ХІХ ғасыр- ақындық өнердің аса кең қанат жайып, дамыған кезеңі болып, Абай творчествосы арқылы өмірді, адамды бейнелеуде, әдебиетте өзіндік көркемдік әдіс жасау дәрежесіне көтерілді.

ІІ. Тарихи өлеңдердегі тіл өрнегі.

Тарихи өлеңдер әр кезеңде туып, әр кезең оқиғаларының дерегін берерлік туындылар. «Алпамыс», «Қобыланды», «Қорқыт жырлары», «Қырымның қырық батыры» жырларында кездесетін «қазақ елі», «қазақ халқы», «руы қазақ», «ұраны алаш», т.б. сөздер ұлт туралы ұғымды дамытып, оның тілін байытар қайнар бұлақтар.

Халқымыздың көркем сөз өнерінің даму жолы ұзақ та күрделі. Алғашқы ақын-жыраулар ХІҮ-ХҮ ғасырдан бастап көрінсе де, одан тек «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей айрықша талантты ақындар туындылары ғана сараланып бізге жеткен. Қазақ қоғамында сөзді айтушысына қарап емес, сөздің құндылығына, көркемдік, тапқырлық, өткір күшіне қарап қабылдау, сақтау дәстүрі ұзақ замандар бойы қалыптасып келген, сөйтіп көпшілігі ауыз әдебиетінің мұрасына айналып кеткен.

Дала мінезі- қазақтың мінезі. Өйткені, көңілі шалқар, кейде сағымдай бұлдырап, жұмбақ болып қалатын сәттері де бар. Өрлік пен кеңдік бойына дарыған қазақ ешқашан өз рухын түсірмек емес. Осы тақырып төңірегінде оқушылардың қандай пікірлері бар екен, тыңдап көрейік?

1-ші оқушы: Тарихи өлеңдерде кездесетін бейнелі сөздер халықтың тағдыр талайын, қайғысы мен мұңын суреттегенде, жеке адамның елімен, жерімен қоштасуында, жоқтау өлеңдерінде қолданылып, фольклорға тән дәстүрмен жазылып келген:

Жаудың отын өшірді,

Қосын қуып көшірді,

Істерін қылды кесірлі

Оқ тиіп сонда мерт болды, немесе,

Дүниенің жоқ баяны,

Байға да тықыр таяды.

Тағдыр жетіп о да өлді.

Жесе де жал мен жаяны.

2-ші оқушы: «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты:

Басынан Қаратаудың көш келеді,

Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.

Айырылған қарындастан қиын екен,

Мөлдіреп қара көзден жас келеді, немесе,

Ауылым қонған Сырымбет сағасына,

Болдым ғашық ақсұңқар баласына,

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктергіге қор болып барасында.

3-ші оқушы: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты өлеңдер де қара өлең ұйқасына негізделіп:

Он тоғыз бен отыз бір сұрағаны,

Зарланып кемпір-шалдың жылағаны

«Сендерсіз бізге дүние не керек»,- деп

Қан аққан көздің жасын бұлағаны.

4-ші оқушы: Халық өлеңдеріндегі, «Өрік, мейіз, қант пен шай, алма мойын ақ бидай» немесе «Қыз емес, қыздың аты-қызыл өрік» секілді ұқсатулармен сөз өрнегін салса, халқымыздың атақты «Қараторғай» атты өлеңінде:

Құс болсаң жібектен бау тағар едім,

Күмістен тұғырыңды жабар едім.

Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,

Қолға алып, сылап-сипап бағар едім,-

деген жолдарда көркем сөзбен зергерлік өнердің қаншама сыр-сипаты баяндалады.

5-ші оқушы: Әдебиетіміздің тарихында «ұлтым» деген сезіммен тебіреніп, теңселген тұстар көп екен. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Тәтіқара ақын:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшаұлы болат найза,

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда,

Ағашта биікті айтсаң Бөгембайды айт.

Найзасының ұшына жау мінгізген,

Еменәлі Керейде ер Жабайды айт,- десе, Махамбет:

Беркініп садақ асынбай,

Біртіндеп жауды қашырмай...,

Қозы жауырын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай...,

Ерлердің ісі бітер ме?-

деп ұрпағының елі мен жері алдындағы перзенттік парызын отты жырмен өрнектей түседі.

Жүргізуші:Тарихи өлеңдерде сөздің қолданысы мен қызмет аясынан оның көне дәуірде туғаны қайсы, бертінде шыққаны қайсы екендігін тануға әбден болады. Сөйтіп өлеңдер әр кез, әр шақтың талап-тілегін қанағаттандырады. Өлеңдердегі ырғақ пен ұйқастың күштілігінен өлең белгілі мақамды қалып сақтап, әнге айналады. Бұны «Елім-ай», «Аштыққа халық қамалды», «Қоштасу», «Қайран ел», «Қамажай», «Бипыл» т.б. өлеңдердің ұтымды тілмен, ұтырлы сөзбен бейнеленіп, ел аузында ұзақ уақыт сақталып, бізге жетуі, ел мен жердің зарын, халықтың өкпе назын, қуанышы мен мұңын әнге айналған тарихи мұраларымыз да білдіре алатындығын көрсетеді.

ІІІ. Өлең-сөздің патшасы...

Жүргізуші: «Бүгінгі қазақ өлеңдеріндегі ең қымбат, ең қызықты проблемалардың қатарында өзекті екі желіні атар едік. Олар-поэзиямыздағы халықтық рух пен азаматтық әуен, дауыс»- дейді ақын А.Егеубаев. осы тақырыптағы өлеңдерден үзінділер оқу үшін сөз кезегін оқушыларға берейін!

6-шы оқушы: Бұл ретте Ш.Құдайбердіұлы:

Адамдық борыш, ат үшін,

Барша адамзат қамы үшін,

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін,- десе,

С.Торайғыровтың «Мен-қазақ» атты өлеңінде:

Мен-қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?- деп жырлайды.

7-ші оқушы: Ақын Ж.Молдағалиев «Мен-қазақпын» өлеңінде:

Мен, қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен күн түрілген, -деп көрсетеді.

Жүргізуші: Ақындардың қай өлеңін алсаңыз да олардан сонау ауыз әдебиетінің ғасырлар бойғы бай мұраларын, Күлтегіндердегі азаттық әуенін, «көшпенділер философтары» -жыраулардың асқақа үнін, Махамбеттің қайсар айбарын, Абайдың «қалың елім, қазағым» деп жырлаған жүрек лүпілін, Міржақыптың «Оян қазағындағы» аттандаған дауысын, Мағжанның терең сезімін, Мұқағалидың сырлы сазын, мұңды лебізін ұғасыз.

Елдік, ерлік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз-бабам тілі сен қалдың!-

деп ақын М.Жұмабаев тебірене жырлайды, келесі сөз кезегін ана тіліміз туралы ақындар өлеңдерінен үзінділер оқу үшін оқушыларға береміз!

8-ші оқушы:

Сүйемін туған тілді- ана тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,

Сол тілменен әдетті мен жаттадым.

Ең бірінші сол тілменен сыртқа шықыт

Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным. (С.Торайғыров)

9-шы оқушы:

Туған тілім-бабам тілі-өз тілім!

Туған тілім- ана тілі- өз тілім!

Туған тілім- далам тілі- өз тілім!

Туған тілім-адам тілі-өз тілім!

Туған тілде соғар терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар. (Д.Әбілев «Туған тілім»)

10-шы оқушы:

Ең бірінші бақытым-халқым менің

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым-тілім менің

Тас жүректі тілімсен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де

Қасиетті тілімнен түңілмедім. (М.Мақатаев)

Ана тілің, біліп қой,

Мақтанышың,елдігің. (Қ.Мырзалиев)

Жүргізуші: «Ақындық-асыл сый» дегендей тілді қолдану шеберлігін игеру зор мағынаға ие болатындығын кез келген ақын шығармаларынан байқауға болады, соның ішінде, ақиық ақын М.Мақатаевтың туындылары туралы айтар болсақ, ол өзінің өлеңінің өміршеңдігін ақындық түйсігімен сезініп, айшықты тіл өрнегімен былайша бейнелейді:

Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді деуі де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы,-

ұлттық бояуы мәнді де, қанық, көркем теңеу. Ақын өлеңдерінен үзінділер оқуларыңа болады:

11-ші оқушы:

Батар күн, келер түн.

Атар таң, шығар күн.

Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.

Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,

Осы мен сірә да өлмейтін шығармын.

Өмірім сірә да әріден басталған.

Әріден басталып, мәңгіге тасталған.

Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,

Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын (М.Мақатаев)

12-ші оқушы:

Жалғасы бар жырымның жалғасы бар,

Жырларым жылдарыммен жалғасыңдар.

Сел жырым ақтарылса арнасынан,

Селкілдеп тау мен тасың зорға шыдар:

Жалғасы бар, жырымның жалғасы бар...

Білемін керемет бір күн келеді,

Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді.

Көремін керемет бір күн кешемін,

Болашағым сенімен бірге өсемін. (М.Мақатаев)


Жүргізуші: ақын А.Әбдіқалов Мұқағали туралы,

Тірлігінде шекпен кимей, шен алмай,

Еңбегінің қызығын да көре алмай,

От боп жанып өтіп кеткен ақынға

Мәңгілік қып өмір берген өлеңді-ай-

деген жолдармен ақын өлеңдері тілінің құдіреті мен ақын шығармаларының ұрпақтан-ұрпаққа ұласар қасиетін, сонымен қатар ақын есімінің де өшпейтіндігін көрсетіп береді.

13-ші оқушы:

Ақынның (М.Мақатаев):

Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден.

Өлмеу үшін – құлқыңды жемдеу үшін

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін .

«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін!-

деген өлең жолдарынан еліне, халқына, тіліне деген зор махаббатын түсінеміз.

Жүргізуші: Балалар! Ана тіліміздің құдіреттілігіне қатысты тағы да қандай ақындардың өлеңдерін оқып бере алар едіңдер?

14-ші оқушы:

Ақын М.Шахановтың «Төрт ана» атты өлеңінен:

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

Әр адамда өз Анасынан басқа да

Жебеп жүрер арқада

Болу керек төрт Ана:

Туған жері – түп қазығы, айбыны,

Туған тілі – сарқылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт-санасы – тірегі,

Қадамыңа шуақ шашар үнемі.

Және туған тарих, еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да...

Қасиетті бұл төрт Ана – тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы!

15-ші оқушы: Әбдірахманова Т. «Ана тілім»

Ана тілім – тірлігімнің тірегі,

Тілмен ғана кірер адам реңі.

Тілсіз қоғам өлі, мынау дүние

Түсініксіз тылсымменен бір еді.

Ана тілім – әрекетім азығы,

Бар ғаламды тануымның қазығы.

Ой – санамның өсуінің куәсі,

Ғасырлардың кейінгіге әз үні.

Ана тілім – айна түсер аймағы,

Елім, жерім, ұлтымның да айғағы.

Бар қалпымды, бар өремді дәлелдеп

Жеткізетін мәні, нәрі, қаймағы...

Жүргізуші: Өздеріңіз тыңдаған өлең жолдарында ақындарымыздың жан жүрегі елжірей жырға қосқан қасиеті мол ана тілімізді сендер де құрметтеп, қорғай біліңдер, тіліміздің кең қанат жайып дами беруіне өз үлестеріңді қосыңдар. Ақын М.Мақатаев сөзімен айтсақ:

Бықсып жанған қоламта емес,

Артымызда шоқ қалсын.

Болашақтың ошағында,

Біз тұтатқан от жансын!

Әдебиеттер:

1. Кәрібаева Б.Қара өлең және лирика: Оқу құралы. – Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 2001. – 173 б.

2. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: қазССР ҒА бас., 1960. Т.1.1-кітап. Қазақ халқының ауыз әдебиеті: [ Ред. Басқ. А.Х.Марғұлан ж.б.]. – 740 б.

3. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 352 б.

4. ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы. – Алматы: Ғылым, 1985. – 319 б.

5. Өмірәлиев Қ. ҮІІІ – ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері. – алматы: Мектеп, 1985. – 128б.

6. Сыдиқов Қ. Көркемдік өрнектер. – Алматы: Рауан, 1992. – 79б.

7. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. 224бет.

8. Уахатов Б. Б.Алтын бастау. – Алматы:Рауан, 1993. – 158 б.

9. Шойбек Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. Алматы, Ғылым, 1991. 88 б 10. Ыбырайымов Б. Ой мен сөз: Әдеби сын мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1985. – 248 б.

10. Рахимов И. Тіл тағдыры. // Ақиқат, 2007, №3. – 29 бет.




Краткое описание документа:

Қазақсың сен, әлемге аян ерлігің

(Жоғары сынып оқушыларына арналған поэзия кешін жүргізу жобасы)

Поэзия-әйелдей жұмбақ әлем,

Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем.

Жаны-тұңған тұңғиық тереңдікте,

Қимылы-ырғақ, әуен.

Поэзия арудай құпиясын

Ұқтырар жылдап әрең.

(Ф.Оңғарсынов)

Кешті өткізу үшін алдын ала ұйымдастыру жұмыстары: Кештің жүргізілу жоспары (сценарийі) жасалып, оқушыларға оқуға әдебиеттер беріледі, кештің тақырыбы, жүргізілу жоспары көрсетілген хабарландырулар ілінеді. Кеш тақырыбына орай «Қазақ поэзиясы- ерлік үлгісі» атты кітап көрмесін ұйымдастыруға болады.

Поэзия кеші үш бөлімнен тұрады:

І.Кіріспе сөз: Қазақ ақындары-сөз өнерінің алыптары.

ІІ. Тарихи өлеңдердегі тіл өрнегі.

ІІІ.Өлең-сөздің патшасы...

І.Кіріспе сөз: Қазақ ақындары-сөз өнерінің алыптары.

Өз кезінде бүкіл Дәшті-Қыпшаққа даңқы кеткен Асан Қайғы, Қазтуған жыраулар мұраларын көненің жалғасы деп танимыз. Көптеген нақыл сөздердің, философиялық толғаулардың авторы, Ш.Уәлиханов «көшпен-ділер философы» атаған Асан Қайғы, Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған. Ол табиғатты түсініп, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады.

Ерлік жырларын шығарушы, әрі нәзік лирик Қазтуған жырау қиялының байлығы, суреттер тәсілінің кемелдігі мен әсемдігі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сипатын танытады.

Жорық жыршысы болған Досмамбет жырау шығармаларынан жауынгердің асқақ рухы мен ерлік бейнесі көрінеді. 1465-1560 жылдары өмір сүрген Шалкиіз жырау заманының бірінші ақыны болып танылып, оның туындылары аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, өткірлігімен, сұлу сазды көркемділігімен ерекшеленеді:

Жауға кисең берен ки,

Егеулеген болат жебе өте алмас.

Есендікте малыңды бер де батыр жи,

Күндердің күні болғанда

Басыңа қыстау іс түссе,

Дұспанның қолы жете алмас,-

деген жолдар ер азаматтың басынан өтер қилы істің шешуін асқақ үн, серпінді қуатпен жырлаған жыраудың ақындық келбетін таныта түседі. Сөз өнерін жетік меңгерген арқалы жыраулар Марқасқа мен Жиембет Есім хан
Автор
Дата добавления 10.07.2015
Раздел Другое
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров207
Номер материала 316263
Получить свидетельство о публикации

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх