Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Другое / Конспекты / Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы

Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы

  • Другое

Поделитесь материалом с коллегами:

Сабақтың тақырыбы : Ж.Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы.


Сабақтың мақсаты : Ж.Аймауытов шығармаларын оқыта отырып,өлеңдерінің тақырыбы мен идеясын ашу,ақынның өз бейнесін таныту жолын меңгерту;

дамытушылық – оқушылардың өз ойын айта білуге,ойлау қабілетін арттыруға,шығармашылық ізденіске жол ашу;

тәрбиелік – ақынның бейнесі арқылы ұлтжандылыққа,елін,жерін,туған отбасын сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі : ізденіс сабағы

Сабақтың әдісі : сұрақ-жауап,шығармашылық іздену

Сабақтың көрнекілігі : кітаптар,тірек сызбалар

Пәнаралық байланыс : тарих,география

Сабақтың барысы I. Ұйымдастыру кезеңі :

Оқушылармен амандасу,оқушы қатынасын анықтау,оқу құралдарын тексеру.Сыныптың тазалығына көңіл бөлу.Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын пысықтау :

Үйге берілген тапсырманы сұраймын. Оқушыларға бірнеше сұрақтар қоямын.Өтілген тақырып бойынша білімдерін анықтаймын.

III. Жаңа сабақты түсіндіру. Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Он бес жасына дейін туған ауылында болған ол әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Бұдан кейін де әр түрлі молдалардың алдын көріп, ескіше едәуір білім жинайды. Соның нәтижесінде ауыл арасында өзі де азды-көпті молдалық құрады. 1907 жылы молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс-қазақ мектебіне түседі. 1911 жылы Павлодардағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне түсіп, оқуын жалғастырады. 1914-1919 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқиды. Семейде жүріп алаш қозғалысына қатысады," Абай" журналын шығаруға ат салысады.

1919 жылдан бастап Жүсіпбек Семейде, Павлодарда кеңес өкіметінің жұмыстарына араласады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, "Қазақ тілі" газетінің редакторы болады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болады. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын "Ақ жол" газетінің редакциясында істейді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әр түрлі саяси жұмыстарға араласады. 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, "халық жауы" деген жаламен 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.

Сан қырлы талант иесі Жүсіпбек Аймауытовтың артында қалған шығармашылық мұрасы аса бай. Оның ішінде көптеген өлеңдер, "Қартқожа", "Ақбілек" романдары, "Күнікейдің жазығы" хикаяты мен "Әнші" секілді бірқатар көркем әңгімелері, "Рәбиға", "Мансапқорлар", "Қанапия мен Шәрбану", "Ел қорғаны", "Шернияз" пьесалары, "Нұр күйі" поэмасы, сондай-ақ бірсыпыра сын мақалалар мен аудармалары бар. Газет беттерінде жарияланған публицистикалық мақалаларының өзі бір төбе.

Жүсіпбек шығармашылығы әуел баста өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған "Жазушыларға", "Неғып отыр?", "Ах-ха-ха-хау", "Ұран", "Еңбекшілер ұраны" секілді өлеңдері мен "Нұр күйі" поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. Ол құбылыстарды жанды да нанымды суреттер арқылы көрсетуге ұмтылады. Мәселен, "Көшу" өлеңінде қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты көрінсе, "Ұршық" өлеңіндегі ұршық иірген кемпірдің монологы арқылы қарапайым өмір көрінісі бейнеленеді.

"Нұр күйі" поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылады. Онда адамның көңіл күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.

Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасының ең салмақты саласы — прозалық шығармалар. Кішігірім әңгімелерден бастап жазушы қаламынан "Қартқожа", "Ақбілек" романдары туды.

IV. Кітаппен жұмыс: Ж.Аймауытовтың шығармаларын оқып талдайды.Оқушыларды үш топқа бөліп, Ж.Аймауытовтың өмір жолын,әңгімелерін,романын тапсырамын.Белгілі бір уақыт беремін.Кейін өзіне тапсырылған тапсырма бойынша әрбір топ өз жұмыстарын қорғайды. Iтоп.Өмір жолын әңгімелейді. IIтоп. «Әнші»әңгімесі туралы түсініктерін жеткізеді. III топ. «Ақбілек»романы туралы түсінігін әңгімелейді.

Оқушылар ойларын бірін-бірі толықтырып, түсініктерін жинақтайды.


Семантикалық картаны толтырады.

романдары

әңгімелері

поэмасы

пьесалары

«Ақбілек»романы «Қартқожа»

«Әнші»әңгімесі

«Нұр күйі»

«Шернияз»

«Ел қорғаны» «Қанапия -Шәрбану»

«Мансапқорлар» «Рәбиға»

V.Білімді бекіту : Өтілген тақырыпқа байланысты бірнеше сұрақтар қоямын. Түсінбеген сұрақтарына жауап беремін.

1. «Жүсіпбек Аймауытов –аудармашы» деген тақырыпта не ойларың бар?

2.Ж.Аймауытов шығармалары кеңестік дәуірде жарыққа шықпады. Бұған не себеп болды деп ойлайсыңдар?

3. Егемен ел әдебиеті үшін Жүсіпбектің қалдырған мұрасының құндылығы қандай?

VI. Білімді бағалау: Оқушылардың ынтасына,жауаптарына қарай білімдері бағаланады.Әрбір оқушы жаңа сабақ бойынша түсініктерін әңімелейді, бір-бірінің білімдерін толықтырады.

VII.Үйге тапсырма : Ж.Аймауытов шығармаларын оқып келу,өз ойларын еркін көпшілікке жеткізу.





































Күні: 11.03.15ж. Пәні: қазақ тілі Сыныбы: 10 «а»

Сабақтың тақырыбы : Диктант

Сабақтың мақсаты :

а) Балалардың есте сақтау қабілетін дамыту,өз ойын еркін жеткізе білуге,сауатты жазуға дағдыландыру.

ә) Мұқият тыңдап, ұқыпты жаза білуге үйрету.

б) Өз ісіне ұқыпты,мейірімді,кешірімшіл болуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі : қайталау

Сабақтың әдісі: баяндау

Сабақтың көрнекілігі : диктанттар жинағы

Сабақтың барысы :

I Ұйымдастыру кезеңі :

Оқушылармен амандасу,түгелдеу, оқушылардың зейінін аудару.

Тақтаға бүгінгі күнді жазып қоямын.

II Жаңа сабақты түсіндіру:


Өн бойы тола өлең-жыр

Біз оның бала кезінен қанша бейхабар болсақ,балаң ақын кезінен де сонша керқұлақпыз. Ол бізге алғашқы беттерін алыс жылдардың құтырынған құйындары жыртып, ортасынан ауа кеткен көне кітаптай көрінуші еді. Дәлдеңкірей түссек, ол әлі парақтары сарғыш тартқан жалба-жұлба кітаптың өзінен гөрі, соған жазылған ескі қиссаның тоқпақтай тұлдыр, тобадай жалғыз кейіпкері-ежелгі ерлерге көбірек келіңкірейтін еді. Тау тұйғында оқта-текте бір есетін кезбе желдей үзік-үзік, келте мәліметтердің айтуынша ,бабаларының арасында батыр көп болыпты. Ал өзі әке батасын аттап,жағын сатып күн көрген жалба тонды ақындықты қалады. Аталары ақбас Алатаудың көк майса сай –салаларынан өрбісе,өзі тұлдыр даладағы Жамбыл тауының етегінде жерге түсіпті. Анасы оған Қоқан ханы Құдиярдың құрығынан қашып жүрген ұлы сүргін тұсында тосыннан толғатыпты. Сөз реті қаза кетпесін ,Құдияр оның бабаларына көрсеткен қоқан-лоқысын менің бабаларыма да жасапты. (Кер тағдырлы ата-баба сүрлеуі қалай-қалай ойқастап,көнтерілі уақыттың қай-қай белеңінен тоғысады десеңізші!) Қайталап айтайық, кейуана қарияның сақал-мұрт басқан салғырт жүзіне қарай отырып, тал бесікте уілдеп жатқан жас иіс сәбидің бейнесін көзге елестету қандай қиын болса, дүлдүл ақынның кезі, балауса шағы шамамен мынадай болған шығар деп бал ашу да сондай қиын. Бар білетініміз: ел Екей ақындық жағынан ерекше салымды бопты.

Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Сарнайды жын қаққандай кешке жақын,-десе дегендей-ақ, Екейдің әйел-еркегі күні бүгінге дейін оңтайы келгенде өлеңдетіп қоя береді.


Әбдіжәміл Нұрпейісов (203 сөз).









Күні: 11.03.15ж. Пәні: қазақ тілі Сыныбы: 8 «д»

Сабақтың тақырыбы: Құрмалас сөйлемнің тыныс белгілері

Сабақтың мақсаты: 1) құрмалас сөйлемнің тыныс белгілері туралы түсінік беру,жасалу жолдарын ұғындыру,сөздердің өзге байланысу түрлерінен ажырата білуді үйрету;

2) өзіндік практикалық әрекет ортасын қалыптастыру,сауатты,әдемі жазуға бейімдеу,ойлау,есте сақтау қабілеттерін ажырату;

3) оқушылардыпатриоттыққа,жігерлікке,жаңашлдыққа,ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, іздендіру

Сабақтың көрнекілігі: плакат, деңгейлік тапсырма, қосымша материалдар.

Пәнаралық байланыс: әдебиет, орыс тілі

Сабақтың барысы:

I Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылармен амандасу,түгелдеу,оқу құралдарын тексеру.Сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II Үй тапсырмасын пысықтау:

Үйге берілген тапсырманы сұраймын. Оқушыларғабірнеше сұрақтар қоямын

III Жаңа сабақты түсіндіру:

І. Салалас құрмаластардың тыныс белгілері.

Салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің арасына ретіне қарай үтір,қос нүкте,сызықша және үтір мен сызықша қойылады.Бұл сияқты әр түрлі тыныс белгілерінің қойылуы,біріншіден,салаластың жалғаулық шылау арқылы немесе жалғаулықсыз құрмаласқан салаластың,әр түрлі мағыналық қатынасты білдіруіне байланысты.

1.Жалғаулық шылаулар арқылы құрмаласқан салаластың барлық түріне,мағыналарының әр түрлі болғанына қарамасытан үтір қойылады.Ешбір өзгеріссіз су да ақырын тербеледі,қалтқы да жыбыр-жыбыр қозғалады.

Егер салаластағы жай сөйлемдер және шылауымен байланысса,олардың арасына ешбір тыныс белгісі қойылмайды Күріш жапырағының өзегі оның өз түсіндей болады және сол өзекшеден бірнеше талшықтар тарап жатады.

2. Жалғаулықсыз ыңғайлас салалас үтірмен бөлінеді.Олжабек бұл жолы бөгелген жоқ,жауапты қолма-қол қайырды.Ай таяқ бойы көтеріліпті,маңдай алда дөп-дөңгелек болып толықсып тұр.

3.Жалғаулықсыз себеп-салдар салаластың себеп мәнді жай сөйлемі бұрын орналасса,соңынан үтір қойылады.

Бимендінің әкесінің аты – Сыздық еді,ауылды Сыздық ауылы дейтін.

4.Жалғаулықсыз қарсылықты салаластың арасына үтір мен сызқша қойылады.Сен дайын ереже ұсынасың, - менің оған көнгім келмейді.

5. Түсіндірмелі салаластың бірінші жай сөйлемінің баяндауышы сонша, соншалық, сондай деген сөздерден болса,олардан кейін сызықша қойылады.райханның зәресі ұшқаны сондай – үні шықпай қалды.

6. Жалғаулықсыз ыңғайлас салалас істің,оқиғаның мезгіл жағынан өте тез,қас қаққандай уақыт ішінде болғандығын білдірсе не ол іс-оқиғаның өзара шарттас мәнде айтылғанын көрсетсе,құрамындағы жай сөйлемдерінің арасына сызықша қойылады.Шатырлап тұрған қурай лап етті – қара түтін бұрқ етті.

7. Түсіндірмелі салаластың құрамындағы жай сөйлемдерінің арасына қос нүкте не сызқша қойылады.

Екеуі де жастықты жаңа заманнан бастаған: дала жаңаша гүлдейді,дала адамы жаңаша өмір сүреді.

8. Жалғаулықсыз себеп-салдар салаластың салдар мәнді жай сөйлемі себеп мәндісінен бұрын тұрса,араларына қос нүкте қойылады.Малшы сырын білем мен: қолында өскем жасымнан.

ІІ.Сабақтас құрмаластардың тыныс белгілері.

  1. Сабақтастың құрамындағы жай сөйлемдердің арасына ,негізінде,үтір қойылады: Ол отқа жақындап келгенде,қараңғыда кісінеген жылқының дауысы естілді.

  2. Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемнің ортасында айтылса,оның екі жағынан үтір қойылады. жанпейіс үйге кіріп кеткенде,Асқар мен Ержан тыста қалды, - Асқар мен Ержан,Жанпейіс үйге кіріп кеткенде, тыста қалды.

ІІІ.Аралас құрмаластың тыныс белгілері.

Аралас құрмаластағы жай сөйлемдердің арасына қойылатын тыныс белгі,негізінен,салаласа және сабақтаса құрмаласқан сөйлемдерге қойылатын тыныс белгілерден құралады.

1.Егер араластың құрамында қарсылық мәнді жай сөйлемдер болса,ол басқаларынан үтір мен сызықша арқылы ажыратылады.

2.Араластың құрамында түсіндірмелі мәнді не себеп мәнді сөйлемдер болса,олар басқаларынан не қос нүкте,не сызықша арқылы ажыратылады.

3.Қалған жағдайлардың бәрінде араларына үтір қойылады.

IV. Көп бағыныңқылы құрмаластың тыныс белгісі.

Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемнің ортасында айтылса,бағыныңқы сөйлемнің екі жағынан үтір қойылады.

IV Жаттығумен жұмыс: 155-жаттығу. Оқып шығып, тыныс белгісінің қойылу себебін түсіндіріңдер.


V Білімді бекіту: Өтілген тақырыпқа байланысты бірнеше сұрақтар қоямын. Түсінбеген сұрақтарына жауап беремін.


VI Бағалау: Үй тапсырмасын орындап келгеніне және жаңа сабаққа ынталы қатысып отырғандарын бағалаймын.

VII Үйге тапсырма: «Әр қилы тағдырлар» деген тақырыпта құрмалас сөйлемдерді қатыстыра отырып шығарма жазыңдар.


Выберите курс повышения квалификации со скидкой 50%:

Автор
Дата добавления 10.01.2016
Раздел Другое
Подраздел Конспекты
Просмотров1136
Номер материала ДВ-323629
Получить свидетельство о публикации

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх