Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Воспитательная работа / Статьи / Баяндама "Ыбырай мұралары мектеп игілігінде"

Баяндама "Ыбырай мұралары мектеп игілігінде"

  • Воспитательная работа

Поделитесь материалом с коллегами:


Ыбырай мұрасы - мектеп игілігінде

Жылдар өткен сайын алаш ардақтыларының болмыс - бітімі сан қырынан сараланып, сәулеленіп, жарқырай түсуде. Соның ішінде ағартушы, демократ, педагог Ыбырай Алтынсариннің шоқтығы биік.

Қазақ әліппесінің негізін қалаушы, халық ағарту ісін алғаш ұйымдастырушы, әдіскер, мұғалім, оқулықтар авторы, қоғам қайраткері, фольклорист, этнограф, ақын, жазушы, публицист - журналист, Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толмақшы. Бүгінгі күні мерейтойдың дәл біздің колледж қабырғасында кең көлемде аталып өтуінің де өзіндік мәні зор. Ұлы ағартушының есімін иеленіп отырған біздің ұжымдағы әріптестерім "Мектеп жүрегі - мұғалім, мұғалімі қандай болса, мектебі де сондай болмақ" деген зерделі сөзін назарда ұстап, "Мәртебелі ұстаз" есіміне дақ түсірмей ұрпақ алдындағы еңбегін еселей түсуде.

Осы орайда данадан қалған дара сөздерді жаңғырту, ағартушының ұлылылығын дәріптеу мен тәрізді ұстаздың абыройлы міндеті деп санаймын. Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырса, өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Ы.Алтынсарин - ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де, өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде қазақ балаларына "Кел, балалар оқылық" деп - жар салудан танбаған, сол арқылы қазақ балаларының надандық қамыт киюіне жол бермеген бірден - бір тұлға ретінде халқының жүрегінде жатталып қалды. Оның осы қанатты сөздері әлі де өз мағынасын жоймай, өлең шумағы жүз жылдан астам уақыт қазақ оқулықтарына еніп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған әр баланың алғашқы әліппесі болып келеді.

Тарқатып айтсам, "Мектеп - білім берудің басты құралы, біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы тек қана мектептерде" деп Ы.Алтынсарин күткен үміт бүгінгі күні Отанымызда жүзеге асып отыр. Ол ұстаз ретінде жадымызда мықтап сақталып, қалдырған мұрасы халқымыздың мәңгі ескірмес рухани серігі, сүйікті шығармасына айналды.Ыбырай Алтынсариннің еліне сіңірген еңбегі қазіргі таңда, жастарға үш тілді игеруге сауатты және жоғары білікті маман болуға шақыратын Н.Ә.Назарбаевтың үндеуімен үндесіп отыр. Иә, қазақ даласында жаңалықтың жаршысы болған ұлылар қатарында шоқтығы биік тұлға Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі мен идеялары бүгінгі таңда педагогика саласының ғылыми зерттеу жұмысының шексіз алабына айналуда.

Ы.Алтынсарин замандас-отандастарының ой-пікірлерін қуаттап, қазақ жерінде оқу білімнің шамшырағын жағып, жан-жақты педагогтік - демократиялық көзқарастың негізін салды. Өз заманының озық ойлы азаматы болды. Патша үкіметінің отарлау саясаты езген қараңғы ортада Ыбырай ашқан мектептердің қоңырауы тұңғыш сыңғырлап, ұлы ағартушы педагогтің ой – пікірлері, өлең - жырлары мен әңгімелері халық санасына жаңалық болып сіңді.Ол қоғамдағы әділетсіздікке надандылық пен білімсіздікке қарсы күресті. Ыбырай бар өмірін оқу- ағарту ісіне арнаған, ағартушы - демократ атанғаны көпке аян. Оның ағартушылық- демократиялық бағыты педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты.

Біріншіден, бүкіл саналы өмірін орыс-қазақ мектептерін ашуға, қазақ балаларын ғылымға, оқуға тартуға арнап тұңғыш оқу құралдарын құрастырушы болды.

Екіншіден, өнегелі ұстаз, тәлімгер даярлауға ат салысып, күнделікті ғылыми - әдістемелік басшылық жасауға бағыштады.

Үшіншіден, өзінің қаламгерлік қабілетін ағартушылық педагогтік ісімен тығыз ұштастыра білді. Бұл елім деп еңіреген, халқын сүйген, тек қана ақылды, парасатты азаматтың қолынан ғана келетін іс еді. Өйткені, мәселеге шындап бүгінгі интеллектуалды оқушының көзімен қарасақ, Ыбырайды тану, оны оқып үйрену- өзін мәдениетті, білімді санайтын әрбір азаматтың парызы, оның ұлттық көркемдік түсінігін тәрбиелеу мен өсірудің бірден - бір құралы.

Ыбырай адам рухы шыңдарының бірі. Ұлы ағартушының мұрасы біз үшін таусылмас қазына. Оның әрбір еңбегінен шәкірттеріміз рухани тілектеріне жауап табады, нәр алады. Эстетикалық талабы мен талғамын еселей түседі. Өмір мен өнердің үйлесу, үндесу үлгісін тауып, тағылым сабақ алады. Ыбырай мұрасы халқымыздың мәңгі ескірмес рухани серігі, күнделікті оқу - тәрбие ісіміздің мазмұнына айналды.

Бала жанының зергері Ы.Алтынсарин әңгімелерінің қай - қайсын қарасаңыз да, жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұнды,тартымды, олардың жан дүниесіне әсер етерліктей етіп беріледі. Бұл әңгімелер мұғалімдер мен ата-аналардың балаларды ұқыптылық пен сабырлылыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелеудің таптырмас көзі болып отыр. Сондықтан ағартушының төл туындыларын оқу үрдісінде, сынып сағаттарында, таңдаулы сабақтарда пайдаланып жүрміз. Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын кеңінен табуда.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында шолпан жұлдыздай жарқырап әлем көгіне шыққан, ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлғаның шығармалары қазіргі таңда білім саласының игілігінде өміршеңдігімен ерекшеленуде.
Педагогтің "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болса, бұл тұрғыда Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы да жетерлік.

Ыбырай Алтынсарин өз туындыларын оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, табиғатты нақты әрі әсерлі суреттеген. Бүкіл тіршіліктің "өзеннен рақат тауып" жатқанын нақты сипаттау оқырман көңіліне жағымды сезім ұялатады. "Жаз" өлеңінде көктемгі табиғаттың келісті суреттері бар. "Ұшпақтың күн сәулесі жерге түсіп", "Аспаннан рақымменен күн төнгенде", "Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша, жайқалып шыға келер жердің гүлі", "Кеш болса, күн қонады таудан асып, шапаққа қызыл алтын нұрын шашып", т.б. суреттер мен бейнелі сөздерін машықтанушыларымыз шығарма жазу барысында кеңінен қолданып жүр. Ақын бар тіршілікті көктем күнінің мейірімді шағымен байланыстырып бейнелеп, салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті.Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. "Атымтай жомарт" әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, аз жұмысты қиынсынып, бойкүйездікке салынушылық қазіргі өмірде де аз кездеспейді. Осы орайда балалардың бойкүйез, жалқау болмауына, еңбекқор болуына жазушының "Әке мен бала" әңгімесінің маңызы зор. Ал, "Бай баласы мен жарлы баласы" атты әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген коғамдық, таптық көзкарасты бейнелейді. Көшкен елдің жұртында қалған екі баланың бір тәулік ішінде басынан кешкендерін суреттеу аркылы сол балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселеге әлеуметтік мән беріп, жастарға дұрыс жолды көрсетеді.

Жазушының шығармаға жасы бірдей екі баланы алып, оларды бай мен кедейдің өкілі етіп суреттеуінің сыры да оның идеясынан айқын көрінеді. Жарлы баласы Үсен – тұрмыстың ауыртпалығын көре жүріп, ысылған еңбек адамы. Кісі еңбегімен күн көріп, бейқам болып өскен бай баласының басына күн туғандағы дәрменсіздігін суреттеу арқылы жазушы келешек Үсендер жағында екенін аңғартады. Сөйтіп, жастарға өмірден еш нәрсе үйренбей, жалқау болып өскен бай баласындай болмай, қиыншылыққа төзімді, өнерге бейім, еңбексүйгіш жарлы баласы Үсендей болып өсуді уағыздады. Жазушының қозғаған өзекті мәселесі дәл қазіргі жағдайда да көрініс табуда. Дайын нәрсеге үйреніп, тәкаппарлыққа жақын өскен жасөспірімнің өмірден де өз орнын таппағаны шәкірттерімімізге сабақ болары анық. Сонымен қатар "Бақша ағаштары" атты әңгімесінде отбасындағы тәрбиенің бала өмірінде үлкен рөл атқаратынын көрсеткен.

Ағартушының "Талап етіп талпынбаса, адам баласы алға баспаған болар еді,"- деген даналық сөзі де өмір шындығына айналып отыр. "Талапты ерге нұр жауар" деген халық мақалын да өмір тәжірибесіне ала отырып, "Талаптың пайдасы" деген әңгімесінде Ыбырай сол идеяны көтереді. Әңгімесіндегі кейіпкердің талабының арқасында елге танымал болғанын мысалға келтіре отырып, бұл арадағы көздегені - жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қолы жеткенін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу еді.Міне, бұл ұстанымды да біз сабақ кезеңінде басшылыққа алып жүрміз. Әсіресе, жұрт назарын аудартқан тұнып жатқан қазынасының бір бөлігі мейірімділік тақырыбы. Бұл орайда жазушы ата-ана мен бала арасындағы жылы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. "Мейірімді бала", "Аурудан аяған күштірек" туындысында жеткіншектерді адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Алғашқы әңгімедегі қыз да, соңғы әңгімедегі Сейіт те шын мәніндегі мейірімді қылықтарымен ерекшеленіп, мұның негізінде оқырманының бойына жалпы адамды сүйетін жақсы сезімдерді қалыптастырады.

Қазіргі ата - анасын қарттар үйіне апарып тастап жатқан қатігездіктің алдын алып болдырмау үшін, бұл әңгімелерді шәкірттерімізге тыңдатып, талдау жасатудың маңызы зор. Бұл өлеңдердегі: жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, салыстырулар жасайды.

Ағартушы, демократ "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жетеді деп болжады. Қазіргі өзгермелі уақыт ақпараттану заманына айналып, білімді алысқа бармай - ақ қашықтықтан жылдам алып, еліміздің дамыған елдердің қатарына енуі де данышпанның болжамы дәл келіп отырғанын айқындайды емес пе?!

Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі - жастар деп ұқса, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев да " Ел ертеңі - білімді ұрпақ" - деп сенім артып отыр. Олай болса, ағартушының идеялары, болжамы бүгінгі білім беру ісіне дөп келіп, алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Әдебиет

1.Алтынсарин Ы.Қазақ хрестоматиясы.-Алматы: «Білім», 2003 ж

2.Алтынсарин Ыбырайдың өмірбаянынан қосымша матеиалдар/Ә.сыдықовтың «Ы.Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» кітабында.-Алматы: «Мектеп», 1969 ж

3.Ы.Алтынсарин.Таза бұлақ.Алматы, «Жазушы»,1988 ж

4.Қалиев С.Ы.Алтынсариннің таңдамалы педагогикалық мұралары.Алматы, «Рауан», 2001 ж

5. Ламашев Ә.Ы. Алтынсарин және оның орыс достары мен ізбасарлары.Алматы, «Білім», 1998 ж

6

Автор
Дата добавления 09.11.2016
Раздел Воспитательная работа
Подраздел Статьи
Просмотров15
Номер материала ДБ-336223
Получить свидетельство о публикации
Похожие материалы

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх