Инфоурок Другое Научные работыҒылыми жоба. Зерттеу тақырыбы: "Қасқабұлақ өңіріндегі "Абай жолы" романына қатысты жер-су атауларының шығу тарихы"

Ғылыми жоба. Зерттеу тақырыбы: "Қасқабұлақ өңіріндегі "Абай жолы" романына қатысты жер-су атауларының шығу тарихы"

Скачать материал

Нурымбекова А

Нұрымбекова Айгүл Тұрарбекқызы

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы «№15 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ

 

 

 

 

Ғылыми жоба

Зерттеу тақырыбы: "Қасқабұлақ өңіріндегі "Абай жолы"  романына қатысты жер-су атауларының шығу тарихы"

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Тақырыптың өзектілігі:Дүние жүзі тілдерінде не көп десек, жалқы есімдер көп, оның ішінде жер - су аттары /топонимдер/ көп, біздің туған жеріміз де одан кенде емес. Ұлан - байтақ алқапты алып жатқан, табиғаты сан қилы болып келетін өлкеміздің жер - суына ерте замандардан бері сан алуан атаулар қойылып, олар әртүрлі өзгерістерге ұшырап отырған. Ұшы - қиыры жоқ кең алқапта қазақ халқының негізін құраған ру, тайпалар мал бағумен айналысып, жаз - жайлау, қыс қыстау қамымен ерсілі- қарсылы көшіп қонумен жүрді. Сондықтан олар кең даланың табиғат ерекшеліктерін, әр төбенің, әр жыраның өзіндік сипатын жете тани білді және көшпелі өмірлерінде оны жер жағдайын анықтайтын белгі ретінде пайдаланды. Атауды да соған дәл тауып қоя білді, осындай жер - су аттарының өзінен - ақ көп жағдайда ол маңның жер бедерін, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінен, климат ерекшелігінен мол мәлімет алуға болады.Қазіргі таңда ұлы ақын Абай туған Қасқабұлакөңірі  толық зерттелмеген. Оның тарихи жер-су атауларының шығу этимологиясы,географиялық жер ресурстарының адамзатқа тигізер пайдасы туралы мәліметтер аз, сол себепті өзектілігі деп- Қасқабұлақ өңіріне қатысты жер-су атауларының шығу тарихы, географиялық орналасуы,өсімдіктері, оның мал шаруашылығына пайдасы ретінде қарастырылуы,жергілікті жұрт пайдасын білгенмен халықтың денсаулығына шипалы жерлердің әлі де пайдаға жаратылмай жатқаны туралы мағлұмат берілуі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:Қазақтың ұлы даналары Абай, Шәкәрім, Мұхтар аталарымыздың кіндік қаны тамып, табанының ізі қалған қасиетті киелі мекен – Қасқабұлақ өңіріндегі жер – су атауларының топонимдік этимологиясын анықтау, халқымыздың бір туар данышпаны, ұлы ақын  Абайдың 170 жылдық мерейтойына өзіндік үлесімді қосу көзделді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жұмыстың алдына мынадай нақты міндеттер қойылды:

-  Қасқабұлақ өңіріндегі жер-су атауларының /топонимдердің/ шығу этимологиясына жан-жақты талдау жасай отырып, географиялық объектілердің шығу төркінін анықтау.

-  Ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбайдың күзегі болған Қасқабұлақ елді мекенінің, Шолпан, Шаңтимес, Тесіпшыққан, Ащы көл, Ойқұдық, Бөрілі, Ералы жазығы, Ақшоқы, Таймақ көлінің жер – су атауларының топонимикалық аталу себептеріне талдау жасау.

-  Аталған жер – сулардың табиғаты, климаты, аңдары мен өсімдіктеріне тоқталу.

Зерттеудің нысаны:Ұлы ақын Абайдың туған мекені Қасқабұлақ өңіріне қатысты жер-су атауларының топономикалық шығу этимологиясы.

 

 

 

Ғылыми жаңалығы:

-  Бұл тақырыптың тұңғыш рет арнайы зерттеу нысанына айналып отырғаны;

-  Ұлы ақын Абайдың туған мекені Қасқабұлақ өңіріне қатысты жер-су атауларының топономикалық шығу этимологиясы ғылыми негізде саралануы;

-  Жергілікті халық пайдасын білгенмен денсаулыққа шипалы жерлердің әлі де пайдаға жаратылмай жатқаны туралы мағлұмат беру.

Зерттеудің дерек көзі: Бұл жұмыстың дерек көзі ретінде пайдаланған материалдарды жобаға енгізіп, оларды ой елегінен өткізіп пайдалану нәтижесінде зерттеліп отырған жер-су аттарының тарихын айқындауға мүмкіндік береді.

Гипотеза: Жердің тарихын, елдің сырын түсінем дейтін оқушыларға толық мағлұмат бере алады. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты алыптарды дүниеге әкелен тарихи жердің шежіресіне, тарихына, әдебиетіне, халқына деген ұлттық сезімі оянары сөзсіз.

Жұмыстың орындалу әдістері: тарихи деректермен танысу, оларды жинақтау, салыстырмалы талдау жасау, тұжырымдау.

Зерттеудің құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

Зерттеу кезеңдері: Зерттеу жұмыстары 2 жылға арналған.

1.       Жұмыстың тақырыбы, мақсаты, міндеті айқындалып, тақырыппен жұмыс жүргізілді.

2.       Кітаптағы құнды материалдарды жинақтау, саралау.

3.       Қасқабұлақ өңіріне арнайы саяхат жасалды.

4.       Зерттеу жұмысы жинақталып, қорытынды жұмыс жүргізілді.

5.       Мектепішілік ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасалынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.Негізгі бөлім

1.1.Топономика ұғымы

 

Топонимика – географиялық атауларды зерттейтін ономастиканың бір бөлімі. Топономика гректің topos – орын + опума – есім, ат деген сөздерінен алынған. Ол өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз аттарын (гидронимдерді); тау, сай-сала, қырат, жоталар, асулар, орман-тоғай, жайлау аттарын (оронимдерді); елді мекендердің аттарын (ойконимдерді) жан-жақты зерттейді. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар.

«Дүниеде әрбір бөлек жердің аты, Себеппен қойған бәрі елдің аты», – деп белгілі ақын С.Сейфуллин нақты айтса, атақты М.Әуезов: «Біздің қазақ жер аты, тау  атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Кайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан дүзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – деп орынды нақты суреттеген. [11]

Демек, топоним атаулы тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі  белгілі бір өңірдің топониміне қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Қасқабұлақ өңірінің топонимдері де республикамыздың басқа өңірінің топонимдері сияқты белгілі бір мерзім, кезеңнің ғана емес, сан мыңдаған жылдардың, тұтас бір дәуірдің жемісі. Сондықтан да олар қоғам өмірі, халық тіршілігімен тығыз байланысты. Олардың құрамында да әр дәуірді, әрбір кезеңдерде Қазақстанды, Шығыс Қазақстан облысын мекендеген әралуан елдің тілі мен сөзінен қойылған географиялық атаулар саны көптеп кездеседі. Облыс топонимдерінің бір тобы көне заман, ескі тарихымызбен тығыз байланысты боп келсе, екінші бір басым тобы Кеңес өкіметі тұсында пайда болған, социалистік дәуірдегі және одан кейінгі өзгерістердің айқын куәс болып табылады.

Облыстағы әрбір топоним белгілі бір мағынаға, алуантүрлі құбылысқа ие, семантикасы жағынан жеке объектілерді атайтын жалқы есімдердің ерекше тобына тән. Әрбір географиялық атау тарихи, әрі, оның мағыналық өрісі де кең. Олар замана құбылысына, өзгерісіне қарай әртүрлі мағлұматқа: түрлі соғыстар, халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, халықтардың қарым-қатынасына жәнет.б. тарихи оқиғаларға бай. [12]

Топонимдер құрамына енетін апеллятивтер объектінің табиғи ерекшеліктерін айқын көрсетеді (жер бедері, өсімдіктер, топырақтар.б.) сонымен қатар этноним мен антротопонимдерден жасалған топонимдердің де құрамы мол. Бұл топтағы атаулар осы өңірдің этногенезінен толық хабар береді. Олардың кейбіреулері ұзақ уақыт қолданылу нәтижесінде көнеленіп, географиялық атау ретінде қойылу себептері ескіріп, ұмыт болған.

Облыс топонимдерінің стратиграфиясы олардың құрамында бірнеше тілдік қабаттардың барын көрсетеді. Аталған өңір топонимдерінің шығу, пайда болу, қойылуында жергілікті халықтың тарихы мен оның ғасырлар бойғы тірлік-тынысы, әдет-ғұрып, салт-санасы ана тілімен тығыз бірлікте дамыған. Ондай атаулар көптеген ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тарихи жалғасын тауып келеді. Мұның бәрі түрлі тілдік қабаттан тұратын, шығуы, пайда болуы жағынан әртүрлі дәуірлерге тән топонимдерді бойында берік сақтап отырған. Олардың ішінде басты, негізгі топонимдер – ана тіліміздің негізінде жасалған атаулар. Дегенмен, көршілес кейбір шалғай жатқан елдер мен арадағы тарихи-әлеуметтік, діни қатынастар барысында пайда болған басқа тілдік топонимдер тобы да жоқ емес. [13]

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы жер-су аттарының жүйесі республикамыздың басқа өңіріндегі жер-су аттарының жүйесі сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан.

Семей орталық кітапханасы ауданының топонимдері туралы қызықты материал жинақтаған. Өз ауданының географиялық атауларын іздеп табуға әрбір өлкетанушы-кітапханашының қолынан келеді. Біздің кейінгі ұрпақтың мақтанышы болу үшін өлке топонимдерін жинап сақтап қалу өте қажет.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2."Қасқабұлақ өңіріндегі  қатысты жер-су атауларының шығу тарихы"

2.1.Қасқабұлақ

 

"Қасқабұлақ өңірінеқатысты  Бөрілі, Қасқабұлақ, Шолпан, Ызғұтты, Ақшоқы, Тесіпшыққан, Кіндікті,  Шаң Тимес, Ералы атты жер-су аттарының шығу тарихын анықтадық.

Қасқабұлақ – аталу себебі таудың төскейінен күнбатыс жағындағы Ойқұдық даласына қарай ағып жатқан көлемі кең, жеті жерінен атқылап шығып жатқан көзі бар мөлдір, сулы бұлақ жан-жаққа жайылып кетеді. Сондықтан жергілікті халық «Қасқабұлақ» деп атаған.

 Қазіргі М.Әуезов атындағы Қасқабұлақ - ауыл орталығы. Қасқабұлақ – Шәкәрім Құдайберді ұлының мекені боп, Кіші Қасқабұлақ аталған. Үлкен Қасқабұлақ - Шолпан адырының сыртында Абай туған жер. «Кіші Қасқабұлақты Шәкәрім қажы Торғай руына Құлыншақтың Мұңсызбайдың Әміре Шағырының балалары – Төлепберген, Рахымберділерге сатадыда, бұлар егін еге бастайды. Содан үш қора тұрғызады екен. Сол үш қоражай көпжылдан бері Қасқабұлақ ауылшаруашылық артелінің орталығы болып құрылды.Үлкен  Қасқабұлақ – Абайдың шыр етіп, кіндік қаны тамған жер» деп көрсетеді Бекен Исабаев «Ұлылар мекені» еңбегінде.[3]

Ендігі жерде ұлы жазушы Мұхтарды сөйлетейік. «Жаздыңбір тыныш кезінде, Қасқабұлақта биікше тастақ төбенін басында кешкі ауылдын тірлік тынысын тындап Абай отырды. Бұның оқшау аулы сыртқа шықпай, бауырда қалып, Ойқұдық, Ералыны жатақтармен көрші жайлаған. Қалын ел дырдуынан әдейі жырылып қалыс қалған еді». [7]

«... Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 августь күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Қасқабұлақ – Құнанбайдың күзеуі, Семейден 110 шақырым Абайдың дүниеге келген жері.»,- деп көрсетеді Мінәш Әрхамқызы «Ұлы Абайға адалдық» еңбегінде.[10]

Қазіргі елді мекеннің қоныстанған жері маңайын аласа төбелер қоршаған сайда орналасқан.Қазіргі кезде бұлақ басы тастақ төбе. Бір кездегі қасқаланып ағатын суы жылып қана ағып жатыр «Абай жолында» жазғандай төбе кемерінен  әлденеше көзден жамырап, шапшып шығатын су көздері жоғалған. Бірер жерден ғана жылап шығып ағады. Өйткені нағашы атамның айтуы бойынша 1963 жылы бұрынғы колхоз басшылығы бульдозермен бұлақ бастау көздерін жаппай аршиды. «Былшығын алам деп, қылшығын алады».Аршыдық деген бар бұлақ бастау көздері бітеліп, құрыйды да қалады. Бүгінде бұлақ ағып шығатын төбе үстінде Қасқабұлақ ауылына су тартатын екі скважина тұрбалыры қағылып тұр.Қасқабұлақтың қысы қатты, қары қалың келеді. Көктемде қар ұзақ жатады.Топырағы сазды, құрғақ. Шөбі сирек, көбіне қой жусан, сарғыш көде болып, селеуі де мол өседі. Сайдан төмен қарай Ащыкөл орналасқан. Даласын саршұнақ, кесіртке, дала тышқандары, қырғи, суықторғай, қоян мекен етеді.

2.2.Ащыкөл.

 

Көлді ертеде  Үшқараның көлі атаған екен. Көл суын үш биіктен – Шолпан,Сарыадыр, Қоңырадырдан алады екен.Көл осы үш биік ортасындағы шұңғыма ойда тұр да бар қар суы көктемде сонда құйылып толады. Құрғақшылық жылдары кейде соры бетіне шығып, ақ тұз басады.Ащыкөлдің емдік қасиетін жергілікті жұрт жақсы біледі.Желқұяң, тері ауруларымен ауыратындар осы көлге келіп емделеді.Емдік қасиеті туралы «Абай жолында» былай делінеді: «...Үшқараның ащы көлінің сор батпағы жел науқасқа мың да бір ем деген сөзді көп естіген Дәркембай, өзінің Базаралы досын жаз бойы астауға, батпаққа салып емдеген еді.Енді сол емнің артыбұрын қорғаншақтап жүрген Базаралыны қатарға қоса бастады. Олжайын Базаралы әзіл ғып сөйлейтін.

-Е, бұқпа торғай сияқтанып, әншейін «бұға берсем құтылады екем» деп, сол аурудан текке қорқып жата беріппін...

- Сорға түсіп жазылдың ба?

- Сордың өзі ем болды-ау!- дегендерге де әзілмне жауап айтатын:

- Несін айтасыңдар, мен баяғыдан күншуақтап, құс мамықта, мамырлай рақат тапқан жанмын ба! Сондай сордан, соққыдан жол табам деген жансебіл емеспін бе?!- дейтін.[7]

Сонымен Мұхтар ата бізге көлдің атын да, табиғи қасиетін де айтып берді. 1980 жылдары обдыстық баспасөздерге көл батпағының емдік қасиетін кеңінен жазып, емдеу орындарын ашу туралы ұсныстар жасалды да, іс басталған жоқ. Қасқабұлақ ауылы тұрғындарының көне көздер іқазі де жел науқастарын емдеп жүреді. Атамның айтуы бойынша жел науқас болып ауыратындар көл жиегіне үй тігіп кеп, осы көлдің сор батпағына түсіп жазылғандар болған дейді. Қазіргі қияқ мол шыққан көп апандар – сайдағы құдықтар мен жұрт орны екен.Табиғаттың жомарт кезінде, суы мол кезінде тұтасып жатып, кейінде бөлінгендей бұрынғы көл орны көрініп тұрады. Өбі сорға шығатын өсімдіктер.

2.3.Бөрілі

 

Бөрілі- ел құлағына қанықты, қазақ ұғымының сөз төркіні  бойынша«бөрісі мен қасқыры қалың, қарағаны көп өскен өңір, қойнау», - деген ұғымды білдіреді.

Ендігі бір негізгі сөз төркінінде«бөрі» сөзінің тотэмдік этномологиямен төркіндестікті танытады.

Бөрілі мекені – Сарыадыр даласының даңқа бөленген бөлігі Шыңғыстаудың бауыры деп аталады. Шыңғыстау төрт бөліктен тұрады. Алғышқысы- Шыңғыстаудың басындағы жайлау тау. Олар – Бақанас, Ақшатау Шақпақ, Көксеңгір, Керегетас, Шалқар, Кеңқоныс, Сарыкөл, Пұшпантай, Барлыбай, Бұғылы, Машан таулары, өзенді алқаптары. Бұл қоныстар Бөріліден 160-180 км қашықтықта. Шыңғыстаудың екінші бөлігі -  таудың қыр арқа шың – құзы. Бұл Арғын тайпасының Белгілі руы –Тобықты елінің қысқы мекені, қарақонысы. Үшінші бөлігі – Шыңғыстаудың шығыс бауырында бір тізбекте 35-40 км Қыдыр, Борлы, Шұнай, Доғалаң, Орда, Боқай, Архат таулары. Төртінші бөлігі – бауыр таулар деп аталады. Оған – Ақшокы, Қорық, Шолпан Сарыадыр, Шолақтерек,Молалысу, Миялы, Тышқан, Байғабыл адырлары.

Бөрілі- жер өңірі және елді мекенінің байырғы атаулар аты. XІX ғасырдың соңғы ширегінен бері Абай мен Әуез арасындағы келісім ұйғарыммен Әуез әулетіне қараған, Шыңғыстан көшіп келіп орналасқан, қора салынып орныққан. -деп көрсетеді Бекен Исабаев «Ұлылар мекені» атты еңбегінде.

Бөрілі өңірінің табиғат райы, қыртыс- қатпары, әуе, жүз реңкі, өсімдік, жануарлар дүниесі Мұхтар Әуезовтың «Көксерек», «Қыр әңгімелері», «Абай жолы», мақалалары мен сөйлеген сөздерінде көп орын алып, көп суреттелген.

«Қараадырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар, жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан... Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар» деп көрсетеді М.Әуезов «Көксерек» әңгімесінде. [9]

Бөрілі - Абай заманынан бері Әуез әулетінің ата қонысы. М.Әуезовтың кіндік қаны тамған жер. Абай әулетінің өмір тағдырына да куә болған шежірелі мекен.

Мұхтар Әуезовтің 80 жылдық мерекесіне орай 1977 жылы ескі қыстау, күйдірілген  ақ кірпіштен қайта салынып, кең шар бөлімшесінің кеңсесі, кітапхана орыны боп, 1987 жылы М.Әуезовтің  90 жылдығы мерекесіне толық жөнделіп 27 қыркүйек ресми түрде мұражай болып ашылды.

Бөрілінің жер бедері: жазық, қыратты төбелер болып келеді. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, малға жайлы өлке. Қыста қар қалың жауатындықтан жолды, жерді қар басып қалады. Климаты – қоңыржай.     

Өсімдіктерденқараған, тобылғы, итмұрын қалың өседі. Қой малы жейтін жусан,көде сол  жердің негізгі өсімдіктері.

 

2.4. Шолпан-Сарыадыр

 

Шолпан-Сарыадыр – жоталары осы өңірдегі өзендері тектес адырлардан іш-тысынан ағып шығып жатқан су көздерімен ерекше десек, сол су көздері бірөңкей мөлдір бұлақтар болып келеді. Бұлақ болғанда ту тереңінен жоғарыға шапшып бұрқырай шығып жататын көп қасқабұлақтар.

Шолпан, Сарыадыр жоталары шығыс оңтүстіктен батысқа қарай созыла, бір-бірімен ұштаса біткен, көлденеңі енді емес, жота үстімен жүргенде екі қапталынан көзден таса қалтарыстары қалмайды. Осы екі адырдың сай, жыра, жатаған бұлақ төбелерінен мөлдір сулыалты бұлақ ағып шығады. Оның бірі-Шолпан бұлағы. Ал қалғаны бес бұлақтың бәрі Қасқабұлақ деп аталады. Бес Қасқабұлақтың Шолпан жақ шеткісі- Ызғұтты Қасқабұлағы деп аталады.[4]

«Шолпан» аталу себебін ауылдағы үлкен адамдар былай дейді: «Қасқабұлақта Өтепбайұлы Нұғыман деген ата тұрыпты. Сол атаның айтуы бойынша «Шолпан – менің әкемнің туған қарындасының есімі. Ол марқұм тоғыз-он жас шамасында қара шешектен өлген екен. 1860 жылдар осы маңнан ығыстырылған Уақтар қол құрап кеп тобықтының шеткі ауылдарын шауыпты. Өзге ауылдар жаугершіліктен ығысып Ақшоқыға көшкенде біздің ауыл Шолпан қыз нашар жатып көше алмай, сайға малын матап тастап, тығыла қонып отырпты. Жау көзіне ештеңе көрінбеген соң көшкен елдің соңынан қуып кетіпті. Сөйтіп біз аман қалыппыз. Қайтыс болған Шолпанды сол жерге жерлеп басына ат бесік сандықша тұрғызылған. Жотаның шығыс бауырында мол сулы бұлақ бар. Бұлақ та, жер де Шолпан қыз есіммен аталады.»деп айтады екен.» Мен де ол жерде болып ат бесік орынын көрдім.

 

2.5. Ақшоқы

 

Ақшоқы- ел мен ердің құтты мекені, тарихи бай жер.Ақшоқы - ұлы ақын Абай мекені.Кең жазықта онша биік емес шоқы-шоқы таулар алыстан ағарып көрінеді. Сондықтан бұл жерлерді халық «Ақшоқы» деп атап кеткен. 1912 жылы Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» қиссасында айтылғандай  Ақшоқы тауының жеке биігі үшеу. Олар: Шекті Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы, Кіші Ақшоқы деп аталады. Ақшоқы тауы оңтүстіктен солтүстікке созыла біткен. Оңтүстік шеткісі-Шеткі Ақшоқы. Кейде жұрт оны Ақмағамбеттің Ақшоқысы деп те атайды. Ақмағамбет -Абай туысқандарының бірі. Өскенбайдың өртоқалы Таңшолпаннан Шұбар,Елеусіз,Тілеуберді. Ақмағамбет - сол Шұбардың баласы.Ақмағамбеттің жалғыз баласы Ақкенже 1917 жылдың маусым айының 7 жұлдызында Абай-Әйгерім үйінде Ойқұдықта қойылған. Мұхтардың«Еңілік-Кебек» пьесасында Кебек ролінде алғаш ойнаған адам. Өз ортасында мінезділігімен, мырзалығымен аты шыққан аяулы азамат.

Шеткі Ақшоқы мен үлкен Ақшоқы жақ бетінде аумағы ескі қораның орны және көгалды бұлақ бар. Бұлақ Ырғызбай ұрпақтарының бірі- Есіркептікі. «Есіркеп бұлағы» деп аталады.

   Кіші Ақшоқыда Абайдың ұлы Абдрахманның сүйегін 1885жылы Алматыдан әкелгенде қарсы алады. Абайдың Әбдірахманмен зарлы қоштасу болған орында бүгінде бір түп ши өсіп тұр. Мағауияда осы кіші Ақшоқы да дүние салған.

   Үлкен Ақшокы – 1860 жылдан бастап Абайға мекен болған. Қыстау қорының алғашқысы осы Абай, Ысқақ қорасы. Қазірде Ақшоқының Құнанбай мен Кәкітай бейітінен жоғарғы сай түпкірінде сол кезде салынған Абай қорасының ірге тасы жатыр. Онда Абай мен Ділданың тұңғышы  Ақылбай туған. Үлкен Ақшоқыны Ысқақ мекен етеді де,Абай көп ұзамай, кіші Ақшоқыға ауысып кетеді.

Ақшоқыда ақын өмірінің көбі өткен жер. Ақшоқы-ұлы Абай мекені.

Ұлы Абайдың Ақшоқыны мекен еткенін: «Ақшоқының жақын сайларынан анда – санда үн қатып көкек шақырады. Таласа, жарыса білінген изен, жусан, жас бетеге иістері де күншуақты салқын сәскенің қошлебіндей. Жақын жердегі адырға қарай шеттей ұшқан топ үйректердің сыпсың қанат қағыстары естіледі. Ұяны сай-тастан, інді-моладан салып ап жұп-жұбайлы күндерге жаңа ауысқан сарыала қаз, итала қаздар үн салып өтеді. Абай кітабын оқи отыра, даланың кей дыбыс, иістерін үстірт қана сезінсе, кейде қатар ойды жаңағыдай ойлай да отыр.» - деп жазады М.Әуезов «Абай жолы» романында [6]

Ақшоқының сыртқы етегі мен Буратиген төбелерінің ұштасқан жапсары кілт түсетін ой. Осы ойдың кіші Ақшоқы сыртынан көлгешекті ирім-ирім қақ, үйірілген көк шалғынды тұма, бұлақтарға толы. Сондықтан бұл қоныс аса құнарлы. Құнарлы дейтіні көкпек, қара жусан, бидайық, бетеге, жауылша, шалғын аталатын шөптер жетіп артылады. Кезінде оны Құнанбай ұрпақтары бөліп – жармай пайдаланып, көктемде және қыстауға көшкенде Абай қонатын көк үйірімнің өз басын бос қояды екен.

Кіші Ақшоқының батыс шетінде үлкен биік тас және ақ силикат кірпіштен қаланған зираттар көрінеді. Зират – Құнанбай Өскенбайұлының қабірстаны. Өйткені зиратта қажының өз ұрпақтары жерленген. Кіші Ақшоқының оң жағына қарай ескі күл қора орны, мүжілген тастар кездеседі. Бұл Ысқақ әулетінің қыстау орны екен.

Бұл күнде Ақшоқы елді мекенінде 5-6 үй мекендейді. Олар өздерінің жеке меншік малдарын өсіріп жатыр.

 

2.6.Тесіпшыққан

 

Тесіпшыққан- суы жер бетіне шып-шып шығып жататын жер.Қол созымдай жерде өркеш-өркеш жарық, шымды жайылма су кезігеді. Осы маңның Тесіпшыққан атын алуы содан. Тесіпшыққанның түстігене қарай шөп реңі қыр тартып, жер беті дөңестене түседі. Тек Шолпан жотасына қарай бере ой түсіп, көгалды қорық, пішендік болып кетеді. Бұл алқапты Құнанбай қорығы атандырып жүрген жерлер кіші Ақшоқыдағы Бидайық қағынан,оның қарсысындағы Қоянды,Ойқұдық Сарыбас,Атан,Серікжан қоныстары болады. Ойқұдық, Қашқынбай, Тесіпшыққанда су келмеген жылдары да қалыпты шөп өсе береді. 

Тесіпшыққанның басқа қорықтардан ерекшелігі таза шалғын өседі. Шеңгел секілді тікенекті бұталар мұнда кездеспейді. Абайдың немере інісі Кәкітай кіші әйелі Бибімен Тесіпшыққанға қыстақ салдырып, өмірінің көбін сонда өткізген. Оны бұрын «Бибі қорасы» деп атаса, кейін «Бойдақ қой» деп те аталған.Қасқабұлақта көп жылдар ферма меңгеруші болып істеген нағашы атам Сапақбаев Мейраштың айтуынша: « Бойдақ қой деп атау- қыста саулықты Ақшоқыда ұстап, бойдақты осында қыстатқандықтан екен.Кіші Ақшоқыға барар жол үстінде қалың ши ортасындағы құлаған қора орны – сол Бибі қорасы»- деп көрсетті атам.Қазіргі кезеңде мұнда ешкім тұрмайды.Бұл жер Құнанбай балаларынан бұрын Уақ руының Байқадам,Сапақ дегендердің жері болыпты.Ол туралы мәліметті Б.Исабаевтың «Ұлылар мекенінен де» оқыдым. Тесіпшыққан өлкесінде қыс қатты, кар қалың болады. Сондықтан жұрт бұл жерге мекендемей малға пішен шапқызу үшін пайдаланады.[4]

 

2.7. Шаңтимес

 

Шаңтимес- қазіргі Еңілік Кебек ескерткіші тұрған жер. Ескерткіш кең жазықтың оңтүстік шетіндегі төбеде тұр. Бұл жазық мол пішендік. Түстігінен Ащысу өзенінің жары өтеді. Тасыған жылдары бүкіл жазыққа жайылып, қалың көк шалғын өседі. Мұндай шалқар нуға шаң қайдан жетсін. Өлкенің ертедегі атын халық ұмытпай, түстігіндегі жалғыз биікті әлі күнге дейін «Шаңтимес» деп атайды.

Ол төбені Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында  «Ералы жазығындағы Кішкене төбе» дейді. Қазақ энциклопедиясында «Шұбар төбе» деп жазылған.

1780 жылдар шамасында қос ғашық Еңілік пен Кебек Қаражартастан қашып, Тобықтылар отырған Жидебайға жақын Кіші Орданың басындағы Үйтасқа, киіз үй тәріздес дөңгелене қуысталып біткен тасқа келіп тығылады. Қос мұңылық Үйтасты мекен етіп жүріп бала сүйеді. Ақыры зорлық күшпен, қаскөй топ Еңілік пен Кебекті Үйтасқа қамалап ұстап, Ақшоқы басынан ат құйрығына байлап өлтірген. Еңлік-Кебек ескерткіші тұрған төбенің батысында белдеу жота бар. Оны Семей-Қарауыл күре жолы кесіп өтеді.«Халық осы жотаны Абай заманында «сарттың арқалығы» деп атаған екен. Ол кезде саудагер өзбектер келіп қоныстанған. Олар қазақ жерін уақытша пайдалануға алып, киіз үй тігіп, керуен тартатын күш көлікке азық дайындаумен қоса мол пішенге мал бордақылап, Семей, Аягөз базарына шығарып отырған. Сол сарттар ұрпағының біраз отбасы Арқат ауылында өсіп-өнуде»,-деп жазады Бекен Исабаев «Ұлылар мекенінде» [1]

Жаз бойы шөбі қалың, жап-жасыл боп өсіп тұратындықтан ауыл малдары қораларға қайтпай, осы жерді жайлайды екен. Малға қыстық азықты Шаңтимес бойынан жинап алады. Жері жазық, көктемде су жайылып кететіндіктен халық мекендеуге қолайсыз, алайда мал шаруашылығына пайдасы зор жер.Биылғы жылы саяхатшыларға арналған қонақ үй, шайхана салынып, Шаңтиместің көркін ашып тұр.

 

2.8. Ералы жазығы

 

Ералы жазығы- Ералы жазығы ұзындығы-50 , ені-20 шақырымдық пішендік, жайылымдық болып, шөбі шүйгін, малға тойын, берекелі қоныс болып есептеледі. Көктемде Ащысу мол жайылғандықтан шөбі балауса, балғын боп мол өседі. Қосаяқ, саршұнақ, қарсақ, түлкі сияқты аңдар мекендейді. Ол жерді Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында былай суреттейді: «Ұзындығы тай шаптырымдай өлке бойына он бестей ауыл қоныпты. Әр ауылдың тұсында қой-қозысы, сиыр-түйесі, мол жылқылары шұбырады. Ең сулы көк шалғында әдемі көктемдік соныда мал атаулы тыныш рақат тапқандай. Өріс жайылыста жүрген малдай көп қозғалып, бытырап шашырамайды. Қалың көктің арасында тұмсығы тиген жерде көк майса жас шалғында қадалып жабысып қалғандай. Оспан мен Дарқан қорық бойындағы мал жайын көктемнен бері күнде бағып жүрген тәжірибелері бойынша тез таныды.

-Мал жарықтық жер қадірін адамнан артық біледі-ау. Қорықтың сонысына кенедей қадалып, жабысып қапты. Қыбыр етпейді ғой!-деп Дарқан өз байлауын топшылағанда, Оспан да мал ажарына сүйсіне түсті.». [5]

Жазықта өсетін өсімдіктері мен климаты жайлы ұлы жазушы романында дәл бейнелеген: «Ұзарып өскен сары селеу оңынан соққан баяу жел астында тынымсыз қозғалады. Күміс толқын бетіндей боп кейде жылтырай түсіп, болымсыз жыбыр қағады. Күз тақау болғандықтан бетеге бурыл, көде сарғыш. Көктемде жасыл желек көк шашақ атқан сасыр, қурай да қазір қызара сарғайған.[6]

Ералы жазығы ен дала болғандықтан, дауыл қатты болады екен.

 «Жасы Өскенбайдан он жастай кіші Кеңгірбай бидің баласы.Кеңгірбай тобықты руын билеуді өз баласының біріне бермей,Өскенбайға бергені анық десек, өз руластарының жығасы жығылмауына, бүкіл өмірін арнаған сұңғыла бидің Ералыға көңілі толмағаны ақиқат болып шығады.Ералы көп жасап өлген адам.Ол дүние саларында 1864жылы туыс,бала-шағасымен соңғы арыз-хошында өзі жерленген төбені нұсқап , «Ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдерме,ана төбеге жерлеңдер» –деп өсиет еткен екен.Бұдан қарт бидің өлген соң ,өз туыстарына моласымен  де қызмет етпек болғаны байқалады. Содан бері бұл өлке Ералы жазығы, Ералы қорығы деп аталады» деп жазады Бекен ата «Ұлылар мекенінде».[1]

Жергілікті жұрт ол жерді «Атам басы» деп те атайды екен. Ел арасында Ералы бабаны киелі адам деп есептейді. Жол бойынан өткенде арнайы тоқтап, құран бағыштамаса апатқа ұшырайды деген ұғым қалыптасқан. Ералы би жатқан төбе – бүкіл жазық ортасындағы жапа-жалғыз төбе. Бүгінде Ералы әулие орыны әруағына тәуіп етуші мұсылмандардың киелі орнының бірі саналады.

2.9.Таймақ

 

Таймақ-көл аты.Бүгінде суы тартылған. Аумағы құнан шақырымдай. Көлтабаны құмдақ, суы тұщы.Қазірде ылғал мол жылдары көл орнына су жиналады. Таймақ -Мамай батырдың Еламан деген баласының туған немересі. Көл сол кісінің атымен аталған екен. Бұл атыраптағы көлдер Шыңғыстың өзге өлкесінде мол ұшырасқанымен, мал ішуге жарамсыз, тұзды келеді.Абай тұсында Таймақ көлге талас қатты өршіген. Мамай руының Үзікбай Бөрібаев деген адамы осы көл туралы Абайды өмір бойы жалалап, арызданған екен.

 

 

 

2.10.Ащысу өзені

 

Ащысу өзені-Семей облысының Аягөз,Абай,Жаңасемей аудандарының жерінен өтетін өзен.Ертіс алабындағы Шаған өзенінің оң саласы.Қарашаның басында қатып ,наурыздың аяғында ,көкектің басында мұзы түседі. Ащысу өзені егін суаруға және мал жайылымдарына суландыруға ,ал Ащысу алабы шабындыққа, мал жайылымына пайдаланылады.

Көктемде Ащысу өзенінің суы молайып тасығанда, Құнанбай қорығы деп аталатын Ералы жазығы,Тесіпшыққан, Шаңтимес, Ызғұтты, Шолпан, Ақшоқы, Бойдақ қой, Жұпар қорықтарына дейін жайылады. Сол себептен бұл жерлердің шөбі шүйгін, көк майсалы.Қасқабұлақ аулының халқы балауса,балғын кезінде шауып алып, қыста малға азық етеді.

«Абай жолы» романында Ащысуға қатысты жерлер көптеп кездеседі. Мысалы, «...Көп жетіліп, жаз жадырап шыққанша қыстаудан ұзамай, Жидебай мен Шыңғыста қалған Құнанбай ауылдары енді көшіп келіп көктем кезін осы Ақшоқының алдындағы кең шалғынды, мол сулы Қорық бойында, Ащысу өлкесінде өткізбекші». [7] «Осы күндерде Қорықтағы ауылдардан он бес шақырымдай жерде, мидай жазық, салқын қоныс Ащысу өзенінің бойында бір әбігер хал болып жатыр.Ол тұста отырған Ырғызбай, Бөкенші, Жігітек,Көтібақ рулары.Қазір осы ел үстіне сайлау келді.» -деп жазады жазушы.

1888жылы Ащысу өзені бойында Абай«Желсіз түнде жарық ай»деп аталатын өлеңін жазып ,Ащысуды « Ауылдың жаны терең сай,тасыған өзен гүрілдеп»- деп суреттеп ,осы өлеңге ғашықтыққа толы сырлы сазды өлеңін жазған.Ұлы жазушы оны былай суреттейді: «Ащысуда туған өлең мен ән, сан-салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып таралып жатты.Алуан сырлы жаңа ән Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең тарады.» [6]

Ащысу өзені әлі де мол суымен Абай еліне пайдасын тигізуде.Шаған өзенінің тоғаны ашылған кездерінде Ащысуға балықтар да келетін көрінеді.Сол кездерде мал шаруашылығымен ғана айналысатын жергілікті жұрт балық аулап, рақатқа батады екен.Ащысу бойын ел шабындық ретінде пайдаланады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

Қорытындылай келгенде,   жер-су, елді-мекен  атауы-халқымыздың  өткендегі  тарихы, ата-бабаларымыздың  сан  ғасырлар  бойы  қалыптастырған  бай  тәжірибесінің  жемісі. Қазақ фольклортану ғылымында мекендік аңыздар зерттеулерге негіз болып, оған қатысты құнды пікірлер айтылса да, күні бүгінге дейін соншалықты мол қазыналарымыз басқа да фольклорлық шығармаларымыз секілді арнайы жинақтар болып баспа жүзін көргенмен, олар соншалықты көп емес. Менікі сол жолдағы талпыныс. Сондықтан  да  асыл-қазынамызды  сақтап  қалу  үшін менің айтар  ұсыныстарым  мынандай:

1.Жер-су аңыздарына байланысты басылымдарды  көбейту.

2. «Шығыс  Қазақстан жерінің  шежіресі» атты  үлкен мұражай  ашу. Онда   Шығыс Қазақстандағы барлық   әсем де, киелі жерлерінің аңыздары мен тарихы туралы  толық  мәлімет ала  алатындай  болу.

3.Ақпарат  құралдарында аңыздар,әпсана-хикаяттар көп  айтылып, халықты  қызықтыру  үшін қызықты  оқиғаларды теледидардан бейне кино  ретінде көрсетсе.

4.Саяхаттық  маршрутта  әрбір  жолаушы   барып  демалған  жерінің  аталу   себебінің тарихын білсе.

5.2-3 аптада  бір  рет болсын аңыздарды  жақсы  білетін үлкен  ата-апаларымыз,жоғарғы  оқу орнының зерттеушілері мектептегі  оқушыларға мағлұмат  беру  мақсатында дөңгелек  үстелдер  өткізіп  отырса.

Тарихтың топонимика саласымен айналысып жүрген ғалымдарымыз бұл пікірді тереңірек зерттесе нұр үстіне нұр болар еді.Өлке топонимдерін жаппай жинап, ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңыздылығы мектеп оқушылары мен қалың көпшіліктің туған жер туралы білім дәрежесін арттыруға да қажет. Жер-су атауларын жинау, олардың шығу, пайда болу себебін анықтау, әрбір атаудың мән-мағынасын ашу, әсіресе, жастардың туған өлкеге деген ыстық ынта, патриоттық сезімін күшейтпек.

Кіндік  қанымыз  тамып, туып өскен жеріміздің шежіресін болашақ ұрпаққа үйретіп,оны әрқашан есімізде сақтау -жас ұрпақтың міндеті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Бекен Исабаев «Ұлылар мекені» Новосибирк. 2001

2.     Гүлзат Тәңірберген «Мұхтартанудың кейбір мәселелері» Астана 2013

3.     Е.Койчубаев «Краткий толковый соварь топонимов Казахстана» Алма-Ата-1974

4.     Зейнолла Қайсенов. “Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері” Алматы, 2012

5.     М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопея. 12 томдық шығармалар жинағының І томы. Алматы «Жазушы» 2007

6.     М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопея. 12 томдық шығармалар жинағының ІІ томы. Алматы «Жазушы» 2007

7.     М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопея. 12 томдық шығармалар жинағының ІІІ томы. Алматы «Жазушы» 2007

8.     М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопея. 12 томдық шығармалар жинағының ІV томы. Алматы «Жазушы» 2007

9.     М.Әуезов «Қорғансыздың күн». Алматы «Атамұра» 2002

10. М.Ә.Ысқақова  «Ұлы Абайға адалдық» Семей. 2002

11. Сапаров К.Т. Географические основы формирования и развития топонимов Казахстана (на примере восточного, северо-восточного регионов). Автореф. дисс. докт. географ.наук. – Алматы, 2010.

12. Шығыс Қазақстанның мәдени мұралары:(тарих , мәдениет, білім). – Өскемен : С.Аманжолов ат. ШҚТУ баспасы, 2006.

13. Ф.Р. Аметжанова, А.Ә. Әлімхан Қазақ шығысының жер-су атаулары. – Өскемен : ШҚТУ баспасы, 2000.

14. http://wiki.iteach.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аңдатпа

 

      Мұғалімнің "Қасқабұлақ өңіріндегі "Абай жолына" қатысты жер-су атауларының шығу тарихы"деген тақырыпта жазылған ғылыми жұмысы 3 бөлімнен 10 тараудан тұрады.

   Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, Қасқабұлақ өңіріне қатысты жер-су атауларының шығу тарихы, географиялық орналасуы,өсімдіктері, оның мал шаруашылығына пайдасы ретінде қарастырылуы,жергілікті жұрт пайдасын білгенмен халықтың денсаулығына шипалы жерлердің әлі де пайдаға жаратылмай жатқаны туралы мағлұмат берілген.

   Негізгі бөлімінде Қасқабұлақ елді мекенінің, Шолпан, Шаңтимес, Тесіпшыққан, Ащы көл, Ойқұдық, Бөрілі, Ералы жазығы, Ақшоқы, Таймақ көлінің жер – су атауларының топонимикалық аталу себептеріне жеке-жеке тоқталып, талдау жасалынып, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, климат ерекшелігі нақты ашылған.

   Ғылыми жұмыста жазушы көркем шығармаларындағы топонимикалық аталымдарды негізге ала отырып салыстырмалы  талдау жасап, тұжырымдаған.

         Мұғалім ғылыми жұмысында жергілкті жер-су атауларының шығу  тарихын өлкетану саласына қосқан үлесін ашып зерттеген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аннотация

 

         Научная работа учащегося «Этимология названий водоемов и земель в окрестностях Каскабулака используемых в романе «Путь Абая» состоит из 3 частей 10 глав.

         В вводной части научной работы подчеркнута актуальность темы, даны сведения об истории возникновения названий водоемов и земель в окрестностях легендарного Каскабулака, флоры-важнейшего элемента животноводства, также указаны уникальные целебные свойства растений и местности.

         В основной части широко раскрыты и сделан анализ особенностей климата, флоры и фауны, выполнен индивидуальный разбор причин возникновениятопономических названий озера Таймак, равнины Ералы, местности Акшокы, исторических памятных мест Шолпан, Шантимес, Тесипшыккан, Ащыколь, Ойкудык, Борли.

         В научной работе большое внимание было уделено сравнительному анализу настоящих названий местностейтопонимическим названиям,   которые использовал автор в своем художественном произведении «Путь Абая».

         Учащейся в данной научной работе провел исследование и раскрыл тему краеведение.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аbstract

      Teacher "Kaskabulak region," Abai's Way "in relation to the history of the land and water titles" in Chapter 10, section 3 of the scientific work on the subject.

   The relevance of the topic in the introduction, the Kaskabulak land and water in the region of origin of the names of geographical location, vegetation, animal husbandry benefit of the local people know the benefits of the health of the population considered to be given information about the therapeutic areas are still utilized.

   Kaskabulak in the village of Cholpon, ŞhantimesTesipsıqqan, Bitter Lake, Oyqudıq of Burlinsk, Iliynskoye plain, Aqsoqı, half of the water of the lake bearing the names of place names noted separately analyzed the causes of flora and fauna, climate feature real opening .

   Scientific names based on the names of the works of art of writing, comparative analysis, and formulated.

   Disclose the teacher’s contribution to local history research.

 

Просмотрено: 0%
Просмотрено: 0%
Скачать материал
Скачать материал "Ғылыми жоба. Зерттеу тақырыбы: "Қасқабұлақ өңіріндегі "Абай жолы" романына қатысты жер-су атауларының шығу тарихы""

Методические разработки к Вашему уроку:

Получите новую специальность за 3 месяца

Специалист по работе с молодежью

Получите профессию

HR-менеджер

за 6 месяцев

Пройти курс

Рабочие листы
к вашим урокам

Скачать

Скачать материал

Найдите материал к любому уроку, указав свой предмет (категорию), класс, учебник и тему:

6 665 082 материала в базе

Скачать материал

Вам будут интересны эти курсы:

Оставьте свой комментарий

Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.

  • Скачать материал
    • 13.02.2017 3716
    • DOCX 569.2 кбайт
    • 29 скачиваний
    • Оцените материал:
  • Настоящий материал опубликован пользователем Ахметова Меруерт Серикжановна. Инфоурок является информационным посредником и предоставляет пользователям возможность размещать на сайте методические материалы. Всю ответственность за опубликованные материалы, содержащиеся в них сведения, а также за соблюдение авторских прав несут пользователи, загрузившие материал на сайт

    Если Вы считаете, что материал нарушает авторские права либо по каким-то другим причинам должен быть удален с сайта, Вы можете оставить жалобу на материал.

    Удалить материал
  • Автор материала

    Ахметова Меруерт Серикжановна
    Ахметова Меруерт Серикжановна
    • На сайте: 8 лет и 9 месяцев
    • Подписчики: 1
    • Всего просмотров: 30164
    • Всего материалов: 17

Ваша скидка на курсы

40%
Скидка для нового слушателя. Войдите на сайт, чтобы применить скидку к любому курсу
Курсы со скидкой