Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы
Жер бетіндегі жұмыр басты пенденің ұстаз алдынан өтпегені жоқ шығар , сірә! Небір аузын айға білеген даралар да , даналар да – ұстаз алдында шәкірт атанып , білім жолындағы баспалдаққа көтерілетіні даусыз. Осындай жас буындарды білім нәрімен сусындатып келе жатқан Жаңаөзен қаласындағы №8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің І санатты мұғалімі Бақытова Ақкүрең 2011 жылдан бері абыроймен қызмет етіп келеді. Ақкүреңнің алдында отырған әр шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруді іске асырудағы шеберлігі – білім өрісіне , ақыл – парасатына байланысты екендігі байқалып тұрады. Осы әр мұғалім бойына керекті ерекше қасиеттер Ақкүреңде бар екендігін оқушылары да , әріптестері де мойындайды.
Ақкүрең жүрек қалауымен Нөкіс Мемлекеттік Педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп , 1996 жылы ойдағыдай бітіріп , еңбек жолын 1990 жылы сол өңірдегі Хожелі ауданы Орджоникидзе мектебінде тәлімгерліктен бастады. Сол кездері қандастарымыздың көпшілігі байырғы атамекеніне көшіп келіп жатқандықтан , Ақкүрең де ұстаздық қызметін ата – баба мекенінде жалғаструды жөн көрді. Қашаған Құржыманұлы атындағы № 8 орта мектебіне орналасып , міне ,содан бері осы білім мекемесінде мұғалім болып жұмыс жасап келеді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз 2013 жылы маусым айында Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлері аясында ІІІ деңгейлік бағдарламасы бойынша бітіріп , сонан бері оқытудың жаңа әдіс- тәсілдерімен оқытып жатыр. Жаңа тәсілдермен мектепішілік , қалалық ашық сабақтар , коучингтер де өткізді , терең теориялық білімін практикамен байланыстырып , ұштастырып үлкен нәтижелер көрсетті. Атап айтар болсам , «Түркі тектес халықтарға ортақ мұра» тақырыбында 9-сыныпта 19.11.2013 жылы және 7-сыныпқа «Ж.Аймауытұлы «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқан бейнесі» тақырыбымен 19.11.2014 жылы қалалық семинарларда ашық сабақтар берді.
Еліміздің тізгінін мықтап қолға алатын , ел ертеңі – білімді жас ұрпақтың қолында екендігі даусыз.Ақкүреңнің бірнеше оқушылары түрлі сайыстарға , ғылыми жұмыстарға да қатысып , жүлдегер атанып келеді. Әрине , оқушы жетістіктері оған сабақ беретін оқытушыға байланысты екендігі хақ.
2014/2015 оқу жылдары – Ақкүрең үшін жемісті жылдар болды. ХХ ғасыр арыстарын насихаттау мақсатында облыстық «Ұлттық сана және алаш арыстары» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциясына «Яш Түркістан» журналындағы ұлт мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Соның нәтижесінде , «Жаңа ғасырға қадам басқан жаңа Қазақстан» атты ғылыми – тәсілдері конференциясына «Әлем таныған егеменді ел» тақырыбындағы ғылыми жобасын 9 А – сынып оқушысы Түсіпова Жансая қатысып ,қорғап шықты және кітапшаға енді. Сонымен бірге , қалалық «Ақберен» байқауынан «Шешендік өнер» номинациясы бойынша ІІ орын алған 9 Г –сынып оқушысы Жанжігітова Ләззат ,ал «Мағжан оқулары» байқауынан «М.Жұмабаевтың «Бесік жыры» өлеңі мен дәстүр жалғастығы» тақырыбы бойынша 9 А- сынып оқушысы Егизгарина Әсел ІІІ орын иегері атанса , 9 А- сынып оқушысы Түсіпова Нұрсая қалалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының «Жазушылар» конкурсынан ІҮ орынға ие болды.
Ақкүрең өзі 5-сыныптан бері жетекшілік ететін сыныбы қазақ әдебиетінен тереңдетіліп оқытылады.Өткен 2015 оқу жылы 1941/1945 Ұлы Жеңіске 70 жыл мерекесі қарсаңында барлық жерде мәдени шаралар өткізгені белгілі. Осыған байланысты өзі әдебиетті тереңдетіп оқытатын 5 Ә – сыныбының оқушысы Мурунбаева Гүлбағыс «Жойылсын сұм сөз соғыс деген! »тақырыбындағы мәнерлеп оқу сайысында қаладан І орын алып , облыстан «Көрсеткен жеке жетістігі үшін» дипломымен олжалы оралды.
Жас ұрпаққа дұрыс тәрбие берілмесе , сапалы білім беру аздық етеді. Ақкүрең тәрбие саласына өте қатты көңіл бөледі десек , артық айтқандық емес шығар . 2014 оқу жылында «Есірткі. Бұл біздің тақырыбымыз емес!» атты «Айықпас дерт» деп аталатын сахналық қойылымынан өзі жетекшілік еткен «Жас өрен» тобы, алдымен қалалық , кейін облыстық сайыстан ІІ орынмен марапатталды.
Міне , Ақкүреңнің бір – екі жылда жеткен жетістіктерінің өзі қаншама! Әріптесіміз алдағы ұстаздық қызметінде шығармашылық жұмыстарын онан әрі дамыта беретіндігіне сеніміміз мол , жемісі ретінде шәкірттері де биіктерден көрінеді деген ойдамыз және толайым табыстар күтеміз.