Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / История / Другие методич. материалы / Деңгейлі бағдарлама туралы мақала

Деңгейлі бағдарлама туралы мақала

  • История

Поделитесь материалом с коллегами:

Деңгейлі бағдарлама – мұғалімнің оқу тәжірибесін өзгертуге мүмкіндік беретін ауқымды бағдарлама

Қазіргі таңда бүкіл республика аумағын қамтыған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, яғни «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығының» (ПШО) әдістемелік кеңесі ұсынған мұғалімдерге арналған нұсқаулықтармен оқытылады. Оқу мерзімі үш ай («Бірінші бетпе-бет»-1 ай, «Мектептегі тәжірибе кезеңі»-1 ай, «Екінші бетпе-бет»-1 ай), сонда барлығы үш ай уақытты қамтиды. Оны меңгерту және ұсынумен қатар, осы курстардың біліктілік емтиханын тапсырған ұстаздарға еңбекақысына 30%, 70%, 100% үстеме ақы төленеді. Әрине, бұл шара мұғалімнің әлеуметтік жағдайына көмек, өз еңбегін ынталандыруда үлкен қолдау болып тұр. Бағдарлама үш деңгейге бөлінген. Бірінші деңгей (ілгері) одан өткендерге 100%, одан кейінгі екінші деңгей-70%, келесісі үшінші деңгей-30% болып табылады.

Деңгейлі бағдарлама оқу тәжірибесін әрине өзгерте алады деп санаймын. Себебі, оқытудағы Кембридж тәсілінің теориялық негіздері (сындарлы оқыту теориясы, мұғалімнің ұстанымы, тиімді әрі табысты оқыту, құзырлы мұғалім, оның белгілері, сапалы әрі табысты оқыту) бағытталған. Жалпы идеясының ауқымы кең, мазмұнды, жүйелі құрылған бағдарлама. Ол 7- модуль бойынша құрылған:

  • 1. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;

  • 2. Сын тұрғысынан ойлауға үйрету;

  • 3. Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;

  • 4. Оқыту мен оқуда АКТ-ны қолдану;

  • 5. Талантты және дарынды балаларды оқыту;

  • 6. Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқу;

  • 7. Оқытудағы басқару және көшбасшылық.

Осы модульдерге негіздей құрылып, біліктілікті арттыру курсына келген ұстаздарды төмендегідей түйінді идеяларға оқытады. Ол идеяларды ойлау жолдарына, жұмыс әдістеріне және жұмыс құралдарына қарай бөлінген.

Үшінші деңгей бағдарламасының (30%) түйінді идеялары:

ОЙЛАУ ЖОЛДАРЫ:

  • Сын тұрғысынан ойлауға үйрету, дарынды және талантты балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқу, қалай оқу керектігін үйрену;

ЖҰМЫС ӘДІСТЕРІ:

  • Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау, диалогтік оқыту, рефлексивті оқыту;

ЖҰМЫС ҚҰРАЛДАРЫ: оқыту мен оқуды АКТ-ны пайдалану, орта мерзімді жоспарлау.

Екінші деңгей бағдарламасының (70%) түйінді идеялары (мектепте оқытуды басқару):

ОЙЛАУ ЖОЛДАРЫ: топтардағы бірлескен және ұжымдық жұмыс;

ЖҰМЫС ӘДІСТЕРІ: коучинг және тәлімгерлік, практик маманның зерттеуі, іс-әрекеттегі зерттеу, «Lesson Study»;

ЖҰМЫС ҚҰРАЛДАРЫ: тәлімгерлік циклі.

Бірінші деңгей бағдарламасының (100%) түйінді идеялары
( мектепте оқытуды басқару және желілік қоғамдастық):

ОЙЛАУ ЖОЛДАРЫ МЕН ЖҰМЫС ӘДІСТЕРІ:

  • Желі дегеніміз не және оның маңызы, желілік қоғамдастық құру туралы нұсқаулық, басқару мен көшбасшылық, мұғалімнің көшбасшылығы, оқытуды басқару және көшбасшылық;

ЖҰМЫС ҚҰРАЛДАРЫ: мектепті дамытуды жоспарлау (МДЖ)

Бұл қалай мұғалімнің іс-әрекетін тиімді ұйымдастыра алады? Ол төмендегідей іс-әрекет шараларымен басқаша айтқанда әдіс-тәсілдер мен оқыту формаларынан тұрады:

Топтық жұмыс, әлеуметтік өзара әрекеттестікті ұлғайту, сабақты ұйымдастыруда мұғалімдердің өзгеруі, оқушылардың сипаттары ( «Мінсіз оқушы»), оқушылардың оқуына әсер ететін факторларды зерттеу, өзара әрекеттестік үдерісін қадағалау, Кейс-стади, оқушылардың ынтасын арттыру, мектеп әлеуеті туралы түрлі сауалнамалар алу, білім беру мақсатын дұрыс қою, сабақты сапалы зерттеу, сабақта қойылатын сұрақтардың түрлерін ойластыру, сұхбаттар алу, деректер жинау, фотодеректерді жүйелеу, мектептегі және сыныптағы ахуалды айқындай алу, сыныптың мәдениетін анықтай алу, оқыту мен оқу мәселесін түсіну, мектепте оқушылардан кеңес алу мен кеңес беру, оқушыларға оқудағы кедергілерді жеңуге болатыны туралы кеңес беру стратегияларын қамту, оқушылардың табандылығын дамыту, тыңдалым, айтылым, жазылымға байланысты стратегияларды қолдану, оқудағы визуалдандыру дағдыларын дамыту, өзін өзі реттеу моделін негіздеу, өздігінен білім алуын тексеру, өз бетінше оқуды дамыту, жадыны дамыту, топтық әңгіменің үлгісін қолдану, сыныптағы диалогтік тәсіл, белсенді және белсенді емес сыныпты анықтау, бүкіл сыныптың интерактивті оқуына мүмкіндік жасау, «жауап алу» арқылы дамыту, СТО-ны (сын тұрғысынан ойлау) дамыту құралдары («Ақылдың алты қалпағы», «Дананың кілттері», сананың әдеттері, ББТЗО кестесі, ойлау карталары, Блум таксономиясы, ТНАОҚ, ойлау бутерброды ), оқытуды жеке тұлғаға бағыттаудың тәсілдерін білу, көзбен көретін айғақтар келтіру, сабақтарда жинақтау мен салыстыруды ұйымдастыра алу, білім алушылар критерийлерін анықтау, сабақтың оқу мақсатын сауатты қоя алу, сабақтағы табыс критерийлерін белгілеу, сабақта ОүБ (оқу үшін бағалау) стратегияларын қолдану, өзін өзі бағалау және өзара бағалау, кері байланыс, тізбектелген сабақтар топтамасын жасау, коучинг дағдыларын меңгеру, менторинг (тәлімгерлік), «Lesson Study», көшбасшылық пен басқаруды ұйымдастыру, бағдарламалық жоспарлар жасай алу, мектепті дамытудың бағдарламалық жоспарын жасау (МДЖ), іс-әрекеттегі зерттеу мен желілік қоғамдастықта мұғалімдердің үнемі байланыста болуы. Мен осы курс тыңдаушысы әрі бағдарламаны меңгеріп шыққан ұстаз ретінде деңгейлі бағдарламаның шынымен менің еңбек тәжірибеме үлкен өзгерістер әкелгенін айтар едім. Енді осы өзгерістер туралы ой бөліскім келеді.

Мен, енгізілген өзгерістердің тиімді болғандығын былай түсінемін. «Мектептегі тәжірибе кезеңінде» мен шамам келгенше оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгерістер енгізіп, ол өзгерістерге сапалы ықпал етуді көздеген болатынмын. Ол өзгерістердің қорытындыларын маған анықтау қажет болды. Ал қажеттілікті дұрыс баяндауым үшін мен өзіме мектептегі тәжірибе кезеңінде басты қызметім не еді деген сұраққа жауап беруге тырыстым. Ол:

Әріптестеріме деңгейлі бағдарлама идеясын қолжетімді түрде түсіндіру мен насихаттау;

Әріптестеріме арналған өзара іс-әрекеттегі жұмыстарымды жүйелі жоспарлау («Іс-әрекетті зерттеу», «Lesson Study», тәлімгерлік, коучинг және т.б.);

Кембридж бағдарламасының теориялық негіздерін модуль арқылы баяндауда ең басты нәрселерге назар аудару;

Жұптық, топтық жұмысты дамыту арқылы қол жеткізуге болатын тұлғаралық іскерлікті негізге алу;

Мұғалімнің өзгеруі тиіс (С.Бич.,2012) және ЭДЫҰ-ның салыстырмалы талдауы туралы материалын басшылыққа алу;

Әріптестеріме оқыту мен оқу үдерісін өзгертудің өзектілігін түсіндіру;

Инновациялық стратегиялар мен әдістерді өз әрекеттерімде жүйелі түрде қамту;

Әрекеттер барысында басқа әріптестеріммен оқушылардың тәжірибесімен танысу.

Ең алдымен, ХХІ ғасырдағы оқушылардың дағдылары қандай болуы тиіс? Оны қалыптастыратын мұғалімдердің оқыту мен оқу тәжірибесі қалай өзгеруі керек, ол үшін қандай негіздер бар деген сұрақтарға жауап іздей отырып, оны осы бағдарламадан тауып, өзім өзгерген мұғалім ретінде деңгейлі бағдарламаның негізгі идеяларын басты тұтқа қылып ұстандым.

Мектептегі тәжірибе кезеңін алдымен бағдарламамен таныстырудан бастадым. Семинардың атын «Білім көкжиегінің – жаңа белесі» деп атадым. Оған қатысқан әріптестер (32 адам) тарапынан бағдарламаға деген қызығушылығы жоғары болды деп бағалаймын.

Мен өзімнің басты қызметім және мақсатым не екенін көрсете отырып, үнемі әлемнің білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен реформаларға сай қазіргі мектептегі оқушыларды оқытуда жаңа талаптар қойып отырғанын жақсы түсінемін. Білім беруде табысты еңбек ету үшін мұғалімдерге дағдылар мен қажетті білімдер керек деп шештім. Мен өткізген іс-әрекеттерде (коучинг, семинар-тренинг, іс-әрекетті зерттеу, «Lesson Study») әрекет негізінде оқыту болғанын мойындаймын. Әріптестерімнің және өзімнің оқушы рөлі деңгейіне енуім айрықша болды. Бағдарлама негізінде оқыту мен оқуда әрекеттің эмоционалдық, әлеуметтік және танымдық аспектілері байқалып тұрды. Оған мені және менің әріптестерімді қоршаған орта факторлары әсер етті. Ол мектебімнің осы әрекеттерді өткізу мен жүзеге асыруға жағдай жасауы мен талапқа сәйкестігі көрініп тұрды. Оның ішінде ерекшеліктерін атасам: мектеп басшысы, мектеп әкімшілігі, әріптестер, ата-аналар, оқушылар, өз мектебімдегі және басқа да түрлі қоғамдастықтардың мені қолдауы болды. Дегенмен, кедергісіз болмады, бастылары: мектептегі тәжірибе кезеңінің оқу жылының басталуына дәл келуі, қыркүйек айы кез келген мектептегі оқу жылын бастайтын кезеңі, ұйымдастырушылық, оқу-тәрбие жұмыстары мен жоспарларын нақтылау, күнтізбелік жоспарлау, әдістемелік көмек, сыныптар құрылымын анықтау, білім мазмұнын меңгертудің енді ғана басталған кезі, оқулықтар мен оқу құралдарының әлі де нақтыланбаған тұсы, оқушылардың жаңа оқу жылына әлі де болса бірден бейімделе алмауы, мектептегі сыртқы және ішкі бақылаудың енді ғана ұйымдастырылып жатқан сәті, әріптестерімнің сабақ кестелерінің нақтыланбауы, оқу жүктемесін толық бөлініп бітпеуі сияқты кедергілер болды.

Кедергілерге қарамастан, мен іс-әрекеттерімді оқу жоспарына, мектебімнің өндірістік жоспарына сай құрдым. Оқыту әдістеріне - деңгейлі бағдарламаның оқыту мен оқудың жаңа әдістерін таңдадым. Менің тәжірибе кезеңіме қамтылған сыныптарды басқару мен ондағы оқушылармен қарым-қатынас ешқандай қиындық тудырмады. Оқушылардың мықты жақтары: оқыту мен оқуға зейінді, ықыласты, қызығушылықтары бар, оқыту үдерісіне мүдделі, бірлескен, ынтымақтастық қарым-қатынаста болды. Кедергілері: сыныптағы әрекеттерде жұппен, топпен жұмыста, топқа бөлінуде бірге отырғысы келмейтін оқушылармен бірге түскендегі наразылығы, топ ережелеріне бағынбаушылық, топ көшбасшысы болуға таласушылық, постер қорғау сәттерінде бір-бірін тыңдамау, формативті бағалау тұстарында объективтіліктің болмауы, суммативті бағаға деген сұраныстың жиі болуы және т.б. Дегенмен оқушылардың табысты оқуына әсер ететін жағымды факторлар көбірек болды: қолайлы орта, қалыпты психологиялық ахуал, ұжымшылдық, бірлік, қамқорлық, жәрдемдесу, қолдау, толеранттылық таныту, шыдамдылық, сыни көзқарас, әділетті бағалау.

Енді қандай соңғы нәтижеге қол жеткізігім келеді дегенге ойланатын болсам, ол:

  • Әріптестерімнің оқыту мен оқудың жаңа әдістерінің кейбірін болса да өз сабақтарына енгізуге мүмкіндік жасау;

  • Оқытудың теориялық негіздерін модульдық оқытудың элементтерін оқыту мен оқуда қолдану;

  • Бірлескен оқуды сабақтарда үнемі қолдану;

  • Әрекет және өзараәрекет арқылы оқыту;

  • Сын тұрғысынан ойлануға әріптестерімді үйрету мен СТО-ның бірнеше құралдарын меңгерту;

  • Іс-әрекетті зерттеуді гуманитарлық пәндерден сабақ беретін әріптестеріме үйрете отырып, мектептегі тәжірибе кезеңі аяқталса да оның жалғасуын қолдау;

  • «Lesson Study-ді» ары қарай жалғастыру, оны әсіресе бөлінген көшбасшылықта қолдану;

  • Оқытуды басқару мен көшбасшылыққа назар аудару және әсіресе жас мұғалімдерді көшбасшылыққа қамту;

  • Желілік қоғамдастық құру арқылы білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен реформалар бағыттары туралы пікір алысу үшін тұрақты байланыс орнату.

Менің соңғы мақсаттарға қол жеткізуде дұрыс жолмен келе жатқандығымды растайтын нәрселерге мыналарды жатқыздым:

҉ бағдарламаны таныстыру туралы семинарға қатысқан әріптестерімнің өз әсері туралы берген кері байланысы (түрлі-түсті карточкалармен);

҉ мен өткізген коучингтерге қатысқан әріптестерімнің әрбір коучингтерден кейінгі келесі коучингтердің қажеттілігін атап беруі және белсенділік танытуы ( төрт коучинг, фотосуреттер, бейнежазба, сұхбат, сауалнама, эссе);

҉ менің 2 әріптесіме тәлімгерлік қызметім ( фотосуреттер, бейнежазба, сұхбат, сауалнама, рефлексивті күнделік );

҉ менің іс-әрекеттегі зерттеулерім 6 сыныпта өткізген 4 сабағым ( фотосуреттер, бейнежазбалар, сабақ жоспарлары, орта мерзімді жоспар, сауалнама, сұхбат, кері байланыс);

҉ менің жас мұғалімдермен өткізген «Мен, қандай көшбасшымын?» атты психологиялық тренингім (сауалнама, фотосуреттер);

҉ менің жас мұғалімдермен өткізген «Мұғалімнің іс-әрекетін ұйымдастырудың тиімді жолдары» атты семинар-тренинг (фотосуреттер, бейнежазба, сұхбат, сауалнама);

҉ бағдарлама мен іс-әрекеттегі зерттеулерге қатысты ата-аналардан алынған сұхбат (фотосуреттер, желілік байланыс);

҉ зерттеу сауалнамалары (5-8 сыныптар);

҉ әріптестерімнің коучингтен соң, өзгерген сабақтар беруі (фотосуреттер, бейнежазба);

҉ менің желілік қоғамдастықтағы әрекетім мен байланысым (фотосуреттер, бейнежазба).

Мектептегі тәжірибе кезеңіндегі іс-әрекеттерімді бастамас бұрын, өзім құрған «Ой орталығымдағы» әріптестермен сөйлестім, олардың көбі педагогикалық стратегияларды меңгерген оның элементтерін өз сабақтарында қолданып жүрген 7 адам болды. Менің жоспарлаған ісіме ешкім кедергі жасамады. Алайда осы бірінші кездесуде 1 әріптесім «бұл неге қажет?» деп құлық танытпай кетіп қалып еді, сосын өзінің де деңгейлі бағдарламаға жазылғанын естіп, қайтып келіп, маған бұны білу керек екен деп қосылды.

Мен өзімнің кәсіби дамуымды жоспарлауда:

  1. Мен өз тәжірибемде нені өзгерткім келеді?

  2. Маған өзгеріс енгізу үшін не керек (қай кезге дейін?)

  3. Мен оқыту мен оқу тәжірибемді одан әрі дамыту үшін зерттеуді қалай қолданамын?

  4. Мен өзімнің осы жоспарым бойынша тағы кімнен ақыл-кеңес алуым қажет?

  5. Менің кәсіби өсуіме және дамуыма тағы да кім қызығушылық пен қолдау білдіруі мүмкін екен?

Іс-әрекеттік зерттеуде өзімді толғантып жүрген, мен өзгерткім келген жағдайды анықтап алуым тиіс болды. а) зерттеу саласын анықтау; ә)зерттеу жүргізу; б) тәжірибені зерделеу; в)қайта бастау; г) тәжірибені жетілдіру. Зерттеу іс-әрекеттеріме қатысты ұсыныстар болды: Іс-әрекеттік зерттеу сабақтарым 6 а сыныбында жүргізілетіндіктен, басқа 6 сыныптарды зерттеуге қамтысақ деген; Басқа да сыныптарды зерттеуге мүмкіндігінше кіргізіп, іс-шаралар өтілсе деген.

Мені бәрі де қолдады, ұсынылған өзгерістерді талқылап өзімнің жұмыс жоспарыма енгіздім.

Өзімнің «Іс-әрекеттік зерттеуімді» 6 «А»сыныбында Қазақстан тарихы пәнінен бірінен кейін бірі тұрған тақырыптарды таңдадым. Оның себебі- бұл тақырыптар күнтізбелік жоспарда оқу жоспарына сәйкес тұр, яғни ұзақ мерзімді жоспар сабақтарына жатады. Мен ол тақырыптарды орта мерзімді жоспарға алдым. Маңыздылығы сол, бұл сабақтарда қолданылатын әдістер бірінен кейін бірін толықтырып, оқушылардың топпен жұмысқа әбден төселеп, жаңа сабақтарға деген көзқарасын қалыптастыру, сабақ барысында өтетін іс-әрекетке барлық оқушылардың қамтылуы мен А,В,С деңгейіндегі оқушыларды бақылауым мен зерттеуіме қолайлы болуы еді. Іс-әрекеттік зерттеуіме оқыту мен оқудың жаңа әдістері мен оны бағалау аспектісі басты нәрсе болды. Өйткені, бұл мәселелермен кеңінен зерттеу жүргізуді жоспарлаған болатынмын, алайда орта мерзімді жоспарымда барлық 7 модульді қамтуға тырыстым. Менің зерттеу сұрақтарым:

  • Сыныптағы оқушыларды топпен жұмысқа машықтандыру арқылы бірлескен оқуды өз деңгейіне жеткізе алам ба?

  • Оқушылардың сабақ барысында өзін-өзі, басқаларды бағалау дағдысын қалыптастыра алам ба?

  • Сынып оқушыларының көбінің қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтындығын біле отырып, осыны түзетуге бағытталған қазақ тіліндегі тапсырмалардың өз деңгейінде орындалуына қол жеткізе алам ба?

  • Сабақтың нәтижеге жетуіне бағытталған табыс критерийлерінің сабақтың мақсатына жеткенін көрсете алатын белгісін оқушылар таба ала ма болды.

Мен өзімнің іс-тәжірибемде оқыту мен оқудың жаңа әдістерін қолдана отырып, бағалауды үйлестіруді енгіздім. Сабақтарға нақты табыс критерийлерін белгілеп келіп, оны орынды қолдануды және оқушыларды да соған үйретттім. Бұл үдеріске сыныптағы барлық оқушылар түгелдей қатысты десем артық емес. Әсіресе, үздік және жақсы оқитын оқушылардың әр кезде мені қолдауын байқадым. Мен сабақ барысында көбіне өз назарымда қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтын балаларды ұстадым. Тапсырмаларды орындау барысында солардың жауап беруіне ықпал еттім. Өйткені, менің мақсатым- ол оқушыларды ойлауға, сөйлеуге, өз ойын еркін білдіре алуға дағдыландыру еді. Ол үшін оқушыларға топпен талдау жүріп жатқан кезде ой білдіру, «сұрақты құрастыру», «сұрақты төңкеру», постер құрастыру, оны қорғау, бір-біріне сұрақ қою, өзін-өзі және басқаларды бағалауда негіздеуге арналған жаттығуларды бердім және оларды соған қатыстыруға тырыстым. Оның әдеттегі жаттығулардан айырмашылығы- оқушылар бұрын бұндай жаттығуларға қатыспаған болатын, олар үшін бұл жаңа нәрселер болып табылады. Мен жаңа ресурстардан үлестірмелі материалдағы жаттығуларды көбіне қолдандым. Оқу үшін бағалау кітабынан алынған бағалаудың бірнеше формаларын алдым. Бұл оқушылардың бұрын оларға өткізіліп келген сабақтарда ешқашанда қолданылмаған ресурстар болатын. Енгізген себебім, деңгейлі бағдарлама идеясы аясында әрекет еткім келді. Оқушылардың білім алғандығын көрсету үшін дәлелдемелер өте жоғары деңгейде болмаса да, жинай алдым және нақты жиналды. Оқушыларды іс-әрекеттік зерттеу сабағы бойынша 4 сабақтың барысын да бәрін болмаса да бейнежазбаға жазуға тырыстым. Өзім бақылау да сабақты да жүргіздім, оқушылардың жұмыстарын жинадым (постер, минитест, эссе, бағалау парақтары және т.б.) сабақ соңында сабақтан алған әсерлері туралы оқушылармен сөйлестім және олар маған қысқаша сұхбат берді. Сабақтарда оқушыларымның білім алғандығын мен оларға берілген кері байланыс сұрақтары, минитест, эссе арқылы білдім. Формативті бағалау оқушыларға қатты ұнады. Мен осы іс-әрекетті зерттеулерде үлестірмелі материалдағы табыс критерийлері, бағалау белгілерін өзім қағазға (А-3) сурет қылып салып әкеліп, оны қайта-қайта сыныпқа ауызша айтқаннан гөрі, көрсету арқылы қолдандым. Мысалы, мен сабақта табыс критерийлеріне «смайликтерді» белгілеп келсем, сабақ соңында соларды көрсету арқылы оқушылардан сұрадым және олар оны не үшін таңдағанын негіздеді.

Сабақтарда қолданатын әдістерді сабақтың мақсатын ашу мен нақты нәтижеге жетуде қол жеткізу құралы болады деп шештім. Артықшылықтары- жаңа әдістердің оқушылар үшін «жаңа» болуы, қызық, еркін, қарым-қатынасқа ықпал етуші, күрделі тапсырманы жеңіл орындауға мүмкіндік беруші дер едім. Ал кемшіліктеріне мыналарды атар едім:

әдістер бойынша тапсырмаларды орындауда «жұмыс шуы» болды;

оқушылар сөйлегенде бірін-бірі тыңдамай кетуі байқалды;

топпен жұмыс кезінде рөлге таласушылық болды;

постер қорғауда «мен, мен...» деп бір ойға келісе алмаушылық байқалды;

өзін-өзі бағалауда қиналушылық пен тұйықтыққа тап болған кездер болды;

басқаларды бағалауда да қиналушылық болды;

кей жерде тапсырманы аяғына дейін тыңдамаушылық;

уақыттың жетіспеушілігі сияқтылар.

Іс-әрекеттегі зерттеулер, оқыту мен оқуда тәжірибеме өзгерістер енгізуде мен мынандай қиындықтарға тап болдым:

  • Өзім жоспарлаған өзгерістерді толық 100% енгізе алмадым;

  • Барлық оқушылардың білім алғандығы туралы дәлелдемелерді толық жинай алмадым;

  • Деректер мен дәлелдемелер жинау тәсілім өзім жоспарлағандай жүзеге аспады, оған себеп: сабақтарымда сабақ өтуді өзім атқарғандықтан бейнежазба жүргізетін адам болмады, оқушылар сабақ әрекетіне қамтылғандықтан, оларға оны тапсыра алмадым. Келешекте осыны ескеру керек екен.

Болашақта мен мыналарды жақсартуға тиіспін:

  1. Жоспарымды нақты әрекеттерге сай құруды;

  2. Енгізгім келетін өзгерістердің сыртқы және ішкі аспектілерін ескеруді;

  3. Әріптестеріме және оқушыларға әсер ететін факторларды қатты ескеруді;

  4. Тек пайдалы ақпарат беретін деректерді жинау;

  5. Қажетті дәлелдемелерді алдын-ала белгілеп алу (маған қанша фотосурет, бейнежазба, сұхбат керек екенін нақтылау);

  6. Іс-әрекеттегі зерттеу сабақтарында бейнежазбаны жасауға ересек адамды тарту;

  7. Уақыт пен регламентті қатаң түрде белгілеу.

Өзім тәжірибеден өткізген іс-әрекеттерді болашақта:

  • Жалғастырамын, оқыту мен оқудағы жаңа әдістерді қолданамын, жетілдіремін;

  • Кей салаларын өзгертемін, отандық материалдардан мысалдар қосамын, бейнежазбаларды іріктеймін;

  • Өзім белгілеген тәсілдерді өзгеріс енгізу үшін басқа әріптестерімнің көмегіне жүгінемін және бірлесе әрекет етемін.

Менің табыс критерийлерім (мен бұл суреттерді А-3 қағазына өз қолыммен салып) оны , коучингте, тәлім алушылар сабағында, өзімнің сабақтарымда қолдандым.

Сабақ барысында оқушылардың сөйлеу, ойлану, сұрақ қою және оған жауап беру дағдыларын дамытуға тырыстым, ол үшін өзім дайындап келген белгілерді пайдаландым.

«Мектептегі тәжірибе кезеңін» өзімнің еңбек тәжірибемде үлкен орын алады деп есептеймін. Өйткені, мен өз мектебімнің бастапқы деректеріне сүйене отырып, өз қызметімді белгіледім. Соңғы деректерім оның жүзеге толық болмаса да асқанын көрсетті. Нәтижем- өзімнің, әріптестерімнің оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгерістер енгізу болды, оны шама келгенше жүйелі түрде жүргіздім, тек өзімнің артымнан ғана емес, бөлінген көшбасшылықта басқа да әріптесімді өз әрекеттеріме тарта білдім. Мысалы, әлі де әріптестерім «Lesson Study-ді» жалғастырып, өткізіп жатыр. Әрекеттерімде таңдап алынған тапсырмаларым тиісті нәтижелерге толық болмаса да қол жеткізді. Қол жеткізу алғышарттарына: менің мектебімнің, әріптестерім мен оқушылардың оң көзқарастарын жатқызамын. Олардың да арасында қисынды байланыс та орнап, өзгерген сабақтар берген әріптестерімнің қатты қолдауына ие болдым. Әрекеттерім бір деңгейде, қалыпты дами отырып, соңына қарай көтерілді.

Мен өз мектебімде орныққан тәжірибенің маңызды негіздеріне мыналарды жатқызамын:

-мұғалімдердің әлеуеті жоғары, көбі педагогикалық стратегиялармен таныс;

  • Мектебім кез-келген жаңашылдыққа дайын;

  • Әріптестерім ынтымақтаса әрекет етуге әзір;

  • Мұғалім-оқушы, ата-ана тарапынан қолдаушылық бар;

  • Деңгейлі бағдарлама негіздерін оқыту мен оқу тәжірибесіне енгізуге дайынмын. Мұғалімдердің оқыту тәжірибесіне коучингтің мынандай негізгі тетіктерін қолданатын едім:

  • Мен негізгі тыңдалымдар мен сұрақтардан басқа, пайдалы қарым-қатынасты қайталау арқылы көрсету, көрсеткенді қысқаша қорыту, мәселелерді қайтадан тұжырымдау, оны маңызына қарай топтау, құнды да маңызды ұсыныс жасау.

Мен болашақта білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістерді қадағалауды, осы өзгерістердің мұғалімдердің әрекетіне ықпалын, мұғалімдердің оқушылармен өзара қарым-қатынастарын және оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелі болуы үшін мұқият бақылауды жоспарлар едім.

Г.С.Асанбекова

Алматы қаласы №159 гимназияның

тарих және құқық пәндерінің мұғалімі,

ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың

деңгейлі бағдарламалары аясында мұғалімдерді оқыту курсының

бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасының сертификат иегері




Выберите курс повышения квалификации со скидкой 50%:

Автор
Дата добавления 21.10.2015
Раздел История
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров941
Номер материала ДВ-084689
Получить свидетельство о публикации

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх