Бастауыш
класс мұғалімі: Дәрменқұлова Ләззат Жұмамұратқызы
Шалқар қаласы №5 орта мектеп
«Қош бол, сүйікті Әліппе!» әліппемен қоштасу ертеңгілігінің сценарийі
Мақсаты: Оқушылардың әліппеден алған білімдерін ортаға салу. Оқушыларды ана
тілі оқулығымен таныстыру және өзін-өзі басқаруға үйрету.
Көрнекіліктер: Шарлармен безендіру,слайдтар
Жүргізуші мұғалім:
-Құрметті ата-аналар,ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Қош бол, сүйікті
Әліппе!» атты мерекемізге қош келдіңіздер! Осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын
қысылса да қызыға аттаған бірі отбасының тұңғышы,бірі кенжесі, ата-әжесінің
сүйікті де еркесі болып жүрген ұл-қыздарымыз, өздерінің ең алғашқы оқулығы
болған Әліппемен бүгін қоштасқылы отыр.
-Ендеше, кішкентай бүлдіршіндеріңіздің білім өлкесіне қарай басқан алғашқы
қадамдары құтты болсын! Сонымен «Қош бол, сүйікті Әліппе!» атты
ертеңгілігіміздің кейіпкерлері 1 В сынып оқушыларын ортаға шақырамыз.
(Сахнаға 1 В сынып оқушылары шығады)
Мұғалім: Сөз кезегін оқушыларымыздың өздеріне береміз.
Жансая:
Кең болсыншы еліміздің керегесі,
Тату болсын, болмағай ерегесі.
Таныстырсам өзімді, оу ағайын,
Жансаямын ата-әжемнің немересі
Мақсат:
Сабақтан еш қалмаған,
Ерінбей оқып талмаған.
Боламын дейді үлгілі
Мақсат атты бір балаң.
Ақбота:
А әріптің абыройы асқар ма?
Ай сәулесі жарқырайды аспанда.
Адам, ата, ана, менің де атым Ақбота
А әрпінен басталар.
Аружан:
Ата-анамның ардақтаған
Аружан атты қызымын.
Әжем мені еркелетіп
Дейді «Алтын жүзігім»
Али:
Ұстаз ұғар қашанда
Дамуын әр баланың.
Жақсы оқитын сабақты
Али атты баламын.
Алуа:
Жеңу үшін қиынды
Еңбегіңді аяма.
Алдарыңда тұрған қыз-
Теміржанқызы Алуа.
Жанат:
Жақсы оқитын мен үлгілі баламын,
Азамат боп мен де өсіп толамын.
Бассам деймін даналардың тек ізін,
Мен Жанат Нұржанқызымын.
Найман:
Найман деген баламын
Таудай биік талабым.
Жақсы оқып сабақты,
Білімді адам боламын.
Гүлмарал:
Лаулатып сәби сезім ой алауын,
Шаттық тілеп таңменен оянамын.
Еркелеткен есті қызы атамның,
Мына мен Құлекенова Гүлмаралмын.
Аида:
Ай нұрынан жаралған,
Ай мен күні анамның,
Ақылдысы баланың,
Кілең бестік сабағы
Аида деген сұлуың
Мен боламын,ағайын
Расул:
Әріпте бар Р-деген діріл дыбыс,
Мұның сырын әрине білген дұрыс
Есімі Р әрпінен басталатын,
Расулға алла жар боп қонар ырыс.
Асылжан:
Түсінсем де бар әріпті
Ынта қойып қарамақпын.
Сыныптағы ең кішісі-
Қалдыбекқызы Асылжанмын.
Ерасыл:
Ерекше елге айтсам Е әрпін
Ерлікпен ел шығарар елдің атын
Асылы болсын ердің деп
Ерасыл атамның қойған аты
Дильназ Ә:
Ынталы да инабатты,
Өнегелі бір қызбын.
Ата-анамның ақылдысы-
Әбдіжәмил Дильназбын.
Динара:
Әліппені жатқа біліп бүгінде,
Өз бетіммен оқи алам ертегі.
Танысыңыз: әдепті қыз Динара
Мен боламын еліміздің ертеңі.
Мадияр:
Суретті шебер саламын,
Есепті тіпті шағамын
Білімді де өнерлі
Мадияр атты баламын.
Айгерім:
Қыздар деген бола алады қыр гүлі,
Қазақ қызы болу керек үлгілі.
Жақсылыққа ұмтылатын әрқашан,
Айгеріммін Ерболаттың бір гүлі.
Толғанай:
Толғанай деп қойыпты есімімді,
Бұл әрине ата-ана шешімі де.
Ақылды боп көп істер атқарамын,
Ұстаз сөзін ұғамын жатқа бәрін.
Диас:
Жақсы әдепті, жақсы істі
Бойыма әркез термекпін.
Қиын-ау деп қайыспайтын,
Ер мінезді Диаспын.
Нұрзат:
Баршаңызға иіліп, сәлем берем,
Мен қызымын Нұрымның Нұрзат деген.
Оқуды да, жазуды тез меңгердім,
42 әріпті жатқа білем.
Гүлсезім:
Мен де есті баламын,
Айтқан тілді аламын.
Жұмсағанға барамын,
Жақсы менің сабағым.
Гүлсезім деген ару қыз
Мен боламын ағайын
Тамирлан:
Шәкіртінсіз ұстаз ісі
Жарқырай ма,жана ма?
Жеті өнер де жеткіліксіз
Тамирландай балаңа.
Шапағат:
Ш әрпі иесі шарапаттың,
Шашу шашып, той өткізген бар қазақтың.
Ш әрпін иемденген Шапағатпын,
Иесі осынау ғажап аттың.
С.Дильназ:
Отбасының еркелеткен,
Жарқыраған жұлдызымын.
Сабақты жақсы оқитын
Дильназ деген бір қызыңмын.
Мейірхан:
Мейірханмын атамның баласымын,
Әжемнің тәттісімін, дарасымын.
Қашанда қатарластың алды болып,
Сенімін ақтаймын анашымның.
Ғалиябану:
Ғарыш, ғалым, ғұлама
Ғ әрпінен басталар.
Менің атым ерекше
Ғалиябану деп атаған.
1-сынып жүргізушілері
Расул: Армысыздар, көрермендер, әз жандар!
Дильназ С: Бармысыздар, инемен құдық қазғандар!
Тамирлан: Әліппеге рахмет деп шырқайық!
Толғанай: Ал, қанеки енді тойды бастайық!
Найман: Не үйреніп, не білдік, жырдан шашу шашайық!
Бәрі бірге орындайтын ән: Әліппе
Әліппе
1.Үйретеді Әліппе
42 әріпке
Ең алғашқы кітабың
Әліппені дәріпте
Қайырмасы:
А дегенім ана
Ә дегенім әке
Б дегенім бала
Естіп жүрме шала
А дегенім ата
Ә дегенім әже
Б дегенім бата
Мұны есте сақта
2. Әліппені алайық
Парақтап біз қарайық
Әріптерді үйреніп
Әсем әнге салайық
Мұғалім: Балалар, сендер Әліппені әнге қосып, 4 ай бойы дос болдыңдар. Әліппе
сендерге көп нәрсе үйретті. Ал қазір біз осы Әліппенің арқасында ер жетіп
қалдық. Әліппемен қоштасатын кез де келген сияқты.
1-сынып жүргізушілері
Алуа: Достар! Осы мен әліппемен қоштасуды жөн көрмей тұрмын.
Диас: Ой! Не болды! Неге олай дейсің?
Асылжан: Ал мен жылағым кеп тұр.
Мадияр: О, несі, неге жылағың кеп тұр?
Жанат: Мен Асылжанның неге жылағысы кеп тұрғанын білемін, бірақ
айтпаймын.
Мұғалім: Дауласпайық, балалар! Мен сендерден де бұрын біліп тұрмын. Себебі
сендер 4 ай бойы оқыған білім атасы Әліппемен қоштасқалы тұрсыздар. Қимай
тұрсыңдар, солай ма?
Алуа: Дұрыс айтасыз.
Жанат: Әліппеге рахмет айтсақ та қимай тұрмыз.
Мадияр: Балалар Әліппені ортаға шақырайық.
Бәрі: Әліппе, Әліппе, Әліппе!
(Музыка ырғағымен ортаға Әліппе келеді)
Ғалиябану:
Бар білімнің бастауын
Әліппеден бастадым.
Үйренуге талпындым
Құлшынып балғын жас жаным.
Гүлсезім:
Бірінші беттен елімнің
Елтаңбасын таныдым.
Көк байрақты қазақтын
Ұрпағымын,сәнімін.
Толғанай:
Ең алғаш алғанымда Әліппені
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Тамирлан:
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріпте.
Оқимыз қазір ертекті
Үйреткен оны «Әліппе».
Найман:
Енді біз жаза білеміз
Әріпті қосып,әріпке.
Риза боп саған жүреміз
Сүйікті біздің Әліппе.
Әліппе: Ішім толы әріпке,
Менмін әйбат әліппе!
Барлық ілім -білімнің,
Бастауы мен –Әліппе!
Бұл жерге менің әріптерім меннен бұрын келіп қалыпты ғой.
Мұғалім: Әліппе, өзіңіз әмір бергендей әріптеріңіз дыбысталуына қарай 2 топқа
бөлініп тұр. Не бұйырасыз?
Әліппе: Ал ендеше мұғалім, осының сыры неде екенін мына көрермендерге айтып
берсең.
Мұғалім: Жарайды, Әліппе. Балалар бұл бір үлкен ертегі. Ертегі тыңдағыларың
келе ме?
Балалар: Ия
Мұғалім: Ендеше ертегілер еліне саяхатқа барайық.
Ән: Ертегілер. Орындайтындар Шапағат пен Динара
Мұғалім: Ерте, ерте ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,
Орманда екі үй болыпты: біреуі көк, біреуі қызыл. Көк үйде дауыссыз дыбыстар,
қызыл үйде дауысты дыбыстар тұрыпты.Олардың атасы «Әліпби» деген дана
болыпты. Осы екі үйдің қызыл үйшіктегі әріптері дауыс шығарып көңілді тұрыпты
да, ал көк үйдегі әріптер үнсіз өмір сүріпті. Мұны көрген Әліпби «Мен осы екі
үйдегі әріптерді араластырсам не болар екен?» деп ойланып, араластырыпты.
Сөйтсе ғажап бір жайға куә болыпты. Әріптері сөйлей жөнеліпті. Осылайша
әріптерден сөз, сөйлем пайда болыпты. Ендігі кезекті осы әріптерге
берейік.
Бәрі бірге орындайтын би: Әліппе
(Билеп болғаннан кейін әріптер араласып тұра қалады.)
Жансая
В-дегенің вал болар
Толқын күшін шомылар.
Мақсат
Б дегенім бала ғой
Жұмсаса апаң бара ғой
Ақбота
Г-әрпімен гүлденер
Қызғалдақты қырат, тау.
Дильназ С
Ә әрпінен табамыз
Әжемізді ақылгөй
Мейірхан
Е-ні ұмытпас ешқашан
Елін сүйген жараңдар.
Ғалиябану
И дегенің иманың
Адалдықтың асқары
Аружан
Ж дегенің- жөргегің
Туған-өскен жерлерің.
Али
З әрпімен зерледім
Зергерлердің зергерін.
Алуа
М-дегенің мал болар
Қадір тұтқан бабалар.
Шапағат
Ы дегенің-ырысың
Орман-тоғай өзенің.
Тамирлан
Ұ әрпі ұлысың
Ағайының өз елің.
Гүлсезім
О дегенің- отбасы
Отан деген ұғым бар.
Жанат
Ғ әрпімен бір келер
Ғылым атты ұлы тау.
Найман
К дегенің- күй дарын
Домбыраның дастаны.
Гүлмарал
Х дегенің-сәлем хат
Қуанышың қаншама
Нұрзат
Я деген-Яссы
Қала болған бұрындар.
Диас
А деген ол ана ғой,
Ана деген дана ғой
Толғанай
Ө әрпімен өрістер
Өмір атты дүниең
Аида
Ш дегенің –шапағат
Тие берсін баршаға.
Расул
Р дегенің- рақым
Мейірің мен пейілің.
Асылжан
С әрпі сұлулықтың сымбаты
Сыпайылық сан- алуан сын тақты
Айгерім
І-ні көріп кітаптан
Шырағданға ұқсатам
Мадияр
Ал мында у тұр ғой,
Өзі айнымаған циркуль ғой
Динара
Әжем ойған оюды
Әкем қойды көрмеге
Ерасыл
Лашын биік самғайды,
Лашын көкті шарлайды
Дильназ Ә
Наурыз айы келгенде,
Наурыз тойы тойлансын!
Әліппе: Рахмет,балалар! Әріптердің бәрін таныпсыңдар!
1-сынып жүргізушілері
Жансая:Айттың әділ бағаны
Ғалиябану:Әріпсіз сөз болмайды
Мақсат: Буын онсыз толмайды
Гүлсезім:Адам барлық әріпті
Ақбота:Ардақтайды, қолдайды.
Мұғалім: Балалар, ал енді осы уақытқа дейін не үйреніп, не білдік, қане
ортаға салайық.
Балалар мен қазір сендерге сұрақтар қоямын. Сұрақтың жауабын білетін оқушы
қол көтеріп жауап береді.
1. Біздің елбасымыз кім?
(Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев)
2. Президент күні қай күн?
(1 желтоқсан)
3. Біз қандай мемлекетпіз?
(Тәуелсіз, егеменді)
4. Еліміз қалай аталады?
(Қазақстан)
5. Ел ордамыз қалай аталады?
(Астана)
6. Мемлекеттік рәміздерге нелер жатады?
(Ту, елтаңба, әнұран)
7. Ең алғашқы қоңырау біз үшін қай күні соғылды?
(1 қыркүйек)
8. Ең алғаш қолыңа алған кітабың?
(Әліппе)
9. Қазақ тілінде қанша әріп бар?
(42)
10. У дыбысы қандай дыбыс?
(Дауысты да, дауыссыз да)
11. 2 дыбыстан тұратын әріптерді ата
(ю,я,ё)
12. Дыбыс бермейтін әріптер
(ъ айыру белгісі, ь жіңішкелік белгісі)
13. Сөз неден құралады?
(Буындардан, дыбыстардан, әріптерден)
14. Сөйлем туралы не білесің?
(Сөйлем сөзден тұрады. Сөйлемнің басы бас әріптен басталып жазылады. Сөйлем
соңына нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі деген тыныс белгілері
қойылады)
15. Бір аптада неше күн бар? Ата
(7 күн Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі, Жексенбі)
16. Жүзім, қарбыз, пияз деген сөздердегі ортақ әріпті табыңдар.
(з әрпі)
17. Қандай мақал-мәтел білесіңдер?
Мұғалім: Міне құрметті қонақтар балалардың қандай білімді болып өсіп келе
жатқандығының куәсі болған шығарсыздар.
Динара: Ерасыл, 2 алмаға 2 алма қосқанда неше болады?
Ерасыл: Қиын сұрақ қойдың ғой, ойланбай айта салайын. 4 Дұрыс па?
Дильназ Ә: Бәрекелді, сондай ауыр сұрақ емес еді ғой. Бірақ математик
екеніңді мойындаймыз.
Али: Ал, достар! Өзім алуды болмаса қосуға берілген есептерді Ерасыл сиықты
тез шығара бермеймін.
Айгерім: Достар! Одан да ұстазымыз «Математика» пәнінен білімімізді тексеріп
көрсін.
Мұғалім: Математикадан не үйреніп жатқандықтарыңды жария етуге дайын
болсаңдар, мен сынақ жүргізуге дайынмын.
-Ендеше тақтаға қарайық. Не берілген?
(5+3, 9-7)
-Өрнектер
-Қандай өрнектер?
-Қосынды және айырма
-Өрнектердің мәнін кім табады?
(5+3=8 9-7=2)
-Ал енді қарайықшы. Біз өрнектің мәнін тапқанда өрнек неге айналды?
-Теңдік
-Теңдікті әр түрлі тәсілмен кім оқып береді?
-1)5 қосу 3 тең 8.
2)5 пен 3-тің қосындысы 8-ге тең.
3) Бірінші қосылғыш 5, екінші қосылғыш 3, қосындының мәні 8-ге тең.
1)9 алу 7 тең 2.
2)9 бен 7-нің айырмасы 2-ге тең.
3) Азайғыш 9, азайтқыш 7, айырманың мәні 2-ге тең.
Жұмбақ есептер
5-тен 4-ті алайық
Қанша қалды санайық
Қарайық та санайық
Санайық та табайық (1)
Бесбайда бар 5 іні
Естайда бар 2 іні
Қоссақ 5 пен 2 ні
Қанша болар шешуі? (7)
Шығармақ боп кеше есеп
Жиналғанда 5 есек
3-еуі ұйықтап отырды
Ынталысы неше есек? (2)
Қазып жүр құмды 5 мысық
3-і жатыр күн ыстық
2-і жүр шомылып
Барлығы қанша санап шық? (10)
Мұз айдында жеті бала.
Асыр сап жүр сырғанап.
Сырғанамай екі бала.
Жағалауда тұр қарап.
Енді осы бар баланың
Санын айтсаң –жарадың! (9)
Көлден ұшты жеті қаз,
Қайтып қонды екі қаз,
Қонбады оның нешеуі?
Кәне, кім тез шешеді? (5)
Жаңа ғана шалғында,
Алты бұзау жүр еді.
Әлде шаршап қалды ма,
Жатып қапты біреуі.
Нешеуі енді жайылып,
Айт, жүргенін айырып. (5)
Әліппе: Жарайсыңдар,балалар математикадан да сауат алып қалыпсыңдар ғой.Енді
айтыңдаршы кім сендерді сауатты оқып, жазуға үйреткен, көп еңбек сіңіріп,
санауды үйреткен?
Бәрі бірге: Ол біздің мұғалім апай ғой
Жансая:
Қыркүйекке келдім де
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейірмен
Қадамымды құп алып.
Әліппе: Ендеше барлығымыз мұғалімімізге арнап ән айтайық.
Бәрі бірге орындайтын ән: Жарқын жүзді ұстазым
Келгенімде алдыңа
Қызыл-жасыл гүл алып,
Жақын тарттың жаныңа
«Шәкіртім» деп қуанып.
Сипадың да басымнан,
Әліппені ұсындың.
Бақытымның осыдан
Басталғанын түсіндім.
Мұғалім: Рахмет балалар.Әліппені оқуға тек қана мен емес, ата-аналарыңның да
көмегі көп тиді сондықтан ата-аналарымызға да рахмет айтайық.
Бәрі бірге: Рахмет сіздерге ата-әже, әке-ана!
Мұғалім: Расул біздің аналарымыздың құрметіне Анашым әнін орындап береді. Қабыл
алыңыздар!
Ән: Анашым Орындайтын Расул
Әліппе: Рахмет Расул. Осы ана сүтімен дарыған ана тіліміз біздің қай
тіл?
Оқушылар: Қазақ тілі, Ана тілі
1-сынып жүргізушілері
Нұрзат:Біз Әліппені бітірген соң не істейміз?
Гүлмарал:Соны мен де ойлап тұрмын.
Мейірхан: Шынымен де не оқимыз?
Аида:Қиналатын түгі де жоқ
Шапағат:Достарым. Ана тілі деген досымыз бар.
Әліппе: Балалар мен сендермен қоштасамын. Енді сендер қолдарыңа басқа кітап
алатын боласыңдар. Ол кітап ана тілі деп аталады. Ендеше жаңа достарыңыз ана
тілін қарсы алыңыздар.
Оқушылар: Қош келдің, ана тілі!
Ана тілі: Сәлеметсіңдер ме менің жаңа достарым. Енді мені оқитын
боласыңдар.
Мен де келдім дайындалып тойыңа,
Оқы талмай, түй санаңа, жас бөбек.
Сыр құямын, нұр құямын бойыңа,
Таза ұста, оқы мені қастерлеп.
Оқушылар: Оқимыз, таза ұстаймыз.
Әліппе: Ал енді балалар мен кетейін. Алда қыс, көктем, жаз бар. Жақсылап
демалып сен сияқты балаларды күзде қарсы алып әріптеріммен таныстырамын
Гүлмарал:
Білімге жолды бастаған
Әліппем саған,мың алғыс!
Оқы деп ұран тастаған
Әліппем саған, мың алғыс
Жанат:
Қош бол,құтты «Әліппе»
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің.
Нұрзат:
Қош бол құтты Әліппем!
Тіл тұсауын кестін сен.
Аяулы анам болып сен
Айыбыңды кештің сен.
Хор: Рахмет саған, Әліппе, қош сау бол!
1)Алғаш рет қолыма ұстадым
Әліппені сыйлаған ұстазым.
Білім атты әлемге аштың жол,
Рахмет саған, Әліппе,
Қош сау бол.
Қайырмасы:
Әліппе, әліппе,
Арналады бүгін жыр саған
Әліппе, әліппе,
Алғысымыз шексіз бір саған.
2)Көмегіңнен өзіңнің, әліппем
Қырық екі таныстық әріппен.
Ең алғашқы білімді алдық мол,
Рахмет саған, Әліппе,
Қош сау бол.
Мұғалім: Ал енді балалар әліппемен қоштастық. Енді қолымызға ана тілін алатын
боламыз.
Ана тілдің қрметіне Айгерім бізге Үнді биін билеп беремін дейді. Қабыл
алыңыздар!
Би: Үнді биі орындайтын Айгерім
Мұғалім: Балалар, бүгін біздің ортамызда ата-аналарымыз да қуанышымызға
ортақтасып отыр. Құрметті ата-аналармен қызықты ойын өткізейік. Ортаға 5
ата-ана шыға қойсын. Манадан бері балалар әріптердің сырын ашуға тырысты.
Ендігі кезек сіздердікі. Сіздерге Ж, Қ, А, О, Т әріптерін береміз. Мен қойған
сұрақтарға тек сіздерге берілген әріптерден басталатын сөздермен жауап
бересіздер.
-Балаңыздың аты кім?
-Балаңыздың досы кім?
-Балаңыз қандай?
-Балаңыз қандай тамақты жақсы көреді?
-Балаңыз бос уақытында немен айналысады?
Ой ұшқырлығына құрылған есептер
Ата-аналарға қойылатын сұрақтар
1.Ағаш басында 2 балық отыр еді. Оларға тағы 2 балық ұшып келді. Барлығы неше
балық болды? ( балықтар ағашта отырмайды және ұшпайды.)
2.Алма ағашында 10 алма, ал үйеңкі ағашында одан 2 алма аз өсіп тұр. Үйеңкі
ағашында неше алма өсіп тұр? (Үйеңкіде алма өспейді)
3.Тақта алдында 3 бала тұр.Олар:Самат,Марат,Қанат. Марат ортасында тұр.
Маратты қозғамай қалай шетке тұрғызуға болады?
4.Үй тышқанның неше құлағы бар?
5.Жанұяда 7 ер баланың бір-бірден қарындасы бар. Жанұяда қанша бала бар? (8
бала:7 ұл,1 қыз)
6.Самат,Марат,Қанатты орындыққа әртүрлі ретпен қалай отырғызуға болады? (
а)Самат, Марат, Қанат. ә)Самат,Қанат,Марат. б)Марат,Самат,Қанат. в)
Марат,Қанат, Самат. г)Қанат,Самат,Марат. ғ)Қанат,Марат,Самат.)
7.Аулада жүрген бұзаулар мен тауықтардың аяқтарының саны –он. Аулада неше
тауық, неше бұзау болуы мүмкін? (2 тауық, 2 бұзау)
8.Үш ағайындының ішінде Асқар, Айдардан ұзын, ал Айдар Жарастан ұзын. Кім
ұзын бойлы Жарас па әлде Асқар ма? (Жарас Асқардан аласа)
9. Екі адам қалаға келе жатып жолда тағы 5 ауылдасын кездестірді. Қалаға
ауылдан неше адам келе жатыр еді? (2 адам)
10. жанар меАнар-апалы-сіңілі. Жанар 2 інісі бар екенін айтты. «Менің де екі
інім бар,» -деді Анар. Бұл үйдің неше баласы бар? (төрт баласы бар.)
Мұғалім:
Балалардың білімі құтты болсын,
Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын.
Білімдерін әрі қарай дамытатын,
Ерінбейтін енбекқор күшті болсын! Осымен «Қош бол, сүйікті Әліппе!»
ертеңгілігімізді аяқтаймыз! Балаларды бүгінгі мерекелерімен құттықтау үшін
ортаға директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары Қали Раушан
Досымқызын шақырамыз.
Ата-аналар арасында ортаға шығып сөз сөйлеймін деушілерге сөз кезегі
беріледі.
Мұғалім: Ертеңгілігіміздің соңында балаларымыздың мың бұралған биін
тамашалаңыздар!
Би: Мектеп вальсі
|
Оставьте свой комментарий
Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.