Ұстаз болу – жүректің батырлығы
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы — деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, ұстаз ақылды, мейірімді, батыл, білімді, жан-жақты болу керек. Ұстаздардың әсерлі үнмен асықпай, мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай болу керек. Ұстаз – шәкіртін адалдыққа баулушы, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себуші, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, ең жақын жанашыры әрі ақылшысы.
Мен, Айтжанова Бибигуль Бегалиевна, Зеленобор мектеп-гимназиясында еңбек етемін. Ұстаз болу бала кезімнен арманым еді. Сол кезден ақ ұстаз – мектептің айнасы, бәйтерегі екендігін жете түсіндім. Мұғалім мамандығын таңдап, еңбек еткеніме 26 болды. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған ұзақ еңбек жолындағы өмірілік ұстанымым - әрқашан шығармашылық ізденісте, ой қозғалысында болу.
Зеленобор мектеп гимназиясындағы еңбек өтілім 21 жыл. Оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін оқытудың көптеген әдіс-тәсілдерін алып, өз іс-тәжірибемде ұтымды пайдалана білуге тырысамын. Кейінгі жылдары өз сабақтарымда қолданылатын «Жаңа модульдерді кіріктіре отырып ойын технологиялары арқылы оқушылардың танымдық және ойлау қабілеттерін дамыту» атты әдістемелік-шығармашылық тақырып бойынша жұмыс жасап жүрмін.
Ал менің мақсатым – оқушыға оқу үрдісін ұйымдастыру барысында баланың басқаға ұқсамайтын ерекше ойлау қабілетін ашу және әр баланың жүрегіне жол таба білу.