Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015

Опубликуйте свой материал в официальном Печатном сборнике методических разработок проекта «Инфоурок»

(с присвоением ISBN)

Выберите любой материал на Вашем учительском сайте или загрузите новый

Оформите заявку на публикацию в сборник(займет не более 3 минут)

+

Получите свой экземпляр сборника и свидетельство о публикации в нем

Инфоурок / Классному руководителю / Конспекты / "Жамбылдың айтыстағы өнері" тақырыбында ашық сабақ
ВНИМАНИЮ ВСЕХ УЧИТЕЛЕЙ: согласно Федеральному закону № 313-ФЗ все педагоги должны пройти обучение навыкам оказания первой помощи.

Дистанционный курс "Оказание первой помощи детям и взрослым" от проекта "Инфоурок" даёт Вам возможность привести свои знания в соответствие с требованиями закона и получить удостоверение о повышении квалификации установленного образца (180 часов). Начало обучения новой группы: 24 мая.

Подать заявку на курс
  • Классному руководителю

"Жамбылдың айтыстағы өнері" тақырыбында ашық сабақ

библиотека
материалов

Жамбылдың айтыстағы өнері

 

(Жамбылдың жүз жылдық мерекесінде жасалған баяндама)

 

Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбыл ақындығын түсіну үшін, оның ауызша айтқыш, айтысқыштығын талдап ұғыну қажет. "А" десе, "мә" дейтін шапшаң айтқыш, "суырып салма" ақын болған жаратылысын зерттеп, бойлап ұғыну керек. Халық бұл алуандас ақындарға "суырыпсалма" ақын деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды. Айтысқа шеберлік жалпы ақындық өнерінің, тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше бір биік сатысы. Ал, ақындық өзі не? Егер ол өзгеше көрегендік, сезімталдық және сол көрген мен сезгенді сырлап, күйлеп айта білгіштік болса, жаңағы ақпа ақын сол көрегендік, сезгіштікті шымыраған шарқына жеткізеді.

 

Шабыты келген ақпа ақын бабындағы аш қыранға меңзес. Тұрпыдан томағасын тартқанда алғыр қыран бар өңірді сәтте көріп, шолып өтіп, қимыл еткен шөп басын, қыбыр еткен тышқан жүрісін, қылт етіп бұққан түлкі түгін лезде шалып қалғандай, айтыс ағымындағы ақпа ақын да сондайлық көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақ шарт.

 

Бұл қасиет ақынға оңай орнамайды. Аса бір ерен шыққан, жалын атқан дарынды жас болмаса, көпшілік шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күнде де, ұзақ сонар сын кешіп, сан айтыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып жетеді. Бірақ жеткен өнер сатысынан ақын шегінбейді, зымырай береді. Дерт жеңбесе, жыл-жылдар жеңбейді. Ол әсерді де кемітпейді. Тегінде, дене қартаяды, ақындық қартаймайды. Осы айтылған сыпаттар Жамбыл басында түгел бар еді.

 

Алып ақынның жүз жыл өмірі, жүз жыл бойында суарылған сайын шыныға түскен шар болаттың бабындай шымырлап толысып, түрлене түскен ақпа ақын өнерінің өзгеше бір өсу өмірі болатын.

 

Біздің баяндамамыздың тақырыбы Жамбылдың айтыс шебері, ақпа ақын болған өнері жөнінде. Бәрімізге де мәлім, Жамбыл айтысқа жас бала күнінен кірісіп, мөлшері 70 жасына шейін белсене түсіп жүрген. Ал, бірақ соңғы отыз жыл ішінде, ескі мерзім бойынша, кей замандастарымен оқта-текте әзіл ретінде аз қағысып өтіскен болмаса, шынайы үлкен айтысқа, ақындардың өздерінше айтсақ, "сүре" айтысқа араласпайды. Аға ақын Жамбылды кейінгі буын ақындары ол сайысқа салмай, сыйлай, сақтай жүреді. Бірақ ақынның ақпа-төкпе көрікті, кемел жыры соңғы отыз жыл ішінде бұрынғысынан дами түседі. Социалистік Отанның асқар жыршысы болған дәуірінде тіпті құлаш ұрып, шарықтап дамиды. Жә, олай болғанда, кейін Жамбылдың әлемге даңқын шығарған ұлы жырларына бұрынғы айтыс ақыны болған өнерінің жалғасы, қатысы бар ма? деген сұрақ туады.

 

"Өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінін, тегін алдымен таны" десе болады.

 

Сөйтіп, бұрын айтысқа түсіп, ақпа-төкпе жыр туғызып жүрген Жамбыл, бертін келіп советтік дәуірді әсем жырлаған Жамбылдың алдыңғы сатысын, әзірлік дәуірін танытады дейміз. Рас, бұл әзірлік дәуір, ұзақ дәуір болған. Бірақ сол ұзақ дәуірде ақын неше саты мектептен, неше дүркін дайындықтан шынығып өтеді. Сонда айтыстың кейінгі жырларына ақындық тұр, нәр беретін екі жағы бар еді. Бір жағы - жақсылықты (яғни ақынның өзі жақсы деп сүйген, сүйсінгенін) шаттана шалқып, көріктеп, айшықтай жырлайтын жағы. Екінші жағы - ақынның жек көргенін, жиренгенін құнарсыз біліп, аластағанын жерлей, кінәлай ажуалап, масқаралай жырлайтын жағы болатын. Бұл сөздің алғашқысының мысалын Жамбыл Құлмамбетпен айтысқанда былай түйіп тастайды:

 

Берекелі елді айтам,

Ел тұтқасы ерді айтам.

Басымнан сөз асырман! –

 

дейді. Екінші түрлі жырды 1913 жылы "Өстепке" деген өлеңде болыстарға айтқан:

 

Ұлық көрсең ұйлығып,

Желді күнгі қамыстай,

Жапырылып иілдің...

Шұлғымаймын сендерше,

Керегі жоқ сыйыңның,

Қор болмаймын өлгенше,

Өлеңіме-ақ сиындым! –

 

деген соншалық еңсесі биік, арлы сыншы, ашулы сөзінен байқауға болады. Әрине, Жамбыл бұл сапалы санаға бұрынғы күннің өзінде де бірден жеткен жоқ. Халық ақыны Жамбыл ел өнерінің бөлеуінде, алтын бесігінде өскен. Әсіресе, ел бұлағының қайнар бір көзінен, мөлдір бір тасқынынан туған. Осы орайда Жамбылдың алдындағы ақындарын, тұстас, тұрғылас ақындарын еске ала кету шарт. Алдыңғыдан Жамбылға ең жақын ақын Сүйінбай болса, ол туралы Жамбыл:

 

Менің пірім - Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай.

Сырлы сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай.

Сүйінбай деп сөйлесем,

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай, -

 

деген. Бірақ Жәкең бір Сүйінбайдан ғана оқып қоймаған. Қазақта бұл өңірде сол тұста атақты, дәулескер ақыннан Майкөт ақын, Жалайыр Қабан ақын, Бақтыбай ақын, Құланаян Құлмамбеттер бар. Сүйінбай бастаған осы үш-төрт-бес ақынның және кейін Жамбылдың да, бәрінің де қырғыздың халық поэзиясымен көп жақындығы бар болатын. Ал, қырғызда бұл тұста атақты манасшы дастаншы, даңғыл жомоқшы мен жыршыдан Балық, Тыныбектер, Қалығұл, Қатаған, Арыстанбек, Найманбайлар бар. Және Жамбыл тұрғылас Қалмырза, Шойке, Сағымбай, Қара Ыршы (Жақшылық) сияқты нелер ірі, ақпа-төкпе ақындар бар-ды. Сүйінбай, Жамбыл осылардың арғы-бергісінің бәрін жақсы біліп, көбімен қатар жырласып жүрген. Бұлар халық өнер дәстүрінен үлгі алғанда қазақ, қырғыздың қатар қазынасынан бірдей үйреніп өскен. Жапсарлас екі туысқан ел арасында өскендіктен екі енеге тел төлдей, екі бірдей халық анаға тел ақындар болады. Ал, қазақтағы Жамбылдың өзі тұстас ақынның осы Жетісуда, әсіресе Үйсін ішінде болғандарын алсақ та, талай саңлақтар шығады. Дулатта Жамбылдан жасы үлкенірек Сарбас, Албанда - Құлмамбет, Қалабай, дәл тұстасы - Ыстыдан шыққан Қуандық, Қораластан шыққан - Қожантай, Жалайыр - Досмағамбет, Тілеуқабылдан - Әмір ақындар бар. Осының бәрі де атақты жыршылар болған. Бұл саналған екінші буын бір топтан басқа Жамбылдың өз елі Шапыраштыдан шыққан, оның ішінде бергі атасы Екейден шыққан ақын саны әсіресе мол болады.

 

Екейде елу ақын, сексен бақсы,

Айқымда алпыс ақын, тоқсан бақсы... –

 

дейтін Шыбыл шал айтқан әзіл өлең бар. Немесе бертін келе тағы қосқан:

 

Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен, ерттеп атын,

Қобызы, домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын, -

 

дейтін шақпа, ажуа сөздер ақын мен ақындықтың молдығының куәсі. Сүйінбайдан бері қарай созылған Жамбыл айналасына келгенде, әсіресе қоюланған қалың үйір, үлкен шоғыр, ордалы өлең бар. Сол көп ақынның ішінде толып жатқан қыз-келіншек ақындар өзі бір алуан. Ал, әйел ақынның бар қазақтағы меншікті жанры айтыс болатын. Ол да жасынан бері қарай Жамбыл қаржасып өскен ортаның айтысы мол болғанын аңғартады. Ертеде Сүйінбаймен ұлан-ғайыр айтысқа түскен Күнбала, Жамбылмен айтысатын Айкүміс, Сайқал қыз, Бөлектің қызы - бәрі де айтыста сан ақыннан, сан топта озып, жүлде алып жүрген ақын әйелдер. Өз маңайындағы көп ақын ішінде Жамбылдың қызыға қадірлейтін ақындары Қисыбай мен өз құрдасы Тілеміс сияқтылар да болған.

 

Біз әлі Жәкеңнің ақындық өмірін, әсіресе ақындық ерекшелік сыр-сымбатын жете білгеміз жоқ. Аз білеміз. Өйткені революциядан бұрынғы ұзақ өмірінің мол ақындық мұралары бізге жетпей, көбінше жиыла алмай отыр. Осы жөнінде соңғы жылдар ішінде Жамбылдың ескі өлеңдерін көп жазып алып, бағалы еңбек сіңірген әдеби хатшысы Ғали Ормановтан1 басқа тағы бір зор еңбек еткен кісі — жазушы-ақын және Қазақ академиясының ғылыми қызметкері Сапарғали Бегалин. Біз жаңағы келтірген мысалдардың көбін, дәл деректің бәрін қазір сол Сапарғали Бегалин жиған материалдардан2 алып отырмыз. Бегалин жаңағы біз санап өткен Жамбылдың алды-артындағы ақындардың көпшілігі айтыс ақыны болумен қатар, ірі дастаншы, төкпе ақындар болғанын да айтады. Жамбылда да осындай екі жақты, екі алуан қасиет толық болған. Бұ да кейін социализм дәуірінің ірі қайраткерлері туралы әсем дастандар толғайтын Жамбылдың, бір алуан ақынның әзірлігіндей.

 

Ал, жалпы айтысты алсақ, бүгінде Совет Одағында үш елде толық сақталғанын көреміз. Ол - қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдері. Қазақ ішінде әсіресе бұрынғы Ұлы жүз аталған бөлімінде және Сыр бойының елдерінде нағыз көп айтылған, көпшілік айтатын фольклор түрі көп, толық сақталған. Жамбылдың өзі жүрген ел ортасын аңғарсақ, онда жүздегі Жамбылдан бері қарай, бар буынның ақындары бар. Ең соңы жиырмаға жаңа жеткен, қыз-жігіттің арасынан шығып отырған айтысқа жүйрік жастар бүгінге шейін әр колхоз, әр ауданнан табылады. Қырғыз, қарақалпақта да айтыс үлгісі осы күйде. Бірақ осы айтқандарға қарап, жалпы айтыс өнері ерте күннен де тек осы үш елдің ғана өнері еді десек, адасамыз. Анығында, бұл түр дүние жүзі әдебиетінің әр дәуірінде, әр алуан елдерде болып өткен. Әсіресе, қазақта суырыпсалма ақын, ақпа ақын дейтін шапшаң айтқыш ақындар орта ғасырда шығыс, батыстың көп елдерінде, орыс халқының ескілігінде де болғанын көреміз. "Импровизатор" дейтін атауымыздың өзі де солардан қалған. Осылардың арасынан айтыстың дәл өзін ұстанған - арабта мұғаллақаттауды тудырушылар бір алуан. Ал, батыста кельттің фильдері, терістік Франциядағы - труверлер, орталық Европадағы мейстерзингерлер, орыста кейде скоморохтар, Скандинавия елдерінде болған эддаларды жырлайтын скальдылар - көбінше айтысқа жүйрік ақындар екенін орыстың атақты ғалымы академик А.Н. Веселовский баяндайды. Дәл осы топтың қатарында мейстерзингерлер, кей дәуірлерде, шіркеу ішінде дін тақырыбына арнап талай айтыстар жасаған. Бұнысы Шөже мен Кемпірбай айтысында бізде де айқын көрінеді. Әуелі әлемді, адамды, жаратылысты жұмбақ-сұрақ етісіп кеп, артынан Шөже "уаттури уәззәйтуни" деген аяттың мағынасын шеш деп, Кемпірбайға сын қояды да, Кемпірбайды соны шеше алмағандықтан жеңеді.

 

Қазақтың айтыс ақыны мен дастаншы жырау ақындарының арасындағы айырмасы аз болатын. Өйткені үлкен жырау айтысқа да жүйрік келеді. Найман ішіне келіп, бір күнде он жеті ақынмен айтысқан Жанақ сол жолдың өзінде "Қозы Көрпеш - Баянды" жаңадан, тыңнан жырлап шыққаны көпке мәлім. Ал, айтыстың Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ірі ақындары, екінші жағынан, ірі дастаншы ақындар болғаны да мәлім. Сөйтіп, ақпа ақындар өнері шын талантты жыршының тұсында сол дәуірдегі неше алуан көрікті өрнектер туғыза алатынын көреміз. Жалпы алғанда, ақпа ақындар дүниелік ең ірі эпосты туғызушылар болады. Жәкендер өнерінің бір қанаты сол сыпатты болады. Дүние жүзі әдебиетінде көне гректің өздеріндей, немесе Европадағы труверлер, фильдер, мейстерзингерлердей елінің эпосын да, айтысын да туғызған. Сондықтан да Одақ елдерінің ішінен шыққан, ең алғаш өз көзі көрген ақпа ақын Сүлеймен Стальскийді тыңдаған жерде A.M. Горький "Біздің заманымыздың Гомері осы" деген. Сондағы Гомер деп атандырғанының ішіне Жамбыл толық қосылатынында дау жоқ.

 

Міні, сол Гомерлердің бір тобының еңбегінен "Илиада", "Роланд" жыры, "Эдца", "Калевала", "Алпамыстар", "Кольцо Нибелунгов", "Илья Муромец", Скандинавия елдерінің сағалары туса, орыс халқының тарихи жыры, асыл қазынасы "Игорь полкі туралы сөз" де туған. Тағы бірлері сол дастандарды ауызша жырлап таратып, халыққа тәлім-тәрбие беретін өнер таратқан. Көркем қазынаны сақтап, сақтатып, буыннан буынға өнеге қалдырып отырған. Жә, сол неше ғасыр, неше халықтардың неше алуан боп аталған ақындары ауызша жырлағанда нені жырлаған? Ең алдымен олар ер қайратын, ер азаматын қадір тұтып жырлаған. Ел ауыртпалығын, ерлік қасиетін, қызық бақыт елесін, арыдағы арманын, заманына айтқан сын назын, наразылығын жырлаған. Жарыса жырлаған. Бірінен-бірі асу үшін өнер шеберлеп, ауызша жырдың көркемдігін асыруға тырысқан. Білімге жүйріктік, тапқырлық, жүйеге жүйріктік, сөзге байлық, үлгілі білістік, өлең шеберлігі - бәрі де жарыстарының өрісі болған. Міні, сондай көп ақын, бірақ атсыз ақындардың ертелі-соңды өткен ата, бала, немере буындары дүниеге, тарихқа ұлы жырлар қалдырған. Біздің Жамбыл да солардың алдыңғы қатарындағы бір буын, бір тұрғы ерекше ақын еді. Бұ да өзінің "Өтегені", "Саурық", "Сұраншысы", өзі айтқан "Көроғлысы", "Манасы", "Шорасымен" атсыз ақын болып кеткен болар еді. Бұған ат берген қартайған шағы, сол шағында оны жетістірген заманы - социализм заманы. Екінші бір ырысы - бұның халқында сол ауызша ақын өнері соңғы заманға шейін өшкен жоқ еді, дәстүрі жойылмаған, тозбаған еді. Әсіресе Ұлы жүзде солай еді. Жамбылды сол халқы, сол ортасы кішкентай бала күнінен тәрбиеледі. Тегінде, айтыстың ауыр түрімен қатар, оңай түрі де бар, ол "қайым" айтыс. Бұл - айтысты жаңа үйрене бастағандарға, жастарға арналатын түрі. Ол бастауыш түр болса, содан әрі ауыр түрі шығады. Ақын Нұрпейіс қартпен айтыс жөнінде сөйлескен әңгімелерінде Есмағамбет3 бұрынғы ақындар ұғымынша "түре айтыс", "сүре айтыс" деген оңай, қиын екі түрлі айтыс барын баяндайды. Жамбыл да сол қайым айтыстан, яки Нұрпейіс айтқан түре айтыстан бастап, сүре айтысқа шейін өсті.

 

Сонда, бірақ Жамбылдың тобынан өзгеше даралық бір сипаты бар. Социализм дәуірінің ақыны болатын Жамбылдың ішкі сыры, нәрі сонда. Осыны ұғыну үшін Жамбылдың айтыстарын еске алу керек.

 

Ол Құлмамбетті немен жеңеді, Сарбасты неден жеңеді. Досмағамбетті немен тоқыратады, аяқталмай қалған Шашубаймен айтыста немен күшті?

 

Құлмамбет Жамбылға соқтыққанда:

Болғанда жол ағадан, тон - жағадан,

Арлан бөрі соғады тау сағадан, -

 

деп, қара борандатып кеп, Албанның көптігі мен байлығын айтады. Жамбыл соған орай өзінің халық мұңшысы екенін танытып:

 

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарымбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап шалықпай жөніңе қайт, -

 

деп бір тойтарыс береді де, өзінің арманы не екенін танытады.

 

Берекелі елді айтам,

Ел тұтқасы ерді айтам,

Басымнан сөз асырман, -

 

дейді. Осыдан кейін Жамбыл халыққа қадірлі асыл азаматы боп, заманының зор адамдары боп батырлардан шыққан саналы ерлер - Сұраншы, Саурықты жыр етеді. Бірақ Құлмамбет бұған тоқтамай, тағы да байлығын айтып кеп, оның үстіне Саурық пен Сұраншының өлімі арқылы Жамбылды табалағысы келеді:

 

Секеңдеген серкенің ажалы деп,

Саурық пенен Сұраншың жаудан өлген, -

 

дейді.

 

Айтыста жеңу мен жеңілу өлең таппағаннан тумайды, жүйеге, жолға жеңілуден болады. Құлмамбет жаңағы сөзімен өз өкімін өзі айтып, сағағынан ілінеді, қазасына жетеді. Оның қазасы мен үкімін Жамбыл айтқанда, былайша тойтарып түйеді:

 

Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген,

Халқы үшін шәйт болып, жанын берген,

Елді қорғап өлгеннің арманы не,

Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.

Қожалық қып кетті ме Мақсұт ағаң,

Ағайынмен ұрысып, даудан өлген.

Шапырашты Дулаттың бәрі куә,

Шытыр жеген өгіздей аунап өлген.

Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,

Төрт бұрышын төңіректің жалмап өлген, -

 

деп, Құлмамбеттің қанатын осылайша жүйеге жығып, қырқады. Сарбаспен айтысында екінші бір зор сапаға ауысады. Онда Жамбыл үш кезең жауап айтып, Домалақ, Сұраншы, Саурық үшеуі туралы үш тамаша дастан жырлап шығады4. Ұзақ жауабын түйе келгенде:

 

Көп Дулаттың баласы,

Рас сенен аз едім,

Аз да болса, батыр ем.

Топты жерге барғанда,

Саулап тұрған сөз едім.

Жаулы жерге барғанда,

Атамын деп оқталған,

Көкберен болат кез едім, -

 

деп, елдіктің ішінде елдік барын айтады. Сапалы елдік, қор боп кешкен көптік пен барлықтан намысты, қасиетті болған аздықты артық дегізеді. Бұл ақынды да Жамбыл жеңгенде арманы зор, алысты көретін қасиетті адамгершілікпен, зор халықшылдық қасиетпен жеңеді. Бұны да жүйеге жеңеді. Және сонымен қатар білімге де жеңеді. Ақындық сынының бір қанаты - білімділік. Бұл жерде Жамбыл сол сапасымен де озып, ағалап шығады. Ол көп алдыңғы ірі ақындардың сүре айтыстардағы ірі дәстүрі еді. Сол өнерін Досмағамбетпен айтысқанда Жамбыл және де ағыл-тегіл төге көрсетеді.

 

Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан,

Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай, -

 

деп, бір кетіп, өзге де өзінен бұрын өткен ірі ақындардың аттарын атап кеп, солардың ішіндегі өнерпаздарын санайды.

 

Ілгері Шөже, Балта заманда өткен,

Асекең, Бұқар жырау арманда өткен,

Солардың әруағы маған қонып,

Ел мұңын жырмен төгіп нөсерлеткем! –

 

деп, өзінің ел мүддесінің, елдік мұратының жолындағы ерекше саналы ақын екенін танытады. Досмағамбет молда ақын еді. Оның сол молдалығын Жамбыл халықты қанағыштық, құлқыны жамандыққа сайып, мазақ етіп, жерлеп кетеді.

 

Молда емессің, сиқырсың,

Зікір айтып зарлаған,

Жаназа оқып өлгенге,

Підия алып жалмаған.

Шариғат жолы мынау деп,

Қараңғы надан халықты

Көзді жұмып алдаған.

Кедей өлсе, үйіне

Күңіреніп бармаған.

Аттана шауып, бай өлсе,

Қирағаттап құранды,

Күні-түні сарнаған, -

 

деп, құнарсыз молдалыққа жалғасқан нәрсіз ақындық сиыр жорғалықты қабат түйреп, төңкеріп кетеді.

 

Міне, осы айтыстарының бәрінде де Жамбылдың айтқыш ақындығынан басқа азаматтық сапасы да бөлек жатады, өзге татымсызды мақтағыш, ол арман етпейтін ақындардан иығы асып, өктем шығып отырады.

 

Бар айтысында Жамбыл ел қорғаны болған азаматты арман етеді. Ел бағына туған ұлы азамат шықса, ел көзіндегі жасты тыйса екен, қиял мекеніне жеткізсе екен, жаңа күн туса екен дегеннің арманы. Ол арманның екінші жағы - өз заманындағы байға, ұлыққа, қажы-молдаға, төре-тілмашқа, болыс-биге ызалы, кекесінді болу. Құлмамбеттің байларын, Сарбастың жуандарын, Досмағамбеттің дін үгітін, Шашубайдың Байбұландай саудагерін, Бақия, Барлыбектей шенді төрешіктерін Жамбылдың кісі құрлы көрмейтіні сол.

 

Осындай, алысты арман еткен, өзгеше келешекті көксеген Жамбыл Октябрьге жетті. Лениннің ұлы тұлғасын алыстан таныды. Өзінің шығармаларында көне ақындық арманында аты белгісіз болып жүрген алыптарын, ұлы адам алыптарын көрді, көрді де, жаңа туғандай жайнап қуанды.

 

Кейінгі Жамбыл айтатын көп өлеңнің болашақ сипаты айтыста жатады дедік. Ең әуелгі сипаты осы баяндаманың ең басында айтылған көрегендік пен сезгіштік. Жамбылда тез жер тану бар, дүниені қырағы алғыр көзбен лезде шолу бар. Социализм дүниесін де тарих тұрғысынан, өз өмірінің жүз жылдық тәжірибесінен, ой-қиялының даналық тұрғысынан қарап, Жамбыл тез сезініп, тез таныды. Содан ары, бұрын ер-азаматтың асылын қуана жырлап, танымдыны, ардақтыны аспандатып шалқып жырлап, Құлмамбеттерді басатын, айтыстағы асқақ ырғағына басты. Өзіне қанық, анық, даңғыл түрді алды да, соған жаңа мазмұн, социалистік мазмұн, халықтық мазмұн қосты.

 

Тарихтардан, буындардан ұлы шындықты іздеген, халық арманының жыршысы ұлы шындықтың өзіне жеткенде, өзге ақындардан соны бұрын таныды. Шын шаттықпен жырлады. Бұл алысы емес, жүрегіне жақыны еді, жатырқайтын, тосаңситын бөтені емес, өзек жарған өзі еді. Жүрегінде осындай ұлына сақтаған асыл сөз кезегін күтіп, кесек гауһардай көптен ұялап, орнап жатыр еді. Сол жылдар, соны жырлар гауһары аталды, ширатыла шалқып енді шықты. Енді Өтегенді, Сұраншы, Көроғлыны бейнелеп жырлап жүрген асқақ әсем жыр бұрынғысынан да жайнай шығып, шарқ ұрды, шығанға шықты.

 

Кейін Ұлы Отан соғысы уақытында ел өлкесін қатер жаудан қорғап жатқан ер халқына, герой ұлдарына төкпе жырларын ескенде, Жамбыл тағы да сол өзінің шыншыл жүрегінен, халық жүрегінің соғуы мен толқуын тауып, әсем саз созды. Бұнда Жамбыл төкпе ақын, сүре айтыстың төкпе ақыны еді.

 

Осы соңғы дәуірдегі жырларының екінші саласы жауға арналған ащы зәрлі, ызалы мысқылды, жиреніш жыры болса, ол да бұрынғы айтыстан өз төркінін табады. "Шытыр жеген өгіздей аунап өлген" дейтін Мақсұт турасындағы ызалы күлкі кездейсоқ емес-ті. Жақсыны көксеумен қатар, жамандықты, зұлымдық, сорақылықты көргіш, сезгіш ақын бұрын оларды үнемі әшкерелеп, жазалап жүрген. Бұнда Жамбыл түре айтыстың ақпа ақыны. Көреген, сезімтал, от ауызды айтқыш ақын. Ашуына, сынына кезіккен кісі ажалына кезіккендей болатын. Сол мінді көргіш, көргенін қолма-қол әшкерелегіш, жерлегіш, сөзі шоқтай күйдіріп түсетін Жамбыл бұрын талай Мөңкедей болыстарды масқаралаған-ды.

 

Жаңғойлық болысы пысық келеді,

Мұрындары пұшық келеді,

Екі арада ептеп жерінде,

Көздерін қысып келеді.

 

Исадай парақор жеміт тілмаштарды да сау тастамаған.

 

Болысқа жолдас болды песір деген,

Жігітке жарамайды кесір деген,

Екейді қаңғып келіп, Шыбыл жейді,

Құдайдың уақыты шығар жесін деген, -

 

деп әшкерелейді.

 

Тағы бір кезекте, Мекке жолында қасына еріп барған Тәйті5 өлгенде соның пұлын жеп қойған Шыбылдан шыққан Сауырбай қажыға:

 

Меккеге біреу барса, Шыбыл барсын,

Шыбылдан басқаң барсаң, шығындарсың.

Кебінін өлгендердің жиып алып,

Барғанда қияметке шарылдарсың, -

 

деп әшкерелеген болатын. Сондағы турашыл, зілді, ашулы ызғарын Жамбыл кейінгі дәуірдегі халық жауына, ел, Отан дұшпанына немесе күндегі тірлік, күндегі құрылыс, болмыстағы үлкенді, кішілі зиянкеске, не тоғышар жарым естерге оп-оңай жұмсайды. Бұл жөнінде қалт еткен мінді қылп еткізбей бас салып, сара тіліп, сорлатып шығаратын айтқыштық қазақтың Жамбыл алуандас ақындарында аса көп болған. Дәл Жамбылдың замандас, үзеңгілес ақындарының өзінің ішінде де осылай айтатын талай ақты-бозды сан жүйрік айтқыштары көп болған-ды. Жамбыл олардың көбімен үнемі қағысумен, қаржасумен өскен.

 

Жамбыл ақпа-төкпе ақын еді. Төкпелік ұзақ сүре үлкен толғауда шығып кетеді. Онысы бұрын бірде Өтегендей, Сұраншыдай үлкен эпос туғызып отырса, бірде дәл келелі сүре айтыстың өзінің үстінде Құлмамбет, Сарбасқа Сұраншы тарихын поэма еткізгендей ұзақ сүре әңгіменің жыр желісін тапқызып кетеді. Кейде ескі труверлер үлгісінде - Домалақ дастанындай тамаша көркем (Сарбаспен айтысында) аңыз поэманы толғап кетеді. Кейде сол сүре айтыста Досмағамбетке айтқандай дін үгітшілеріне қарсы күлдіргі мысқыл әңгіме тізіп, соған төкпелеп кетеді. Сүре айтыста бұл кезекте Жамбыл Европада болған "фабльо" үлгісін туғызып өтеді. Шашубаймен айтысында Байбұлан туралы мысқыл ажуаның төбеден түскен жайдай жайратқыш бір отын атады. Бұндағы Жамбыл гротеск, шарж, мысқылдың неше атасын тапқандай. Қадалған жерінен қан алмайды, жан алады. Мазағына ілінгеннің басына қарай қаптағанда, қатты соққан құйындай үзігін, туырлығын желпілдете түңлік ұшыра соқтығып, ыршытып түсіреді. Оқтай өтімді күлкі табады. Бұл ретте әр теңеуінің өзі жай ақынның жайшылықта күн толғанса таппайтын, аузына түспейтін дөп теңеулер болады. Сондай ызалы сайқымазақта, ажуада, мысқыл, қалжыңда Жамбыл тапқырлығы елден ерек. Жамбыл "Өлең не күлдірмесе, не жылатпаса - өлең емес, нәрсіз сөз, зәрсіз оқ есепті" дейтін. Сол сипатының бәрі Жамбылдың өзінде бар еді. Жамбыл суретші болса шарждың, пьеса жазушысы болса комедияның, гротесктің барып тұрған шебері болар еді.

 

Жамбылды білген кісінің бәрі байқаған бір ерекше өнері кешегі, бергі күнге шейін өле-өлгенше Жамбыл ақындығының бір зор айқын сипаты болып, үнемі ере келді. Ол шапшаң айтып тастайтын, тез көретін ақпа ақындығына қосымша өзгеше бір өткір әзіл айтқыштық еді. Соңғы кезге шейін қасындағы жақын адамдарына, үй іші, үстел айналасында, от басында отырып айтып тастайтын әзіл-қалжыңдарының өзі де Жамбылдың үлкен ақындығын танытады. Ақпа ақын кейде өлеңмен, кейде жай сөзбен не өзі туралы, не өзі тәуір көрген ақындары туралы мысқыл айтатын.

 

Өзінің қартайғанын өзі қалжың етіп:

 

Сақалым темір күрек борға малған,

Селеудей шашым селдір зорға қалған.

Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,

Кәрілік немді қойды қорламаған, -

 

дейді. Осындай әзілді іні ақындарына да жиі айтады. Жәкеңнің жаратылысын тану үшін ол сөздер кейінгіге аса керек, қымбат бұйымдар болғандықтан, кейбір ақын інілеріне, жақын жандарына Жамбыл айтқан мысқыл қалжыңдарын еске алайық6.

 

Мысалы, Өмірзаққа бір күні Жәкең: "Тасқа жусаған тау текенің сақалындай, немене сақалың шошаңдап кеткен", - дейді. Тағы бір кезекте: "Басын ұнға тыққан қара мысық сияқты бопсың", - дейді. Кененге шашы ағара бастағанда: "Басың немене, тұз түйген келсаптың басындай боз ала боп кеткен", - дейді. Есдәулет ақынға: "Суықтөбенің суыр аңдыған қоңыр ала бүркіті құсап, қопайып қайдан келдің?"- дейді. Орынбайға: "Бұрын да дауысты емес едің, тап тауқұдірет сияқты болыпсың ғой", - дейді. Әрі ақын, әрі балуан Мақыш демін аузынан алады, зор денелі кісі, соған: "Көкпек жеген түйе сияқты демін аузынан алған неме", - дейді. Жартыбай ақын туралы: "Суыр сияқты әрі жалтақ, әрі бақырауық", - деп бір айтса, тағы бір кезекте: "Асыранды жапалақ сияқты", - дейді. "Кейде жау жапырақ сияқты қалтырап тұрады", - дейді. Шыныбай деген жігітке: "Қисық өскен картошка сияқты", - дейді. Өз баласы Аққұлыға: "Іңірде ұшқан қара қоңызға ұқсап дарылдаған неме!" - дейді. Ағайыны Әбіл деген жігітке жылмаң мінезі үшін: "Судағы май қоңызға ұқсап жылпылдаған жігіт", - дейді.

 

Міні, осы алуандас мысқыл қалжыңдарды Жамбыл інілеріне, тіпті келіндеріне шейін де түгел айтып отырған. Бұларының бәрінің өзгеше ерекшелігі күр күлдіргілігінде емес, құр ғана шапшаң байқағыш, көргіш, лезде айтқыш ақпалығында емес. Соның бәрін көрсете, таныта отыра осы қалжыңдарының өзі де бізге ерен шебер ақынды танытады. Ақындық теңеу тілімен сөйлейді, ұғым тілімен сөйлеуді екінің бірі біледі, бірақ оны келістіріп айтқан күнде де ақындық демейміз, шешендік дейміз. Тек шын ақындық қана көңілге қона кететін теңеу, бейнелеумен сөйлейді. Айтқанының, ұқсатқанының дәлдігінен қашып құтыла алмайсың, жалтара алмайсың, тап басады. Ол ақындық үлкен жырда бір танылса, бір-ақ ауыз өлеңмен де солай танылады. Біз көріп жүрген ақындарымыздың ішінде дәл осы жөнде Жамбылдың теңдесі жоқ болатын. Түре айтыста балта сабы жерден "ұрып таста" дегендей дүрсе қоя беретін тапқыр кәрі тарлан елден ерек шығатын. Кейде білімді үнем созарлықпен, азаматтық зор саналы арманмен озып отырса, кейде, кейбір қарсыласын лезде мінін тауып, осылайша тобыққа ұрып, талмау жерден бір-ақ қағып, түсіріп кетіп, тарта беретін.

 

Жамбыл ақындығының бұл қасиеті де теңеп айтқыштық сипатымен ақынның кейінгі ұлы жырларына ерекше зор көркемдік қосқан. Естен кетпестей әсем айшық бітіріп отырған. Айтыста кейде мысқыл ажуаға келгенде, аузына шапшаң оралатын тапқыр теңеулер, бергі, ескек, терең жырларында ұлы адамның кемеңгер дана бейнесін сүйсіне жырлағанда да, нелер көрікті теңеулер туғызады. Теңеулері ұзақ толғап кеткен жырының өзінде де тауды, теңізді, күнді, айды, барша әлемді лезде кездіріп шығады. Ешбір ақын айтып көрмегендей сөз маржандарын, маржандары емес, меруерттерін тез тізеді. Осында, әрі ауызша шапшаң айтып, әрі ұзақ төкпе жыр қып ең жауапты тақырыпты оңай айтып отырған Жамбылды көреміз. Ерекше шабыты мен дарыны бар алып ақын бұрынғы ақпа ақыннан, айтыс ақындығынан ала келген, төселген шеберлігін көсілте сермеп отыр.

 

Міні, айтыс өнерінің ақты-бозды жүйрігі, ұлы Одақтың кәрі, жасы, бар буынын, бар оқушы, тыңдаушысын ұйытқан ұлы өнерінің желісін солайша арыдан тартып келген-ді. Үлгісі мен мектебі алыстан, халықтан, халықтық қалың қазынадан. Сол шыныққан шеберлігіне сай шабыт пен нәрді, мазмұн, маңызды ұлы дәуірі - социализм дәуірінен алады. Халық даналығы, шынайы халық бағы орнаған шақта осылайша шарықтап, әлемге әйгіленгенде осылайша әйгіленген болатын.

 

1948

Мұхтар Әуезов



Автор
Дата добавления 30.03.2016
Раздел Классному руководителю
Подраздел Конспекты
Просмотров155
Номер материала ДВ-567489
Получить свидетельство о публикации

Выберите специальность, которую Вы хотите получить:

Обучение проходит дистанционно на сайте проекта "Инфоурок".
По итогам обучения слушателям выдаются печатные дипломы установленного образца.

ПЕРЕЙТИ В КАТАЛОГ КУРСОВ

Похожие материалы

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх