ТӨМЕНГІ СЫНЫПТА ВОКАЛДЫ - ӘНШІЛІК ДАҒДЫЛАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ
Тулегенова М.С.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы
Халқымыз өзінің сан қырлы әншілік дәстүрін ғасырлар қойнауынан аялап-сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Әр аймақтың, әр өлкенің өзіндік әйгілі ұстаздары, әншілері, композиторлары, суырып салма ақындары өздерінің бойына сақтаған ата-бабаларымыздың музыкалық дәстүрін жас ізбасарларына, шәкірттеріне үйретіп, бойына сіңіріп, қалдырып отырды. Олар шәкірттерін әр шығарманың өзіндік ерекшелігін тыңдаушының сезімінің пернесін дәл басқандай етіп жеткізе білуге, орындау мәдениеттілігі мен дауысты жоғарғы шеберлігіне үйреткен.
Қазіргі уақыттарда зерттеу жұмыстары мен вокалдық педагогиканың өкілдері көптеп саналады. Балалар дауыстарын зерттеудегі көп еңбек сіңіргендер И.Левидов, Е.Алмазов, А.Содейка, А.Рябченко т.б. атауға болады. Көптеген зерттеушілер дұрыс ән айтуды тәрбиелеу, олардың дауыстарын сақтау болып саналады дейді. Ал Т.Н.Овчинникова әртүрлі жастағы балалардың ән айту ерекшеліктерін зерттей келе, дұрыс ән айтуды – олардың табиғи дауыстарын сақтап, әрбір оқушының әншілік дауысын дамытуды қамтамасыз ету деп көрсетеді [1].
Оқушылардың дауыстарын сақтауға және ең жоғарғы дәрежеге өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екені мәлім. Осы мәселелер төңірегінде ғалымдарымыз И.Левидов, А.А.Сергеев, И.Малинина, Д.Орлова, Н.Н.Добровольская, Т.Н.Овчинникова, Э.Б.Абдуллин, Р.Р.Джәрдемалиева, С,Ұзақбаева, Ш.Б.Құлманова т.б.ғалымдарымыз ой-пікірлерін өз еңбектерінде саралады. Оқушылардың музыкалық мәдениетін сипаттай отырып А.В.Школяр: «есту, көру, сезу, ойлау өнері сияқты негізгі, іргелі қабілеттіліктерді қалыптастырып алмай, баланың, оқушының суретші тәрізді (мұның өзі рухани мәдениеттің дамуы болып саналады) қалыптасуы мүмкін емес», - деген ерекше ой түйеді [2].
Балалардың орындаушылық сипаты жас ерекшеліктеріне байланысты вокалдық орындау мүмкіншіліктерімен тығыз байланысты. Хор ұйымдастыруда балалардың жас ерекшеліктеріне көп мәселенің байланысты екенін ұмытпау керек. Міне, осыған байланысты хор топтарын жас шамасына қарай үш топқа бөлеміз:
- Кіші сынып оқушылырының хоры – кішкентайлар хоры, бұған І-ІІ сынып оқушылары, кейде көбінесе ІІІ сынып оқушыларын қосуға болады;
- Орта сынып оқушыларын – орташалар хоры, бұған ІІІ-ІV сынып, кейде V сынып оқушыларын қосуға болады;
- Жоғарғы сынып оқушылардың хоры – үлкендер хоры, бұған V-VІ сынып, кейде өз қалауымен VІІІ-Х сынып оқушылары, әсіресе қыз балалардың қатысуына болады.
Мұндай топтарға бөлудегі негізгі мақсат: балалардың дауысындағы болатын мутациялық өзгерістерді еске ала отырып, олардың дауысының өсуі мен қалыптасуына зиян келтірмеуі. Екіншіден балалардың жас шамасына қарай репертуарларды лайықты таңдауға, яғни көлемі, мазмұнының олардың ой-өрісіне лайық болуы, дауыс диапазондарына сай, дәл болуды ескеруге мүмкіншілік жасайды. Дегенмен, кейде мектептің, ондағы сыныптардың, оқушылардың санына байланысты және ән сабағынан беретін мұғалімнің мүмкіндігіне байланысты хор үйірмесін екі топқа ғана бөліп ұйымдастыруға тура келеді. Мұндайда кішкентайлар хорына І-ІVсынып, ал орташалар хорына V-VІІІ сынып оқушыларын қатыстырып топтауға болады. Төменде хор үйірмесін ұйымдастырудың бірінші түрін қарастырып көрелік.
Ән айту – егер ол педагогикалық деңгейде дұрыс ұйымдастырылса, музыкалық, эстетикалық тәрбиелеудің ең тиімді жолы болып есептеледі. Жоғары деңгей туралы айта отырып, педагогикалық процесс тек техникалық нәтижелер дәрежесіне жеткендегі қауіпті аңғару керек, сонда ән айту тәрбиесі «таза» ән айтуға айналады. Сонымен бірге балалардың әнді қалай орындап тұрғанына, ән айту процесінің техникалық қиынын жауапкершілікпен қарау өте қажет. Дыбысталу сапасын қалыптастыруда, яғни дауыс аппаратының жұмысын ән айтатын жағдайға келтіруде, жалпы және музыка мәдениетін, әсіресе вокалды есту мәдениетін білуіне мұғалімнің, хор жетекшісінің арнайы білімі мен шеберлігіне байланысты іске асырылады.
Сонымен, адамның дауыс аппараты ең үлкен байлық, оны күтіп, қадағалап, сапалы түрде қолдану керек, дұрыс ән айту тәрбиесі – дауысты қорғау болып табылады деген болжамға келген ғалымдарымыз Н.Левидов, А.В.Рябченко т.б. Кейбір жағдайда дауыс аппаратының ауруларын вокалды педагогика әдістері арқылы емдеуге болады деп дұрыс айтқан. Көптеген зерттеушілер дұрыс ән айту тәрбиесі зерттеушілер дауысты қорғау болып табылады деген тұжырымға келген. Оқушылардың эстетикалық дамуы табиғатқа, қоршаған ортаға, еңбекке, қоғамға көзқарасын тәрбиелеумен тығыз байланысты. Сан алуан тақырыптағы музыкалық шығармалар арқылы оқушылардың жан-дүниесіне, сана-сезіміне әсер ете отырып, эстетикалық белсенділігін арттыру, жоғары көркемдік талғаммен рухани дүниесін байыту, музыкалық шығармаларға сүйіспеншілігін арттыру, болашақ мамандардың негізгі мақсаты [1].
Вокалды-хор жұмыс барысында оқушының әншілік дауысына ерекше көңіл аударылады. Оның негізгі қасиеттеріне жататындар: дыбыстық және динамикалық диапазон, тембрінің сапасы, дикция. Музыка мұғалімінің музыкалық қабілеті, оның педагогикалық қызметінің барлық түрінде көрініс береді. Атап айтқанда, вокалды және аспаптық орындаушылықта, жеке музыкалық-пластикалық әрекетінде, балалардың аспаптық орындаушылығына басшылық жасауда, өзінің ән шығаруында, драмаларды, мюзиклдарды ұйымдастыруда, сабаққа музыкалық шығармаларды таңдағанда т.б.
Қазіргі кезде педагогикалық білім дамуының маңызды мәселесінің бірі болашақ мұғалімдерді дайындау болып табылады. Сол үшін мұғалім болашақ ұрпақты тәрбиелеуді, Қазақстан оқушыларының тұрақты жағдайларын сақтап және де оның дамып гүлденуін өз парызы ретінде қабылдауы тиіс. Педагогикалық білім концепциясында белгіленгендей «Жаңа дәуірдің мұғалімі – Қазақстан Республикасының жаңа дәуірінің педагогы өзгерістерге дайын мамандандырылған, педагогикалық дарынды және де болашаққа, жаңаға ұмтылатын, жан дүниесі дамыған шығармашылық тұлға» [3].
Бұл талаптар жаңа дәуірдің мұғаліміне өз мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Өзінің әлсіз және күшті жақтарын, бұл мамандықтың қасиеттеріне тән өзін-өзі ұстай білуі, өзін-өзі бағалау, эмоционалды күй кешу, дидактикалық қабілеттері, жалпы мәдени білімге ие болу (ойлау, есте сақтау, қабылдау, елестету, назар), мәдени байланыс, әлемдік білім тенденцияларына сай болуы тиіс [3].
Музыка мұғалімінің музыкалық-педагогикалық жолында қиын міндеттердің бірі ретінде мынаны белгілеуге болады. Оқушылардың ұлттық әлемін, шығармашылық ойлауын, шығармашылық қабілеттерін дамуын вокалдық өнері арқылы жүзеге асыруға болады. Мұндай музыка мұғалімі мамандығына қойылар талап көп. Бұл үлкен шеберлік және хормейстрлік шеберлікті талап етеді.
Қазіргі кезге дейін тәжірибеде балалар дауысының нәзіктігі, жеңіл де жарқын үні, әсіресе кіші жастағы (10 жасқа дейінгі) балалар дауысының фальцетпен (Фальцет - әнші дауысының (көбіне ерлер дауысының) жоғары регистрде бас резонаторының искусстволық - жасанды орындалуы) дыбысталу туралы айтылып жүр.
Балалар дыбыс мүшелері үлкендердің дыбыс мүшелерінен өзгешелеу, яғни өте нәзік, көлемі жағынан да кішілеу болады.
Балалардың көмекей (гортань) үлкендердің көмекейінің көлемінен екі, екі есе кіші болады. Ал, дыбыс желбезегі (голосовая связка) үлкендерге қарағанда 4 есе қысқа болып келеді. Міне, сондықтан да олардың дауысы өте ашық, жоғары, жеңіл де нәзік болады. Сонымен қатар тыныс алуға қатысатын өкпе диафрагмасының көлемі кіші болғандықтан, демі тез бітіп қайта-қайта дем алады, сол себептен оларға қысқа, жеңіл сөз тізбектерінен (фраза) тұратын әндер айтқызуға тура келеді.
Бастауыш мектеп жасындағы оқушыларға 6 - 10 (7 - 11) жастағы балалар жатады. Бастауыш мектеп жасындағылардың өсіп-дамуы салыстырмалы түрде шамалас, мысылы: бойының ұзындығы 120 сантиметрдей, массасы 22 килограмдай деп берілген. Олардың миының дамуы аяқталуға жақын болады, Айталық 3 - 6 жастағы балалардың миының салмағы 1100 грамдай болса, 7 жаста 1250 грамдай, ал 9 жаста 1300 грамдай болады.
Бастауыш мектеп жасындағы баланың оқуға ынтасы, қызығуы білім алу емес, мектепке бару, мектеп ішіндегі құрал жабдықтарды көру, балалармен сөйлесу, ойнау, мұғалімнің өнегелі әңгімесін тыңдау және қызықты сабақ өткізуін көру болып саналады. Мектепке дейінгі кезеңде баланы оқуға дайындау, сананың дамуына, алдымен ақыл-ойдың, естің, қиялдың дамуына негіз болады. Қазақ мектебі өзінің даму жолында көптеген кезеңдерді бастан өткізді. Қаншама жылдар, ғасырлар бойы қазақтың сазды әні, күмбірлеген күйі елден-елге, ауыздан-ауызға тарап келсе, енді жаңа дәуірде жаңа мәдениетке көтерілді.
Бүгінгі егемен Қазақстан мектептерінде музыкалық білім мен тәрбие беруде музыка пәні сабағында түрлі музыкалық іс-әрекеттер арқылы оқушылардың әсемдік сезімін, эстетикалық талғампаздығын дамыту, өнер туындыларын түсіну, өнер, мәдениет жетістіктеріне аялы көзқарастарын қалыптастыру міндеттері қойылып отыр. Сыныптан тыс жұмыстар деп оқушылардың білімін тереңдету, іскерлік пен дағдысын дамытуға, қабілеттілігі мен қызығушылығын арттыру, демалысын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндіктер туғызатын арнайы ұйымдастырылған жұмыстарды айтамыз.
Қазіргі кезде, біздің ойымызша ән сабағы мұғалімдерінің, музыкалық топтардың, үйірме жетекшілерінің нақты қолданып, жан-жақты байқаудан өткізетіндей балалардың музыкалық ән айту ерекшеліктерін зерттейтін анық дәлелденген,бейімді, арнайы әдістемелер жоқтың қасы. Көп мұғалімдер музыкалық қабілеттілікті тексерудің жәй әдістерін қолданады (музыкалық есту қабілетін, есте сақтау, ырғақ, дауыс сияқты). Музыкалық қабілеттілікті зерттеудің мұндай формасы, әр баланың жеке өзіндік қасиетін терең ұғындырмайтын сияқты. Іс жүзінде мынадай да жағдайлар кездеседі. Кейбір дарынды балалар музыкалық тексеру кезінде сәтсіз жағдайларға тура келуі мүмкін. Мысалы, көпшіліктен ұялуы немесе тамағының ауырып қалуы және т.б. Ал келесі сабақта ол оқушы өзін жақсы жағынан ашып көрсете алуы мүмкін. Яғни, музыкалық қабілет бір ғана сабақтың нәтижесінде байқалуы мүмкін емес. Мектеп оқушыларының ауылда, қалада болсын, үлкендерге арналған кештерге, киноға, театрға баруы жиі кездеседі. Бұл жерде балаларды ғана кінәлап қою аз. Балаларға арналған шараларға жете мән бермейміз.
Музыка сабағының және мектеп жанындағы түрлі көркемөнер үйірмелерінің алда тұрған міндеттері орасан зор. Республикамыздың көптеген бастауыш, тоғыз жылдық және орта мектептерінде музыка, көркемөнер жұмыстары бір жүйеге келтірілген. Әйтседе, кейбір мектептерде музыка сабағының орнына басқа сабақты өткізе салу әдетке айналған. Музыка сабағын өткізгенімен мұғалімдердің бәрі бірдей музыкалы аспаптарда жақсы ойнай алмайды немесе әнді жөндеп айта бермейді.
Мектеп балаларының көркемөнер үйірмелеріне қатысып әрдайым оқушылардың алдына шығып, өздерінің өнерін көрсеткені өте пайдалы. Оқушылардың сахнаға шығып өнер көрсетуі, балаларды батылдыққа, жинақылыққа бейімдеп, ойларын, өнерлерін ұштай түседі, бойындағы дарынын ашуға көмектеседі. Музыка сабағында үйренген әндерді, музыкалық шығармаларды сабақтан тыс уақыттағы тақырыптық кештерде орындатып отырса балаларда қызығушылық артады. Мұндай музыкалық кештерді әр тоқсан сайын, бірнеше сынып балаларының басын қосып өткізуді дәстүрге айналдырған дұрыс. Ол балалардың музыкалық қабілетін шыңдап, білімін тереңдетіп, оларды әсемдікті сезінуге, мәдениеттілікке тәрбиелейді.
Мектеп балаларын ұйымдасқан түрде концерттерге, театрға апару олардың өнерге деген құмарлығын арттырады. Бұнымен қоса белгілі әнші-бишілермен, композиторлармен кездесулер ұйымдастырып тұрудың немесе олар туралы қызықты әнгімелер өткізудің де мәні зор. Балалар дауысын тәрбиелеу және дамыту үшін, мұғалім оқушылардың ән салудағы мүмкіншіліктерін білуі қажет.
1-сынып оқушыларының дауыс аппаратының әлі қалыптаспағандығына байланысты оның дауыс диапазондығының көлемдігі ми – соль, фа – ля (1-октава) дыбыстарының аралығында болады. Сондықтан да ән салудың алғашқы сабақтарында қиын емес диапазоны шектелген, бірақ ашық музыкалық бейнелі әндер, қолданылады. Біртіндеп әннің диапазоны кеңейеді. Жұмыс жасау барысында күрделі интервалдардан құралған әндер мен әуендер енгізіледі. 1-сыныптың балалары әрбір әннің әуенінің дыбыстарының қозғалысын есту және дауыс аралығындағы координациясына, дыбыстардың биіктігін таза айтуда әсерін тигізетін көрнекілік әдістердің көмегімен меңгеріледі.
2-сынып балаларының табиғи, еркін дауыс шығару диапазоны ми-си (1-октава) дыбыстарының аралығы. Бұл диапазон әуелі естіп қабылдауға ыңғайлы. Сонымен қатар дауыс желбезектерінің нәзіктігі мен қысқалылығына да байланысты болады. Сол себептен әнді қысыңқы емес, жеңіл, әрі ашық орындауды талап ету керек. Аталынған сапалықты дамыту үшін ми-си дыбыстары беріледі. Олардың диапазондарын біртіндеп кеңейту керек. Ән айтудың 2-жылында оқушылардың ән айтудағы ортаңғы дауыс кеңістігі қатайып жетілдіріледі. Әннің сипаты мен мазмұнына байланысты дыбыс бояуы түрлене бастайды. Дауыстарының үнінің шығуы ре-ре дыбыстарының аралығында болады. Кейбір балалардың дауыстарында кіші октаваның «си-ля» дыбыстарын кездестіруге болады. Бірақ олар ашық емес және күш салып орындалады. Кейбір оқушылардың ми дыбысын әсем орындауы байқалады. Оқытудың 3-жылында балалардың дауыстарының шығуы біркелкі бола бастайды. Балалардың денесінің ерте дамуы олардың дауыс аппаратының жылдам қалыптасуына әсер ететіндігін байқаймыз.
7-10 жастағы оқушылардың дауыс күшінің амплитудасы кең емес. Олардың дауыстарының диапазондық күші мецопиано және мецофорте аралығында болады. Бірақ балаларға тән олардың бойындағы сезім талдықтың болуы олардың әнді мәнерлеп, ашық орындауына жетелейді. Төмендегі диапазондағы дыбыстарды тыныш орындауды талап ету зиян болады. Дауыстардың жақсы шығуы ортаңғы дыбыстарда байқалынады. Төменгі және жоғарғы дыбыстарды жиі қолдану ыңғайсыз тесситураның бар екендігін мәлімдейді. Сол себептен де мұғалім ән репертуарын таңдауда осы жайларды ескергені жөн. Бастауыш сынып балаларының ән салудағы дауыстарында өздеріне тән сипаты пайда бола бастайды. Ол біркелкі емес, әсіресе дауысты дыбыстарды айтуда байқалынады. Сол себептен диапазонның барлық дыбыстарының бірдей біркелкі шығуын қадағалау керек. Дауыс бояуының даму процесінде дыбыс атакасының мәнісі бар. Вокалды-хор жұмыстарында дыбыс атакасын ыңғайлы қолдану дауыс бояуына жақсы әсер етіп, дауыстың «қысылып» мұрын арқылы шығуын жояды. 10-жастағы жас өспірімдердің дауыстарының төменгі жоғарғы көкіректен шығатын бояуларын байқауға болады. Дұрыс қойылған күн тәртібінде жұмыстарында дауыстары біртіндеп күшейіп, құлпыра түседі.
1-2 класс оқушыларының дауыстарында ер балалар мен қыз балаларда ешқандай айырмашылық болмайды, өте ұқсас болып келеді. Ал, 3-4 класс оқушыларының, әсіресе ер балалардың арасында альт дауысы көбейе бастайды. Сондықтан да бұл сыныптарда жаттығулар жүргізу кезінде осы өзгерістерді ескеріп отырған жөн, осылайша екі дауысты жеңіл әндер, хорлар үйретіле бастайды. Хор жетекшісі балалар дауысындағы өзгерістерді қадағалап отырады. Бастауыш сынып балаларының ән салудағы дауыстарында өздеріне тән сипаты пайда бола бастайды. Осыған байланысты мұғалімнің назары әрдайым балалардың дауысының бояуында болуы керек. Бұл жастағы балалардың дауыстарының бояуы біркелкі емес, әсіресе дауысты дыбыстарды айтуда байқалынады. Сол себептен де диапазонның барлық дыбыстарының бірдей, біркелкі шығуын қадағалау керек. Дауыс бояуының даму процесінде дыбыс атакасының (қатаң, жұмсақ) мәнісі бар. Вокалды-хор жұмыстарында оны ыңғайлы қолдану да дауыс бояуына жақсы әсер етіп, дауыстың «қысылып», мұрын арқылы шығуын жояды. Әрине әр баланың ән айту, яғни дыбыс шығару мүмкіндігі әр түрлі. Кейбір балалардың (6-7 жастағы) дауыс диапозондары кең, кіші октаваның ля дыбысынан ре – 2-ші октаваға дейін немесе до (1) – до (2)-ге дейін болуы да мүмкін. Бірақ әр жасқа ортақ ғылыми- зерттеу арқылы қойылған «дыбыстау шегі» болады.
І-сынып. Мұнда ре1 - си(1) (до2) аралықтарындағы дыбысталуды қатаң сақтаған жөн.
Баланың өсіп жетілу барысында, сонымен қатар музыка сабағындағы ән айтуды дұрыс ұйымдастырудың барысында дыбыс шығару мүшелерінің бұлшық еттері дамып, шынығып, бірте-бірте бір қалыпты дем алуға қабілеттері де қалыптасады.
Сынып оқушыларын ән айтуға, әнді хормен айтуға үйрету барысында ән айтудың өзіндік ережелерін сақтай отыра әнді сауатты да мәнерлі, әдемі терең сезіммен, ырғақтық үйлесіммен, сөздерін анық та түсінікті, мазмұнды да мәнерлі орындауға қалыптастыру үшін мынадай вокалдық ережелердің орындалуын үнемі қадағалау керек.
Бастауыш сыныптағы музыкалы-ырғақтық қимылдар:
1 сыныпта мұғалімнің әрекеті оқушылардың мектепке дейінгі тәжірибесін белсендіруге бағытталған жөн. Мысалы, билеу, секіру, айналу, қол, аяқ соғу, қадамдар жасау тәрізді қимылдардың түрлерін балалар мектепке дейінгі кезеңде жасай алады.
Балалардың музыкалық ойындарда тыныс қимылдардың элементтерін пайдалануға, музыканың қимылымен байланысты екенін түсінулері үшін, мұғалім қимылдардың мәнерлі орындалуына көп көңіл бөледі.
1 сыныптың музыка сабақтарында музыкалы-ырғақтық қимылдарды ұйымдастыруды ойластыруда, ойындарға белгілі орын беру керек. Олар музыкаға деген балалардың қызығушылығын белсендіре түсіп, музыкалық бейнелерді қабылдауға септігін тигізеді.
2 сынып оқушылардың музыкалы-ырғақтық іс-әрекеттер қимылдарын мәнерлі жасау дағдыларын бекітуге және күрделі түрлерін меңгеруге бағытталады. Марштар және би элементтерін жасаудағы балалардың жинақтаған тәжірибелері музыкадағы әлді және әлсіз үлестердің пульсация жайындағы түсініктерін қалыптастырып, екі ырғақтықтың қатынасын және нота сауатын меңгеруге әсер етеді.
3 сынып оқушылардың музыкалық бөлімдерінің өзгеруіне байланысты қимылдарды ауыстыру тәжірибесі олардың музыкалық құрылымының және музыканың дамуының принциптері жайындағы түсініктерін қалыптастыру процесінде пайдалынады.
4 сынып оқушылары ұлттық билерге тән қимылдармен танысады. Музыкалы-ырғақтық қимылдар жайында айтып отырып, оны сабақтың тақырыбынсыз, сабақтың элементтерімен байланыссыз қарастыруға болмайтындығын айта кету керек. Сабақтағы қолданылатын іс-әрекеттердің барлығының негізгі мақсаты, сабақтың тақырыбын ашуға және тәрбиелік, дамытушылық, білімділік міндеттеріне бағытталынуы тиіс. Сол себептен де музыкалы-ырғақтық қимылдарды қолданғанда, мұғалім осының барлығын ескеріп, ұтымды жолдарын іздестіруі керек.
Оқушылардың музыкалық қабілеттерін дамытуға бағытталған бірқатар жаттығуларды мысал ретінде келтіруге болады.
Музыкалық тәрбиенің бастапқы кезеңіндегі жаттығулар оқушылардың музыкалық түсініктерін қалыптастырумен байланысты және де ойын түрінде қолданылады.
Балалар ең әуелі музыкалық ойындарды дәрісханада жасауда, келісілген музыкалық белгілерге жауап беруді, дыбыстарды биіктігіне, сипатына байланысты ажыратуға, музыкалық аспаптардың дауыс бояуларын есту арқылы ажырата білуге үйренеді. Мысалы, барабанның біркелкі соғуында жүгіріп, шаңқобыздың немесе үшбұрыштың үніне тоқтап қалу; ксилофонның соғуына отырып, ал маракастың дыбысына тұру; төменгі дыбысты естігенде бүгілу, ал жоғарғы дыбысты естігенде көтерілу.
Музыкалы-ырғақтық қимылдардағы дыбыстардың биіктігін естуді қалыптастыру тәсілдері:
Балалар көздерін жұмып отырып, дыбыстың биіктігін ажырату немесе аспапты дыбыс бояуын тану. Олар жауабын қимылдар арқылы береді (мысалы, төменгі дыбыстарда – аяқтары жүреді; жоғарғы дыбыстарда – қолдарын жоғары көтеріп, колдың білегімен қимыл жасайды, ал барабанның соғуын қолдарымен сол аспапта орындап жатқандарын бейнелеп, көрсетеді).
Балалар біздің қуанышымыз, үмітіміз, болашағымыз. Бүгінгі мектептің алдына қойып отырған міндеті жеткіншек ұрпаққа патриоттық мәдени, еңбек, адамгершілік және эстетикалық тәрбие берудің сапасын арттыру. Оқушыларға көркемдік білім берумен қатар эстетикалық тәрбиені халықтың ұлттық мұрасымен байланыстыру. Әсемдік сезімін дамыту, көркемдік талғамын тәрбиелеу, өнер шығармаларын сүйіп, туған табиғатын, оның байлығын қастерлеп, бағалай білуге қабілеттерін қалыптастыру керек. Жастардың музыкаға деген ынтасы мен сүйіспеншілігін тәрбиелеу, бірлесе отырып ән айту, олардың музыкалық қабілеттерін (есту, ырғақ, есте сақтау) қалыптастырумен қатар, ортақ табысқа қуана білуге, эстетикалық талғам сезімдерін дамытуға тәрбиелейді.
Қорыта айтқанда, жасөспірім балаларға музыка-эстетика саласынан сапалы білім беру – олардың музыка дүниесі жайлы түсінігін кеңейтіп, ән айту, музыканы тыңдау, оның сырларын ұғына білуге дағдыландырып, эстетикалық ой-өрісін кеңейте түсу.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әбуова К., Хор жүргізу//Алматы, 1992;
2. Сулейменова Р., Бастауыш сыныпта музыканы оқыту әдістемесі – Алматы, 2008;
3. Огороднов Д., Воспитание певца в самодеятельном ансамбле//Украина,1980;
4. Сағынтаев П., Шакірбаева А., Бастауыш сыныптарда музыкалық тәрбие беру әдістемелері - Алматы, 1996;
5. Нұғманова Ә.А., Балалар дауысының тәрбиесі.- Алматы, 1976;