Білім
Мүмкіндікті мүлт жіберме!
Елімізде үш тілде оқыту
жүйесіне көшу мәселесіне ерекше назар аударылуда. ҚР Білім және ғылым
министрлігі де көптілде оқытудың бағдарламасын жасап, оны кезең-кезеңмен жүзеге
асырудың жобасын дайындағаны белгілі. Сол бойынша алдағы 3 жылдың ішінде
қазақстандық мектептер жаңа жүйеге толық көшеді деп күтілуде. Мұның тиімділігін
еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев бұған дейін бірнеше рет биік мінберлерден
айтып, дәлелдеуге тырысты. Соның нәтижесінде бұл жаңалық отандық білім беру
саласына енгізіліп, ендігі кезекте шет тілінде білім беруге қабілетті
педагогтарды даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде.
Қазіргі таңда Павлодар
мемлекеттік педагогикалық институтында Щвецария америкалық академиясы
ұйымдастырған халықаралық курста информатика, химия, физика, биология
пәндерінен сабақ беретін 40-тан астам мұғалім оқып жүр.
Мұндағы мақсат – орта
мектептердегі ұстаздардың білімін жетілдіріп, шәкірттерге үш тілде еркін білім
бере алатын мамандарды даярлау. Осы мақсатқа жетуді көздеген әр ұстаз ізденіп,
заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман болуға талпынуда. Сонымен қатар, ұстаздар
үшін осы курстың тағы да бір артықшылығы – олар әлемнің дамыған елдеріндегі мектептерден
де тәжірибеден өтіп, шетелдік оқушыларға сабақ беруіне мүмкіндігі бар. Сондықтан
да бұл курстардың педагог үшін тиімділігі мол екенін атап өткен жөн.
Айта кетерлігі, курста
барлық сабақ тек ағылшын тілінде ғана жүргізіліп, шет тілін үйренудің ең озық
тәсілдері қолданылуда. Яғни, оң нәтижеге жылдам қол жеткізу үшін барлық
мүмкіндік қарастырылған.
Шыны керек, бүгінде
елімізде ағылшын тілін білетін мамандарға деген сұраныс жоғары. Тіпті, кейбір
халықаралық ірі компаниялар қызметке қабылдайтын адамның ағылшын тілін білуіне
қатты назар аударып жататыны жасырын емес. Бұл – заман талабы!
Ал осы талапқа сай болып,
әмбебап маман болам десеңіз, көштен қалмай, шет тілін үйренуге асығыңыз. Бүгінде
бүкіл әлемді билеген шет тілін меңгеру үшін шекара аспай-ақ, өз еліміздегі мол
мүмкіндікті мүлт жіберіп алмасаңыз болғаны.
Айбек КАМИЛЬ,
№35 орта мектептің информатика пәнінің
мұғалімі,
Павлодар қаласы.
Оставьте свой комментарий
Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.