Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Свидетельство о публикации

Автоматическая выдача свидетельства о публикации в официальном СМИ сразу после добавления материала на сайт - Бесплатно

Добавить свой материал

За каждый опубликованный материал Вы получите бесплатное свидетельство о публикации от проекта «Инфоурок»

(Свидетельство о регистрации СМИ: Эл №ФС77-60625 от 20.01.2015)

Инфоурок / Начальные классы / Другие методич. материалы / Бастауыш сыныптың оқушыларына арналған қимыл-қозғалыс ойындары
ВНИМАНИЮ ВСЕХ УЧИТЕЛЕЙ: согласно Федеральному закону № 313-ФЗ все педагоги должны пройти обучение навыкам оказания первой помощи.

Дистанционный курс "Оказание первой помощи детям и взрослым" от проекта "Инфоурок" даёт Вам возможность привести свои знания в соответствие с требованиями закона и получить удостоверение о повышении квалификации установленного образца (180 часов). Начало обучения новой группы: 28 июня.

Подать заявку на курс
  • Начальные классы

Бастауыш сыныптың оқушыларына арналған қимыл-қозғалыс ойындары

библиотека
материалов

Алғы сөз


Бұл ұсынылып отырған оқу құралында бастауыш сынып дене тәрбиесі мұғалімдеріне, лагерь жұмысындағы тәлімгерлер мен дене шынықтыру саласының мамандарына кәсіптік дайындығына қажет қимыл−қозғалыс ойындары туралы сөз етіледі.Біздің мақсатымыз- бастауыш сынып оқушыларын салауатты өмір салтын дұрыс ұстануға және сабақ барысында қимыл қозғалысы мол ойындарды кеңінен пайдалану.Бастауыш сыныптардығы дене тәрбиесі сабақтары қимылды үйлестіріп, шапшаңдықты, икемділікті, төзімділік сияқты дене қасиеттерін жетілдіруге бағытталған. Оқу құралы оқушылардың денсаулығын нығайтуға бағытталған және салауатты өмір салтына бейімдейтін дағдыларды қалыптастыруда аса маңызды.

Бұл оқулық жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарында дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге арналған. Оқу құралы дене тәрбиесі сабағы барысында оқушылардың дене тәрбиесіне деген қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыратын әдіс – тәсілдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.


Құрастырған:Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің 3п ҚМБ тобының студенті Ж.Е.Турегалиева


Рецензент: Б.Қ.Набидоллин− Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі,жоғары санатты дене тәрбиесі және спорт пәндерінің оқытушысы.



Қимыл-қозғалыс ойындары


  1. Кіріспе


Ұлттық қимыл-қозғалыс ойындары


  1. «Өз орыныңды тап»

  2. «Қаршыға мен үйректер»

  3. «Көтеріп кет»

  4. «Ботақан»

  5. «Қарақұс пен балапандар»

  6. «Алтын дән»

  7. «Қуғыншыдан құтқар»

  8. «Мысық пен тышқандар»

  9. «Жүгіріп өт»

  10. «Допты Жолбарыс ұстайды»

  11. «Айгөлек»

  12. «Қамалды қорғау»

  13. «Қандық−сандық»

  14. «Аңшылар мен қояндар»

  15. «Күзетшілер»

  16. «Қазан доп»

  17. «Жаяу тартыс»

  18. «Жаяу көкпар»

  19. «Үкі мен қасқыр»

  20. «Қойлар мен қасқыр»

  21. «Алакүшік»

  22. «Қуаласпақ»

  23. «Түйілген орамал»

  24. «Дәл басу»

  25. «Қуып жет»

  26. «Асау мәстек»

  27. «Доп жарыстыру»

  28. «Шақыру»

  29. «Екі аяз»

  30. «Бұғнай»

  31. «Дауыста,атыңды айтам»




Су ішінде ойналатын ойындар


  1. «Өткел» ойыны

  2. «Шортан» ойыны

  3. «Туннель» ойыны




Аз қимылдайтын ойындар мен көңілді жарыстар


  1. «Шатаспа» ойыны

  2. «Мұрын-құлақ-мұрын» ойыны

  3. «Ұстаппайтын жіп» ойыны

  4. «Үштен-екеу» ойыны


Үзіліс кезінде орындалатын қимыл-қозғалыстар


  1. «Асық үйіру» ойыны

  2. «Шертпек» ойыны

  3. «Кім тез» ойыны

  4. «Шапалақтау» ойыны

  5. «Шортан» ойыны

  6. «Бер де отыр» ойыны

  7. «Екі шеңбер» ойыны

  8. «Құйын» ойыны

  9. «Жүйрік пойыз» ойыны

  10. «Қақпан» ойыны

  11. «Сыныптар» ойыны

  12. «Допты жіберме» ойыны

  13. «Пошта барлық қалаға барады» ойыны

  14. «Кездесу» ойыны

  15. «Допты қуалау» ойыны

  16. «Көңілді жарыс» ойыны

  17. «Джунгли» ойыны

  18. «Аяқты жерге тигізбе» ойыны

  19. «Соқпа доп» ойыны

  20. «Қол ұстаушы» ойыны

  21. «Әтештер сайысы» ойыны

  22. «Жүгіру мен секіру» ойыны


Жазғы демалыс лагерінде ұйымдастырылатын ойындар


62.«Айдаһардың құйрығы» ойыны

63.«Қызыл табан» ойыны

64.«Көңілді маймылдар» ойыны

65.«Айна» ойыны

66.«Балық,құс,аң»ойыны

67.«Тапқыштар»ойыны

68.«Жақсы сөз−жарым ырыс» ойыны

69.«Мамандықтар таңдау» ойыны

70.«Мен кіммін?» ойыны










Кіріспе


Бастауыш сыныптарда дене тәрбиесі сабағының мазмұны негізінен қозғалмалы ойындардан тұрады. Қозғалмалы ойындарды өткізу күрделі педагогикалық процесс екенін ескере отырып, олардың өту барысын мынадай үш кезеңге бөлуге болады:

1) ойынды өткізер алдындағы даярлық жұмысы,

2) ойынның басталуы мен ойналу барысы,

3) ойынның аяқталуы.


1.Ойынды өткізер алдындағы даярлық жұмысы.

Қандай да болмасын дене тәрбиесі сабағын өткізу үшін сабақтың мақсатына қарай оның жоспары жасалып, ойындар іріктеліп алынады. Бұл іріктеліп алынған ойындардың қандайы болмасын балаларды сабаққа ынталандыру қажеттігін ұмытпаған жөн. Ойынды өткізу алдында оған керекті жабдықтардың бар-жоғын, жеткіліктігін, сабақ өткізілетін орынның дайындығын білу керек.

2.Ойынның басталуы мен ойналу барысы.

Ойынды қалай өткізу жолын таңдайды. Ойынды бастау алдында уақытты көп кетірмес үшін оның ойналу тәртібін яғни ережесін ауызша баяндаудан гөрі балаларды дереу ойынды бастар қалыпқа тұрғызып, өзі көрсетіп, ойнатқаны тиімді. Сонда ол балаларға

ұғынықты болып, ойнаған кезде ойын ережесі бұзылмайды. Жалпы, ойынның ойналу барысы оқшылардың дайындығына, ынта-жігеріне байланысты.

3.Ойынның аяқталуы. Ойын сабақтың негізгі бөлімінен кейін өткені оқушылардың шаршау-шаршамауына байланысты қайталанады. Сабақта бірнеше ойын ойналатын болғандықтан, бір ойынды ең көп дегенде 2-3 рет қайталаған жөн. Әр ойын ойналып, оның қорытындысы шығарылып болғаннан кейін ғана келесі ойынды ойнау басталады.

Мысал ретінде «Бір орында тұрып екі аяқпен ұзындыққа секіру» дейтін тақырыпты

4-сыныпқа қалай өткізу қажеттігін қарастырайық. Ол үшін сабақ жоспарын жасағанда ең әуелі жалпы дамыту жаттығуларын іріктеп, жүйелеп алып, сабақтың мақсатына қарай міндетті түрде дайындық жаттығулары орындалады.

Сабақтың мақсаты бір орында тұрып екі аяқпен ұзындыққа секіру болғандықтан, 10-12м жерге дейін бір орында тұрып бір аяқпен секіру, екі оқушы екі жағынан ұстап тұрған жіптің үстінен секіру т.б. даярлық жаттығулары өткізілген соң, тікелей сабақтың мақсатын орындау жұмыстары басталады.


Ұлттық қимыл-қозғалыс ойындары


Қимыл-қозғалыс ойындары ұлттық ойындардың негізінде пайда болып қалыптасқан. Олардың спорттық ойындар сияқты ережесі болады. Бірақ қимыл қозғалыс ойындарының ережесі спорттық ойындарға қарағанда қарапайым әрі жеңіл болады. Және спорт құрал-жабдықтарын көп қажет етпейді.

Төменде әрқандай ұлтардың қимыл-қозғалыс ойындарының үлгілері берілді.


«ӨЗ ОРЫНЫҢДЫ ТАП»


(Италиян халқының ойыны)

Ең алдымен санамақ арқылы ойын жүргізуші сайлап алынады. Ол шеңбер жасап тұрған ойыншылардың сыртында қолына орамал ұстап тұрады.

Ойын ойын жүргізушінің шеңберді айнала жүруінен бастайды. Ол жүгіріп келе жатып орамалды бір ойыншының иығына іле кетеді. Иығына орамал ілінген ойыншы орамалды ала салып, ойын жүргізушіге қарама-қарсы бағытта шеңберді айнала жүгіреді. Осы кезде шеңберде тұрған ойыншылар оның босаған орнына жылжып тұра қояды. Ал қарама-қарсы жүгіріп келе жатқан екі ойыншының қайысы әлгі жабылып қалған орынды дәл тауып тұра қойса, сол жеңіске жетеді.

Ойынды әрі қарай ұмтылған бала жалғастырады.




«ҚАРШЫҒА МЕН ҮЙРЕКТЕР»


(Саха халқының ойыны)

Алдымен санамақ арқылы қаршыға сайлап алынады. Қалған ойыншылар үйректер болып есептеліп, олар арақашықтығы 10-15 м болатын екі шеңбердің (көлдің) бірінің ортасында жүзіп жүреді.

Ойнауға белгі берілген кезде үйректер екінші көлге ұшып барып қонулары керек. Сол кезде оларды қаршыға бір-бірлеп қуып ұстауға тиіс. Ұсталған үйректер ойыннан шығып, ұсталмаған ойыншылар арасынан жаңа қаршыға сайланып, ойын әрі қарай жалғаса береді.




«КӨТЕРІП КЕТ»


(Қазақ халқының ойыны)

Ойыншылар екі-екіден арқаларын бір-біріне тақап жүрелеп отырып, қолдарын шынтақтан айқастырып ұстайды. Мұғалім: «1,2,3, ауылым менің жайлауға көш» дегенде, екеуі де алға қарай еңкейіп, бірін-бірі жерден көтеріп тұрып кетуге тырысады. Қарсыласын көтеріп кеткен ойыншы жеңген болып есетеледі.


«БОТАҚАН»


(Қазақ халқының ойыны)

Ойыншылар өз орталарынан атан түйе мен мыстан кемпір сайлап алады. Қалғандары, яғни ботақандар атан түйенің артынан бір-бірінің белінен ұстап тізіліп тұрады. Мыстан кемпір «ұшқыш сыпыртқысымен» атан түйенің алдына «ұшып келіп»: «Керуен, қайдан келе жатырсың, қайдакетіп барасың?» деп, артындағы ботақандарының біреуін беріп кетуін сұрайды. Бірақ оған атан түйе келіспейді. Сонда мыстан кемпір жүгіріп жүріп керуеннің соңындағы ботақанды күшпен тартып алуға әрекеттенеді. Ал атан түйе мыстан кемпірді ең соңғы ботақанға жібермеуге тырысады. Ботақанды ұстап алса, мыстан кемпір оны үйіне апарып қойып келіп, енді келесі соңғы ботақанды ұстап алуға әрекет етеді. Осылай 2-3-рет қайталанған соң, атан түйе мен мыстан кемпір басқадан сайланып, ойын әрі қарай жалғастырылады.




«ҚАРАҚҰС ПЕН БАЛАПАНДАР»


(Орыс халқының ойыны)

Ойыншылар арасынан қарақұс және тауық сайлап алынады. Қалғандары балапандар болып есептеледі. Ойын алаңының бір шетінен қарақұстың ұясы сызылады.

Мұғалім «Қарақұс!» деп дауыстап белгі берісімен қарақұс тауықтың артында бір-бірінің белінен ұстап тізіліп тұрған балапандардың ең соңғысын ұстап алуға ұмтылады. Ал тауық екі қанатын (екі қолын) екі жаққа соза балапандарын қорғаштайды. Балапандар да қарақұсқа алдырмауға тырысады. Олар тек тізбекті бұзбауға тиіс.

Ұсталған балапандарды қарақұс ұясына алып кетеді. Екі –үш балапан ұсталған соң ойын жүргізушілер қайта сайланып, ойын қайта басталады.

Бір тауықта 6-8 балапан болуға тиіс.

«АЛТЫН ДӘН»


(Беларус халқының ойыны)

Ойыншылар екі-екіден қол ұстасып шеңбер жасап тұрады. Ойын жүргізуші Бір жұпқа келіп, «Қайырлы күн!» -дейді. «Алтын дән», -деп жауап береді ойыншылар. «Оның бағасы қанша?»- дейді ойын жүргізуші. Ойыншылар «Тау-тау» қар мен көлдің суы» деген бетке екеуі қарама- қарсы бағыт ұстап шеңберді айнала жүгіреді. Ойын бастаушы сол босаған орында тұрып қалады. Бірінші болып қайтып оралған ойыншы ойын бастаушымен жұп құрып, екіншісі ойынды әрі қарай жалғастырады.



Жеңіл атлетикаға арналған ойындар


«ҚУҒЫНШЫДАН ҚҰТҚАР»


(Жүгіруге арналған ойын)

Арнаулы сызғышпен қоршалған ойын алаңында балалар жүгіріп ойнап жүреді. Мұғалім белгі берісімен санамақ арқылы сайланған ойын жүргізушісі: «Мен қуғыншымын!» -деп, қолын жоғары көтереді де өзіне ең жақын жүрген ойыншыны қуа жөнеледі. Қашып келе жатқан бала мен қуғыншының арасын басқа бір ойыншы кесіп өтіп кетсе, қуғыншы алдын кескен екінші баланы қуады. Егер қуып жетсе, екеуі орын ауыстырып, жаңа қуғыншы ойынды әрі қарай жалғастырады.





«МЫСЫҚ ПЕН ТЫШҚАНДАР»


(Секіруге арналған ойын)

Ойыншылар санамақ арқылы «мысық» сайлап алады. Қалғандары тышқан болып, үлкен етіп сызылған бір шеңбердің бойында дөңгелене тұрып, сызықтың іші мен сыртына кезекпен қос аяқтап секіре бастайды. Мысық шеңбердің ортасында жүгіріп жүріп, сызықтың ішіне секіріп кірген тышқандардың біріне қолын тигізсе, екеуі орын ауыстырып ойнайды.



«ЖҮГІРІП ӨТ»


(Лақтыруға арналған ойын)

Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Сонан соң алаңның екі шетінен қарсы бір-бірінен 20-30 метр болатын екі сызық сызылады. Бірінші топтың балалары бір сызықтың бойында бір қатар болып тізіліп тұрады. Екінші топтағылар қолдарына 1-2 –ден кішкене доп ұстап бір жақ қапталда қатар түзеп тұрады. Мұғалімнің «1,2,3-жүгір!» деп дауыстауынан кейін бірінші топтың балалары қарсыдағы екінші сызыққа қарай жүгіре жөнеледі. Қолында доптары бар ойыншылар оларды доппен көздеп тигізіп ойынан шығаруға тырысады.

Соңынан доп тиген ойыншылардың саны анықталып, топтар орындарын ауыстырып ойнайды. Қай топтың балалары допты көп тигізсе, сол топ жеңеді.






«ДОПТЫ «ЖОЛБАРЫС» ҰСТАЙДЫ»


(Лақтыруға арналған ойын)

Шеңбер құрып тұрған 5-6 ойыншы бір-біріне допты лақтырып беріп ойнап тұрады.Осы кезге ортадағы бір ойыншы, яғни «жолбарыс» лақтырылған допты қағып алуға тырысады.Ол кімнің лақтырған добын қағып алса, сонымен орын ауыстырып ойнайды.


«АЙГӨЛЕК»


Айгөлек ойыны кең алаңда өткізіледі.Ойыншылар саны мен жас шамасына қарай екі топқа бөлінеді де,арасы 15−20 метрдей жерде қол ұстасып қарама−қарсы тізбек құрып тұрады.Ойын жүргізуші екі топтың біреуіне кезек береді.Олар барлығы қосылып,төмендегі өлеңді айтады:

Айгөлек−ау,айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Теміршіден дем шығар,

Үзеңгіден тер шығар.

Ақ терек пен көк терек,

Бізден сізге кім керек?

Бұған екінші топтың ойыншылары жауап береді:

Айгөлек−ау,айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Теміршіден дем шығар,

Үзеңгіден тер шығар.

Ақ терек пен көк терек,

Шолпан атты қыз керек,−

дейді.

Қарсы топтан шақырылған қыз не бала жүгіріп келген бойы тізіліп тұрған топтың әлсіз жерінен үзіп өтуге тиісті.Егерде үзе алмаса,ол сол топта қалып қояды.Ал үзсе,онда өзі қалаған ойыншының бірін өз тобына алып қайтады.Ойыншылар түгел шақырылып болған соң,екі жақтың ойыншылары саналады.Қой топтың саны көп болса,сол топ ұтқан болып есептеледі.


«ҚАМАЛДЫ ҚОРҒАУ»


Ойыншылар үлкен шеңбер жасап тұрады.Шеңбердің ортасына қамал яғни шелек немесе орындық қойылып,бір ойыншы сол «қамалды» кезекпен атқылай бастайды.Ал қорғаушы допты «қамалға» тигізбеуге тырысады.Кімде−кім допты «қамалға» тигізсе,ол қорғаушымен орын ауыстырады.Ойын осылайша жалғаса береді.


«ҚАНДЫҚ−САНДЫҚ»


Ойынға қатысушылардың ішінен екі ойыншы ортаға шығады да,біріне−бірі арқаларын тіреп тұрып,шынтақтарын айқастырады.Ойын жүргізуші белгі берген кезде екеуі бірдей алға еңкейіп,бірін−бірі жерден көтеріп алу әрекетіне кіріседі.Жерден қайсысы бұрын көтеріп алса,сол ұтқан болып есептеледі.Енді ұтқан ойыншы орнында қалады да,ұтылған ойыншының орнына кезек күтіп тұрған келесі ойыншы шығады.Ойын осылай бір ойыншы жеңімпаз атанғанша жалғаса береді.Кім көп көтерсе,сол ойыншы жеңіске жетеді.


«АҢШЫЛАР МЕН ҚОЯНДАР»


Бұл ойынды жылдың қай мезгілінде болса да ойнай беруге болады (жаздыгүні доппен,қыста жентектелген қармен).

Ойынға жиналғандар екі топқа бөлінеді.Аңшылардың саны қояндардан екі есе аз болуы керек.

Екі жерге бір−бірінен қашықтығы 50−100 адымдай шеңбер сызылады.Қояндар сол екі шеңбердің біріне−«інге» орналасады.

Шеңбер шетінде тұрған аңшылар қояндардың «інін» тықырлатып қаза бастайды.Сол кезде қояндар өз «інінен» атып шығып,екінші шеңберге қарай қашады.Осы кезде аңшылар қояндарды доппен ата бастайды.Екінші «інге» жеткенше «оққа ұшқан қоян» ойыннан шығып қалады.Барлық қоянды аңшылар атып біткенше ойын тоқтатылмайды.Келесі ойында бұрынғы қояндардың жартысы аңшылар болып,алмасып ойнайды.


«КҮЗЕТШІЛЕР»


Бұл ойынға қанша бала болса да қатыса алады.Екі ойыншы қақпаның күзетшілері боладыЕкеуінің де көзі орамалмен байланады да,аралары бір адымдай қашықтықта қолдарын айқастыра ұстап,қарама−қарсы «көпір» жасап тұрады.

Басқа балалар бір−бірлеп күзетшілер күзеткен қақпадан екеуінің ортасы арқылы білдірмей өтіп кетуге тиіс.Күзетшілердің сыртынан айналып өтуге болмайды.Егер күзетшілердің біреуі өтіп бара жатқанын сезіп қойса,оған қолын тигізеді,яғни ол ұсталып қалған болып есептеледі.Ұсталып қалған ойыншы өзін ұстаған ойыншымен орын ауыстырады.Қақпадан үш рет білдірмей ойыншыға жүлде беріледі.


«ҚАЗАН ДОП»


Ойынды қыста мұздың үстінде,ал жазда тақыр алаңда ойнауға болады.Ойынға қатысушылардың әрқайсысында бір−бірден басы қақпа таяқ пен ағаш доп болуы керек.

Ең алдымен ойынға қатысушылардың санына қарай шеңбер сызылады.Ойынға қатысушылар аз болса−шеңбер кіші,ал көп болса,шеңбер үлкен болады.Ойнаушылар шеңбер бойына дөңгелене тұрып,алдынан бір адымдай жерден қазан қазады да,добын соған салып қояды.Бір ойыншы шеңбердің ортасынан қазылған бос қазанды күзетіп тұрады.Шеңбер бойында тұрған ойыншылар өздерінің добын ортадағы бос қазанға түсіруге тырысады.Ал ортадағы күзетші олардың добын өзі күзетіп тұрған қазанға енгізбеу әрекетінде болады.Ортадағы қазанға ағаш добын түсірген ойыншы күзетшімен ойын ауыстырады.Ойын осылайша жалғаса береді.

Ағаш доптың орнына үлкен теннистің резеңке добын пайдалануға да болады.


«ЖАЯУ ТАРТЫС»


Ойынға қатысушылардың ішінен екі

ойыншы ортаға шығады да,екі ұшы біріктіріп түйілген тұйық арқанды мойындарына іліп,қолтық астынан өткізіп,екі жаққа қарай тартады.Ойынның мақсаты−екі ойыншы бірін−бірі белгіленген межеге дейін тартып алып бару.Қайсысы бұрын межеге жеткізсе,сол ойыншы ұтқан болып есептеледі.Осылайша ойнаушылардың барлығы тартысып болғаннан кейін ғана ең көп ұпай жинап жеңіске жеткен ойыншыны анықтап,жариялайды.


«ЖАЯУ КӨКПАР»


Ойын күні бұрын белгіленген орында өткізіледі.Ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды.

Ойнаушылар көмбеде бір сызықтың бойында қатарға тұрады.Ойын жүргізушінің берген белгісі бойынша көмбеден 10 адымдай жерде жатқан көкпарды екі жүз,төрт жүз,әрі кеткенде бір шақырымдай жердегі екінші көмбеге кім бұрын жеткізсе,сол ұтқан болып есептеледі.Егерде бір ойыншы көкпарды алып бара жатқан баланы орта жолда қуып жетіп,басып озатындай шамасы болса,көкпар оған ешбір қарсылықсыз беріледі.Қуып жеткен бала ілгері оза береді.Көкпарды кім мәреге жеткізсе,сол жеңімпаз атанады.



«ҮКІ МЕН ҚАСҚЫР»



Ойын басталар алдында балалар өзі ұнатқан құстың есімін алады және олар таңдаған құсының үнін айнытпай сала білуі тиіс. Мысалы, көгершін, қарға, ұзақ, шымшық тағы басқалар. Ойыншылар өз арасынан үкі болатын ойнышыны таңдап алады. Ол өз ұясына кетеді, ал басқалары ақырын ғана, үкі естімейтіндей етіп, ойында қандай құс болып ойнайтынын ойластырады. Әр түрлі құс болған балалар сол құс секілді ұшады дауыстайды тоқтайды және тізе бүгіп жүреді. Әрбір ойыншы өзі таңдап алған құстың қимыл-қозғалысын, үнін айнытпай салады.

«Үкі»-деген дабыл қағылған кезде құстар жылдамырақ өз ұясына жетуге ұмтылады. Егер үкі біреуін ұстап алса, онда ол оның қандай құс болғанын табуы тиіс. Тек аты дұрыс табылған құс ғана болады.


«ҚОЙЛАР МЕН ҚАСҚЫР»


Ойыншылар алаңның басқа жағына тұрады, жүргізуші оған қарама-қарсы екінші жағында тұрады. Ойыншылар арасынан қасқыр мен шопан таңдалады. Жүргізуші шопанға қарап былай дейді:

Жас шопан-ау, жас шопан,

Ақылға құлақ тос шопан!

Қойыңды айда біз жаққа

Шабындығы ғажайып.

Жеңілденер иығың,

Бар жұмысың азайып.

Сөз біткеннен кейін шопан қойын солай қарай айдайды, ал қасқыр қойларды айдап апанына тасиды.

Ойын шарты. Қойлар басқа жайылымға жүгіріп баруға ұмтылады, қасқыр жүргізушінің сөзі аяқталған соң қойларды ұстауға кіріседі. Егер қасқырдың қолы тисе, онда сол қол тиген қой қолға түскен болып саналады. Қасқырдың қойды шабындық жерге өтіп кеткеннен кейін ұстауға қақысы жоқ.


«АЛАКҮШІК»


Бұл ежелгі халық ойындарының бірі. Ойынды көбінесе жабық алаңда, мектеп ауласында, жазғытұрым, күз айларында ойнайды. Ойынға жиналғандар топтасып тұрады да, «Алакүшіктің» назарын өзіне аударуға тырысады. Ал «Алакүшік» ойнаушылардың біреуін қолға түсіруге тиіс. Қолға түскен ойыншы «Алакүшік» болады да, бұрынғы «Алакүшік» болған ойыншы, енді ойыншылардың қатарына қосылады. Ойын осылай жалғаса береді.

Ойын балалардың таза ауада демалуларына жүгіруге жылдамдыққа тез шешім қабылдай білуге, сергектікке үйретеді.

«ҚУАЛАСПАҚ»


Ойынды төменгі сынып оқушылары ойнайды.

Ойыншылардың біреуін «қуғыншы» етіп тағайындайды. Ойыншылар белгіленген алаңның ішіне (шеңбер) орналасады. Ойын жүргізуші «мен қуғыншымын» деп айқайлайды да, ойыншыларды қуалай бастайды. Ұсталған ойыншы «қуғыншының» рөлін ойнайды. Ал бұрынғы «қуғыншы» басқа ойыншылармен қашып жүреді. Осылайша ойын жалғаса береді.

«ТҮЙІЛГЕН ОРАМАЛ»

Ойынның мақсаты: жүгіріп жүргенде қосымша жаттығулар орындауға үйрету.

Керекті құралдар: ортасынан түйілген орамал және ысқырық.

Мазмұны:

Шеттері белгіленген ойын алаңында ойыншылар өз беттерімен жаттығулар жасап, бірін-бірі қуалап, жүгіріп ойнап жүреді. Балалардың қалауымен араларынан бір ойыншыны жүргізуші сайлайды.

Ол қолына түйілген орамалды алып, алыста тұрған бір балаға лақтырып жіберіп «Бір, екі, үш!»-деп санап сол ойыншылар қуа жөнеледі. Қашып келе жатқан бала ойын жүргізуші қасына жақындап қалғанда, қолындағы орамалын басқа ойыншыға лақтырып, ойынды әрі қарай жалғастыра береді.

Ойын берілген уақыт арасында жүргізіліп, кімдер орамалды аз уақытта көп рет бір-біріне лақтырғанын, қай қуғыншының орамалды тез ұстап алғанын атап өтеді.


«ДӘЛ БАСУ»


Бұл ойыншының көп-аздығына қарамай жиналғандардың қатысуымен ойнала береді. Балалар жиналып болған соң, бір бала тас не кішкене орындық сықылды затты тікесінен байлап, 15-20 қадамдай жерге апарып тұрады. Көзін байлаған бала қадамдап келіп, тігулі тұрған нәрсені дәл төбесінен басуы керек. Баса алмаса, айып тартады. Кім дәл басса, сол бала жеңіп шығады.

Ойын көгалда, жазық алаңда, тегіс аулада өткізіледі. Ойын бағдарлай білуге, сезімталдыққа үйретеді.


Арақашықтығы 20-30 м. Жерде екі сызық сызылады. Бұл сызық көмбе деп аталады. Ойыншылар 3-4 топқа бөлінеді, көмбенің біреуінде қатарға тұрады. Әрбір топтың біреуінде қатарға тұрады. Ойынды әрбір топтың бірінші нөмірі бастайды. Ойын жүргізушінің белгісімен бірінші нөмерлі ойыншы жүгіріп келіп, қарсы капитанның алақанына ұрады да кері қашады. Оны басқарушы қуып жетуі керек. Егер қуып жетсе, онда басқарушы ойыншыны өз көмбесіне алып кетеді. Ал жеткізбей кеткен ойыншы өз қатарының соңына барып тұрады.

Ойын ережесі бойынша ең көп ойыншысы бар топ жеңіске жетеді.


«АСАУ МӘСТЕК»


Ойынға қатысушы жастар жиылып келіп, «Асау мәстек» құрады. Ол үшін 4-5 қадамдай қашықтықтан екі мықты қада қағады. Кейде бұған өсіп тұрған екі ағашты да пайдалануға болады. Жерден 50-70 см биіктікте екі қадамның арасына арқан байлайды да, оның үстіне ескі көрпеше салады. Ойын жүгізуші балаларды, ойынға тақпақ айтып шақырады:

Әй, ер екеніңді білейін

Ешкі сойып берейін

Тақия алсаң еңкейіп

Құламасаң теңкейіп

Ерлігіңе сенейін

Өзінің ептілігін сынағысы келген ойыншы:

Асау мәстек бұл болса

Үйретейін көріңіз

Маған таяқ беріңіз!-

деп, ортаға шығады. Ойын жүргізуші таяқты беріп тұрып санай бастайды:

Міне, саған таяқ

Үшке дейін санақ

Бір

Екі

Үш

Ойынға шыққан жас санақ біткенше, таяқтың көмегімен арқанның үстіне атша мініп алуы тиіс те, жерден еңкейіп таяқ алады. Жеңіп шықса ойын жүргізуші айыпты болады да, жығылса өзі айып тартады.

Айып өлең айту, ән салу немесе қораз болып шақыру, түйедей боздау, ешкі сияқты маңырау түрінде болады.


«ДОП ЖАРЫСТЫРУ»


Ойынның мазмұны.Ойнаушылар беттерін ортаға беріп,шеңберге тұрады. Бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі ойыншыға бір-бірден волейбол добы, немесе арасына кәкір-шүкір салынып толтырылған доп (әртүсті болғаны қолайлы) беріледі.

|Басшының сигналы бойынша балалар,бір доптың екінші допты қуып жетіп,басып озуына тырысып,допты оң жаққа (немесе сол жаққа) қарай қолдан қолға бере бастайды.

Ойынның ережесі.1.Допты арада бір немесе бірнеше ойыншыларды қалдырып беруге болмайды.Допты қолдан-қолға,қатар тұрған ойыншыға беру керек.

2.Доп жерге түскен кезде,ойын қайтадан басталады.

Әдістемелік нұсқаулар.Ойынға қатысушылардың саны көп болған кезде, ойынды екі шеңберде өткізуге болады;әрбір шеңберде ойын өзалдына жүргізіледі.

Типтік қимылдар:шеңбер бойынша допты оңға және солға

қолдан-қолға беру.


«ШАҚЫРУ»


Ойынның мазмұны.Ойын жүргізуші ретінде бөлінген бір кісіден басқа ойнаушылар үлкен шеңбер құрады да,жерге алдын ала сызылып қойылған кішкентай дөңгелекке тұрады.Басшы барлық балаларды бес-беске бөліп санайды да,олардың өз нөмірлерін ұмытпауын ескертеді.Ойын жүргізуші ойыншылар құрған үлкен шеңбердің ішіне тұрады.Сонан кейін басшы

кез-келген тәртіп бойынша нөмірлерді атап шақырады(біріншіден бастап беске дейін).Нөмірі аталған ойыншылар орындарын ауыстырып тұруға міндетті.Ойын жүргізуші босаған орынға тұруға тырысады,сонан кейін дөңгелек сызықтан жүгіріп шығып кеткен ойыншының нөмірін алады.Орынсыз қалған ойыншы ойын жүргізуші болады.Ойын кезінде

бірде-бір рет ойын жүргізуші болмаған (немесе басқаларға қарағанда,

өте-мөте аз ойын жүргізуші болған)балалар ұтып шығады.Ойынның нәтижесін есептеген кезде,ойынды бірінші болып жүргізушінің рөлі есепке алынбайды.

Ойынның ережесі.1.Орынды ауыстырған кезде,ойыншы басқа біреуден бұрын(тіпті бір аяғымен болса да)тұрып алса,онда дөңгелек сызық бос емес деп есептеледі.

2.Бос емес дөңгелек сызықтан ойыншыны итеріп шығаруға,жүгіріп жүрген кезде ойыншыларға кедергі жасауға болмайды.

Әдістемелік нұсқаулар.Бір мезгілде екі-екі нөмірден атап шақыруға болады,ал ойынның аяқ кезінде орын ауыстыруға ойыншылардың жартысы немесе барлығы («жұп!» «тақ!» «жұп!» және «тақ!»)атап шақырады.

Кішкене дөңгелек сызықта басқа бір шартты белгілермен ауыстыруға болады.

Типтік қимылдар:жылдам,жақын жерлерге жүгіріп өтулер.

«ЕКІ АЯЗ»


Ойынның мазмұны.Алаңның әрбір қысқа жағынан 3–4 қадам қашықтыққа және осы жақтарға паралеьлді етіп,бір––бір сызықтан созылады.Қоршалып қойылған жерлер «үйлер» болып саналады.

Ойын жүргізуші болып бөлінген екі ойыншыдан басқа барлық ойнаушылар сызықтың біреуінің арғы жағындағы «үйге» орналасады.Ойын жүргізушілер алаңның ортасына тұрады.Басшының нұсқауы бойынша ойын жүргізушілер қатты айқайлап былай дейді:

Ағайынды екі жаспыз,

Тым жарамды қос аябыз:

Біріншіміз–қызыл шұнақ,

Екіншіміз–көк тұмсықпыз!

Кім ереді табан тіреп

Сәтті сапар,жол шегуге?


Балалар хорға қосылып былай дейді:


Қауіптен де тайынбаймыз,

Аяздан да қорықпаймыз.

Мұнан кейін олар қарама-қарсы жатқан жағына жүгіріп өтеді.

Ойын жүргізуші «аяздар» қолдарын тигізу арқылы жүгіріп өтетіндерді қуып жетеді. «Аяздар» тиген ойыншылар бір орнында тоқтап қалады(«аяздан қатты зыян шегеді»).Басқа балалар сызықтың артқы жағына, «үйге» жиналады.Басшы «аяздар» ұстаған ойыншыларды белгілейді.

Сонан кейін алаңның бір жақ бетінен екінші жағына екінші рет және сонан кейін де жүгіріп өту ісі осы тәртіп бойынша өткізіледі,Бірақ енді жүгіріп өтіп бара жатқан ойыншылар «аяз» тиген жолдастарына қолдарын тигізу арқылы оларды құтқарып алып кетулеріне болады.Құтқарылған ойыншылар басқалармен бірге сызықтың арғы жағына қашып кетеді.

Бірнеше уақыттан кейін басқа екі ойын жүргізуші «аяздар» тағайындалады.Жүгіріп өтетін ойыншыларды көп тоқтата алған ойыншылар жақсы «аяздар» (ойын жүргізушілер) деп есептелінеді. «Аяздар» бірде-бір рет тимеген(немесе басқалармен салыстырғанда «аяз» аз тигендер) ойыншылар ұтып шығады.

Ойынның ережесі.1.Жүгіріп өту кезінде ойыншылардың бірін-бірі итеруге жарамайды.

2. «Үйден» жүгіріп шыққан ойыншылардың қайтадан кері қашуына болмайды.

3.Ойын жүргізуші «аяздардың» сызықтың арғы жағында тұрған ойыншыларға қолдарын тигізулеріне қақтары жоқ.

Әдістемелік нұсқаулар.Балалардың хормен айтатын сөздері ойын басталмастан бұрын, алдын ала үйретіледі,ал сонан кейін хормен берілетін жауапты (бұдан кейін жүгіріп өтпей-ақ) бірнеше рет қайталап шығады.

Типтік қимылдар:бұлтару арқылы жүгіріп өту.


«БҰҒНАЙ»


Ойын жүргізуші ойынға қатысушыларды айнала отырғызып, бірінші «бұғынай», үшінші «бұғынай» т.б. деп бас-басына реттік санмен атап шығады да, кез-келген бірін, мәселен, он жетінші «бұғынайды» тап шақырады. Аты аталған «бұғынай» орнынан ұшып тұрып, келесі біреуін шақыруы керек. Әдетте малдасын құрып не жүресінен отырған балалар бірден тез тұра алмай қалады, ал кейбір сасқалақ ойыншы аты аталмаса да орынынан ұшып тұрады. Мұндай ойыншылар айыпты саналып, көпшіліктің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді.


«ДАУЫСТА,АТЫҢДЫАЙТАМ!»

Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасайды. Көзі байлаулы бір ойыншы шеңбердің ортасында тұрады да, қолындағы таяғын шеңбер бойында тұрған ойыншылардың кез-келгеніне ұсынып-дауыста, атыңды айтам, - дейді. Таяқтың екінші ұшынан ұстаған ойыншы атын біліп қоймас үшін әдейі даусын бұзып шығарады. Шеңбер бойындағы ойыншылар белгілі бір бағытпен үнемі қозғалыста болады. Көзі байланған ойыншы бірінші таяқ ұсынған ойыншының атын дұрыс тапса, сол ойыншымен орын ауыстырады. Таба алмаса, келесіге ұсынады,осылайша үш ойыншының атын анықтай алмаса, ойыннан шығып қалады.

Су ішінде ойналатын ойындар


Су ішінде ойналатын ойындар жүзу жаттығуларын тез меңгеруге көмегін тигізеді.


«ӨТКЕЛ» ОЙЫНЫ


Тереңдігі ойыншылардың белінен келетін өткелдегі су ішінде олар бір қатар болып арғы жағаға қарап тізіліп тұрады. Белгі берілісімен балалар екі қолымен кезек есу қимылын орындай отырып келесі жағаға тез жетуге әрекеттенеді.

Өткелден өту кезінде балалар хормен мынадай тақпақ айтып бара жатады:


Қолмен суды есемін, есемін,

Жағаға тез жетемін, жетемін.


«ШОРТАН» ОЙЫНЫ


Бір ойыншы шортан деп белгіленіп,ол су ішінде теріс қарап тұрады.Ал қалған ойншылар судың ішінде өз беттерімен балық болып жүзіп жүреді. Шортан «Шортан!» деп өзін атын атай дауыстап белгі бергенде балалар судан бастарын ғана шығарып отыра қалады. Кім отырып үлгірмесе, сол шортан болып, ойынды әрі қарай жалғастырады.



«ТУННЕЛЬ» ОЙЫНЫ


Екі бала су ішінде қол ұстасып туннель жасап тұрады.Басқалар туннельдің астымен бір-бірлеп сүңгіп өтіп шығуға тиіс.Ойыншылар түгел өтіп шыққан соң басқа екі бала туннель жасап, ойын әрі қарай жалғастырады.


Аз қимылдайтын ойындар мен көңілді жарыстар


Аз қимылдайтын ойындарды сабақ үстінде сергіту сәтін өткізгенде пайдаланады.



«ШАТАСПА» ОЙЫНЫ


Мұғалім алдымен оқушыларға бірнеше қарапайым әрі жеңіл ойын жаттығуларды көрсетіп шығады. Сонан соң балалар оларды мұғалімге алданбай дұрыс орындап шығулары керек.

Мұғалім ойын-жаттығулардың шартын айтып береді: «Қолды тізіге қой, кеуденің алдында шапалақта,оң қолымен мұрныңды ұста, сол қолымен оң құлағынды ұста, содан кейін қол шапалақтап,сол қолыңмен мұрныңды ұста, оң қолымен сол құлағынды ұста»

Жаттығуларды орындауды бірте –бірте тездетіп, бірнеше қайталау керек. Тек оқушылар шатаспай орындауға тиіс.


«МҰРЫН–ҚҰЛАҚ–МҰРЫН»ОЙЫНЫ


Мұғалім сұқ саусағын мұрынына тигізіп, қатарынан үш рет «мұрын» дейді. Балалар оның істегені мен айтқанын қайталап отыруға тиіс.

Келесі жолы мұғалім: «Мұрын –мұрын-мұрын-құлақ», -деп, сұқ саусағын иегіне тигізеді. Ал балалар мұғалімнің істегенін емес, айқанын ғана орындаулары керек.



«ҰСТАТПАЙТЫН ЖІП» ОЙЫНЫ


Ара қашықтығы 3-5 м жердегі екі орындықтың үстінде екі бала теріс қарап отырады. Екі орындықтың астымен өтіп ұзын жіп жатады.

Ойынды бастау белгісі берілгенде ойыншылар тұра салып, орындықтарын үш рет айналып келіп қайта отыра қалып, еденде жатқан жіпті өзіне қарай тартып ала қоюға тырысады. Жіпті кім бұрын өзіне қарай тартып ала қойса, сол жеңген болып есептеледі.


«ҮШТЕН ЕКЕУ» ОЙЫНЫ


Үш кеглиді қатар қойып, екі жағында екі бала теріс қарап тұрады. Олар жай тұрмай, қолды атқа немесе желкеге қойып билеу, бір орында тұрып жүгіру, секіру, жүрелеп отырып жүру, т.б. қимылдар жасап тұрады. «Тоқта!» деген дауыс естілгенде әр бала екі кеглиді алып үлгеруге тырысады. Кім бірінші болып екі кегли алып үлгерсе, сол жеңеді.



Үзіліс кезінде орындалатын қимыл-қозғалыстар


Үзіліс кезінде орындалатын қимыл –қозалыстарға қажетті ойындар мен арнаулы жаттығулар партада отыру және жазу кездерінде шаршайтын бұлшықеттерді сергітіп, тынықтырады.

Жылдың қай мезгілі болмасын, үзіліс кезінде таза ауада ойнап, жаттығулар орындаса, бұлшық еттің құрыс-тырысы жазылып, оқушының оқу қабілеті арта түседі.

Үзіліс кезінде қимыл-қозғалыстар жасау мен ойындар ойнауға тас, шыбық, таяқ, қар сияқты табиғатта кездесетін заттармен бірге арнайы әзірлеген асық, жонылған таяқшалар, доп, шығыршық, секіртпе сияқты спорт құралдары да пайдаланылады.

Мұндай ойындар мен жаттығуларға тақпақ айту мен ән салуды қатыстыра жүргізсе, бала сергіп қана қоймай, қимыл жасау қабілеті артып, ақыл-ойы молая түседі.

Үзіліс кезінде орындалатын қимыл-қозғалыстарға қажетті ойындар мен жаттығуларды іріктеп, таңдап алуда мына жағдайлар есте болуы керек:

1) үзілістің ұзақтығын ескеру;

2) өткен және келесі сабақтардың ерекшелігін білу;

3) сыныптағы оқушылардың қимыл-қозғалыс қабілеттері мен ұйымшылдығын ескеру.

Үзіліс кезінде қимыл-қозғалыстар орындауға мына төмендегі ойындарды пайдаланған дұрыс.


«АСЫҚ ИІРУ»ОЙЫНЫ

Екі бала қарама-қарсы немесе бірнеше бала шеңбер жасап отырады. Әр ойыншы өз кезегі келгенде асығын ортаға иіріп тастайды. Кімнің асығы алшы түссе, сол бір ұпай алады. Ойын келісім бойынша жалғаса береді. Кім көп ұпай жинаса, сол жеңген болып есептеледі.



«ШЕРІТПЕК» ОЙЫНЫ


Ойыншылардың бар асығын қосып жерге шашып тастайды да, кезекпен бүк (немесе шік, алшы, тәйке) жатқан асықты сондай бүк жатқан асыққа шертіп тигізеді. Тигізсе, сол асықты өзі алады. Ал егер тигізе алмаса немесе басқаша жатқан асыққа тисе, шерту кезегі келесі ойыншыға беріледі.

Ойын асықтар таусылғанға дейін жалғасады.


«КІМ ТЕЗ?» ОЙЫНЫ


Ұзындығы 2-3 метр, дәл ортасына белгі салынған лентаның екі ұшын екі таяқшаға бекітеді. Сонан соң екі бала қарама-қарсы тұрып, саусақтарымен

Таяқшаны тез-тез айналдырып лентаны орай бастайды. Лентаның ортасындағы белгіге кім бұрын жетсе, сол жеңген болып есептеледі.


«ШАПАЛАҚТАУ» ОЙЫНЫ


Екі бала бір –біріне қарама-қарсы тұрып, қолдарын мынадай ретпен шаплақтайды:


1) өзінің екі алақанын бір-біріне шапалақтау;

2) екеуі алақандарын бір-біріне шапалақтау;

3) өзінің екі алақанын бір-біріне шапалақтау;

4) екеуі оң алқандарын бір-біріне шапалақтау;

5) өзінің екі алқанын бір-біріне шапалақтау;

6) екеуі сол алақандарын бір-біріне шапалақтау;

7) өзінің екі алақанын бір-біріне шапалақтау;

8) екеуі алқандарын бір-біріне шапалақтау;

Ойынды 4-6 рет қайталап ойнаған жөн.



«ШОРТАН» ОЙЫНЫ


Бір ойыншы «Шортан» деген ат алып, шеңбердің ортасында қозғалмай тұрады. Қалған ойыншылар екі-екіден қол ұстасып, шеңберді бойлай тақпақ айтып билеп жүреді:


-Ортамызда Шортан бар,

Қол тигізіп алмаңдар.

Жанап кетіп шортанға,

Ойынан шығып қалмаңдар!


Шеңберді айналып жүрген әрбір жұптағы ойыншылар бір-бірінің қолын не басқа денесін Шортанға тигізіп жіберуге тырысады. Егер кімде-кімнің қолы не басқа денесі Шортанға тиіп кетсе, сол ойыншы ойыннан шығады. «Шортан» ойыны 3-4 ойыншы қалғанша жалғаса береді.


«БЕР ДЕ ОТЫР» ОЙЫНЫ


Ойыншылар 5-6 баладан бөлініп, бірнеше тізбек болып қатар сап түзеп тұрады. Әр тізбектің алдында 5-6 м жерде қолына доп ұстаған сол тізбектің капитаны тұрады.

Белгі берілісімен капитан допты тізбектегі бірінші балаға лақтырып береді. Ал ол қағып алған бетте допты бірден капитанға лақтырады да, өзі жүрелеп отыра қалады. Осыдан кейін капитан допты екінші ойыншыға, содан соң үшінші ойыншыға, сөйтіп соңғы ойыншыға допты қайырып отыра қалғанға дейін лақтырады.

Капитан допты соңғы ойыншыдан алған бетте оны жоғары көтереді. Ойыншылар орындарынан тұрып, сапты түзейді. Қай команданың капитаны допты бірінші болып допты жоғары көтерсе, сол команда жеңімпаз атанады.

Ойынды бірнеше рет қайталап ойнауға болады.


«ЕКІ ШЕҢБЕР» ОЙЫНЫ


Ойыншылар сыртқы және ішкі деп аталатын екі шеңбер жасап тұрады. Ойын басталысымен екі шеңбер бойындағылар қарама-қарсы бағытта қол ұстапсып жүгіре бастайды. Тоқтауға белгі берген кезде сыртқы шеңбердің ойыншылары ішкі шеңбердегілер жүрелеп отырып үлгергенше оларға қол тигізулері керек. Ішкі шеңбердің қол тиген ойыншылары қашан таусылғанша сыртқы шеңберге келіп қосыла береді.

Ойынды бірнеше рет қайталап ойнауға болады.

«ҚҰЙЫН» ОЙЫНЫ


Ойыншылар 6-7 баладан бөлініп, бірнеше тізбек болып сап түзеп тұрады. Ойынды бастауға белгі берілген бетте тізбектегі бірінші тұрған бала тез артқа бұрылады. Ал екінші бала екі қолымен оны белінен қапсыра құшақтап бір айналған соң оларға үшінші бала қосылады. Онан соң төртінші бала, сөйтіп командадағы балалардың бәрі қосылып бір айналғанда ойын бітеді. Ойынды қай команда бірінші аяқтаса, сол жеңіске жетеді.

Ойынды қайталап ойнауға да болады.


«ЖҮЙРІК ПОЙЫЗ» ОЙЫНЫ


Ойыншылар 6-7 баладан бөлініп, бірнеше тізбек құрап сап түзеп тұрады. Олардың алдында 6-7 м жерге бір-бір жалауша шаншылады. «Марш» деген бұйрық белгісімен тізбектегі бірінші тұрған ойыншы қолымен паровоздың дөңгелегінің қимылын жасай тез жүріп (жүгіруге болмайды) жалаушаны айналып келгенде, оған екінші ойыншы ілеседі. Екеуі қайтып келгенде, оған екінші ойыншы, сөйтіп командадағы ойыншылар біткенше жүріс жалғаса береді. Әрбір ілескен ойыншы өзінің алдындағы ойыншының шынтағынан ұстап «тіркеледі».

Пойыздың толық құрамы бастапқы орнына қайтып оралғанда ұзақ «гудок» береді. Ойынды бірінші болып аяқтаған команда жеңіске жетіп, «жүйрік пойыз» атанады.


«ҚАҚПАН» ОЙЫНЫ


4 немесе 6 ойыншы шеңбер жасай қол ұстасып «қақпан» құрып тұрады. Басқа ойыншылар ойынды бастауға белгі берілісімен шеңбердің кез келген жерінен шығып жүре береді. Екінші белгі бергенде (ысқырық естілгенде) қақпан құрып тұрғандар тез жүрелей отырып, іштегілерді ұстап қалады, яғни олар қақпанға түскен болып есептеледі. «Қақпанға түскен» ойыншылар ойыннан шығарыла береді.



«СЫНЫПТАР» ОЙЫНЫ

Жерге үлкен төрт бұрыш сызып, оны бірнеше шаршыға (сыныпқа) бөледі. Соңғы сыныптан кейін жарты шеңбер тәрізді етіп «от» сызылады.

Бірінші кезектегі ойыншы жайпақ тасты бірінші сыныпқа бір аяғымен секіріп кіріп, тасты алады да, қалған сыныптарды бір аяғымен секіріп аралап шығады. Осыдан кейін тасты екінші сыныпқа, одан соң үшінші сыныпқа тастау арқылы ойынды жалғастыра береді.

Егер тас тиісті сыныпқа дәл түспесе немесе ойыншы сызықты басып кетсе, ойын кезегі келесі балаға беріледі. Ал егер тас «отқа» түссе, бұл ойыншының алдағы ойыны күйіп кеткен болып есептеліп, ойнауды бірінші сыныптан қайта бастайды.


«ДОПТЫ ЖІБЕРМЕ» ОЙЫНЫ


Ойыншылар қолдарын иықтарына қойып шеңбер жасап тұрады да, ойын жүргізуші футбол добын ұстап ортада тұрады. Берілген белгі бойынша ойын жүргізуші допты ойыншылардың аяқтарының арасынан теуіп сыртқа шығаруға тырысады. Ал ойыншылар қолдарын иықтан түсірместен, аяқтарымен допты сыртқа шығармауға әрекет етеді. Ойын бастауыш допты сыртқа теуіп шығарса, жаңадан ойын бастауыш сайланып, ол ойынды әрі қарай жалғастырады.


«ПОШТА БАРЛЫҚ ҚАЛАҒА БАРАДЫ» ОЙЫНЫ


Санамақ арқылы «пошташы» сайлап алынады. Ойыншылар шеңбер жасап тұрып, әрқайсы өз орынын айналдыра сызып белгілеп қояды. Ал пошташы шеңбердің ортасына орналасады. Әрбір ойыншыға бір-бір қаланың аты беріледі.

Мұғалім: «Біздің жүрдек пошта пойызы Алматыдан Астанаға келе жатыр», -дегенде бұл қалалардың атындағы ойыншылар орындарын тез ауыстыра қоюлар керек. Және осы кезде ортада тұрған пошташы сол екі орынын біреуіне тез тұра қоюға әрекеттенеді. Орынсыз қалған ойыншы пошташы болып, ойынды әрі қарай жалғастырады.

Егер пошташы көпке дейін орынға ие бола алмаса, онда мұғалім: «Пошта барлық қалаға бет алады»,-дейді. Осы кезде ойыншылар жапай орын ауыстырулары керек. Мұндай сәтте пошташының орын табуы жеңілдейді.


«КЕЗДЕСУ» ОЙЫНЫ


Ойыншылар екі баладан жұп құрап, қолдарына шар не доп ұстап 6-8 м жерде бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Мұғалім ойнауға белгі берілісімен әр жұп доптарын (шарларын) бір-біріне қарай домлатып тигізуге тырысады. Доптары тиген ойыншылар ұпай алады. Ойынның соңында қай жұптың ұпайы көп болса, сол жұп жеңіске жетеді.



«ДОП ҚУАЛАУ» ОЙЫНЫ


Шеңбер жасап тұрған ойыншылар «бірінші» «екінші» дейтін санау тәсілімен екі командаға бөлінеді. Әр командаға капитан сайланады және оларға бір-бірден доп беріледі. Мұғалім ойнауға белгі берісімен капитандар өз командасының әрбір ойыншысына допты тездете лақтырып беріп, қайта алып ойнайды. Қай команда ойынды бұрын аяқтаса, сол жеңіске жетеді.

Ойынды келісу бойынша бірнеше рет қайталап ойнауға болады.



«КӨҢІЛДІ ЖАРЫС» ОЙЫНЫ

Әрбір команда 5 м қашықтықты тез секіріп өтуі керек. Қай команда бірінші болып секіріп өтсе, сол команда жеңіске жетеді.


«ДЖУНГЛИ» ОЙЫНЫ


Бұл ойынды Индия, Азия елдерінің балалары қызығып ойнайды. Мұнда ойыншы пластмассадан жасалған кішкентай тәрелкені үшкір таяқшаның ұшымен неғұрым көбірек түсірмей айналдырып тұруға тұруға тиіс. Тәрелкені айналдыруды жақсы үйреніп алғанан кейін қосымша қимылдар (таяқшаны қолдан-қолға ауыстыру, отыру, жату, тұру) енгізіп, топ-топ болып жарыс ұйымдастырып ойнауға болады.




«АЯҚТЫ ЖЕРГЕ ТИГІЗБЕ» ОЙЫНЫ

Алдымен бір ұстаушы сайлап алынады. Қалған ойыншылар ағаштардың арасында немесе көгалда еркін ойнап жүреді. Мұғалімнің «Ұстаушыдан қаш!» деп дауыстағанан кейін «бір, екі, үш» деп асықпай сары жерге (топыраққа) тимейтіндей биікке шығып ала қояды.Біреуі ағашқа асылып алса, екіншісі ағаштың кесілген түбіріне, үшіншісі жатқан тастың үстіне шығып алады. Жерде тұрып қалғандар ұсталған болып есептеліп, ойынан шығады.

Ойын 3-4 рет қайталап ойнаған соң басқа ұстаушы сайланады.


«СОҚПА ДОП» ОЙЫНЫ


Ойыншылар екі командаға бөлінеді. Бірінші команданың ойыншылары алаңның шетіндегі сөре сызығында қатар тізіліп тұрады да, екінші команданың ойыншылары алаңда еркінше шашырап жүреді. Ойын басталған сәтте бірініші команданың капитаны кішкене допты қолында қақпа таяғы бар бір жақ қапталда тұрған екінші команданың капитанына лақтырып береді. Ал ол допты қақпа таяқпен алаңдағы өз ойыншыларына қарай бағыттап ұрады.Осы кезде сөре сызығында тұрған бірінші команданың ойыншылары қарсы беттегі мәре сызығына қарай жүгіреді. Бұл сәтте екінші команданың ойыншылары ұшып келе жатқан допты қағып алып, оны жүгіріп бара жатқан бірінші команның ойыншыларына тигізуге тырысып лақтырады. Доп бір ойыншыға тисе, командалар орындарын ауыстырып ойнайды.




«ҚОЛ ҰСТАУШЫ»ОЙЫНЫ


Санамақ арқылы ойнаушылар арасынан екі баланы ойын бастаушы етіп белгілейді.Мұғалімнің берген белгісі бойынша қол ұстасқан қос ұстаушы балаларды қуып жүріп ұстай бастайды.Қашып жүрген ойыншылар белгіленген алаңнан шығып кетсе,ұсталған болып саналады.Ұстаушылар екі баланы ұстағаннан кейін,олар да ұстаушы болып,қалғандарды ұстауға кіріседі.Ойын ұсталмаған екі бала қалғанша жалғасады.Сол екі бала жеңіске жеткен болып есептеледі де,келесі ойынды солар бастайды.


«ӘТЕШТЕР САЙЫСЫ»ОЙЫНЫ


Бұл ойынды балалар екі командыға бөлініп немесе екі бала ғана ойнай береді.Ортаға екі бала шығады да,бір аяқтарын бүгіп,қолымен ұстап,екінші аяқтарымен тұрады.Берілген белгі бойынша екеуі секектеп жүріп иықтарымен қағысады.Қайсысы тепе−теңдігін сақтай алмай,көтерген аяғын жерге тигізіп қойса,сол жеңілген болып есептеледі.

«Әтештер сайысы» ойыны бір аяқпен секіріп жүруге,тепе−теңдікті сақтай білуге үйретеді.Ол ептілікті,шапшаңдықты жетілдіреді.



«ЖҮГІРУ МЕН СЕКІРУ»ОЙЫНЫ


Жіптің бір ұшын қазыққа байлайды.Екінші ұшын бір бала керіп ұстап,қазықты айнала жүгіреді.Ал өзге балалар жіптен секіреді.Секіре алмай қалған бала ойыннан шығады.


Жазғы демалыс лагеріндегі көңілді ойындар


Жаз уақытында ата-аналар ең ұзақ демалыс (каникул) кезінде балаларының тоғыз ай мектептегі уақыттары секілді дене тәрбиесі, спорт жаттығуларымен үзбей, жүйелі, тұрақты айналысуын ұйымдастыра ала ма? Ұйымдастыру қиынға соғады. Оның себебі ата-ананың уақыты да, мүмкіншілігі де жетпей жатады. Ата-ана үшін ең бір тиімді жолы бар. Ол жол көптеген жылдар бойы ұйымдастырылып жүрген балалардың демалыс-сауықтыру лагерлеріне балаңызды жіберу.Балалардың жазғы тынығу лагерлері әр түрлі болғанмен олардың мақсаты мен міндеттері бірдей: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулығын нығайту, білімін кеңейту, тәрбиелеу. Осы мақсат, міндеттерді орындау үшін түрлі жұмыстарды ұйымдастырады. Ол жұмыстардың негізі болып әрқашан түрлі ойындар қала береді.Сондықтан төменде ойындарды жіктеп, балаларды қызықтырады-ау деген тақырыптарда бірнеше түрлерін беріп отырмын. Ойындардың негізгі мақсаты қысқаша беріліп отыр. Бұл ойындарды бұрыннан танымал ойындармен бірге пайдалана отырып, баланының ойы мен тәрбиесін жеке тұлға ретінде заманауи талаптарға сай ұштауға, одан әрі дамытуға қадам басамыз деп ойлаймын. Ойындарды жас ерекшелігіне қарай өзгертіп, икемдеуге оңай, әрі балалардың өздеріде өздігінше жүргізе алатындай жеңіл.


Тақырыбы: Айдаһардың құйрығы

Мақсаты: Балалардың дене қимылдарын жетілдіре отырып бірлесе қимылдауға, ауызбіршілікке жетелеу.

Ойынға қатысушылар бірінің артынан бірі тізбектеле белдерінен ұстап тұрады. Ең бірінші тұрған адам –«айдаһардың басы». Ең соңғысы - «құйрығы» болады.

Ойын кезінде көңілді музыка қойылады. «Айдаһардың басы» ең күрделі жолдармен жүре отырып өз «құйрығын» ұстап алуға тырысады. Оның мақсаты – ұстап алу, «құйрықтың» мақсаты – ұстатпау, қайткенде де қашып құтылу. Егер «құйрық» ұсталып қалса, ол - «бас» болады. Ойын өз жалғасын табады.


Тақырыбы: Қызыл табан

Мақсаты: Балаларды ұжыммен жұмыс жасауға, ұйымшылдыққа, шыдамдылыққа, әдептілікке үйрету.

Ойынның шарты түсіндіріледі. Осы лагердегі бір адамның табанына «қызыл табан» белгісі жапсырылған. Ол белгі кез-келген адамда болуы мүмкін. Қай топ сол адамды бірінші тауып, әуелі әдепті сөздер көмегімен табанын көрсетуін сұрап, дәл тапса, солар ұтады.


Тақырыбы: Көңілді маймылдар

Мақсаты: Еркіндік бере отырып тыңдауға, тәртіптілікке шақыру арқылы шыдамдылыққа, ұжыммен бірге қимылдауға үйрету.

Жүргізуші- «Маймылдарың апасы»:

Біз – көңілді маймылдар,

Өте қатты шулаймыз,

Алақанды соғамыз,

Еденді де таптаймыз.

Ұртымызды үрлеп,

Әндетеміз гулеп.

Төбеге де секірдік,

Маңдайға саусақ келтірдік.

Құлағымыз – қалқан,

Құйрығымыз – салпаң.

Бірақ тәртіп – қатаң,

«Үш» дегенде апаң-

Бәрің тілді алыңдар,

Қозғалмай, қатып қалыңдар!

Ойынға қатысушылар тақпақты жүргізушімен бірге қайталап, әр түрлі қимылдар жасап, әбден еркінсиді. Бірақ «үш» деген сөзден кейін қозғалмай бір орында қатып қалады. Бірінші қозғалып қойғандар ең соңғы ойыншы қалғанша шетінен ойыннан шыға береді.


Тақырыбы: Айна

Мақсаты: Баланың зейіні мен байқампаздығын әрі әр түрлі дене қимылдарын жетілдіру.

Әр бала – «айна» болады. Жүргізуші әр айнаға бір барып, сол «айнаға» қарап, түрлі қимылдар жасайды. «Айна – бала» сол қимылдарды үлгіріп, әрі дәл қайталауы керек. Ең дұрыс «айна-бала» - жүргізуші болады. Ойын осылай қайталана береді.


Тақырыбы: Балық, құс, аң

Мақсаты:Жүргізуші ойыншылардың жанына барып жаймен ғана «балық, құс, аң»- деп айтып-айтып келеді де, бір ойыншының жанына барған кезде дауысын қаттырақ шығарып:

-Балық!(немесе аң, құс) –деп айтып қалады. Сол мезетте ол ойыншы бірден өзі білетін кез-келген балықтың атын айтып үлгеруі керек. Айта алмай қалса ол ойыннан шығады. Ойын ең соңғы ойыншы қалғанша жалғаса береді.


Тақырыбы: Тапқыштар

Мақсаты: Әр түрлі тақырыптағы астарлы сұрақтарға жауап іздеу арқылы баланың логикалық ойлауын дамыту.

Тапқырларға арналған әзіл викторина

Елекпен су тасуға болады ма? (болады, мұз күйінде)

Аңшы көлде жүзіп жүрген үйректерді бір оқпен атса, көлде неше үйрек қалады? (қалмайды, бәрі үркіп ұшып кетеді)

Есік пен терезенің арасында не тұр? («пен» тұр)

Орыс күнтізбесінде ең қысқа ай қай ай? (Май- үш әріптен тұрады)

Қай өзен ең қорқынышты ? (Тигр өзені)

Страус өзін құспын деп айта алады ма? (Жоқ, ол сөйлей алмайды)

Нені дайындауға болады, бірақ жеуге болмайды? (сабақты)

Жасыл доп Сары теңізге құласа не болады? (су болады)

Қай қолмен шәйді араластырған дұрыс? (шәйді қасықпен араластырған дұрыс)

Қандай сұраққа «иә» деп жауап бере алмаймыз? (ұйықтап жатырсыз ба?)

Жаңа жылда адамдарды жаппай құлататын табиғат құбылысы ? (мұзтайғақ)

Он жұмыртқа салынған себетті екі рет түсіріп алсаң нешеуі қалады? (бәрі жарылып қалады)


Тақырыбы: Жақсы сөз - жарым ырыс

Мақсаты: Баланың білетін бар жақсы сөздерін достарына айтқыздыра отырып, өзара сыйластыққа, достыққа жетелеу, әрі сөздік қорын молайту. Өзін-өзі тануға, өзінің тіл байлығын бағалауға үйрету. Баланың бойындағы ізгілікті ояту, түрткі болу.

Қатысушыларды шеңбер бойына отырғызамыз. Жүргізуші «жақсы сөздерді» айта отырып, қолындағы допты кез-келген балаға лақтыра салады. Допты алған бала дереу бір «жақсы сөзді» айтады да келесі балаға допты лақтырады. Жақсы сөздер тізбегі осылай жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша айтылған сөздер қайталанбауы керек. Сөз таппай қалған, немесе қайталанған сөз айтқан қатысушы ойыннан шығады. Ойынның тағы бір ізгі шарты бар: ойыннан шығып қалған баланы досы «жақсы сөз» сыйлап қайта кіргізе алады. Бірақ бір рет қана бұл мүмкіндікті пайдалана алады.


Тақырыбы: Мамандықтар таңдау

Мақсаты: Баланың мамандықтар туралы білімін кеңейте отырып, еңбек ету арқылы өз мақсатына жетуге болатындығын ұғындыру.

Ортаға әр түрлі мамандықтар аты жазылған қағаздар тасталынады. Әр бала бір-біреуден алады. Әркім өзіне тиесілі мамандық бойынша: шағын көрініс, тақпақ, қысқаша монолог, сипаттама т.б. жасап, мамандықты барынша дәріптейді, презентация жасайды. Ойын соңында «Ең жақсы презентация» марапатталады. Барлық қатысушыларды қамту мақсатында әр түрлі марапаттар ұйымдастыруға болады.


Тақырыбы: Мен кіммін?

Мақсаты: Баланың өз бойындағы қасиеттері мен қылықтарын таразылауға үйрету. Әрі ол арды жақсы, жаман деп жіктей білуге, ажыратуға үйрету. Әділ болуға, шыншылдыққа тәрбиелеу.

Әр бала параққа екі бейне салады. Біреуі: күліп тұрған бала-күннің бейнесі. Бұл бейненің жан-жағына тек қана өз бойындағы жақсы қасиеттерін жазады. Екінші сурет: қабағын түйіп, түнеріп тұрған бала-күннің бейнесі. Бұл суретке керісінше өз бойындағы өзіне ұнамайтын қылықтарын жазады. Ең соңында әр бала өз жұмысына өзі баға береді. «Шыншыл бала» атағы беріледі.











Пайдаланған әдебиеттер

1.Дене тәрбиесі 1 сынып Алматы «Атамұра» баспасы 2001 жыл.

Тұрыскельдина М.Т

2.Дене шынықтыру 3 сынып Алматы «Атамұра» баспасы 1999 жыл.

3.Дене шынықтыру 4 сынып Алматы «Атамұра» баспасы 2000 жыл. Төтенайдың Базарбегі,Басыбеков Болатбек


4.Қимыл-қозғалыс ойындары. Алматы «Атамұра» 1998ж.

Тұрыскельдина М.Т



БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ҚИМЫЛ−ҚОЗҒАЛЫС ОЙЫНДАРЫ



Подайте заявку сейчас на любой интересующий Вас курс переподготовки, чтобы получить диплом со скидкой 50% уже осенью 2017 года.


Выберите специальность, которую Вы хотите получить:

Обучение проходит дистанционно на сайте проекта "Инфоурок".
По итогам обучения слушателям выдаются печатные дипломы установленного образца.

ПЕРЕЙТИ В КАТАЛОГ КУРСОВ

Автор
Дата добавления 30.08.2016
Раздел Начальные классы
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров2176
Номер материала ДБ-171201
Получить свидетельство о публикации
Похожие материалы

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх