Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Другое / Другие методич. материалы / Диктант 5 сынып үшін

Диктант 5 сынып үшін


  • Другое

Поделитесь материалом с коллегами:

5 сынып І тоқсан
Диктант №1
Сөздің көркі-мақал


Диктанттар 5 сынып

«Сөздің көркі-мақал» деген аталы сөз бар. Мақалдың көмегімен айтайын дегеніңді ұнамды да ұтымды жеткізуге болады. Мақалды көп біліп, көп қолданатын адамдардың білімі де, ақылы да арта түседі.
Мақал-мәтелдер –ауыз әдебиетінің бір түрі. Мақал-мәтелдерде көбінесе нақыл, ақыл айтылады. Жаманнан сақтандырып, жақсыны үлгі етеді. Халық өмірдегі өз бақылауларын қорытындылап, тұжырым жасап, ұйқасты сөздермен өнеге, үлгі боларлық мақалдар жасап отырған. 
Мақал-мәтелдер өлең сияқты көркем, ұйқасып тұрады. Сөйлемдері өте ықшам, басы артық сөз болмайды, оның сөздерін басқа сөзбен алмастыруға келмейтін тұрақты болып келеді.
Мақал-мәтелдерді сүйіп оқып, көңілдеріңе тоқып жүрсеңдер, сендердің де тілдерің байып, сөйлеген сөздерің сұлу, әсерлі шығады.
(Шешендік сөздер, 95сөз)


Диктант№ 2
Ертегілер-ел мұрасы
Ертегілер ауыз әдебиетінің ең көне жанрына жатады. Бұларда көбінесе өмірде сирек кездесетін немесе мүлде кездеспейтін, ойдан шығарылған оқиғалар баяндалады. Олар ауызша айтылып, ел есінде ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, біздің дәуірімізге жеткен. Әр кезеңде айтушылар өз жандарынан ертегі мазмұнына жаңа оқиғалар қосқан. Сөйтіп ол үнемі жаңарып, толықтырылып, жетілдіріліп отырған.
Халық ерте кезден-ақ әрқашан зұлымдықты әділеттік жеңеді, адам табиғаттың асау сырларын біліп, амалдар қолдана алатын болады деп сенген. Жақсы өмірді аңсаған, қашықтарға тез жетуді, ғажап күшті болуды, көкке ұшуды, жер астына түсіп, асыл қазынасын алып, пайдалануды армандаған. Соның бәрі ертегілерге арқау болған. Сондықтан да ертегіде халық қиялы, арманы, даналығы, ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі бар.
Грамматикалық тапсырма:
1. Көп мағыналы сөздерді теріп жазу
2. «Ертегі» сөзіне дыбыстық талдау жасау
(Қазақ әдебиеті 5 сынып, 106сөз)
Диктант № 3
Жиренше шешен
Баяғыда Жиренше деген өзі кедей бір шешен болыпты. Ол туралы ел арасында көптеген аңыз әңгімелер бар. Ол асқан ақылды, сөзге ұста, шешен адам екен. Жиренше туралы аңыздарда көбінесе Жәнібек хан бірге айтылады. Жиреншенің шешендігіне қызығып, хан шақыртып алып, оны өз қасына ертіп жүреді екен. Бірақ Жиренше ханды жақтамапты, елдің сөзін сөйлепті. Ол ханның алтындаған сарайына тұрақтамай, өзінің кішкене күркесіне келіп, жатады екен. Өз үйіне келгенде, ол мың жасап, бой жазып қалады екен. Үйі өте кішкентай болса керек. Киізі қырық жамау күркесіне келіп: «Қайран менің өз үйім, кең сарайым-боз үйім» деп керілгенде, Жиреншенің екі аяғы тізесіне дейін күркеден сыртқа шығып жатады екен.
Грамматикалық тапсырма:
1. Кедей, кішкентай, кең сөздерінің антонимдік сыңарын жазу
2. Жақтамапты,күрке сөздерінің синонимін тауып жазу
3. Қырық сөзінің омонимдік мағынасын ашу
(Шешендік сөздер , 103сөз)
ІІ тоқсан
Диктант № 4
Шешендік сөздер
Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы-шешендік сөздер. Шешендік сөздер-елге белгілі адамдардың қайсыбір оқиғаға байланысты айтқан сөздері. Ол сөздер мәйекті, өткір, көңілге қонымды болғандықтан, елге тез тарап, ауыздан-ауызға көшіп сақталып отырған. Сондықтан да шешендік сөздерді айтушылар көбінде билер, шешендер болып келеді.
Шешендер мен билердің сөздері жазылып сақталмағандықтан, бізге тек ауызекі түрде әр түрлі өзгерістермен, түрленулермен жеткен. 
Шешендік сөздерде халықтың бастан кешкен оқиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі бейнеленеді, тілінің байлығы, орамдылығы байқалады.
Шешендік сөздер адамды жақсы мінездерге баулиды, бірлікке, татулыққа, үлкен- кішіні сыйлауға шақырады. Адамның ой- санасын оятып, жақсы мінезге, байқағыштыққа, сергек те зерек болуға үйретеді, әрі тіліңді байытып, ұтқыр да ойлы сөйлеуге баулиды. 
Шешендік сөздерді көпті көрген өнегелі адамдар бата-тілек, насихат-ақыл сөздері түрінде де айтып отырған.
Грамматикалық тапсырма:
1. Ой- санасын оятып тіркесінің мағынасын ашып жазу 
2. «Шешендік сөз» дыбыстық талдау жасау 
(Шешендік сөздер, 112сөз)



Диктант № 5
Машықтанған жігіттер
«Қауіпті кезде керегі болар» деп Сібір губернаторы аға сұлтан Шыңғысқа қырық адам қарулы казак-орыс беріп қойған еді. Олары - әрі аға сұлтанды қорғаушы, әрі тырп еткізбейтін бақылаушы.
Әуелі солар ат үстіндегі ойындарын көрсетті. Казак-орыстар әбден машықтанып алған қулар екен. Шауып келе жатқан атқа қарғып мініп те кетеді. Аттары қандай дағдыланып алған! Шауып келе жатып кілт тоқтайды. Кейде бір жағына қарай сұлап түседі. Тыпыр етпей жатып қалады. Бір кезде казак-орыстар қару-жарақтарын түгел асынып, жарқылдасып шықты. Қылыш, мылтық, найза кезек-кезек жарқылдайды. Әсіресе, күнге шағылысқан қылыштардан жан түршіккендей екен. Шыңғыс Тілеуімбет биге қарап қояды. 
Керазу қыңыр би:
-Бұлар аттарын жатқызып-тұрғызып жүргенде, біз де қарап тұрмаспыз!-деді.

Грамматикалық тапсырма:
1. Мәтіннен көнерген сөздерді теріп жазу 
2. Шыңғыс Тілеуімбет биге қарап қояды. Сөйлемді сөйлем мүшесіне қарай талдау 
(Ғ.Мүсірепов, 102 сөз)


Диктант № 6
Спортшы Бейбіт
Бейбіт сыныптағы балалардың ең кішісі әрі нәзігі еді. Мұнысы, әсіресе, дене шынықтыру сабағында айқын аңғарылатын. Сапқа тұрғанда оқушылардың ең соңында қалатын. Онысына өзі де намыстанатын. Бойының аласалығынан ба, жоқ әлде сыныпта өзі аттас тағы бір оқушының болғандығынан ба, балалар оны «кішкентай Бейбіт» деп атайтын. Ал сол кішкентай Бейбіт жүгіргенде құстай ұшып, жарыстың алдын бермейтін.
Тез өсіп, үлкен болу оның арманы еді. Ағалары ауланың бір бұрышына турник орнатып берді. Бейбіт күн сайын турникке тартылып, ақырында ұршықтай айналатын болды. Дене шынықтыру, спортпен айналысу Бейбіттің бұлжымас әдетіне айналды. Үшінші сыныпқа келгенде бойы өсіп, қайраттана түсті. 
Бастауышты мектепті бітірген жылдың жазында спортқа әуес бір топ ауыл балалары үйірмесіне қатысатын болды.

Грамматикалық тапсырма:
1. Мәтіннен кірме сөздерді теріп жазу 
2. «Бейбіт» сөзіне дыбыстық талдау жасау
( «Жалын» журналынан, 106 сөз)

Диктант № 7
Ойын-тәрбие құралы
Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Халықтық педагогиканың ең көне құралдарының бірі-ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. 
Этнограф-ғалымдардың зерттеуіне жүгінсек,қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын,зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Ұлттық ойындардың, әсіресе, жасөспірім балаларға арналған түрлері өлеңмен «өрнектеліп» отырған. Өлең-жыр арқылы ата-бабаларымыз ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің өлең-жырға деген ықыласын оятып, дүниетанымын арттыра білген. Қайсыбір ойындар арқылы жас ұрпақты еңбекке баулып, баланы қиындықтан қажымастай етуді мұрат еткен. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жастарды өмір сүруге дағдыландырып, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды мақсат тұтқан.

Грамматикалық тапсырма:
1. Мәтіннен термин сөздерді теріп жазу. 
2. Қандай ұлттық ойын түрлерін білесің? Жазып шық.

( Ж.Молдахметұлы, 102 сөз)


Диктант № 8
Барлас пен Байкөкше жырлары
Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған,кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе, бебеу қаққан қоңыр майда домбырадан ба, қалай да болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды.
Күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Екі ақын Ұлжан үйін барлық осы үлкен ауылға қан базардай қалың жиын үйі қып жіберді...
Осы жолы Абай әрі өзі, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені дәл бір айдай жібермеді. Бұл уақыттарды жас бала Барлас, Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды.

Грамматикалық тапсырма:
1. Бұл уақыттарды жас бала Барлас, Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды. 2. Сөйлемдегі үш дыбысты сөздерді теріп жазып, дыбыстық талдау жасау

( М.Әуезов, 106 сөз)
Диктант № 9
Ахметтің лашыны
Ес білгелі құс салуды кәсіп еткен Ахмет жайылымға шыққан құстың құмарта оттайтын кезіне дәл барады. Бұл таңның жаңа ғана бозамықтана бастаған кезі... Тегі құс деген алаңғасар «халық» қой деймін, өйткені сақтануда бар қаруы құлағы, сол қарауылына келер жаудың дыбысын тиыштықпен тыңдаудың орнына, құлағын өздері керең ғып, азан-қазан, у-шу болады да жатады. Сондықтан ба, немене, жасырынып барған саятшыны, көбіне нақ қасына жеткенше сезбейді...
Нақ қасына жақындап, Ахмет дабылын қағып кеп жібергенде, құстар у-шу көтеріле кеп ұшады, со кезде Ахметтің қолынан лашын да ұшады...
Неге екенін кім білсін, дабыл даусынан үрке көтерілген құстар, со қалпымен лағып кете бермей, кең сазды айнала жүйткіп қонып, ұша береді... Лашын сондайда талайын іліп қалады... 

Грамматикалық тапсырма: 
1. Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшасы бар сөздер мен буын үндестігі сақталмаған сөздерді теріп жазу
2. «Лашын» сөзіне дыбыстық талдау жасау

( С.Мұқанов, 108 сөз)
Диктант № 10
Шашубай жаршы
Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып жалғыз аттылы келеді. Ат үстінде жас бала тікесінен тік тұр. Қолында сырнай. Сырнайдың кеңірдек көрігін жыртып жіберердей құлаштай созған бала айғайын салып әнге басып, шырқап барады. Көшенің екінші басына жеткенде, қайта бұрылып, қолындағы сырнайын анадай тұрған топқа лақтырып жіберіп, енді ат үстінде неше түрлі ойын көрсетіп, жүз бұратылды. Тиіндей домалап, басымен тік тұрып, біресе екі қолымен көтеріліп, енді бірде жорғаның мойнына жыланша оратылып, аттың кеудесінен, астынан бикештей сумаңдап, қайтадан ердің үстінде қаздиып, оқыс құлап, бір аяғымен таралғыға ілігіп, басын салбыратып, жерден күміс алғандай созыла түсіп, қайта лып етіп ат үстіне көз ілеспей шығады.
Грамматикалық тапсырма: 
1. Мәтіннен кейінді ықпал байқалатын сөздерді теріп жазу
2. Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып жалғыз аттылы келеді. Сөйлемнен сөз аралығындағы ілгерінді ықпал байқалатын сөз тіркесін көрсетіп, астын сызу

( С.Жүнісов, 99 сөз)

Диктант № 11
Қазақ пен қырғыз достығы
Бір ененің емшегін таласып емген егіз қозыдай қазақ пен қырғыз ежелден-ақ Алатау бөктерін қанаттас отырып, қатар жайлап келген ел ғой. Айналайын Алатау – екі елдің құт-береке қонысы, асыраушы анасындай. Жаз шығысымен, екі жақтың да малшылары уәделескендей, бір таудың екі қапталында жарыса көшіп келеді де, жонға шыққан соң, тіпті жақындасып, аулы аралас, қойы қоралас дегендей, тым тақау отырады. Жайлаудағы жұрттың «Қырғыз асып келдік» деп, былайша добырайтқандары болмаса, барып қайтатын ауылдары бір-екі қырдың астында ғана болушы еді. Жаз бойы көкпарды бірге тартысып, тойларын бірге тойласып жүріп, кейде қыз алысып, қыз берісіп қалатын да жайлар бар. Қазақтың талай қара көзі қырғыз жігітінің етегінен ұстаса, қырғыздың небір шырайлы қырмызысы қазақ ауылына келін боп түсіп отыр.

Грамматикалық тапсырма: 
1. Мәтіннен біріккен, қос сөздерді теріп жазу
2. «Достық» сөзіне дыбыстық талдау жасау

(Қ.Жұмаділов , 106 сөз)
Диктант № 12
Ақсай алқабы
Күн қыздыра түсті. Кешегі қуарып жатқан кішкене төбешіктер көрер көзге көгеріп қапты. Дәл ертегідегідей: аңыздың ана шетіне шықсаң да - көгалға тірелесің, мына шетіне шықсаң да - көгалға тірелесің. Жасарып, жаңғырып жатқан жерден бір жақсы иіс шығады. Ал соқалар болса, артында бұйра-бұйра борозда тастап,Ақсай төсінде тартып келеді.
Дүр етіп бозторғай ұшты. Әуелі біреуі құйқылжыта жөнеліп еді, дәл қасынан екіншісі шырқап қоя берді, оған анадайдан үшіншісі қосылды. Сұлтанмұраттың жүзіне күлкі үйірілді. Баспана түгілі басына қалқа қылар қу бұтақ, қу жапырағы жоқ, тырдай жалаңаш түзде жүріп-ақ бұлардың әні таусылмайды, қашан көрсең, мәз-мейрам. Көктемге де қуанады. Күн көзіне де шаттанады! Ал кешегідей лайсаңда бұл пақырлар қайда жүрді екен? Иә, өткен істің өкініші жоқ деген осы ғой.

Грамматикалық тапсырма: 
1. Сұлтанмұраттың жүзіне күлкі үйірілді. Cөйлемді сөйлем мүшесіне қарай талдау.
2. «Ақсай» сөзіне дыбыстық талдау жасау.

(Қ.Жұмаділов , 112 сөз)


Автор
Дата добавления 29.02.2016
Раздел Другое
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров250
Номер материала ДВ-494719
Получить свидетельство о публикации


Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх