Добавить материал и получить бесплатное свидетельство о публикации в СМИ
Эл. №ФС77-60625 от 20.01.2015
Инфоурок / Технология / Другие методич. материалы / Қонақ күту дәстүрі. Сыныптан тыс жұмыс.

Қонақ күту дәстүрі. Сыныптан тыс жұмыс.

  • Технология

Поделитесь материалом с коллегами:

Тақырыбы: «Қазақтың қонақ күту дәстүрі»

Мақсаты: Адам өмірінің алтын бесігі қазақ халқының салт-дәстүрі арқылы оқушыларды әдептілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа, ізеттілікке, қонақжайлылыққа, білімділікке баулу, тәрбиелеу.

Міндеті: Сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді, әдет ғұрыпты жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани таза, білімді жеке тұлға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер:

  1. Қанатты сөздер жазылған плакаттар.

  2. Магнитофон (күйлер)

  3. Оқушылар ұлттық киімдер киеді.

  4. Құрақ көрпеше, жастық жайылады.

  5. Буклеттер.

Барысы:

  1. Оқушылар екіге бөлініп тұрады (үнтаспада күй ойналып тұрады)

  2. Әдеби монтаж.

  3. Қазақтың қонақ күту дәстүрі.

  4. Әндер орындалады.

  5. «Бабамнан қалған асыл сөз» (көрініс)

  6. Қорытындылау.

Әдебиеттер:

«Бабамнан саған не қалған» (Балауса 2002)

Ұлттық сәнді киім киген оқушылар екіге бөлініп тұрады.

- 1-оқушы:

Жиналыппыз сәтті күні бәріміз,

Үлкен-кіші жасымыз бен кәріміз.

Төрлетіңдер, қадірменді қонақтар,

Гүл жайнаған міне, сізге төріміз!

- 2-оқушы:

Жаңарғаны сананың, ұмытады мұны кім?

Ата салтын бабамның, алып келеді осы күн.

- 3-оқушы:

Ата салты – ардақты, әр-бір сөзі салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң, тістерсің бір күн бармақты.

- 4-оқушы:

Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария.

Көп өнеге сөзі бар, сөзі-соқпақ, өзі-нәр

- 5-оқушы:

Атаң болса анаңменен, алтыннан соққан қорғаның.

Ағаң болса ақылды, ешкімнен кем болмадың.

Інің болса жан ашыр, семсер қылыш білегің.

Ақылды қыз, ақылды ұл, өкпе-бауыр, жүрегің.

- 6-оқушы:

Бауырласқан тәніміз, бұзылмаған антымыз.

Кең даланың ежелгі, қазақ дейтін халқымыз.

Өзге ұлттай біздің де, бар дәстүр мен салтымыз.

- 7-оқушы:

Туған соң адам болып, білімсізден жаман жоқ,

Ел дәстүрін білмесең, жұрт айтады «надан»-деп.

Ата-бабаң ардақты, жамандыққа бармапты,

Ардай тұтып үлкенді, ата жолын жалғапты.

Қазақтың қонақ күту дәстүрі.


1-оқушы: Қазақтың көнеден келе жатқан игілікті дәстүрінің бірі – қонақжайлылық. Халқымыздың көшпелі тұрмысына бұл рәсімнің қалыптасуын көне – көз қариялар Алаша ханның атымен байланыстырады. «Қартайған шағында үш баласы бар Алаша хан,барша мал мүлкін теңдей төрт бөлікке бөліп, төртінші еншіні «Бір-біріңе қонақ болып түскенде, сойып берер сыбаға болсын» - деп, балаларының ортақ меншігіне қалдырыпты.». күні бүгінге дейін айтылатын: «Қонақ асы – қазақтың бөлінбеген асы», «Қонағасы – тәңір ақысы», «Қонақ ризығын – тәңір жегізер»-деген аталы сөздер, сол бір заманның жемісі болса керек.

2-оқушы: -Міне сол кезден қанына сіңген әдет бойынша, Ата-бабамыз қонақ келсе: «Қонақ келсе – құт келеді», «Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі – Уәли», «Қонақ есіктен кірсе – ырыс тесіктен кіреді» - деп, қатты қуанып, ақысыз-пұлсыз қонағасын беріп, аттандырып салады.

3-оқушы: -Ел ішінде қонақ болу мен қонақ күтудің қалыптасқан дәстүрлді тәртібі бар.

Ертеректе, шежірелі ақсақалы бар өнегелі ауылдардың тұсында меймандар үшін алыстан көрінетін «қарақшы төбе» болған. Немесе адам тұлғалы қарақшы орнатылған, түйе жайылып жүрген. Осындай белгісі бар ауылға «ұры түсіп, қасқыр шаппайды» - деген де ұғым бар.

4-оқушы: Халықтың әдеп бойынша, қазақ ауылына жолаушы ешқашан атыменен баса-көктеп кірмеген. Ауыл шетіне іліге атынан түсіп, танысы болса, түсер үйінің ту сыртынан «Үйде кім бар, сыртқа шықсын!» - деп дауыс береді. Егер бейтаныс болса, онда атынан түскен бойда, ауылға бетін беріп, жерге жүрелеп отырады. Сонда ол кісіні ауылдың ақсақалы қарсы алады.

5-оқушы: -Кештетіп келген қонақ «Кеш жарық» - деп, сәлем беріп кіреді. Ал түнде жүрген жүргінші болса, «Құдайы қонақпыз, есікті аш» - деп, сырттан дауыс береді. Жолаушы табалдырықтан аттап кірген соң: «Ассалаумағалейкум» - деп, үй ішіндегілерге сәлем береді. Отағасы болса «Уағалейкүм, ассалам, сәлемші болсаң төрге шық!» - деп, қонағын төрге шығарады. Егер отағасы жоқ болса, жүргінші астан дәм татып болған соң, түнемеге басқа үй іздейді. Ауылға түсте келген қонақ болса, осы маңда жүргенін білдіріп, қамшысын төрге іліп кетеді.

6-оқушы: Халық арасында қонақты қарсы алуға байланысты қалыптасқан мынандай ырым бар: Адал ниет, ақ көңілмен келгенін білдіру үшін, қонақтар үйге кірмес бұрын: найза, сойыл, шоқпарын дөдеге іледі. Қару-жарағын сыртта қалдырып, қамшысын бүктеп ұстаған күйі үйге кіреді. Себебі, қамшы жүрген жерде, жын-шайтан жүрмейді.

7-оқушы: «Қонақпен еріп құт кіреді» - деген сенім бойынша, қонағын өзі кіргізеді. Ал шығарып саларда үй иесісі есігін қонаққа ашқызады. Себебі, үй иесісі есігін өзі ашса, онда қонағын қуғанмен бірдей болып саналады. Қонақтың құрт шайнап кіргені жаман ырым да, ал ірімшік шайнап шыққаны жақсы ырымға жатады. Қазақ халқының қонақты қалай қарсы алып, қалай құрметтеу керектігін мынандай өлең жолдарымен білдірген.

8-оқушы:

Сырттан келген мейманға, сәлем беріп қол алсаң-

Бірінші еткен құрметің, «түсіңіз» деп, түс беріп,

Шылбырына оралсаң, екінші еткен құрметің,

Есік ашып, енгізіп, көрпе төсеп, құп алсаң,

Үшінші еткен құрметің, мейман ырза болмағы,

Құрметпен үйге қонғаны, кешіктірмей шай берсең,

Ұмыт болар тоңғаны, тысқа шықса қария,

Қолында болсын құмғаны, ірікпесең барыңды,

Қонақ жайлық, сол – дағы.

9-оқушы:

«Жүздің түсін білгенше,бірдің атын біл!» - дегендей, үй иесісі әңгімесін аты-жөн, ел-жұртын сұрасып, танысудан бастайды.


Хор. «Той әні» муз. Ә. Алиысбаевтікі.


10-оқушы: Әдетте, жолы түскен бас қонақ қақ төрге отырады. Жолы мен жасына, атағы мен дәрежесіне сай, қалған қонақтар төр ағаның оңы мен солынан орын алады.

11-оқушы:

Қол балалар сүлгісін иықтарына салып, ілеген мен құмғандарына жылы су құйып әкеліп, төрдегі ақсақалдан бастап оңға қарай, екіншісі солға қарай қолдарына су құяды. Содан соң дастархан жайылып, табақтар рет-ретімен таратылады.

12-оқушы: -ең құрметті қонақтың алдына бас тартқанда, төрағасы «Құдайдың ырзалығына тәубең қабыл болсын, мал басыңа берекет берсін!» - деп, ниет білдіреді. Ет тураушылар әр кісінің тиесілі мүшелерін беріп, ет турап береді.

13-оқушы: -Ырымдап қыз балаға желке береді. –«Шашың ұзын болсын», - деп тілдің ұшын, «Батыр бол» - деп сүбе мен жүрек жегізеді. «Әке өліп қалады» - деп жас балаға бас ұстатпайды, «суға кетесің» - деп жұлын, «жарыңнан ажырасасың» - деп келіншектерге талақ жегізбейді. Қыз балаларға «Қартайғанша отырып қаласың» - деп кәрі жілік, «Жеңілтек боласың» - деп құйымшақ ұстатпайды.

14-оқушы: - Ет жеп сорпа ішілген соң, сол үйдің келіндері, табақтарды рет-ретімен алып, үлкендердің сарқытына сәлем жасайды.

Қариялар-«Көп жаса қарағым!»-деп, оларға батасын береді. Қол балалар қайтадан келіп, бата жасаған кісіден бастап, оңға қарай су құяды да, үлкендердің батасын алады.

15-оқушы: -Еттен соң тоқтық басу үшін қымыз әкелінеді. Әңгіме дүкеннен кейін, жұрттың сусыны қанған соң төрағасы үй иесісіне бата береді.

16-оқушы:

«Асың-асың, асыңа, берекет берсін басыңа!

Бөденедей жорғалат, қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа!, осы тұрған боз үйге,

Қыдыр ата дарысын, бәйбішесі бұл үйдің,

Он екі құрсақ көтеріп, ұл мен қызға жарысын!

Әр кезде байлық кетпесін, желіннің о шеті мен,

Бұ шетіне, оқ шаптырса, жетпесін! Аумин!


17-оқушы: -Дастархан жиналған соң ән мен күйге кезек беріледі. Ауылдың «алты ауызын» айтып, алдымен ауыл жастары бастаған, мейманнан «қонақ кәдесі» сұралады. Қонақтар ән айтып, жыр жырлап, күй тартып, қонақ кәдесін өтейді. Қонақтардың әңгімесіне әсіресе балалар үйір болады. Осыған орай қазақта «Адам болар бала-қонаққа үйір» - деген сөз де бар.

Ән «Қоғалы – ай» вокалдық топ.

Ән «Әй-әй, бөпем» халық әні.

Күй.

Көрініс: «Бабамнан қалған асыл сөз»

1. Адамның ақылы қайда?

Адамның ақылы тілінде, ата, - дейді оқушы

Ата: Жоқ балам, тіл ақылдың айнасы, ақыл істің пайдасы. Есіңде болсын, ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жағында, ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, ақымықтың ақылы кім-көрінгеннің қалтасында.

2. Адамға ақыл беретін кімдер? – деп сұрайды оқушы.

Ата: Балам, ана тілі ойды өсіреді, адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз-досы екенін ұмытпа! Ата-ана ақылын ұлы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал досы. Адал дос – ақылшың, ақылшы дос – жақының. Досы көптің- табысы көп, табысы көптің туысы көп. Достықтың көзі ақылдан басталады.

3. Дос табу оңай ма?

Апа: Өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, ал ақымақтың досы көп болғанымен, жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Естеріңде болсын, досың бала болса, өзің шала боласың.

4. Үйдегі алтын қазық кім?

Оқушы:Үйдегі алтын қазық – Ана!

Ана ақылды болса – бала дана болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі! Әке тәрбиесі – ұлға үлгі! Ана – ақылшың, әке – қамқоршың, ағаң – қорғаушың, інің – сүйенішің, қарындасың – қанатың екенін ұмытпа! Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде!

5. Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

Оқушы: Жоқты бар, ашты тоқ ететін әке деп ойлаймын.

Ата-ана! Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды. Ана үйдегі бақ, әке отыратын тақ. Ана: Айналайын әкең қанша мейірімді болса да ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін – ана ақылды болса – үйдің қуанышы, әкеңнің жұбанышы – деген бабаларымыз.

6. Арман деген не?

Апа: Арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс – ұшсам дейді, бала - өссем дейді, қыз – көрікті болсам дейді, жігіт – бақытты болсам дейді., қарт – жүзге жетсем дейді, ұстаз – шәкіртіме үлгі болсам дейді. Аранына адаспаған жетеді. Ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді.

7. Өмірде не жетім?

Оқушы: Ата-анасы жоқ бала жетім емес пе, ата?

Ата: -Дұрыс балам. Өмірде ата-анасы жоқ болса, бала тірі жетім.

Өмірде тоғыз жетім бар:

Халқына сенімсіз болса, хан жетім, ханы ақылсыз болса, халқы жетім,

Кеңесшісі ақылсыз болса, әкімжетім, суы жоқ құдық жетім,

Ұлы жоқ әке жетім, қызы жетесіз болса, шешесі жетім,

Досы жоқ болса жігіт жетім, шәкіртсіз ұстаз жетім, қарағым.

8. Бақытты болу оңай ма?

Оқушы: Ақыл басыңда болса, бақыт жаныңда болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды қызға үйлен – депті ғой аталарымыз.

9. Достықты нығайтатын не?

Оқушы: айтқандарың достық пен жолдастықты нығайтады. Шын достық тек ақылды адамға тән қасиет! Өмірде дос болуды ойласаң: «Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұқсат па?»-дегенді үйрен. Сәлемдесуді білген, кешіре де біледі. Жөн сөз-көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз-өміріңді өшіреді.

Мұғалім: Міне, балалар, ата-бабаларымыздың ақыл сөздерін ғибрат аларлық көптеген қасиетті ақыл үйрендік, есте сақтау керектігін ұмытпаңдар!

18-оқушы:

«Жақсы келі дегенше, жарық келді десеңші

Жақсылығын өзімен, алып келді десеңші» - демекші, ауылға алты алашқа белгілі дана қарияның келуі, әсіресе балалар үшін зор қуаныш болатын.балалар ақсақалдың үзенгісінен – жаңа туған күшігін, мылтығын, бүркітін өткізіп алады. Үзенгіден өткізілген заттарға әулие қарттың қасиеті дарып, күшігі сырттан, бүркіті – қыран, мылтығы – ақ мерген болады. Бұл дәстүр «Үзеңгіден өткізу» деп аталады.

19-оқушы: Ал болашағынан үлкен үміт күткен баласын ата-аналар қарияға «Сізге ұқсасын» - деп, аузына түкірткен, екі аяғының арасынан өткізген. Немесе, отырған жеріне аунатып алған.

20-оқушы: Әңгіменің қызығына қанған ел, түн жарымда тарайды. Қонақтарын төсек орнына жатқызып, үй иесісі «Жақсы жатып, жәйлі тұрыңыздар», немесе «Жақсы түс көріп жатыңыз!» - деп, жылы лебіз көрсетіп, отағасы да дем алады.

21-оқушы: Қонағын аттандырар шақта отағасы қонағынан бұйымтайын сұрайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша-қонақ: ұшқыр тазы, мылтық, жүйрік ат, асыл жарынан басқа кез келген нәрсені сұрауына болады. Үй иесі қонағының көңілін жықпай, қалауын беріп: «Көріскенше күн жақсы, қош, сау болыңыз!» - деп, аттандырып салады.

Хор: «Дастархан» К. Дүйсекеев.

Қонақтар, ұстаздар дастарханға шақырылады. Құрманғазының «Сары – Арқа» күйі қойылады.

Қатысып отырған мектеп басшылары өз ойларын ортаға салады.

Ата-аналарға сөз беріледі.

22-оқушы: Барына риза болсын көрермендер,

Үйреттік біз достарға білмегенін.

Осымен бұл қызықты тамамдасақ,

Тағы да үйретеміз аман болсақ!

Выберите курс повышения квалификации со скидкой 50%:

Автор
Дата добавления 28.01.2016
Раздел Технология
Подраздел Другие методич. материалы
Просмотров328
Номер материала ДВ-390225
Получить свидетельство о публикации
Похожие материалы

Включите уведомления прямо сейчас и мы сразу сообщим Вам о важных новостях. Не волнуйтесь, мы будем отправлять только самое главное.
Специальное предложение
Вверх