НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Музыка сырлы да сиқырлы
дыбыс.
Музыканың адам өміріндегі мәні ерекше. ”Ән жоқ жерде адам
тірлігі де жоқ” деп Ю. Фучек өте тауып айтқан. Музыка адамды
шаттыққа бөлеп, мұң - зарын сейілткен. Музыканың әсер - ықпалының күштілігі
соншалық, ол адамдардың мінез - құлқы мен салт - дәстүрін де өзгерте алады
екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін қытайлық музыка зерттеушісі Сыма Цяньның мына
пікірін еске алайық: ”Дүниеге келген адам баласы өміршең рухты, жүрек пен
сананы еншілей туады. Ал, қайғы мен шаттық, ашу мен қуаныш болса, туа бітетін
қасиеттер емес, мұның бәрі де сыртқы әсерге деген адам сезімінің өзгеруі
ғана, әрі - беріден соң сезімді қалыптастыратын да сол сыртқы әсерлер. Содан
да болар, баяу да бойлауық, зарлы да сарнауық әуен бел алған ортада халықтың
санамен сарғайып, мұңға батқаны; егер ерке де еркін, жайдары да жеңіл, иірім
- қайырымы алабұрта елпілдеген әуен бел алса, онда халықтың шат - шадыман
ғұмыр кешкені; егер қатқыл да қаһарлы, бастауы жігерлі, қоштауы асқақ,
қайырмасы кең орамды әуен бел алса, онда халықтың өзіне - өзі сенімді де табанды
болғаны; егер қоңыржай да ашық, орнықты да қалыпты, байсалды да шыншыл әуен
бел алса, онда халықтың сыпайы да ізетшіл болғаны; егер шалқар да шалқымалы,
жүрекке жылы, жанға жайлы әуен бел алса, онда халықтың мейірім мен махаббатқа
бөленгені; ал егер жабайылардың әндері сияқты шегіне жете бүлініп -
бұрмаланған, жанығып – жан ұшырған, ырду - дырду әуен бел алса, онда халықтың
бұзылғандық пен бейбастақтыққа белшесінен батқаны” (Трактат о музыке юэшу) –
Исторические записки (”Ши цзи”. М., 1986. ІV том. 74, 81, 82 – б.). Сөйтіп,
Сыма Цянь халықтың музыкасы арқылы олардың ішкі және сыртқы тіршіліктерін
аңғарып, анықтауға болатынын айтады.
Музыка дегеніміз — сырлы да сиқырлы дыбыс. Ал, дыбыс – табиғат.
Табиғатсыз тіршілік жоқ болса, дыбыссыз музыка жоқ. Әуен көптеген сансыз
дыбыстан құралады. Табиғаттан пайда болған жаңбыр, дауыл, жел үні, су
сылдыры, құстардың әні, аңдардың үні мен қимылы, жан - жануарлардың боздауы,
кісінеуі т. б. дыбыстарға еліктеуден әуен құралады. Мысалы, талантты сазгер
Нұрғиса Тілендиевтің ”Құстар қайтып барады” әнінің ырғағына бір сәт құлақ
түріп, зейін қоя тыңдаңызшы. Құлаққа құстардың қиқуы келіп, ол үн жүрегіңді
баурап, көңілді мұң шалмай ма?!
Ағаш
жапырақтары сарғайып, күн нұрын сирек шашып, күңіреніп күз жеткенде құстар жылы жаққа
қайтып кетеді. Осы
бір табиғи құбылысты дара тұлға Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әнге салған еді.
1965
жылы ол кезде ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Қазақфильм киностудиясында
музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарған екен. Бірде
жұмыстан шығып, көңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге
көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28-Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп,
орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа
келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар,
оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын
алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай
ұқсас» деген
ойға келеді.«Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл
сөзге жол біріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың
да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге
жас алып, үйге қарай беттедім» - деп
үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып
береді.Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені
соншалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі.
Кейін Тұманбай Молдағалиев бауырын шақырып алып, әннің
шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын
інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай «Құстар қайтып барады»
әні халық назарына ұсынылады.
Бұл әннің алғашқы орындаушысы -
ҚР халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана
қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады.
Осы ән арқасында жас әншілердің есімдері кеңінен таралды. Ән танымалдылыққа ие болып, «Құстар әні», «Бара жатыр құс
қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атауларға ие
болды. Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбастан тек шебер орындаушы
ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін ҚР халық әртістері Майгүл
Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің
майталмандары шырқады. Нұрғиса
Тілендиев көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен.
Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше
санаған.Қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен
шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен.
Құстар қайтып барады
Сөзін жазған: Тұманбай
Молдағалиев
Әнін жазған: Нұрғиса Тілендиев
Жаз өмірін, мәз өмірін
қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырлайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей.
Құстар, құстар сызылып ән
салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады.
Біздің жаққа бауыр басып кеткен
бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Өскен жерін қимай кетіп, қимай кетіп барады
Халқымыздың білгір сазгері, академик Ахмет Жұбанов музыка жайлы:
”Қазақ халқының талантты күйшілерінің күйлерінде құлаққа әрең естілетін
шөптің сыбдыры, кең далада келе жатқан жалғыз жолаушының әні, аспанда
қалықтап жүрген қайсар бүркіттің қанатының суылы бар…” — деп ерекше тебірене
жазыпты.
Жақсы ән мен сазды музыка – жан азығы. Әсем ырғақты, жан тербетер ән,
сазды музыка тыңдаған адамның жүрегі жай тауып, рахат сезімге, ерекше
қуанышты күйге бөленеді. Солардың арқасында қан айналу, зат алмасу процесі
жақсарады. Музыка көңілді көтереді, қайғыны жеңілдетеді, бойды сергітеді,
жанға жайлы эмоция тудырады.
Ежелгі гректер музыка мен медицинаны қосып, оған қамқоршы етіп бір Құдайды
— Аполлонды беріпті. Музыканың адам денсаулығына, көңіл - күйіне әсер ететіні
жайлы мәліметтерді ұлы дәрігер Эскулаптың, ежелгі грек математигі‚ философы
Пифагордың, философтар Аристотель мен Платонның еңбектерінен табуға болады.
Музыка ырғағы күш - қуат беріп, көңіл - күйді көтеретінін әскери мамандар да
ертеден мойындаған. ”Музыка армияның жігерін екі - үш еселендіреді” деп орыс
армиясының белгілі қолбасшысы А. В. Суворов дәл айтқан.
Қытай мен Грекияда музыканың емдік қасиеті жайлы ертеде ақ белгілі
болып, ол біздің дәуірімізге музыкатерапия немесе вакалотерапия ретінде жетіп
отыр. Музыканың дыбысына, ырғағына байланысты адам организмі әрқалай әсер
алады. Сондықтан, оны кейбір жүйке ауруларын емдеуге, олардың алдын алу
мақсатында пайдаланатыны белгілі. Мысалы, әсерлі музыка эндокринді бездер
қызметін едәуір жақсартады да, гормондар бөліну күшейе түседі. Музыка ас
қорыту тізбегіне де жағымды әсер етеді. Музыканың адамға әсері оның қандай
аспапта орындалуына байланысты. Мысалы, сыбызғы үні қан айналымына, жүрек
тамырларына пайдалы әсер етсе, скрипка мен фортепиано адамның жанын жай
таптырып, жүйкесін тынықтырады екен. Ал, қазақтың екі шекті музыкалық аспабы
қоңыр домбыраның күмбірлеген үні, киелі қылқобыздың жүрек елжіретер сырлы
сазы қалай сізді бей - жай қалдыра алады?
Музыкатерапия қазіргі кездері невроздар мен неврастения секілді
ауруларды емдеу мақсатында, шаршап, ұйқы қашқан кезде жүйкені тыныштандыратын
ем ретінде пайдаланылып жүр. Музыкатерапия гипертониялық, жүректің ишемиялық
аурулары мен нейроциркуляторлық дистония сырқатын емдеуде де қолдау тапты.
Ғалымдар музыканың тіршілікке қандай пайдасы барын анықтау үшін бірде мынадай
тәжірибе жасаған. Гүл өсірілген плантацияның бірінде үнемі жанға жайлы сазды
музыка ойнап тұрған да, ал екінші бір плантациядағы гүлдер музыкасыз жай
тәсілмен өсірілген. Тәжірибенің қорытындысында ғалымдар музыка ырғағымен
өскен гүлдердің жақсы да әсем болып өскенін анықтаған.
«… Қазақ баласының шыр етіп жерге түскенінен ер
жеткенге дейінгі бар ғұмыры өлеңге толы, оның алғашқы еститіні ана әлдиімен
айтылатын бесік жырының әуені»,- деп өзінің «Қазақ халық әдебиеті» атты
еңбегінде Х.Досмұхамбетов балаларға арналған ән-жырдың бала өміріндегі
тәрбиелік ықпалының зор екендігі туралы атап көрсетеді.
Лондон
университеті мамандарының дәлелдеуі бойынша, кез келген аспапта орындалатын
музыка ақыл парасатты дамытып, өзін жақсы сезінуге септігін тигізеді. Және
иммунитет жүйесінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Музыка
өнері өмірдің ажырамас бөлігі ретінде эстетикалық, танымдық, тәрбиелік
функциялар атқарады. Бұл туралы Д.Б.Кабалевский былай деп тұжырымдаған: «Адам
жасаған өнер сол адам туралы және сол адам үшін жасалады, музыка мен өмірдің
байланысы осында жатыр… Міне сондықтан да өнер үнемі адамдардың идеялық
дүниесін байытып, рухтандырып, дүниетанымын бекітіп, күш қуатын арттырып
келеді».
Тағы бір тәжірибе музыка сазымен сауылған сиыр сүтті әдеттегіден
көбірек бере бастайтынын дәлелдеді. Өз ұлтымыздың да
музыка мен сазды әуенге байланысты неше бір аңыздары бар. Солардың бірі —
ботасынан айырылып, көздерінен жас сорғалап боздап тұрған аруанаға сырлы
сыбызғымен ән ойнағанда жаңағы түйе боздағанын тыйып, бойы босаңсып, иіген
екен. Міне, әннің құдіреті!
Осы
келтірілген мысалдардан - ақ музыканы тек адам ғана емес, бүкіл табиғат
ұнатады екен, ол бәріне қажет екен. Зейін қойып, зер салсаңыз, табиғаттың
әрбір құбылысы, әрбір суреті таңғажайып саз, музыка емес пе? Мәселен, ағаш
жапырағының сыбдыры, бұлақ суының сылдырай аққаны, құстардың үні, шегірткенің
шырылы, араның ызыңы, көбелектің көлбей ұшуы… Сезіне, түсіне білген адамға
бәрі әуен, бәрі музыка.
Табиғат аясында бірер сағат болудың өзі адамға бір аптаға қуат, күш - жігер
беретіні сондықтан. Мысалы, жұмыстан шаршап келгенде 15 - 20 минут жанға
жайлы жеңіл музыка тыңдасаңыз, жаныңыз сергіп сала беретінін, күш - қуат аз
уақыттың өзінде қалпына оралатынын байқайсыз. Жігерлі, екпінді де шабытты
музыка адамдарға жігер қосып, ерлікке бастайтыны белгілі. Мысал үшін
өзіміздің елдің әнұранын (мемлекеттік гимнді) алайық. Ол ойнағанда бойыңда
елге деген, халқыңа деген ерекше ұлттық сезім пайда болып, сол елдің азаматы
екеніңді ерекше мақтаныш тұтатындай күш пайда болмайды емес пе?
Сазды да сырлы музыка, әсіресе, жасөспірімдер мен жас балалар үшін
қажет - ақ. Музыка олардың орталық нерв жүйесіне, яғни, жүйкесіне әсер етіп,
ой - өрісін жетілдіреді, рухани дүниелерін байытады, сезімталдыққа, нәзіктікке,
қайырымдылыққа тәрбиелейді.
|
|
Оставьте свой комментарий
Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.