ҚАЗЫБЕК ПЕН ҚОҢТАЖЫ
Қалмақтың ханы Қоңтажы қазақ елін үш рет шауып алғанда, малдан бөлек, сол шабылғанның ішінде бірталай ұл мен қыз да кетіпті. Соны сұрап Қазыбек елші жіберсе, Қоңтажы ешбір есе бермепті, сондықтан қазақ билері боп бас қосып: «Қалмақта шынымен-ақ ұлымыз құл, қызымыз күң болып кеткені ме? Қол жинап, бір шайқассақ қайтеді?» — деп Абылайдың алдына келіпті. Сонда Абылай: «Біз әлі де тілі өткір елші жіберіп сынасқанымыз жоқ, іріктеп елші жіберіп, оған есе бермесе сонсын шайқасайың!» — дейді. Осыған жиналған халық бәтуа қылып, сөз байласады. Бұл жұмысты Қаракесек Келдібек биге жүктеді. Келдібек өзі бара алмай, өзіндей кісі таба алмай, ақыры Қазыбек деген үлкен баласын ұзақ жолға жіберіп сынамақшы болып оның үйіне келсе, Қазыбек үйде жоқ екен, оны желі басынан табады. Балам жөн айтуды, жол айтуды біле ме екен деп сынайды.
— Балам, сен кімнің баласысың, жөніңді айтшы! — дейді.
— Атым Қазыбек, әкем Келдібек, Шаншардың немересі боламын,— дейді баласы.
— Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйретіп жүргенің жақсы ма, жоқ, жақсылардың қасына еріп ел танып, жер танып, сөз танығаның жақсы ма?
— Балалық дәуір де тәтті екен, оны да тастағым келмей тұр, бірақ жақсылардың қасына еріп ел танып, жер танып, сөз таныған теріс болмас,— дейді Қазыбек.
— Олай болса, балам, үйге қайтшы!—дейді әкесі. Қасына он кісі ертіп, астына «Телқоңыр» дейтін тайды ерттетіп беріп Келдібек баласын ханға жібереді.
«Телқоңырды» мін деуінде де себеп бар екен. Бір күні Келдібек жылқысын қаптатып келе жатып, қара жал, құла қулықтың іші жер сызып, жылқыға ере алмай, ептеп басып келе жатқанын байқайды: «Мынаның ішінде тас бар ма, тұлпар бар ма? Бір құлынды мұнша неге ауырлайды жануар!» — дейді.
Күндердің күнінде бие құлындап, құлын биенің мойнына, сауырына артылып ойнап жүреді. Келдібек:
— Бұған бір қулықтың сүті не болады дейсің, екі биенің сүтін емсін, қызыл тарлан бас мама сүтті бие еді, соның құлынын өзің сойып же-дағы, соған теліп жібер,— дейді жылқышыға. Құлын сол екі биенің сүтін емгендіктен «Телқоңыр» атаныпты. Келдібектің тасқа салса тасырқамайтұғын, мұзға салса таймайтұғын бір ыңғайлы жігіті бар екен. Ат-тонын сайлап, кісісін онға толтырып сол жігітті Қазыбекке қосып беріпті.
— Қанша айтқанмен мынау бала ғой, бақылап жүрерсің,— деп тапсырыпты жігітке Қазыбекті әкесі. Сөйтіп:
— Бар, Абылай хан мен Тайкелтір биге сәлем бер! — деп қоя беріпті.
Абылай бастаған топ бір дөңнің басына шығып тұр екен, самсап тұрған сары қолға атының маңдайын тура қойып, жетіп келіп, Қазыбек Абылайға сәлем беріпті. Абылай сәлемін алған соң:
— Балам, сен кімнің баласысың? — деп жөн сұрапты.
— Атым Қазыбек, әкем Келдібек,— дейді бала.