Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Другое / Другие методич. материалы / Статья на тему "Ұлттық педогогикадағы адамгершілік-эстетикалық тәрбие"

Статья на тему "Ұлттық педогогикадағы адамгершілік-эстетикалық тәрбие"

Идёт приём заявок на самые массовые международные олимпиады проекта "Инфоурок"

Для учителей мы подготовили самые привлекательные условия в русскоязычном интернете:

1. Бесплатные наградные документы с указанием данных образовательной Лицензии и Свидeтельства СМИ;
2. Призовой фонд 1.500.000 рублей для самых активных учителей;
3. До 100 рублей за одного ученика остаётся у учителя (при орг.взносе 150 рублей);
4. Бесплатные путёвки в Турцию (на двоих, всё включено) - розыгрыш среди активных учителей;
5. Бесплатная подписка на месяц на видеоуроки от "Инфоурок" - активным учителям;
6. Благодарность учителю будет выслана на адрес руководителя школы.

Подайте заявку на олимпиаду сейчас - https://infourok.ru/konkurs

  • Другое

Поделитесь материалом с коллегами:

Ұлттық педогогикадағы адамгершілік-эстетикалық тәрбие


Еліміздің президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Қоғамдық ойдың тағы бір бағыты дәстүрге, халықшылыққа сүйенеді. Шынында да, бұрынғы қасаң қағидалар жарамсыз болып қалған кезде неге назар аудару керек? Сірә, қарапайым әрі түсінікті, сонымен бірге әр халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге, дәстүрлерге назар аудару керек»,-деп көрсетуі сөзіміздің айғағын айқындай түседі.

Осы орайда елімізде халықтық дәстүрді жинақтап зерттеу, саралап игеру, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен ендіру, жаңғырту үлкен міндет болып табылады. Өмір талабымен бұл өмірге қайта оралған халықтық педагогиканың озық дәстүрлері бұл күнде отбасы, мектеп тәжірибесінен лайықты орын ала бастады.

Бұл мәселеге мемлекет тарапынан да қамқорлық көрсетілуде. Қазақстан Республикасының қазақ тілінің әлеуметтік маңызын арттыру жөніндегі іс-шаралары, ғылым мен мәдениеттің өрістеуін қамтамасыз ететін Конституциясы, еліміздің мәдени-әлеуметтік дамуына бағытталаған тұжырымдамасы жастарға жалпы адамзаттық және ұлттық игіліктер негізінде адамгершілік-эстетикалық тәрбие, мәдени білім беру ісін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деген сенімдеміз. Мұндай игі бастама қазірдің өзінде білім мазмұны мен әдістеріне, оқу жоспарларына жаңалықтар мен өзгерістер әкелуде.

Белгілі педагогика классиктерінің өздері де халқының тәлімгерлік тәжірибесінен үйреніп, оны зерттеулеріне арқау етіп, бұл мәселелерге қазақ ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаевтардан басқа А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, т.б. үлкен мән берген.

Бүгінде Қ.Бөлеев, Қ.Жарықбаев, С.Ұзақбаева, С.Қалиев, т.б. көптеген қазақ зерттеушілері осы дәстүрді жалғастырып, халық педагогикасы тарихын, оның ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар поэзиясындағы көріністерін, орта ғасыр ойшылдарының педагогикалық ой-пікірлерін жан-жақты қарастырып келеді.

Кез келген жас ұрпақ адам бойындағы ерекше қасиеттердің бірі мәдениеттілігі болса, оны игеруге өмір бойы алатын білім жүйесін толықтырып отыруға міндетті болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттілік, яғни ұлтымыздың бойындағы кішіге ізеттілік, үлкенді сыйлау, өз орнын біліп, адаммен қарым-қатынас жасауы, байыпты сөзі, биязы мінезі, салмақтылығы мен сабырлығы, адаммен тіл табысуы, өзін-өзі ұстай білуі, әсемдік пен ізгілікке ұмтылуы т.б. жеке бастың, ар-ожданының қорғаны болуға бағытталуы керек.

Ұлттық тәлім-тәрбие мәселесі бойынша кейінгі жылдары іргелі зерттеулер жүргізіліп, ғалымдардың назарынан түскен емес. Қазір де соңғы педагогикалық тәжірибелер, сондай-ақ, психологиялық, дидактикалық және қолданбалы педагогикалық, озық технологияларға сүйене отырып, ұлттық тәрбие мәселесін одан әрі ғылыми негіздеп, қайта жаңғырту мен дамыту бүгінде өмір талабы болып отыр. Ұлттық тәлім-тәрбие мұраларын мектептегі оқушылар ұжымдарының іс-әрекеттерінде барыншы пайдалану – қазіргі кездегі педагогикалық талаптардың бірі.

Осы орайда салт-дәстүрлердің бүгінгі күнге дейін жетіп, ұрпақ тәрбиесіне елеулі әсер тигізіп отырғаны белгілі. Жас ұрпақты тәрбиелеу процесінде халықтық педагогиканың орны ерекше. Оның мазмұны мен маңызы жөнінде белгілі ғалым С.Ұзақбаева: «Халықтық педагогика – тәрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан-ұрпаққа халық шығармашылығы арқылы (поэтикалық, музыкалық, сәндік-қолданбалы өнері) беріліп отыратын әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқан. Халықтық педагогиканың мақсаты – жас ұрпақты ата-бабалар тәжірибесінің ең жақсы мұраттарына тәрбиелеу»,- деп көрсетеді. Сондықтан халықтық педагогикадағы жастарға адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру ерекше орын алады. Бұл арада студенттерге этнопедагогика негіздерін үйретуші оқытушы халықтық салт-дәстүрлердің адамгершілк пен көркемдікке, ізгілікке құрылған ең озық үлгілерін ұсынуы қажет деп есептейміз.

Қазақ этнопедагогикасындағы тәлім-тәрбие мәселесін зерттеуге елеулі үлес қосқан қазақстандық ғалымдар Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, С.А.Ұзақбаева, Ж.Наурызбай, М.К.Балтабаев, З.Әбілова, Ә.Табылдиев, Қ.Бөлеев, Ж.І.Асанов, С.Т.Иманбаева, П.Оршыбеков, Е.Сағындықов, Қ.Ж.Қожахметова, І.Халитова, С.Ғаббасов, Қ.Болатбаев, М.Құрсабаев, М.Оразаев, Р.К.Төлеубекова т.б.

Дегенмен, жоғарыда аталған ғалымдардың ғылыми еңбектерімен таныса келе, біз зерттеп отырған мәселе жеке-жеке зерттелгенмен адамгершілік-эстетикалық тәрбиені сабақтастырып қарастырылуы әлде де жеткіліксіз деп есептеп, жоғары оқу орындарындағы студенттерге қазақ ұлттық құндылықтары негізінде адамгершілік-эстетикалық тұрғыда білім беріп, оларды жалпы білім беретін орта мектепте бұл бағытта жұмыс істеуге дайындауды көздедік.

Адамгершілік мұраттың эстетикалық тұрғыдан бейнеленуі адам тіршілігінің саналалығын айқындауға мүмкіндік беретін бұлтартпас белгілерінің бірі – оның болмысқа деген эстетикалық қарым – қатынасы. Адам бойындағы табиғи сезімдердің баршасы осы қарым-қатынас барысында туындайтын алуан ықпалдарға байланысты көрініп, түрлі рең алатыны, әдебиет пен өнер шығармасында соған сәйкес өзіндік көрінісін табатыны мәлім. Рухани кемелдену осынау процестің қаншалықты жүйелі, жемісті жүргізілуіне, саяси, тарихи, қоғамдық-әлеуметтік факторлардың сол процеске қаншалықты қолайлы жағдай жасалуына тәуелді. Міне, осы ретте рухани кемелденуге бастайтын рухани қажеттілікті – адамгершілік мұрат мәселесі еш уақытта күн тәртібінен түсіруге болмайтын мәңгілік көкейкесті проблемалардың бірі.  Сонымен бірге, оқу орындарының оқу-тәрбие тәжірибесін бақылау барысында жастарға адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру мәселесі этнопедагогикалық тұрғыдан жеткілікті зерделенгенімен, бүгінгі күнде болашақ ұрпақтың эстетикалық талғамын, адамгершілік қасиеттерін, халық педагогикасының тағылымдарын пайдаланып, жастардың адами-көркемдік тәрбиесін қалыптастыру қажеттілігі арасында белгілі бір дәрежеде кейбір қайшылықтар туып отыр. Сондықтан қазақ этнопедагогикасы негізінде болашақ ұрпақты адамгершілік-эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу біздің зерттеу проблемамызды айқындауға себеп болды.

Қазақ этнопедагогикасының алтын діңгегін адамгершілік тәрбиесі құрайды. Адамгершілік – адамдардың күнделікті қарым-қатынасына байланысты гуманизм принциптерін бейнелейтін моральдық қасиет. Адамдарға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кең пейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аямаушылық сияқты жеке қасиеттерді қамтиды, сондай-ақ кішіпейілділік, адалдық, шыншылдық та адамгершілікке жатады. Адамгершілік ұғымы ізгілік, гуманизмнің синонимі ретінде, адамның игілігі мақсатқа айналғанда пайда болатын қарым-қатынастар жүйесі мен қоғамдық ахуал ретінде неғұрлым кең мағынада да қолданылады.

Жалпы түркі тектес халықтардың барлығына ортақ алғашқы педагогикалық ой-пікірлер, оның шініде адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру жайлы құнды ой-тұжырымдардың дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңі (Орхон-Енисей жазу ескерткіштері, Қорқыт ата тағылымдары, т.б.) болып табылады. Қазақтың жазу мәдениеті арқылы белгілі болған ұлттық педагогикалық ойлардың тарихы ертедегі тас жазулардан (Күлтегін, Білге қаған т.б.) басталады. Одан кейінгі қолжазба, баспа арқылы бізге жетіп, оқу-жазу үрдісімен этнопедагогиканың арқауы болған тәлімдік ойлар тарихы өзектестігімен ұлттық педагогиканың (этнопедагогиканың) дамып ғылым болып қалыптасқанын көрсетеді.

Орхон-Енисей ескерткіштерінен кейін түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің дамуы Қорқыт есімімен байланысты. «Қорқыт ата кітабында» ел басына қиын-қыстау күн туғанда халқын жаудан қорғап, қамал бұзған қас батырлардың ерлігі, халқына ақыл-өсиет айтып, өз заманында елге ұйтқы болған ақылгөй даналардың, дуалы ауыз шешендердің өнегесі жырланады. Сонымен бірге аталмыш шығармада тәлім-тәрбиелік мәні зор афоризмдер, қанатты сөздер мен ұстаздық тағылымдар жиі кездеседі. Мұның өзі баба кітабының тарихи-этнографиялық шығарма ғана емес, сол дәуірдегі түркі тектес халықтардың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын педагогикалық туынды екендігін білдіреді.

Адамзат тарихында ұрпаққа тәрбие берудің жалпыадамзаттық идеяларын жүзеге асырып, жаңа педагогикалық жүйенің қалыптасуында өз заманында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым, халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлттың ұлы кемеңгері Әбу Насыр әл-Фарабидің алатын орны ерекше. Әл-Фараби алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре білді. Халық даналығы туғызған данышпандық ой-пікірлерге, шығыс мәдениетінің озық үлгілеріне ден қоя отырып, өзінің төл педагогикалық тұжырымдамасын жасады. Адамгершілік, ізгілік қасиеттер әл-Фарабидің педагогикалық идеясының негізгі өзегі болған, ғұлама білім берудің ізгілендіру принципіне негізделуі қажет екендігін өз уақытында ғылыми тұжырымдалған ой-пікірлерімен айқындап кеткен. Міне, бүгінгі таңда әл-Фарабидің көрегендігі мен ғұламалығы дәлелденіп, мыңдаған жылдар өтсе де, жаңа білім беру парадигмасы ретінде ізгілендіру танылып отыр.

Педагогикалық ойлардың тарихында әл-Фарабидің эстетикалық ой-пікірлердің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Оның шығармаларының ішінде «Музыканың үлкен кітабын» ерекше атап өтуге болады. Қазіргі педагогика ғылымында білім беру мазмұнының әрбір түріне тән меңгерудің белгілі бір тәсілі бар екендігі анықталған. әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы» еңбегінде музыкалық білім беру мазмұнын меңгерудің тәсілдері мен деңгейлерін анықтап береді.

Жалпы педагогиканың бір саласы болып табылатын тәрбие теориясының әдіснамасын әл-Фарабидің тәрбиенің заңдылықтарын, принциптерін, мақсатын, мазмұнын, әдістерін, құралдарын, нәтижесін тұжырымдамалық тұрғыдан негіздейтін жетекші педагогикалық ой-пікірлері айқындайды.

XI ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегінің негізгі идеясы педагогиканың ең маңызды мәселесі тәрбиеге негізделіп, оның мазмұнында педагогиканың жалпы негіздері, дидактика және тәрбие теориясының негізгі мәселелерімен қатар, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған адамгершілік, эстетикалық, еңбек, дене, құқықтық, т.б. тәрбие мазмұны қарастырылады.

Жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, «Құтты білік» дастанының бүгінгі адамзат қоғамы үшін құндылығы мынада болып табылады: 1) «Құтты білік» - халықтың құты, ырысы болған ілім; 2) әрбір адамға бақыт сыйлайтын, құт әкелетін білім; 3) ғасырлар бойында көзі ашық, көкірегі ояу кемел ұрпақтың бойына адамдық, азаматтық қасиеттерін, адалдық дәстүрлерін сіңіріп, жан-дүниесіне рухани күш дарытатын тәрбие тұжырымдамасы. Ғұламаның «Кітап атын «Құтадғу білік» қойдым – Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деген ой-пікірі дастанның әрбір адам үшін құндылығын аша түседі.

Түркі өркениетінің шежіресін жазып, өз есімін мәңгілік еткен данышпан ғалым, кемеңгер ұстаз Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» еңбегін оқып-үйрену және теориялық тұрғыдан талдау бұл тек сөздік, немесе тілтану мәселелерін ғана қарастырған еңбек еместігін, онда біздің ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесі бойынша тәжірибесі жинақталып, түркі халқының педагогикалық тұжырымдамасы негізделгенін айқын көруге болады. Ғұламаның адамгершілік тәлім-тәрбиелік идеялары өнегелі өмір сүру үшін жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған. Сондықтан оның педагогикалық тұжырымдамасының негізгі өзегі - орта ғасырдағы түркі баласының бейнесі - «ұлылыққа ұмтылған», «білімділікті іздеген», «даналықты таңдаған», «біліктіге серік болған», «бабалардың әдеп-ақлақты насихатын ұстанған» ірі тұлға. Зерттеу барысында қазіргі педагогика ғылымындағы тәрбие мазмұнының М.Қашқари ілімінде тұжырымдалуы ашып көрсетіліп, теориялық тұрғыдан негізделді.

Данышпан, кемеңгер ақын ағартушы Ахмет Йассауи жазған «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) кезінде Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі көшпенді түркі тайпаларының арасында кеңірек тараған. Қожа Ахмет өзінің атақты «Даналық кітабы» аталатын циклді өлеңдерін жазған.

«Диуани Хикмет» бастан-аяқ үлгі-өнеге, ақыл-насихат түрінде келеді. Жақсылық пен жамандық, әділетсіздік пен адалдық, мейірімділік пен қаталдық, ізгілік пен жауыздық, ерлік пен ездік, сараңдық пен жомарттық, дастық пен кәрілік тәрізді жауабы күрделі мәселелердің кең жырланып, байыппен сипатталуына осы «Диуани хикметтің» әсер-ықпалы ерекше болды.

Түркі тілдес халықтар ортақ тарихына ортақ тұлға болып Ахмет Жүгінекидің ғұлама ойшыл, ағартушы ретіндегі жан-жақты ғылыми мұрасының бүгін де жастарды имандылыққа, әсемдікке, адамгершілікке тәрбиелеуде және рухани құндылықтарымызды насихаттауға мәні ерекше.

Қазақтың біртума ғұлама ғалымы М.Х.Дулати педагогика ғылымының дамуына, оның ішінде адамгершілік, ізгілік қаситтерді дәріптеу, әсемдікке баулу жайлы іргелі тұжырымдар қалдырған. Оның «Тарих-и Рашиди» атты әлемге әйгілі еңбегі – XIV ғасырдан XVI ғасырдың орта кезеңіне дейін, яғни бірнеше ғасырды қамтитын энциклопедиялық сипаттағы еңбек.

Қазақ халқының данышпан ғалымы, белгілі би Қадырғали Қосымұлы Жалайыри еңбектеріне де тоқталып өткен жөн. Ол 1600 жылы өзінің «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы» деп те аталады) атты шежіре кітабын жазуға кірісіп, оны 1602 жылы аяқтаған

Қазақ дүниетанымында ақын-жыраулар поэзиясының, оның идеологиялық мәнінің орны ерекше.

 ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.

Ақын-жыраулардың шығармашылығын талдау олардың өз заманы үшін белгілі бір деңгейде рухани көсем ролін атқарғаны, өз руластарының моралдық бағдарына жауап бергені көрінеді.

Жыраулар поэзиясы әрекет еткен кеңістік өзінің барлық тәжірибесін сөз арқылы бейнелеуге тырысатын көшпенділердің эстетикалық ойлауының ерекше типіне негізделді. Негізінен жыраулар қалыптасқан этникалық қауымдастықты (қазақтардың) біріктіру идеясын қалыптастыру функциясын атқарды. Сонымен қатар жыраулар поэзиясының этикалық және эстетикалық құндылықтар мен символдар қалыптастырудағы ролі ерекше болды. Жыраулар өз шығармаларына рух аристократизмі мен даңқты өзек етті. Оның символдары ретінде бостандық, еркіндік, адамгершілік, батырлық, сөзге беріктік алынады.

 Ақын-жыраулар шығармаларын бірнеше аспектіде қарастыруға болады. Өйткені жыраулар поэзиясының ауқымы дәстүрлі поэзия ауқымына қарағанда кеңірек болып келеді. Мәдени-философиялық аспектіде қазақ мәдениетіндегі гуманистік принциптердің қалыптасу мәселесінің жыраулар шығармашылығындағы көрінісі қарастырылады. Бұл жерде сонымен қатар мәдениеттегі даралық мәселесіне, оның ішінде мәдениеттің рухани дәстүрлеріндегі даралықтың және даралық сананың көрінісі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Жыраулар поэзиясының әлеуметтік-тарихи аспектіде қарастырылуы адам даралығының қалыптасуының әлеуметтік тұжырымдарын қарастырады. Бұл жерде индивидтің адамгершілігі, оның этикалық жауапкершілігі туралы сөз болады.

   Жалпы, қазақ қауымында (басқа да түркі тілдес қауымдастықтардағы сияқты) жырау бейнесі ерекше құрметке ие болған, олардың дарынын «Тәңірдің сыйы» деп есептеп, қауым толығымен мойындаған. Сондықтан да жыраулардың ерекше белгісі – ымыраға көнбестігі, айтқан сөзі үшін жауапкершілігі, халықтың алдындағы ашықтығы болып табылады. Өз шығармаларында еркіндік, бостандық, теңдік идеяларын ұстана отырып, олар өз заманының тәрбие мақсатын анықтады.

Қазақтың белгілі жыраулардың ішінен Асан Қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра жырауларды және т.б. ерекше атауға болады.

Жыраулардың шығармашылығы олар өмір сүріп отырған ортамен тығыз байланысты. Олардың кейбіреулері ханға қызмет етсе, үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, басқалары бұқара халықтың атынан сөйлеп, халықтың мұң-мүддесін – көңіл-күйін білдіреді және батырлар жырларының, аңыздардың сақтаушылары және орындаушылары болып табылады.

ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.

Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б. бейнелеу тәсіліне насихаттық, өсиеттік сарын, мәселені жан-жақты терең толғап айтатын ойшылдық тән болған. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Әрбір даму кезеңінде толғау мазмұны жағынан да, бейнелеу тәсілі жағынан да бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды.

Өзінің толғауларында эстетикалық талғамның жоғары деңгейін көрсете отырып жыраулар эстетикалық тәрбие туралы құнды ойлар айтады. Өз шығармалары арқылы олар жан сұлулығы мен тән сұлулығының гармониясына үндейді, әсемдікке ұмтылуға шақырады. Бейнелерді, кейіпкерлерді көркем сипаттау арқылы сөз өнерінің жоғары үлгісін көрсеткен Бұқар жыраудың шығармаларының эстетикалық-тәрбиелік маңызы осында.

Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра-жырау сияқты жыраулар заман, қоғам, жайлы, ел басына түскен әр алуан оқиғалар жайынан толғау – жыр айтушы болған. Қазақ поэзиясында жыраулар жеткіншек, ақылгөй тәрбиешінің ролін атқарады. Ақын – жырауларға тән бейнелі сөз айшықтары билердің шешендік сөздеріне де арқау болған.

XVIII ғасырда өмір сүріп, өзінің артына үлкен поэтикалық мұра қалдырған ақын Тәтіқараның шығармаларының қазақ педагогикалық ойлар тарихындағы алатын орны ерекше. Өзінің өлеңдерінде ақын салыстырулар арқылы түрлі эстетикалық категорияларды көрсетіп, олардың мәніне үңілген.

Сөз болып отырған кезеңдегі жырдан дауыл тудырған саңлақ жыраудың тағы бірі – Үмбетей жырау. Үмбетейдің жыр-толғауларында эстетикалық ойлар өзі өмір сүріп отырған заманның тұрмыстық келбетінен туындап, сол кездің құндылықтарын сипаттау арқылы көрінеді. Мәселен, тұрмыс-тіршілігі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған қазақ қоғамында төрт түліктің орны ерекше болғандығы мәлім.

Ұрпақтың адамгершілік-эстетикалық тәрбиесі үшін маңызы зор өлеңдер Шал ақында көптеп кездеседі. «Дос болма майда тілді күлгенменен, сырты ғана жылтырап жүргенменен» - деп өсиет айтқан Шал ақын сыртқы сұлулық пен ішкі сұлулықтың арақатынасын ашып берді.

Осы кезде өмір сүрген тағы бір ақын – Жанақ өз шығармаларында «...Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы, ән – сәнің, күйші - көркің, ақын - жорғаң» деп, көркем өнердің эстетикалық тәрбие жүйесінде алатын орнын көрсетеді. Эстетикалық категория ретінде өнердің және әдеміліктің орны Дулат Бабатайұлының шығармаларында да айқын көрсетіледі. Ақын өлеңдеріндегі эстетикалық ойлар туралы айтқанда, оның табиғат әсемдігін сипаттайтын жырларына тоқталмай кету мүмкін емес.

Өз өлеңдері арқылы эстетикалық талғам қалыптастыруға үлес қосқан ақындардың бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Оның «Бәйтікті мақтағаны» және «Бәйтікті жамандағаны» өлеңдерінде эстетиканың бір-біріне қарама-қарсы категориялары - әсемдік пен ұсқынсыздық, асқақтық пен төмендік бір адам мысалында  қатар беріледі.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармаларында жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысты ойлар аз емес. Оның ішінде эстетикалық талғам қалыптастыруға, жақсы мен жаманның парқын білуге, әсемдік пен ұсқынсыздықтың ара-жігін ажыратуға бағытталған өсиет жолдар да жеткілікті. «Қызыл ала киініп, барын бойға жиынып, қыз-бозбала өседі» деген Майлықожа ақын өз шығармаларында әсемдікке баулуға, үйлесімге шақыруға аса мән береді.

 Адамгершілік-эстетикалық тәрбие мәселесі қазақ ағартушыларының шығармашылығында терең орын алған. Қазақ ағартушылары - Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев өздерінің саяси-қоғамдық, ғылыми және әдеби еңбектерінде қазақ халқының адамгерішілік-эстетикалық тәрбиеге аса қатты көңіл бөлді. Халық шығармашылығын жинап зерттеу арқылы қазақтардың адамгершілік қасиеттерін және эстетикалық талғам деңгейін, болмысқа деген эстетикалық көзқарасын көрсете білді, эстетикалық тәрбиеге байланысты көптеген құнды пікірлер айтты.

Қазақ ағартушыларының адамгершілік-эстетикалық көзқарастары мен орнықты пікірлері халықтың дүниетанымдық көзқарастарымен тығыз байланыстылығы сол өздері өмір сүрген дәуірдегі тарихи жағдайлардан туындап отыр. Ол - заңды құбылыс. Бұл жердегі басты мәселе ағартушылардың адамгершілік-эстетикалық тәрбиені жан-жақты, жүйелі талдап зерттеуінде емес, керісінше мүмкіндігінше сол проблемалар жайлы сөз қозғап, өз көзқарастары мен пікірлерін айтып тұжырымдауында жатыр.

Ұрпағына сөзімен де, ісімен де, ақылымен де, парасатымен де үлгі-өнегесін қалдырған ата-бабаларымыздың мәдениетті қарым-қатынасқа бағытталған дәстүрлері сарқылмас қазына. «Ата сөзі – бата сөзі» деп, ата-бабамыздың нақыл сөздері мен ақыл сөздерін - өрнекті өсиеттерін қастерлей қабылдап, жадымызда сақтаймыз. Елге бірлік, тыныштық тілеп, халқының қадірлі, қасиетті болуын армандаған данышпан ата-бабаларымыздың жолын қуып, жоралғысын жасау – біз үшін міндет, парыз, ұрпақтық борыш.













Самые низкие цены на курсы профессиональной переподготовки и повышения квалификации!

Предлагаем учителям воспользоваться 50% скидкой при обучении по программам профессиональной переподготовки.

После окончания обучения выдаётся диплом о профессиональной переподготовке установленного образца (признаётся при прохождении аттестации по всей России).

Обучение проходит заочно прямо на сайте проекта "Инфоурок".

Начало обучения ближайших групп: 18 января и 25 января. Оплата возможна в беспроцентную рассрочку (20% в начале обучения и 80% в конце обучения)!

Подайте заявку на интересующий Вас курс сейчас: https://infourok.ru/kursy

Автор
Дата добавления 23.12.2015
Раздел Другое
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров441
Номер материала ДВ-280389
Получить свидетельство о публикации

УЖЕ ЧЕРЕЗ 10 МИНУТ ВЫ МОЖЕТЕ ПОЛУЧИТЬ ДИПЛОМ

от проекта "Инфоурок" с указанием данных образовательной лицензии, что важно при прохождении аттестации.

Если Вы учитель или воспитатель, то можете прямо сейчас получить документ, подтверждающий Ваши профессиональные компетенции. Выдаваемые дипломы и сертификаты помогут Вам наполнить собственное портфолио и успешно пройти аттестацию.

Список всех тестов можно посмотреть тут - https://infourok.ru/tests


Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх