Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Воспитательная работа / Конспекты / Конспект «Құрманғазы күйлері – тұтас бір әлем»

Конспект «Құрманғазы күйлері – тұтас бір әлем»


До 7 декабря продлён приём заявок на
Международный конкурс "Мириады открытий"
(конкурс сразу по 24 предметам за один оргвзнос)

  • Воспитательная работа

Поделитесь материалом с коллегами:

Атырау облысы

Құрманғазы ауданы

Абай атындағы жалпы орта мектебі

Молдағалиева Гулжазира Жұмажанқызы


Мектеп кітапханашысы



«Құрманғазы күйлері – тұтас бір әлем»

әдеби – сазды қонақжай


Мақсаты: Халқымыздың атақты күйшісі Құрманғазы туралы оқырманға түсінік беру. Күй өнерін, күйлердің шығу тарихы туралы түсінік беру, ұлтымыздың музыка өнерін сүюге, қастерлеуге баулу.


Ұйымдастыру шаралары:

1. Күй өнерінің, домбыра аспабының шығу тарихынан түсінік.

2. Құрманғазының күйшілік өмірі мен домбыра орындаушылық шеберлігі туралы «күй құдіреті – Құрманғазы бабам» тақырыбында әдебиеттерге шолу.

3. «Құрманғазы күйлері – тұтас бір әлем» тақырыбында әдеби-сазды қонақжай.


Жүргізуші: Күй қазақ халқының рухани мәдениетінің аса маңызды саласы. Күй ұлы оқиғаларды, өмір шындығын қазақ жерінде болған айтыс-тартыстарды, той думанды, тұрмыс тіршілікті, табиғатты суреттейді. Қазақтың күмбірлеген домбырасының шанағынан төгілген әуеннің айтары мол. Сөзбен жеткізе алмас сарын да, көкірекке сыймас құлазыған көңілінде, шатттыққа толы қуанышында халқымыз домбырасының тілімен жүрекке жеткізген. Құлан қуып қаза болған хан баласының қайғылы хабарын естірткенде «Ақсақ құлан» күйінің құдіреті. «Аман бол шешем, аман бол» деп Құрманғазы анасымен қоштастыратын да осы домбыра. Ал, жансызға жан бітіріп сөйлейтін, сезіммен сананы оятып жүрегіне жеткізетін арқалы талант иелері – күйшілер, домбырашылар.

Қазақтың күй өнерінің негізін салып бүгінгі күнге жеткізіп кеткен бабаларымыз аз емес. Қазақтың әр өңірінде туған олардың әрқайсысы өзінің орындаушылық шеберлігімен ерекшеленеді.

Біздің батыс өңірде, соның ішінде біздің жерімізде жас ұрпақтың дамуына, жан дүниесінің сұлу, көңіл жиегінің кең болуына Құрманғазы, Дина күйлерінің тәрбиелік ықпалы мол. Бүгінгі кешіміз күй, күйді орындаушылар, музыка тілін ғасырдан ғасырға жалғастырып келе жатқан қасиетті де киелі домбыра туралы және күй құдіреті Құрманғазы бабаның 195 жылдығына арналады.

Ұрпақтан – ұрпаққа тараған күйлер ұрпақ тәрбиесінің таптырмас құралы. Халық композиторлары шығарған күйлер әртүрлі аспаптарда орындалады.

1. Шертер – үш ішекті, шертіп ойнайды.

2. Домбыра – қос ішекті.

3. Сыбызғы – үрлеп ойнайды.

4. Жетіген – жеті ішекті шертіп ойнайды.

5. Шаңқобыз - әйелдер ойнаған. Осылардың ішінде ең көп тараған домбыра. Ендеше домбыра туралы аңызды тыңдап көрейік.


«Домбыра туралы аңыз» - оқитын кітапханашы.


Ертеде қылышынан қан тамған қаһарлы ханның аттастырған жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін мезгіліне жетпей бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың қамын ойлап қос бүлдіршіннің көзін жою үшін істі мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды шығысқа, ұлды батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек өсуін тоқтатады. Ел ішіндегі өсек сөз , өтірік өкпеге шыдамаған қыз егіздерін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндері, ұйқысыз түндері өтеді. Армандап айлары, жылаумен жылдары өтеді. Қатты шаршап діңкесі қатқан қыз әбдден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен кезде оны бір сүйкімді саз, сыйқырлы әуен оятады. Құлақ түріп тыңдаса, ән салып тұрған қасындағы биік ағаштан күмбірлеген үн естіледі. Қыз күндіз егіз баласын іздеп, түнде жығылып ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуен естіп, көңілін жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болып қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ, көп ұзамай самал жел соғып «әнші ағаш» қайтадан зарлай бастайды. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл қыздың екі баласынан қалған белгі еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы қос ішекті соған тағады. Шертіп көрсе керемет үн шығады, құлақ тұндырады. Қыз байғұс бостау тартылған ішектің үні мұңды шығатындықтан бұл ұлым – Мұңлық деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан қатты тартылған ішекті қызым – Зарлық деп ат қойып, күндіз – түні қолынан тастамай, ел кезіп кеткен екен егізін іздеп.

Ерте заманда тарихтың тоғыз тарауы қарт жыраулардың толғап жырлауымен қосылып, осы домбыраның шанағына құйылған екен. Сонда осынша байлық оның қуыс-мойын шанағынан шығып кетпесін деп, тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел жиналып домбыраға тоғыз тосқауыл – перне таққан екен. Осыдан соң оның шанағы кеңейіп, мойыны жіңішкерген екен.

Ал, елім деп еңіреп ел есінде тарихтағы ер есімдерін паш етіп жырлап толғаған қарияның құрметіне домбыраның құлағы тесіліп қос бұранда қалдырылған екен. Осылай ол халықтың алтын қазынасы болып сол заманнан қалған екен.

Мінекей екі ішекті домбыраның дүниеге келуі жөніндегі ел аңыздары осылай толғайды.

Жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар

Жақсы ән менен тәтті күй

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең, менше сүй – деп ұлы ақынымыз Абай айтқандай, қазақ даласы ертеден - ақ ән мен күйді сүйген қазақ халқы қашаннан талантқа бай. Кең даланы мекендеген халық музыкасының небір інжу-маржандарын тізіп сақтап, бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра, ұмытылмас мол қазына етіп қалдырды. Алайда сол бір заманда кең сахаралы қазақ даласы феодалдар мен байлардың тепкісінде, шет ел басқыншыларының жер қайысқан ат тұяғының астында ғасырлар бойы азап шекті. Елдің даналығы мен өмірінен алған әсер, сын сағаттағы ашу мен ыза, қуаныш пен сүйеніш, қиял мен арман музыка аренасына күй атасы Құрманғазыны осылайша шығарды.



«Күй құдіреті – Құрманғазы бабам» әдебиеттерге шолу.


Жүргізуші: Құрманғазы күйлерінде он саусақтың ұшынан бір адамның емес, күллі заманның шертіліп мұңы тыңдалды, ызасы қайнап, ақылы алас ұрды. Өзі өмір сүрген тұстағы Исатай-Махамбет көтерілісі , оның жеңілісі, азамат батыр ағалардың қазаға ұшырауы оны қатты тебірентеді. Ең алғаш жүрегін жарып шыққан күйі осы оқиғаға арналып еді. Ол «Кішкентай» күйі.


Күй орындалады.


Жүргізуші: Құрманғазы ел ішінде дереу көзге түседі. Халық оның күйлерін үйреніп алып, құмарта тартады. Бірақ Құрманғазы күйлері ел әкімдеріне ұнамады.Ақыры олар күйшіге жала жауып, ұстатып Орынборға түрмеге қаматады. Ақ сүтін беріп өсірген анасы Алқа атқа мініп, ұлының соңынан тұра шабады. Ардақты анасы Құрманғазыға жақын келіп «Құрманғазым не күйдесің?» дегенде Құрманғазының көзінен ыстық жас еріксіз шығып кетеді. Жауға осалдығын білдірмеуге тырысқан намыс, тежелген жас ананың даусын естігенде еріксіз төгіледі. Көз жасын бұлаған Құрманғазы асыл анасына қараса, жаңа ғана ет жүрегі елжіреп төніп келген анасы тізгінін тежеп, қамшысын үйіре ұстап «Ер жүрек ұл таптым ба десем, қоян жүрек тұл тауып па едім, кімнің алдына жас төгіп, жігеріңді құм етіп тұрсың», - деп жон арқасынан тартып - тартып жібереді.

Астыңғы ернін жымқыра тістеп ат үстінде сұп-сұр боп анасы қала береді. Анасының жайын Құрманғазы түрмеде отырған кезінде түсінеді. Терең ойлайды. «Емізген ақ сүтіңді қайран шешем, сағындым сені, дидарыңды көрсем деп ем, қайран шешем», - деп егіле отырып домбырасын қолға алғанда жаңа күй төгіле жөнеледі. Бұл күйін «Қайран шешем» деп атайды.


Күй орындалады.


Жүргізуші: Құрманғазы түрме өмірінің талай ауыр күндерін арқа қалдырады. Бір күні Орынбор түрмесінің бастығы Брауынның қызының тұрмысқа шығу балы болады. Браунның қызы әкесіне тойында Ресей патшалығының қол астындағы ұлттар музыкасынан жеке-жеке музыка ойнауын сұрайды. Тойда қазақ музыкасын әсем де сазды қылып ойнайтын адам табылмайды. Сонда тойға қатысып отырған Орынбор түрмесінің надзирателі өздерінің қол астындағы түрмеде қазақ музыкасын шеберлікпен орындайтын Құрманғазы Сағырбаевтың отырғанын Браунға ескертеді.

Браун Құрманғазыны алдыртып осы той құрметіне күй шығаруын сұрайды. Құрманғазы домбыраны қолға алып, сазды күй тартады. Бұл тартылған күйді балдың және Браунның құрметіне «Балбырауын» деп атайды.


Күй орындалады.


Жүргізуші: Құрманғазы еркіндікті аңсады. Қолына салынған темір кісенді сыпырып тастап, еркіндік ауасын жұтуды, кіндік кесіп, кір жуған жерін, ардақты анасына деген сағынышы оны азаттыққа талпындыра түседі. Құрманғазы түрмеден қашуға бел байлайды. Анасы Алқаның жылқы ішегіне тығылған қазының арасына жасырып әкелген темір араның сынығын құрал қылып, аяғындағы кісенді аралай бастайды. Осы ауыр бейнет, бостандық, еркіндіктің үміті Құрманғазының домбырасынан тағы да күй болып төгіледі. Мұны күйші «Кісен ашқан» деп атайды.


Күй орындалады.


Жүргізуші: Түрмеден қашып шыққан күйші Адай жеріне жетеді. Далада тұрған жұртқа қарайламай оңаша тұрған ақ отауға келеді. Есігін еппен ашып, ішінде отырған бәйбішеге иіліп сәлем береді. Бәйбіше қонағына шұбат құйып сусындатады. Сусындаған күйші үй ішін шола қарап отырып, керегенің басында ілулі тұрған домбыраға көзі түседі. Домбыраны сұрап алып қос ішекке жан бітіреді.

Осы кезде ішке байдың еркетай қызы Ақмаңдай үйге кіріп келіп анасының мойнына асылады. Белгісіз қонақтың домбырасын тартқанын ұнатпаған Ақмаңдай қыз домбырасын қолына алып: Кім бұзған домбырамның мәнін, шырқын,

Құлағын бұрағансып пәлі шіркін!

Әулікке жарамаса адам деген

Өзінің байқамай ма, әлін шіркін? – деп күй атасы Құрманғазыға дүрсе қоя береді. Домбыраның тиегін өзінше жөндеп, күй шертеді.Оны сыпайылықпен сынай қарап отырған күйші домбыраны сұрап алып, екпіні күшті бір күй тартады. Сұлу қыз қонақтың мына күйін ынтыға тыңдап отырады. Біткесін күйшіден күйдің атын сұрайды.Бұл тартылған күйін Құрманғазы «Адай» деп атайды.


Күй орындалады.


Жүргізуші: Екі ішектің бірін қатты

Бірін сәл-пәл кем бұра

Нағыз қазақ, қазақ емес

Нағыз қазақ домбыра! – ақындар жырлағандай домбыраман халқымызды танытқан Құрманғазының артынан көптеген шәкірттері қалды. Олардың ішінде күйшінің көптеген күйлерін біздің дәуірімізге жеткізіп берген Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов тағы басқалар. Құрманғазының шәкірті Д.Нұрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңа қала ауданы «Бекетай құм» деген жерде туды. Тоғыз жасынан бастап домбыра тартқан Құрманғазының қасына көп жылдар еріп жүреді. 1937 жылы Дина Алматыға келеді. Қазақстан үкіметі Динаның еңбегін елеп, оған «Халық әртісі» деген атақ береді. Дина бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Оның «Той бастар», «Әсем қоңыр», «Қара жорға» т.б көптеген күйлері бар. Дина 1955 жылы қайтыс болды. Дина Құрманғазыға шәкірттерінің ішіндегі ең таланттыларының бірі, ұстазын өле-өлгенше қадірлеп мадақтаумен өтті.


Күй «Той бастар»


Жүргізуші: Құрманғазының күйлері біздің Қазақстан Республикасы күйшілерінің репертуарынан кең орын алып отыр.

Құрманғазы күйлері филормонияның балет номеріне 1935 жылдан бастап енді. Ең бірінші боп «Балбырауын» күйіне сегіз қыздың биін қойды. 1934 жылы бірінші рет М .Әуезовтың «Айман - Шолпан» комедиясы қойылғанда соның ішіндегі «Қоян - бүркіт» деген би Құрманғазының «Ақсақ киік» күйінің музыкасына қойылды.

1938 жылы Құрманғазының «Адай», «Түрмеден қашқан» күйлері «Аманкелді» кино фильмінде пайдаланылды.

Құрманғазы соңына мол мұра қалдырған дарынды композитор ғана емес ол өз шығармаларын шәкірттеріне үйрету арқылы бүкіл бір күйші - домбырашылар мектебін жасап кеткен ұлы ұстаз. Күні бүгінге дейін ұлы күйшінің күйлерін нақышына келтіріп орындау дәстүрі әкеден балаға жалғасып келе жатқандай құбылыс. Күй атасының дәстүрлі мектебінен шыққан шәкірттері Дина, Қали, Оқан, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияровтар. Бұлардың қай-қайсы да аты әйгілі тұлғалар.


Жүргізуші: Техниканың дамып жетілуі де, музыка әлеміне көп өзгерістер, жаңалықтар әкелуде. Солардың бірі ДЭККО – қазақ музыка мәдениетіндегі жаңа классикалық жанр.

Композитор Жасарал Еңсепов өзінің күй» «Әке толғауын» декколандырып, оны алғаш ұлы Асылбек Еңсепов орындады. Әсем сазды домбыраның үні, талғамы биік Голливуд жұртшылығын тамсандырды. Осылардың әсері болар осы күнде домбыра үйренуге балалардың әуестігі көбейіп отыр. Құрманғазының ізін жалғастырушылар Қазақстанның қай түкпірінен болса да табылады. Оның күйшілік өнерін, орындаушылық дәстүрін қуған адамдар ел ішінде де көп. Күйші есімі әлемге әйгілі. Құрманғазы күйлері дегеніміз – тұтас бір әлем, шоқтығы биік музыка. Көптеген оқу орындарының, музыка ұжымдарының, аудан көшелерінің аттары күйші есімімен аталады. Біздің ауданда, селолық округте, ауылымызда Құрманғазы бабаның есімімен аталып отыр.


Жұргізуші: Домбырам жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң

Өнердің не екенін білмес едім,- деп ақындарымыз жырлағандай домбыра халқымыздың атадан балаға қалдырған күй өнерін бұл күнге дейін әкеліп жеткізді. Бір кездегі жалғыз домбыра бұл күнде көбейіп, өзге аспаптармен тіл табысып үлкен бір күй әлемін құрап отыр. Бұл домбыра оркестірі. Бүгінгі ұрпақ Құрманғазыдай ұлы күйшісін құрметтеп бұл оркестрдегі атын «Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірі» деп атады.

Біздің ауданның да ұлт аспаптар оркестірі талай биіктерден көрініп жүр.


Күй орындалады.


Жүргізуші: Бүгін аты ұлықталып отырған Құрманғазы бабамыз туралы таңғалмау мүмкін емес. Құрманғазы күйлері елдің, ердің басына қандай заман туса да рухани тірек бола алады. Қиын өткелдерден өту үшін Құрманғазы күйлеріндегі лапылдап тұрған жалын, намыс пен жігер керек.

Ұлы күй сазы арқылы халқымызға, оның өткен тарихына, Құрманғазыдай тамаша ұлдарының орасан зор өлмес сүйіспеншілігіміз арта берсін. Құрманғазы бабамыз асыл рухани мұраларды қасиетпен құрмет тұтайық деген сөзбен кешімізді аяқтаймыз. Құрманғазының мұрасы қазақ музыка мәдениетінің тарихынан мәңгілік орын алсын.





57 вебинаров для учителей на разные темы
ПЕРЕЙТИ к бесплатному просмотру
(заказ свидетельства о просмотре - только до 11 декабря)

Автор
Дата добавления 02.02.2016
Раздел Воспитательная работа
Подраздел Конспекты
Просмотров92
Номер материала ДВ-406924
Получить свидетельство о публикации

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх