Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты.
«Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын. Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген.
Ұстаз болу - сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы.
Осы төрт қасиет әр ұстаздың бойынан табылуы қажет. Себебі мұғалім қай сабақта болмасын оқушысын еркіндікке баулиды. Сондықтан да ұстаздың міндеті талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізу. Оқушы сабағыңнан ешқашан жалықпау керек.