Инфоурок Начальные классы Научные работыҒылыми жоба жұмысы "Табиғи тепе-теңдіктің сақталуына құстардың пайдасы"

Ғылыми жоба жұмысы "Табиғи тепе-теңдіктің сақталуына құстардың пайдасы"

Скачать материал

25


Мазмұны


  1. Түйіндеме...................................................................3 бет

  2. Кіріспе..........................................................................4 бет.

  3. Негізгі бөлім

а. Жер бетіндегі құстар әлеміне қысқаша шолу........5-7 беттер

ә. Түпқараған құстары мен олардың ерекшеліктері 7-19 беттер

б. Құстардың пайдасы...............................................20 бет

  1. Қорытынды.............................................................21 бет

  2. Ұсыныстар...............................................................22 бет






















Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы

Е.Өмірбаев атындағы орта мектебінің

2-сынып оқушысы Нұрсұлтан Исламның

«Маңғыстаудағы табиғи тепе-теңдік

және оның сақталуына құстардың

көмегін пайдалану» атты шығармашылық жобасына

П і к і р

2 -сынып оқушысы Нұрсұлтан Исламның бұл жұмысы маңызды мәселеге арналған. Себебі, аң, құстарсыз табиғаттың сәні жоқ. Құстар зиянды құрт-құмырсқаларды құртып, табиғатты қорғауға өлшеусіз үлес қосады. Мысалы, 1958жылы Қытай елінде Жауторғай деген кішкене құсты (2млр) қырған. Себебі олар егіндік жерлерде топ-тобымен ұшып, бидай, күріш дәндерімен қоректенеді екен. Ал 1959жылы зиянкес жәндіктер қаптап, құстарға қарағанда 150-200 еседей қатты зиян шеккен. Сөйтіп, 1960 жылы Мао Цзедун Жауторғайларды қыру туралы жарлығын тоқтатқан. Немесе Африкада Цеце шыбыны мен сары безгек масалаларын қыру үшін ғалымдар 1980 жылдан бастап ол жерлерге Қарлығаш тектес құстарды көбейткен. Адамдарға құстар көмектескен.

Бұл жұмыста сонымен бірге біздің өлкені мекендейтін құстар суретке түсіріліп, зерттеліп, олардың ерекшеліктері берілген.

Құстардың азаю себебі анықталып, оларды қорғау үшін жасалу керек жұмыстар ұсынылған. Оқушының табиғатқа, құстар әлеміне деген қызығушылығы жұмыста жақсы көрініс тапқан.

Талапкер алға қойған мақсатына жеткен. Табиғаттағы тіршілік үшін өзекті мәселе көтерген және осы жоба ұсыныстарын қолдаймын. Оқушыда ізденіс бар, болашақта ғылыми зерттеу жұмыстарына баспалдақ жасап үлгерген деп ойлаймын.


Жетекшісі: Есқалиева Р.Қ


Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко

қаласындағы Е.Өмірбаев атындағы

мектептің 2 «ә» сынып оқушысы

Нұрсұлтан Исламның ғылыми жобасы


Т ү й і н д е м е (А н н о т а ц и я)


Шығармашылық жобаның мақсаты:


Құстар – табиғаттың ажырамас бөлшегі. Құстарсыз табиғат болмайды. Егер құстар болмаса жер жүзін зиянкес жәндіктер жаулап алар еді де барлық адамдар аштан қырылар еді. Сондықтан, құстарды қорғау керек. Осы ғылыми жобамда мен Түпқараған ауданындағы құстар туралы айтып, оларды қорғаудың жолдарын ұсынғым келеді.

Зерттеу барысы:

Түпқараған ауданын мекендейтін құстар жүйелі түрде зерттеліп, олардың ерекшеліктері берілді. Суретке түсіріліп, Қазақстан құстарының таралу картасымен салыстырылды.

Жұмыстың жаңалығы:

Қазақстан құстарының таралу картасында біздің ауданда болмайды деп көрсетілген құстардың да болатыны дәлелденді. Олардың біздің ауданның ауыл шаруашылығына пайдасы көп екендігі анық көрсетілді.

Жұмыстың қорытындысы:

Түпқараған ауданында кездесетін құстардың азайып бара жатқандығы анықталды және оларды қорғау үшін жасалу керек жұмыстар ұсынылды.






2. Кіріспе

Даланы, жерді, тауды, теңіз бен өзен-көлдерді, талдар мен шөптерді, егістіктерді, ормандарды, шөл даланың құмдарын, қысқасы, бізді қоршаған ортаны Табиғат деп атаймыз. Табиғаттың өте маңызды бір бөлшегі – құстар. Егер құстар болмаса, жер жүзін зиянкес жәндіктер жайлап кетер еді, олар барлық шөптер мен талдарды жеп құртып, адамдар мен шөп қоректі жануарлар аштан қырылар еді. Шөп қоректі жануарлар болмағасын, оларды жейтін жыртқыштар да болмас еді. Шөптер болмағасын, табиғаттағы су айналымы тоқтап, өзен-көлдер кеуіп қалар еді. Сөйтіп, табиғатымыз ешқандай тіршілік иесі жоқ планеталардағыдай, тек қана шаң-тозаңнан тұрар еді.

Әлемде құстардың 9 мыңнан астам түрі бар. Құстардың ең кішкентайы – Оңтүстік Америкада болатын Колибри атты құстың салмағы небары 2 грамм, ал ұзындығы тұмсығынан құйрығына дейін алғанда бар болғаны 6 сантиметр болса, ең үлкені – Африкада болатын Түйеқұстың салмағы 175 килолграмм, ал биіктігі 2,7 метр.

Соның 500-дей түрін Қазақстанда кездестіруге болады. Ал, Маңғыстауды құстардың 300-ге жуық түрі мекен етеді. Соның 200-ден астамын біздің Түпқараған аймағынан да көре аламыз.

Мен осы ғылыми жобамда Түпқараған өңірін мекендейтін құстар туралы өзімнің көріп-біліп, зерттеген ойларым туралы және құстардың пайдасы туралы жаздым. Маған құстар туралы алғаш әкем айтты, ол далаға – теңіз жағасына, Захар бақшасы мен оның арғы жағына, Тамшалы жақтарға шыққанда мені ала жүреді. Өзі құстарды суретке түсіреді, сосын маған суретке түсірген, көрген құстар туралы қызықты қылып айтып береді. Келгесін мен сол құстар туралы интернеттен іздеп тауып алып, оқимын. Сөйтіп, құстардың ерекшеліктерін біле бастадым. Биылдан бастап, өзім де құстарды суретке түсіріп жүрмін. Осы ғылыми жобам – сол ізденіп, оқып, үйренгенімдерімнің арқасы.


3. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

а. Жер бетіндегі құстар әлеміне қысқаша шолу

Әлемде құстардың 9 мыңнан астам түрі бар екен. Олардың ішінде 1 мыңнан астам құс түрі сирек құстар деп есептеледі. Құстардың 181 түрі және 78 тұқымы жойылып кету алдында тұрғандар ретінде Халықаралық Қызыл кітапқа енген.

Жойылып кету алдында тұрған құс түрлерінің көптігі жағынан Индонезия әлемде 1-орын алады – 121 құс түрі. Құстардың 120 түрі жойылып кете жаздап тұрған Бразилия 2-орында.

Әлемде кездесетін 9000 дай құс түрінің 3000-дайы Оңтүстік және Солтүстік Америка құрылықтарын мекендейді. Олар негізінен Оңтүстік Американың қалың орманды алқаптарында, Амазонка өзенінің алқаптарында және орманды-таулы өлкелерді мекен етеді. Бұл жақта қыс болмайтындықтан олар ешқайда қоныс аудармайды. Бүкіл әлемдегі құс атаулының жартысына жуығы осы құрылықтарда екен.

Алайда, Құстардың басым көпшілігі бір құрылықты тұрақты түрде мекен етпейді. Мысалы, Еуропа мен Азияда кездесетін құстардың көбі бұл жақта жаз айларында болады да, қыста Африка жаққа ұшып кетеді. Біздің жақта болатын құстардың да басым көпшілігі осылайша қыс айларын Африканың солтүстігінде, Үндістанда, Оңтүстік Азияның тропикалық және субтропикалық аймақтарында өткізеді. Жазда Солтүстік мұзды мұхит жағалауына барып, қыс айларын сонау Австралияда өткізетін құстар бар.

Бірақ, ғалымдардың жазуына қарағанда, бұл құрылықтарда да кейбір құстардың түрлері қатты азайып, енді біреулері жойылып бара жатқан көрінеді. Олардың бұлайша азайып кетуіне ормандардың жаппай кесіліп, өзен-көлдердің, батпақтардың жаңадан қалалар, зауыттар салу үшін құрғатылып тастауы әсер етуде. Керісінше, ауыл шаруашылығына қатты зиян тигізетін зиянкес жәндіктердің көбейіп кеткені байқалады.

Қазір, ғалымдардың жазуына қарағанда, әлемде мынадай құстар: Ақбас субүркіт, Мысықторғай, Ара және Какаду тотықұстары, Тырналардың кейбір түрлері, Жек дуадақ, Түйеқұс, Киви, Тукан, Индонезия бүркіті, Жапалақ, Калифорния бүркіті, кәдімгі Бүркіт, Ителгі, Сұңқар тұқымы құрып кетуге жақындаған.

Ғалымдар құстардың азаюы – ауыл шаруашылығына зиянын тигізетін жәндіктердің көбейіп кетуіне әкеліп соғатынын ұдайы айтып келеді. Мысалы, 1958-жылы Қытай елінде Жауторғай деп аталатын кішкене құсты жаппай қырып тастау жөнінде жарлық берілген. Өйткені, Жауторғай егіндік жерлерде топ-тобымен ұшып жүріп, бидайдың, күріштің дәндерін жейді екен. Сөйтіп, халық барлық жерлерде Жауторғайларды қыра берген. Бір жылда 2 миллиардтай құсты өлтірген. Сөйтіп, Қытайда Жауторғайлар құрып кетуге айналған. Ал, 1959-жылы зиянкес жәндіктер қаптап кетіп, бүкіл егістік жерлерді жеп, құртып жіберген. Сөйтіп, Жауторғайларға қарағанда 150-200 еседей қатты зиян тигізген. Сол жылы егін шықпай, халық аштан қырыла жаздаған. 1960-жылы көктемде Қытай елінің басшысы Мао Цзедун Жауторғайларды қыру туралы жарлығын тоқтатты.

Қазір Қытай елі егін егетін өңірлерде Қараторғай, Алаторғай, Бозторғай, Қарға сияқты құстардың көбеюі үшін жағдай жасап, талдар мен бұталар егіп, ұялар орнатады. Осының арқасында ол жерлерде құс көбейіп, шегірткелер мен басқа да зиянды жәндіктерді қырып, егіннің жақсы шығуына көмектеседі.

Жапонияда үлкен болсын, кішкентай болсын құс өлтірген адам жауапқа тартылады. Барлық жерлерде құстарға қамқорлық жасалады. Өйткені, Жапония – кішкентай ел, егіндік жерлері өте аз. Сол азғантай жерлерге шыққан егіннің жақсы сақталуына құстардың көмегі мол.

Африкада Цеце деп аталатын шыбын бар, ол шаққан адам қатты ауырып, кейде өліп кетеді. Оның үстіне ол жақта өте ірі сары безгек масалары көп болады, олар ауру таратады. Ғалымдар 1980-жылдан бастап, Австралия мен Еуропадан Қарлығаш тектес құстардың көптеген түрлерін алып келіп, оларға қамқорлық жасап, көбейтті. Ал, ол құстар Цеце шыбыны мен безгек масаларын қырып, адамдарға көмектесті.

Ал, Қытай мен Үндістанда, Оңтүстік Америкада батпақты жерлерде көп болатын масаларды құрту үшін батпақты жерлерге қолдан ұя жасап орнатып, талдар мен бұталар егіп, ұшатын жәндіктермен қоректенетін құстардың көбеюіне жағдай жасайды.

Әлемнің барлық елінде табиғатты қорғауға, соның ішінде құстарды қорғауға көп күш жұмсалады. Бірақ, бұған тек ғалымдар ғана емес, барлық адамдар көмектесуі керек. Балалар да көп көмек көрсете алады. Осы сияқты ұйымдар Америка Құрама Штаттарында, Жапонияда, Германияда, Чехияда, Оңтүстік Кореяда бар.

Мен осы ғылыми жобаны қорғай отырып, сондай ұйымды біздің ауданда да құрғым келеді, сөйтіп, табиғатты қорғауға балаларды да жұмылдырғым келеді.

ә. Түпқараған құстары мен олардың ерекшеліктері

Біздің Түпқараған аймағында кездесетін құстардың басым бөлігі – жыл құстары болып есептеледі. Жыл құстары деп қыста жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайтып оралатын құстарды айтамыз. Екінші бір тобы – транзитті деп аталатын құстар. Олар – біздің аймақты тұрақты түрде мекен етпейтін, күзде жылы жаққа ұшып бара жатып, көктемде солтүстікке қарай өтіп бара жатып, аз уақытқа аялдап, қонып, демалып, күш жинап алатын, яғни, уақытша ғана тоқтайтын құстар.

Біздің жақты тұрақты түрде мекен ететін құстар – Үйторғайлар, Бозторғайдың кейбір түрлері және Шағалалар. Бозторғайдың мынадай түрлері бар – Дала бозторғайы, Айдарлы бозторғай (біздің жақта оны Молдаторғай деп атайды), Сор бозторғайы, Кіші бозторғай, Жауторғай, Қос таңбалы бозторғай, Қара бозторғай, Сұр бозторғай, Аққанат бозторғай, Құлақты бозторғай, Үнді бозторғайы. Осылардың ішінде Қара бозторғай мен Үнді бозторғайынан басқаларын Түпқараған жерінен де кездестіре аламыз. Айдарлы бозторғай мен Құлақты бозторғай біздің жақты қысы-жазы мекендейді, яғни, бұлар – біздің жақтың өз құстары. Біз әкем екеуміз Түпқараған жерін мекендейтін бозторғайлардың бәрін де көріп, суретке түсірдік.

Айдарлы бозторғай (Молдаторғай) – біздің жақта қысы-жазы болатын, ешқайда ұшып кетпейтін, Түпқарағанның өз құсы. Негізінен шөптің дәндерін жейді. Жаз айларында далада, шөп арасында көбірек жүрсе, қыс кезінде далада шөп болмағандықтан ол адамдарға жақын, мал қораларының төңірегінде, малға беру үшін жазда жиналып қойылған шөптің айналасында көп болады.

Сондай-ақ, Үйторғайлар мен Жауторғайлар да осылай шөп дәнімен қоректенеді. Жазда көбіне далада болса, қысқа қарай үй айналасында ұшып-қонып жүреді.

Жаз айларында Бозторғайлардан басқа Торғай тектес құстардың бірнеше түрін көре аламыз. Олардың ішінде: Тасшымшықтардың 5 түрі, Шақшақайлардың 9 түрі, Қарлығаштардың 2 түрі, Қараторғай тұқымдастардың 2 түрі, Шымшықтардың 2 түрі, Тағанақтардың 3 түрі, Сәндуғаштардың 4 түрі, Бұлбұл тектестердің 2 түрі, Құнақ тұқымдастардың 14 түрі, басқа да түрлер бар. Ерте көктемде, қар кетіп, күн шуағы жер бетін жылыта бастағанда ағашты жерлерге Алабұлбұл, Таңшымшық секілді құстар ұшып келеді. Сол сияқты Кезқұйрық самыр немесе Урагус деп аталатын құс бар, ол тіпті біздің жақта кездеспейтін құс деп есептелінетін еді, оны да біз Орталық саябақтан көріп суретке түсірдік.

Кезқұйрық самыр – біздің жақта өте сирек кездесетін торғай шамалас құстардың бірі. Тұрқы торғайдан да кішілеу. Салмағы 14-20 грамм шамасында, ұзындығы құйрығымен қосқанда 16-18 см, қанатын жайып жібергенде 20 сантиметрдей болады. Кездесе қалса, негізгі сипаттамаларын білетін адамның тани қоюы оңай. Басты ерекшеліктері – тұмсығы «пұшық», түбіне қарай жуандап келетін, қысқа тұмсық. Түсі қызғылтым, алқымының асты мен бауыры алқызыл, басының үстіңгі жағы ақшыл, бурыл болып келеді.

Кезқұйрық самырдың ұя салып, балапан өргізетін жағы – Шығыс Қазақстан, Алтай тауының етегі, Марқакөл өңірі. Көктемде және күзде Қазақстанның орталығын, шығыс және оңтүстік өңірлерінде көбірек болады. Қазақстан құстарының таралу картасында Кезқұйрық самыр болатын жерлердің қатарында Маңғыстау өңірі жоқ.

Алабұлбұл – Торғай тәріздес, Сайрақ тұқымдас құстардың бірі, кәдімгі Бұлбұл құстың бір түрі. Орнитологтардың жазуына қарағанда, Алабұлбұл жалпы көп тараған құстардың бірі болғанымен, халыққа онша танымал емес көрінеді. Оның басты себебі, оның адам көзіне көп түсе бермейтіні. Тамағының асты аспан көк түсті, оның ортасында көзге анық көрінетіндей жирен не ашық қызыл, кейде ақ түсті дағы бар. Көк омыраушасының астынан шалқасынан түскен жарты ай құсаған қара «әшекейі», оның астында алдыңғысынан үлкен, жалпақ жирен не қызыл түсті тағы бір жарты ай. Құрсақ жағы сарғылт не жасыл реңді. Үстіңгі жағы қоңырқай немесе сұрғылт. Тамағының астындағы ақ, көк және қызыл түстеріне қарап, орыстар «Біздің жалауымызға ұқсайды» деп, 2012-жылы Алабұлбұл Ресейдің ұлттық құсы ретінде де дәріптелген болатын.

hello_html_m3efeea57.jpg

Алабұлбұл суы мол, ылғалды, аласа бұта ұйыса өскен жерлерді, өзендер мен көлдердің нулы жағаларын жақсы көреді. Азығы – жәндіктер. Күндіз бұталар арасынан көп шықпауға тырысады, көбіне түнде ұшады. Көзге көп түсе бермеуінің тағы бір сыры осы болса керек.

Сондай-ақ орнитологтар біздің Орталық саябақтан кәдімгі Тоқылдақты да көрген. Біз оны көре алмадық, шамасы, ол кейбір жылдары келіп, кейбір жылдары келмейтін сияқты.

Сондай-ақ, Қазақстанда өте сирек кездесетін Торғай тектес құстардың бірі – Қара алқымды тасшымшық деп аталады. Ол біздің елімізде тек Маңғыстауда ғана кездеседі, соның ішінде біздің Түпқараған аймағында көбірек болады.

Жалпы, Қазақстанда Торғай тектестердің 22 түрі болса, соның 17 түрін Түпқараған аймағында кездестіре аламыз.

Торғай тектес құстардың көбінің жемі – ұсақ жәндіктер, құрт-құмырсқалар, шыбын шіркейлер. Сондай-ақ шөп дәнімен, жемісімен, гүлімен қоректенетіндері де жетеді. Екеуін де тамақ қыла беретіндері де бар. Мысалы, Бозторғайлар негізінен шөп қоректі. Бірақ, кездесе қалса, құрт-құмырсқаларды да тамақ қыла береді. Немесе, Тасшымшықтар, олардың негізгі азығы – құрт-құмырсқалар, бірақ, ерте көктемде, жәндіктер әлі пайда бола қоймаған уақытта олар шөптің жас жапырақтары мен гүлдерін жейді.

hello_html_m31ad4bbb.jpg

Ал, Қарлығаш тектестер өз жемдерін тек қана ұшып жүріп аулайды. Негізінде, Қарлығаштардың түрі көп. Әкем айтады, бұрын Ақ тамақ қарлығаш көп болатын еді деп. Интернетте Ақтамақ қарлығашты Қала қарлығашы деп атайды екен, солай болса да, Ақтаудан да оны көре алмадық. Қазір біздің жақта тек Қыстау қарлығашы ғана бар. Ол бауыры ақ, тамағы қызыл кішкентай құс.

Қарлығаштың тағы бір түрі бар, ол – Сұрқарлығаш деп аталады, орысшасы – Стриж. Ол кәдімгі қарлығаштардан ірілеу, зуылдап қатты ұшады, сөйтіп, ұшатын жәндіктерді аулайды. Бір қызығы – Сұрқарлығаш ешуақытта жерге қонбайды, өйткені ол жерден көтеріліп ұша алмайды. Олар ұшқанда тек отырған жерінен төмен секіріп барып, әуелеп, көтеріліп кетеді.

Құстардың тағы бір тобы – Сұқсырлар деп аталады. Ол – су құсы. Сұқсырларды халық Үйрек тектестердің қатарына қосады, шындығында олай емес. Сұқсырлардың суда жүзуінде, сүңгуінде, ұшуында, жем іздеуінде кәдімгі Үйректерге қарағанда көп айырмашылық бар. Оның үстіне Сұқсырлардың етін жеуге болмайды, өйткені оның сасық иісі бар. Сұқсырлардың 5 түрі болса, Каспий теңізінің Түпқараған жағалауында соның төрт түрі кездеседі.

Су құстарының үлкен бір тобы – Қаз тәріздестер. Бұл топқа Үйректер, Қаздар және Аққулар кіреді. Жалпы әлемде Қаз тәріздестер тобына кіретін құстардың 100-ге жуық түрі бар екен. Соның 29 түрі Қазақстанда бар, ал, 20 шақты түрін Түпқарағанда да кездестіре аламыз.

Қаз тәріздестердің өмір сүретін ортасы – теңіздер, көлдер, өзендер. Негізгі қорегі – балықтар, сушаяндар, басқа да ұсақ су жәндіктері. Бірақ, олардың көбі су жағалауындағы көкорай шалғынға шығып жайылып, жас шөптерді, гүлдерді, жеміс-жидектерді де жейді. Бұлар негізінен маусымдық құстар, яғни, жыл мезгіліне қарай болады. Жаз кезінде біздің теңіз жағалауларынан Итала қаз, Сарыала қаз, Қоңыр қаз, Ақмаңдай қаз, сондай-ақ үйректердің Жалпақтұмсық, Бізқұйрық, Бізтұмсық деген түрлерін, Шүрегейлердің екі түрін кездестіреміз. Ал, қыс кезінде Көк сүңгуір үйрек, Алакөз сүңгуір, Айдарлы сүңгуір, Теңіз сүңгуірі, Сусылдақ, Ұшқыр үйрек, Қызылтұмсық сияқты түрлері, Сұңқылдақ аққу, Сыбырлақ аққу, Кішкене аққулар жағлауға жақын жүзіп жүреді. Осылардың ішінде Ұшқыр үйрек деп аталатын түрі – аса сирек кездесетін құстардың қатарында. Былтыр қыста әкем екеуіміз олардың жүздеген құстан тұратын бір тобын көрдік.

Сирек құстардың бір түрі – Фламинго. Оны қазақта Қоқиқаз деп атайды. Ол жойылып бара жатқан құстарды тізіп отыратын Халықаралық Қызыл кітап деген кітапқа енген, яғни, арнайы қорғамаса, құрып кетуі мүмкін құстардың бірі. Қоқиқаз Баутин кентінің батысындағы теңізден бөлініп қалған көлшікке ерте көктемде және қоңыр күзде келіп қонып, тынығып, күш жинап алады да, әрі қарай ұшып кетеді.

Біздің жақта жаз айларында өте көп кездесетін құстардың бірі – Үлкен суқұзғын немесе ол Баклан деп аталады. Ол да басқа су құстары сияқты, балықпен қоректенеді, ұсақ балықтарды тайыз жерлерде сүңгіп жүріп ұстап алып жейді. Ол – ірі су құстарының бірі. Ұшып бара жатқанда тұмсығының ұшы мен құйрығына дейін 1 метрге дейін жетеді, ал қанатын жайып жібергенде 1,5 метрден асады. Салмағы 2,5 килограмм төңірегінде болады. 10-15 құстан, кейде екеуден, төртеуден топтанып ұшып жүреді не тасқа қонып отырады. Жақсы жүзгенімен, 4 метрден тереңге сүңги алмайды, сондықтан, су құзғындар теңіз жағалауынан алысқа ұзап кете алмайды. Қорегі – балық. Майшабақ, аса ірі емес вобла сияқты ұзындығы 15-20 сантиметр болатын балықтарды аулайды. Күніне екі рет топтанып барып балық аулап қайтады, ара-арасында тасқа қонып, қанатын жайып, кептірініп отыратыны бар. Көктемде басқа құстардың көбінен ертерек келеді, жылы жаққа жәй қайтады.

Тырна тектес құстардың ішінде біздің жақта Үлкен аққұтан, Көкқұтан, Сары құтан және Бақылдақ құтан деп аталатын түрлері кездеседі. Осылардың ішінде Бақылдақ құтан – Маңғыстауда сирек кездесетін құстардың бірі. Үлкен аққұтан – Қазақстанның оңтүстігі мен шығысындағы суы көп жерлерде, орталығында Қорғалжын көлі маңында үйреншікті құс болғанымен біздің Маңғыстауда сирек кездеседі. Негізінде тропикалық жылы ауа-райы орныққан аймақтарды мекен етеді.

hello_html_m4ae1b6aa.jpg

Үлкен аққұтан сулы, батпақты, қамысты-қоғалы жерлерді жақсы көреді. Оны егістік жерлерден де кездестіруге болатын көрінеді. Өйткені, Үлкен аққұтан тамақ талғамайды – бақа-шаян, құрт-құмырсқа, уақ балық, шегіртке, көбелек, ұсақ тышқандар мен жыландарды, кесірткелерді де жей береді. Таяз суларда ол көп жүре бермейді, бір орында қоғалмай тұрып алып, маңына таяп келген балықты көз ілеспес шапшаңдықпен ұстап ала қояды.

Көкқұтан – Үлкен аққұтаннан сәл кішілеу. Мойыны, жемсауы, құсағы ақ, тұмсығы қанжар құсап біткен, сары түсті, мойнының алдыңғы жағында тұмсығынан омырауына дейін созылатын қара жолағы, басында желкесіне қарай салбырап тұратын қара түсті айдары бар. Арқасы мен екі бүйірі күлгін сұр. Аяқтары сары.

Көкқұтан ұшып бара жатқанда мойнын S әрпі құсатып иіп алады да сирақтарын артқа қарай созып жібереді. Қанаттарын сирек қағып, қалықтап, әдемі ұшады. Қонып отырғанда биіктігі 1 метрге дейін барады. Салмағы 2 килодай. Осыншама ірі құс болса да, егер қапелімді қауіп төнсе бірден көтеріліп, ұшып кете алады. Теңіздің, өзен-көлдердің суы тайыз жағалауларында, батпақтардың жиегінде кездестіруге болады.

Құтандардың ішінде біздің жақта өте сирек кездесетін Қошқыл құтан және Бақылдақ құтан деп аталатын түрлері бар. Әкем екеуіміз екеуін де көрдік, суретке түсірдік.

Қошқыл құтан – Көкқұтаннан сәл кіші құс, кейде Қызыл құтан деп те аталады. Бұл да ұзын мойын, ұзын сирақ, тұмсығы да келіскен, бойлы-сойлы құс.

Қошқыл құтан біздің жақта өте сирек кездесетін құс. Көбіне мамыр айының ортасы мен маусым айының басынджа немесе қыркүйек айының аяғына таман көріп қалуға мүмкіндік туады. Негізгі өмір сүретін ортасы – қамысты, батпақты, тайыз сулы жерлер. Адам көзіне түспеуге тырысады, жасырынып, жүпеді. Қауіпсіз жағдайда ол ұзын сирақтарымен суды асықпай кешіп жүріп немесе бір орнында тапжылмай тұрып, балық аңдиды. Балық кездессе тұмсығымен түйреп алады да, аспанға лақтырып жіберіп, басын төмен қарата қағып алып, жұтады. Балықтан басқа шаян, қоңыз сияқты ірі жәндіктерді де азық қыла береді.

Қошқыл құтан табиғи ортасында 20 жылдан аса өмір сүретін көрінеді.

Сонымен бірге Тырна да кездеседі деп естідік, бірақ, әзірше біз оны кездестірген жоқпыз. Бірақ Тырна тұқымдастарға жататын Қызылқасқа сутартар деген құс туралы айта кетуге болады.

Қызылқасқа сутартар – Кептер шамалас құс. Бірақ, Кептерден тіпті бөлек. Ол, басын ырғап қойып, асықпай басып жүргенде кәдімгі тауықтан аумайды. Сондықтан болар, әлемнің бірқатар елінде оны «Су тауығы» деп те атайды.

Қызылқасқа сутартар - өте сақ, тығылып, жасырынып жүріп өмір сүретін құс. Тұмсығы қызыл, сол қызылы жоғары қарай созылып келіп, маңдайына дейін барады. «Қызылқасқа» аталуы содан. Өзінің түсі қара қоңыр немесе қара сұр, екі бүйірінде анық көрініп тұратын 3-4 қауырсыннан тұратын ағы бар. Сирақтары ашық жасыл-сары.

Қызылқасқа сутартар су жағасына шығатын жас шөпті, қамыс пен қоғаның жұмсақ жапырағын, аласа бұталардың жемістерін, су бетінде кездесетін, төмен ұшатын жәндіктерді қайсысы алдымен кездессе қағып алып қылғыта беретін, тамақ талғамайтын құс. Күндіз көбіне қамыс арасына тығылып жатып, кешке қарай ғана жайылуға шығады. Жақсы жүзеді, сүңгиді, қауіп төнсе қамыс арасына кіріп кетуге тырысады, ол болмай қалса, жеңіл көтеріліп ұшып кетеді.

Қызылқасқа сутартар – жыл құсы. Біздің жақта тек көктем мен күзде ғана ілуде бір кездесіп қалады.

Сондай-ақ, батпақты-балшықты көлшіктердің жағалауынан Қарабай деп аталатын құсты да көруге болады. Ол – тұрқы орташа құстардың қатарында. Қазақстанда сирек құстардың бірі. Көбіне Түпқарағанның теңіз жағалауында, Атыраудан солтүстік Жайық өзенінің сағасында кездеседі. Адам кездеспейтін су жағаларында, қамысты-қоғалы төңіректерде болады. Наурыз айының соңы мен мамыр айының аяғына дейін оңтүстіктен келіп болады да, тамыз айында жекелеген құстар оңтүстікке қайта бастайды. Жылы жаққа жаппай көшуі қыркүйек айының басы мен ортасында байқалды. Үш бұрышты болып, топтанып ұшып бара жатады.

Қарабай ұшып бара жатқанда ұзындығы 0,5 метрден асатын, қанатын жайып жібергенде 1,2 метрге дейін жететін, түсі қошқыл, қоңыр, жоны мен қанатының сырты қара, ұзын, имек тұмсығы бар ерекше құстардың бірі. Қорегі – ұсақ балық, су шаяндары мен моллюскалар. Ұясын жартастардың үстіне, су жағасында тал болса, соның ең үстіне салады. Балапанын екеулеп басып шығарады.

Қорегін негізінен су жағалауынан іздейтін құстардың тағы бір үлкен тобы – Балшықшы құстар деп аталады. Балшықшы құстардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады, солардың ішінде Тат реңді балшықшылар және Тауқұдірет тектес балшықшылардың саны көп. Балшықшы құстардың ұзын саны 50-ге жақындайтын түрін Баутин кентінің батысындағы көлшіктен көре аламыз. Бұлардың ішінде Алтынжон татрең, Тарғақ, Жылқышы, Кәдімгі тауқұдірет, Қызғыш, Шаушалшық сияқты түрлерін бұрын-соңды ешкім Маңғыстаудан кездестірмеген.

Қызғыш – біздің жақта сирек кездесетін жыл құсы. Сондықтан ол туралы толығырақ айтып кетуге болады. Мен Әдебиет кітабынан қазақтың ұлттық батыры және атақты ақын Махамбеттің:

«Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос,

Исатайдан айырылып,

Жалғыздықпен болдым дос...

...Ел қорыған мен едім

Мен де айырылдым елімнен.

Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен.

...Сені көлден айырған,

Лашын құстың тепкіні...» деген өлеңін оқып едім. Сол Қызғыш құс – осы!

Қызғыш – дене тұрқы кептермен шамалас. Балшықшы құстар тобына жатады. Арқасы күнмен жалтырап тұратын жасыл түсті, оның құрсағына ұласатын жиегі күлгін, қызғылтым немесе қызыл түске боялып, құбылып тұрады. Құрсағы ақ. Тұмсығы қара. Тұмсығынан басталатын қара қасқасы басының үстімен барып, шошайып тұратын айдарымен бітеді. Тұмсығының астынан басталатын қарасы омырауын жауып, арқасының жасылына ұласады. Басының екі жағы мен мойыны ақ боз немесе ақ. Сирағы қызыл.

Барлық Балшықшы құстар сияқты, Қызғыш та ылғалы, батпағы мол жерлерде жүреді. Жазда Қазақстанның суы мол жерлерінің бәрінде болады, ұя салып, балапан ертеді. Көрген адам Қызғышты басындағы айдарына және жалтырақ жасыл түсіне қарап, бірден таниды. Махамбет ақын: «Қанатың қатты, мойның бос» деп айтқандай, мойнын ырғап қойып, асықпай жайылып жүреді.

Тарғақ – Балшықшы құстардың тағы бірі. Дене тұрқы, жүрісі, қонысы Қызғыш құсқа өте ұқсайды. Бірақ түсі Қызғыш сияқты әдемі емес, қоңырқай ғана құс, айдары жоқ. Басы Шүрілдек торғайға да ұқсайды. Тұмсығы қара, тұмсығынан басталатын қара жолағы көзінен асып барып бітеді. Төбесі қара, оның астыңғы жиегі ақ. Құрсағы қара, құйрығының астыңғы жағы ақ, басқа денесі қоңырқай.

Тарғақтың біздің жақта болатынына алғаш куә болған, суретпен дәлелдеген әкем екеуіміз сияқтымыз. Біз осы құсты біздің жақтан көріп, суретке түсіріп, оны «Birds.kz» сайтына жарияланғанда орнитологтар мен осы салаға жақын жүретіндердің бәрі бір ауыздан «оның Маңғыстау жерінде болатынын бірінші рет біліп отырмыз» деген болатын.

Тарғақ – адам көп жүрмейтін, шөбі сиректеу, тегіс, жайылымды жақтарда көбірек болатын құс. Ұясын жерге салады да олар көбіне мал тұяғының астында қалады, немесе, қарсақ, түлкісияқты аңдар мен таған, қарға тектес құстарға жем болып кетеді. Кей жерлерде мал айдап өткеннен кейін сол маңдағы Тарғақ жұмыртқалары түгел жойылып кеткені тіркелген. Соңғы жылдары таралу аймағы тарылып, саны азайып келе жатыр. Сондықтан Тарғақ Қазақстанның және Халықаралық «Қызыл кітаптарға» жойылып бара жатқан құс түрі ретінде енген.

Шағала тектес құстардың қатарына кіретін Өгізшағала, Көкшағала, Көлшағала, Қарабас өгізшағала, Кіші шағала, Кіші қарқылдақ, Өзен қарқылдағы, Қарабас қарқылдақ, Чеграва, Қара қарқылдақ, Аққанат қарқылдақ деген түрлері де біздің жақтың сәні, базары деуге болады. Әсіресе, Өгізшағалалар біздің жақта қысы-жазы болады. Қорегі – ұсақ балықтар мен суда болатын басқа да жәндіктер.

Түпқараған өңірінде жыртқыш құстардың да үлкен бір тобы тіршілік етеді. Олардың ішіндегі ең үлкені – Бүркіт. Бүркіт– Маңғыстауда кездесетін жыртқыш құстардың ең ірісі. Оның ұзындығы тұмсығының ұшынан құйрығының ұшына дейін 1 метрге жақындайды, ал қанатын жайып жібергендегі ұзындығы 2,5 метрге жақындап қалады. Салмағы 5 килограмға жуық. Ұшып бара жатқанда ересек бүркіттердің асты толықтай қара қоңыр не қошқыл қара түсті болып келеді. Арқасы мен қанаттарының үстінде қою сұрғылт не қоңырқай қауырсындары болады. Ұшып бара жатқанда Бүркіттің Қарақұспен ұқсастығы бар, бірақ, Бүркіт ірілеу келеді және оның құйрығы ұзындау, мойнын қатты созбайды. Ал Қарақұстың жауырын тұсында ақ таңдақтары болады.

Бүркіт Маңғыстауда Үстірттің шыңдарында көп кездеседі, ал Түпқарағанда Теріс жаға жақтағы жартасты-шыңды сайлардың аңғарларында көріп қалуға болады. Адам көп жүретін жерлерде бүркіт кездеспейді.

Бүркіт – аса қырағы, көзі өткір құс. Күннің жарық мезгілінде ол тас арасына тығылған қоянды 2 шақырымнан көреді екен. Ал, жемін көріп, шүйлікенде, немесе алыстан көрген жеміне қарай ұшқанда оның жылдамдығы сағатына 240-320 километрге дейін баратын көрінеді!

Бүркіттің негізгі жемі – қоян. Сонымен бірге ірі тышқандарды, күзендерді, түлкілерді, үйректер мен кептерлерді, кекілік пен дуадақтарды, басқа да шағын құстарды аулай береді. Ірі бүркіттер киіктің лағына, ал, күшіне сенгендері қасқырға түседі. Ал, торғайлар Бүркіт ұясының астындағы қуыстар мен қалтарыстарға ұя салғанды ұнатады екен, өйткені, Бүркіт оларға назар аударып қарамайды да, оның есесіне Бүркіт бар жерге ұсақ жыртқыш құстар жоламайды.

Дала қыраны – Бүркіттен көп кіші жыртқыш құс. Дене тұрқының көлемі жағынан Қарақұспен шамалас. Ұзындығы – 70 сантиметр шамасында, қанатын жайып жібергенде 2 метрге жақындайды, ал салмағы – 2,5 килограмм шамасында.

Дала қыраны – аты айтып тұрғандай ашық даланы, шөлді және шөлейт аймақтарды мекен етеді. Ұсақ құстарды, кесіртке, ірі жәндіктер мен өлімтіктерді жейді. Дала қыраны да түсі қара қоңыр, тұмсығының түбі сары болып келеді. Дала қыранының Маңғыстау жерінде ұя салатыны туралы дерек жоқ.

Біздің жақтан біз әкем екеуіміз Бүркітті, Дала қыранын, Аққұйрық субүркітті, Тілеміш, сондай-ақ, Қырғи, Лашын, Тұрымтай, Жағалтай, Жамансары, Кезқұйрық бүркіт, Құладын, Мықи, Күйкентай, Арашыл тұйғын деген жыртқыштарды және оның түрлерін көріп суретке түсірдік. Өкінішке орай, Қарақұсты, Кезқұйрық субүркітті кездестірудің сәті түпей жүр. Сондай-ақ Үстірт тауларының шыңдарына Сақалтай бүркіт деп аталатын ірі жыртқыш құс та бар көрінеді, бірақ оны Түпқараған өңірінен ешкім кездестірмепті.

Су құстарының ішінде біз үшін ерекше қымбаты, қасиеттісі – Аққу. Біздің жақта Аққулардың үш түрі болады, олар – Сұңқылдақ аққу, Сыбырлақ аққу, Кіші аққу. Сыбырлақ аққу – қаз тәріздестердің ішіндегі ең ірісі – бізге жақсы таныс Ұшып бара жатқанда ұзындығы 1,8 метрге дейін барады, ал қанатын жайып жібергендегі ұзынды 2,5 метрге жуықтайды. Ұрғашы аққулардың салмағы 6 килограмм, еркектерінің салмағы 13-14 килограмм болады. Түсі ақ, тұмсығы қызыл немесе қызғылт сары, еркектерінің маңдайында дөңестері болады, қазақша айтқанда, шотмаңдай болып келеді.

Сыбырлақ аққу қазақ жерінің бәрінде кездеседі. Маңғыстауда теңіз жағалауының бәрінде де бар десек те болады. Ақтаудың теңіз жағасында негізінен қысқа қарай келеді. Ақтаулықтардың жем беріп асырағанына әбден үйреніп алған. Адамдарға тым жақын келіп, қолдарынан нан алып жей береді. Өкінішке орай, біздің Ақкетіктің адамдары аққуға ондай қамқорлық жасап әдеттенбеген екен. Қыста Аташтың айлағына көп келеді, бірлі-жарым болмаса, нан беріп жүрген адамды көрмедім. Содан болар, аққулар да бізге онша сенбейді, адам жақындап келсе үркіп, қашады.

Барлық аққулар сияқты, Сыбырлақ аққудың да қорегі – теңіз шөптері, ара-арасында ұсақ балықтармен де қоректенеді. Ұясында 5-6 жұмыртқа басып шығарады. Балапандары жаздың соңына қарай ұша бастайды да, салқын түсе, ата-анасымен бірге жылы жақтарға қайтады.

Далалық жерлерде Дуадақ, Кекілік, Бұлдырық, Шіл сияқты құстар мен олардың түрлері кездеседі. Осылардың ішінде Дуадақтар – құрып бара жатқан құстардың қатарында, біз де оны көре алмай келеміз.

Кекілік – дала құстарының ішіндегі ерекше әдемісі. Оны кейбір жерлерде «Тас тауығы» деп те атайды. Өйткені, Кекілік таудың беткейлерінде, терең сайларда, тау өзенінің аңғарларында, әйтеуір, таулы-тасты жерлерде жүреді. Өңі де тас сияқты, кейде сарғылт, кейде ашық күлгін, сұр түсті, әр жерінде қына өскен тас құсаған сарғылт дақтары бар. Оның ерекше белгісі – тұмсығының үстімен көзі арқылы мойнының екі қапталына барып, одан омырауына құлап барып бірігетін қара жолағы – ноқтасы. Сосын екі бүйіріндегі алақандай ақшыл таңбасындағы жоғарыдан төмен құлайтын қара жолақтары.

Кекілік – өте сақ құс. Түнде тас арасына тығылып жатып ұйықтайды да, таң атысымен жайылуға шығады. Тамағы – жабайы жуалар, шөптің тұқымдары мен гүлдері, жас шөптің өзін де жейді. Жәндіктерді де азық қыла береді, бірақ, алдында өсімдік тектес тамақ тұрса, жәндікке қарамайды. Күннің ыстығы бастала тас арасына тағы тығылып алып демалады да, кешке қарай су ішуге келеді. Сондықтан, Кекілік суы бар жерден тым алысқа кетпейді.

hello_html_478988e9.jpg

Кекілік – көп ұшпайтын құс. Қауіп төнсе тас арасына тығыла қояды, ондайда тап үстінен түспесең таба қоюың неғайбыл. Немесе, қашып құтылуға тырысады, онда да тез жүгіретіні сондай, тасты жермен жүгіріп жете де алмайсың. Басқа амал қалмаса, ұшып кетеді, бірақ, ұшқаны епетейсіздеу, қапылып, асып-сасып, далбақтап ұшады.

Құстардың да әртүрлі мінез-құлықтары, ерекшеліктері болады. Олар бір-бірінен ақыл-ойының деңгейімен де ерешеленеді. Мысалы, құстар әлемінде ең ақылды құстар деп Қарға тұқымдас құстарды айтады. Әлемде бұл топқа кіретін 120-дай құс бар көрінеді. Ал, біздің Қазақстаннан 13 құс кіреді екен. Олардың біразы Маңғыстауда да кездеседі. Олар – қарға, құзғын, шөл құзғыны, сұр қарға, таған, сауысқан.

Көрер көзге сүйкімсіз, сұрықсыз болғанымен, бұл құстар, ғалымдардың пікірінше, өте ақылды көрінеді. Ағылшын ғалымдары қарға тұқымдас құстар ақыл-ой өресі жағынан аса жоғары дамыған примат-маймылдармен тең дегенге тоқтап отыр. Біз үшін ең маңыздысы – Қарға тұқымдастар – жерге қараған малшының досы, жайылымды зиянды жәндіктерден қорғайтын құс.

Кәдімгі Көкек деген құсты алайық. Ол – аты мәлім құс. Алайда біздің жақта «көкек» деп Бәбісек деген құсты айтып жүр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Бәбісек пен Көкек – екеуі екі басқа құс. Тек Бәбісектің дауысы Көкектің дауысына ұқсап кететіні болмаса...

Бұл – кептер шамалас құс. Көкектің арқасы, мойыны, басы бірөңкей күлгін қоңырқай түсті болады, тек бауыр жағы ақшыл, көлденең қара жолақтары бар. Отырғанда үнемі аяқтарын бауырына алып, құрсағымен отырғандай көрінеді. Кәдімгі көкектің азығы – жәндіктер. Әсіресе, басқа құстар жей алмайтын улы, түкті күйе-құрттарды қынадай қырады. Сонысымен бұл құстар ауыл, орман шаруашылығына қыруар пайда әкеледі. Бірақ, бір жаманы – бұл құстар кездесе қалса басқа ұсақ құстардың ұясын бұзып, балапанын өлтіріп кетеді. Кәдімгі көкектің тағы бір «арамдығы» бар – ол жұмыртқасын басқа құстардың ұясына салып кететіні.

Кәдімгі көкектің тағы бір ерекшелігі – жылы жаққа қайтқанда немесе оралғанда бұлар жеке-жеке және түнде ұшады.

Көкектің «Саңырау көкек» деген де түрі бар, оның Қазақстанда болатыны туралы дерек бар, бірақ, әзір ешкім суретін түсірмепті. Ал, Маңғыстауда ол түрі атымен жоқ деседі.

Бәбісек – біздің жақтың адамдарының Көкек деп атайтын құсы. Бірақ, оның Көкекке ешқандай қатысы жоқ екендігі туралы біз айттық.

Бәбісек жазда біздің жақта көп болады. Бұл – үлкен, әдемі жирен түсті, кейін қарай қайырылып тұратын айдары бар, айдарының ұшында қара мен ақ араласып келеді, денесі бір өңкей жирен түсті, тек қанаттары ғана қара жолақтанып тұрады. Тұмсығы ұзын, төмен қарай имиіп келеді. Негізінен тегіс, ашық шалғынды, шөптесін жерлерді жақсы көреді, жемі – жәндіктер. Жемін ұзын тұмсығымен ұстап алғаннан кейін жоғары қарай лақтырып жіберіп, аузын кеңірек ашып тосып алады да жұтады. Үлкендеу қоңыздарды жерге ұрып-ұрып, мылжалап барып жейді. Су жыландардың балаларын, ұсақ кесірткелерді де қорек ете береді. Зырылдай қашқан кесірткені қуып жетіп жегенін өз көзіммен көргенім де бар.


б. Құстардың пайдасы

Адамға құстардың пайдасы көп. Мысалы, торғай тектес құстардың басым көпшілігі өсімдік атаулының қас жауы – құрттармен, қоңыздармен, шегірткелермен, басқа да зиянкес жәндіктермен қоректенеді. Егер, құстар болмаса зиянкестер шөп атаулыны дымын қалдырмай құртып жіберер еді, онда далада мал жейтін шөп те, егін де, көкөніс те қалмас еді, яғни, адамдар аштан қырылар еді. Мен Интернеттен оқыдым, 1 түйір Қараторғай немесе Алаторғай бір айда 100 килограмдай шегірткені құртады екен. Әсіресе,

Алаторғайлар шегірткені тойғанына қарамай қыра береді. Сонда 20-25 құстан тұратын бір топ Алаторғай 1 айда 2,5 тонна зиянкесті құртады. Бұл деген кемінде 3 миллион шегіртке деген сөз. Бұншама шегіртке Таушық секілді ірі шаруашылықтың бүкіл мал жайылатын жерлерін тып-типыл қылып жеп кетер еді. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысатын кісілер құстарды қорғау үшін жұмыстануы керек, Алаторғайлар ағашы бар, талы бар жерлерді жақсы көреді, суы бар жерлерге тал егіп, құстардың келуіне жағдай жасау керек.

Торғай тектес құстар егіндіктерді, ағаштарды, бақшалықтарды құрттардан қорғайды. Жыртқыш құстар ұсақ құстардың ішіндегі ауруларын, сонымен бірге ауру тарататын тышқан құсаған кеміргіштерді құртады. Су құстары да ауру балықтарды ұстап жеп, теңізде жұқпалы аурулар таралып кетуінен сақтайды. Қарға, құзғындар қоқыстардың ішінен шіріп, ауру таратуы мүмкін тамақ қалдықтарын тауып жейді. Яғни, құстардың бәрі адамға көмекші. Балалар шамасы келгенше құстардың досы болуы керек, көмектесуі керек, қыста ұя жасап беріп, жем шашып, жазда көлеңкелі, биік жерлерге су қойып, қамқорлық жасап жүрсе, ол жерге құстар көп келеді. Сөйтіп, зиянкестерді құртып, сізге көмектеседі.







4. Қорытынды


Сонымен, Түпқараған ауданында кездесетін құстарды негізінен 3 топқа бөлуге болады. Олар: а) Осы жерде тұрақты мекен ететін құстар. Олар – Торғай тұқымдастардан – Айдарлы бозторғай, Үйторғай, Құлақты бозторғай. Қарға тұқымдастардан – Тағандар мен Құзғындар. Шағала тұқымдастардан – Өгізшағалалар. ә) Жыл құстары. Бұл – көктемде келіп, күзде қайтадан жылы жаққа ұшып кететін құстар. б) Транзитті құстар. Олар – көктемде солтүстікке, ал, күзде оңтүстікке ұшып өтіп бара жатып, аз күн аялдап өтетін құстар.

Түпқараған өңірінде кездесетін құстардың ішінде Кіші аққу, Сұңқылдақ аққу, Тарғақ, Үлкен аққұтан, Сары құтан, Қарақұс, Бүркіт, Аққұйрық субүркіт, Кезқұйрық субүркіт, Сақалтай, Лашын, Дала қыраны, Дуадақ деген құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Яғни, бұл құстардың саны аз және одан сайын азайып бара жатыр, оларды қорғау керек, өлтіруге, ұясын бұзуға, жұмыртқасын жаруға болмайды.

Қорыта келе айтарым – біздің Түпқарағанның табиғаты ерекше. Оның өсімдіктер және жануарлар дүниесі бай. Әсіресе, құстар әлемі алуан түрлі болып келеді. Олардың ішінде ғалымдар бұрын Маңғыстау жерінде кездестірмеген, болады деп ойламаған түрлері де бар. Біз әкем екеуіміз тек Түпқараған өңірінің құстарын ғана зерттеумен айналысып жүрміз, егер, Маңғыстауды түгел аралайтын болсақ, әлі талай жаңалық ашылуы мүмкін.

Мен бала болсам да, құстарды қорғау керектігін жақсы түсінемін. Алайда, бұны түсінбейтін адамдар көп екенін білемін. Құстар дүниесін үлкендер де, балалар да біріге қорғауымыз керек. Сонда біздің табиғатымыз тамаша болады.








5. Ұсыныстар.

Түпқарағанның құстар әлемін сақтау және қорғау үшін біздің ауданымызда мынадай жұмыстар жасалуы керек деп санаймын:


  1. Балаларды Түпқарағанның құстар әлемімен таныстыру және табиғатқа сүйіспеншілігін арттыру үшін Баутин кентінің сыртындағы көлшік жағасына, Захар бақшасы жаққа саяхаттар ұйымдастыру;

  2. Баутин кентінің сыртындағы көлшікті құрып кетуден сақтау үшін балалар атынан аудан әкімдігіне оны сақтауды сұрап өтініш жазу;

  3. Осы көлшіктің айналасы мен түбін жақсылап тазалау керек. Қазір теңізге қосылмайтын болғасын көлшіктің суы шіріп, құстар үшін жарамсыз болып бара жатыр;

  4. Балалар арасында құстарға арналған ұя жасаудан конкурстар ұйымдастырып, жақсы ұяларды орталық саябақтағы талдарға ілу;

  5. Тамшалы, Саура, Қапы сайы, Мерет, Жығылған сияқты суы бар жерлерде құстардың көптеп келуі үшін бұталар мен талдар отырғызу;

  6. Ауданда «Табиғаттың жас достары» атты ұйым құрып, балаларды табиғатты қорғауға жұмылдыру; Соның ішінде аңдар мен құстарды қорғаушылар тобын құру.













Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Маңғыстау» газетінде шыққан материалдар.

  2. «Қазақстанның өсімдіктер және жануарлар дүниесі» кітабы. «Жазушы» баспасы. 2002 ж.

  3. Интернет материалдары.

  4. О.В.Белялов. Пернатые хищники и их охрана. Сибиздат. 2010.










Просмотрено: 0%
Просмотрено: 0%
Скачать материал
Скачать материал "Ғылыми жоба жұмысы "Табиғи тепе-теңдіктің сақталуына құстардың пайдасы""

Методические разработки к Вашему уроку:

Получите новую специальность за 3 месяца

Юрист

Получите профессию

HR-менеджер

за 6 месяцев

Пройти курс

Рабочие листы
к вашим урокам

Скачать

Скачать материал

Найдите материал к любому уроку, указав свой предмет (категорию), класс, учебник и тему:

6 626 999 материалов в базе

Скачать материал

Другие материалы

Вам будут интересны эти курсы:

Оставьте свой комментарий

Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.

  • Скачать материал
    • 10.03.2016 4521
    • DOCX 9.9 мбайт
    • 45 скачиваний
    • Оцените материал:
  • Настоящий материал опубликован пользователем Ескалиева Рыс Кызылгуловна. Инфоурок является информационным посредником и предоставляет пользователям возможность размещать на сайте методические материалы. Всю ответственность за опубликованные материалы, содержащиеся в них сведения, а также за соблюдение авторских прав несут пользователи, загрузившие материал на сайт

    Если Вы считаете, что материал нарушает авторские права либо по каким-то другим причинам должен быть удален с сайта, Вы можете оставить жалобу на материал.

    Удалить материал
  • Автор материала

    Ескалиева Рыс Кызылгуловна
    Ескалиева Рыс Кызылгуловна
    • На сайте: 8 лет и 2 месяца
    • Подписчики: 0
    • Всего просмотров: 26588
    • Всего материалов: 8

Ваша скидка на курсы

40%
Скидка для нового слушателя. Войдите на сайт, чтобы применить скидку к любому курсу
Курсы со скидкой

Курс профессиональной переподготовки

Копирайтер

Копирайтер

500/1000 ч.

Подать заявку О курсе

Курс повышения квалификации

Организация краеведческой деятельности детей в учебно-воспитательном процессе начальной школы

36 ч. — 144 ч.

от 1700 руб. от 850 руб.
Подать заявку О курсе

Курс повышения квалификации

Развитие предметных навыков при подготовке младших школьников к олимпиадам по математике

36 ч. — 144 ч.

от 1700 руб. от 850 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 43 человека из 16 регионов

Курс повышения квалификации

Возрастные особенности детей младшего школьного возраста

36 ч.

1700 руб. 850 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 127 человек из 50 регионов

Мини-курс

Стартап: от идеи к успеху

6 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 21 человек из 14 регионов

Мини-курс

Современные инструменты инвестирования и управления затратами

4 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе

Мини-курс

Психология и педагогика в работе с подростками

5 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 49 человек из 28 регионов
Сейчас в эфире

Консультация эксперта в области деловых коммуникаций. Зачем нужна корпоративная культура?

Перейти к трансляции