Мен Әуезов орта мектебінің бастауыш сыныбында сабақ беріп келемін. Еңбек жолымды бастағаныма тура 22 жыл толып отыр. Ұстаздық еңбектің қызығы мен қиыншылығын шәкірттеріммен бірге атқарып келемін. Оқушыны білім нәрімен нұрландыру бастауыш сынып мұғалімінің негізгі міндеті. Біздің алдымызға бала жас шыбық сияқты иілетін кезінде келеді. «Жас бала жас шыбықтың, жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол шыбық сол күйінде қатып қалмақ.»- деп айтқан екен ұлы педагог М. Жұмабаев. «Білім негізі бастауышта» деп бекер айтылмаған. Қазіргі нәтижеге бағытталған білім алу кезінде жаңа формалы сабақты, жаңа технологияны қолданып, оның әртүрлі әдіс-тәсілдерін енгізіп отырмын. Өз сабағымда соңғы жылдары көбінесе ойындық технологияларды, дамыта, деңгейлеп- саралап оқыту технологияларын пайдаланамын. Бұрынғы оқуда мұғалім түсіндіруші, ал оқушы тыңдаушы ғана болған. Ал, қазіргі оқу ондай үлгіде болуы мүмкін емес. Осы сабақта қолданып жүрген әрбір технологиялардың өзіндік пайдасы, нәтижесі бар. Ойындық технологиялар бойынша сабақта көптеген ойын түрлерін Мысалы: қазақ тілі пәнінен «Қай сөзді жоғалттым?», «Сөз құра» ойынын, «Көрші- көрші», «Кім шапшаң?» деген ойын түрлерін қолданамын. Ойын арқылы бала дүниені таниды. Ал белгілі педегог А.С. Макаренко: «Балалар ойында қандай болса, өскенде де сондай болады»,- дейді. Ойын әдісін қолданғанда баланы ойынға үйрету, ойынға қатысу арқылы ойыны қайсы, үйретуі қайсы екенін балалар айырмастай, сезбестей етіп үйрету керек деп ойлаймын. Ойын- үйрету әдісінің ерекше түрі. Ойын үйренуді мәжбүр етпейді, баланың өз еркімен, ынтасымен орындайды. Ең бастысы ойында, оқушының бәрі бірдей « жақсы оқушы» немесе «жаман оқушы» деп бөлінбейді. Бірін -бірі тек ойыншылар ретінде қабылдайды. Өз тәжірибемде ойын әдісін қолданғанда мынадай нақты нәтижеге жеттім.
Біріншіден, ойын баланың жас шамасына байланысты ерекшелігін жақсы білуге көмектесті. Бала өзін еш уақытта дәл ойын үстіндегідей еркін ұстап, өзін анық көрсете алмайды. Бұл арқылы баланың психологиясына жете үңіліп, мінез-құлқын білуге болады.
Екіншіден, ойын баланың жауапкершілігін арттырады, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Кез-келген пәнде топқа бөліпжүгізеді. Ойында, оқушы өз тобының жеңіп шығуына, өзінің тікелей байланысы бар екенін ұғынады.Басқалардың алдында жауапкершілікті сезінеді, берілген тапсырманы ынтамен, зейін сала ықыласпен орындайды. Сонымен бірге олардың бойында бауырмашылық, жанашырлық, ізеттілік сияқты жақсы қасиеттер қалыптасады.
Үшіншіден, ойын арқылы бала оқу материалын, жеңіл түсініп, терең меңгереді және оны ұзақ уақыт бойы есте сақтайтын болады, пәнге деген қызығушылығы артады.
Ал, дамыта оқыту технологиясы бойынша жұмыс жасаған кезде, оқушының ақыл, ойы, дүниетанымы, сөз қоры, сөйлеу мәдениеті, логикалық ойы, танымдық көзқарасы, бір сөзбен айтқанда жан- жақты дамыған бір тұлға болып қалыптасады.
Балаңа балық аулап берсең, бір күнгі азығың,
Балаңа балық аулауды үйретсең, мың күнгі азығың.