Инфоурок Другое Научные работыҒылыми жоба "Шәкәрім эстетикасы"

Ғылыми жоба "Шәкәрім эстетикасы"

Скачать материал

Аңдатпа

 

Осы жоба арқылы Шәкәрімнің лирика жанрындағы шеберлігін айқындап түсіндіру, ақын өлеңдерінің табиғатын, тақырыптық-көркемдік мазмұнын ашу, лирикалық шығармаларының көркемдік-эстетикалық ерекшелігін, ақынның эстетикалық сұлулықты сезінуін және оны көркем,бейнелі түрде жеткізе білуін ашуды басты назарда ұстадық. Адамзат баласына, әсіресе жас ұрпаққа аса қажет ұлттық, рухани байлық, эстетиканы сезінуден басталмақ. Ал Шәкәрімнің өлеңдері, соның ішінде эстетикаға толы лирикасы -  сөз өнерінің ең асқақ шыңы.

 

Зерттеу мақсаты Шәкәрім лирикасының табиғатын және көркемдік-бейнелілік ерекшелігін, эстетикалық қуатын айқындап, қазақ әдебиетінде алар орнын қарастыру. Ақын лирикасының көркемдік табиғатын зерттеген ғалыми еңбектерге сүйене отырып, Шәкәрім лирикасының жанрлық ерекшеліктерін әрі олардың көркемдік, эстетикалық қуатын және оның тәрбиелік мәнін қарастыруды  мақсат еттік.

 

Зерттеу міндеттері

– Шәкәрім лирикасының тақырыптық,  көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін қарастыру;

        Эстетика адам баласына аса қажет рухани байлықтардың бірі ретінде кешенді-жүйелі түрде зерделеу;

–  Шәкәрімнің лирикалық шығармаларындағы       қазақтың ұлттық мінезінің берілуін қарастыру;

         Шәкәрім өлеңдерінің жанрлық табиғатын,  олардың  түрлерін анықтау;

– ақын лирикасының  ақындық  және тілдік бейнелілік ерекшеліктерін, өлеңдерін оқи және талдау арқылы саралау;

 

Ғылыми болжам

Оқушылар Шәкәрім өлеңдерінің ерекшелігін және оның эстетикалық тәрбиелік мәнін толық меңгергенде, төмендегідей нәтижеге қол жеткізуге болады:

-         Дүниетанымдары жетілген тұлғалық қасиеттері дамиды;

-         Адамды құрметтеу, оны бағалау сезімдері артады;

-         Адамзат баласын құрметтеу, ізгілік пен имандылықты өмірінің мақсаты ете білетін әділ, «халық» деп соққан жүрегі бар жан-жақты тұлға қалыптастыруға қол жеткізуге болады.

-         Ұлтымыздың ең басты құндылығы – қазақ тілін сүйетін, қастерлейтін, тіл байлықтары жетік  тұлға қалыптастыруға болады.

 

 

Зерттеу пәні.  Қазақ әдебиеті.

     Зерттеу нысаны. Шәкәрім өлеңдері, Абай өлеңдері, әдебиеттану.

Зерттеу әдістері. Зерттеуге объекті ретінде алынған мәселені қарастыру барысында әдеби-поэтикалық талдау, жүйелі-кешенді, салыстырмалы, түсіндірмелі әдістер қолданылды.

Зерттеу жаңалығы.

– Шәкәрім шығармаларының ішінде лирикасының эстетикасы тұңғыш рет жеке ғылыми тақырып ретінде алынып,  жан-жақты зерттелді;

– Шәкәрім өлеңдерінің, әсіресе лирикасының  ақындық ерекшеліктері, лирикалық әсемдік, асқақтық сипаты сияқты өлеңнің  табиғатын құрайтын қуатты көркемдеуіш құралдар айқындалып, ақын өлеңдері көркемдік-эстетикалық жағынан жан-жақты сараланды.

 

Зерттеу нәтижелері мен шешімдері.

– Шәкәрім өлеңдері көркемдік-жанрлық, эстетикалық қуаты жағынан қазақ әдебиетінен, жалпы халық мәдениетінен ерекше орын алатын ұлттық құндылық болып табылады;

– Шәкәрім  қазақ лирикасына  эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелуші;

– Шәкәрім лирикасындағы ең басты  тақырып – адамдық  тақырыбы, адамгершілік мұраты. Ақын лирикасындағы адамдық қасиет негізгі алтын желінің бірі ретінде адам бойындағы жақсы қасиеттермен жымдаса өріліп отырады;

– Шәкәрім – поэзия әлеміне сезім күйін шертер, ой танымын тереңдетер ойшыл-сыршыл із қалдырған суреткер;

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І.  Кіріспе бөлім.

1.1  Шәкәрім өлеңдері поэтикасының ерекшелігі жайында

Шәкәрім Құдайбердиев – қазақ  мәдениеті мен ғылымының көгінде өзінің жарқын жұлдызын қалдырған биік тұлға.                                  

                                                                                  Ә.Тәжібаев

 

Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз өнеріне келіп тіреледі. Сөз өнерінің кәсіби деңгейлігінің шығармашылығымен танытқан сөз зергерлерінің бірі, қазақ әдеби өмірінде Абайдан соңғы соқпақпен жүріп өз өрнегін салған суреткер – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрім поэзиясының поэтикалық сүрлеуі де тереңде. Қазақтың бай да құнарлы поэзиясынан сусындап ауыз әдебиеті фольклорының табиғатымен нәрленген Шәкәрім қажы туындыларының өзіндік өрнегі бар, қолтаңбасы бөлек. Әрбір қаламгердің өзіндік ерекшелігі, өзіндік даралығы әдеби шығармасынан айқындалады. Өзінің әрбір туындысында Шәкәрім ақын сөз құдіретін терең ойлары мен көркемдік  шеберлігін анық та айқын танытады. Шәкәрім қазақ поэзиясына өзіндік көркемдік жаңалықтар, өзгеше суреткерлік шеберлік танытты. Шәкәрім ақын қазақ поэзиясын көркемдік әнер мен өлең ұйқасы, түр жағынан да дамытып жаңаша бір белеске көтерді.

Ұлттық өнер дәстүрінің тамаша үлгісін және жаңаша мазмұндау мен өрнектеудің өлшем ырғақтарын, түрлендірудің сан қилы әдіс-тәсілінен ақын поэзиясының жаңаша қырын көреміз [4, 4-5 б.].

Көркем сөз шебері өзінің ақындық дүниетаным мен идеяларын бейнелеуде көркемдік құралдарды құбылта пайдаланады. Сонымен қоса, ол қазақ өлең өнерінің мазмұнын, көркемдік сипаты мен оның құндылығын және тақырыптық аясын кеңейтті. Адамның ішкі әлемінің яғни бойындағы кездесетін сапалық жақтарын баса көрсетіп, өлең өрнегімен жүйеледі. Жалпы, Шәкәрім шығармашылығын танудың жолға қойылуы да ақынның тілегей теңіздей білімі мен поэзиясының кейінгі ұрпақ, яғни біз үшін өте зор. Сондықтан қоршаған орта, Алла, адам, өмір, махаббат жайлы танымы шығармашылығына арқау болған. Барлығына да маххаббат көзімен қарау, Алланы сүю, адамды сүю, қоршаған ортаға деген құрмет осылармен ғұмыр кешу  ақынның басты принциптерінің бірі. Сонымен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет пен мәдениет қайраткерлері ішінде Шәкәрім ойшыл, ақын-жазушы ретінде кең танылған.

 

ІІ. Негізгі бөлім
2.1  Эстетика – өмірдегі, өнердегі сұлулықты тану

 

Эстетика -  болмыстағы және өнердегі сұлулық пен әсемдікті дұрыс қабылдауды және эстетикалық сезім мен талғамды тәрбиелейді.

Сұлулықты сезінуден қалған жан,
Бәрінен де қалады....

Немесе:

Бақыттысың әр таң сайын көзіңді
Сұлулыққа суарудан қашпасаң...
[8] деп Мұхтар Шаханов жырлаған еді.

Адамдардық эстетикалық сезімдері олардың өмірінде зор рөл атқарады. Әсемдікті көріп, түсініп, жасай білу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді, оған ең жоғары рухани ләззаттануға мүмкіндік береді. Адамның әсемдікті және жексұрындықты, сәулеттілік және ұждансыздықты, қуаныш пен қайғыны түсіне білуіне байланысты, оның саналы тәртібі мен

мінез-құлқы айқындалады. Осыдан келіп адамның әсемдікке шынайы көзқарастары мен мұраттары болуы керек екендігі шығады.

Ең бастысы - адамгершілік сезімді, жеке бастың рухани деңгейін көтеру, мінез-құлқын толықтыру, түзету болып табылады.

Сөздікте эстетика (грек. aіsthetіkos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым деп берілген. Ал  "Эстетика" ұғымын ғылыми қолданысқа XVIII ғасырдың орта шенінде неміс философы Александр Баумгартен енгізді. Ол эстетиканы грек тіліндегі "айстетикос" сөзінен құрастырып шықты. А.Баумгартен сезім арқылы қабылдауға мүмкін кемелділікті әсемдік деп білген, әсемдіктің бірден-бір көрініс табатын саласы өнер деп қарастырған.

Эстетиканың тікелей өнермен байланыстығын есте ұстасақ, өнер тарихы — адамзат тарихы екендігін де мойындаймыз. Адамзат есін білгелі өнермен бірге жасасып келеді.

Эстетика этикамен өнер мен өнегелілік қалай байланысты болса, солай тығыз байланысты. Өйткені өнер адам сезіміне әсер ете отырып, оны адамгершілік, ізгілікке тәрбиелейді. Көркемдікке сүйсіну, соны тамашалаған сәтте сезімге бөлену барысында жанымыз тазарады. Жан тазалығы—ар тазалығы. Олай болса, эстетика  — имандылық, ғибраттылық тәрбиесінің бір тарауы.

Олай болса, адамды көркемдікке сүйсіндіретін, жетелейтін, ізгілікке тәрбиелейтін де өнер түрі, сөз өнері – әдебиет болмақ.

Ал осындай эстетикалық күш-қуатқа толы туындыларды  дүниеге әкелген Шәкәрім ақынның шығармашылығы - қазақ  әдебиетіміздің тарихында қалған баға жетпес мұра.

 

 

 

2.2  Шәкәрімнің эстетикалық қуаты мықты лирикасы

 

Қазақ поэзиясында көркемдік-эстетикалық жағынан қуатты, тілдік-бейнелілік жағынан өрнекті ерекше жанр – лирика. Қазақ лирикасы – ұлттық сөз өнерінің ең арналы,  ерекше жанры ретінде көрініс тауып отырғаны әдебиеттану ғылымында жан-жақты зерттелініп келеді. Қазақ лирикасына ерекше өрнек әкелген, даралық стилімен көрінген ақындардың бірі – Шәкәрім. Ойшыл-суреткердің лирикалық шығармалары қазақ халқының ұлттық әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орын алады. Шәкәрімнің лирикалық шығармалары – ұлттық және әлемдік сөз өнерінің жетістіктерін өз бойына жинақтаған,  әрі оларды бойына сіңіріп, ақынның даралық стилін айқын танытқан туындылар. Ол көп іздеп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы-жыраулармен қатар арғы-бергі түрік ақындарының, араб, парсы, орыс және батыс ақындарының шығармаларын өте жақсы білген.  Шығыс пен Батыс мәдениетін терең меңгеруі, ұлттық танымы мен көркемдік қуаты оның шығармашылығының маңыздылығын көрсетеді.

Шәкәрім лирикасының ерекше қуаттылығы ғалымдар назарын өзіне бірден аудартқан еді. Ақын лирикасының өзгешелігі, даралық сипаты туралы академик Заки Ахметов мынандай толымды пікір айтқан болатын: «Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көңіл күйі, ішкі сезім әсерлері, махаббат тақырыбы да елеулі орын алған...» Шәкәрім лирикасы көркемдік-жанрлық, эстетикалық қуаты жағынан қазақ әдебиетінен, жалпы халық мәдениетінен ерекше орын алатын ұлттық құндылық болып табылады.

Шәкәрім лирикасы: ақыл, білім, ой және өнер, имандылық, өмір, жастық, кәрілік, қайғы, дүние, бейнет, рахат, адам, адамдық қасиет  сияқты тақырыптарға жіктеледі. Өлеңдері жанрлық-стильдік табиғаты жағынан да жан-жақты болып келеді. Суреткер лириканың барлық жанрлық түрлерінде қалам тартқан. Шәкәрім өлеңдерінің жанрлық түрлерін атап айтсақ, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, әлеуметтік лирика, азаматтық лирика, сондай-ақ, философиялық лирика тағы да басқаша болып бөлінеді.

Мысалға Шәкәрімнің азаматтық ұстанымы толық көрінген шығармасы «Адамдық борышың» өлеңі. Адамның адамдығы халқына қызмет етуде. Басқаша болуы мүмкін емес. Ол үшін тұлғаның өзінің үлкен дайындығы болуы керек: «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл. Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, Өнерсіз, Болады ақыл тұл» . Құрғақ ниет аз екен, өнерлі болғанда, өз ақылың тұл болмағанда ғана халқыңа қызмет ету мүмкін нәрсе. Келешек қамы үшін өміріңді арна, қауымға жол көрсет деген азаматтық ұстаным өлең шумағында былай түйінделеді: «Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң. Шын бақыт – Осыны ұқ, Мәңгілік өлмейсің». Ар ілімін басшылыққа алған ойшыл ақынның барлық шығармаларында халық тағдырын, оның келешегін, мүддесін ойлап толғанған азаматтық ұстанымының көрініс табуы заңдылық. Шәкәрімнің даралық стилі осы ғибраттық сарында халықты ойлаған үлкен жүрегінен көрініс тапқан. Бұл шығарма көпқырлы табиғатымен ерекшеленіп, автордың ірі тұлға екенін байқатады.

Шәкәрім өлеңдерінің ертеректе жазылғандарының біразын махаббат лирикасына жатқызуға болады. Өмірге құштар жастық леп өзінің қуатымен Шәкәрімнің махаббат лирикасында ерекше көрініс тапқан. Ең алдымен махаббат лирикасына жақын ерекше шығармасы, әрине «Жастық туралы» деген өлеңі. Шәкәрімнің осы өлеңінің табиғатын дәл танып, алғаш нақты баға берген Мұхтар Мағауин болды: «Абайдың өлең өрнегін ұстанған, Абайдың тіл мәдениетін үлгі тұтқан махаббат жырларының өзінде Шәкәрім тың бояу табуға, соны сыр түюге ұмтылады.        

Жаудырап көзі,

Тамшылап сөзі.

Жібектей шашын тараса.

Қалмайды халің,

Шығады жаның.

Қиғаштай көзбен қараса.

Бұл дүниеде қыз қызық,

                       Бозбалада ой бұзық…

Бұл – қазақ лирикасындағы өзгеше леп. «Ертістің арғы жағынан көрдім сені, Сырғаңды қайық қылып өткіз мені». Автор осылай сұлу қыздың өз танымындағы асқақ бейнесін жасаған. Шәкәрім қандай да бір лирикалық жанрда қалам тербемесін, бояуы соншалықты қанық, тілі даралығымен айқындалып отырады. Шәкәрім лирикасында өзіндік стилін айқындайтын осындай қуатты көркемдік-эстетикалық элементтер аса мол. Алғашқы жастық сезімнен мәңгілік сезімге ойысу шын мағынасында даралық стильдің көрінісі.

Абай дәстүрі Шәкәрім шығармашылығының көркемдік нысанасына айналды. Өзі нысанаға алып отырған көркемдік амал-тәсілдер ақын өлеңдерінде өзіндік өрнек тауып, түрлі пайымдауларға негіз болады. Осыдан барып ақынның рухани әлемі қалыптасады. Ақынның рухани әлемі дегеніміз – көркем образдар дүниесі. Көркем образдардың өлең өлкесінде көріктеуіш құралдар арқылы, көркем де бейнелеуіш сөздермен сомдалуы ақын шығармашылығында ерекше орын алады. Сондықтан, алдымен, Шәкәрімнің табиғи суреткерлік қабілеті, дүниені образды қабылдауы, көркемдік ассоциацияға ұсталығы көрінеді. Суреткерлік қабілет дегенде, ойымызға оралатыны ақынның көркем сөз оралымдарын орынды қолдануы, түрлі құбылтулар мен қисынды сөз табуы.

              Адам үшін – еңбегім,
              Өмірден барлық тергенім.
              Қалағаның қарап ал
              Мұрам сол, жастар, бергенім.

Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасы өте бай. Өз заманының суретшісі, табиғат, қоғам, адам туралы көп толғаныс тебіреністер, философиялық тұжырымдар жасаған – Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық әлемі, әдеби мұрасы түрлі бейнелі образдарға, тілдік көркемдегіш сөздерге толы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.3 Ақын өлеңдеріндегі көркемдеуіш құралдар қайталанбас эстетика

 

Данышпан Шәкәрімнің лирикасындағы ой, ондағы бейнелі сөз қазақ сөз өнеріне қосылған қомақты үлес деп білгеніміз дұрыс.

Сөз өнеріндегі көркемдік-бейнелілік оның ең қуатты эстетикалық құралы, талғам биігінің өлшемі. Шеберлік тұтас көркем шығармаға жан беруші - суреткердің даралық стилінің көрінісі. Мысалы, түрлі бейнелеуіш құралдар арқылы бейнеленген, сөзбен салынған суреттерден сол суреткердің шеберлігін байқаймыз. Шәкәрім поэзия әлемінде сезім күйін шертер, ой танымын тереңдетер ойшыл-сыршыл із қалдырған суреткер-ақын.

Шәкәрім өз шығармашылығында эпитетті түрлендіріп мол қолданған. Шәкәрім шығармаларында «жүрек» сөзінің орны ерекше: «Көшейін деп қыбырлап, Ел қыстаудан қозғалды. Жаралы жүрек жыбырлап, Жазылмай жалғыз сол қалды» ,«Қыз-бозбала бір бөлек, Әзілдесіп дуласты. Өліп қалған сұм жүрек, оятсам да тұрмас-ты» ,«Ұлы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр, ыза қысып тісімді қайраулымын» , «Жылы жүрек, тәтті тіл» , «Мидағы ой-тамырға жол салалық, Жүрекке оймен сынап апарарлық! Ақ жүректің ғадалат қылған ісін, Қабылдауға қызығып қозғалалық» . Өмірдегі не бір құбылыс, немесе, заттың, ойдың мәні тек біреу емес,  өте көп. Соны әр түрлі қырынан бейнелі сөзбен беру шеберлікті талап етеді. Шәкәрім поэзиясында өмір құбылыстарын, заттарды бейнелеуде эпитеттің жаңа түрлерін қалыптастырды.  «Ақ жүрек» ұғымы  Шәкәрiм өлеңдерiнде терең ойларды жеткізген ұғым. Бұл ұғым ақынның көптеген өлеңдерiнде кездеседi. Ақ жүректi адам тек әдiлет пен шындықты қалайтын адам. Ақ жүректi адам ешкiмдi алдамайды, өтiрiк айтпайды, сатқындық жасамайды. Әдiлеттiң ақ жолынан ауытқымайды. Адамзатты жақсылық пен өркениетке тек ақ жүректi адамдар ғана жетелейдi деп есептейдi ақын.

Ақын өлеңдері қисапсыз да қыруар көркемдік-бейнелеушілік құралдарға бай. Гауһардай көзі, бұлбұлдай сөзі, жүзі бар айдай, мінезі майдай, дариядай ақыл мол еді.

Негізгі түбір сөздер зат есімнен сын есімге айналған. Гауһардай, бұлбұлдай, айдай, майдай, дариядай. Кейбір  шумақтарда кездесетін  сынап+тай, түлкі+дей, қыран+дай, алмас+тай, сұр жылан+дай, тұрымтай+дай, ұршық+тай сөздері де теңеу жасайтын -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалып тұр.

Шәкәрім лирикасындағы мол қолданысқа ие болған бейнелеу құралдарының бірі – теңеу. Теңеу шығармадағы (өлеңдегі) сөзге айырықша өң береді, үстеме мағына қосады. Сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын тереңдетіп, ажарландырып, суретті көрінісін түрлендіреді. Теңеу арқылы заттың бірнеше белгілерін, ерекшеліктерін нақтылап жатпай-ақ басқа затпен салыстыра суреттесе болғаны. Ол кезде оқырман түсінігі үсті-үстіне тереңдейді, ойы айқындалады. Эстетикалық әсер береді.

Шәкәрім теңеудің қазақ поэзиясында кездесетін барлық түрлерін түрлендіріп қолданған. Ақын жұрнақтардың ішінен –тей жұрнағын ит сөзіне жалғап өз шығармаларында оннан астам рет қолданған. Шәкәрімнің дәстүрлі теңеудің өзін түрлендіріп қолданатын суреткер екеніне осы мысал дәлел бола алады деп ойлаймыз.

Шәкәрім түрлі тілдік ерекшеліктердің бәрін қолданысқа қосқан: «Құйындайын бұрқырап, тағы да желпіп, уантып» . Бұл өлең жолдарында теңеу –дайын жұрнағы арқылы жасалып отыр. Жоғарыда келтірілген мысалдағы теңеулер оюлы, өрнекті сөздердің, сырлы бояулардың молая беруіне әсер етеді.

Шәкәрім лирикасында -ша, - ше жұрнағы арқылы жасаған теңеулердің де көркемдік-эстетикалық қуаты күшті болып келеді: Сауысқанша қылмыңдап, Әр үйден б... шоқынар [1, 144 б.]; Қасқырша жемтік жеуден тартынбайды, Адамшылық бойында қалмаған ар [1, 172 б.]; Итше еркелеп, қу менен сұмға жалын, Сол отырсын, өзіңе тимейді төр [1, 81 б.]; Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы,  Итше талап өз елін, жырып жемес [1, 173 б.]; Жаны ашымай әлсізді аңша қырып, Мейірімсіз, озбырлығы осындайлық [1, 180 б.]; Өнер қылды «жақсылар», Қасқырша елін жұлғанды [1, 148 б.]; Бірін-бірі құтырған итше қауып, Өңкей төбет шуылдап ұлып жүрді [1, 80 б.]. Шәкәрім келтірген «Сауысқанша», «жыланша», «қасқырша», «итше», «аңша» көркемдік бейнелеуіш құралдары «өз орнына қаланып» өлеңге эстетикалық қуат берген.

Шәкәрім тағы бір топ теңеулерді «сықылды» сөзінің көмегімен жасаған:          Тозған мола сықылды сұм көрініп, өткен күнде қызыққан сауық пен той [1,
67 б.];  Сусағанның сусыны бол, су сықылды сұп-суық [1, 117 б.]; От сықылды жылы болсын, жүзіңіз бен сөзіңіз [1, 117 б.]. Шәкәрім қазақ поэзиясын тың сурет, бейнелермен, теңеулермен байытқан. Сөздерге көп мағына дарытып, ойды дәл, нақты, әсерлі жеткізу мақсатында алуан түрлі затқа тән қасиеттерді дөп басып, образды бейнеге айналдырады.

Шәкәрім сөздерді метафораға айналдырып та өзінше қолданған. Метафора – поэзияның ерекше көркемдік құралы.

Шәкәрімде мол қолданыс тапқан тағы бір ерекшелік метонимияға қатысты. Мысалы:

 «Күнде көздеп, мінезді тексерелік!

Айланы, ақыл демей, сескенелік!

Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?

Ақты аныққа шығарам деп көрелік!» [1, 36 б.].

«Ақты» аныққа шығарам – әділдік мағынасында, «ақ пен қара» жақсылық пен жамандық мағынасында. Екі нәрсені алмастыра қолданудың, бірінің орнына екіншісін айтудың, бірі арқылы екіншісін ұқтырудың түрі көп. Мысалы, Шәкәрім өлеңдерінде:

«Амандаса келісіп, Бір бағыланды сойғызар.

Кел деп аяқ берісіп, Қымызға әбден тойғызар» [1, 89 б.].

«Аяқ» – сөзі ыдыс, кесе деген сөздердің орнына алмастырылып қолданылған. Тағы бір мысал: «Ақселеу мініп, Қылаңнан киіп» [1, 27 б.]. «Соны ойла, өзге қызық істі ойлама, Біреуге айла, біреуге күшті ойлама. Кеткен қайта келмейді кейісең де, Түнде көрген көлеңке түсті ойлама» [18, 68 б.]. «Ақселеу» – аттың орнына түсін, киімнің орнына, матаны атап, алмастырып отыр. Өтіп кеткен құбылыстың орнына, «кеткен» сөзін шебер қолданып отыр. Осы мысалдар арқылы Шәкәрім метонимияның ерекше қасиеттерін ашып берген. Шәкәрім поэзиясын осындай көркемдік қолданыстардың үлкен бақшасы деуге болады.

Шәкәрім суреткер ретінде Абайдың ақындық мектебінің өкілі, дамыта жалғастырушы ақын. Шәкәрім тіліндегі бейнелеуіш құралдар, мысалы: гауһардай көзі, жүзі бар айдай, мінезі майдай, дариядай мол ақыл, жыландай сусылдау, қасықтай қар, тобықтай тоң, мінсіз бақ, сансыз дәулет, көз тойып, көңіл толу, көз алартып, күресін адырайту сияқты көркемдік теңеу, эпитет тағы басқалар көркемдік тіл қуатының хакім Абайдың бастау алған көркем поэтикалық тілді жетік меңгергендігін, өз поэзиясының керек жеріне, өрнектеулеріне дәл де шебер пайдаланғандығын көреміз. Шәкәрім  ақын өзінше даралық стильмен келіп, күтпеген өзіндік тың қолданыстар пайдаланғанын байқаймыз. Шәкәрімде өлең – әскер, ән – өлшеуіш, ашу – келіншек, ынсап – кәрі адам, өлең – күміс, қағазы – жолдасы – қаламы – сырласы, сөз сөйлеу – ер қосу, арақ – ақыл, мастық – ой, жар – хақиқат, жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат тәрізді мысалдар ақынның бейнелік күштілігінің, көркемдік тың ізденістерінің нәтижесі. Шәкәрімнің көркем тіл кестесіндегі ерекшеліктің бірі – авторлық даралық стиль қолданыстары.  Мысалы, ақиқатты тану үшін қажетті ұғым ретінде танымдық ұғымды Абай жүректің көзі десе, Шәкәрім көңілдің көзі деп өзінше метафоралық қолданыспен келеді. Сол сияқты балалық, «тазалықты – жүректің ақ нұры сөну, ақылды – өлшеусіз жарық нұр, өкінішті – жүрегін өрт шалу, қуанышты – көңіліне гүлдің нұры орнау, ойқұмарлықты – ақылдың шолғыншысы, туу, өлуді – тағдырдың шын қазасы» деп суреттеуін біз қазақ көркем тіліндегі  ақын ерекшелігінің көрінісі дейміз.

Шәкәрім жаңашылдық дегенде, қазақтың қасиетті сөз өнерінде бар жауһар теңеуден, аталы сөзден қашпаған. Ретін тауып өз поэзиясында тұрақты тіркес, фразеологизмдерді шебер қолданған.

Фразеологияның  тілімізге образды, бейнелі және мәнерлі рең беруде тіліміздің эмоционалды-экспрессивті болуын арттыруда зор мәні бар.

Бетке айту – шындықты көзге айту, тура өзіне айту. Көзге жылпың көріну – бояма бет, жағымсыз адамдар туралы, сыртқа қылпың. Тұрақты сөз тіркестері: қақпан құру, іштен тыну, көзі ашылу, қанжар байлау, белді бекем буу. Ендігі бір фразеологиялық тіркестер алуан түрлі мағына, зат және табиғат құбылысы жайында ұғым береді. Іс-әрекетті бейнелейді. Ондай сөздерді Шәкәрім тұтастай алып қолданады. «Көппен көрген ұлы той» [7, 38-б], «Жығылған жан күреске тоймас» [7, 39-б], «Қашқан жаудан құтылар» [7, 35-б], «Молданың ісін қылма» [7, 62-б], «Сынық ине, сыдырым таспа» [7, 76-б], «Арамнан жиған мал дәулет емес» [7, 78-б], «Есің барда елің тап», «Қазақтың жаманы болмас, жаманнан аманы болмас» [7, 36-б], «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» [7, 95-б] осылайша жалғаса береді. Сондай-ақ  «Адал десе тік тұрар төбе шашы [1,
82 б.]; «Айта алмайсың дұрысын, Ала аяқ бәрің ұрысың» [1, 149 б.]. Тұрақты тіркестер поэтикалық тілдің қуатын байқататын көркемдік элемент. Шәкәрім лирикасының тілінде қолданылған тұрақты сөз тіркестері көпшілігі жалпыхалықтық тілдік элементтер. Мысалы, Шәкәрім жұмсаған буыны құру, қас қараю, қабағынан қар жауу, көңілі басылу, үмітін үзбеу, көңілі толу, жүз құбылу, соққы жеу тәрізділер жылдар бойы қалыптасқан халықтың тұрақты тіркестер поэтикалық тілдің қазынасы болады. Шәкәрім көбінесе қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерді мағынасына жалғастыра өз ой түйдегін тұжырымдап тізіп, мақал мен мәтел тәріздес қанатты сөз тізбегін де жасайды. Мысалы: «Жылы-жылы сөз айтса, Жылан інінен шығады. Қатты сөзбен бет қайтса, Надан дінінен шығады» [1, 146 б.] деген тұрақты тіркестің өлеңдегі қолданысында пайда болған бұл жердегі өзгерісі ақынның айтпақ идеясын дәл, әрі әсерлі етіп беру үрдісінен шыққан.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІІ.  Қорытынды

 

Ақынның өлеңдерінен, әсіресе лирикалық шығармаларынан ішкі жан тазалығын, рухани тазалықты аңғарамыз. Шәкәрімнің даналық ой- толғамдары, ар ілімі, әсерлі эстетикаға толы суреттеулері бүгінгі біз өмір сүріп отырған заманда адамның жан дүниесіне, оның адамдық болмысына және оның адам болып қалуда бізге ауадай қажет. Мына алысумен зымырап, жеткізбей,  күрт өзгеріп отырған заманда,  рухани құндылықтарды материалдық құндылықтар алмастырып жатқан заманда, адамдар сезімнен арылып, сұлулықты мүлдем аңғармай,түсінбей кетуден тек көркем әдебиеттің эстетикалық шығармалары сақтайды. Аталған эстетиканы Шәкәрімнің өлеңдерінен табасыз.  Бастысы - адамгершілік сезімді, адамның рухани деңгейін көтеру, мінез-құлқын толықтыру, түзету. Егер біз өзімізді  жаман әдеттен алшақ ұстап, іс-әрекетінің әдемілігін, қажеттілігін түсініп, еңбек нәтижесінен көркемдікті сезіне білсек, бұл біздің эстетикалық талғамымыздың, адамгершілік қасиеттеріміздің жоғары жетіле бастағанын көрсетеді.

Сонымен, Шәкәрімнің лирикасы көркемдік-жанрлық, эстетикалық қуаты ерекше қазақ әдебиетінің, жалпы халық мәдениетінен ерекше орын алатын ұлттық құндылық деп айта аламыз. Қазақ лирикасына Шәкәрім философиялық таным, эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелді.

Шәкәрімнің өлеңдері жанрлық-стильдік табиғаты жағынан жан-жақты болып келеді. Ақын қазақ поэзиясының жанрлық түрін дамыта жаңа бағыттар ашқан.

Шәкәрімнің лирик ақын ретінде стилін қарастыру барысында Абай дәстүрін дамыта жалғастырған, өзіндік даралық стилі бар суреткер ретіндегі болмысы жан-жақты қарастырылды. Шәкәрім лирикасындағы бейнелі сөздер жүйесінің, суреттеу, мәнерлеу құралдарының, сөз қолдану шеберлігінің, сөз саптау ерекшелігінің жұмбақ сырлары алабөтен, жаратылысы өзгеше. Басқаша айтқанда, суреткердің сұлулықты көре білуі, сезе білуімен қатар оны шебер бейнелеуіне, даралық өнер тұлғасы ретіндегі шеберлігіне келіп тіреледі. Түрлі бейнелеуіш құралдар арқылы бейнеленген, сөзбен салынған суреттерден сол суреткердің шеберлігін байқаймыз. Ол көркем шығармаға өң беріп, реңкін дамытып қана қоймайды, мазмұнын байытады.

Сонымен қатар, Шәкәрімнің ақын ретіндегі өзіндік даралығын тануға, лирикасының көркемдік қуатын ашуға тілдік, бейнелілік мәселесі арқылы келуіміз өз нәтижесін берді. Ақынның лирикасы ұлттық әдебиетімізде өзіндік орны бар көркем шығармалар екенін зерттеу жұмысы ашып бере алды деген тұжырым жасай аламыз.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі.

 

1.     Шәкәрім. Шығармалары. – Алматы: Жазушы. – 1988. – 560 б.

2.     Қабдолов З. Сөз өнері. –  Алматы: Ғылым. – 1993. – 360 б.

3.     Шәкәрімтану мәселелері. 2-кітап. – Семей-Новосибирск: Талер-Пресс-2006. -360 б.

4.     Шәкәрімнің сырлы сөзі. – Алматы: Арыс. – 2004. – 142 б.

5.     Шәкәрім. Ғылыми-педагогикалық журнал. – Семей: СМПИ, Шәкәрімтану ғылыми зерттеу орталығы. -   1 (05) 2007. -134 б.

6.     Шәкәрім. Ғылыми-педагогикалық журнал. – Семей: СМПИ, Шәкәрімтану ғылыми зерттеу орталығы. -   2 (01) 2006. -134 б.

7.     Қабдолов З. Идея.  – Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Даму институты. – 1999. – 750 б.

8.     М.Шаханов. «Эверестке шығу» - Алматы.Атамұра. - 2003ж.-272б

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

        

Просмотрено: 0%
Просмотрено: 0%
Скачать материал
Скачать материал "Ғылыми жоба "Шәкәрім эстетикасы""

Методические разработки к Вашему уроку:

Получите новую специальность за 3 месяца

Менеджер гостиничного комплекса

Получите профессию

HR-менеджер

за 6 месяцев

Пройти курс

Рабочие листы
к вашим урокам

Скачать

Краткое описание документа:

Шәкәрім өлеңдері көркемдік-жанрлық, эстетикалық қуаты жағынан қазақ әдебиетінен, жалпы халық мәдениетінен ерекше орын алатын ұлттық құндылық болып табылады;

– Шәкәрім қазақ лирикасына эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелуші;

– Шәкәрім лирикасындағы ең басты тақырып – адамдық тақырыбы, адамгершілік мұраты. Ақын лирикасындағы адамдық қасиет негізгі алтын желінің бірі ретінде адам бойындағы жақсы қасиеттермен жымдаса өріліп отырады;


Скачать материал

Найдите материал к любому уроку, указав свой предмет (категорию), класс, учебник и тему:

6 626 671 материал в базе

Скачать материал

Вам будут интересны эти курсы:

Оставьте свой комментарий

Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.

  • Скачать материал
    • 19.10.2016 3854
    • DOCX 343.6 кбайт
    • 30 скачиваний
    • Рейтинг: 4 из 5
    • Оцените материал:
  • Настоящий материал опубликован пользователем Касымканова Умут Базархановна. Инфоурок является информационным посредником и предоставляет пользователям возможность размещать на сайте методические материалы. Всю ответственность за опубликованные материалы, содержащиеся в них сведения, а также за соблюдение авторских прав несут пользователи, загрузившие материал на сайт

    Если Вы считаете, что материал нарушает авторские права либо по каким-то другим причинам должен быть удален с сайта, Вы можете оставить жалобу на материал.

    Удалить материал
  • Автор материала

    Касымканова Умут Базархановна
    Касымканова Умут Базархановна
    • На сайте: 7 лет и 6 месяцев
    • Подписчики: 0
    • Всего просмотров: 52087
    • Всего материалов: 13

Ваша скидка на курсы

40%
Скидка для нового слушателя. Войдите на сайт, чтобы применить скидку к любому курсу
Курсы со скидкой

Курс профессиональной переподготовки

Методист-разработчик онлайн-курсов

Методист-разработчик онлайн-курсов

500/1000 ч.

Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 70 человек из 35 регионов

Курс профессиональной переподготовки

Руководство электронной службой архивов, библиотек и информационно-библиотечных центров

Начальник отдела (заведующий отделом) архива

600 ч.

9840 руб. 5900 руб.
Подать заявку О курсе

Курс профессиональной переподготовки

Организация деятельности библиотекаря в профессиональном образовании

Библиотекарь

300/600 ч.

от 7900 руб. от 3950 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 281 человек из 66 регионов

Курс профессиональной переподготовки

Библиотечно-библиографические и информационные знания в педагогическом процессе

Педагог-библиотекарь

300/600 ч.

от 7900 руб. от 3950 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 457 человек из 66 регионов

Мини-курс

Развитие детей: сенсорика, самостоятельность и моторика

3 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе

Мини-курс

Эволюция и современное состояние искусства

6 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе

Мини-курс

Библиотечная трансформация: от классики до современности с акцентом на эффективное общение и организацию событий

4 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе