Бірсуат орта
мектебінің
бастауыш сынып
мұғалімі
Сагитова Айтжамал
Айтмухамбетовнаның
эссе тақырыбы:
«Ақиқат – өзін-өзі тану мақсаты ретінде»
Адамның
әдемілігі шыншылдығында. (ел аузынан)
Бастауыш
сыныпта ұстаздық етіп келе жатқаныма талай жылдар болыпты. Уақыт деген сынаптай
сырғып өтіп жатыр. Кей-кейде көңілімді «осы уақытқа дейін не бітірдім, еңбегім
елене ме, жұрт айтып жүрердей жақсылық жасадым ба» деген сұрақтар мазалады. Сондай
ойға шомып мектепке келгенімде, оқушыларым «Біз сізді сағындық» деп алдымнан
жүгіріп шықты. Сол кезде төбем көкке жетердей қуандым. Менің өмірімнің ақиқаты
– жақсы мұғалім болу. Жақсы мұғалім болу үшін озық іс-тәжірибені ұдайы
оқып-біліп, өз тәжірибемде қолдануым дұрыс іс деген өз өзіме деген сенім пайда
болды. Бұл бағыттағы ойымды ұлтымыздың рухани қайраткерлерінің бірі
А.Байтұрсынұлының қағидалы көзқарастарымен түйіндеймін: «Бір нәрсені істегенде,
сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да жақсы істейді. Бұл жалғыз қол ісі
емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел
бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатыңдар бала оқытуын жақсы
білерге керек». Кез-келген істің басы – оның ақиқатын – ретін білуде екені даусыз.
Олай болмағанда ше, адам емдеудің ретін біліп алмай дәрігер ем жасамақ па,
болмаса кез келген адам ретін білместен ұшақ айдай ма, немесе зәулім үй тұрғыза
ма, немесе баланы оқытып тәрбиелемек пе. Жоқ әлде жалаң ойына ғана сүйеніп
қиынның-қиыны – адамдардың сан қилы қатынастарын реттемек пе?! Әрине жоқ. Мың
жерден ақылды болсаң да қандай да бір зат немесе құбылыстың ақиқатын танытар
нақты білім алмасаң, оған тіпті маңайлауға да болмайды! Аса қауіпті! Міндетті
түрде бүлдіресің! Бұл біреудің жеке қалауы емес – бұлжымас жараты¬лыс
заңдылығының талабы. Сондықтан да өз білімімді көтеруге ерекше көңіл бөлемін.
Сол себепті оқуға шақырғанда келісе кетемін. Сөйтіп, педагогикалық терең білім
алу мен шеберлігімді жетілдіру мен үшін өзімді танудағы - ақиқат.
Бастауыш
сыныпта оқыта бастаған оқу жылы мен үшін ерекше оқу жылы болды. Олай дейтін
себебім мен қиындығы да, қызығы да жеткілікті жаңа бағдарлама бойынша оқытып
шықтым. Талай жылдар ұстаздық етсем де, әр бірінші қыркүйек күні, әсіресе
бірінші сыныпты оқыта бастағанда кәдімгідей-ақ қобалжимын. Оқушылардың жаңа
салада тілін табу, оларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жеңіл-желпі іс
еместігін түсіндім. Балалардың пәнге деген көзқарастары да, қызығушылықтары да
әртүрлі болды. Сұрақтары да көп болды, кездескен қиындықтар да аз болмады.
Балалардың тілін тауып, оқытып-тәрбиелеу – мұғалімге үлкен жауапкершілік
жүктейтінін өз тәжірибемде байқадым. Ең бастысы, балалармен қарым-қатынас
жасаудың әдіс-тәсілдерін анықтап алу керек. Біріншіден, біз мейірбан жанды адамдар
болуға және балаларды сол тұрған қалпында сүюге тиіспіз. Тентегін де, тіл
алғышын да, жетелісін де, жетесізін де, жалқауын да, ыждағаттысын да бірдей
жақсы көру қажет. Балаға деген мейірлігіміз бен сүйіспеншілік іштей бастан
өткеретін сезім күйі ғана емес, сонымен бірге біздің педагогикалық
қызметіміздің, баламен немесе сыныппен араластығымыздың дәлелі, түрткісі болуға
тиіс. Балаларға деген мейірімділік пен сүйіспеншілік олармен дөрекі
қарым-қатынас жасауға, олардың намысына тиіп, қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге,
оларға ақырып және оларды қорқытуға, реніштерін елемеуге және олардың
әрқайсысының жетістіктеріне қуанбауға, оларға дереу қол ұшын беріп,
көмектеспеуге, сенімсіздік білдіруге жол берілмейді. Менің түсінігімше ізгі
жанды, баланы бар жүрегімен сүйетін педагог жиі күліп, сирек шытынады, ол нағыз
педагогтік өмір сүріп, сол арқылы да өзінің мамандық бақытына, ақиқатына ие
болады. Екіншіден, біз балаларды түсіне білуге тиіспіз. Оқушы бала болғанымен
оның істері мен қам-қарекеті зор. Біз оқушыларды әртүрлі ғылымдарға үйрету
арқылы, өзін-өзі ұмытып ойынға берілген баладан гөрі маңыздырақ іспен
шұғылданып жүрміз деп ойламайықшы! Егер бала өзінің сүйікті ойыншығын жоғалтып
алып, соған бола жылар болса, онда ол біздің қандай да бір сүйікті де қажетті
затымызды жоғалтқан кездегімізге қарағанда аз қынжылып, қиналмайды. Балалар
минут сайын, сағат сайын, күн сайын өмір сүреді, тыным-тыныштықсыз өмір сүреді,
сондықтан да біздің оларды өмірге әзірлейміз дейтін педагогикалық
ұстанымдарымыздың олар үшін ешқандай мәні жоқ екендігіне көзім жетті. Егер де
біз балаларымызды шын мәнінде нағыз адамдар етіп өсіргіміз келсе, онда оларды
бүгінгі балалық өмірін тоқтатып, өздерінің болашағы туралы барынша
байыптылықпен ойлауға мәжбүр ету тіпті де міндетті емес. Балаларды түсіну –
олардың тұрғысында тұру, олардың сезімдерін бағалау, олардың істерін елеулі
нәрселер деп қабылдау және олармен санасу деген сөз. Сол істерге мүсіркей емес,
құрметпен қарау, мүдделі, іскерлік қатынаста болу керек. Балаларды түсіну –
оларды біздің билігімізге бағындыру емес, қайта олардың бүгінгі өміріне
сүйеніп, олардың ертеңгі өмірінің өркендерін жайдыру деген сөз.Үшіншіден, біз
оптимистер болуымыз қажет. Өз күшімізге сеніп, баланы қанаттандырып, оның
бойындағы тұнып жатқан күштерді оятуымыз керек. Ал ол күштерді ояту үшін біз
үздіксіз ізденіп, еңбек етуіміз шарт. Төртіншіден, біз үлгі боларлық адам
болуға міндеттіміз. Адамзаттық наным, ортақ іске берілгендік, халық, мемлекет
алдындағы, балалар алдындағы, адамзаттың болашағы алдындағы өзіміздің тікелей
борышымызды терең сезіну бізді сондай адам етеді. Біздегінің бәрі: күлкіміз де,
қатандығымыз да, ұстамдылығымыз да, кішіпейілдігіміз де, киіміміз де, біліміміз
де, сезімталдығымыз да, шыншылдығымыз да, ақжарқындығымыз да, өмірге деген
сүйіспеншілігіміз де, зиялылығымыз да баурап алатын болуға тиіс. Адам
бойындағы адамдарға ұнайтын ең жақсы нәрселердің бәрі бізге тән болуға тиіс.
Біз –
үлкен болайық, кіші болайық, бәріміз де талай - талай тәлімнің төліміз, тоқсан
тарау арнамен кеп тоғысқан татымды тәрбиенің жемісіміз...
Оставьте свой комментарий
Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.