Кулмаганбетова Багит Мендагалиевна, "№ 1 жалпы білім беру орта мектебі" Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің директорының әдістемелік жұмысы жөнінде орынбасары, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жалпы еңбек өтілі 10 жыл, соның ішінде директордың орынбасарлық қызметі бойынша 5 жыл. Бітірген оқу орным Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Педагогикалық Университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультеті. Педагогикалық шығармашылық тақырыбым "Қазақ тілі сабақтарында ойын элементтерін пайдалану арқылы мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне терең меңгерту" болғандықтан, сабақтарымда қазіргі уақытта оқу үрдісіне енгізілген деңгейлеп оқыту технологиясын қолданамын. "Өрлеу" біліктілікті арттыру курсынан өткеннен кейін, сабақ беру технологиям да толыққа дерлік өзгерді. Қазіргі уақытта сабақтарымда оқушыларды топқа бөліп оқытуды жиі қолданамын. Оларды топқа бөліп қана қоймай, сабақ барысында қызығушылықтарын ояту үшін, түрлі деңгейдегі тапсырмалар беремін. Тақырыпқа сай оқушылар сабақ уақытында кластер, синквейн, постер жасап, оларды өз беттерімен түсіндіруге тырысады. Сабақта белсенділік танытпайтын бала болмайды. Әсіресе синквейн, кластер жасақтаған оқушыға өте ұнайды. Өзбетімен сөйлеу баланың нақты ойын білдіріп, олардың не айтқысы келіп тұрғанын да анық көрсетеді. Осы арқылы оқушылардың сөздік қоры молайып, сөздің мағынасын ұғынуға тырысады. Сонымен қатар, оқушыларға мемлекеттік тілді үйрету барысында сабақ уақытында сөздік жұмысқа аса көп мән беріледі. Сөздің мағынасын түсінбейінше олар не туралы айтайын деп тұрғанын білмейді. сондықтан да сабақ басында жаңа сөздермен сөз тіркестерін, сөйлемдер ойластырып, оларға түбірлес сөздер тауып, мүмкіндігінше синоним, антоним, омоним тауып отырады. 3 деңгейлік курстың тағы бір ерекшелігі бұл ретте оқушылар бірін-бірі бағалайды, топты бағалайды және жұпты бағалау формалары жүреді. Әдеттегінше оқушылар дәптерлерімен алмасып, бір-бірінің тапсырмалар орындау баысын тексереді. Сол бойынша баға береді. Топты бағалау, сол топтың бірлесіп жасаған жұмысына баға беруден тұрады. Баға 5 баллдық көлемде беріледі немесе түрлі смайликтер мен түрлі түсті қағаз қимасымен де беруге болады. Алайда соңғы қорытынды бағаны барлық тапсырмалар бойынша мұғалім өзі қояды. Осылайша сабақ ойын түрінде де және жаңа тақырыпты меңгертуге де құралған сабақ ретінде өткізіледі. Бұл ретте балалардың жас ерекшеліктері мен мүмкіншіліктері де ескеріліп отырады. Сабақта жауап бермейтін бала болмай, барлығы сұрақтар мен тапсырмаларға мүмкіндігінше жауап беріп отырады.