Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Классному руководителю / Другие методич. материалы / Внеклассное мероприятие "Жаңа жылдық букет"

Внеклассное мероприятие "Жаңа жылдық букет"


  • Классному руководителю

Поделитесь материалом с коллегами:

«Жаңа жылдық букет» шоу-бағдарламасының сценарийі


Нургожина Анар Амандыковна

қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі, дефектолог


«Жаңа жылдық букет» атты шоу-бағдарламаның мақсаты:

Кеш барысында Жаңа жыл мерекесі туралы толық мағлұматтар бере отырып, оқушылар бойында еліне, халқына деген сүйіспеншілік сезімдерін, өмірге деген сенімдік көзқарастарын тудыру, танымдық іс-әрекеттерін дамыту.

Шоу-бағдарлама міндеттері: мерекелік көңіл-күй тудыру, Жаңа жыл мерекесі туралы толық мағлұматтар беру, ойындар өткізу, байқау өткізу, жаңа жылды жақсы, көңілді қарсы алу үшін кеңестер беру, презентация көрсету.

Бағдарламаның жас ерекшелігі: 8-10 сынып оқушыларына арналған

Өткізілу орны: даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатының акт залы.

Реквизиттері: акт залының ортасында әсем безендірілген шырша тұр, шыршаның алдында ақ дастархан жабылған бес үстел тұр, үстелдерді жағалай бес-бестен орындықтар қойылған. Үстелдің үстінде шырын құйылған стакандар, түрлі кәмпит, тәтті тоқаштар, жемістер, әсем безендірілген майлықтар, дәл үстелдің ортасына шырша бұтақтарынан жасалп, кәмпиттермен безендірілген гүл шоғы қойылған. Зал қабырғасы әр түрлі ою, шарлар, құттықтау сөздер, қыс, жаңа жыл туралы салынған суреттер ілінген. Оқушылардың барлығы көздеріне маска тағып, сәнді кеш киімдерін киіп, мойындарына түрлі жылтыр мишураларды тағып, әр үстел басында жайғасып отыр. Зал ішінде жаңа жылдық жақсы көңіл күй сылайтын қазақша поп музыка ойнап тұр. Залда отырған оқушыларға қарсы бетте проэктор, экран, компьютер орналасқан.

Қатысушылар: Аяз ата, Ақшақар, 2 жүргізуші, аңшы, 2 оқушы, Алдар көсе, бай, «Жаңа жыл»


«Жаңа жылдық букет» атты шоу-бағдарламасының өткізілу барысы

Ақырын музыка ойнап тұр. Қысқы табиғат бейнеленген презентация (қысқы орман, өзен, далада жүрген жылқылар, құр, түлкі, қарғалар, қысқы жолдағы көліктер суреттері) жүріп тұр. Осы презентациямен бірге Марал Зейнел-Ғабиқызының «Қыс көрінісі» атты өлеңі сыртта оқылады.

Қыс көрінісі

Аппақ дала, қандай пәктік, тазалық!

Табиғаттың сыйы осы бір ғажайып.

Аспан мен жер аппақ болып тұтасып,

Көрінбейді көкжиегі қарайып.

Қар астында орман, тоғай, өзендер.

Мұз құрсанды жарқыраған терең көл.

Тіршіліктің білінбейді тынысы,

Қымтап алған ақ көрпесін белеңдер.

Қар жамылған кең далаға қарасаң,

Тіршіліксіз өлі екен деп қаласың.

Бақыласаң, бажайласаң, үңілсең,

Қайнап жатқан тіршілікті табасың...

Тебіндеген жылқылар жүр жайылып,

Пысқырынып қарамайды қайырылып.

Жоталары қырауланып, бусанып,

Шүйгін шөптен қалардай бір айырылып.

Қар астынан ұшып шықты бір топ құр.

Пыр-пыр етіп, доп-домалақ, қоп-қоңыр.

Анадайда жосып барад түлкішек,

Айналада бір адам жоқ, ит түгіл.

Қарғалар да топ-топ болып ұшады.

Мұнарланып күн де асығып батады.

Жол бойында бірлі-жарым көліктер,

Бұрқыратып, борандатып барады...

Осы кезде «Жұлдыз» би тобы баяу ойнаған музыка әуеніне «Қыс бейнесі» биін билейді де, олар би соңына қарай әр түрлі қимылдар жасай отырып, залға қолына сыйлықтар салынған қапшығы бар Аяз ата мен Ақшақарды алып ортаға шығарады. Оларды кеш киімін киген, маска таққан ұл мен қыз бастарын иіп қарсы алды.

Аяз ата:

Армысыздар, ханымдар мен мырзалар!
Алыс-алыс белдерден
Орман, тоғай, көлдерден
Асып өтіп келемін. 
Ақшақар:

Армысыздар, оқушылар, ата-ана, ұстаздар
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!
Жаңа жыл бірлік пен татулық жылы болсын,
Әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!

1-жүргізуші: Қош, келіпсіздер, бір жыл сағына күткен аяулы атамыз бен сүйкімді бикешіміз!

2-жүргізуші: Сіздердің бізді ұмытпай, құттықтау үшін келіп қалғандарыңызға сондай қуаныштымыз.

Аяз ата: Мені, күткендеріңді көріп тұрмын. Шыршаларың да сәнді, көңіл-күйлерің де жақсы. Осы мекемеде «Жаңа жылдық букет» атты шоу-бағдарлама кеші өтеді дегесін немерем Ақшақарды жетектеп алып келдім. Ал, енді, «Жаңа жылдық букеттерің» қайда, көрсетіңдер?

1-жүргізуші: Аяз ата, сіздер алыс жолдан шаршап келдіңіздер, енді отырып дем алыңыздар, жылыныңыздар, асықпаңыздар. Біз сіздерге «Жаңа жылдық букетімізді» кеш соңына қарай көрсетеміз. Оған дейін сіздерге, басқа да қонақтарымызға арнап дайындаған, жаңа жылдық шашуларымызды қарсы алыңыздар (Аяз ата мен Ақшақарға күні бұрын дайындап қойған 1-інші үстел жанындағы отыратын орындарын көрсетеді. Олар орындарына жайғасады).

2-жүргізуші: Кешіміздің бірінші шашуы – «Қош келдің, Жаңа жыл» атты ән шашу. Орындайтын 9 «а» сынып оқушысы Ағатаева Данара.

1-жүргізуші: Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен  аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ең сүйікті мереке. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен, нық қадаммен аттағанды қалайды.

2-жүргізуші: Бүгінгі Жаңа жылдық кешіміздің сыйлы қонақтары – біздің ата-аналарымыз бен ұстаздарымыз. Сіздерге, Жаңа жыл мықты денсаулық, баянды бақыт, жаңа жетістіктер және татулық әкелсін!
Керегелеріңіз кеңейіп, шаңырақтарыңыз биіктей түссін!
Әрбір жаңа бастамаларыңыз тек қана жеңіс пен сәттілікке үлесе берсін! - дей отыра,
құттықтау сөзді мектеп-интернатымыздың директоры, аяулы ұстаз Айгүл Амангелдіқызына береміз.

Айгүл Амангелдіқызының құттықтау сөзі:

Құрметті ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жасөспірімдер! Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл өткен жылдың қорытындысын жасап, атқарылған істі саралайтын кезең екендігі белгілі. Халқымызда “Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп” деген даналық сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. 2014 жыл біз үшін берекелі де, жемісті болды деп айтуымызға болады. Себебі бұл жылы біз, ең үлкен сыннан өттік. Ол – мемлекеттік аттестация. Мемлекеттік аттестация тек біздің мектебіміз үшін ғана емес, барлық білім беру мекемелері үшін - үлкен сынақ. Сол алдымыздағы сыннан мүдірмей, бір кісідей, өтуге ата-аналар, ұстаздар, оқушылар қауымының зор еңбегі, білімі мен іс-тәжірибесі, заманауи ойшылдығы мен іс-әрекеттері, ұжымдық, отаншылдық, алға ұмтылушылық қасиеттері көмектесті. Құрметті қауым, сіздерге көптен-көп рахмет айта отырып, келер 2015 жыл толағай табыстар әкеліп, халқымыз игілікке, мемлекетіміз молшылыққа, әр шаңырақ береке,бақыт пен шаттыққа кенеле берсін демекпін!

1 - жүргізуші: Балалар, мектеп-интернат директоры Айгүл Амангелдіқызынан шырша шамын жағуды сұрасақ қайтеді?
Барлығы орындарынан тұрып: Шырша шамы жағылсын! – деп 3 – рет қайталайды.
(Айгүл Амангелдіқызы шырша шамын жағады. Сол кезде барлық оқушылар жүргізушілермен бірге өлең жолдарын қайталайды).

Барлығы: Қуант бізді таңырқат,
Шамдарыңды жарқырат! (3 рет қайталау).

(Шамдар жанғаннан кейін барлығы қолдарын шапалақтайды, орындарына отырады).
1-жүргізуші: Әкем, анам! Аяулы асылдарым! Сүйенсем, тірегім, құласам, сүйеуім сендерсіңдер. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей бәрімізге сая бола білген ата-анамызды жаңа жылмен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, бақытты ғұмыр тілейміз. Өмірдің шапағаты мен шуағына кенеліп, арамызда аман-сау жүре беріңіздер!

2-жүргізуші: Құттықтау сөз ата-аналар комитетінің мүшесі Есенбергенов Мәдидің атасына беріледі.

Мәдидің атасы: Құрметті, халайық!

Мынау, өтіп бара жатқан жылқы жылы, қазақстандықтар үшін жаман болған жоқ, керісінше, есте қаларлық жағымды сәттер көп болды. Келе жатқан 2015-інші жыл, қой жылы. Халқымыз қой жылын қашан да құтты жыл деп есептеген. Мәселен, осы жыл белгісінде, 1991 жылы еліміз егемендігін алды. Төрт түліктің ішінде семіздікті қой ғана көтереді – деген, мақал бар. Қой әрі сабырлы жануар, бабаларымыз қой жылы халыққа жайлы, елде молшылық болады дейтін. Сондықтан 2015 жыл - халық үшін жайлы, молшылық жылы болсын. Жаңа жылда халықтың әл-ауқаты жақсы болсын. Жастарымыз абыройлы, ақ жүзді болсын! Ұстаздар қауымына жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстар тілеймін. Бұл жыл жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, бақытты оқиғаларға толы болсын. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар әкелсін.

1-жүргізуші: Құрметті ата-аналарымыз бен ұстаздарымыз, келесі «» атты би шашуын қабыл алыңыздар.

«Жұлдыз» би тобының орындауында «Қобыз бен домбыра» биі.

2-жүргізуші: Қошемет, құрметті халайық!

1-жүргізуші:

Жаңа жыл құтты болсын, замандастар!

Ұлағатты үлкендер, балғын жастар.

Жаңа жыл алып келсін құт-береке,

Жақсылық бола берсін алға бастар.

2-жүргізуші:

Жаңа жыл құтты болсын бәрімізге,

Қыдыр ата қонсын келіп төрімізге.

Бейбіт өмір орнасын бар әлемге,

Бақыт оты жарқылдасын көзімізде.

1-жүргізуші: Манадан бері Жаңа жыл деп айтып жатырмыз. Жаңа жыл мерекесінің шығу тарихы жайлы не білеміз?

2-жүргізуші: Жаңа Жыл мерекесі әр елде әр түрлі мезгілде, әртүрлі тойлайды. Мұсылмандар жаңа  жылды қашан қарсы алды. (Балалардың жауабы: наурыздың 22-сінде). Дұрыс, жаңа жыл наурыздың 22-сінде, күн мен түн теңелген қасиетті мезгілде басталған.

1-жүргізуші:

Жаңа жыл тұңғыш рет Месопотамияда тойланған. Ғалымдардың айтуынша, адам баласы алғашқы жаңа жылды біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта атап өткен. Жаңа жылды тойлау межесі Тигр мен Евфрат өзендеріне су толып, егін шаруашылығының басталған кезіне тура келеді. Уақыт өте келе, мереке Бабыл тұтқындары арқылы гректерге, ал гректерден Еуропаға тарай бастаған. Рим императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбе енгізген кезде, Жаңа Жылдың алғашқы күні 1 қаңтар болып есептелінген. Римдіктер Жаңа Жылды сәтті өткізу үшін бірінші күнді қуанышқа толы етіп қарсы алатын болған.
2-жүргізуші:

Сондай-ақ, Жаңа Жыл көне Мысыр елінде де тойланып келген екен. Ондаған ғасырлар бұрын шаруашылықта жаңа маусымға септік болатын Ніл өзені суының толассуының өмірлік маңызы бар болыпты. Сондықтан сол күннен бастап жаңа күнді тойлау дәстүрге айналып келеді.

1-жүргізуші:

Біз, Жаңа жыл мерекесін дәстүр болып қалыптасып қалған нышандар арқылы қарсы аламыз. Ол қандай нышандар? (шырша, Аяз ата, Ақшақар, сәнді, жаңа киім кию, мол дастархан жасау, сыйлық беру, көңілді ойындар өткізу, би билеп, ән айту).

2-жүргізуші:

Түрлі тарихи басылымдарда Жаңа жылды әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрін Ресейде 1700 жылы қаңтардың 1-інде I Петрдің енгізгені, дәл осы жылы Ресейде жаңаша жыл санау басталғаны, I Петрдің өзі басқарған Мәскеудегі мейрамның таңға дейін созылғаны жазылып жүр. Бірқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтардың шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың – көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазады.

1-жүргізуші:

Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында «Шыршалар мерекесі» деген тарау бар. Оның жазуынша, мереке ең басында құдайлар мен аруақтар мекені – жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер – Судың (Иерсу) құрметіне арналыпты. Жер – Судың жанында ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүрсе керек. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті. Мұрат Әджінің дәлелдеуінше, ежелгі алтайлықтар шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің Түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Сонан соң дөңгелене қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып: «Түн кетіп, Күн келсін», деп ән салған. Осылайша Мұрат Әджі бауырымыз Жаңа жыл түніндегі «үлде мен бүлдеге» бөленген шырша мерекесінің І Петр патшадан да әріде болғанын баяндап, ол түркілер дәуірінде сол халықта тойланған деп дәлелдейді.

2-жүргізуші:

Сонымен, Жаңа жылды тойлағанда бұл мерекенің де көшпелілер пайымымен байланысты екендігін ескеру керек. Өкінішке орай, бұл деректер бүкіл халықтың жадының игілігі бола алмай келе жатыр. Дегенмен, В.В.Цибульскийдің «Луно-солнечный календарь стран Восточный Азий», М.Ысқақовтың «Халық календары», Х. Әбішевтің «Аспан сыры» атты кітаптарында осы деректер қызықты баяндалады. Сол деректер бойынша Жаңа жыл таза көшпелілердің мейрамы екенін мойындаймыз. Бірақ Еуропа бұл мейрамға Аяз ата, шырша, шырақ жағу деген сияқты Еуропа елдері өздерінің этнографиялық реңктерін беріп, байытты. Содан бүгінгі күні мүлдем танымастай өзгеріп, Еуропалық мейрам болып шыға келді.

1-жүргізуші:

Ал, енді, құрметті достар, келесі шашуымызды жоғарыда аталған тарих беттеріне үңіле отырып, «Жаңа жылдық бал» шашуы деп атаймыз. Оны дайындап келген Ақшақар екен. Ортаға Ақшақарды шақырамыз.

Ақшақар ортаға шығып:

Құрметті, достар, біз ерте кездерде кештерде бал өткізіліп, сол балда түрлі билер биленетінін білеміз. Бүгін біз сол балға жаңа жылдық рең беріп түрлендіріп, ойын түрінде өткіземіз. Ол үшін ортаға барлықтарыңызды шақырамыз. Барлықтарыңыз шыршаны жағалай, бір-бірлеріңіздің қолдарыңыздан ұстап тұра қойыңыздар. (Барлығы шыршаны жағалай, қолдарынан ұстап тұрады).

Ақшақар:

Сонымен, бірінші би элементі «Шеңбер». Барлығымыз қолдарымыздан ұстап, шыршаны айнала оңға қарай, солға қарай жүреміз. Бағытымызды музыка тоқтағанда өзгертіп отырамыз. (Қимыл жасап жүру).

Ақшақар: екінші би элементі «Ұлпа қар». Оң, сол қолдарыңды ұстасқан қалпы жоғары көтеріп шеңбер бойынша оңға, солға жүреміз. Музыка тоқтасымен қолдарды ауыстырамыз. (Қимыл жасап жүру).

Ақшақар: үшінші би элементі «Шыршалар». Екі екіден бір-біріңе қарап тұра қалыңдар. Оң қолдарыңды ұстасқан қалпы жоғары көтеріп, айналасыңдар. Дәл осылай, енді сол қолдарыңды көтеріп айналасыңдар. Музыка тоқтасымен қолдарды ауыстырамыз, бағытты ауыстырамыз.(Қимыл жасап жүру).

Ақшақар: төртінші би элементі «Боран». Бір-біріңнің арттарыңа тұрып, иықтарыңнан ұстап жұлан тәрізді оңға ирелеңдеп шыршаны айналып жүресіңдер. Бұл шеңбер бөлігін бұзбауларың керек. (Қимыл жасап жүру).

Ақшақар: Қимылдарды шатастырмай, орындарын бұзбай, дұрыс ойнауға тырысыңдар. Ойын шартын бұзған бала ойыннан шығып қалады. Ал, ата сіз, ойынның сыншысы болыңыз. Сыйлықтарыңызды ұмытпаңыз.

Аяз ата: әрине, құлыншағым. Қай жеңгендерің жаңа жылдық сыйлық аласыңдар. Қане, музыканы жіберіңдер. Естеріңде болсын, қимылдарыңды музыка тоқтаған кезде жасайсыңдар.

(Ақшақар ойын өткізді. Аяз ата соңғы қалған 2 оқушыға қой бейнесіндегі кіші ойыншық тапсырды. Ойынға қатысқан барлық балаларға кәмпит үлестірді).

2-жүргізуші: Рахмет, сізге Ақшақар. Ал, енді Аяз атамыздың да бізге дайындаған бір шашуы бар шығар.

Аяз ата: Дұрыс айтасың, құлыншағым. Менде сендерге құр келмей «Жаңа жылды қай халық қалай қарсы алады?» деген әңгіме шашуымды әкелдім. Қытайда Жаңа жыл мерекесі көшеде барабандар, темір тәрелкелер соғылып, фейерверктер атылып, жаңа жыл салтанатын билеген айдаһарлар шеруі бастайды екен. Дастарқанға туралған нарцис гүлін қою дәстүрге айналған. Жаңа жыл мерекесі он бес күнге созылады. Бұл қаңтардың аяғы мен ақпан айының басына келеді. Үндістанда Жаңа жыл - Дивали жарық пен оттар мерекесі деп аталады екен. Айтса айтқандай осы күні қалалар мен ауылдардың барлығы оттың ішінде тұрғандай жарқырап кететін көрінеді. Жарығы сөніп тұран бірден-бір терезені көре алмайды екенсің. Әйел адамдар көшеге шығып жерге түрлі оюлы суреттер салып, оларға ұнтопырақ сеуіп, шырақтар жағып көркемдейтін көрінеді.

Кубада сағат 12-ні соққан кезде, әркім 12 түйір жүзім жейді екен. Францияда адамдар Жаңа жыл кешінде жомарт болуға құмар келеді екен. Бұл күні мейрамханалар адамдарды тегін тамақтандырып қана қоймай кетерінде сыйлықтар береді екен

 1-жүргізуші: Рахмет, сізге ата. Жаңа жыл мерекесі жайында қызықты деректер бердіңіз.

2-жүргізуші: Келесі шашу – 9 «а» сынып оқушыларының дайындаған «жаңа жылдық көрініс» атты сахналық қойылымы.

Автор сөзі: Орманда аңшы есінеп келе жатып, шырша түбіне жата қалып, қорылдап ұйықтап жатты. Африка балалары орман ішінде Жаңа жылды қарсы алатын орын іздеп жүрді (жаңа жылдық әндерін айтып жүрді).

1-бала. О, керемет алаң екен. Тынышты, бірде бір арыстан да жоқ екен.

Қыз. Ойбай! Шыршаның түбінде ырылдап жатқан не?

2-бала. Бұл арыстан шығар.

Аңшы.  Менің арыстан деп айтқан кім, мынау қара шайтандар ғой.

Қыз. Біз Африка елінің оқушыларымыз.

1-бала. Қазақстанда оқимыз, Жаңа жылды қарсы алғымыз келеді.

Аңшы. Оны қалай қарсы алмақсыңдар?

2-бала. Біз егіс мерекесін Жаңа жылмен бірге қосып қарсы аламыз. Егер егіс нашар болса, біз келгенді жей береміз.

Аңшы. Ойбай, шайтандар, мыналар не істеп жатыр! (Шошып.) Жақындама - атамын.

1-бала. Әй, еркегім, қорықпа, біз адамдарды жемейміз, біз шөп жейміз.

Аңшы. Жарайды, егер сендер адамды жемесеңдер, маған сендермен бірге Жаңа жылды қарсы алуға бола ма?

Қыз. Жарайды, оған шартымыз бар. Сен біз сияқты билей алсаң.

2-бала. Алдымен екі қимыл көрсетеміз, сен оларды қайталап көр. Олар аңшы қайталайтын қимылдар көрсетеді (ауыр және күлдіргі қимылдар).

Қыз. Не, есте сақтадыңыз ба?

Аңшы. Иә.

2-бала. Онда билейік.

Күлдіргі қимылдармен аңшы балаларға қосылып кішкене билейді.

1-жүргізуші: 2015 жылдың табалдырықты аттауына 6 күн қалды. Жаңа жылды ойдағыдай қарсы алу үшін барлығымыз бар күшімізді салуымыз керек. "Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы сондай көңіл-күйде боласың" деген ырым бар. Сондықтан сендермен бірге күнтізбе құрып, іс-әрекеттерімізді жүйелейік.

2-жүргізуші: 1-інші күн. Сыйлық дайындау немесе сатып алу. Жақын жандарыңыздың әрқайсысына сыйлық дайындауды бастаймыз. Ата-анаң, бауырларың тізімнің басында тұрады.  Одан бөлек, сыныптастарың, достарың. Сыйлықтың үлкен-кішісі болмайды. "Достың көңілі бір атым насыбайдан қалатындықтан", бастысы - қымбат сыйлық емес, көңіл екенін есте ұстаңыз. Өзіңе қажетті затты дайындап, не сатып алуға тырысыңыз, өз-өзіңізді жақсы көріңіз. "Мен оны 2015 жылға сыйлық ретінде сатып алған едім" деп еске алып жүретін боласыз. "Келесі жылы Жаңа жылда планшет (жаңа сотка, т.б.) сатып алам" деген мақсат қойыңыз. Армандар орындалады емес пе?!

2-нші күн. Үйді сәндеу. Шырша құрып, оны безендіру. Бұл - өте көңілді, отбасыға ортақ іс. Бәріңіз бірге жүріп сыныпты, үйді безендіресіз. Шыршаны сәндейсіз. Көңіл-күй жақсарады. "Жыл сайын бір шырша ойыншығын сатып алу", "шыршаны отбасының барлық мүшесі жасыл киім киіп сәндеу" сияқты қызықты дәстүр енгізу.

3-інші күн. Жаңа жыл дастарханының қамын жасау. Жаңа жылдағы киім. Бұл - тек қыздар, аналар "уайымы" болмауы керек. Жаңа жыл азық-түлігін бірге сатып алу. Ал дайындалатын ас мәзірінің түр-түрін дайындап қою. "Адам көркі - шүберек". Біле білсеңіз, адамдың көңіл-күйі үстіндегі киімнің түсіне де байланысты. Жаңа жылда жарқырап жүру сізге сенімділік береді. Оның үстіне жақсы киім - өзіңізге деген құрмет, айналаңызға деген сыйластық. 

1-жүргізуші: 4-інші күн. Жаңа жылда көретін кино, мультфильм, тыңдайтын музыка, ойналатын ойын дайындау. Олар ерекше болуы керек. Өйткені олар мерекелік атмосфера тудырады. Сондықтан бәрін алдын ала ойластырып, дайындап қойған жөн. 

5-інші күн. Жаңажылдық фотосессия. 2015 жылдың алғашқы күні қайта айналып келмесі анық. Сондықтан бұл күн жадыңыз бен суретте ғана сақталмақ. Жаңа жылда түсетін суреттер де іш пыстыратын, біркелкі болмауы тиіс. Олай болса, фотоға түсудің сан қимылын ойластырыңыз. 

6-ншы күн. Жаңа жылдағы тілек. Сөз кезегі сізге берілгенде, іркілмеу үшін алдын ала тілек жаттап жүрген жөн. Күнде айтылатын тілекке қарағанда, ерекше тілекті құп көріңіз. Мәселен, 4 жол құттықтау өлеңін жаттап айтсаңыз, отырған жеріңіздің көркін қыздыра түсетініңіз анық. Ал Жаңа жыл түні тілейтін тілегіңіз - сіздің ғана құпияңыз. Сондықтан не тілесеңіз де, қиялыңызды шектемеңіз. 

(Залға Алдар көсе мен бай кіреді. Алдар өлең айта келеді.)

Алдар әндетіп:
- Мен Алдармын, Алдармын, 
Балқанға да барғанмын, 
Орханға да барғанмын, 
Байларды да алдадым, 
Шайтанды да алдадым,
Әділетсіз байларды.
Әлі талай алдармын, хай-лайлым – хай-лым, хай-лай-лым-ай!

Алдар көсе:
- О, армысың, халайық, 
Бармысың, халайық!
Әй, осы шамдардың бір жаманы – менің киімімнің жыртық-тесігін елдің бәрі көріп қоятын болды. Ал қараңғының бір жақсысы – менің арамза, қулық істерімді құпия сақтайды. 
Ал, жүргізушілер, мен айтсам мына байекең сенбейді, осы мектепте керемет ғажайыптардың болайын деп жатқаны рас па? 

2-жүргізуші: Рас. 
Алдар көсе: Ендеше байеке, сіз оған дейін 1-2 сағат ұйықтап алыңыз, жол соғып, шаршаған шығарсыз. Мен сізді өзім оятамын. 
(Бай шапанын шешіп, үстіне жамылып, ұйқыға кетеді. Алдар байдың шапанын өзінің жыртық шапанына ауыстырып алады да, байдың атына мініп, «Мен Алдармын, Алдармын» әнін айтып, кете береді). 
Бай (оянып кетеді): - Үстіндегі жыртық шапанды көріп, шошып кетеді. - Әй, менің шапаным қайда? Атым қайда? Қап бәлем, тоқта деймін!

(Алдардың соңынан кетеді). 

1-жүргізуші: Әр елдің өзінің Аяз Атасы болады. Соған байланысты есімдері де әр келкі келеді. Сендер білесіңдер ме, Ресейде аяз атаны қалай атайды? (Дед мороз). Санта Клаус деп қай елде атайды? (Америка Құрама Штаттары, Австрия).

Аяз ата: Менің балаларға сауалдарым бар. Менімен Санта-Клаустың арасында қандай айырмашылық бар? (Балаларға сұрақ қойып отырып, презентациядан көрсету).


Аяз ата мен Санта-Клаустың айырмашылықтары ав

1.Ең бірінші бас киімнен бастайық. Бас киімдері қандай?

(Аяз ата теріден тігілген қалың бас киім кисе, Санта-Клаус домалақ шашақты бас киім киеді екен).

2. Сақалдары қандай?

(Аяз атаның сақалы беліне дейін келетін ұзын болады. Ал Санта-Клаустың сақалы қысқа келеді).

3. Сырт киімдері қандай?

(Аяз атаның тоны тобыққа дейін келетін ұзын болады. Ал Санта-Клаус қысқа күртеше киеді).

4. Киімінің түсі қандай?

(Аяз атаның киімі көбіне қызыл, көк немесе ақ болады. Ал Санта-Клаустың киімі тек қызыл түсті болады).

5. Қолғаптары қандай?

(Аяз атаның қолғабы қалың болса, Санта-Клаустікі жеңіл әрі жұқа болады).

6. Қолдарында не бар?

(Аяз ата асатаяқ ұстаса, Санта-Клаустың қолында ештеңе болмайды).

7. Белдіктері қандай? 

(Аяз ата матадан тігілген ақ белбеу тағады. Ал Санта-Клаустың белдігінің айылбасы (белдікті ұстап белде ұстап тұратын темірден жасалған бөлігі) болады).

8. Аяқ киімдері қандай?

(Аяз ата пима, ал Санта-Клаус етік киеді).

9. Көзілдіріктері бар ма?

(Санта-Клаус көзілдірік тағады. Ал Аяз ата тақпайды).

10. Көліктері бар ма, қандай көлік?

(Аяз ата атқа жегілген шанаға мінетін болса, Санта-Клаус бұғыларға жегілген шанамен жүреді.

11. Көмекшілері кімдер?

(Аяз атаға оның немересі Ақшақар көмектессе, Санта-Клаусқа мейірімді эльфтер қызмет етеді).

Аяз ата: Жарайсыңдар, балалар, қане немерем балаларға тәттілерді тарат.

(Ақша қар жауап берген балаларға кәмпиттер таратады).

1-жүргізуші: Ешбір қыс қызығы қар адам жасаусыз өткен емес. Біз де қазір қар адам жасаймыз. Келесі шашуымыз - «Қар адам» атты байқау.

2-жүргізуші: Ортаға үш ер бала және алты қыз бала шықсын. Бір ер бала және екі қыз бала болып үшке бөлінесіңдер. Музыка тоқтағанша қар адамды жасап бітіру қажет. Әр топ қолына бір дәретхана қағазы, қалпақ, щетка беріледі. Музыка ойнап, байқау өтеді.

Аяз ата: Балалар, осы Жаңа жылымыз қайда? Неге шақырмаймыз?
Ақша қар: Барлығымыз қосылып Жаңа жылды ортаға шақырайық.
Барлығы: Жаңа жыл! 3 - рет. Музыка ойнайды.

(Маңдайында «2015 жыл» деп жазылған бас киім киген бір бала кіреді.

«Жаңа жыл» қолында қой суреті бар).

Жаңа жыл:

Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,

Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.

Жақсылықтың белгісі, жаңа уақыт,

Келіп, міне, жатырмыз, қауқылдасып...

1-жүргізуші: Қадамыңыз құтты болсын. Шашу! Шашу! Шашу! (шашу шашады).

2- жүргізуші:

Құтты болсын, құтты болсын Жаңа жыл!

Жаңа жылда төгілсінші жаңа жыр.

Адамзаты бар әлемнің аман боп,

Көрейікші жақсылықтар жаңа бір.

Арман-мақсат орындалсын әрқашан.

Нұрлы болсын төбемізде ақ аспан.

Ел тірегі ер-азамат аман боп,

Жұрт болайық ынтымағы жарасқан.

1-жүргізуші:

Еңбегіміз табыстармен көркейсін.

Елімізге ел қосылып көбейсін.

Жүректерді кернеп мейірім, шапағат,

Көңіл хошы көктемдей көгерсін.

Жаңа жылда шаңыраққа бақ қонсын!

Қазағымның той-думаны көп болсын!

Миллион жыл ұрпағымыз аман боп,

Отбасында уайым-қайғы жоқ болсын!

«Жұлдыз» би тобының орындауында қазіргі заман биі «Бүркіт».

2-жүргізуші: Келген қой жылы – он екі жылдық жыл санау жүйесіндегі жетінші жыл атауы. Дәстүрлі түсінік бойынша, он екі жылдың әрқайсысының белгілі жануарға тән өзіндік ерекшеліктері бар деп саналған. Яғни, Қой жылы. қойдың мінезі тәрізді «қоңыр», яғни, жуас, мал мен жанға жайлы, құт- берекесі мол жыл деп есептелінді. Қой жылы жауын-шашыны мол жылдардың қатарына жатады. Сондықтан шөп шүйгін шығады және астықтың түсімі мол болады. Қой жылы төрт түліктің өсімі үшін де қолайлы жыл ретінде ерекше қастерленді. Жылдардың сипатына қатысты айтылатын «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгір тоғыс болды» деген сөздер халықтың сан ғасырлық күнқайыру тәжірибесінен туындаған.

1-жүргізуші: Ал, «Жаңа жыл» бізді қандай жағымды жаңалықтармен қуантпақсың?

Жаңа жыл: 2015 жыл ҚР Президенті Н. Назарбаевтың атауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Осы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата заңымыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланады.

2-жүргізуші: Әр жылы елімізде көптеген өнер, білім, ғылым қайраткерлері мен белгілі адамдар дүниеге келіп отырады. Қой жылы туған тұлғалар да аз емес. Жаңа жыл, сол адамдарды атап кетсеңіз. Еліміздің бағына жаратылған жандармен мақтанайық!

Жаңа жыл: Олар - ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров, көрнекті ғалым, ғылым қайраткері, академик Қажым Жұмалиев,  қазақ тілтанушысы, ғалым Мәулен Балақаев, театр және кино әртістері - Әмина Өмірзақова, Берік Айтжанов, ақын, жазушылар - Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкей, әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері, әуесқой-боксшы Данияр Елеусінов, әншілер - Рамазан Стамғазиев, Медеу Арынбаев, Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қабатов, Мәдина Сәдуақасова, Әли Оқапов, т.б.

1-жүргізуші: Дизайнерлердің айтуынша, келер жылы ақ түсті киімдер сәнге айналады. Сондай-ақ биылғы қой жылында «бұйра» элементтерден тұратын киімдерге басты назар аударғанымыз абзал. Жылқы жылында көпшілік көкшіл түсті көйлектерді таңдаған болса, биыл көктің жасылмен аралас - меруерт түсі сәнді болмақ. Қой өзінің қарапайымдылығымен, момындығымен ерекшеленеді. Сондықтан бойыңыздағы нәзіктікті де сәнді киіммен көрсетуге болады. 2015 жылы шілтерден тігілген кешкі көйлектер сәнді болады. Ұлттық нақыштағы кешкі көйлектер, этникалық стильдегі білезік немесе алқа сияқты әшекей бұйымдар образды көпшіліктен даралап, ерекше етіп тұрады.

Назарларыңызға «Сән» шашуын ұсынамыз.

Презентациясын көрсету (слайдтарда жастар журналдарынан сәндік жаңа маусым киімдері көрсетіледі: «Yes» журналы, желтоқсан).

2-жүргізуші (1 фото): Не, қыздарымыз, ұнайтын көйлектерін немен киейін немесе қызыл сөмкені немен бірге ұстайын деп ойлап отыр ма? Бастарыңды қатырмаңдар, барлық киімді бір түс қылыңдар. Жасыл, қызғылт, сары, көк түстерді таңдаңдар. Түстермен ойнауға ешкім шек қойған жоқ қой.

(2 фото) Шулы ортадан сені тез тауып алсың десеңдер, жалт-жұлт еткен жылтырауық киімдер киіңдер. Көйлек, шұлық, аксессуарларың ашық түстерде болсын. Сонда сендерді көзі көрмейтін адам да көріп қалар.

(3 фото) Тоқыма киімдерді мерекелік киімге айналдырыңдар. Ол бізге өте ыңғайлы ғой, себебі солтүстікте тұрамыз, қысымыз суық, аязды. Ал, сәнді тоқыма көйлекпен сен барлығымен қосылып көшеге жүгіріп шығып, от шашу көріп, «Алақай!» деп айқайлайсың.

1-жүргізуші: (4 фото) Сендер ойлағандай, кеште барлығының назарын өздеріңе аудару соншалықты қиын емес. Желбірегі бар жайылып тұратын көйлек — ең табылған тәсіл. Ол әсіресе, қыс мезгілінде қажет.

(5 фото) Тағы бірнеше кеңес береміз: дәкіден жасалған немесе қоян киімдерімен ешкімді таң қалдыра алмайсыңдар. Сол себептен ерекше қылу керек. Мысалы, Валли костюмі. Интернеттен Валли суретін тап та, фотошоп жаса, түрлі-түсті принтерден жеке көзін, арқасын, т.б.шығарып, киіп ал.

(Презентациядағы суреттер сықақ ретінде жасалған)

2-жүргізуші : Балалар, «Жаңа жылымыз» күні бұрын астроном ғалымдармен жолығып, сендерге жұлдыз жорамал жасап кепті. Соны оқуға рұқсат етіңіздер.

1-жүргізуші: Доңыз жылы (1995 ж.) туылған оқушылар Ешекеева Меруерт, Төлеухан Айтолқын, Қонақбаев Балға, Нуркин Мейрам, Баржаксин Жасұланға айтатынымыз.

Жүрген ортаңызда мерейіңіз үстем болып, дәрежеңіз арта түседі. Ең бастысы – басқаны тыңдаудан бас тартпаңыз. Дәрежеңіздің көтерілуі соған байланысты. Қандай қиындық болмасын, сіз жеңе аласыз, соны ұмытпаңыз! Жылдың алғашқы жартысы тынымсыз болғанымен, екінші жарты жылдықта байсалды өмір кешесіз. Жаныңыз қалаған іспен шұғылданыңыз. Күз айы оқу немесе жұмысыңыздың өрге басар мезгілі дей беруге де болады. Қой жылы сізден көп мөлшерде сабырлық пен төзімділік күтеді. Бастаған істі аяқсыз қалдырсаңыз, еңбегіңіздің жемісін күтпеңіз. Ал қараша айында сізге жаңа жұмыс тапсырылады. Жауапкершіліктен қашпаңыз. Сіз аузын ашса, арғы жағы көрінетін ақкөңіл адамдардың қатарынансыз. Осы қасиетіңіз орға жығуы мүмкін. Біреу жақсы сөз айтса, соған еріп, далада қалуыңыз ғажап емес. Абай болған дұрыс. Жаз мезгілінде тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімін ескерген артықтық етпейді.

2-жүргізуші: Тышқан жылы (1996 ж.) туылған оқушылар - Мұқанов Қонысбай, Долдина Айнұр, Мамахалов Байсұлтан, Рамазанов Қасымхан, Халимуллина Динараға айтатынымыз.

Тынбай еңбектенсе, Тышқан жылында туғандарға бармақтай бақ бұйырғалы тұр. Кез келген тығырықтан жол тауып, «сүттен ақ, судан таза» боп шыға келетін дағдысынан жаңылмайды. Қауіптен қашық жүреді. Сондықтан да момақан Қойдың мінезіне тез бейімделмек. Өзгені алдап соғып, оңай пайда табамын деу – далбаса тірлік. Сау басыңызға сақина тілеп қайтесіз?! Тағдырдың қандай тауқыметін тартса да, туған-туыстарына салмақ түсірмейді, барлық ауыртпалықты өзі көтеріп, қайсарлық танытады. Қой жылы Тышқандар қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен ерекшеленеді. Аса қолайсыз айлар – ақпан және наурыз. Оқу не жұмыста сізді достарыңыз қолдайды. Соған қарамастан, мансап жолында біраз кикілжіңдер орын алуы мүмкін. Ой-өрісіңізді, біліміңізді кеңейте түсесіз, оқуға, жұмысқа керек тәжірибе жинақтаудың жаңа мүмкіндіктері туады. Білгеніңізді басқамен бөлісуде тартынбаңыз, ұжымда бірігіп істеген жұмысыңыз жемісті болады. Әсіресе мамыр айында менмендік қасиетті тізгіндеп ұстауға тура келеді, бұл қасиет жақсылыққа апармайтынын түсініңіз.

1-жүргізуші: Сиыр жылы (1997 ж.) туылған оқушылар - Есенбергенов Мәди, Қасенов Асхат, Нугманова Айда, Садуақасова Альбина, Кенесары Мирас, Керемкулова Айгерим, Аманжолов Назар, Қонса Ержан, Қасенов Асылбек, Қайырбеков Сайран, Мамбетов Айдос, Ибраимов Диасқа айтатынымыз.

Тышқан жылынан кейін кіретін Зеңгі бабаң – осы. Қандай қиындықты болмасын, белі қайысқанша көтеруге әзір Сиырлар биыл да сол табандылығымен табысқа кенеледі. Сіз үшін жаңа оқу, жұмыс бастаудың сәті түсіп тұр. Оқу, не жұмыс ауыстырған жағдайда одан қол үзбеген дұрыс. Тұрмысы төмен, жетім-жесірлерге көмектесу арқылы сауапқа бөленсе, жақсылықтың түбі Алладан қайтатыны қаперіңізде жүрсін. Отбасындағы кикілжің әдетте сіздің ашуға ерік беріп, өз-өзіңізді басқара алмауыңыздан туындайды. «Жоқтық ұят емес, байлық мұрат емес» деп, бабаларымыз айтқандай өзіңізді, өмірдегі орныңызды, оқу немесе жұмыс іздеуді жалғастырыңыз. Айналаңыздағылардың сенімсіздіктеріне, мағынасыз әңгімелеріне назар аудармаңыз. Сәттілік сіздің жағыңызда. Сонымен қатар оқу орнын, жұмысыңыз немесе тұратын қалаңызды ауыстырғыңыз келіп жүрсе, Қой жылы ең ыңғайлы кезең. Жақсы оқу, жұмысқа ие болу немесе қаржылық жағдайыңызды жақсарту туралы мақсат-мұраттарыңыз толығымен орындалады.

2-жүргізуші: Барыс жылы (1998 ж.) жылы туылған оқушылар - Смаилов Ахан, Айтмағамбетова Зарина, Алижанова Эльнараға айтатынымыз.

Барыстар өзінен де, өзгеден де бар жақсылығын аямайды. Маңайындағылардың қуанышы мен ренішін бірге бөлісіп, мейлінше қамқор болуға тырысады. Бұрынғы кедергі болған мәселелерді жеңіп, ойына алған іске тәуекел етеді. Бойында байқалмай жүрген таланты ашылып, елді аузына қаратады. Жаңа жылдағы өзгерістер қаңтар айынан-ақ басталады. Дегенмен, адамдарға деген қарым-қатынасыңызға көңіл бөліңіз. Бұл жыл маңызды әрі елеулі оқиғаларға толы екенін ұмытпаңыз. Екінші жарты жылдықта міндетті түрде демалыс алатын болыңыз. Өзіңізді сынап көріңіз және жақсы оқуға түсу мен биік жетістіктерге жеткізер қадамдарды қорықпай жасаңыз. Ұнжырғаңызды түсірмеуге тырысыңыз. Жаңа оқу, жұмыстан жақсы нәтиже күтуге әлі ерте. Жыл ортасында қаражатқа қатысты түсініспеушіліктер орын алып, аз-кем қолайсыздыққа тап боласыз. Ал жыл соңында мол табысқа кенелгелі тұрсыз. Алайда осы жолда сәл сабырлық танытқаныңыз абзал, әйтпегенде тиесілі үлесіңізден айырылып қалуыңыз ғажап емес.

1-жүргізуші:Қоян жылы (1999 ж.) туылған оқушылар - Агатаева Данара, Жамукова Бижан, Кеңес Аққу, Мұхаметқали Жанарға айтатынымыз.

Қоян белгісіндегілерге де басқалар сияқты терлеп-тепшіп оқып немесе жұмыс істеу қажеттілігі туып тұр. Есесіне қол жеткізер табысыңызда есеп болмайды. Өткен жолғы кемшіліктеріңізді қайталамауға тырысыңыз. Кесе-көлденең қиындықты еңсеру – өз қолыңызда. Қысылғанда арқаңыздан қағып, қол ұшын созуға дайын досқа зәрусіз. Адамдармен тез тіл табысып, аралас-құралас боп кететін қасиетіңіз барына қарамастан, сыры ортақ, мұңы бір досқа кенде сияқтысыз. Қой жылы Қояндар қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен ерекшеленеді. Оқу, жұмыс бабында да ілгерілеушілік байқалады. Отбасымен бірге жақсы жерде демалуға жол түсіп тұр. Сырт көзге қорқақ Қоян болғанымен, сөзі мен ісі мығым болып, енді батыл іске көшуге ұмтылады. Біраз уақытқа дейін құрдас, әріптестеріңізбен арадағы үзіліп қалған қарым-қатынасты жөндеу оңайға түспейді. Жылдың алғашқы ширегі жаңа таныстыққа толы. Бірақ оларға аса үлкен үміт артпағаныңыз жөн, шынайы сезімнің шарықтау кезеңі қыркүйек айына келіп тұр.

2-жүргізуші:Балалар, сендерге мына ленталарды таратамыз. Сендер лентаны қолдарыңа алып, жаңа жылда орындалсын деп, бір арман-тілектеріңді іштеріңнен қайталап тұрып, мына алдарыңда тұрған шырша ағашының бұтағына байлаңдар. Осы арман-тілектерің 2015 жылы орындалсын!

1-жүргізуші: Осы құмыра ішіне салынған бидай – байлық пен молшылықты, лимон жемісі– денсаулық пен ұзақ ғұмырды, тиындар – бақытты білдірсе, ысқырық – жаман рухтардан қорғайды. 2015 жыл-Қой жылы болғандықтан қойдың (ойыншық) қолдауында болады дегенді білдіреді.

2-жүргізуші: Шырша құмырасы – бізді біріктіретін, татуластыратын нышан болса, сендердің арман-тілектерің бар ленталармен безендірілген шырша бұтағы – біздің бақытты болашамыз. Бұл балалар біздің «Жаңа жылдық букетіміз».

Аяз ата: Ал, балапандарым, мен ризамын, сендердің барлығың қосылып «Жаңа жылдық букеттеріңді» жасадыңдар. Жаңа жыл, енді осы менің ұлдарым мен қыздарым бір өзіңе аманат. Жақсы жыл бол, дария нұр бол. Келесі жаңа жылда кездескенше аман-сау болайық.
Жаңа Жыл: Айтқаныңызды орындаймын, атажан!

Барлығы: Қош сау болыңыздар! (қолдарын бұлғайды).
Аяз ата мен Ақшақар шығып кетеді.

1-жүргізуші:

Баршаңызға тілейтінім жақсылық,

Жақсылықтар бұл өмірде баршылық.

Ең алдымен аман болып отбасы,

Алла берсін деніңізге саушылық.

Үміт-арман жетелесін бізді алға,

Жетелесін биік-биік шыңдарға.

Еңбек етіп, талмай, шаршап, қажымай,

Абыроймен аттаңыздар жылдарға.

2-жүргізуші:

Күш-қайратты жиып, кысып уысқа,

Жету парыз жақсылықтың төріне.

Жер бетінде аз ба, көп пе жүрсек те,

Разы болып шаттанып шын күлсек те,

Ізгіліктің қалсын ізі өшпейтін,

Одан артық ештеңе жоқ білгенге.

Жер жаҺанда жалғассын тек тіршілік.

Аспанымда тұрсын алтын Күн күліп.

Өсе берсін, өркендесін Еліміз,

Жүректерде тұрсын әр кез сыр тұнып.

1-жүргізуші:

Жаңа Жыл құтты, табысты, бақытты жыл болсын деп мерекемізді аяқтаймыз.

2-жүргізуші:

Жаңа жылдарыңызбен!

Бірге: Жаңа жылдарыңыз құтты болсын.

Жаңа жыл: Балалар, менің де сендерге дайындаған сыйлығым бар. Есігімді ашып, сендерді көңілді би кешіне шақырамын. Менімен бірге жүріңіздер.

(Барлығы би билейтін залға барады).

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.Жаңа жыл. Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Зейнел-Ғабиқызы М. Қоңыр дәптер. / М. Зейнел-Ғабиқызы. - г. Петропавловск: Издательство «Северный Казахстан», 2014 - 172 б.

2.Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: DPS, 2011. – (иллюстрацияланған ҚР Мемлекеттік Орталық музейі, 2011)

3.Қазақ тілін үйренейік. Изучаем казахский язык. / №7 (27), шілде, июль 2004 ж., 3 бет

4.Қанат Мәметқазыұлы http://www.elarna.com

5.Шәкенұлы.Жәди. Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, - Алматы: «Мерей» баспасы, 2012. – 120 б

6.http://massaget.kz

ҚОСЫМША

Презентация

(Костюмдер, қыс, шырша, Аяз ата, Ақшақар суреттері және т.б.)

14



Автор
Дата добавления 04.02.2016
Раздел Классному руководителю
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров154
Номер материала ДВ-417027
Получить свидетельство о публикации


Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх