Эссе
Психолог және мен
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл.
АБАЙ
Мамандық таңдау – әр адамның ең маңызды шешімі. Дегенмен таңдау жасауға Жүсіпбек атамыздың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін өзіме бағыт сілтер темір-қазық қып алдым. Сөйттім де «Жан тану» деп аталатын қиын да қызық әлемге апарар соқпаққа түсуге бел будым.
Иә, аз ғана уақыт болса да бұл қасиетті соқпаққа аяқ басып көрдім. Санаулы ғана жасаған қадамымда көзім жеткені – жеке тұлғаның өмірге құштарлығының артуы, болашағына сеніммен қарап, келешекке нық қадам жасауы, өзіндік «Мені» бар, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті боп қалыптасуының негізгі іргетасы мектептен қаланады екен.
Түйсінгенім – нағыз психолог болу үшін өзгенің өміріне өзіңнің өмірің ретінде бойлай отырып, олардың жан дүниесіне кіре білу екен.
Сезінгенім – «жан сырын өзі ашсын» деп үстелдің екінші жағында қатып қалған адам психолог бола алмайды екен, психолог «оқушы – ата-ана – мектеп» деп аталатын үш тағанның беріктігіне аса жауапты міндетті ала отырып, баршасының досы, ақылшысы, рухани жетекшісі болуы тиіс екен.
Аңғарғаным – әрбір жеке тұлға сенің оқымаған кітабың екен, әр парағын ашқан сайын жаңалық табасың, таңырқайсың, тамсанасың, қызығасың, қынжыласың. Осындай асқан жауапкершілікті жүк еткен психологтің атқарар қызметі мен үшін – әлемдегі мамандықтар арасындағы ең біріншісі, алғашқысы, құрметтісі, қадірлісі, сыйлысы, мәртебелісі, қасиеттісі, құдіреттісі, киелісі.
Психологтік қызмет – адам жанына нәр беретін, жеке тұлғаға кез келген ортада қарым-қатынасқа тез, ыңғайлы түсе алатын, бейімделгіш, құзырлы, заман талаптарына лайық әрекет жасауға бағыттайтын игілікті жұмыс.
Психолог жетістігі – тұлға бойына осындай қасиеттерді сіңіру, шындық өмірде кездесетін қандай да болмасын жағдаяттардан шығудың жолын өзі іздеп тауып, алған білімін, білік, дағдыларын нағыз қайнаған өмірмен тез ұштастырып кете алатын мүмкіндігі мол, өзіне сенімді жанның іргетасын қалау.
Психолог сөзі – жан азығы, жан азығы жаныңды өсіреді, жалындатады, қанаттандырады, өмірге қызықтырады, шаттыққа бөлейді, өмір жолын нұрландырады, рухани шырқау биікке көтереді.