Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Воспитательная работа / Другие методич. материалы / "Қазақтың билері" ашық тәрбие сағаты

"Қазақтың билері" ашық тәрбие сағаты



  • Воспитательная работа

Поделитесь материалом с коллегами:

hello_html_m2c829db9.gifКүні: 30.01.2016ж.

Сынып сағатының тақырыбы: "Қазақтың билері"
Мақсаты: Оқушыларға қазақ тарихының төрінен орын алған, қаншама ғасыр өтсе де, өскелең ұрпағына өшпес із, өнегелі сөз қалдырған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер жайлы әңгімелеу, оқушылады адамгершілік, имандылық және парасаттылыққа тәрбиелеу.

Кіріспе

Мұғалім: Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар және оқушылар?! Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбын білу үшін, экранға назар аударайық. Тәрбие сағатымыз ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған, өздерінің бір ғана сөзімен небір шытырман даулы мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған "Қазақ билеріне" арналады.Қазақ билері әділ және елге сыйлы болуға тиісті болатын. Өз әділдігімен елге танымал болған қазақтың атақты билері:

Қазақ халқының бұл билері елді үш жүздің бірлігін сақтауға шақырды.

Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке, 
Асқар тау Қазығұрттай білімді еді. 
Бірі күн, бірі туған айдай болып, 
аманға сәйкесімен келіп еді.- деп, Тәуке ханның билерді асқар тауға, күнге, айға теңеуі тегін емес. Тәуке ханның тұсында ұлы жүзге Төле би, орта жүзге Қазыбек би, кіші жүзге Әйтеке би басшы болды.

І. Билер жайлы ақпарат.

- Ендеше, билер жайлы толығырақ оқушыларымыздан ақпарат алсақ.

Нұрасыл: Төле би Әлібекұлы 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өзенінің бойындағы Әулиеата маңындағы Жайсаң Жайлау деген жерде дүниеге келген. Төле жасынан араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмәр, шешен, би болған адам. Төле әкесіне еріп жүріп, ел таниды, жер көреді. 15 жасында билікке араласып, өзінің әділдігімен, ақылдылығымен жұрт арасында таныла бастайды. Өзінің даналығымен «Қарлығаш би» атанған. Төле биден қалған көптеген нақыл, өсиет, шешендік сөздер, толғаулар бар. Мысалы,

Руслан:

Жаңбыр жаумаса, жер – жетім, 

Басшысы болмаса, ел – жетім,

 Ұқпасқа айтқан сөз – жетім...

 Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы.

 Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.

 Әйелің жақсы болса –

 Бірінші – иманың,

 Екінші – жиғаның,

 Үшінші – ырысыңның тұрағы...

 Бір үйдің баласы болма,

 Көп үйдің санасы бол!

 Бір елдің атасы болма,

 Бар елдің данасы бол!

 Көп тонның жағасы болма,

 Көп қолдың ағасы бол!

 Ақты ақ деп бағала,

 Қараны қара деп қарала.

 Өзегің талса өзен бойын жағала

 Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

 Өзіңе-өзің кәміл бол,

 Халқыңа әділ бол,

 Жауыңа қатал бол,

 Досыңа адал бол!

 

Рамазан: Қазақ халқының айтулы кемеңгер билерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек би 1667 жылы Сырдария жағалауында дүниеге келіп, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген. Қазыбектің әкесі Келдібек те кезінде елді аузына қаратқан би болыпты.

Қазыбек есімі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жылдары екі елдің арасын бітістіруші батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде әйгілі болған. Қалмақ ханына елшілікке барғанда жасқанбай өз ойын жалынды сөздермен бұршақтай жаудырып, мірдің оғындай өткір сөздерімен жоңғар ханының аузын аштырмай тұтқындағы ұл-қыздарды босатып алады. Қалмақ ханы Қазыбектің саңқылдағын даусына орай «Қаз дауысты Қазыбек» деген ат береді.

Балнұр:

«Кім жақын, не қымбат, не қиын?» 

Тату болса, ағайын жақын,

 Ақылшы болса, апайың жақын.

 Бауырмал болса, інің жақын,

 Алдыңа тартқан адал асын –

 Қимас жақын қарындасың.

 Сыбайлас болса, нағашың жақын,

 Адал болса, досың жақын.

 Жан серігің жас кезіңнен

 Бәрінен де әйелің жақын.

 Алтын ұяң – Отан қымбат,

 Құт-берекең – атаң қымбат.

 Аймалайтын анаң қымбат,

 Асқар тауың – әкең қымбат.

 Мейірімді апаң қымбат,

 Туып-өскен елің қымбат.

 Ұят пенен ар қымбат,

 Өзің сүйген жар қымбат.

 Арадан шыққан жау қиын,

 Таусылмайтын дау қиын.

 Шанышқылаған сөз қиын,

 Жазылмаса дерт қиын,

 Іске аспаған серт қиын,

 Ақылыңнан адасып,

 Өзің түскен өрт қиын!

 

 

Ақжол: Қазақ халқының әйгілі де айбарлы билерінің бірі Әйтеке Бәйбекұлы 1644 – 1700 жылдары өмір сүрген. Әйтеке деген есіммен ел арасына танымал болған бидің шын аты –Айтық. Әйтеке би Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртының бір орталыққа бағынып, іргелі ел болуына ісімен де сөзімен де зор үлес қосқан. Әйтекенің ел мүддесін көздеп сөйлейтін, халықтың қамын ойлайтын ерекше қасиеті «Қасқакөл дауында» жан-жақты танылады. Оның дәлелі – Орманбет биге айтқан: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген сөздері. Әйтеке би өзінің шешендік сөздері арқылы өмірдің өтпелі екендігін баса көрсеткен. Мысалы,

 

Суалмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

 Құйрығы суда тұрса да

 Қурамайтын құрақ жоқ.

 Дүние деген фәни бұл

 Баласы жоқта мият жоқ.

 Бәрінен қиын сол екен

Артында қалған шырақ жоқ!

Мұғалім: - Жарайсыңдар, балалар! Айта берсек билеріміздің ақыл істері жетерлік.

ІІ. Сұрақ - жауап.

1. Ұлы жүз биі - Төле биді не үшін "Қарлығаш әулие" деп атап кеткен?

2. Орта жүз биі - Қазыбек биді не үшін "Қаз дауысты" деп айтқан?

3. Кіші жүз биі -Әйтеке бидің шын аты?

4. Билер жайлы аңыз әңгімелер, олардың даналықтары жайлы не айта аласыңдар?

- Қазақтың үш биі туралы әңгіме бастасақ олар туралы жақсы мақтаулар жетерлік. Ендеше, қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар ханына қайтарған жауабын көрелік.



ІІІ. Көрініс."Қаз дауысты Қазыбектің Жоңғар ханы Қоңтажымен кездесуі".

Қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолмен бітімге келу үшін қазақ пен қалмақ бір-біріне елші жібермек болады. Жоңғар қоңтайшысы қазақтың үш биінің бірі келмесе бітім болмайды деп қасарысыпты .

Сонда үш би былай деп кеңесіпті.

Төле: уай, қос інім, қос шаңырағым, аға боп алдарыңа түсейін деп тұрмын. Артымда сендер барда қанат жайып самғар-мын, дауласқанды жайғармын. Мен барайын бұл жолға!

Әйтеке: уай, Төкем! "Аға бордан, іні зордан" демей ме, "Іні - найза, аға - қорған" демей ме? Жағаласқанды жапырып, жауымды аршып күремеймін бе? Мен барайын бұл жолға!

Қазыбек би: уай, асыл ағам, уай, асқақ інім! Ағасы бардың жағасы бар емес пе? Жағасы бардың пәледен сақтар панасы бар емес пе? Інісі бардың тынысы бар емес пе? Тынысы бардың елде - ырысы, жауда - ұрысы, дауда - жұмысы бар емес пе? Мен барайын!

Төле:- Шырағым Қазыбек, жол бастайды әмәнда, омырауы жүйріктің, бөгелекті қуарда пайдасы мол қүйрықтың, аттың белі қызметті көп қылар, саған көпті кезегі, осы жолғы бүйрықтың. Жай, онда қолыңды!

Атасызға ата бол,

Батасызға бата бол.

Арып-ашқан ғаріптің

Жел жағына жота бол,

Панасызға пана бол,

Кек сақтамас бала бол,

Дос сүйініп, қас сыйлар

Асу бермес дана бол! - деп батасын беріп аттандырыпты.

Қазақтан келген елшілерді сынау үшін қоңтайшы қарапайым киініп, белін жіппен буынып, Қазыбектер түскен үйге келеді. Қоңтажы Қазыбекті сынамақ болып сауал қояды:

- Әуеліңде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар?

- Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында бе-реке, артында шүкіршілік тұрмас па?

- Ой, өзің жөніңді айтшы, атың кім?

- Атым Қазыбек, әкем- Келдібек, халқым -қазақ, руым -қаракесек.

- Дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал енді датыңды айт. Сонда Қазыбек: біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жері-міздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дүшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, асқақта-ған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл болсын деп тумайды, анадан қыз туса күң болсын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра ал-майтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Та-нымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз, - деген екен.

- Мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбір адамға тізе бүгіп көрген жоқ едім. Жаным Қазыбек, сенің айтқан сөзіңе сіресіп тұра алмадым, сен жаңа үйреткен жас түлпар екенсің. Сенің дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, бұдан былай сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын, екінші, қос тоғыз жүлде байла-дым, бұдан былай сен екі сыбағалы бол депті.

- Бейбітшілік бітіміміз ұзағынан болсын! Аман болыңдар!

Қош айтысып, Қазыбек бастаған қазақ елшілері мал-жанын түп-түгел қайтарып алып, гулеп жүріп кеткенде қасында бір топ елшісі бар Қоңтажы мең-зең болып дөңнің үстінде қала беріпті.

Мұғалім:- Өте жақсы, балалар.

ІҮ. Келесі кезекте "Қазақтың үш биі" жайлы пікірлерді тыңдап көрсек. Бейнетаспаға назар аударайық.

Ү. Постер жасау.

І топ. "Төле би"

ІІ топ. "Қазыбек би"

ІІІ топ. "Әйтеке би".

ҮІ. Қорытынды.

- Балалар, сендерге бүгінгі сабақ ұнады ма? Көңіл-күйлерің қалай?

Дүниеде не өлмейді? Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді, жақсы сөз жерде қалмайды. Артына аталы сөз қалдырған, азаттық, теңдік, туыстықты ту етіп көтерген, қазақ тарихының төрінен орын алған, қаншама ғасыр өтсе де, өскелең ұрпағына өшпес із, өнегелі сөз қалдырған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухтары одан әрі биіктей берсін!- деп ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Назарларыңызға рахмет!



























"Приозерск қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебі" КММ










Тақырыбы: "Қазақтың билері"






Сыныбы: 7"В"

Сынып жетекшісі: Утешова А.Т.










2015-2016 оқу жылы


Автор
Дата добавления 07.02.2016
Раздел Воспитательная работа
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров480
Номер материала ДВ-424080
Получить свидетельство о публикации

Похожие материалы

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх