Ұстаз болу – жанымның қалауы... (эссе)
Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек. Әл-Фараби
Адам баласының жаман әдеттері жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнегесінен. «Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу қажет» — деп М.Әуезов айтпақшы, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде мектептің ерекше орын алатынын білеміз. Мектеп – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің арасындағы дария. Ал, мұғалім сол дариядағы заман талабына сай ағыспен қайық есуші. Оқу-тәрбие үрдісіндегі жаңа, озық педагогикалық технологияларды тиімді пайдалану арқылы мұғалімдік бейнесін анықтап алса, яғни ескегі мықты болса, қандай болмасын толқындарға қарсы тұрып, жағаға жетеді. Мен осынау қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы қатар жүретін мамандықты таңдап еңбек етіп келгеніме артығымен үш жыл болыпты. Аса көп уақыт өтпесе де мен бұл мамандықтың қыры мен сырын күн сайын ашып келемін.
Менің ұстаз болуыма ықпал еткен өзімнің мұғалімдерімнің де еңбегі зор. 1990 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, үздік дипломмен аяқтадым. Қурайлы селосындағы мектеп интернатта қызмет ете жүріп, 2000 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетіне бастауыш класс мұғалімі мамандығы бойынша оқу грантына ие болдым. 2003 жылы оқуымды үздік бітірдім. Сонан бері мен ұстаздықтың қыры мен сырына қанығып келемін.
Баланы дұрыс тәрбиелеу- тек әке-шешенің ғана міндеті емес. Бұл баршаның ісі. Бала-біздің болашағымыз, қоғамның бір мүшесі және оны ары қарай дамытушы, келешек кемеңгері, саясаткер, ел ағасы. Сондықтан баланы инабаттылыққа тәрбиелеу бәріміздің абзал борышымыз.
Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді - тәрбие беруде халық педагогикасының мән - маңызы күн өткен сайын артып келеді.
Еліміздің әр жерінде халық мұрасына, әсіресе, ұлтымыздың салт - дәстүрлеріне деген бетбұрыс, ондағы өзіндік ерекшеліктері жас ұрпақ тәрбиесіне лайық жүргізу, сол арқылы шәкірттерді адамгершілік – шыншылдыққа баулу, әдеп - ізетке үйрету секілді сипаттар мектепте кеңінен өріс алып келеді. Осының барлығын бала санасына күн сайын құйып отыратын, әрине, ұстаз.
«Балаға мінез үш адамнан жұғады, біріншісі – ата-анасынан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі – құрбыларынан» - деп ұлы Абай айтқан. Жасыратыны жоқ, қазіргі ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Ендеше, сол ата-ананың сұранысына сай жеке тұлға тәрбиелеу ұстаздардың құзырында.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі жан-жақты білімділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін ұстаздық мамандығы.
Біздің мамандығымыздың өзі — Алдағы атар таң үшін, болашақ үшін қызмет ету. Бала өз өміріне қажетті тәрбиені алдымен отбасынан, сосын мектептен алатыны сөзсіз. Ендеше, әр баланың бойына ұлттық сезім, ұлттық үрдіс дарыту — біздің, яғни, мұғалімдердің міндеті.
Мен, класс жетекші, алдымда отырған жас жеткіншектерден ертеңгі күні білімді, адамгершілігі мол, қоғамымызды өркендетуге қабілеті мен қарымы жететін азамат, жеке тұлға тәрбиелеу үшін, оларды өз бетімен білімді алуға, терең ойлап, ойын дұрыс жеткізе білуге үйретуім керек.
Ойымды қорыта келе, Джон Локк ағылшын философының «Тәрбие туралы ойлар», «Адамның санасы туралы тәжірибе» атты еңбегінде адам жаны туғанда таза тақтай сияқты болады, адамдар тәрбиеге қарай ғана мейрімді не жауыз, пайдалы не пайдасыз болып қалыптасады деген. Локк бойынша тәрбиенің мақсаты — іскер, адал адамды, өз мүддесіне жетуде табандылық көрсете алатын, бірақ басқалармен де есептесетін «нағыз адамды» тәрбиелеу.