Инфоурок Другое Другие методич. материалы7-сыныпқа арналған диктанттар жинағы

7-сыныпқа арналған диктанттар жинағы

Скачать материал

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:__________

Алғашқы бақылау жұмысы

Мақсаты: оқушылардың 6-сыныпта меңгерген білім, білік, дағдыларының қалыптасу деңгейін анықтау.

Торғай

Бақша арасындағы жолмен аяңдап келемін, итім алдымда келеді. Ол кенет жүрісін тежеді. Кұстың иісін сезгендей, төрт тағандап бұға бастады. Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың сары жағал, ақ үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан кұлап түсіпті. Балапан жас қанатын дәрменсіз жайып, қимылсыз отыр.

Ит балапанға ептеп жақындады. Кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп, иттің дәл алдында келіп қонды. Байғұстың зәресі кеткен, жүнін үрпитіп шырылдауда. Иттің арандай ашылған, тістері ақсиған аузына қарай бір-екі рет тап береді.

Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды. Ол бал бөбегі балапанын өз денесімен бүркемек болды.          (М. Балақаев, 93 сөз)

Грамматикалық тапсырма:

1.     Мәтіннен...

І нұсқа: сан есім мен есімдік .

ІІ нұсқа: сын есім мен үстеу сөздерді теріп жазып, мағыналық түрлеріне ажыратыңыз.

2.     Берілген сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз.

І нұсқа: Торғайдың сары жағал, ақ үрпек балапанын көрдім.

ІІ нұсқа: Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:__________

І-тоқсан

Мақсаты: оқушылардың I тоқсанда меңгерген білім, білік, дағдыларының қалыптасу деңгейін тексеру.

Ат – адамның қанаты

Қыс кеткенімен, Атырау беттегі Ақтау шоқтығында қар жатыр. Қарлы таудан қоңыр салқын леп еседі. Атырапқа сайдан хош иіс, таудан кең тыныс тарап, даланың балбырап, бусанып жатқан бір әсем шағы.

Осындай мезгілде ат үстінде келе жату қандай рақат!

Ат – адамның қанаты. Ат үстіндегі кісінің көкжиегі қашан да кең, көңілі көтеріңкі, еңсесі биік. Пай-пай, жүйрігің жалын желге желпіп, елбең қағып, есіле майпаңдап келе жатса, сен бесіктегі балғындай тербелесің ғой! Сонда сені ат емес, бүкіл дала тербетеді, әлдилейді. Даланың дөңдерін орағытып, көлбеуін жалғаған сүрлеу жол бұраң-бұраң етіп ылғи алға, алысқа, арманға жетелеп әкете береді. Төбеңнен төңкеріле мөлдіреген тұп-тынық торғын аспан сенің қиялына толып, толықсып, төгіле жаздап тұрады. Сенің ән салғың келеді. Ол үшін атыңды тек сәл тебініп қал. Атың сар желе жөнелсін. Міне, енді даланы сен тербете бастадың.

Паһ, шіркін, дала, дала... Қасиетті кең дала, жанға сая құт мекен!

Бұрынғылар біліп айтқан: әкем күйеу болған жер, шешем келін болған жер. Ата қоныс, ыстықсың!

(З. Қабдолов, 121 сөз)

Грамматикалық тапсырма:

1.     Берілген зат есімді жай, тәуелді септеңіз.

І нұсқа: адам 

ІІ нұсқа: келін

2.     Берілген сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз.

І нұсқа: тұп-тұнық, атанды 

ІІ нұсқа: қоңыр салқын, дөңдерін

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:__________

ІІ-тоқсан

 

Мақсаты: оқушылардың II тоқсанда меңгерген білім, білік, дағдыларының қалыптасу деңгейін тексеру.

Бүркітші

Күздің таңы баяулап атып келеді екен. Қос аңшы құстарын ұстап шықты да, белдеудегі аттарын кеп шешті.

Мосқал жасты, бурыл сақал қарт бүркітші Бекбол, жуан торыға жақындай бергенде, арт жағынан ат пысқырды. Сұр тонды кеспелтек денесін шапшаң бұрып, сырт айналғанда, Бекбол кезең асып келе жатқан қасқа атты жүргіншіні көрді. Мойнына мылтық асынған, мезгілсіз жүрген жолаушы асығып, жедел келеді екен.

Бекбол ерге қонбай, тор атты сулығынан тартып, жүргінші келе жатқан жаққа бұрды. Ауыр бүркіт ұстаған оң қолын ердің үстіне салып, таңырқап тосып қалды.

Жас аңшы Жәнібек Бекболдың неге аңырғанын байқаған жоқ екен. Ол сыртқарады. Бұл ұзын бойлы, сом денелі жігіттің бет ажарында тау күніне күйген қоюқызылы бар. Қысқа мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, өткір көзді, сұлу жүзді, қара күрең жігіт еді.

(М. Әуезов, 121 сөз)

 

Грамматикалық тапсырма:

1.     Етістіктерді бұйрық райында жіктеңіз:

І нұсқа: көр

ІІ нұсқа: кел

2.     Асты сызылған сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз:

І нұсқа:

Күздің таңы баяулап атып келеді екен.

ІІ нұсқа:

Жас аңшы Жәнібек Бекболдың неге аңырғанын байқаған жоқ екен.

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:___

Диктант

Мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптары бойынша  алған білім, білік, дағдыларын, сауатты жазу деңгейін тексеру.

Қайың

Қайың туралы ән мен жыр да, сурет те көп. Қайың сымбатты ағаш, ұшар басы үкідей шоқтанып, биік болады. Ашық жерлерде қайың кейде жеке-дара да өседі, дегенмен көп ретте орман болып тұрады. Жазғы жап-жасыл шөппен жайнаған гүлдің ортасында тұрған ақ балтыр қайың тоғайы ғажап сурет. Қайың сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында жаңғақ ағашымен таудан кейін гүлдейді. Оның гүлдері сырға тәріздес болып келеді. Қайыңның жапырағы сарғая бастаған кезде қыркүйек айы туады.

Қайың тез өседі. Одан алынатын нәрсенің бәрі кәдеге асады. Оның бүршіктерінен дәрі-дәрмек әзірлейді. Бұтақтарынан сыпырғыш, қабығынан саңырауқұлақ пен жеміс-жидектер теретін себет тоқиды. Қайыңнан фанер дайындап, үй жиһазын жасайды.

(Дидактикалық материалдар жинағы, 96 сөз)

Грамматикалық тапсырма:

І нұсқа: « жайнаған» есімшесін септеңіз.

ІІ нұсқа: «әзірлейді» көсемшесін жіктеңіз.

2.     Асты сызылған сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз.

І нұсқа: Қайың сымбатты ағаш, ұшар басы үкідей шоқтанып, биік болады.

ІІ нұсқа: Қайың сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында жаңғақ ағашыментаудан кейін гүлдейді.

 

3.     Сөйлем мүшесіне талдаңыз.

І нұсқа: Одан алынатын нәрсенің бәрі кәдеге асады.

ІІ нұсқа: Оның бүршіктерінен дәрі-дәрмек әзірлейді.

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:__________

ІІІ тоқсан

Мақсаты: оқушылардың IIІ тоқсанда меңгерген білім, білік, дағдыларының қалыптасу деңгейін тексеру.

Бүркіт

Бүркіт. Қазақстан мен Қырғызстанда бүркітті баяғы заманнан-ақ аң аулау үшін баптаған. Ол қоян, түлкі сияқты аңдарды аулауға тез жаттығады.

Бүркіт – мекен-жай ауыстыра бермейтін отырықшы кұс. Ұясын тұрған жерінің жағдайына қарай діңі жуан ағаштардың қуысына, кұз жартастарға, мықты талдарға салады. Бүркіттің ұясы кәдімгідей орнықты кұрылыс. Оның биіктігі кейде екі метрдей болады. Табанына кепкен шөптен, жүн мен қауырсыннан жұмсақ төсеніш салады.

Бүркіттің ұрғашысы еркегінен ірілеу келеді. Екеуінің де қауырсыны қара қошқыл, кей жері сарғыштау болады. Ұясына 1-3 жұмыртқа салады. Оны 45 күн басады. Басты «жылытқыш», әрине, аналық бүркіт. Әйтсе де, еркегі де болашақ ұрпағын аз уақыт та болса бауырына басып жылытады.

Балапандар алғаш ата-анасының тікелей бақылауында болады. Өмір сүрудің алғашқы әліппесін үйренеді. Үш айлығында еркін ұшып-қона алады.

(Дидактикалық материалдар жинағы, 120 сөз)

 

Грамматикалық тапсырма:

1.     Берілген сөйлемді мүшесіне талдаңыз.

I нұсқа: Балапандар алғаш ата-анасының тікелей бақылауында болады.

ІІ нұсқа: Өмір сүрудің алғашқы әліппесін үйренеді.

2.     Асты сызылған сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз.

І нұсқа: Қазақстан мен Қырғыстанда бүркітті баяғы заманнан-ақ аң аулау үшін баптаған.

ІІ нұсқа: Үш айлығында еркін ұшып-қона алады

3.     Тұйық етістікті түрлендіріңіз:

І нұсқа: аулау

ІІ нұсқа: өмір сүру

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:__________

ІҮ тоқсан

Мақсаты: Оқушылардың зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің, есімдіктің, етістіктің түрленуінен алған білім, білік дағдыларын, сауатты жазу машығын тексеру.

 

Дала

         Дала шіркін, кеңпейіл, аңқылдаған мырза жігіттей бүкпесі жоқ, ашық-жарқын-ау! Айнала тып-тыныш, тосын дыбыс құлаққа шалынбайды. Далада не шу болсын. Ұшқан құстың шырылы, жазық төсін еркін аралаған ерке желдің сусылы, ақ селеу, көде, ақ шидің әлсіз сыбдыры шу болып па!

         Ақ дала сұлық түсіп, монтиып, бұйығып жатыр. Бірақ осының бәрі бір қарауға ғана. Шырқау биікте шаншылып қалықтап қыран жүр. Оның кең дүниені шолуы тегін емес. Даланың иесіз, тыныш жатуы алдамшы нәрсе. Тып-тыныш мүлгіп жатқан алуан өмірде, алып дүниеде қаптаған тіршілік бар. Қыранның қалықтауы тегін болмағаны ғой.

         Дала сыртынан тыныш көрінгенімен, жайбарақат жатқан дүние жоқ. Қыран көзінен дала төсінде қыбырлаған қалт кетпейді. Әне, биіктен төмен қарай тастай құлдырап, шүйіле жөнеледі. Ендеше даланың тыныш жатқаны бекер болды ғой.

 

 (Б.Тілегенов, 121 сөз)

 

Грамматикалық тапсырма:

1.     І нұсқа: Матаса байланысқан сөз тіркестерін теріп жазыңыз.

ІІ нұсқа: Қабыса байланысқан сөз тіркестерін теріп жазыңыз.

2.     Берілген етістіктерді шақ категориясы бойынша түрлеңдіріңіз.

І нұсқа: жаз

ІІ нұсқа:кел

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:__________

Жылдық бақылау жұмысы

 

Мақсаты: Оқушылардың 7-сыныпта «Морфология», «Синтаксис» салалары бойынша алған білім, білік, дағдыларын бақылау

 

Алатау сұлулығы

Шұбар ауылы кәдімгі жеті өзенді сағалаған басқа елді мекендер сияқты Жоңғар Алатауының етегінде жатыр. Қоғалы мен Текелі тауларының аралығындағы Ешкіөлмес аталатын көк жота осы ауылға ең жақын тұрған тау. Ол барып биік тауға, асқар шыңдарға жалғасады.

Алатау сұлулығын ешкім әлі айтып жеткізе алған жоқ. Оны айтып жеткізу мүмкін емес болар. Алатаудың мына шоқылары да нақ бір сондай тіл жетпес сұлу. Кеші мен таңы тағы тамаша.

Күннің алтын түстес сарғыш сәулесі тау биігіндегі ақша қарға ойнап шыға келді. Аппақ қар басқан биіктен көріңгенде, күннің өзі де алтын түстес болып кетеді.

Күн көтеріле түсті. Екшіөлместің көк жотасына иек артты. Күн сәулесі шашырап барады. Сәуленің астындағы бір тармақтары қалың шыңдарға найзадай шаншыла түсті.

(С. Бақбергенов, 108сөз)

Грамматикалық тапсырма:

1.     Мысал жазыңыз.

І нұсқа: Сын есімнің түрленуі

ІІ нұсқа:Етістіктің түрленуі

2.     Сөйлемдегі сөз тіркестерін талдаңыз.

І нұсқа: Алатау сұлулығын ешкім әлі айтып жеткізе алған жоқ.

ІІ нұсқа: Сәуленің астындағы бір тармақтары қалың шыңдарға найзадай шаншыла түсті.

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:___

Диктант

Мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптары бойынша  алған білім, білік, дағдыларын, сауатты жазу деңгейін тексеру.

Аққу

         Аққу-өте ірі және күшті құстардың бірі, ол сонау көне заманнан бері сұлулық пен махаббаттың, тазалық пен нәзіктіктің белгісі болып саналады. Оны көп халықтар киелі құс санап ерекше құрметтеген.

         Аққу әнші құстардың қатарына жатады.

         Сәуір айының көгілдір аспанында үлкен ақшаңқаң құстардың сұлу мойнын соза тастап,  қанатын баяу сермеп бара жатуы-естен кетпес ғажап сурет. Қалың орман ішіндегі көлде оңаша жүзген аққуды көру-одан да сұлу құбылыс. Аққу суда дыбыс шығармай жеңіл жүзеді, ал астындағы су жарқырап, маржанның түсіне енеді. Аққудың әрбір қимылы: артына бұйра толқын тастап жүзіп бара жатыпкілт бұрылуы, төсімен айдынды өбіп қанатымен күміс тамшы себелеп шомылуы, ауаны қақ жара көкке көтерілуі-бұл бір қайталанбас әсем көрініс. Аққулар-табиғаттың аса ғажап және сирек кездесетін туындысы, біздің елімізде оларды аулауға тыйым салынған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:_______

Диктант

Мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптары бойынша  алған білім, білік, дағдыларын, сауатты жазу деңгейін тексеру.

Көктем

         Көктем... Көз жетер жер тұп-тұтас көкшіл тартқан, бусанған, торғын түсті жұқа шымылдық ішінен көлеңдеп көрінгендей, көгілір рең тапқан. Аспан айырықша биіктеп, алып шатырдай күмбездене керіліп тұр. Үлбіреген көк жібек шатыр секілді, әдеттен тыс таза, мөлдір. Ақ қайыңдар іргесін қуалап бұраң қаққан бұлттар да таза. Тастан-тасқа секіріп, әлдебір шыны сауыттан басқа бір шыны сауытқа құйылғандай шылдырай төгіліп, сыңғырлап әдемі ағады.

         Тау жақ тіпті сұлу. Қолмен шанышқандай түп-түзу, тіп-тік көк бұйра шынарлар қар жамылған шыңдарға қарай қаптап, ентелеп, өрмелеп барады.

         Көшедегі ағаштар тегіс жапырақ жамыла қоймағанымен, қою ағаш арасы алуан үнге толы. Жер бетінде әр түрлі дауысты әнші құстар көп-ақ екен. Оны да Жанар жаңа білді, бүгін, дәл осы қазір сезді. 

                                                                                   (З.Қабдолов,  120 сөз)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:_______

Диктант

Мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптары бойынша  алған білім, білік, дағдыларын, сауатты жазу деңгейін тексеру.

 

Алатау

 

         Күн ашық. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Аппақ қарға оралған Алатаудың көкке шаншылған шыңдарындағы жалтыр мұз күн сәулесіне шағылысып, күмістей жарқырайды. Қайрақтай жалама жартастардың бетіне қар жұқпайды, сирек-сирек боп қарауытып бөлек-бөлек тұр. Ақпанның ақ түтек бораны екілене борай-борай әбден шаршап-шалдыққандай саябырлап, тыныс алған кезі. Төмендегі ойпаттың үстінен болар-болмас жібектей жұқалтаң мұнар көрінгенімен, даланы тұтас жапқан ақ қар арасынан зулаған машина, атты кісі айқын көрінеді. Жон-жотада шаңғы теуіп жүрген сейілшілер ноқаттай болып көзге шалынады.

         Тайдың шатқал құздарының арасы тып-тыныш. Шыңылтыр аязы  сықырлағанымен, бетті қарыған ызғарлы леп жоқ. Төменгі шұңғыл сайлардағы қалың ағаш арасынан қара қарғаның анда-санда бір қарқ еткені, сауысқанның сабырсыздана шықылықтағаны болмаса, басқа ешбір дыбыс та естілмейді, ешбір қыбыр да байқалмайды.  

                                                                                   (Қ.Толыбаев,  120 сөз)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:_______

Диктант

Мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптары бойынша  алған білім, білік, дағдыларын, сауатты жазу деңгейін тексеру.

Біздің қала

                  Біз Алматы қаласында тұрамыз. Алматы қаласы-ең әдемі қалалардың бірі. Таудан төмен қарай созылған тіп-тік, әдемі көшелері неше түрлі ағаштармен көмкерілген. Көшелердің екі жағынан сылдыраған мөлдір бұлақтар ағып жатады. Достық атындағы сарай, Спорт сарайы, Оқушылар сарайы және көп қабатты қонақ үйлер  өздерінің  керемет көркемдігімен көздің жауын алады. Қаланың оңтүстігін басынан өмір бойы қар кетпейтін ақ бас Алатау қоршаған. Тау беттерін қысы-жазы өзгермей, ылғи жап-жасыл болып тұратын шыршалар мен қарағайлар, ақ қайыңдар жапқан. Етегінде атақты «Медеу» мұз айдыны, көптеген демалыс, сауықтыру, емдеу орындары бар. Олар алуан түрлі гүлдерге, бау-бақшаларға бөленген. Қалада тарихи орындар, мұражайлар, көрікті жерлер, бақтар өте көп. Қаланың батысы мен шығысынан үлкен Алматы, кіші Алматы өзендері ағып жатады. Алматы қаласының табиғаты сирек кездесетін тамаша табиғат!

 

                                              

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілі

7 –сынып                                           Күні:_______

Диктант

Мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптары бойынша  алған білім, білік, дағдыларын, сауатты жазу деңгейін тексеру.

Қарлығаш би

                  Алдынан Шайхан Тәуір көрінді.Шайхан Тәуір тасасынан күмбезі істіктеу, биіктігі он бес-он алты мертдей мазар асқақтайды. Ол әйгілі Төле бидің күмбезі екенін Рысқұлов біледі. Баяғы Тәуке ханның тұсында қазақтың үш Жүзінің басын қосып, берекелі, бәтуалы ел болуына аянбай қызмет еткен аса ірі қайраткер екенін де біледі. Жоңғар сияқты жауға қарсы тұрарға қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақтарды біріктіруді, бір ел етуді Төле би Рысқұловтан екі жүз жыл бұрын армандаған, әрекет қылған... Ташкентте он екі жыл билік құрып, ақырғы талқаны тоқсан үш жасында таусылып, осы Шайхан Тәуірге қойылып еді ғой.

         Рысқұлов Төле бидің күмбезін сонау он бесінші жылы Ташкентте оқу іздеп әдейі барып көріп еді. Күмбездің маңдайшасындағы арабша «Қарлығаш би» дегенді оқып, таңқалған. Сөйтсе, Төлебиді мұндағы ел «Қарлығаш би»-деп атайды екен. Демек, ондаҚарлығаш құстың қасиетті болғаны да. Өрт шалған халқына қарлығаш сияқты қанатымен су себелеп, шырылдап өткен бір сабаз.

 

                   (Ш.Мұртаза, 120 сөз)

                                              

Просмотрено: 0%
Просмотрено: 0%
Скачать материал
Скачать материал "7-сыныпқа арналған диктанттар жинағы"

Методические разработки к Вашему уроку:

Получите новую специальность за 2 месяца

Менеджер образования

Получите профессию

Няня

за 6 месяцев

Пройти курс

Рабочие листы
к вашим урокам

Скачать

Скачать материал

Найдите материал к любому уроку, указав свой предмет (категорию), класс, учебник и тему:

6 666 016 материалов в базе

Скачать материал

Вам будут интересны эти курсы:

Оставьте свой комментарий

Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.

  • Скачать материал
    • 22.02.2017 51261
    • DOCX 91.5 кбайт
    • 801 скачивание
    • Рейтинг: 5 из 5
    • Оцените материал:
  • Настоящий материал опубликован пользователем Атаханова Торгын Боранбаевна. Инфоурок является информационным посредником и предоставляет пользователям возможность размещать на сайте методические материалы. Всю ответственность за опубликованные материалы, содержащиеся в них сведения, а также за соблюдение авторских прав несут пользователи, загрузившие материал на сайт

    Если Вы считаете, что материал нарушает авторские права либо по каким-то другим причинам должен быть удален с сайта, Вы можете оставить жалобу на материал.

    Удалить материал
  • Автор материала

    Атаханова Торгын Боранбаевна
    Атаханова Торгын Боранбаевна
    • На сайте: 8 лет и 6 месяцев
    • Подписчики: 0
    • Всего просмотров: 69998
    • Всего материалов: 6

Ваша скидка на курсы

40%
Скидка для нового слушателя. Войдите на сайт, чтобы применить скидку к любому курсу
Курсы со скидкой