Инфоурок Всеобщая история СтатьиСақтар мен үйсіндердің мәдениеті

Сақтар мен үйсіндердің мәдениеті

Скачать материал

Жетісу сақтары археологиясының тарихнамасы

Б.д.д.VIII-VII ғғ. мен б.д. ІІІ ғ. аясында байтақ Еуразия белдеуі аймағының бір пұшпағы болған Жетісудың таулары мен даласында түрлі этникалық топқа жататын, негізінен бақташылықпен айналысатын тұрғындар—ертедегі көшпелілер мекен етті. Қазіргі Алматы аумағында ертедегі темір дәуіріне жататын сақтардың қоныстары, әйдік обалары, киелі жайлары көп болған. Сақтар дегеніміз бұл жыиынтық атау, жазбаша деректемелер бойынша парсылар Еуразиядағы өздеріне танымал болған барша көшпелі тайпаларды осылай атаған. Сақтар Қазақстанның, Орта Азияның, Шығыс Түркістанның, Ауғанстанның кең байтақ жерін мекендеді. Соңыра олардың арасынан бірсыпыра тайпалық топтар бөлініп шықты, олар: хаумаварга сақтары, тиграхауда сақтары, парадараия (теңіздің ар жағындағы) сақтары, массагеттер және көне заман авторларына аттары беймәлім өзгеде тайпалар. Қытай дереккөздерінде бұл көшпелі тайпалар “сақ” этнониміне сәйкес келетіндей “сэ” деген атпен аталады.

Еуразия белдеуі далаларындағы скиф-сақ тайпаларының мәдениеті археологтар тарапынан“скиф үштігі” (үштағаны) деген ұғыммен айқындалған ертедегі көшпелілердің қару-жарақ түрлері, ат әбзелдері және аң стилді ерекше өнерінің ұқсастығымен сыипатталады. Соңғы кездері көптеген мамандар археологиялық анықтаманы айқындаушы мәдениеттің элементтерін кеңітуді ұсынып жүр (Ольховский, 1997). Шын мәнісінде де бұрын қабылданған “үштіктің” компененттері б.д.д.І мыңжылдықтағы Еуразия даласының Ұлы белдеуіндегі көшпелі және жартылай көшпелі тайпалардың мәдени кешенінің сан алуан қырларын толық ашып бере алмайды.

Сақтар өмірінің көптеген жақтары туралы түсініктерді археологиялық материалдардан тыс, көне заман авторларының жазбаша мағлұматтары береді. Әйгілі Бехистун жартасындағы (Персия), Персополистегі Ксеркс сарайындағы бедерлі оймалардағы, петроглифтердегі, шамдалдардағы, белдіктердегі сақ тайпасы өкілдерінің бейнелері, сондай-ақ өзгеде деректер осы аймақтардағы ертедегі номадтардың сыртқы келбетін, киім-кешегін, шаш қойысын, қару-жарақтарын қалпына келтіруге көмектеседі. Сақтар туника тәрізді кафтан, башлык, тар шалбар, ұлтансыз етік киіп, қару-жарақтарын асып алатын белдік тағынып жүретін болған.

Археологиялық деректердің көрсеткеніндей, олардың ең жиі қолданатын қаруы қоладан, кейде темірден жасалған қысқа семсер—ақинақ болған. Ал сақтардың алыстан шайқасқан кезде қоладанатын негізгі қаруы қысқа, серпімді әрі мықты сүйек жапсырмалы садақтар еді. Сақтар шайқастың мынадай негізгі тактикасын қолданған: салт атты жауынгерлер қарсыластарына жай оғындай құйындатып шабуылға өту, одан кенеттен кері шегіну және катафрактарийлердің ауыр қаруланған салт аттыларының тіке шабуылы. Әскери жарақтардың құрамына сондай-ақ гоиттер мен қылшандар да кіреді. Сақ жауынгерлернің қаруларының қатарында шаншыитын және лақтыратын құрал ретіндегі найлар мен ұзын семсерлер болды. Ежклгі көшпелілерде семсер культінің, сондай-ақ оған сәйкес соғыс құдайы мен Арестің семсеріне табынатын діни ғұрыптың болғаны белгілі.

Сақтар қорғаныс үшін қалқан мен дулығаны көп пайдаланған. Алуан түрлі дерек көздері ежелгі көшпелілердің сенімді серігі болған аттың әбзелдерін қалпына келтіруге мүмкіндік туғызды. Жетісудағы сақ жауынгерлерінің бейнесін Алматының “Самал” ықшам ауданынан табылған шамдалдағы салт атты мергеннің мүсіні бойынша, Тараз қаласынан табылған көбе сауыт пен дулыға киген жауынгердің мүсіні бойынша, сондай-ақ жартастағы көптеген сызбалар мен кездейсоқ табылған қару-жарақ түрлері бойынша көрнекі түрде көзге елестетуге болады. Сақтар өздерінің ерлігімен даңққа бөленді, тамаша жауынгер болуымен мәшһұр болды. Сақтардың көптеген мемлекеттерде көбінесе жалдамалы болған салт атты мергендерінің аса жоғары бағалануы тегіннен тегін емес, мысал үшін,Ахеменидтік Персия антикалық мемлекеттерге қарсы соғыстарда ең мықты шабуылшы кавалерия (атты әскерлер қосыны) жасақтаған.

Ескі обаларда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде алынған қаңқа сүйектердің қалдықтарын антропологиялық жағынан зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, сақтардың кескін-келбеті негізінен үндіеуропалық тұрпатты, сонымен бірге оларда құрлықтық монғолойдтық нәсілдің белгілері де болған.

Сақтардың діні мен мифологиясы бойынша негізгі дереккөздкр ежелгі заманның метеллдан түйін түйген ұста-зергерлерінің туындылыары болып табылады. Ертедегі көшпелілердің өнері, яғыни олардың киім-кешектері, қару-жарақтары және ат әбзелдеріндегі әшекейлердің сюжеттері мен образдары кілең бір зооморфты рәміздердер түрінде беріліп, сол арқылы номадтар әлемнің құрылымы, мифологиялық дүниетаным туралы өз түсініктерін бейнелеген.

Б.д.д І мыңжылдықтағы Орталық Азия далаларындағы аттылы көшпелілердің даму тарихы туралы дереккөздердің жыиынтығы сақ, сармат, массагет және жазбаша деректемелер бойынша белгілі өзгеде тайпаларда алғашқы мемлекеттілік деңгейге жеткен, қоғамдық құрлыстың иерархиялық ұйымы және соған сәйкес жақсы жетілген идеологиялық әрі діни-мифологиялық жүйенің қалыптасқан, жан-жақтылы дамыған мәдени кешеннің болғанын дәлелдейді.

Әрине, кез-келген мәдени-этникалық ортаның игерілген, яғыни сакральды кеңістік туралы мифологиялық түсінікке сәйкес өзінің діни-культтік орталығы болады. Ол көшпелілер элитасының ғибадатханалар, киелі жайлар, әйдік обалы мемориальды зираттар сынды көп бөлекті, күрделі құрылыстарымен айқындалады.

Сақтардың обалы қорымдары Іле Алатауының аңғарлары мен бөктерлерінде жұлдызша жамырап жатыр. Олар Алматының шығысы, батысы және терістігіне қарай Талғар, Есік, Түрген, Кеген, Қаскелең, Ұзынағаш, Шамалған, Байсерке, Бұрындай мен т.б. аудандарға дейін созылған. Бұл обалар өзінің үлкенді-кішілігімен ерекшеленеді, демек ол сақтар қоғамының күрделі әлеуметтік жіктелісінен дерек берсе керек. Мұны былайша болжауға болады: ондағы неғұрлым ірі обалар көшпелілердің элитасы, яғыни ең жоғарғы әлеуметтік жіктегі тұлғалар, тайпа көсемдері үшін тұрғызылған, ортаншы обалар тайпаның ығай-сығай ақсүйектері мен батырлары үшін, ал кіші обалар қатардағы тайпаластары үшін тұрғызылған. Биіктігі 16-18 м.,ал диаметрлері 90-100 м.дей келетін ірі обалар өзен жағалаулары мен оның құрғақ арналарын бойлай тізбектеліп орналасқан. Олардың ішіндегі неғұрлым әйгілілері—Бесшатыр, Есік, Талғар, Новоалексеевка және т.б. қорымдардағы аса ірі “дала пирамидалары” мен жерлеу құрлыстары өзінің бай -салтанатымен әрі алып құрылымымен ерекшеленеді (Акишев К., 1978; Акишев, Кушаев,1963).

Алматы қаласы мен оған шектес аумақтар өз заманында сақтардың “патшалық” және қатардағы кісілерінің обалары шоғырланған жерлер есептеледі. Ондай обалардың дені Үлкен Және Кіші Алматы, Есентай, Қарасу өзендерінің жағалауларында, Тастақ пен Ақсайда және т.б. жерлерде орналасқан (Дублицкий, 1939а; 1939б). Алайда қала аумағының үртіс кеңеюі мен құрлыстардың қарқынды жүруіне байланысты ондағы обалардың көбі жойылып, орны тегістеліп, үстіне жер үйлер мен осы заманғы тұрар жайлар салынып кетті. Көне обалар мен қорымдардың орналасқан жерін қазір тек қаланың ескі жобасы, жазба дереккөздер және қаланың көнекөз тұрғындарының естеліктері бойынша ғана көзге елестетуге болады. Қазіргі таңда Алматы аумағындағы ежелгі көшпелілердің өзінің топографиясы мен тарихи ландшафтының элементтерін жақсы сақтаған жалғыз ғана ескерткіші бар, ол Алматының терістік іргесіндегі Бұрындай (Боролдай) қорымы. Оны зерттеудің әрі музейге айналдырудың перспективасы (болашағы) зор. Қорым Жетісудағы сақ элитасының 40 тан астам алып жерлеу құрлыстарынан, оның арасында тағы бірнеше “патша” обаларынан тұрады. Ол жердегі обалардың ішкі құрылымы мен жалпы сәулеттік ерекшеліктерін айқындау, скифтік-сібірлік аң стилінде жасалған ежелгі өнердің бірегей үлгілерін қамтыған алуан түрлі көржолдастық бұйымдарды табу, іздестіру мақсатында ұқыпты әрі ауқымды қазба жұмыстарын жүргізу әуел бастан жоспарланып отыр. Қол жеткізілген материалдардың негізінде ежелгі көшпелілер элитасы өкілдерінің жерленген моласының құрылысын қалпына келтіру және жаңадан жасау, сондай-ақ дамыған туристік инфрақұрылымы бар музейлік кешен құру көзделуде.

Қаланың өзге аумақтарын зерттей келе, ол жерлерде ешқандай қорымның, тіпті өзінің әуелгі қалпын сақтаған, яғыни ашылмаған күйдегі бір де обаның қалмағаны анықталды. Ал ондайлардың қалғанының саны бар-жоғы жыиырма шақты ғана. Көшпелілердің мұндағы ескерткіштерінің өзгесі түгел жойылған. Археолдогтар құрылысшылар тарапынан бүлдірілген қорымдардың бәрін дерлік болмаса да, авариялық-құтқару сыипатындағы қазба жұмыстарын жүргізуге үлгеретін.

ХХ ғ.дың 80-жылдары Алматының аумағында Б.Нұрмұханбетов басқаратын Жаңақұрлыс археологиялық экспедициясы авариялық күйге душар болған мынадай ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізді. Қаланың 12-ықшам ауданындағы, Маршак, Руднев (Брусиловский), Комсомолский (Төле би),--Бауман (Тұғұт Өзал) көшелерінің бойындағы обаларды және Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шұбарат қорымын зерттеді. Обалардың түгел тоналғанына қарамастан, одан табылған олжалар ертедегі көшпелілер мәдениеті туралы біздің білімімізді толықтыра түсті. Ол нысандардан керамикалық ыдыстар—арасы үтірлермен толтырылған иректі сызықпен салынған үшбұрышты өрнегі бар түбі доғал саптаяқтар мен күбілер; ақық, перуза сынды жартылай асыл тастардан тізілген моншақтар, ақыреттік (вотивный) жебелер мен алтын сымына перуза моншақтары өткізілген сырғалар табылды.

Сақ мәдениетіне тән типтік сипатқа ие жәдігерлер-- Шұбарат қорымынан табылған таутеке бейнесі бар қола жапсырмалар, оларды жасауда ерте көшпелілерге тән көркемдік тәсілдер пайдаланылған, яғыни,жануарлар геральдикалық қалыпта, аяқтары бауырына бүгілген түрде берілген. Мұндай әр алуан жануарлардың симметриялық бейнелері салынған бұйымдар Сібір мен Саян-Алтайдың соңғы сақ дәуіріндегі ескерткіштерінен кеңінен белгілі.

Алматы мен қала төңірегіндегі сақ молаларын қазған кезде, сондай-ақ кездейсоқ жағдайда және тұтас көмбелерден сақ мәдениетінің аса жоғары көркемдік деңгейдегі бірегей бұйымдары, атап айтқанда қола қазандар, құрбандық үстелдері, шамдалдар көп табылды.

Метеллдан жасалған қазандар еуразия далаларындағы ертедегі көшпелілер мәдениетінің критерийі есептелетін үштікті толықтырушы басты элементтердің бірі саналады.

Алматы аумағынан метеллдан жасалған шамдалдар, қазандар және құрбандық үстелдер өте молынан табылып отыр, мұндай жағдай Ыстықкөл маңынан өзге еш жерде кездеспейді. Культтік қола бұйымдардың көмбесі—Іле Алатауының терістік бөктерлерінің, әсіресе сақ тайпаларының белгілі бір тобының көне мәдени-саяси және сакральды орталықтарының бірі ретіндегі Алматының тарихи бөлігі орналасқан үш өзен аңғарының киелілігін білдіретін жанама әрі мәнді көрсеткіші болып табылады.

Аталған аймақты киелі деп тануда Жетісудың табиғи-климаттық және ландшафтық (жер бедері) ерекшеліктері маңызды мәнге ие болды. Іле Алатауының терістік бөктеріндегі аумақтан табиғи-географиялық жағынан Алматыныны қамти отыра қазіргі Фабричныий кентінен Шелек ауылына дейінгі жерлерді бөле-жара атауға болады. Мұндағы таулар терістіктегі жазыққа қарай көлбей созылып жатыр, тау бауарайлары қылқан жапырақты ну орманмен көмкерілсе (көне заманда оған белгілі семантикалық ерекше мән берген), ал таудың бйік үстірті тамаша төр жайлау. Жайлы климат, басын қарбасқан шыңдары бар биік таулар, тамаша шүйгін шалғыны мен тау бауарайынан ағып жатқан таза да, салқын сулы өзендері бар мұндай жерді ежелгі заманғылар “Құдайдың берген үлесі” деп ұғынған.

Тау атам заманғы (архайкалық) таным-түсінік бойынша әлемнің моделі, дүниенің кіндігі ретінде қабылданған. Тау бауарайында өтіп жатқан өмір ағысы, бөктерлерді бойлай таудан ойға тіке бағытталған көші-қон қозғалыстарының бәрі жергілікті көшпелілердің таным-түсініктеріне ықпал еткен, әрине, бұл олардың заттық және рухани мәдениетінде, салт-дәстүрінде, діни көзқарастары мен ғұрыптық іс-әрекеттерінде көрініс тауып отырды. Олар үшін бұл игерілген жербеті кеңістігінің бір бөлігі ғана емес, ол реттелген өмір, мифологиялық әлемнің кіндігі есептелген. Жайлаудан қыстауға, қыстаудан жайлауға көшіп жүретін бақташылардың өздері де Ғарыш сфералары арасындағы бейне делдал ролін атқарды. Қыраттардан, тау бөктеріндегі тұмсықтардан, аңғар бойындағы тепсеңдерден, немесе өзен жағалауларынан (оның өзі де Әлемдік тік сызықтың-вертикалдың аналогы) табылған культтік рәміздер де дүниенің жоғарғы сферасын мекендеушілердің рәмізі ретінде қабылданған.

Іле Алатауының терістік бөктеріндегі мұншама киелі саналуының келелі факторы—онан бастау алатын өзен-сулар түгелдей терістікке және терістік-батысқа қарай ағады да, бәрі бірдей Іле өзеніне, одан әрі Балқаш көліне барып құятындығы дер едік. Архайкалық қоғамдарға ортақ дүниені айқындаушы жұптық классификациялық жүйедегі таным-түсінік бойынша “батыс” және “терістік”, “су” және “төмен”, “өлім” бір жақта тұрады да, ал олармен қарама-қарсыда “”шығыс”, “түстік”, “от” пен “биіктік”, “өмір” қойылады. Бізге “сөре” деп аталған тау бөктерлерімен және тау етегіндегі жазықпен “байланыстырылған” кездейсоқ олжаланған қоладан жасалған культтік бұйымдар табылған жерлер адам баласының мекендеуіне неғұрлым қолайлы екені мәлім, ол семантикалық тұрғыдан “ортаңғы дүниеге” сәйкес келеді. Бұл өзі буферлік аймақ еді, осы арадан бір тараптан жоғарыға, жоғарғы сфераға жол тартса, енді бір тараптан осы жерден өлілер төменгі дүниеге жөнелтілетін болған. Архайкалық дәстүр бойынша обаларды өзеннің биік жағалауларына орналастыру кездейсоқтық емес, себебі ондай жерден айнала төңірек әдемі көрінеді, сондай-ақ осы арадан төменгі дүниеге жол басталады да

Алматы аумағындағы ірі қорымдар, “алтын адам” жерленген Есік обасы, Жалаулы көмбесі, сондай-ақ тоналған “патшалық” обалардан олжаланған заттар бұл жерлердің “сақтардың патша әулеті мен олардың киелі жайлары жайғасқан”, “герростардың”, яғыни көсемдер мен жоғары мәртебелі абыздардың моласы қойылатын жерлер болғанын көрсетеді (Акишев А., 1984). Сондықтан да аспанмен астасқан қарлы шыңдардың етегіндегі түстіктен күншығысқа қарай созылып жатқан тау бауарайы—құдайлар әлемі, дәл осы арадан тұтас төменгі тарап, терістікке созылып жатқан аңғарлар, шөлейт далалық аумақ көз алдыға келеді, содан да аталған культтік сыипаттағы қола бұйымдардың молаңдығы тегін емес шығар. Бұл жерлерді ертедегі көшпелілер ғұрыптық іс-қыимылдар өткізетін және ашық аспан астында “отқа табынатын” ғыибадатханалар тұрғызатын орын ретінде таңдаған. Олардың неғұрлым жете игерілген, яғыни “ортаңғы” аймаққа орналасқан жері металлдан жасалған қазандардың, шамдалдар мен құрбандық заттардың медиативті функциясына сәйкес келеді. Талғар мен Қарғалы өзендерінің аралығындағы жерде сақтардың ең мықты тайпалық одағының діни-ғұрыптық (культтік) орталығы болған деп жорамалдауға болады. Тайпалар конфередациясындағы әр тайпаның өз аумағында этноәлеуметтік және мәдени болмысының өзіндік ерекшелігі мен даралығын көрсететін кіші діни-ғұрыптық орталықтары болған.

Алматы аумағынан ертедегі көшпелілердің металл қазандары ХІХ ғ.дан бастап табылып, есепке алынған, олар көбінесе кездейсоқжағдайда табылып отырғандықтан “көмбелер” деп аталып кетті. Қазандар көмбеде көбінесе астына құм себілген тегістелген арнаулы жерге қатарластырыла, немесе төңкерілген қалыпта қойылған күйінде табылады. Қазан табылған жерден күлдіктер, жануарлардың сүйектері, қыш ыдыстар кездеседі. Мысалы, Алматы қаласының Гогол көшесі мен Дұнген (Масанчи) көшесінің қыйылысынан 1935 жылы қола қазанмен бірге қыш ыдыстардың сынықтары, жануар сүйектері, күлдің үйіндісі табылған (Спасская, 1956; 1958). Қазандар көбінесе бір топ болып, яғыни бір “көмбеден” он данаға дейін табылады, кейде қазандармен бірге қола шамдалдар мен құрбандық үстелдер де кездеседі. Сол сияқты, Верный қаласынан 5 км. жердегі Үлкен Алматы өзені мен Поганка өзені арасындағы аңыздан 1912 жылы жартылай жыртылып кеткен обадан металлдан жасалған бес қазан және табағында төрт қанатты жыртқыш аңның мүсіні бар төрт бұрышты шамдал табылған (Спасская, 1956; 1958).

Алматыдан табылған қазандардың арасынан тұғыры конус пішінді, сондай-ақ үшбұттылары жйі кездеседі, олар зооморфты бейнелермен әшекейленген, кейде жануар мүсіні түрінде жасалған. Қазандардың бүйірлері доға, ирек, деседе көбінесе ширатылған жіп түріндегі өрнектермен бедерленген. Қазандарда тұтқадан тыс, кейбірінде тік құлақтары болады.

Сант-Петербургтегі Эрмитаж қорында сақтаулы тұрған үш бұты арқар місіні түрінде құйылған қола қазан тіптен қызығушылық тудырады. Қазанның құлағы текешіктің мүсіні түрінде жасалған. Ол қазан 1893 жылы Верный қаласына таяу жатқан Қарғалы өзені бойынан табылған. Дәл осындай және бір қола қазан 1912 жылы шамасында Верныйдың батысынан 5 км. жердегі Үлкен Алматы мен Поганка өзендері арасындағы бір көмбеден табылған екен. (Спасская, 1956).

Алматының іргесіндегі Кіші Алматы өзені аңғарындағы бұрынғы ҚКП ОК нің демалыс үйі аумағынан 1948 жылы кездейсоқ жағдайда алты қола қазан және қазан қақпақтарының зооморфты бейнедегі ернеуі табылған.Қақпақта бір жұп қанатты тау текенің мүсіні және жануардың мүйізіне ұқсатып жасалған құрсауы сақталған (Спасскғая, 1956; 1958).

Алматы аумағынан бұты да ,конус пішіндес тұғыры да жоқ жарты шар тәрізді қазандар да кездеседі. Олардың диаметрі 30-89 см., биіктігі 25-80 см. болып келеді. Үлкен құлақты кішкентай қазандар да жиі кездеседі, олардың кейбірі шүмекті, кейбірі шүмексіз келеді (биіктігі мен диаметрлері 15-20 см.). Мұндай қазандар, сондай-ақ, Батыс Сібір және Памирдің скиф-сақ тайпаларының ескерткіштері мен Еділ бойының сарматтық кешендерінде де кездеседі.

Металл қазандардың не үшін пайдаланылғаны және оның функциональдық мәні туралы күні бүгінге шейін бірыңғай ортақ пікір жоқ. Жазбаша деректемелер бойынша сақтарға туыстас болып келетін еуропа скифтерінде металл қазандар ғұрыптық іс-әрекеттерде құрбандық асты дайындау үшін пайдаланылған көрінеді (Геродот. IV, 61).

Жетісудан табылған қола қазандар мен шамдалдардың жанынан көбінесе күлдіктер, жануарлардың сүйектері, күйген топырақ сияқтылардың табылуы жергілікті тайпаларда от пен ошаққа табыну ғұрпының болғанын айғақтайды.

Ежелгі тайпалардың мифтік-ғұрыптық практикасында қазан-ошақ ерекше орын алады, онымен байланысы тіптен айырықша деуге болады. Көптеген халықтардың күнделікті тұрмыстық және ғұрыптық іс-әрекеттерінде ошаққа байланысты түрлі нанымдар, ырымдар мен тыиымдар сақталған. Бұл көне наным-түсініктердің іздері . Осы заманғы этнографиялық кезеңге дейін көптеген халықтар отты, ошақты және оған байланысты барша нәрсені қадірлеп, қасиеттеп келген. Осылайша, ошақты қорлап-арамдаудан алдынала сақтану мақсатында көптеген тыиымдар пайда болған. Сөнген ошақ, төңкерілген қазан, бұл—сол отбасында, ауылда, рулы елде өмір-тіршіліктің тоқтағанын білдіреді. Ошақ сонымен қатар игерілген кеңістіктің кіндігі де есептеледі. Ежелгі адамдардың түсігігі бойынша от өмір құбылысын кейіптеудің дәнекері және ұжым бірлігінің нышаны болып табылады. Ошақ айналасының бір бөлігі ретінде қазан, сондай-ақ ошақтың өзі тұрар-жайдың немесе тайпа өмір сүріп отырған тұтас аумақтың киелі орталығы саналады. Ежелгі көшпелілерде, оның ішінде скифтерде отқа табыну культінің болғанын Геродот та атап өтеді (IV, 68). Патша құдайдың жердегі көлеңкесі дегендей, оның тұлғалық ролін, жер беті билеушісі ретіндегі қасиеті мен құдыретін дәріптеу үшін ошаққа патша отбасында тіпті ерекше мән берілген. Патша ошағы алдында құдайы ант беру киелі саналған, ал оны бұзушылар өлім жазасымен жазаланған (Геродот,IV, 68; 127). Қазан—ошаққа табыну культінің ажырамас бөлігі. Сондықтан да оған отқа табынуға байланысты наным-түсініктер түгел таңылған, ыдыс ретінде қазан ескі діни-мифологиялық түсініктер жүйесінде өзіндік ерекше орын алған. Ол бірліктің нышаны, байлықтың, ұжымның күш-қуатының өлшемі болды. Мұны Геродот скиф патшасы Арриант туралы жазғанда тамаша атап көрсетті. Патша өз әскерінің санын білмек болып, әр сарбазына бірден жебе алып келуді бұйырыпты, сосын оларды құйып, қазан жасаған екен. Құйылған қазан үлкен әрі сыйымды болып шығыпты. Оған тек ең беделді кісілер ғана иелік етуге құқылы болған. Онлай кісілер қаратеңіздік скифтер арасында кілең патшалар, батырлар, яғыни жоғарғы әлеуметтік жіктегілер болған. Мұны “патша ” обаларынан табылған қазандар айғақтай түседі, олар бұл жерде гривналар және әшеметті қару-жарақтар сынды билік пен дегдарлықтың рәміздерімен біте қайнасып жатыр. Әскери және діни дәстүрлерді біріктіре отырып, патша қазанға иелік етіп, абыздың қызметін атқарған. Жетісу жерінен металл қазандар жерлеу орындарынан тысқары, шамасы, түгел дерлік киелі жайлардан табылды, Діни әдет-салттарды ғұрыптық дәстүрлердің негізгі қызметшісі—абыздар атқарған, ал қазандарды культтік рәміздер қатарында киелі жайлардың жанында тұтас тайпаға ортақ қасиетті зат ретінде сақтаған. Егерде қазан биліктің, тектіліктің нышаны десек, онда, бәлкім, мұндай қазандар шоғырлы табылған жерлерін өзге аудандардан бөле-жара отырып, оны діни, культтік орталық болған деп болжауға болады. Бұл жерде, яғыни, Іле Алатауының бауарайында патша мұндай қазандардың ең беделді де, лайықты иегері ретінде әскери және діни дәстүрлерді біріктіре отырып, абыздың міндетін атқарған.

Бірсыпыра зерттеушілердің пікірінше, тұғыры конус пішіндес және үш бұтты қазандар, сондай-ақ шамдалдар, құрбандық үстелдер от ғибадатханаларының рәміздері болған, сонымен бірге олар ешқашанда қандай да бір ас-су дайындауға арналмаған (Акишев А., 2003). Дегенмен де, барша қазандардың атқарар міндетін осылайша жалаң бір шыбықпен айдауға бола қоймас. Олардың арасында ас-су әзірлеуге, сондай-ақ ғұрыптық ас дайындауға жарайтын алып қазандар да (биіктігі 50-60 см., диаметрі 60-70 см) кездеседі. Дәу қазандардың осы мақсатта пайдаланылғандығын жартастардағы суреттер де дәлелдейді. Мәселен, Тамғалыдағы киелі жайда (Алматы облысы) тұрған петроглифтерде қазанның суретінің үстінде жануарлардың бейнесі салынған. Жартасқа салынған мұндай суреттер байтақ еуразия далаларының өзге аймақтарынан да көп кездеседі. Петроглифтер шоғырлана орналасқан жерлер, әдетте, көбінесе киелі жай, ғибадатхана деп танылады, осы жәйітті ескеретін болсақ, ендеше ондағы жануарлар суреттері сол жерде культтік және ғұрыптық ырым-жырымдар жасалған кезде құрбандыққа шалынған құрбан малдың бейнелері деп жорамалдауға болады.

Үшбұтты қазандардың тек ритуальдық мәнде жасалғаны айқын, оны өзінің рәміздік нысандағы үш бұты ғана емес, зооморфты өрнектері, сондай-ақ стандартты өлшемдері де (биіктігі 40-60 см., диаметрі 40-50 см) айғақтай түседі. Қазандардың үш бұты “аң бейнесіндегі ғарыш” ұғымымен байланыстырылса, ал ол үш бұттың жануар мүсіні түрінде сомдалуы культтік рәміз болып есептеледі.

Жетісудан табылған қола қазандардың үш бұтындағы, сондай-ақ құлақтары мен ернеуіндегі таутекелер мен киіктердің мүсіндері жай ғана сәндік әшекей емес. Олар ең алдымен сол ыдыстың ритуальдық сипатын айқындап тұр. Таутекені дүйім жұрт ең “таза” құрбандық мал, құдайы аң деп есептейді. Сондықтан да қарлы шыңдарды мекендеуші аңдар құрбандық мал ретінде шалынған соң, қола қазандардың да қасиеті арта түскен. Әуелі зооморфты өрнектермен өрнектелген қазандардың өзі де құрбанмалдың орнына жүргенде шығар. Ежелгі қоғамда зооморфты өрнектелген ыдыстан ритуальды сусын ішуді де құрбанмал шалу ісімен байланыстырған (Антонова, 1986).

Жетісу мен Алматы аумағынан табылған металлдан жасалған қазандардың арасынан жоғарыда атап өткеніміздей, құйтақандай қазандарды бөлек қарастырған жөн. Ондай олжалардың соңғысы деп Талғар қаласының аумағындағы Бесағаш көмбесінен (Байпақов, Исмагил, 1996), сондай-ақ Кеген ауданы мен Қоғалы өзенінің аңғарынан табылған кішкентай қазандар мен бақыраштарды атауға болады. Мұндай қазандар Минуса ойпатындағы көп кісі бірге жерленген көрдің лақатынан да табылған, ондағы қазандардың түбінен өртелген бір заттардың қалдығы мен ертіндісі кездескен, демек ол қазандар шамдал орнында пайдаланылып, наркотикалық заттарды тұтандыруға арналған болса керек. Мысал үшін, Алтайдағы әйгілі Пазырық қорымындағы №2 обадан ішінде қарасораның дәні бар қазанша-шамдал мен төртбұрышты шамдал табылған. Бірқатар зерттеушілердің бірыңғай пікірі бойынша, скиф-сақтар жерлеу ғұрпында пайдаланылған галлюциногендердің (қарасора, адыраспан және т.б.) дәндерінен шыққан түтінді иіскеп, содан экстазға (кайіф күйге) жеткен, сөйтіп марқұмды ғұрыптық жырлар айтып, о дүниеге шығарып салатын болған.

Осындай құйтақандай қазаншалардың шүмексіз, ұзын мойынды, үлкен құлақты болып келуі оларды Жетісуда дәл жоғардағыдай мақсатта, яғыни, шамдал ретінде пайдаланылған-ау деген жорамалды қуаттай түседі. Демек, қазаншалар да үлкен тайқазандар сияқты биліктің нышаны, әулет пен рубасының, “кош” басының рәмізі (молаларда) ғана емес, сонымен бірге бақиға аттанып, о дүние сапарына “жетудің құралы” да болып есептелген. Мұндай шағын қазаншалар сияқты ыдыстардың арасынан шүмектілері де кездеседі, әрине, ол сусын құйып, сақтауға арналған.

Бұлардан өзге тағы бір тұрпаттағы қазандардың құрамдас бір элементтері (тұғыры) Ғарыштың вертикальды құрылымына сәкестендіріледі және де ол алуан образдар арқылы әлем моделін бейнелейтін ыдыс—адам—ағаш—таулар сынды изофункциональды және изоморфты жағынан бір-бірін толықтыратын элементтер қатарына кірген. Бұтсыз қазандарды асу үшін металлдан жасалған мосылар немесе тастар пайдаланылған болуы мүмкін.

Тұғырға орнатылған қазан әлемдік таудың бейнесі ретінде неғұрлым киелі жерге, атап айтқанда тұраржайдың немесе ғибадатхананың ортасына, ошаққа қойылады. Көне замандағылар, қалыптасқан ұғым бойынша, ондай қазандарды өздеріне көктен, әлемдік таудың ұшар шыңынан жіберілген бақ-дәулеттің (су, азық-түлік) үлесі деп түсінген. Ал ғұрыптық салтта мұның маңызы тіптен арта түскен.

Мұнан тыс, кеңістіктің изоморфты бейнесін елестететін кез-келген ыдыстардың әр бөлігі құылыс, тұраржай, қоршаулардың құрылымымен байланыстырылған. Көне замандағылар қазандардың “ескен жіп” сияқты өрнектермен “безендірілген” тұла-бойын, анау-мынау емес, ең алдымен өздерінше оны азық-түлік пен игіліктің (ғибадатхана,жер т.б.) жаратып беруші антро-зооморфты жанды зат деп таныған түсінігі бойынша өзге де табиғи және мәдени нысандармен семантикалық жағынан байланыстыра отырып қабылдаған. Сондықтан да, осы тұрғыдан ыдысты құт-берекенің белгісі, әрі ғибадатханаға тарту-сыйлық деп білген. Демек, ыдыстың өзі медиатор ретінде ғибадатхананың балама кескіні (құрылымдық элементтері бойынша), немесе молшылықтың нышаны (функциасы бойынша) болған.

Ыдыстардың функциасын негізінен кеңістіктік айқындамалар арқылы белгілеген. Мәселен, бос ыдыстың іші жамандықтың нышаны, теріс мән береді, ол өзге, бөтен дүниені білдіреді деп оның аузы сол қауіпті о дүниеге (тамұққа) бастайтын кірер есікке теңестірілді. Ал іші асқа толы ыдыс игіліктің, молшылықтың, жетістіктің белгісі деп қабылданып, жақсылықтың нышаны болады деген мәнге ие болған. Жетісулық қазандардың бүйіріне ескен жіп сияқты өрнектердің, ернеуіне жыртқыш аң мүсіндерінің салынуы, әрине, бұл жерде оны сомдаушы шеберлердің алдына қойған танымдық мақсаттарын бірден айқындап тұр. Олар осылайша, шамдалдар мен құрбандық үстелдердің өлшеміне сай мысық тұқымдас жыртқыш аңдардың (және торпақтардың) мүсіндерін өз мән-мағынасымен орны-орнына қоя білген.

Әрине, семантикалық жағынан барша ыдыстың өз орны, арқалар жүгі бар, ыдыс ретінде қазан игілік пен молшылықтың бейнесі, сондықтан да ол тұраржайдың, қоныстың, игерілген кеңістіктің кіндігі болған ошақпен байланыстырылады. Ал мынаны ескеретін болсақ, яғыни, қазанда шикі асзық-түлік қайнатылып, пісірілгеннен соң ғана адам баласы оны жеуіне болады, демек, бұны “өзге” мен “өздің” арасын, аңдық пен кісіліктің парқын айқындаушы деп түсінсек онша қате болмас. Осылайша, қазандар бұл тұрғыдан әлем сфералары арасындағы дәнекер, медиатор міндетін орындаған, сондай-ақ, қазанның өз түр-тұлғасы айтып тұрғандай, ол тағы да әлем осінің баламасы ролін де атқарған.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайының қорында Каменский үстіртінен табылған бір қола қазанның сынығы сақтаулы, оның бүйірінде лира пішінді мүйізі бар тұяқты екі жануардың бедерлі бейнесі салынған. Қазанның ернеуін бойлай бөгенайы жыртқыштардың белгісіне келетін, яғыни тісін ақситып, аранын ашқан аңдардың мүсіндерімен көмкерген. Ежелгі көшпелілердің өнері мен мифологиясында бейнеленетін жыртқыштардың функциясы—ол шек-шекараны қорғау болып табылады. Сондықтан да олардың мүсіндерінің қазанның аузына, ернеуіне, шүмегіне орнатылуы сол ыдыстың ішіндегіні сақтау деген мәнді білдірсе керек. Ритуальды ыдыс есептелетін қазандардың бүйіріне тұяқты жануарлардың мүсіндерінің салынуы ол жануарлардың құрбандық мал ролін атқарғанын көрсетсе керек. Дегенмен де, қазандардағы жыртқыш аңдардың бейнелері Жетісуға ғана тән стилистикалық қағидаларға сай келе бермейді, яғыни олардың басы үлкен, төртпақ, сопақ құлақ, дөңгелек бедерлі тамшы тәріздес көзді, тұлға бітімі сыиықсыздау әрі икемсіздеу, аяқтары дотпыйған, құйрықтары да бір түрлі болып келеді. Мұнда жыртқыш аңдардың жиынтық бейнесі берілген, ол бөрі болуы да мүмкін. Барлық мүмкіндіктерді қарайластыратын болсақ, онда бұл бейнелердің семантикалық жағынан арқалар жүгі біреу-ақ дер едік, яғыни шамдал табағында, қазан ернеуінде орналасқан олар құдайлар мен ата-бабаларға арналып құрбандыққа шалынған жануарлар жатқан киелі кеңістіктің шек-шекарасын күзетуші ролін атқарған.

Жалпы металлдан жасалған ыдыстар (қазандар), құрбандық заттар құрбан шалу мен молшылықтың белгісі болып табылады, жануар бейнелері арқылы оларды құрбандық туралы таным -түсініктермен байланыстыруды меңзеген.

Құрбандыққа жануарларды шалудан тыс, жазбаша деректемелер мәліметінше масайтқыш сусындар мен есісрткі заттарын пайдалану арқылы өткізілетін ұжымдық ғұрып-салттардың да болғаны белгілі. Оларды дайындау мен сақтауда тағы да сол әр түрлі көлемдегі қазандар пайдаланылған. Қазандардың үлкен- кішілігі де ерекше маңызды деталь есептеледі, өйткені ол белгілі ғұрыптық салтқа қатысушылардың санын білдіреді. Көптеген архайкалық дәстүрлердегі ғұрыптық салттардың әдетте axis mundi деп айқындалған әлемнің кеңістік пен уақыт түйілісіндегі кіндігінде өткізілетіні белгілі. Ол орталықтағы кіндік кеңістік пен уақыттың ең бір киелі нүктесі есептеледі. Дәл сол нүктеде, уақыттың дәл сол сәтінде құрбандық шалу рәсімі өтеді. Кез-келген нысанның горизантальды кеңістіктегі сакральдылығы бір-бірімен “тетелес” келетін, атап айтқанда, ел-қала-ғибадатхана-алтарь-құрбандық сынды өзге де нысандар арқылы арта түседі.Сакральды құндылығы бойынша ол нысандардың дәрежесі де әр түрлі, ретімен атасақ: ғибадатхана, алтарь, әлем байтерегі, әлем тауы...және т.б.(Топоров, 1997).

Қазан мен ошақ— “өз” кеңістіктігінің кіндігі, әлемнің қыйылысушы нүктесі, былайша айтқанда, киелі жерді, құрбандық шалынатын жерде өтетін рәсім-салттың орнын белгілейтін қажетті элемент есептеледі. Оны қолдан жасалған немесе табиғи биіктік, кей жағыдайларда оның орнын ауыстыра алатын жасанды элементтер—құрбандық үстелі мен шамдалдар толықтырады.

Ғұрыптық практикада жер бедерінің ерекшеліктеріне бола пайдаланылған белгілі орынды киелі санау салтының кейінгі этнографиялық дәуірлерге дейін, соның ішінде көне түріктерде де жалғасып келді, олар тауда тасаттық беріп, құрбан шалатын болған. Енді бір жағынан, әлемді (оның ішінде “тамұқ” та бар) байланыстырушы өзен туралы белгілі түсініктер ғұрыптық іс-әрекеттер де кейбір ритуальды заттарды, мәселен, ритуальды ыдыстағы шамдарды суға тастап, өзен бойымен төменгі дүниеге жіберу сынды салттардан көрініс табады.

Соған қарағанда, Іле Алатауының теріскей бөктерлеріндегі ертедегі көшпелілердің обалары мен металлдан жасалған қазандардың табылған жерінің кеңістіктік орналасуы жағынан жақындығы кездейсоқтық емес көрінеді. Ежелгі заманда өлара күндер, атап айтқанда, әлеуметтің молшылыққа кенелуінің кепілі болған патша-көсемдердің өлімінен соңғы және ескі жылдың соңғы күндері өте-мөте қатерлі саналғаны белгілі. Хаостың мұндай сәтінде белгілі ұйғарымдарды қатаң сақтап, молшылыққа жету және жалпы үйлесімділікті орнықтыру мақсатында жоғарғы абыздың басқаруымен бірсыпыра ғұрыптық іс-әрекеттер өткізу керек болған. Алматы аумағындағы “патша молалары” деп аталып кеткен көптеген обалар мен құрбандық заттары бар қазандардың табылған орындар дәл осындай ғұрыптық іс-әрекеттер өткен жерлер болуы әбден мүмкін.

Көмбелердегі” қазандардың орналасуы, айталық, қазандар бір-біріне кигізіліп, үстіне тағы да қазан жабылып, жанына құрбандық үстелі мен шамдал қойылуы, кейде кертпеш жерге төңкеріп қою, не текшелеу жерге тігінен қою, ремонттың ізін бойлай құрым күйе жағу т.б. белгілер олардың белгілі бір уақытқа дейін сонда қалдырылып, бірақ керек кезінде пайдаланылмай қалғандай әсер береді. Бұл арада мынадай сұрақтар туындайды: олар мұнда жөн әншейін жасырылған ба, әлде кезекті ғұрыптық істі атқарғанға дейін әдейі қалдырылған ба, жоқ әлде абайсызда иен қалған ба, немесе киелі жайдың иесі бақиға аттанған соң, оның қажеті жоқ деп тасталған ба? Не болмаса бұл атқарылар ғұрыптық шараның бір ерекшелігі ме?

Бұл тұрғыдан, 1962 жылы “Каменское плато” деп аталатын санаторийдің аумағынан табылған, бір өзінен 10 қазан шыққан “көмбе” ерекше назар аудартады. Олжалар табылған жер—қақ ортасын батыстан шығысқа қарай ағып жатқан өзенше бөлген биіктеу кең алаңқай. Ол жер көп кісілер қатысатын ғұрыптық іс-әрекеттерді өткізуге қолайлы. Ертеректе үлкен жиын-тойлар мен тасаттық бергенде төбелерге, немесе оның етегіне жиналып, ғұрыптық іс-әрекеттер өткізетіні мәлім. Осыған сәйкес онда дәу тайқазандар пайдаланылған. Бұған дәл сондай бір ұланасыр жиында үш бұты түйе мен арқардың бас мүсіндерімен әшекейленген темір мосыға тай қазан асылып, ас берілгені жайында І.Жылқайдаровтың жырлары айғақ бола алады (Спасская, 1954-1955). Көп кісі қатысқан ас пен құрбан шалып, тасаттық беру рәсімі туралы әңгімелеушілер құрбан малдың етін асқан қазандардың көлемі мен санын да атап өтеді, онда кейбір тайқазандардың үлкендігі соншалық, одан піскен етті “алып кетпендей” ожаумен сүзіп алатын болған.

Ғұрыптық іс-әрекеттер мен жиын-тойлардың аралығындағы мезгілде қазандар ( ритуальды ыдыстар) арнайы орында сақталатын болған. Тағы да сол І.Жылқайдаров ақынның жырларынан белгілі болғандай, пайдаланбаған кезде қазандар келесі ас пен жиын-тойларға дейін төңкерілген күйде (бұты аспанға қаратылып) жататын болған. Шынында да, қазақ ғұрпында көп жұрт қатысатын үлкен жиын-тойларда пайдаланылған барлық ыдыс-аяқтар бір жауапты кісіге тапсырылып, арнайы жерде сақталатын болған.

Аталған этнографиялық паралеллдер қазандардың ешқашан арнайы көміліп, жасырылмайтындығының, керісінше белгіленген бір жерде сақталатындығының жанама аргументі бола алады. Ал олардың саны мен көлемінің әр түрлілігі ондағы ғұрыптық ас-жиынға қатысушылардың санына байланысты болады.

Жетісудан табылған ғұрыптық мәні бар қола бұйымдардың келесі бір келелі парасы—шамдалдар мен құрбандық заттар. Олардың киелі мәнге ие болғанын және ғұрыптық рәміз ретінде қолданылғанын ол заттардың бізге табылған кездегі пішіні, ернеулерінің жануар мүсіншелерімен көркемделуі, табақшаларының ортасындағы бейнеленген көріністері мен сюжеттері, сондай-ақ білте тұтатуға арналған түтікшелерінің болуы бұлтартпай айғақтайды.

Шамдалдар негізінен сындарлы әрі өзінің нағыз мәнін айқындайтын екі бөлектен құралады, олар—табақшасы мен тұғыры. Олардың ғұрыптық рәміз ретіндегі тұтас пішімін әлем байтерегі туралы жалпылама концепцияның бір көрінісі десек те болады. Оның пирамида немесе конус тәріздес болып келетін тұғыры вертикальды тұрғыдан жер мен көкті тұтастырушы Дүниенің тұтас діңі есептелетін әлем тауы мен әлем байтерегі туралы идеяның пішінді көрінісін бейнелейді. Тұғырға орнатылған төртбұрышты немесе дөңгелек табақша төрт төңіректі, былайша айтқанда горизонтальды бағыттағы кеңістік идеясының нышаны есептеледі. Ал шамдалдың өзі жоғарғы ( құдайлар мекені) дүниемен адамдар әлемін байланыстырушы әлем байтерегі ретінде қарастырылады. Оның неғұрлым киелі саналатын кіндік тұсында, әлемдік ості бойлай белгілі мифологемді білдіретін композиция орналасады. Шамдал табақшасының жиегін бойлай мүсінделген жануарлар құрбандыққа арналған алаңның күзетшісі, киелілендірілген микрокеңістіктің жасаушысы міндетін атқарған. Табақшаларда түтікшелердің орнатылуы немесе ондағы аң мүсіндерінің арқасынан тесікшелер ойып қоюы, әрине, шам білтелерін жағуға арналған. Әлбетте, от, түтін, жұпар иіс құдайлар әлемімен немесе ата-баба аруағымен қатысты ғұрыптық іс-әрекеттерде соңғы этнографиялық кезеңдерге дейін ерекше мәнге ие болып келді. Білтеге немесе шырпы шамға арналған вертикальды тұратын түтікше киелі рәміз ретінде әлем осінің, әлем байтерегінің, құрбандық бағанасының баламасы қызметін атқарған. Сондықтан да, құрбандық заттардың үстінде немесе шамдалдарда құрбандық бағанасының жанында аңдардың арпалысы мен шайқасы көріністері бейнеленген мүсіндік композициялардың орналасуы, қасиетті отты тұтандырып, жағу семантикалық мәні тұрғысынан өзара байланысты болмақ. Шамасы, шамдалдарды төртбұрышты алтарьлардың (құрбандық үстелінің) үстіне орнатуды жер жүзінің мифологиялық кеңістігінің горизонтальды проекциясы деп түсінген жөн сияқты.

Сондай-ақ жиегінде дәл сондай микроғарыштың киелі шек-шекарасын күзетуші қанатты аңдар орналасқан, төрт сирағы ірі болып келетін құрбандық үстелдер шамдалдардан әжептәуір үлкен. Мұнда, бәлкім, нендей де бір ғұрыптық іс-әрекеттерді өткізу барысында болатын ырым-жырымдарды түбегейлі шегіне жеткізу мақсатында көріністер мен мистериялық құбылыстарды шамдал табақшасына көшіріп бейнелеу керек болған шығар. Алтарьлар мен шамдалдар жұрт үшін неғұрлым киелі саналатын, яғыни, олар жердегілер мен көктегілерді анағұрлым етене байланыстыратын кеңістіктің бір кіндік тұсына— “ғибадатханада”, киелі жайда орналастырылатыны сөзсіз. Шамдалдардың терең бір мәнді нышаны—Ғарыштың үштік құрылымын толыққанды білдіретұғұн және де әлемдік тау шыңындағы нендей де бір киелі кеңістікті бейнелейтұғұндығында болса керек, ендеше ондай нағыз киелі де, қасиетті жер деп “Аспан тау”—Тяньшанның бөктерлерін қалай атамасқа болады!

Шамдалдар мен құрбандық үстелдерді аң мүсіндерімен әшекейлеп, сомдауда оларды топтастыру мен таңдау ешқашанда кездейсоқ жағдайда болмайды. Олардың әр қайсысының өзіндік арқалар мәндік жүгі бар, дегенмен де олар зооморфтық кодте тұтастай жеке жүйе қалыптастырады.

Шамдалдардың табақшасында көбінесе мысық тұқымдас жыртқыш аңдардың, оның ішінде барыстардың мүсіні ең жиі сомдалады. Асқар қарлы шыңдарды мекендеуші барыстың бейнесін таңдай отырып, жер бетінен қалайда биік тұрады дегенді меңзегендей жетісулық бірсыпыра алтарьлар мен шамдалдардың табақшаларын дәл осы аңның мүсінімен әшекейлеген. Бұндай бейнеге семантикалық екпін, кейде, қосалқы элемент—қанат бітіріп суреттеу арқылы беріледі, оның бір жарқын үлгісі—1912 жылы табылған Жетісудың алып алтарьі мен төртбұрышты шамдалы дер едік. Мұнда сомдалған жетісулық мысық тұқымдас жыртқыш аңдардың бейнелері өздеріне ғана тән бірсыпыра стилистикалық белгілерімен ерекшеленеді, атап айтқанда, олардың бастары жуан, желкесі қысқа, салпаң құлақ, қушық жақ, тісі ақсиған, ұзын құйрықтары бүгілген кейіпте сомдалады.

Ерменсай кентінен табылған шамдалдың табақшасындағы барыстардың мүсіндері тұтас композицияның орталығындағы таутекелер мен екі бөрінің және қарғалардың арасындағы сұрапыл шайқас көрінісін қоршай орналастырылған. Олар құрбандық шалу рәсімі өтіп жатқан орталықтағы киелі кеңістікті таласа бөлісуде. Мұнда, бәлкім, өлім мен өмір алма кезек алмасады, ал құрбандық келесі өмір жалғастығының кепілі деген мәңгілік идеяны меңзеп тұрса керек. Ежелгі замандағылардың мифопоэтикакалық түсінігі бойынша бөрі бейнесі жауынгердің идеалы, әскери қосынның көсемінің нышаны ретінде қабылданған. Ежелгі заманның авторлары Алдыңғы Азияға жасаған әскери жорықтары кезіндегі жас скифтердің жауынгер қосындарын дұшпандарының мәйітін күшігендермен бірге жейтін ит-құсқа теңеген. Көптеген халықтардың ауыз әдебиетінде қарға бейнесі соғыспен және ұрыс алаңындағы батыр өлімімен байланыстыру осы күнге дейін сақталған. Демек, Ерменсайдан табылған шамдалда бейнеленген көріністер қасиетті соғыс және соғыс құдайына құрбандық шалу идеясымен байланысты құрылған (Джумабекова, 1998а).

Дәл осындай көрініс Хань әулетінің елшісі Чжан Цяньның жазбаларындағы әйгілі сюжеттен бейнесін тапқан. Онда айтылуынша, Ұлы юечжилер усуньдердің көсемі Наньдоумиді өлтіріп, оның жерін жаулап алады. Ал оның ұлы Куньмо ол кезде әлі бала екен. Оның тәрбиешісі оны шалғынды шөптесін жерге қалдырып, оған азық іздеп кетеді. Ол қайта оралғанда нәрестені қаншық бөрінің емізіп, ал қарға аузына ет тістеп алып, жанында ұшып-қонып жүргенін көреді (Зуев, 2002). Есейіп-ержеткен Куньмо өз елінің күшті билеушісі болып, Ұлы юечжилерден кеткен әкесінің кегін қайтарған екен.

Зерттеушілер усуньдерге тән деп шешкен Жертісудың ертедегі көшпелілерінің жерлеу ескерткіштерінде ( обаларында) кейде кісі мәйітімен бірге итті қосып жерлеу ғұрпын кездестірген. Иттер ежелгі замандағылардың мифологиялық түсініктерінде өте күрделі семантикалық мәнге ие болған. Иттер төменгі, қараңғы, хтоникалық әлеммен байланыстырылады. Ежелгі мифологиялық түсініктердегі бұл жануардың кейбір бейнелерін атап өтер болсақ, Аиданың қарақшысы—қабаған ит Цербер; Этрусск патшалығының билеушісі, жансыз Энту; Яма тамұғының билеушісі—төрткөз иттер; Түнек құдайы Гекатаның соңынан еріп жүретін иттер тобыры және т.б. Көптеген халықтар иттің ұлуын жамандықтың, тіптен әуелі өлімнің хабаршысы деп білген. Ит-құстың жерлеу ғұрпымен байланысы зороастра дінінде ерекше байқалады, онда екі ит Чинват көпірін күзетеді, жұмаққа жол бастаушы бикештің серігі де екі ит; иттер құстармен бірге өлгендердің мәйітін талайды ( Sagdid салтанатына қатысушылар). Ғалымдардың пікірінше, иттің мәйітін қою көптеген сақ тайпаларында да болған. Дәстүрлі ғұрыптық жерлеу салтында иттерді қоса жерлеу осы заманғы этнографиялық кезеңге дейін сақталған.

Тағы да бір тың олжа да қызығылықты тартымды, ол 1978 жылы Алматыға таяу жатқан Талғар ауданы Панфилов кентінің түстік іргесінен кездейсоқ табылған түйе мүсінді шамдал. Шамдалдың композициясы мынадай, шамдал табақшасының орталығында түрегеліп тұрған екі түйенің, ал табақшасының ернеуін айналдыра тағы да дәл осындай сегіз түйенің мүсіні бар. Түйелер жайбарақат маңқиып тұрған кейіпте сомдалған. Скифтік-сібірлік аң стилінің қағидаларына қарамастан, түйелерге кейде жыртқыштық белгілер де ( аузын ашып, тістерін ақситып, бадырақ көз, салпаң құлақ, биік кекіл етіп) берілген, мүсінде спецификалық бөліктер, атап айтқанда, өркештері, шұйдасы, аяқтарына дейін түсіп тұрған жұмсақ та, қалың шудасы айқын бедерленген. Түйе бейнесі әрқашан күшті әрі маңғаз жануардың рәмізі болды. Ол Хварн (Фарн) және Веретрагна құдайларының бейнесі есептеледі, әрі бұл даңқ, жеңіс, күш-қуат туралы түсініктермен байланысты болуы да мүмкін. Шамдалда екі өркешті түйе мүсінінің орнатылуы, әрине, белгілі бір мифологиялық негіз бойынша жүзеге асырылған ( Григорьев, Исмагил, 1999; Тасмагамбетов, 2004)

Шамдал табақшаларындағы көріністерде жануарлар бейнелері ғана емес, кісі мүсіндері де кездеседі. Олардың арасынан 1979 жылы қазіргі “Самал” ықшамауданынан табылған шамдалды бөліп атаған жөн (Кадырбаев, 1996). Бір жақсысы, осы олжа табылған жерден ауданы 130 кв.м. келетін саз балшықтан тегістеліп жасалған дөңгелек алаңқайы бар киелі жайдың (ғибадатхананың) жұрты табылды, жұрттың ортасынан қазандықтың орны, сапалы жасалған қыш ыдыстардың көп сынығы, бояу үгітетін тастар, жануар сүйектері т.б. кездескен. Табылған ыдыстардың арасында меске, табақ және т.б. шаруашылықта пайдалануға арналмаған көптеген ыдыстар бар. Киелі жайдың (ғибадатхананың) жұрты болуы мүмкін деп отырған арнайы дайындалған алаңның орны Ерменсайдағы авариалық күйге душар болған шамдал табылған жерде қазба жұмысын жүргізген кезде анықталды.

Самалдан” табылған шамдалдың ернеуін бойлай қатарласа шұбырып шауып бара жатқан зебу тектес бұқалар, ал табақшаның ортасында екі салт атты мергеннің мүсіні орналастырылған. Бұқалардың бастары ту сыртына қарай қайырылған. Бейнеленіп отырған жануардың кейбір белгілері, атап айтқанда, мүйізі, сабалақ жүні, сарлықтыкіндей құйрығы бірден көзге ұрып тұр. Ал мергеннің мүсіні өзінің киімімен, шашы, бет әлпеті, ертедегі көшпелілерге ғана тән құрама садағына дейін барша белгілерімен келісті сомдалған. Салт аттының сол жақ бүйірінде қорамсағы да бедерленген. Ат әбзелдері—ноқтасы, ері, өмілдірік-құйысқаны түгел қалпына келтірілді. Ат үстінде отырған мергеннің арқасында білте-шам тұтатуға арналған тесік бар. Барлық кейіпкерлер, тұтас көрініс динамизм мен экспрессияға толы. Аталған шамдалдағы сюжет те мифологиялық мәнге ие, ол белгілі бір ғұрыптық істі атқару кезінде пайдаланылған. Олжаны алғаш зерттеуші М.К.Қадырбаевтың пікірінше, бұл шамдалдағы композицияны Митра құдайының антропоморфты бейнесіндегі ер адамның отқа айналуы идеясының көрнекілендірілуі деп түсіндіруге болады.

Тыныш түрегеліп тұрған жылқы мен жанында отырған адам мүсіні бар Есіктен табылған шамдалдағы көріністе де мифологиялық сюжет бейнеленген. Алдыңғы шамдалдағы композицияда есіктік кейіпкер қозғалыссыз, тыныштық сақтаған кейіпте неғұрлым стилдендіріліп бейнеленген. Жылқыны сомдағанда оның әбзелдерін, ал кісінің киім-кешегі мен бет әлпетін анағұрлым көрнекілендіріп берген. Есік көмбесінен жоғарыдағы қола шамдалмен бірге мектеп оқушылары тағы да Талғарға баратын автожолдың маңындағы жыраның түбінен кездейсоқ жағдайда бір темір, екі қола қазан, темір шамдал (сақталмаған) және екі мыс саптаяқ тауып алған (Мартынов, 1955).

Белгілі бір функцияны атқаратын мифоритуалдық кешеннің күрделі жүйесінде, әсіресе құдайлар мен ата-баба рухына арнап құрбан шалғанда майланған матаға оралған білтелі, таяқшалы шырағдандар пайдалынатын болған. Ғұрыптық от тұтандыру дәстүрі тым көне ғасырлардан бері бар, ол Орталық Азияның бірсыпыра халықтарында қазірге шейін сақталған, мысалы, ол өлгендерді еске алып, ата-баба аруағына арнап құрбан шалған кезде атқарылады. Онда шам ( өсімдік сабағы, білте) жағылады, май шелпек пісіріледі, өзеннің бас жағында қазан асылып, құрбан малдың еті пісіріліп, жұртшылық болып ас беріледі, онан соң жаппай дұға оқылады.

Үйлесімділік пен тәртіпті орнату мақсатындағы тұтас ғұрыптық іс-әрекеттер өткізілгенде қасиетті отпен аластау белгілі әлеумет өмірінің ең шарықтау шегі деп есептелетін сәтте жасалады.

Демек, қазандар құдайы ас дайындауға арналған. Діни-мифологиялық мазмұндағы рәміздік көріністері және жанулы білтесі бар шамдалдар мен алтарьлар, сірә, кез-келген ғұрыптық әрекеттің соңғы мақсаты болып табылатын құдайлар, ата-бабалар әлемін байланыстырушысы, Ғарыштың мифологиялық сфераларын жалғаушысы тәрізді. Ал бұл байланыс өзара комуникациялық сыйпат алған, сондықтан да онда құдай мен ата-бабаларға мінажат етіп, құрбан шалу арқылы жақсылыққа жету, сондай-ақ қауіпті өлара күндерде тыныш үйлесімділікті орнату көзделген көрінеді.

Орта ғасырлық эпикалық әңгімелерді талдап көретін болсақ, қазандардың ғұрыптық мақсаттағы мәні мен олардың рәміздері ру-тайпаның асыраушысы және көшбасшасының белгісі, марқұмның жоғары әлеуметтік мәртебесінің көрсеткіші ретінде ХІІ-ХІІІ ғғ.ға дейін сақталғанын аңғарамыз. Әрине, бұл дәстүр өз тамырын сонау ертедегі көшпелілер дәуірінен алады.

Жетісудағы киелі жайлардың дені сақтардың билеуші тобына тән, яғыни, “патша” тұқымы мен ақсүйектерге қызмет еткен болуы мүмкін. Ғұрыптық рәміздер, соның ішінде қазандар да көсем билігіне бағынышты кісілердің санын көрсетеді. Шын мәнінде, олардың бір жерге шоғырлануы оның тұтас әлеуметтің саяси және діни орталығы болғанын аңғартады.

Қоладан жасалған ғұрыптық көркем бұйымдардың Жетісудың жекелеген аумағына шоғырлануы, қазандардың неғұрлым сыйымсыздығы, зираттармен, соның ішінде “патшалық” обалармен жанама байланысы—аталған аймақты Еуразиядан бөлектеп тұратын көрнекі фактор есептеледі. Мұның өзі бұл жерде сақтардың алғашқы мемлекеттік құрылымының саяси және діни орталығының қалыптасқандығын білдіреді.

Көптеген зерттеушілер, оның ішінде К.Ақышев Жетісуда ертедегі темір дәуірінде тиграхауда сақтарының тайпасы, яғыни “шошақ бөрік киген” сақтар өмір сүрген (Акишев.К., 1978; Акишев, Кушаев, 1963).

Жетісудағы ертедегі көшпелі тайпалардың даму деңгейін әйгілі Есік обасында жерленген “алтын адамның” материалдары бойынша болжауға болады. Онда жерленген көшпелілер ақсүйегінің алтын бұйымдармен әшекейленген салтанатты киімі мен бас киім әшекейлері, сонымен бірге өзгеде ақыреттік заттар өте күрделі рәміздік мәнге ие. Оларға жасалған анализ археологтарға мынадай болжам жасауға мүмкіндік берді, яғыни мұнда тұтас бір бағынышты әлеуметтің молшылыққа кенелуінің және Әлеммен үйлесім табуының кепілі салауатындағы, жоғары билеуші әрі абыз ролін атқарушы көсем жерленген. Онымен бірге қоса көмілген ақыреттік заттар киелі рәміздер саналады. 26 таңбадан тұратын жазуы бар күміс тостаған—алғашқы мемлекеттіліктің қалыптасу сатысында тұрған Жетісудың ертедегі көшпелілері қоғамының жоғары даму деңгейінің маңызды көрсеткіші (Акишев К., 1978; Акишев А., 1984).

Көркем қола бұйымдардан тыс, Алматы аумағы мен оның төңірегінен жебе ұштары, қанжарлар, семсерлер сияқты сақтар қару-жарағының мол олжасы табылғаны белгілі. Ертедегі көшпелілердің—жауынгерлер мен аңшылардың өмірінде қару-жарақ та жылқы сияқты аса маңызды рол атқарды. Семсер олжаларын семсерге, соғыс құдайымен байланысты Арес культіне табынушылықтың айғағы және әскери жеңістің рәмізі деп қабылдаған жөн. Геродоттың жазуынша (ІҮ, 59,62), б.з.д. І мыңжылдықта Солтүстік Қаратеңіз жағалауын мекендеуші скифтер шыбықтан төбешік тәрізді ғибадатхана тұрғызып, оған темір семсер іліп қоятын болған. Ол семсерге арнап олар жыл сайын жылқы, іріқара мал және тұтқындарды әкеліп құрбан шалады екен. Мұндай ғибадатханалар Солтүстік Кавказда да болған, ондағы алып Ульский және Уляпский обаларының төбелерінде ғұрыптық іс-әрекеттердің өткенін айғақтайтын іздердің болғаны естелікке алынған. Соғыс құдайы мен Арестің қару-жарағы ежелгі көшпелілер қоғамындағы қадыр тұтылатын ең негізгі нысандар болды деуге болады. Алматы аумағынан табылған қару-жарақтың аса мол олжасы сондай ғибадатхананың индикаторы және сол бір дәуірдегі сұрапыл ұрыс пен әскери рұхтың куәгері дер едік. Археологтар әлі де зерттей қоймаған қала төңірегіндегі көптеген әйдік обалар немесе төбелер, мүмкін, дәл сондай соғыс құдайы мен қару-жараққа арналған ғибадатхана немесе алтарьлар шығар.

Скиф-сақтардың соғыс қоғамның қозғаушысы ретінде үлкен рол атқарды да, соғыстың құдыреттілігі туралы түсінік басым болды, соғыс тұтандырушы топтар мен ер жауынгерлер одағы қалыптасты, өздерінің ар-ұждан кодексі мен құндылықтар жүйесі болды. Соғыс культіне, ер жауынгерлер одағына байланысты ритуалдар, жазбаша деректер бойынша, есірткі заттарын тұтынып, масайтқыш сусындар ішумен бірге жүретін болған. Бұл салт сақтардың мәдени өмірінде маңызды орын алды. Олар жаңа әлеуметтік қатынастар мен бағыттарды, қоғамның жаңаша моралін айқындады, көсем билігін нығайтуды негіздеді. Сол заманның қиянкескі өміріндегі барша оқиғалар мен шаралар әскери әрі киелі сипат алды. Ритуальды сусын құйылған ыдыстар бірліктің рәмізі, әрі адамдар мен құдайлар және қахармандандырылған ата-бабалар арасының дәнекері, молшылықтың рәмізі, сондай-ақ инициациялық салттарда, дау-дамайларды шешіп, анттасқанда магиялық дәнекер болған.

Киелі сипатқа ие салтанатты жиын-той, ер-жауынгерлердің қатысуымен масайтқыш сусындардың ағыл-тегіл ішілуімен өтетін астар әлеуметтік дамудың түрлі деңгейіне тән және байтақ өңірде, кең хронологиялық аяда тараған құбылыс саналады.

Масайтқыш сусындар жеңістер туралы кеңінен әңгімеленетін “сіңірген еңбекті тойлайтын” біріккен той-жиындарда, сондай-ақ құрбандық шалынып, ас берілген кездерде көбірек ішіледі. Сусынды тек жеңімпаз әскерлер ғана іше алатынды. Ерлердің жасырын одағы—ересектік өмірге қадам басқан, инициациялық дайындықтан өткен жастардың бірлестігі, бұл дәстүрлі қоғам институттарының бірі. Бұл модель белгілі бір кезеңде өзіндік “элиталық гвардия” құру үшін пайдаланылған. Көсем тұлғаның болмысы киелілендіріле берген соң оның төңірегіне жақын тартқан жастар топтаса бастайды. Осылайша әскери элитаны құрайтын “патшалық” гвардияның (ұланның) негізі қаланатын болуы мүмкін. Онан соң, бәлкім, осы қағида бойынша тек түрік қағанына ғана тәуелді “бөрілер” тобы құрылады. Ғибадатханаларға, патша төңірегіне жақын жүретін, тайпаларға тән киелі жайлар мен көсемдерді қорғаушы ержеткен жастар тобының болуы дәстүрлі қоғамдардың бәрінде бар, демек, Жетісу сақтарында да солай деуге болады.

Сақтардың діні мен мифологиясы туралы маңызды дерек көзі деп жерлеу салты мен ғұрыптық қола бұйымдарынан тыс, аң стилінде жасалған көне өнер туындыларын атауға болады.

Сақтардың аң стилінде жасалған зергерлік өнерінің бірегей туындылары 1988 жылы көктемде Алматы облысы Кеген ауданы Жалаулы ауылының жанындағы арықтың жарқабағынан мектеп оқушылары тауып алған Жалаулы көмбесінен шыққан алтын әшекейлі заттар болды. Ондағы шіріп тозған киіз қаптың ішінен жалпы салмағы 1,5 кг. келетін 649 дана алтын бұйым табылған. Археологтар бұл бұйымдардың денін б.д.д. Ү-ІІІ ғғ.ға тән деп ұйғарған, деседе олардың арасындағы кейбір әшекейлер, мысалы күмістен жасалған белдік жапсырмалары б.д. ІІІ-Ү ғғ.на тән болса керек. Әрине, Жалаулы көмбесінде жасырылған қымбат бағалы заттар киіз қапқа салынғанына қарағанда олар ХІХ ғ.да әр дәуірдің обаларын тонаушылар қазған кезде жинақталған көрінеді.

Жалаулы көмбесінен табылған әлемдік мәдениет қазынасын толықтырар заттардың бір парасы—ат әбзелдері—белдіктің тырнақ тәрізді тоғалары, жүгеннің жапсырмалары, белдіктің тиегі, сондай-ақ аң стилінің жоғары өнеріндегі бірыңғай манерінде жасалған тәж тішіндес әшекей бұйымы және т.б. Бұл бұйымдар тұтас бір жиынтықты құрайды, бәрі де тығыз етіліп сіркеленген әрі шоқырақтап секіріп бара жатқан арқар бейнесімен миниатюрлы мүсін түрімен сәнделген.

Ең тартымды заттар—салалы мүйіздері ағаш бұтақтары тәрізді, гералдикалық түрде орналасқан бір жұп бұғы бейнесі салынған жапсырмалар, бастары бір-біріне қарсы бұрылған ұшып бара жатқан грифон-құс бейнелі жапсырмалар, салалы мүйіздері арқасына қарай жайылған бұғы мүсінді сюжеттегі шығыршықтар скиф-сақтар үшін классикалық үлгідегі бұйымдар саналады. Шайқас көіністері бар жапсырмаларда көбінесе таутекелерді талап жатқан пантералар бейнеленген. Тағы бір назар аудартар бұйым—дөңестеу келген үшбұрышты пластина, оның үстіңгі жағы конус тәрізді инелер түрінде сәнделген, бұл жануардың дене жүндерін бейнелегені болса керек.

Әлбетте, бұл көмбеден табылған көптеген бұйымдар қалай дегенмен де Алматы төңірегінде әлі де кездестіруге болатын “патшалық” обалардың бірін тонаған кезде шыққаны белгілі. Скифтік-сібірлік аң стилінің ең таңдаулы дәстүрінде сәнделген Жалаулы алтын бұйымдары, сөз жоқ, жоғары әлеуметтік мәртебеге ие кісінің салтанатты киімінің бөлшектері. Ол тайпа көсемі немесе патша болуы мүмкін. Кейбір бұйымдар оның атының әбзелдеріне тән болса керек. Оны алтын бұйымдардағы бейнелердің рәміздерінен аңғаруға болады. Мәселен, гералдикалық бұғылардың сирақтары бүгілген, мүйіздері ірі, әрі бір келкі емес, мүйізінің салалары композицияның орта тұсында өзара біріктіріліп берілген. Орталық осте биікке ұмтылған құстар бейнеленген. Аталған композицияда мифологиялық axis mundi-дың стилдендірілген бейнесі, әлемдік бағана, әлем бәйтерегінің семантикалық баламасы суреттелгені айқын. Құс бейнелерінің әлем бәйтерегімен байланысын көне заманның көптеген мифологиялық дәстүрлерінен аңғаруға болады. Құрбанға шалынып жатқан кейіпте көрсетілген бұғылардың мүйіздері әлем бәйтерегінің ұшар басынның моделі, оның осі бойынша симметриялы түрде құстардың орналасуы Көк аспан, Күн, Әлем сынды жалпы адамзаттық рәміздер есептеледі. Демек, бұл жапсырмалардағы сюжеттер мен архитектониканың ерекшелігі онда семантикалық мәндегі зооморфты код арқылы жарасымды Әлем—мифологиялық макрокосм идеясын аңғарту болып табылады. Жалпы, мифопоэтикалық түсінікте бұғылардың өзі “аспандайын”, “күндейін”, “алтын мүйізді” деген эпитет теңеулерге ие. Материал ретінде алтынмен көсемнің шерулік киім-кешегі мен ат әбзелдері, салтанаттық қару-жарақтар және басқа да бұйымдардың әшекейленуі күнге табыну культімен тікелей байланысты. Иконографиялық белгілері, стилстикалық тәсілдері бойынша Жалаулы көмбесінен табылған бұғы бейнелі бұйымдардың б.д.д ҮІІ-ҮІ ғғ.ға тән екендігі анықталды. Бұғыны құрбанға шалып жатқан кейіптегі мұндай бейнелеу өнері тәсілінің аналогиялық үлгілері Алтай мен Минуса ойпатының ертедегі ескерткіштерінде аса молынан кездеседі, мысалы, Алтайдағы пазырық мәдениетіне тән мәңгілік тоң басқан обалардан табылған бұғы мен таутеке кейпінде жасалған жылқы маскаларын атауға болады. Алтайлық археологтардың байқауынша, аяқтары бүгілген бұғы мүсіншелерімен әйелдердің бас киімі де әшекейленген көрінеді. Жануарлардың осындай қалыптағы бейнелері қару-жарақтар мен ат әбзелдерінде де кездеседі. Құрбанға шалынған қалыптағы, әрі құстар қоса бейнеленген бұғылардың бейнесі ерте сақ ескерткіштері саналатын бұғытастарда да ұшырасады, ол да әлемнің тік осін және белгілі бір құндылыққа қатысты ғұрып пен құрбаншалуды аңғартады. Бұл композиция сюжеті мен семантикасы жағынан “алтын адамның” киімі мен шошақ бөркіндегі жануарлардың бейнесіне жақын. Бірсыпыра зерттеушілердің пікірінше, ертедегі көшпелілер өнерінде көп кездесетін жылқы-бұғы-құс бейнелері мифологиялық түсінікте патшаның мәңгілігі және молшылық культімен байланысты, яғыни бір бұйымның тұтас осылай бейнеленуі оның иегерінің өтпелі ғұрыптық істерге қатысуын, енді бір жағынан ол күн құдайы идеясын білдіреді. Ерте сақ кезеңіне тән жалаулының бұғы бейнелі бұйымдарының мерзімінің дәлдігін Шығыс Қазақстандағы әйгілі Шілікті обасынан тыңынан табылған олжалар да тиянақтай түсті (Самашев, Толеубаев, Жумабекова,2004). Бұл обадан табылған алтын әшекейлерді жасауда да ұқсас көркемдік шешімдер қолданылған, атап айтқанда олар бір-біріне қарап тұрған тау теке протомы, ал композиция ортасында төмен қарап тұрған құс. Шілікті обасынан шыққан бұйымдарға да көс салу (инкрустация) тәсілі пайдаланылған. Украйна ҰҒА Қоршаған ортаны қорғау геохимиясы институты зертханасының анализі бойынша моланың авспютты жасы б.д.д 690-644 жж. екендігі анықталды.

Жалаулы көмбесінен табылған үшбұрышты пластина конус тәрісдес инелер түрінде әшекейленген, ол жануардың жүнін елестетеді, яғыни оның “алтын жабағысы” іспетті. Сұлы дәні пішіндес домалақ салпыншақтар бұғы бейнесі сияқты вегетативтік циклге байланысты нанымның айғағы есептеледі.

Белдіктің тырнақ тәрізді тоғасы, белдік жапсырмасы, тиегі және сіркеленген арқар мүсіншелерімен сәнделген тәж пішінді әшекей қой бейнесіндегі Хварнның рәміздік бейнеленуі, ол шекараның күзетшісі, өсіп-өнудің дәнекері, Күннің рәмізі саналған.Аталған әшекейде бейнеленген жалпы идея ежелгі қоғам үшін көкетесті болып табылатын “өмір-өлім” циклі еді. Дәл осындай ой арқар тектес киік пен мысық тұқымдас жыртқыш аңның арпалысы сюжетінен де аңғарылады.

Мың жылда ғана қалыптаса қоймаған сақ обалары мен өзгеде көшпелілердің әйдік молалары, сондай-ақ киелі жайлары мен қоныстары сынды факторлардың жиынтығы Жетісудың және сонымен қатар Алматы мен оның төңірегінің сақ тайпаларының тұрақты әрі шоғырлана мекен еткен ірі аймағы болғанын көрсетеді.

Алматы қаласы жайғасқан Іле Алатауының бөктерлері жер бедеріне қарай тау биігінен етегіндегі жазыққа дейін топырақ құрамы, өсімдігі мен климаты жағынан тым өзгерісшең аймақ есептеледі. Сақтарға тән қорымдар мен қоныстардың орналасу жүйесіне қарап сақ тайпаларының Жетісу жерінде жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқанын, олар тау бөктері, өзен бойы және етектегі жазық арасындағы қысқа қашықтықта қыстап-жайлап, көшіп-қонып жүргенін болжауға болады. Егерде Бесшатыр обасының астындағы ( Іле өзені аңғары) моланың құрылымын ескерер болсақ, олар сол заманның өзінде ағаштан, қамыстан және тастан алып әрі күрделі құрлыстар сала білген. Соңғы сақ дәуірінің Түзусай, Талдыбұлақ-2, Цыганка-4 және Цыганка-8 деп аталатын қоныстарын қазған кезде тұраржайдың қалдықтары табылды. Алматының терістік-шығысынан 20 км. жердегі Түзусай қонысында палеоботаникалық зерттеулер жүргізген кезде бидайдың, арпаның, тарының дәні және күріштің қауызы табылды. Зерттеушілер палеозоологиялық зерттеудің нәтижелері бойынша бұл қонысты тастап кеткен тайпалардың шаруашылығы бақташылық пен егіншілік аралас кешенді түрде болған деген қортындыға келді. Олар малдан қой, ешкі, сыйыр, жылқы ұстаған, тәлімі және суармалы егіншілікпен айналысып, арпа, тары, бидай еккен, ал күріш дақылын айырбас арқылы Ферғанадан немесе Қытайдан алып тұрса керек ( Chang және т.б., 2002). Іле Алатауының теріскей бөктеріндегі қоныстардың дені радиокөміртегі анализі бойынша б.д.д.ІҮ-ІІІ ғғ.да қалыптасып, б.д.ІІІ-ІҮ ғғ.ға дейін өмір сүрген. Цыганка-8 қонысының төменгі тегіс мәдени қабаты б.д.д. ҮІІІғ.ды (б.д.д.740-710 жж.) көрсеткен (Chang және т.б., 2002).

Алматы өңірінде б.д.д. І мыңжылдықтың екінші жартысына тән қоныстар соңғы уақыттарға дейін белгісіз болып келді. 1984 жылы Қазақ телевидениесі АСК-ның түстігіне орналасқан б.д.д.ІҮ-ІІІ ғғ.ға тән қоныс ашылды әрі ішінара зерттелді (Григорьев, 1989а). Ол Тимириязев көшесі мен Әл-Фараби даңғылы арасындағы 6-Кірпіш зауаты көшесінің бойында әжептәуір биік болып көрініп жатты. Қазба жұмысы оның жартылай отырықшылық сыйпаттағы маусымдық тұрақты қоныс екенін көрсетті. Қоныстың тұрғындары оны мезгіл-мезгіл тастап кетіп отырған, онан шамасы жазғытұрымғы уақытта қайта келіп қонып, сосын қайта көшіп кететін болған. Қазба кезінде одан дәнүккіштер, уатқыштар,ұршық, жануар сүйектері табылды. Ескерткіштің төменгі қабатынан ошақтың ізі кездесті. Тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен, оның ішінде жылқы, іріқара және ұсақ мал, түйе өсірумен айналысқан. Түлік табындарын күзеттіру үшін иттер де ұстаған. Егіншілікпен айналысқанын дәнүккіштердің көп табылғаны айғақтайды. Онан іргелі тұраржай іздерінің кездеспеуін олардың жығып-тігуге қолайлы жеңіл келетін шатыр немесе киізүй сияқты баспана тұрғызғысы келгенінен шығар деп топшылауға болады. Қоныстан табылған керамикалар Шамалған кенті маңындағы Молалы және Шұбарат қорымдарынан (б.д.дҮ-ІІІ ғғ.) шыққан қыш ыдыстарға өте ұқсастығын атап өткен жөн. (Григорьев, 1992, 1998).

Осыған ұқсас керамикалар кездесетін дәл сондай қоныстар Алматыдан солтүстік-шығысқа, шығысқа және солтүстік-батысқа қарайғы шағын өзендердің жағалаулары мен сайларда көп орналасқан, олар: Түзусай (Панфиловское), Түзусай-2, Цыганка-2,4,8, Талдыбұлақ-2, Қызылту-4, Көкқайнар қоныстары және т.б. АСК қонысынан табылған керамикалар қаланың өзге жерлерінен (“Самал” ықшам ауд, “Таугүл” автостанциясы, Көктөбенің бөктеріндегі Казачка өзенінің сол жағалауы) табылған керамикаларға ұқсас келеді (Григорьев, 1995; Chang және т.б., 2002).

Іле Алатауының теріскей бөктерінің бауарайларында жүргізілген археологиялық барлаулар мен геоморфологиялық зерттеулер сақтар мен усундер үшін қоныс салатын ұнамды жерлер тау өзендерінің шайқауынан пайда болған аллювиальды тепсеңдер мен өзен ағарларының атырауы болған. Жеткілікті дымқылдық жағдайында бұл жердің орманды топырағы аса құнарлы болып келеді (Chang және т.б., 2002). Қоныс таңдаудың осыған ұқсас жүйесін соңыра түркілік және орта ғасырлық кезеңнен байқаймыз.

Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерінде сақ тайпалар одағы ыдыраған соң, оның орнына усунь және кангюй тайпалық бірлестіктері келді. Жазбаша деректемелер бойынша, б.д.д.176 жылы усунь тайпасы хундарға саяси тәуелділіктен құтылу үшін юечжилерді ығыстырып, олар мекендеп отырған Жетісудағы сэ (сақ) жеріне қоныс аударған. Усунь мемлекетінің орталығы Ыстықкөл ойпатының оңтүстік-шығысындағы Чигу қаласында болған. Көне қытай дереккөздері усуньдердің өмір салтын былайша сипаттайды: олар от пен судың ыңғайына қарай бір жерден бір жерге көшіп-қонып жүреді (Бичурин,1950). Усундер аса күшті, бай тайпа, мал басы көп, әсіресе жылқысы көп, ақсүйек-бай кісілерінде 4000-5000 дай жылқы болады деп сипатталған.

Археологтардың тұжырымы бойынша усунь одағындағы тайпалар жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір сүріп, малшылықпен де, егіншілікпен де айналысқан (Акишев К.,1969; Акишев, Кушаев,1963).

Оларда тау ішінде тастан немесе балшықтан соғылған тұрақты тұраржайлары бар қыстау-қоныстары болған. Сонымен бірге, тау етегіндегі далалық өңірлерде усуньдер көшпелі өмірге ыңғайлы киіз үйлер мен шатырларды, ағаш үйлерді пайдаланған. Тұраржай құрлысында олар тағы да қалыпсыз балшық кірпіштерді де қолданған. Тау бөктерлеріндегі усунь қоныстары бұрынғы сақ қоныстарының үстіне салынған.

Усунь дәуірінде Алматы мен оның төңірегінде бірсыпыра қоныстар болған. Солардың бірі “Горный Гигант” аумағындағы Есентай өзенінің оң жағалауына орналасқан. 1939 жылы бұл жерден күлдіктік орны, жануар сүйектері, тор көзді өрнектері бар қыш ыдыстардың сынықтары қазылып алынған (Дублицкий, 1939в). Қоныс б.д.І-ІІІ ғғ.ға тән. Бұған ұқсас керамикалар аэропорт маңынан да табылған еді. “Горный Гигант” кеңшарының аумағынан усунь дәуірінің өзге бір қонысынан ІҮ-Ү ғ.ға тән әшекей бұйымдар табылған (Сенигова,1970), бұл дегеніміз осы жерде кейінгі кездерге дейін өмір-тіршілік болды деген сөз.

Алматы ауданы мен Алматы облысы аумағынан көне қоныстардан тыс, өте көп усунь обалары кездеседі. Олар қала ішінің бұрыш-бұрышында тіпті бертінге дейін сақталып келді. Нижнекаменский (Тастыбұтақ), Тереңқара және т.б. қорымдарды археологтар зерттеді (Григорьев,1991; Ерзакович, Мотов, Джумабекова және т.б., 1992).

Қорымдардағы қазба жұмыстарының материалдары бойынша усунь жауынгерлерінің мынадай қару-жарақ түрлері белгілі болды, олар: ағаш қынды екі жүзді темір семсер, қанжарлар, жебелі құрама садақтар. Алматы жерінен жайшылықта кездейсоқ жағдайда усунь дәуіріне тән дәнүккіштер, қыш ыдыстар және т.б. бұйымдар жиі табылып тұрады. Мұның бәрі де б.д.дің өлара тұсы мен оның бірінші жартысында Алматы мен оның төңірегінде тұрғындар недәуір шоғырлы әрі ұзақ мерзім өмір сүргендігін көрсетеді.

Осы кезеңнің ең бір айтулы жәдігері 1939 жылы Алматының батысынан 50 км. жердегі биіктігі 2300 м. келетін Қарғалы шатқалындағы биік жартас қуысынан екі аңшы тауып алған усунь абызының ( әйел шаман, бақсы) мүрдесі, ол шамамен б.д.д.ІІ-б.д.І ғғ.ға тән деп ұйғарылды. Одан инкрустациялық стилмен (көз салу тәсілі) жасалған 370 алтын әшекей заттар табылған.

Абыздың бас киімі алтын тәтімен сәнделген, тәті болғанда да ол төртбұрышты селдір пластина, оның іші өсімдік өрнектері, аң-құс бейнелері, фантастикалық-антропоморфты демондар—“”сяндардың” мүсіншелерімен толтыра әшекейленген. Периметрі бойынша оның төрт жақтауы тегістеліп жиектелген, бір затқа бекітуге мықты болуы үшін әр жерінен тесіктер тесілген. Тәтінің дөңгелектенген және тамшы пішіндес үлгілермен өте әдемі көз салынып әшекейленген екі жақ бөлігі—қысқалау келген сол жақ және оң жақ бөлігі ғана сақталған, ал ортаңғы бөлігі жоғалған. Ондағы қанатты демондар қауырсыннан қысқа көйлек киген, ұзын шаш қойып, жүн шекпен киген. Ондағы еркектердің сақал-мұрты, әйелдердің омырауы көрнекі бейнеленген. Жануарлар реалистік кейіпте суреттелген. Барлық кейіпкерлердің, соның ішінде демондардың да жүн-түгі, шашы мен қауырсыны қысқа-қысқа сызықшалар арқылы берілген. Өсімдік өрнектері әр бөлікте қысқа штрихтармен бейнеленген. Тәтінің сол жақ бөлігінде марал, елік, қанатты жолбарыс үстіндегі әйел-демон, екі сатылы тұғырда тұрған қанатты жылқы бейнеленген. Еліктің үстіңгі жағында үйрек тұр. Ал тәтінің оң жақ бөлшегінде үстіне еркек-демон мінгескен аспан айдахары—“лун”, екі сатылы тұғырға қонған қанатты жылқы, таутеке үстіндегі еркек-демон, қабан, қой үстіндегі еркек-демон бейнеленген, ал олардың үстінен үш үйрек ұшып-қонып жүр.

Қарғалы тәтісінің ритуальды-мифологиялық мәнге ие екендігі туралы археологтардың пікірі бірыңғай, дегенмен де олар ондағы бас киімнің әшекейлеріндегі бейнелердің семантикасын әр түрлі түсіндіріп жүр. Қалай десек те, бұл тәтінің иегері бұл жерде құдыреті күшті, әрі құдайдың әлеумет арасындағы елшісі, яғыни Жер мен Көктің дәнекері екені сөзсіз.

А.Н.Бернштам қарғалы тәтісіндегі сюжеттердің мәнін түркі-моңғол мифологиясы мен эпостары бойынша шешуге тырысып, усуньдерді түркі тілдес деп есептеген. Оның пікірінше, тәтіде бақыт пен молшылықтың белгісі, жер мен көктің стихиясының рәмізі бейнеленген, ол көшпелілердің шамандық ( бақсылық) наным-сенімімен тіке байланысты деп есептейді. Ол бұл тәтідегі композицияда усунь өнерінің спецификалық ерекшелігі—көркемөнердегі жергілікті төлтума бағыт пен кірме, атап айтқанда, ханьдық (қытайы) және грек-бактриялық дәстүрлердің синкретті бірігуінің көрінісі айқын аңғарылатынын атап көрсетті. Тәтіде қытай өнеріне тән айдахар, ғалам тау және сақ, ғұн, усунь өнеріне тән бұғы, таутеке, қабан, грифон-барыс сияқты бейнелер біріктіріле берілген. Қарғалы тәтісін ғалымдар ханьдық қытай өнерінің дәстүрлерін пайдалана отырып, жергілікті шебер жасаған деп тұжырымдайды.

Тәтідегі композицияның өзгеше түсіндірілуіне тоқталар болсақ, оның бір версиясы даолық наным-сенім болса, екіншісі көне ирандық миф. Мәселен, Е.Е.Кузмина қарғалы тәтісін иран мифологиясымен байланыстыра отырып, ондағы сюжеттерді бақуаттылық пірінің құрметіне, немесе табиғаттың өлі-тірі құдайы—Дионистің құрметіне арналған мерекенің көріністері дейді (Кузмьина, 1987).

Бақсы-абыздың киім-кешегі неше алуан алтын жапсырмалармен, атап айтар болсақ, дөңгелек, жапырақша, төртбұрышты, киік кейіпті, қойтұмсықты мүсінді т.б. бейнеде әлем-жәлем сәнделген. Әйел-бақсының бай-дегдарлығы оның киім киісінен, шөгіп жатқан екі өркешті түйе бейнесі бар жүзігінен, денеге қандаладай қадалған егеуқұйрық бейнелі сырғасынан-ақ мен мұндалап тұр. Дегенмен де, қарғалы көмбесінен табылған кейбір жекелеген әшекейлер, мәселен, таутеке бейнелі жапсырмалар ертедегі сақ өнері туындыларымен параллель келетінін де айта кеткен жөн.

Алматының батыс жағындағы таулы өңірде жүргізілген соңғы зерттеулердің көрсетуінше, бұл жерлерде Еуразияның өзге бірсыпыра аймақтарында да белгілі ескерткіштердің ерекше түрі—мәйітті жартастар арасына жерлеу дәстүрі тараған. Оларды зерттеу арқылы Қарғалы кешеніне қатысты көптеген даулы мәселелерді,оның ішінде ескерткіштердің этномәдени атрибуциясын айқындауға жауап табу әбден мүмкін.

Жетісу жерінде осыдан 1,7-2,7 мың жыл бұрын өмір сүрген сақтар мен усуньдердің мемлекеті Орталық Азияның тарихында айтарлықтай рол атқарды. Бұл сол замандағы аталған елдердің өзінің күшті әскери қуатымен аймақтағы тарихи үрдістерге орасан зор ықпал етіп, құдырет тапқан кезі болды.







Просмотрено: 0%
Просмотрено: 0%
Скачать материал
Скачать материал "Сақтар мен үйсіндердің мәдениеті"

Методические разработки к Вашему уроку:

Получите новую специальность за 3 месяца

Специалист по коллекторской деятельности

Получите профессию

Секретарь-администратор

за 6 месяцев

Пройти курс

Рабочие листы
к вашим урокам

Скачать

Скачать материал

Найдите материал к любому уроку, указав свой предмет (категорию), класс, учебник и тему:

6 660 880 материалов в базе

Скачать материал

Вам будут интересны эти курсы:

Оставьте свой комментарий

Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.

  • Скачать материал
    • 09.03.2016 7781
    • DOCX 166 кбайт
    • Оцените материал:
  • Настоящий материал опубликован пользователем Ибрайханова Маржан Коныровна. Инфоурок является информационным посредником и предоставляет пользователям возможность размещать на сайте методические материалы. Всю ответственность за опубликованные материалы, содержащиеся в них сведения, а также за соблюдение авторских прав несут пользователи, загрузившие материал на сайт

    Если Вы считаете, что материал нарушает авторские права либо по каким-то другим причинам должен быть удален с сайта, Вы можете оставить жалобу на материал.

    Удалить материал
  • Автор материала

    Ибрайханова Маржан Коныровна
    Ибрайханова Маржан Коныровна
    • На сайте: 8 лет и 6 месяцев
    • Подписчики: 0
    • Всего просмотров: 40611
    • Всего материалов: 7

Ваша скидка на курсы

40%
Скидка для нового слушателя. Войдите на сайт, чтобы применить скидку к любому курсу
Курсы со скидкой

Курс профессиональной переподготовки

Технолог-калькулятор общественного питания

Технолог-калькулятор общественного питания

500/1000 ч.

Подать заявку О курсе

Курс повышения квалификации

Моделирование современных уроков истории

72 ч. — 180 ч.

от 2200 руб. от 1100 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 82 человека из 41 региона
  • Этот курс уже прошли 464 человека

Курс профессиональной переподготовки

Педагогическая деятельность по проектированию и реализации образовательного процесса в общеобразовательных организациях (предмет "История")

Учитель истории

300 ч. — 1200 ч.

от 7900 руб. от 3950 руб.
Подать заявку О курсе

Курс повышения квалификации

Организация проектно-исследовательской деятельности в ходе изучения курсов истории в условиях реализации ФГОС

72 ч. — 180 ч.

от 2200 руб. от 1100 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 46 человек из 23 регионов
  • Этот курс уже прошли 399 человек

Мини-курс

Особенности психологической коррекции детей с различными нарушениями психического развития

3 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 393 человека из 70 регионов
  • Этот курс уже прошли 276 человек

Мини-курс

Мозг и психотерапия: влияние, методы и направления

4 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 61 человек из 29 регионов
  • Этот курс уже прошли 27 человек

Мини-курс

Привязанность и воспитание

3 ч.

780 руб. 390 руб.
Подать заявку О курсе
  • Сейчас обучается 76 человек из 37 регионов
  • Этот курс уже прошли 22 человека
Сейчас в эфире

Арт-педагогика как метод профилактики детских неврозов

Перейти к трансляции