Инфоурок / Музыка / Другие методич. материалы / МУЗЫКАНЫ ТЫҢДАЙ ЖӘНЕ ТҮСІНЕ БІЛУ
Обращаем Ваше внимание, что в соответствии с Федеральным законом N 273-ФЗ «Об образовании в Российской Федерации» в организациях, осуществляющих образовательную деятельность, организовывается обучение и воспитание обучающихся с ОВЗ как совместно с другими обучающимися, так и в отдельных классах или группах.

Педагогическая деятельность в соответствии с новым ФГОС требует от учителя наличия системы специальных знаний в области анатомии, физиологии, специальной психологии, дефектологии и социальной работы.

Только сейчас Вы можете пройти дистанционное обучение прямо на сайте "Инфоурок" со скидкой 40% по курсу повышения квалификации "Организация работы с обучающимися с ограниченными возможностями здоровья (ОВЗ)" (72 часа). По окончании курса Вы получите печатное удостоверение о повышении квалификации установленного образца (доставка удостоверения бесплатна).

Автор курса: Логинова Наталья Геннадьевна, кандидат педагогических наук, учитель высшей категории. Начало обучения новой группы: 27 сентября.

Подать заявку на этот курс    Смотреть список всех 216 курсов со скидкой 40%

МУЗЫКАНЫ ТЫҢДАЙ ЖӘНЕ ТҮСІНЕ БІЛУ

библиотека
материалов

МУЗЫКАНЫ ТЫҢДАЙ ЖӘНЕ ТҮСІНЕ БІЛУ

Кіріспе

Музыка өнері – әр ұлттың ертеден келе жатқан мәдени талғамының бір арнаға құйылып, асқақты күйімен дамып отыратын көптеген ғасырлық үнінің жемісі. Музыка – жалпы өмірдің, бүкіл дүниенің, қимыл – іс әрекетін бейнелейтін, диалектикалық құбылыстарды адам сезімімен біріктіріп, өмір қайшылықтарын әсерлі дыбыстардың ұйқаса үндесу жиынтығы.

Музыка – әлемде тіршілік ететін адамзаттың немесе адамдар мүддесіне қызмет жасайтын бүкіл өмір мен оның құбылыстарының өзара қарым – қатынаста сырласа үндесуін сезімге жеткізетін құрал. Музыка өмірдегі динамикалық құбылыстардың айнадан көрінетін үнсіз келбет – кескіні ғана емес, оны сырттай суреттеп қана қоймай, ол – таңғажайып сырлары бар мелодиялық үндесуімен ішкі сезім күйлеріне әсер беріп, тыңдаушысын белгілі нысанаға бейімдеп баурап алады. Былайынша айтқанда, адам жан – күйін тәрбиелейтін, эстетикалық қабілетін дамытатын, сенсорлық мәдениетке баулитын, іске батыл жетелейтін эмоциялық құралдардың бірі – музыка. Ол – адам қоғамымен бірге дамып, қоғамдық формацияларды басынан кешіріп келе жатқан тарихи процестің бірі. Сондықтан да оның туу, шарықтау, даму, өркендеу, биіктеу, шеңберіне жету кезеңдері бар. Әр ұлттың музыкалық біліктілігі мен арнасы әр түрлі уақытта өсіп, дамып жетілді. Бұлардың даму процесі де өмірдің өзі туған сезімдерге байланысты. Музыкада әр қоғам өз көрінісімен ұлттық колорит арқылы көзге елестеп, сезімге әсер етіп жатады. Музыканы тыңдай білу, оны түсініп ,ұғыну жеке адамның өмірден алған тәжірибесіне байланысты. Әдебиет сияқты музыка да барлық кәсіп иелерінің сусындай ләззат алатын өмір талшығы. Ләззатты тек тыңдаумен емес, тыңдалған музыкалық үнді сезініп түсіну арқылы ала алады. Бірақ музыкалық әуенді ұқпайтын, оны сезінбейтін, оған елеңдемейтін есту мүшелері жоқ. Есту мүшесінің бірі құлақ болса, музыканы тек құлақ арқылы тыңдаймыз, оны біз барлық ішкі сезімімізбен тыңдап ұғынамыз. Психологиялық процестердің өз ара қатынасымен бірде қабылдап, бірде еске түсіріп, бірде көз алдында елестетіп, қайтадан жаңғыртып, түйсік сезіміне жеткізу арқылы музыканы түсіне аламыз. Музыка құр шуыл, жай ызың ғана емес , оның ішкі бейнесі үшін сезіммен тыңдауға дағдыланған жөн. Музыканы түсіне білуге байланысты ең негізгі де бастапқы қадам осыларға байланысты.

Қазақ халқы – ежелден ән-күй өнеріне құштар ұлттың бірі. Олардың қарапайым музыкалық аспаптарының үнінен қазақ ұлтының сыршыл сезімдерінің таңғажайып құбылыстарымен ұштастырыла берілгенін байқауға болады. Өз даласының күн көру кәсібіне тән, өмір құбылыстарының адамдар түйсігімен байланысып жатқанын музыка аспаптары біздің заманымызға дейін жеткізе алды. Халық өнерінің ән-күй алтын қорлары ауыздан ауызға тарап, ел арасында өшпес із қалдырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде тапсырылды. Қазақ елі жаугершілік соғыстарды, шетел феодалдарының басып алушылығын басынан көп кешірді. 200 жылдай басып алушылықтан жаншылған, 100 жылдай жоңғарлықтан соғысын басынан өткізген қазақ халқының тарихи мұңы музыкада өз өрнегін қалдырды. Бұларды жеткізуші талант иелері халықтың өз ішінен табылды. Олар туралы кейінірек тоқталып, идеялық жағын аша, музыкалық шеберлікті сөз етпекшіміз. Халық игілігін тонап, қала, қыстық, мәдениетті өртеп, сындырып жоқ еткен жаугершілік соғыстар халықтың ән-күй музыкалық дарынды туындыларын жоя алмады. Оның себебі қазақтың музыкалық туындыларды тыңдап және оны түсіне білетіндігінен еді. Өмір сазынан туған сан алуан өлең, күй, терме, айтыс, жыр, сыңсу, естірту, жоқтау, т.б. музыкалық туындылар өміршең қорға айналып, өзін бағалай білетін ұрпақтарына табыс етеді.

Өздерінің туыстас түрік тектес елдерімен салыстырғанда, қазақтар да сөзге шешенділіктерімен ерекшеленеді. Қазақтар сөз сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке ұштастырады.Сондықтан да қазақ халқының поэзиясының дамуы жоғарғы сатыға жеткен. Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де әдейі қолданылған ұйқастарға негізделінеді.Тарихи жыр, айтыстар, салт өлеңдері, жоқтаулар т.б. бәрі де жиын-тойларда әрдайым жырланады және оларды жұрт емірене тыңдайды.Қазақ өзінің қарапайым домбырасының, қобызының, сыбызғы-сырнайының үндерімен күрделі тақырыптарға құрылған музыкалық күй туындыларын бере алады.

Қазір қазақ музыкасы кәсіби денгейге дейін өсіп жетілді. Симфониялық шығармалар, опералар, балеттер туды. Халқымыздың музыкалық талғамын жаңа белеске көтерді. Аз уақытта фольклорлық сипаттағы өнер кәсіби талап-талғамға сай биіктен көрінді. Халықтың ғасырлар бойғы ел аузында сақталып келген тамаша әндері мен күйлері қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болды. Мысалға, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы,М.Төлебаевтың «Біржан Сара »операсы,Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» ораториялық шығармасы – халық музыкасының қайнар бұлағын негізге алған туындылар. Осы шығармалар қазақ халқының әуені әдемі, тынысы кең, мазмұны терең музыкасының халықтың жүрегінен жылы орын алғанын көреміз.

Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттімбет, Абай, Ақан, Біржан, Мұхит, Ыбырай сияқты дарындарымыздың туғызған шығармалар біздің дәстүрлі өнерімізден ерекше орын алады.

Қазіргі уақытта музыка өнері өз дамуында жаңа кезеңге жетті. Музыка шығармашылығының түрлі тәсілдермен дамытылуда. Музыка мәдениетінің түрлі салаларында белсене жұмыс істеп отырған композитор жастардың саңлағы өсті. Олардың шығармалары театр және филармония орындаушыларының репертуарына лайықтап шығарылды. Театр мен киноны дамытуда, радио мен теледидардың жұмысында композиторлардың рөлі арта түсті.Халқымыздың сезімі мен ойын білдіретін музыкасы халыққа арналып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленеді. Егемендік алған ҚР тұңғыш елінің музыка өнері бүкіл дүние жүзінде кеңінен танылды. Оның халықаралық беделі орындаушыларымыздың аса үздік табыстарымен еселеп арттырылуда.

Музыка мәдениетінің маңызды ерекшелігі оның көп ұлтты сипатында. Музыка деген – үлкен тақырып, оның атқаратын міндетіне, ән сазының, музыкалық көркемдікке, музыкалық шығармалардың түрлеріне, олардың даму жолдарына толық тоқтап, шағын кітапшада үлкен мағұлмат беру мүмкін емес болғандықтан, әрқайсысының сипаты мен мазмұнына жекелеген мысал арқылы тоқталып өтеміз. Кітапшаға еңгізілген материалды шартты түрде үшке бөлдік: 1) Музыканы тыңдай және түсіне білу, 2)Музыкалық көркемдік, 3) Музыка жанрларының түрлері

Музыканы тыңдай және түсіне білу.

Адам баласының өмірінде өнер үлкен орын алатынын ең алдымен айта кеткен жөн. Жас сәби жарық дүниеге келген күннен бастап өнердің ортасында өседі. Өнер – архитектура, скульптура, бейнелеу өнері және графика, көркем әдебиет, би , театр, кино және музыка болып бірнеше салаға бөлінеді. Өнердің осы аталған салалары әр кезеңде біртіндеп пайда болды. Табиғат құбылыстары мен адамзат қоғамының дамуына байланысты, өнердің түрлері өзгеріп, дамып отырады. Әсіресе музыка өнері үлкен өзгеріске түсті. Сондықтан да қазіргі өнерлі жастарға эстетикалық тәрбие берудің құралы болып саналады.

Біз күнделікті өмірде музыка, концерт, ән-күй кеші, ария, контата, симфония, опера деген сөздерді жиі естиміз де, олардың үнінен тамылжыған әр-алуан музыкалық шығармаларды сүйсіне тыңдаймыз. Ерекше бір рахатқа бөленіп, шабыттанып қаламыз. Тіпті жұмыс кезінде де жүрек тебірентерлік жақсы ән мен тәтті күйлер беріліп жатса, оны ынтамен тыңдай отырып істеген ісімізді қалай тез бітіп қалғанын сезбейтінде кездер болады. Өнердің басқа түрлеріне қарағанда, музыканың осыншалық әсері молдығының себебі неде деген орынды сұрақ тууы да осыған байланысты.

Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй,

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй ,- деген Абай сөздерін еріксіз еске алуға тура келеді. Өйткені әсем ән мен тәтті күй, біріншіден, адамның рухани шабытын арттырады, серпілтеді, екіншіден, көңіл кірбіңінің жоғалуына себепші болады.Сондай-ақ, лебімен көңілге жылы тиген музыка сарыны кейде кісінің бастан кешкендерін, жастық шақтары көз алдына елестейді.Кейде тіпті арман асуына жетелеп, ерлікке, батырлыққа бағыттайды.

Өзіміз сүйіп оқитын ақын, жазушыларымыз өз басынан өткен күйініш – сүйінішін, өмірге деген көзқарасын, көрген – білгенін, замандастарының еңбектегі ерліктерін оқырмандарына прозамен , поэзия арқылы, қалам ұшымен қағаз бетіне түсіріп жеткізсе, композитор да дәл солай еңбек етеді.Бірақ ол өзін тебіренткен жақсылық пен жамандықты, бақыт пен қайғыны, батырлық пен зұлымдықты, бостандық пен теңдікті, табиғат көріністері сияқты құбылыстарды нотаға түсіріп, бейне арқылы музыка тілімен айтып береді.

Егер бау-бақшада құстардың ішіндегі ең бір сымбаттысы бұлбұл өз бетінше, өз еркінше құбылта сайрап, адамның көңіліне әуенімен әсер ететін болса, адам да, сол бұлбұлдай бас бостандығы мен теңдікті аңсап музыка ырғақтарының үнімен аңғарта , тамылжыған күйлер шығарады.Халық композиторы Дина Нұрпейісованың қасиетті саусағынан күмбірлеп шыққан домбыра үні өмірдің қилы кезеңін сан қырынан көзге елестетеді.Композиторлар Альябьев пен Хамидидің әйелдер даусына арнап жазылған «Бұлбұл» атты әндері қазақ сахнасында Б.Төлегенованың орындауында әсем де, үнді естіледі.Тыңдаушылардың жан дүниесін тербеп ерекше әсер қалдырады.

Күй атасы Құрманғазының шығармалары-қазақ халқының музыкалық өнеріндегі үлкен бір белесі, өз кезінде жоқшылық пен жалшылыққа, зорлық пен үстемдікке қарсы күй шығарған.Бастан кешірген қиыншылықтарын сол күйлерінің негізгі тақырыбы етіп отырды. Мысалы, оның «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйін алайық. Бұл – бастан аяқ тыңдаушыларын желпіндіріп, өзіне еріксіз тартып отыратын терең мазмұнды, әсем үнді шығармалардың бірі. Домбыраның күмбірлеген жағымды дауысы адамның жүрегінен шыққан сөз ше, «Аман бол, шешем, аман бол» деп естіліп тұрғандай. Дүниеде адамға анадан ардақты ешкім жоқ. Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» атты күйлері де әрі мазмұнды, әрі әсерлі, нағыз жүректен шыққан туындылар, халықтың той – тамашаларын, бәйгемен қыз қуу сияқты ойын – сауықтардың, сондай – ақ кең байтақ дала бейнесін осы күйлер арқылы бейнелеген. Бұларды орындап тұрғанда,қазақтың құладүз боз жоталы, тау-қыратты, тепсең-шалғынды кең даласы күмбірлеп сөйлеп, тыныштық күйі қимылға түскендей сезінеміз.Тынысы кең, құшағы жазира дала күйге қосылып, күңіреніп тұрғандай боп естіледі.Домбыра үнінен сықақ сезім құйқылжи биікке көтеріліп ,дала тынысына үн қосып жатқандай, адамның ішкі жүйесін ләззат сезімін баурап алып, туған жерге сүйіспеншілік одан сайын арта түседі.

Қазақ халқының ерте заманнан бері келе жатқан музыка аспаптары мен қобызда ғана орындалатын белгілі бір мазмұны бар музыкалық шығармалардың түрін күй дейді.Музыкалық сауаты жоқ халық арасынан шыққан өнерлі күйшілер өмірде болып жатқан әр алуан жағдайларға байланысты өздерінің реніш-қуанышын, жүрек сырын қос ішекке қосқан.Домбыра мен қобыздың әсем үндері арқылы тыңдаушы қауымға «Адамның күйі, жайы, ішкі жан дүниесінің сыры» деп баяндайтын болған.Күйді орындаушы тыңдаушы қауымның арасында отырып, орындалатын күйдің шығу тарихын, оның қысқаша мазмұнын ауызша айтып беріп, күйді орындап шығатын.Біз білетін күйлердің барлығының мағынасына сай аттары бар.Күйдің аты мазмұнына, ал мазмұны күйдің өз атына сай келіп отырған. Оған дәлел Дина Нұрпейісованың «16-жыл», «Той бастар», «Бұлбұл», «Жеңіс», Дәулеткерейдің «Топан», «Қосалқа», Құрманғазының «Серпер», «Бозшолақ», «Түрмеден қашқан», Тәттімбеттің «Сары жайлау», «Былқылдақ» т.б туындылардың мазмұндары, ойналу ырғақтары шығарманың аттарына сай үйлескен. Күй, бағдарламалық шығарма, симфониялық поэма тәрізді, белгілі бір сюжетке құрылған.Барлық оқиға желісі музыка тілімен беріледі. Бұндай күрделі сюжетке құрылған, композициялық желісі, байланысы бар кесек туындыларды тыңдай білгенмен, толық түсіне білу үшін күйді бірнеше рет тыңдап ұғыну керек. Кейде тыңдаушының музыкалық түсінігі мен білімі аз болып, музыкалық шығарманы түсінбей қалады.

Академик А. Қ. Жұбанов қазақ халық күйшілері мен ақындардың өмірі мен шығармашылығына көптеген зерттеулер жүргізді: «Ғасырлар пернесі» (1958 ж.) , «Замана бұлбұлдары» (1967 ж.) деп аталатын монографиялық еңбектері шықты.

Ол Құрманғазы туралы былай деп жазған еді: «...Құрманғазы Орал түрмесінде жатып шешесіне арнап «Қайран шешем» күйін шығарады. Күй қапастағы халді суреттегендей жай басталады. Әлден кейін, жарқ етіп туған айдай, жарқын кейіпке көшеді. Күй әсерленіп, қызынып, шапқан аттың алыстағы сарыны естілгендей болады. Аяғында баяғы ауыр дыбыстар, еріксіздік үндері қайталанып келіп, ең соңында тағы да үміт сәулесі елестегендей болады. Құрманғазы алдағы өмірден үміт күтеді.

Осы сапарда Құрманғазының «Түрмеден қашқан» күйі шығады. Бір шенеунік түрменің қасынан өтіп бара жатып, Құрманғазының осы күйді тартып отырғанын естіп: «Мына бір тұтқынның домбыра тартысы ұнамайды, қашу күйі сияқты, сақ болыңдаршы»,-депті. Ал шынында да «Түрмеден қашқан» күйінде басынан аяғынан шейін ат шабыс, қуу, қашу, айқай-сүрен дыбыстары бар. Еш жерінде тыныштық дыбыс жоқ деуге болады. Әншілердің тілімен айтқанда, бұл күй аяғына дейін дем алмастан бірақ-ақ тартылып шығады.

«Кісен ашқан» басынан аяғына дейін орнықты жай екпінді күй. Әуеннің өткірлігі сай-сүйегіңді сырқыратады. Әрине, онда кісенді кесіп жатқан алмас араның құлағыңды жаратын дыбысы жоқ. Күйде аяғын кісен қиған тұтқынның жан қиналысы бар. Тіпті бір Құрманғазының ғана емес жалпы еңбекшінің аяқтары кісендеулі тәрізді, ауыр жағдай суреттеледі. Бұны психалогиялық күй десек қателеспейміз. Бірақ ескерте кететін нәрсе күйде үлкен трагедиямен қатар үлкен астарлы күш жатыр.

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» опералары мен Сыдық Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» ораториясы қазақ халқының басынан кешкен тарихи кезеңнің шиеленіскен оқиғаларға толы, қайшылығы мол өмір көріністері мен жайып салып, сезімге әсер беріп отырады. Бұл айтылған опералардан ағартушы ұлы ақын Абайдың, бас бостандығын аңсаған қазақ қыздары Ажар мен Сара, шыншыл ақын Біржанның арияларын тыңдай отырып, сонау ХІХ ғасырдағы зорлық-зомбылық заманындағы қазақ даласын да көз алдыңа келтіресің.

Музыканы, өнердің басқа салалары сияқты, көзге көрсете, қолға ұстайтын етіп жасауға болмайды. Музыкада айтылатын ой мен оқиға сазды дыбыстар арқылы беріледі. Адамның ой өрісінің кеңеюіне әсем әуендер ғана әсер етеді. Атап айтқанда, қоғамдық тартыс пен халық көтерілісі, табиғат көрінісі, сүйіспеншілік пен өшпенділік, адамның бақыты мен қайғысы сияқты құбылыстардың барлығы да музыканың құдіретті үнді тілімен беріліп, жан-күй сезіміне толқынды күй салып, әсер туғызады.Бұл сияқты қиыннан-қиысқан құдіретті күш ұлы дарын иелерінің ғана қолынан келеді. Бұндай музыкалық шығармаларды ұғынып тыңдай білу де әркімнің құштарлығы мен талабына байланысты. Музыка тыңдауға барлық адам қабілетті. Бірақ бұған да әркімнің өзінше жаттыға білуі керек.

Музыканы тыңдап, дұрыс түсіне алмайтын «ойға олақ» адамдардың бар екені рас. Музыканы есту көп адамдарда бірден оянбайды. Еткен еңбегіне, көздеген мақсатына қарай, күйкілжің тұрмыс күйбеңі арасында жүріп, музыкаға жас кезінен көңіл бөлмейтін адамдар да кейіннен музыкалық қабілетін дамыта алады. Музыканы тыңдай білудің арасында алшақ айырмашылықтың бар екені бәріне белгілі. Сондай, музыкалық шығармаларды – оның ішінде күрделі бағдарламаланған симфониялық, оркестрлік, ораториялық туындыларды – тыңдай білу мен оны түсіне білудің де арасында көптеген айырмашылық бар. Бірақ бұл мәселенің төңірегінде қолға ұстатарлық әдіс-тәсіл ережелерін айту қиын. Музыкалық шығармаларды көп тыңдаумен қатар сол өнер туындылары туралы кітапшаларды оқып жаттығу керек. Біз де күрделі шығармалардың мазмұнын ашып, ой желісін көрсетіп, музыкалық туындыларға біраз талдау жасап шығамыз. Осының өзі музыканы қалай тыңдап, қайтіп түсіне білуге жетекшілік әдіс көрсетеді.Қысқасы, музыканы сүймейтін, өзі де дауыстап ән айтпайтын адам жоқтың қасы. Тек оны тыңдап, түсіну қабілеті әркімде әр түрлі.

Біреулер жеңіл музыка жағын ұнатса, екінші біреулер күрделі шығармаларды тыңдауды жақсы көреді. Дегенмен қандай музыкалық шығарма болмасын оның адам жанына әсері мол, эстетикалық талғамын дамытады, ойын байытады.

Қапан Мусиннің «Жайлауда» атты симфониялық поэмасын тыңдасақ, ғанибет қиялға түсінеміз. Көсіліп жатқан тау етегінде жайылымды, көк орай шалғын шуылын, сылдырай аққан арна, бұлақты, сол жайылымда жатқан отар-отар қой мен табын-табын ірі қараны көріп,бие сауып жүрген адамдардың арасында жүргендей боламыз. Құлаққа солардың қимылы, үні естіліп жатады.

Айта келгенде, музыкалық шығарманы қандайда болмасын автордың өз тыңдаушысына айтайын деген түпкі ойын жеткізеді. Тыңдаушы сол музыка арқылы ой түйеді, қиялын дамытады, дүние сұлулығын сезінеді. «Дарын деген табиғатқа жақындау» деп Л.Толстой айтқандай, музыка қаншама дарынды болса, табиғат құдіретін адам жанына соншама жақындата түседі.

һ ...Егер суретші, архитектор, скульптор өздерінің шығармаларында өмірдің кесек бір бөлігін, мезгілін, бояумен, нақышпен көзге көрсететін болса, композитор өз шығармаларында тарихи оқиғаларды аса әсерлі әуенмен тыңдаушы құлағына жеткізеді. Айтарлықтай түсінік туғызы алады.

Сыдық Мұхамеджанов – қазақ совет музыка мәдениетіне елеулі үлес қосқан дарын иелерінің бірі. Ол өзі қалаған оратория жанрын көпшілік сүйіп тыңдау үшін көп жылдар еңбек етті. «Ғасырлар үні» ораториясы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақтың меклекеттік хор капелласы төрт солистің қатынасуымен бірінші рет орындағанда, залда отырғандар ду қол соғып, ораторияны шын жүрекпен қуана қарсы алды. Оның мазмұнына аса жоғары баға берді. Шынында, бұл оратория қазақ халқының тарихын, оның қара түнек пен теңсіздікте өткен өмірін баяндайды. Автор ораторияны әрбір бөлімін тарихи шындыққа байланыстыра отырып орынды аттар берген. Музыканың тіл байлығы, интонациясы,ырғағы халық музыкасы мен бір сарындас және оған сәйкес келіп отырады.Оратория сегіз бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Жыраудың балладасы» деп аталады. Бұл бөлімде, автор қазақ халқының ерте кездегі ауыр өмірі мен қайғы - қасіретін қарт жырау әнімен баяндап береді. Композитор жыраудың ариясын әуелі баритонға береді. Мұнан соң ол ән әйелдер мен ерлер хорына көшіп, соңынан симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жалпы хорға ауысады. Тыңдаушы қауым қарт жыраудың дауысынан кең-байтақ, жазира қазақ жерінде мал баққан, жан баққан жұрттың мұңын естиді.

Ораторияның «Шапқыншылық», «Ақтабан шұбырынды», «Октябрь әні», «Бесік жыры», «Жас қазақ», «Еңбек мерекесі», «Отан туралы гимн» атты бөлімдерінде композитор біздің елімізде болған ұлы өзгерістерді жыр етеді. Онда әсіресе коммунизм орнату жолында қол ұстасып, бірге күресіп жатқан совет халқының лениндік партияның ұлт саясатының арқасында қолы жеткен табыстарын жырлайды. С. Мұхамеджановтың әндері мен романстары бірі саздылығымен, бірі наздылығымен дүйім жұрттың көңіліне ұялап, қолқалар қалаулысына айналды. Астанада айтулы әншілер салатын Сыдық әндері қайда барсаң да қарсы алдыңнан шығады. Алыс жайлауда, мал баққан жас шопан жапанды жаңғыртып «Шолпанымды» шырқайды. Қырманнан қайтқан қыз – келіншек «Тербеледі тың даланы» әндетеді. Қоймаға астық әкеле жатқан шофер де «Машинаның есігін айнадай ғып қоймас па ем» деп көңіл – күйін құйқылжытады»,- деп жазды.

Бұл айтылған ойлар күй тыңдаушы, ән сүйетін адамдардың композитордың творчествосына айта салған сөзі ғана емес, тербеліп шыққан терең жүрек сезімдері болып саналады. Жүректен шыққан терең мағыналы сөздерді естігенде, композитордың творчествосы халық қазынасына айналып, шын мәнінде республикамыздың музыкалы мұрасына үлкен үлес қосқанын байқатады.

С. Мұхамеджановтың ораториясын тыңдағанда, әндерін естігендеріңде, осы жоғарыдағы берілген талдау жүйесін еске алып, тарихқа тереңірек бойлап, музыкалық үнге елегізе, құшырлана асқақ сезіммен тыңдасаңыздар, оның музыкалық сырын түсіну қиынға соқпайды. Музыка мелодияларының үйлесімен әуелеткен үн осы айтылған мазмұнға дәл келіп, өмірдің желілі оқиғаларымен сәйкесіп жатады.

Міне, ораторияны тыңдауға кеңес ететін әдіс – тәсіліміздің бірі – осы. Бірақ бұны әркім өз ішкі сезімімен ұштастыра білген жағдайда ғана музыкалық ләззат ала алады. Сыршыл жүрек бұл айтылғандарды асыра ұғынып, ораторияның өн бойына терең бойлап алады. Оратория шығармаларын кесек біртұтас туындыдай байланыстыра, әр бөлімнің маңызын мазмұнына сай ұғына білген адам ғана тарихи шындыққа терең бойлап, сюжеттік желі – мен өз сезімін қабыстыра алады. Осылай етіп тыңдау – музыканы түсінудің бірден – бір тәсілі.

Бұл салада композитор Ғазиза Жұбанованың творчествосы да ерекше сөз етуге тұрарлық. Абай атындағы опера және балет театрының хоры, қазақтың хор капелласы мен симфониялық оркестрдің орындауындағы ақын Хамит Ерғалиевтің «Оралдың отты түндері» поэмасы бойынша жазылған «Арайлап атқан таң» ораториясы да Ғ. Жұбанованың аса сәтті шыққан туындыларының бірі. Бұл – композитордың күрделі шығармаларының ішіндегі ең бір ұтымды шыққан дүниесі болумен қатар, республикамыздың оратория жанрының одан әрі дамуына елеулі үлес қосты. Композитор бұл ораториясында поэма текстісіне орай музыка үнін, ритмін сай келтіріп, Орал өзені өңірінде жаңа заман орнату жолында құрбан болған азаматтармен қатар, азамат соғысының батыры Чапаев образын шеберлікпен бейнелейді. Бұл оратория да сегіз бөлімнен тұрады. Кіріспе, «Жаралы Жайық», «Чапай келді ауылға» бөлімдерінде оркестр мен хордың үні қайғылы күңгірт, ырғақты жай музыкадан кенет өзгеріп, труба мен барабанның дабылына, марш екпінді салтанатты музыкаға ауысып кетеді. Бұнда композитор Орал өзенінің бойына бақыт, теңдік әперуге келген коммунист партиясы мен Совет үкіметінің өкілі ер Чапаев бастаған қызыл әскерлердің жергілікті ел, жұрт, бала-шағамен кездескенін елестететін картинаны көз алдымызға төндіреді.Ораторияның келесі бөлімдері «Атамандар майданы», «Ақтар Оралда» және «Финал» деп аталады.

Бұл ораторияның тақырыптары өзіндік сипат алады. Бұндағы халық өмірі революцияның отты жылдарын еске түсіреді. Кешегі көтерілісшілер мен бас бостандығының жорықшылары, халық құрметіне бөленіп, игілік істе құрбан болғандар жайынан сюжеттік желі құрылып, кесек дүниелі музыканың пәрменді кең үнімен болашаққа иек артып, арналап құлаш жайып жатқан мол тынысты халық қимылы сезімге оралып, құлақта тұрып қалады. Ораторияның атына қарай оның ішкі мазмұнын сезініп түсінуге болады. Таң деген сөзден болашақ үміт, ыссы леп есіп тұрғандай, таң шапағы, таң сәрісі, таң шұғыласы деген ұғым тек таң сөзімен тіркесе алады. Таң деген сөздің өзінен осы ұғымдар елес береді. Егер оны таң демей, түн деп алса, басқаша, тіпті керісінше ұғынуға болар еді. Ораторияның «Арайлап атқан таң» деп алуынан оптимистік шығарманы күту орынды. Музыка да осы атына сай шығу керек. Бұны Ғ.Жұбанованың орындап шыққандығын ораторияны тыңдай отырып сезіне аласыңдар. Міне, тыңдай да түсінудің бір тәсілі шығарманың атымен де байланысты, әрқашанда бұған көңіл бөліп отырыңдар.

Композитор – Дмитрий Шестаковичтің ХХ ғасырдың есте қаларлық кезеңін баяндайтын, Ұлы Отан соғысың қиын-қыстау мезгілінде пайда болған «Ленинградтық VII симфониясын» еске түсірейік. Ленинградтың блокада жайын, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын, азап шеккен Ленинградтық тарихи мәңгі өшпес ерлік обрыздарын көз алдыңа елестетпей қоймайды. Осы айтылған симфонияның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталсақ, оның музыкалық картиналарының темаларының, бейнелерінің айқын әсерлігінің ерекшелігі байқалады. Музыкаға жанды тіл, жүрек бітіп, музыка үні жаңа үнмен ұштасып жігерленеді, жүрек сырын шертіп, жеңіске жетелейді.

Бірінші қойылым концертіне келген жұрттың көбі әскери киімділер, майданнан жауынгерлер де келген. Көбінің қолында автомат. Бүгінгі жұрт мүлдем бөлекше-түстері сұсты және көңілдері алып ұшқандай. Бұл тегін де емес. Өйткені бүгінгі концерт-аса маңызды, үлкен оқиға. Оны бәрі де түсінеді. Біз өз замандасымыз жазған музыканы, өз қаламызға арналған музыканы, бүгінгі жағдайымыздан туған музыканы тыңдайық деп отырмыз... Әрине, жұрт сондықтан тас түйіліп тына қалған, олардың көңілі сондықтан да алабұрта түседі.Сахнаға оркестр шықты... Міне, дирижер да көтерілді...

Соғыс-жайы халықтың және бүкіл адамзат баласына қатысты қасірет- музыкада тап осы «Жетінші симфониядай» еш уақытта да шынайы және мұншалық ойлы қорытындыланып көрсетілген емес...

Симфонияның бірінші тақырыбының бейнесі тамаша, батыл, әрі кең құлашты бейне. Тап бір өмірдің өз өзегінен шыққандай, ойлы лирикалық сезімге құралған, екінші тақырып та аса әсерлі.

Кенет қайдағы бір алыстан, тап бір ұмыт болған бағзы заманнан талып шыққандай боп, тықылдаған барабан үні әрең естіледі құлаққа. Одан барабанға шыңылдай флейта қосылады. Бұл не ? Тап ғасырлар түпкірінен прусс майдангерлерінің қурап қалған аруақтары көтерілгендей... Тасыраңдап бір ырғақпен тарс – тарс басқан, адамға жат, автоматты қозғалыс қаптап келе жатыр. Тұрпайы марштың даңғырлаған үні бірте – бірте өрекпіп өсе түседі. Темір – терсек киінген әскерлер өздерінің тықылдаған барабан сымағымен және шыңылдаған флейтасымен енді қайтадан аруаққа айналды. Аждаһа марш бірде өкіреді, ұлиды, гүрсілдейді. Әбден жетілдірілген техника келе жатыр, талқандаудың тас керең, тарсылдақ машинасы келе жатыр, мотор мінген, темір құрсанған тас мүсіндер келе жатыр, фашист әскерлері келе жатыр. Әйтсе де бұл прустың мәлім бораны ғой, тек ол жойқын дамудың көзсіз метрикалық инерциясында дарылдаудың масқара шегіне жеткен.

Біз тосудамыз, біз күйрету күштеріне күйрете соққы беретін күштердің қарсы шығуын бар ниет, бар тілегімізбен тосудамыз. Солай болатынын біз білеміз. Өйткені солай болуға тиіс. Тіпті солай болды да:жаңа тақырып басталды және ол бірден жүрекке жылы тиіп, жан–жүйемізді баурап алды. Бұл – осы күнгі орыс тақырыбы. Бұл – жарқын және адамдық тақырып. Мұндағы әрекет қан майдан боп қайнайды, аңыздағыдай астан – кестен арпалыс болып алас ұрады. Одан кейін тыныштық орнайды, міне, біз енді бүкіл адамзат алысқан, миллиондар мерт болған шексіз ғаламат майдан даласының үстінде тұрғандаймыз. Музыкадағы осынау тыныштықтан ұлағатты дерлік,- бүкіл жер шарының бар денесі дір еткендей және оның кеудесінде көлбей түсіп біздің Совет жері жатыр, бұл – бағзы заманнан бері қан көрсе, көкірегін қарыс айыра күрсінумен келе жатқан жер...Осынау майдан даласы шексіз, миллиондаған өмірдің қазасын аза тұтқан адамзат қайғысының да шегі жоқ...

Төбесінде артиллерия оғының отты тілі әлі күнге алау атқан туған қаланың қаңырап қалған бос көшелерімен үйге қайтып келе жатып, біз қазіргі заманғы адамзат күресінің трагедиялық эпопеясы енді мәңгі-бақи сомдалғаны туралы ойладық. Ол өнерде сомдалды, музыкада өмір бақи қалды».

Күндер өтеді, жылдар өтеді. Батыр қаламыз Ленинградтың айналасында болған сұрапыл соғыста арпалысқан еліміздің азаматтарының мәңгілік өшпес бейнесін музыка тілімен баяндаған бұл көркем туынды ғасырлар бойы өмір сүреді. Еліміздің ерлігі, қолы жеткен жеңісі адамзатқа, болашақ ұрпақтарға ескерткіш ретінде қалады.

Бұл шығармадан түсінетініміз тек қана осы ма, біздің айтайын дегеніміз шығарманың өміршеңдігі, оның өшпес атақ алғандығы ғана емес, әрине, бұл жерде оның ең маңызды жағы. Біздің айтайын дегеніміз мынау:Отан соғысының отты жылдарының бір көрінісін Ленинградтықтардың өмірімен байланыстыра отырып және осыны ақыл ой тақырып етіп алып, композитор бар талантымен болған оқиғаны көзге елестетеді. Бірақ ол жай сурет немесе суретшінің нақышына келтірілген түрлі түсті бояуы арқылы көз алдымызға төніп тұрмайды. Оны көзбен көріп, қолмен сипалап ұстай алмаймыз. Бұл симфониядағы тақырыпшаларды көзге елестету үшін, олардың бір-бірімен байланысын аңғарту үшін қаншама бояу керек болар еді және оларды орналастыратын орын іздер едік. Бірақ сонда да бір сурет арасындағы оқиға байланысын аңғарып түсіне алмай, суретке қарап телміріп ойланып біраз уақыт тұруға тура келер еді. Суреттегі оқиғаларды көзбен көріп, оған жиеркеніш туғызатындығымыз хақ. Бірақ бұл да сезімімізге музыка үндей әсер ете алмас еді. Еткен әсері қарадүрсін болар еді.

Ал осы симфонияда көрсетілген оқиғаны көзімен көрген жай – қарапайым адам өз сөзімен баяндаса, оны тыңдау үшін бір тәулік уақыт керек сияқты. Бірақ ол адам қай тұрғыдан, қай қырынан баяндайтыны тағы белгісіз. Өмір – объект, адам-субъект. Субъектив типтің ойлануы, жаны ашуы, ыза төгуі, өз ішкі күйін ақтара отыруы, оған өзінше баға беріп, өз түсінігімен қорытынды шығарып отыруы-табиғи нәрсе. Әрине, бұндай әңгімені тыңдап отырып, айтушының субъект пікіріне ілесіп кетеміз де, объективтік тұрғыдан оқиғаны бағалай алмаймыз, сондықтан оны толық түсіну мүмкін емес. Бұл жерде симфониялық шығарма музыкасының тіліндей түпкі сезімімізге жеткізіп, толық түсіндіріп бере алмайды. Осы туралы жазылған романды оқып шығу үшін қанша күн кетер еді. Бірақ бұлда уақытты көп ұтатындығынан тиімді емес.

Ал симфониялық туындыны түсіну үшін оның жағымды мелодиясына, дауыстың жоғары, төмендігіне, ызалы, қуанышты, күлкілі екендігіне көңіл аудара тыңдау керек. Әрбір аспаптың дауыс жаңғырығына, ұзақтық сазына жекелей көңіл аударып отырған жөн. Сонда әрбір музыкалық сарын үнімен өмірдің бір бөлігін небір жалт етпе күйін сипаттап, соны бейнелей ұғындырып жатады. Мүмкін, ол тау шуылы, құстар әні,бұлақтар сылдыры, күркіреген күн, зарлаған ана, өксіген бала, ұлыған қасқыр дауыстары болар. Немесе шаттық күйді тербетіп тұрған бейбітшілік күндерінің жарқыл дауысына тараған жібектей естілген музыка үні шығар. Осылардың бәрін де музыкалық аспаптардың құдіретті үнінен айырып ұға білу керек. Оқиғаны көзбен көрмеген жағдайда не оның сөзі болмаған күнде, яғни оқиға бір өңкей музыка үнімен жазылғанда, шығарманы әлгідей тәсілмен тыңдап түсіне білу керек. Біз жоғарыда симфониядағы жазылған оқиғаны көзімен көрген музыкант Шеннің көңіл күй әсерін өз сөзімен бердік. Ондағы мақсатымыз-музыка тыңдаушыларға ой салу. Оқиғаны да, симфонияны да өз көзімен көріп, құлағымен естіген музыкант Шен ғажайып сезім жетегінде отырып, шындықтың сыршыл сырынан туған музыкалық өмір көшірмесіне таңдана сүйсінеді. Музыкалық жанрды туғызатын да, оған өрнекті, әсерлі тақырып тауып беретін де өмірдің өзі екенін жүрегіне түйеді.Жалпы халықты тыңдай ұғына білсе, өмірге терең үңіліп барлай көрсе, музыканы түсіну қабілетін дамыта да, ұштай да алады. Музыканы тыңдағанда одан басқаша сөйлейтін, өзгеше тілмен ұғынатын жат үнді жаңаша мелодияны іздеудің керегі жоқ. Оны түсінуді шығарманың атына байланыстырып, өмір құбылыстары мен тартыстарының өзінен іздеу керек. Сонда ғана музыканы түсіну оңайға түспек. Осы кітапшаның мақсаты да, тыңдау-түсіну әдісін сіздерге ұғындыру қуаты да шығарманы талдап ашып беру жолдарымен шектелмек. Тыңдау мен түсіне білудің бұдан басқа жолдары жоқ деуге болады. Ал бұған қалыптанудың ең негізгі жолы – мелодиялық дыбыс үндестігін айыра білу.

Осы тұрғыдан қарағанда қазақ музыка дүниесіне әуелі ән және музыкалық аспаптарға арналған шығарма жанрларының пайда бола бастағаны байқалады. Бұлардың қай – қайсысына да қазақтың ертедегі ән – күй әуендерінің негіз болғанын ешкім айтпай – ақ, тыңдап отырып аңғаруға болады. Қазақтың ән – күй музыкасы өлеңге де, жеке дауысқа да, хорға да, симфония, оратория, контата, романс т. б. Толып жатқан шығарма жанрларының тууына алтын қор болып қалғанын көреміз.

Бұл тарауда күрделі шығармаларды қалай тыңдау, ондағы музыканы қалай түсіну жайын әңгімеледік. Біраз мысалдар келтіріп, кейбір шығарманың мазмұнын ашып, олардың маңызына біраз тоқталдық. Біз әңгіме – түсінігімізді ең ауыр музыкалық жанрдан бастадық. Оның себебі құдіретті, пәрменді музыкаға бірден көңіл аудартудан туды. Біз ән салу, өлең айту, терме оқу сияқты жеңіл музыкадан бастасақ, бұларды кім білмейді»дегендей, оқырмандар музыкаға тіпті үстірт қарауы мүмкін. Шынында да, әндердің текстісі, ой құралымы сөзбен берілген идеясы, оған қоса ақынның ой тұжырымы болады. Ән тыңдаушылардың көпшілігі осыған көңіл аударып алады да, алдымен сезімдерін санаға аудара қояды. Ал музыка тыңдаушылар үшін бұ да дұрыс емес, себебі әннің сазынан музыкалық ләззат алудың орнына саналы сөздерді ақылға тоқи бастайды. Сондықтан ән тыңдауға да біраз шеберлік, өткір жүрек, ұшқыр қиял керек екендігіне тоқталып, тыңдау мен түсінуге кеңес береміз. Ол үшін көптеген әндердің текстідегі мазмұнын ашып, музыкалық сазының мазмұнымен үндесуін талдап көрсетпекшіміз. Әннің шығу төркіні мен қоғамдық уақыты болады. Ән тиянақты іс–әрекеттің бір көрінісіне жазылады. Сол көрініс адамдардың психологиясынан қалай орын тепкенін байқатады. Сол себептен ертедегі өлеңді жаңаларымен салыстыра тыңдаңдар.

Музыкалық туындыларды ауыр, жеңіл, қиын, күрделі деп талдағанымызға қарамастан, музыканы тыңдап үйренуді қандай музыкалық шығармалардан бастауға болады деген сұрақ тууы мүмкін.

Музыкалық шығармалар түсінік жағынан екіге бөлінеді. Біріншісі жеңіл музыка. Оған көлемі шағын шығармалар жатады. Атап айтқанда әр түрлі әндер мен романстар, марштар мен би музыкалары. Екінші бөлімге көлемі үлкен, мазмұны терең және түсінігі ауыр шығармалар кіреді. Бұл шығармалардың түрі көп болғандықтан, біздің ойымызша, музыканы тыңдауды жай әндер мен марштар, халық билері мен романстардан бастаған жөн. Себебі әндер мен романстардың көлемі шамалы да жеңіл ырғақпен жазылып, сөздердің көмегімен түсінуге оңай келеді. Мысалы, қазақтың халық әндері «Қара торғай», «Дай-ди-дау», «Ахау, бикем», «Елигай» әндерін аса көп қиындықсыз, тез ұғынуға болады.Міне, осыған байланысты би музыкалары мен марштарын да, сөзі болмағанмен күнделікті өмірде көп тыңдалатын болғандықтан, түсіну қиын емес. Ойналып жатқан вальспен, лезгинка, гопак, краковяк және марш музыкаларын тыңдай білмейтін адамдардың өзі де тез ажыратып, оның қандай жанрға жататынын айтып бере алады. Музыкалық шығармаларды тыңдап үйрену үшін біраз еңбек ету шарт. Ол үшін үнемі классик композиторлардың шығармашылығына арналған музыкалық кештерді радиодан, теледидардан берілетін хабарларды жиі тыңдап отырған жөн.Бұл қатынас-мәдениет құралдары да музыканы тыңдай, түсіне білудің бірден-бір әдіс-тәсіліне жатады.

Қазақ композиторлары халықтық салт әндерін өз шығармаларына арқау етіп, оның көркемдік жағын көтеріп, шығарманың құндылығын арттыруда. Оған мысал композитор Е.Г.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында терме әнін басты кейіпкерлердің бірі Шегенің айтуымен құнды пайдаланған.

Көктемнің жадыраған бір күнінде жиналған жастар киіз үй төңірегінде ән айтып, би билеп жатқан кез. Көңілді күлкі аралас сымбатты ән айтқын қыздардың дауысы естілуде. Ол дауыстың ішінен ақ марал сұлу Жібекке арналған екінші әннің үні естіледі құлаққа. Бұл ерекше әннің иесі сұлу Жібекті іздеп келе жатқан мырза жігіт Төлеген дауысы еді. Көрісу сценасында бас қосқан екі жас бірін-бірі іштей ұнатып тұрған мезгілде ару Жібектің сыр-сипатына, көрсеткен ізетіне риза болған Төлегеннің жолдасы ақын Шеге қолына домбырасын ұстап, мақтау сөзін шырқап әндете жөнеледі. Шегенің бұл айтқан терме әні көтеріңкі көңілмен шапшаң айтылып, тыңдаушыларын риза етеді.

Жар-жар, терме әндері композитор М.Төлебаевтың шығармашылығынан елеулі орын алады. Біржан мен Сара операсының үшінші пердесінде жар-жарды бастап жібергенде, халықтың тамаша тұрмыс-салт өлеңінің музыка мәдениетінің әр жақты дамуы күшті әсер, ықпал тигізіп, операны құлпыртып жібергенін көреміз.

Шеберлікке не жетсін! Сарыны сан қырлы музыканы түрлі қалыпқа түсіріп ойнауға болады. Жүректен шыққан әуезді мелодиялар жастар мен үлкендерге, сонымен қатар түрлі музыка аспаптарының әсем үндеріне арналып та жазыла береді.

Қазақтың халық арасынан шыққан қобызшысы Ықыластың « Жез киік» атты күйінде кең байтақ жазық дала да қуғын көрген бейшара киіктің өмірін бейнелейді. Сол ерке киіктің өмірін негіз ете отырып, адамның да сол жез киіктей еркіндікте болуын арман етеді. Ол арманын күйші әсем үнді қобыз арқылы көпшілікке ұғымды түрде жеткізе білген.

Қорыта айтқында, музыка-өнердің басқа салаларының түсіндіруге күші жетпейтін күрделі бейнелерін адамның сана-сезіміне құйып, ой-өрістің дамуына әсерін тигізетін құдіретті құрал. Өйткені кейбір музыкалық шығармаларды тыңдау кезінде қандай да түсіне алмайтын адамда әр түрлі эмоциялық құбылысқа қалай берілгенін байқамайтын да кездері болады. Мысалы: Д.Шестаковичтің «Ленинградтық симфониясын» тыңдай немесе осы симфонияның мазмұнын баяндайтын кинокартинаны көріп отырып, болып жатқан оқиғаға ен-жар қарап қала алмайды. Ал Шолоховтың «Адам тағдыры» атты әңгімесі бойынша Сергей Бондарчук қойған киноны көрген кісінің өзі де Ұлы Отан соғысына қатысып жүргендей әсерде болады.

Музыка үнінде әсем дүние қорлары жатқан сияқты. Өйткені кішігірім музыкалық шығармадан бастап ария, соната, симфониялық поэма мен симфонияда, концерт пен кантатада, оратория мен операда терең идеялар, философиялық ойлар, драмалық тартыстар, фантастикалық қиялдар болады. Ондай музыкаларды тыңдап түсінгенде ерекше құдіретті күш беретін әсем дүниенің есігі ашылады, бойға қуат, ойға шабыт енгендей сезіледі. Біздің жастарымыз әрі мәдениетті, әрі жан-жақты дамыған азамат болу үшін тек музыканы жақсы көріп қоймай, қайсыбір музыкалық аспаптарда ойнап, музыка теориясын үйрене білу мақсатын алдына қоюда. Осы мақсатпен балабақша,мектеп,колледж ,жоғарғы оқу орындарындағы хор, би, оркестр, жеке әншілердің көркем өнерпаздар үйірмелеріне қатысады. Өнердің барлық салаларынан білім алуға тырысады. Бұл олардың музыкалық сауатын ашады сонымен қатар түрлі аспаптарда ойнауына мүмкіндік жасайды.

МУЗЫКАНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘСЕРІ

Бұл тарауда көпшілікке айтарымыз-ләззәт алар көркемдіктен хабар беру. Адам баласының сезім мүшесімен түрлі дыбыс қасиеттерін тыңдап, олардың бірінен-бірі ажырата білетін бойға біткен ерекше дарындылығы бар. Әркім күнделікті өмірде қаншама жағымды, жағымсыз дыбыстарды естіп, сезім мүшелерімен қабылдап отырады. Соның ішінде адамның дауысы бірінен-бірін ажырату қабілеті өте жоғары. Мысалы, мектепте бірге оқыған балалар бөлек кеткен соң да өзіне таныс жолдасының дауысын еске түсіріп, қайта жаңғырта алады. Міне, адам баласының өзіне тән дауысының тембры, әсемділігі, сөйлеу, жүру, өлең айту ерекшелігімен қатар, дауыс пен дыбыс ерекшеліктері де көп уақытқа дейін есте сақталады. Әр халықтың өз мәдениетіне сай музыка аспаптары бар. Осы музыка аспаптарының да өздерінше бас ерекшеліктері мен музыкалық сазы болады. Оған сәйкес халық музыкасының да өзіндік ерекше қасиеттері мол. Мысалы: қазақтың әндері мен күйлерін грузин, өзбек, украин, үнді және венгрдің халық музыкасымен салыстырсақ, өзіндік алшақ үн айырмашылығын байқаймыз. Радио мен телеледидардан беріліп жатқан музыканы қай халықтың музыкасы екенін тыңдаушылар ажырата алады. Оған себеп адамның сол халықтың музыкасын тыңдап түсіну практикасының барлығын, екіншіден, оның интонациясы, ырғағы, ойналуы жылдамдығы т. б. ерекше көркемдіктерінің үні тыңдаушының ойында, санасында сақталатындығын көреміз.

Адам музыканы тыңдағанда одан өзінше ләззат алады дедік. Музыканың көркемдік, әсем саздар шығаруында музыканың көптеген заңдары, ерекшеліктері, көркемдік қасиеттерінің бір салада, бір бағытта үн қосып, адамға эстетикалық азық беруі – өзінше бір табиғи құрылыс.

Біз музыканы қалай тыңдап, түсіну туралы біраз әңгіме еттік. Қандай да музыканы сезініп түсіну үшін, оның кейбір көркемдік қасиеттерін, оның заңдарын, теорияларын, олардың жанрларға бөлінуін т.б. жайларын білмей болмайды.

Музыканы сүю, білу және түсіну үшін әуелі музыкалық терминдерді біле білу орынды болмақ. Кейбір адамдар: «Классикалық күрделі шығармаларды қаншама тыңдасақ та оны түсіне білу өте қиын»,-дегенді айтады. Осы ойға жартылай келісе отырып, музыканы тыңдап қана қоймай, оны түсіне тыңдау үшін музыка көркемдігін білу керек. Музыканы тыңдап түсіне білетін адамдарға музыка өз сырын ашып, өмірді терең түсініп, халықтың ой-пікірін білдіруге жәрдемін тигізеді. Музыка өмірдегі адамның ішкі дүниесін танытып, адамдарды ұйымшылдыққа, бірлестікке шақырып, оларды алға қойған міндетін жеңіп шығуға жігерлендіреді. Өнердің музыкадан басқа салаларынан театрды, киноны және живописьті түсініп қабылдау үшін де біраз уақыт еңбек сіңіріп үйрену керек.

Музыканы тыңдау, оны түсіне білу – адам үшін рухани байлық. Музыканы ұға білген адам ғажайып сарайға еніп, керемет музыка сазынан ләззат алып, онымен тілдескендей сезінетіні, оның музыка тану ой-өрісі кеңейе беретіні сөзсіз екенін айттық.

Әрбір композитор музыканың жазылу, оқылу және тыңдалу заңдарын еске ала отырып, өзінше түрлі бейнелер жасайтыны мәлім. Жоғарыда айтқандай, музыканы тыңдап үйрену үшін оның әуезді, мәнерлі үн беретін заңдарын білген жөн. Музыканың негізгі әсемдік үн беретін көркемдік қасиеттерін айтар болсақ, олар мыналар: мелодия, гармония (көп дауыстық), ырғақ, өлшем, екпін (шапшаңдық), регистр (дыбыстардың жоғары, төменділігі), тембр (дыбыс әсемділігі, бояуы), фактура, тональность(мақам), интервал және лад (үйлесім) т.б.

  1. Мелодия деген сөз грек халқының екі сөзінен пайда болған. Әннің мелодиясы сөзімен сәйкес үндеседі.

Мелодия – музыканың жаны, негізгі арқауы. Адам ән айтқанда, музыкалы аспаптар баян, қобыз, скрипкада ойнағанда, мелодияның дыбысы естіледі. Мелодияның атқаратын ролі жайлы орыстың музыка зеріттеушісі А.Н.Серов былай деген: «Мелодия да негізгі көркемдік музыка дыбыстарының ішіндегі таң қалдыратыны, бұнсыз барлығы өңсіз, түссіз, жансыз...» Оның сыртында музыкада негізгі рөл атқаратын мелодиялық сипат, астар бар, онда азды – көпті әсемдік сән беретін музыкалы тілдер бар. Мысалы, қазақтың халық әндері «Зәуреш», «Жайдарман», «Балқурай» сияқты әндердің негізгі мелодиядан тұрады. Бұлардан мелодия үні әсемдікпен астасып, шалқи естіледі.

Көлемі үлкен музыкалық шығарманың да, әндердің де қайсысында болмасын, құлаққа жағымды мелодиясы болады. Композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» атты операсынан Абайдың ариясын мысалға келтіруге болады. Егер де музыкалық шығарма тыңдаушыға ұнайтын болса, оның есінде ұзақ сақталады. Құлағынан кетпей ызыңдап тұрғандай болады. Сезім суреттерін көзге елестетеді. Мелодия, негізінде, әр жақты болып келеді. Ол – музыканың негізі болғандықтан, басқа әсемдік беретін салаларымен тығыз байланысты болады.

  1. Дыбыс деп мелодияның ең бір кішкене бөлігін атаймыз. Сондықтан қандай дыбыстар бар екенін анықтап алғанымыз жөн. Фортепиано аспабын алсақ, онда ең төменгі дыбыс пен ең жоғары дыбыстарды кездестіруге болады. Дыбыстар көп болғанмен олар оқтын-оқтын түрлі жорғылықта қайталанып отырады. Музыкадағы негізгі дыбыстар жетеу, ал олардың өзіне тән атаулары бар: «до, ре, ми, фа, соль, ля, си.».

  2. Интервал (аралық) деп биіктігі әр түрлі екі дыбыстың ара қашықтығын айтамыз. Интервалдардың өздеріне тән аттары бар: прима-бір дыбыстың екі рет қайталануы, секунда – ең жақын екі дыбыстың ара қашықтығы, терция- үш дыбысты қамтиды,кварта- төрт дыбыстан, квинта- бес дыбыстан, секста- алты дыбыстан, септима- жеті дыбыстан, октава- сегіз дыбыстан алынып, екі дыбыстың арасын мелодиялық үнмен жалғастырады. Интервалдардың мелодияға беретін әсемдік қасиеттері шексіз. Қазақтың халық әні «Япурай»секунда интервалымен басталса, «Қамажай» таза квинтадан басталады, композитор Варламовтың «Қызыл сарафан» романсы секста интервалымен, композитор А.Жұбановтың «Қарлығашы» квинтамен әуендете жөнеледі.

  3. Лад (үйлесім) деп тұрақты және тұрақсыз дыбыстардың үндеуінен пайда болған үндесу қатынасын айтамыз. Жоғарыдағы айтқан негізгі дыбыстар тұрақты және тұрақсыз болып екіге бөлінеді. Әрбір мелодия сол тұрақты, тұрақсыз дыбыстардың байланысынан туады. Түрлі әндерді ырғағына келтіріп ойнау үшін оның заңдарын білу керек болады. Біздің күнделікті айтып жүрген әндеріміз, тыңдап жүрген музыкалық шығармаларымыз көңілді, шатты, марш екпінімен, көтеріңкі немесе көңілсіз, күңгірт, қайғылы және мұңды болып орындалады. Міне, осыған байланысты музыкада негізгі екі лад бар. Біріншісі – мажор (ашық, жарқын) дыбыстар үндестігі арқылы шаттық сезімді, ашық көңілді білдіретін лад, екіншісі – минор (қоңыр,ұяң) дыбыстар үндестігі арқылы күңгірт, жұмсақ, мұңды ой туғызатын лад.

Глинканың «Руслан және Людмила» операсының увертюрасы, Хамидидің «Қазақ вальсі» мажор ладтарымен жазылса, Чайковскийдің «Алтыншы симфониясының» соңы, Вердидің «Травиата» операсының кіріспесі,Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», Соловьев-Седойдың «Москва маңындағы кештер» сияқты шығармалары минор ладтармен жазылған.

5.Гармония деп аккордты көп дыбыстардың бір – бірімен үндесуін айтамыз. Мелодияға көркемдік үн беретін – гармония. Ертеден келе жатқан қазақтың музыкалық халық шығармашылығы жеке дауысты болып келді. Қазіргі ойналып жүрген әндер мен күйлер, музыканың негізгі бір әсемдік тірегі гармониямен үндесіп, бояуы қоюлай, әсемденіп ойналып келеді. Мысалы, жеке дауысты Мариямның «Дударай» атты әнінің негізімен жазылған композитор Е. Брусиловскийдің симфониялық поэмасы оркестрдің ойнауында сол гармониялық әсем дыбыстардың көмегімен ойды толық білдіретін үлкен көркемдік шығарма болып естілетінін тыңдап түсінеміз.

Күнделікті естіп жүрген әндер мен хорларда немесе аспаптарға арналып жазылған түрлі шығармаларда бірнеше аккордтардың қосындысын байқаймыз. Олар бір – бірімен өз заңдарына бағынып, өте тығыз байланысты болып отырады. Осы аккордтардың байланысының арқасында бізге естілетін әндер, хорлар, музыкалық шығармалар көп дауысты әсем үндердің қосындысы сияқты тыңдалады. Музыкалық шығармалардың барлығына кең дауыс, әсем үн беріп тұрған музыканың әсемдік тілінің бірі-гармония. Гармония үлкен – кішілі музыкалық шығармалардың эмоциялық жалынды мазмұнын терең түсініп сезінуге көмек береді. Композитор Григтің «Пергюнт» атты драмасынан Солвейгтің әнін гармониялық сүйемелдеу аккордынсыз ойнап тыңдасақ, құлақ құрышы қанбай, көп кемшілікке әкеліп соғатыны сөзсіз. Ал сол секілді П.Чайковскийдің «Неаполитандық әнінің» мелодиясын жеке ойнап көріңдер. Ал осы әнді автор жазған гармониялық сүйемелдеу аккордтармен ойнасақ, әннің тамаша мелодиясының ролі одан әрі арта түседі, адамға шабытты ой туғызады. Адам музыка үніне тербеліп шаттыққа бөлегендей болады.

Музыкада пайдаланылып жүрген аккордтар екіге бөлінеді:1) аккорд үндерінің үйлесуі, 2) аккорд үндерінің үйлеспеуі. Осы аккордтардың бірінші бөлімі құлаққа өте жағымды, сүйкімді болып келсе, екіншісі құлаққа жағымсыз, сүйкімсіз болып естіледі. Сондықтан аккордтар мелодиямен өз ара тығыз байланыса отырып, адам сезіміне әсер етеді. Сол себептен де гармонияның музыкалық шығарманы әсемдеудегі орны өте үлкен де, түрлі бейнелерді көрсетуде атқаратын орнының шегі жоқ екені белгілі.

6. Тональдік (мақам, қалыптық) деп лад дыбыстарының өз ара бірлестігінің қандай биіктікте тұратынын білдіретін ұғымды айтамыз. Қандай музыкалық шығармалар болмасын, әр уақытта бір тональдікте да жазылады. Ол жазылған тональность мажорлы немесе минорлы болып келеді. Музыкалық шығарманың тональдіктерінің аты сол шығарманың ішіндегі дыбыстардың негізгі тұрақтыларының атымен аталады. Мысалы, Шопеннің ноктюрні до-минор тональдігінде десек, бұл шығармадағы негізгі дыбыс до болады. Міне, музыкалық шығармаға әсем және көркемдік сән беріп, оны толықтырып отыратын әсемдік тілдің бірі тональдік деп аталады.

7. Ритм (ырғақ) деп дыбыстардың әр түрлі ұзақтық ара қатынасын айтамыз. Ырғақтың музыкада атқаратын орны өте жоғары. Біздің күнделікті айтып жүрген немесе естіп жүрген әндеріміздің дыбысын бір қалыпты ұзақтықпен айтатын болсақ, ол ән емес, ешбір мелодияға ұқсамайтын жай дыбыстар жиынтығы болып шығар еді. Осыған орай, әрбір мелодияны құратын дыбыстар ырғағы жағынан түрлі ұзақтықтарда болып келуі – заңды. Адам сөйлегенде, жүргенде, өзінің үйренген сөз ырғағымен сөйлейді, жүреді. Жазушы өлең шығарғанда немесе өлеңді дауыстап оқығанда, ол әр уақытта сол өлеңнің ырғағымен оқиды. Екінші сөзбен айтсақ, ол – ырғақпен сөйленіп, ырғақпен оқылып тұр деген сөз. Ал сол секілді, музыканың да өзіне тән ырғағы бар. Айтылып немесе ойналып жатқан музыкалық шығармаларды зер сала тыңдап отырсаңыз, онда қатты немесе жай шығатын дыбыстар қосындысын байқайсыз. Осы қатты немесе жай шығып тұрған дыбыстар такт деп аталатын бір бөлшектің ішінде болып келеді. Көпшілікке жақсы таныс вальстің ырғағын байқасақ, ол әр уақытта да үшке саналады да, бір, екі, үш деп айтып, бірге келетін дыбыстың күштілігі үштік дыбыстарынан қаттырақ шығады.

Музыканы үйренуге негізгі көңіл аударатын нәрсенің бірі – ырғақ. Адамның күнделікті өмірінің бәрі әр түрлі ырғақтан тұрады. Адам жүрісінің, сөзінің қозғалыстарының нотаға түсіретін болсақ, музыка ырғағы әр түрлі болып келеді. Мысалы, бұған М.И.Глинканың «Камаринская» атты симфониялық поэмасы мен М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының би екпінін салыстырсақ та жеткілікті. Ырғақты теңіз толқынымен салыстыруға болады. Ол қашан да тынымсыз. Үлкен, кіші, жай, екпінді толқын болатыны секілді, ырғақ та ұзақ, қысқа дыбыстардан тұрады.

Композитор Шопеннің «Вальсі» мен Глинканың «Иван Сусанин»операсынан «Краковяктың» ырғағын мысалға атауға болады. Музыкада ырғақ пен екпін (жылдамдық) бірімен-бірі өте тығыз байланысты болып келетіндіктен, екпіннің ерекшелік қасиетіне тоқталып өтуге тиістіміз.

8. Темп (екпін)деп музыкалық шығарманың ойналу жылдамдығы желісін айтамыз. Композитор қандай музыка жазбасын, әр уақытта оның ойналу немесе айтылу жылдамдығын шығарманың басында көрсетеді.

Музыкалық шығармаларды ойналу барысында екпін өте көп болғанмен, олар негізгі үш бөлімге бөлінеді. Бірінші – өте жай ойналатын шығармалар. Екіншісі – орта жылдамдықпен орындалатын, үшінші – шапшаң және тез жылдамдықпен орындалатын шығармалар. Жоғарыда айтылған үш түрлі жылдамдықтардың өзі бірнеше бөлімге бөлінеді. Музыкалық шығарманы композитор көрсеткен жылдамдықпен ойнау шарт. Себебі композитордың тыңдаушыға айтайын деген түпкі ойы бұзылмас үшін, шығармашының өзі көрсеткен жылдамдығында орындаған жөн. Ал көрсеткен жылдамдығынан тыс кету ойналатын шығарманың мазмұнын, көркемдік қасиеті мен ойын төмендетіп жібереді. Мысалы: композитор Брусиловскийдің «Шолпан» атты әні орта екпінмен орындалатын болса, біз оны екі рет жайлатып ойнайтын болсақ, оның тіпті әндік қасиеті қалмайтыны сөзсіз. Сол секілді Құрманғазының «Алатау» атты күйі жай салмақпен, Алатаудың бейнесін домбыраның үнімен көрсетсе, ал «Балбырауын» күйі қатты екпінмен ойналып, қазақтың ертеден келе жатқан ойын сауықтары – «ат шаптыру», «бәйге», «көкпар тарту», «қыз қуу» т.б. күй ішінде араласып жүргендей болады. Бұл екеуінде екпін екі түрлі екенін көреміз. Бұл жағдай адам сезіміне екі түрлі әсер етеді. Ол – екпіннің арқасында іске асады.

9. Тембр (бояуы) деп музыкалы аспаптар мен адам дауыстарының өздеріне тән әсемдік ерекшеліктерін айтамыз. Қандай да музыкалық аспаптар болмасын оның өзіне тән әсемдік ерекшелігі бар. Атап айтсақ, қобыз бен домбыра, фортепиано мен аккардион, труба мен кларнеттің өздеріне тән тембрлерін тіпті музыканы түсінбейтін адамның өзі де ажыратып бере алады. Музыкаға мәнерлі үн беретін қасиеттің бірі – тембр.

Ал адам даусына келсек, мұнда да сондай: әрбір адамның өзіне тән дауыстарының ерекшелігі бар. Атап айтсақ, ҚР халық әртісі Б.Төлегенованың тамаша дауысын естісек, бұл айтып тұрған – Бибігүл екенін бірден танимыз.

Композитор үлкен-кіші дауысқа немесе музыка аспаптарына көркемдік шығарма жазғанда, үнемі белгілі адам дауыстары мен музыка аспаптарының тембрлік ерекшеліктерінің еске ала отырады. Мысалы, Моцарттың «Свадьба Фигаро» атты операсындағы Фигароның ариясы орташа баритонға (шырқаған қоңыр дауысқа) арналып жазылса, Чайковскийдің «Пиковая дама» операсындағы Лиза мен Полинаның дуэты сопрано (әйелдің жіңішке дауысына) арналып жазылған.

Ал симфониялық, халық аспаптар оркестірінде орындалатын музыкалық шығармаға қатысты барлық аспаптардың тембрлері бар. Сондықтан үлкен оркестрді тембрдің «энциклопедиясы» деуге болады. Міне, осы жоғарыда айтылған оркестрлік улкенді-кішілі музыкалы аспаптардың әрбіреуіне тән әсем тембрлері оркестр үніне қосылып, ерекше зор тембрдің пайда болуын әзірлеп береді. Егерде симфониялық оркестр, қазақтың халық аспаптар оркестрі, орыс халқының оркестрі мен өзбек халқының оркестрі ойнайтын болса, тыңдаушы ойланбай-ақ әрбіреуін ажыратып бере алады. Себебі осы айтылған оркестрлердің өздеріне тән оркестрлік тембрлері болады. Соның арқасында біз оларды тез ажырата аламыз. Осы секілді хорда және түрлі ансамбльдерде өздеріне тән жалпы тембр бар. Тембрлік үннің адамға әсері күшті. Дауыстың төменгі, орташа, биік болуына қарап, шығарманың мазмұнын да ажырата аламыз. Әрқайсысы сезімге әр түрлі әсер етеді.

10. Полифония деп екі немесе бірнеше тәуелсіз мелодиялардың бір мезгілде теңдес ойналуын айтамыз. Полифонияның жәрдемімен композитор шығарманың мазмұнын терең және жан жақты етіп көрсете алады. Мысалы, үш дауысты болып өңделген халық әні «Қараторғай» мен Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан Лиза мен Полинаның дуэті осы полифонияның заң тәртібі мен жазылған. Бұл дуэтте екі дауыс бір-біріне бағынышты емес, екеуі жеке-жеке өзіндік әсемділігі бар мелодиялардан құралып, бір толық ойды білдіріп тұрады. Ал «Евгений Онегин» операсынан Ленский мен Онегиннің атыс алдындағы дуэтін және Біржан мен Сараның дуэтін айтар болсақ, екеуінің айтып тұрған әндерінің мазмұны бірдей болғанмен, олардың мелодиялары бөлек. Бірақ та екі мелодия жалпы ойы жағынан екі адамның бір-біріне өшпенділік пен сүйіспеншілік ойларын білдіретін толық бейнені көрсетеді. Міне, осындай екі, үш, төрт т.б. дауыстардан пайда болатын көркем шығармаға әсемдік, сәндік үн беретін музыка жанрының бірі – полифония.

11. Музыкалық фраза. Біз күнделікті өмірде адамдардың бір-бірімен тілдесіп сөйлесетінін білеміз. Адам сөйлескенде, сөздерден құрастырылған сөйлемдерді пайдаланады. Музыканың негізі, мелодияның құрылысы да дәл осындай болып келеді. Музыканы тыңдап отырып, мелодияның өзі бірнеше бөлімдерден құралатынын байқаймыз. Музыкалық тілмен айтқанда осы мелодияның бөлімдерін фраза деп атайды. Мелодияның әсемділігі мен көңілге қонымдылығы, сезімділік әсері фразаның құрылысына байланысты болып отырады.

Музыкалы аспаптарға жазылған шығарманың мелодиялық фразалары жеке дауысқа жазылған әннің фразаларынан қиындау екенін байқаймыз. Ал тыңдаушы ойналып жатқан шығарманы қандай фразаларға бөліп және оларды қалай ойнайды деген сұрақ беруі мүмкін? Бұл сұраққа қысқаша жауап берсек, композиторлар шығарманы жазғанда, түрлі фразаларды сол өзінің ойлағанындай ойналсын деп әр түрлі музыкалы терминдермен белгілеп көрсетеді. Мысалы: «жай», «қатты», «жылдамдата», «жайлатып», «екпіндете», «өте жай», «өте жылдам», «әндете», «жалынды», «қайғылы», «жүрекпен» т.б. ойланатын сөздер жазып көрсетіп отырады. Екінші бір айта кететін жағдай осы жоғарыда айтылған музыкалы терминдер көпшілігінде латын тілінде жазылады. Мысалы: ленто – жай; лярго – кеңінен; анданте – салмақпен, асықпай; алегретто – жылдамдата; аллегро – тез; престо – өте жылдам деп жазылады. Міне, әрбір орындаушы шығарманы орындар алдында композитор жазған музыканы жақсылап үйреніп, көрсеткен барлық белгілерді мезгілінде іске асырып, ойнай білуі шарт. Осы жоғарыда айтылған мәселелерді және композитордың тыңдаушыға жеткізейін деген түпкі ойын іске асыру үшін орындаушы жете үйреніп, көп еңбектенеді. Сондықтан орындаушы шығарманың ойын, формасын, фразаларын жақсы түсініп, көпшілікке таныстыра алатындай болғанда ғана орындап береді.

***

Сонымен бұл тарауда айтарымыз музыка тыңдай, түсіне білуге жаттығу керек. Ол үшін әр тыңдаушы музыканы сүйіп тыңдап, жоғарыда айтылған музыканың көркемдік қасиеттерін білу қажет. Мысалы, дауысқа жазылған әндер мен хорға және үлкенді-кішілі музыкалық аспаптарға арналып жазылған шығармаларды тыңдап отырып, мелодиясының дамуын, гармония мен полифониялық әсемдік дыбыстарының үндестіктерінің өзгеруін, қандай ырғағы мен екпінінің және кейбір әсемдік қасиеттерін байқап, жалпы ойын түсінген дұрыс. Сонда ғана адам музыка тыңдауға үйреніп алады да, орындаушыға сын көзімен қарайтын болады. Шынында, музыкалық терминдер мен әсемділіктерді, дауыс ырғақтары ойналу, айтылу екпіндерін білген жақсы: тыңдап, түсінуге жеңілдік туғызады. Әркім дауысты, әуенді түсіне білуге, жай әннен күрделі шығармаларды ажырата білуге міндетті. Сопраноны баритон деп шатастырмай, симфонияны оратория мен романстан ажырата алады.

МУЗЫКА ЖАНРЛАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ

Біз кіріспеде жалпы шолу бердік те, бірінші бөлімде музыканы қалай тыңдау, қалай түсіне білу керектігі туралы айттық, тыңдау мен түсінудің негізі музыкалық шығармалардың ойына, мазмұнына, көркемдік қасиеттеріне, аспап түрлеріне байланысты. Сондықтан бұнда шолу жасап, кейбір күрделі және қарапайым шығармалармен таныстырдық. Ал екінші бөлімде музыкалық көркемдік терминдерімен таныстырдық.

Кітапшаның осы бөлімі «Музыка жанрларының түрлері» деп аталады. Бұл бөлімде жалпылама баяндаудан гөрі нақтылыққа көшіп, әрбір музыкалық туындыға анықтама беріліп, оның шығу, даму, кемелдену кезеңдерінен, қай қайраткердің шығармасы екендігі жайынан мағұлмат айтылады. Бұл ретте классикалық шығармаларға, сосын қазақ халқының музыкалық жанрларының даму жайына көбірек тоқталамыз. Сондықтан бұл бөлімде алдыңғы бөлімдерде айтылған мазмұндық, сюжеттік пікірлер бірен – саран қайталанып жатса, оны жай қайталама түсіндіру деп ұқпау керек: әрбір жанрға жеке тоқталғанда, оның өзіндік қасиетін ашпай, тарихи жетістігін айтпай кетуге болмайды.

Музыка шығармаларының жанрлары көп. Ерте уақыттан келе жатқан жыраулық ән, терме, жар-жардан бастап опера мен оркестрлік үлкен концертке дейін дамып жетілген көптеген жанрларымыз бар. Әрине, бұлардың бірқатары дүние жүзілік классикалық музыкалардан үлгі-өнеге ала дамыды. Сонымен музыка жанрларын алдымен екі топқа бөліп аламыз: дауысқа жазылған музыка және сөзі жоқ, мелодияға (сазға) жазылған аспаптық музыка. Бұлардың әрқайсысы бірнеше түрге бөлінеді. Айталық, сөзіне жазылған музыка ән, ария, терме, айтыс, романс,каватина, баллада, т.б болып бөлінеді. Бұларды екінші сөзбен айтқанда, жалпы музыкада вокальдық музыка деп атайды. Вокал деген сөз дауыс деген ұғымды береді. Солай болғандықтан бұлардың қай-қайсысында да адам дауысы негізгі орнын атқарады. Бұны қазақ тілінде дауысқа жазылған музыка деп атайды.

Аспаптық музыка дегеніміз – аспаптар сазының үндесуінен туатын музыка. Аспаптық музыка да бірнешеге бөлінеді: жыр, ертегі, мадақтау не жоқтау одалары, күй, сюита, соната, симфония, балет т.б.

Музыка жанрларының бөліну тәртібі олардың формасына байланысты, яғни ойын нысанаға алынған материалдың түрлі аспаптармен берілу құрылымына қарай түр-түрге ажыратыла бөлініп, әрқайсысы өзіндік атауға ие болады.

Қандай болмасын, музыкалық жанрлардың өзіндік ұлттық колориттік қасиеттері бар. Қазақ музыка жанрлары да өзінің кешегісі мен бүгінгісін баяндайтын ұлттық колоритке бай. Сондықтан да олардың мазмұны өзгеріп жаңарып отырады. Өткен өмірдің желісімен жазылған қайғылы мұң музыкалары қазіргі заманның тілек-мүддесімен ұштасып жазылады. Сонымен байланысты оның мазмұны да, түрі де өзгеріп дамыды.

Жанр музыкалық шығармалардың түрлері деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз француздар тілінен жалпы халықтық өнерінің терминіне айналды. Жанр деудің орнына түр деп те айтыла береді.

Музыка, негізінде, халықтық. Осы күнгі әдебиеттерде халықтық музыка деп бір бөлек айтылады да, жеке композиторлардың атымен (Шопендікі, Моцарттікі, Бахтікі, Құрманғазынікі т.б.) аталады. Әрине, қай музыканы да жеке адам шығарады, сондықтан композиторы белгілі музыкаларды да халықтікі (Француздікі, немістікі, орыстікі) деп те атасақ, орынды.

Ән музыкасы – дауысқа арналып жазылған мелодиялы музыкалық шығарма.

Алғашқы қоғам дәуірінде ән музыкасы күнделікті тұрмыста, еңбекте, өзіне лайықты орын алады. Ән музыкасы алғашқы кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін үлкен тарихи кезеңдерден өтті. Әр қоғамның өзіне тән, тұрмыс-салт өлең-әндері өз ырғағымен, өз сазымен ауыздан-ауызға тарап, халық ортасында бағасын алып отырды.

Сәбидің дүниеге келгенінен бастап анасының бесік жырының үніне бөленіп, сазына тербеліп өсетіндігі белгілі. Өлеңнің адам өмірінде маңызды орын алатындығын ақын Абайдың сөзімен:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең,

Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен»,- деп тұжырым жасаймыз. Өлең-әннің адам өмірімен бірге өтетіндігі туралы бұдан артық дәл баға жоқ. Шаттық, бала уату, жар-жар айту, жоқтау, әр қилы бейбіт уақыттың үнін сипаттайды. Ал жаукершілік, басып алушылық кезіндегі, жер-судан босу, тұрмыс қыспағының ауырлығын да мұңды сазбен әнге қосып айтқан.

«Мына заман қай заман, қысқан заман,

Басымыздан бақ дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман».

Осы өлеңнің сөздері де, шерлі әні де қазақ даласын Жоңғар феодалдарының басып алу 100 жылдық соғысын көз алдымызға елестетеді. «Ақ табан» шұбырындысына ұшыраған халықтың айдаланы шарлап жүрген көшін, сыңсыған үнін сезінеміз. Бұл өлеңнің сөзі мен сазы сәйкес жазылған.

Қандай ән болмасын, сөзімен ән сазы байланысты болып келеді. Академик Б. Асафьев ән мен сөздің бірлігі туралы былай деп жазды: «Эпос мәнді болып келетін, өте нәзік лирикадан көңілге бек қонымды драмалық мазмұндағы әңгімеге дейін, толып жатқан интонациялық түр-сипатпен бейнеледі. Ән әуенінің осы ерекше әсерлілігі өлеңнің бейне мазмұнын нәзік интонациялық жаймен көрсетуге мүмкіндік береді». Сөз сияқты, ән адамның үнімен шығады да, құлаққа естіледі. Бірақ та бұл екеуінің арасында елеулі айырмашылықтар бар. Сөйлеу тілінде дауысты, дауыссыз дыбыстардың үндестігінен, сөздердің қабыса, қиыса, жанаса тіркесуінен сөйлемнің мазмұны ұғынылады. Ал әнде дыбыстардың жоғары – төмен дауысталуы арқасында мелодиялық әсемдік жасалып, сана-сезімге әсерін тигізіп, рухани қанағаттандырады. Кейбір музыкалық шығармаларды сөзсіз, тек сазбен ғана айтса да мелодиялық әсемдігі жойылмайды. Мысалға композиторлар Р. Глиердің, С. Мұхамеджановтың дауыс пен оркестрге арнап жазған концерттерін алуға болады. Ән мен хор туралы СССР халық артисі А. В. Свешников былай дейді: «Ән салу – таңғажайып өнер. Ол – ең ұлы өнерлердің бірінен саналуға тұрарлық. Ән адамның жан сезімін оятып, жүректің ең нәзік қылын қозғайды және адам нені сүйіп, не нәрсеге жан-тәнімен берілсе, оның бүкіл... сезімін тудырады. Хор әні – халықтың бүкіл музыкалық білім мен тәрбие берудің ең ықпалды құралы». « Әлбетте, ән салуды немесе ән тыңдауды жек көретін адамды таба қою мүмкін емес. Мейлі, кейде есту қабілеті, ән салуға даусы жетпей жатсын, сонда да адамның әнге деген құштарлығы таңғажайып. Ал мұның өзі кейбір жағдайда біздің әрқайсымыздың сұлулыққа ұмтылғыштығымыздан ғана емес, өлеңмен біз әрқашан өзіміздің сезіміміздің жаңғырығын табатындығымыздан, өйткені халық ғасырлар бойы өзінің ойы мен талғамын әнге қосып, қуанышы мен қайғысын, өз Отанына деген сүйіспеншілігін әнмен айтып келеді ғой.

Уақыт бізге ғасырлар жасаған әндердің өмір елегінен өтіп, маржандай тазарған, санаға сары алтындай ұялайтын ең жақсы үлгілерін ғана жеткізіп отыр; ал мұның мәнісі – сол әнді коллектив болып шығаратын халық талғамының қалтқысыз тазалығы мен жоғарылығында.

Әрине, өнердің әннен басқа қандай түрі болса да, адамды сонау өткен ондаған, кейде тіпті жүздеген жылдарға көз жіберіп, сол заманның сезім әрекетінен туған, қайталанбайтын дәуір сезінуін, уақыт танысын музыка тілінің түсінікті де айқын үлгілерімен бере алмас еді. Әлдеқашан өткенді еске түсіру немесе ежелгінің суреттерін көз алдынан өткізу – тек әннің қолынан келетін іс».

Классик қазақ ақыны, халық композиторы Абайды «Жақсы ән мен тәтті күй құлақтан кіріп, бойды алар, әнді сүйсең менше сүй»,- деп әнге зор мән беріп, өзінің әнді тыңдай білетіндігін айтады. Композитор ән жазарда ойына келген әндерге сөз, өлең іздеп біраз еңбек етеді. Сол секілді, керісінше, композитроға ұнаған ақынның, жазушының өлеңдері жақсы әннің шығуына себепкер болады.

Композитор Н.Тілендиевтің Абайдың мына өлеңіне жазған:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ер жеткен соң түспеді уысыма

Қолымды мезгілінен кеш сермедім», - деген тамаша әні солай туған.

Ән дегеніміз – үнділік көркемдік қасиеттері бар мелодиядан құралады. Сөзі бар жақсы әндерді кей бір кездерде музыкалы аспаптармен ойнауға да болады: одан ән мелодиясының көркемдік қасиеттері жоғалмайды. Өйткені бұл әндердің қанатты сөздері есте болады да, адам тыңдағанда өзінше қайталап отырады. Мысалы: Б.Жамақаевтың «Махаббат вальсі» мен қазақтың халық әні «Ғайни» т.б. әндерді келтіруге болады.

Бүгінгі біздің дәуірімізде айтылып жүрген әндер дауысына қарай халық әні, лирикалы ән, эстрадалық ән боп бөлінеді. Кейбір үлкен музыкалық шығармалар немесе музыкалық аспаптарға арналып жазылған шығармаларды ән деп атайтын жағдайлар да бар. Композитор Римский-корсаков «Садко» операсында «Индия қонағының әні» (« песня индийского гостя», композиторлар Мендельсон мен Чайковский фортепианоға жазған «Сөзсіз әндерін» («Песня без слов») аспаптың адам дауысын елестетіп әндете ойнайтын күйімен жазған.

Қазақтың ертеден келе жатқан әндері бірде халықтың ауыр тұрмысын көрсетсе, бірде ішкі сезімге, ойлылыққа, пәлсафалық толғаныстарға, тұрмыстың шаттық күйіне арналып жазылып отырады. Мына өлеңдердің әндерін естеріңе түсіріп, сазымен айтып көріңдер:

«Уа Зәуреш, сенің үшін елден келдім,

Баяғы өзің көрген жерден келдім.

Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

Иіскеп бір сүйейін деген едім.

(«Зәуреш».)

Жаз болса жердің жүзі жайнап тұрған,

Ән шырқап бұлбұл құстар сайрап тұрған.

Болғанда қырық күн шілде сарша тамыз,

Ыстық боп жердің жүзі қайнап тұрған.

(«Жаз болса».)

Қазақ халқының музыкалық шығармашылығын жинап және оған көп еңбек еткен А. В. Затаевичтің «Қазақтардың мың әндері» жинағы асқан сұлу мелодиялары болашақ Моцарттарға, Бетховендерге, Шопендерге, Мусоргскийлерге және Григтерге бай материалдар екен. Барлық жерлер де – зыряндарда, буряттарда, шуваштарда, марицтерде және тағы басқаларда – болашақтың данышпан музыканттары үшін ғажайып сұлу мелодиялардың бастаулары...Әнді тыңдай отырып, тек болашақтың музыкасы туралы ғана емес, онымен бірге елдің болашағы туралы да ойлайсың. Біздің елде әр тілде сөйлейтін еңбек адамдары бірін-бірі құрметтейтін болады және ежелден бері сақтап келген бар сұлу сипатын жүзеге асырады.

Халық әндерінің бір ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Әрбір әнді байқап қараса, олардың өлеңдері бірнеше шумақтан пайда болып, сол шумақтардың ішіндегі тармақтары бір-бірімен ритм жағынан сәйкестеніп келеді. Ал бірінші шумаққа жазылған ән мелодиясы екінші, үшінші шумақтарда да сол күйінде өзгермей айтыла береді. Бірақ та кейбір өлеңдерді әндеріне сәйкес әр шумақтың екінші, үшінші қатарлары (екі рет) айтылады. Мысалы: «Илігай», «Тілеуқабақ», «Япурай» т.б. өлеңдері шумақпен қатар қайырмасы жазылып отырады. Қайырма шумақтан кейін айтылады.

Музыкалық шығарма толық біткен ойды білдірсе, оны период деп, оның ішіндегі бөлекшелерді сөйлемше деп атайды. Мысалы, композитор Соловьев-Седойдың «Москва маңындағы кештер» әні екі сөйлемнен құралып, екіншісі қайталанып, бір толық период жасайды.

Романс романсе деген испан сөзі. Орта ғасырларда Испанияда жергілікті роман тілінде айтылатын лирикалы әндер пайда бола бастаған. XVI ғасырдан бастап романс деген жанр тұрақталып, басқа европалық елдерге тарайды. XVIII – XIX ғасырларда романс деген сөз мағынасы кеңейіп, жеке дауысқа арналып, музыкалық сүйемелдеумен жазылған күрделі де кең екпінді шығармаларды айтатын болған. Романс – музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен бір дауысқа жазылған лирикалы ән.

Романстың әннен айырмашылығы сол екі-үш бөлімнен құралып, фортепианоның сүйемелдеу партиясы жеке дауыспен таласқандай болып айтылады. Мысалы, композитор Шуберттің «Мельник и ручей» деген романсы үш бөлімнен құралған. Бұл романстың мазмұнында жас бала бұлаққа келіп, өзінің сүйіспеншілік қайғысын жорытады. Бұлақ суы оны жұбатады. Бұнда композитор адам баласын табиғатпен сөйлестіру аллегориялық шеберлігін музыка мелодиясының ырғағымен көрсете білген.

Романс тек дауысқа ғана жазылып қоймай, соңғы кезде музыка аспаптарына да арналып жазылып жүр. Мысалы, А. Жұбановтың қобызға, К. Күмісбековтың виоленчельге арналып жазылған романстарын естеріңе түсіріңдер. Жай әндер мен романстан басқа көлемді әндері де бар, оларды ария, ариетта, ариоза, каватина, баллада деп атайды,бұл терминднр Италия сөздерінен шыққан . Ария деп көлемді драматикалық көтеріңкі шабытпен айтылатын операның, оратория мен кантатаның бас кейіпкерінің жеке дауыспен, оркестрдің сүйемелдеуімен орындайтын әнін айтамыз. Мысалы, композиторлар А. Жұбанов пен Л. А. Хамидидің «Абай» операсының бірінші және төртінші актысындағы Абайдың ариясы мен М. Төлебаевтың «Біржан – Сарасындағы» Біржанның ариясын, М. И. Глинканың «Руслан мен Людмиладағы» Русланның ариясын айтуға болады. Қорытып айтсақ, ария – операдағы бас қаһарманның түпкі ойы мен мақсатын жинақтап көрсететін күрделі терең ойлы шығарма.

Ария жанры соңғы кезде кейбір музыка аспаптарына да арналып жазылып жүр. Мысалы: композитор А. Жұбанов қазақ халық аспабы қобыздың үніне «Ария» жазды. Бұл арияның бай лирикалық мелодиясы қоңыр дауыспен басынан аяғына дейін толқынданып, адамның жүрегіне қайғылы мұңын шаққандай болады.

Алуан сиқырлы үні бар қобыз аспабы ерте кезде бақсылардың қолында зарлы үн шығарса, міне бүгінгі күнде халықтың көңіл-күйін жырлайтын өнерге айналды.

Камералық шығармалар деп музыкалы аспаптармен дауысқа арналып жазылған, соло (жеке), дуэт (екі), трио (үш), квартет (төрт) т.б. түрлі ансамблдердің орындайтын шығармаларын айтамыз. Соло дауыспен музыкалық аспаптарға жазылған, асқан шеберлікпен ойналатын скрипкаға, фортепианоға т.б. аспаптарға жазылған күрделі концерттік шығармаларды айтуға болады.

Камера деген сөз латын тілінен шыққан, бөлме деген ұғымды білдіреді.

XVI ғасырда камералық шығармалар аз кісілер үшін бөлмеде ойналатын. XIX ғасырдан бастап үлкен концерттік залдарға шыға бастады. Жоғарыдағы әндердің барлығы, сонымен бірге түрлі музыка аспаптарына арналып жазылған пьесалар камералық шығармалар деп аталады. Мысалы, А. Жұбановтың фортепианоға жазған «Тәжік билері», Брамстың «Венгер билері» мен квартеті, Бетховеннің шекті аспаптар квартеттері мен секстеттері (алты дауысты), Мусоргскийдің ән ансамбльдерін, «Картины с выставка» деген шығармаларды камералық шығармалар деп қараймыз.

Камералық шығармалардың ішінде прелюдия, фуга, ноктюрн, баллада, соната, токката, экспромт, баркарола, рондо және менуэт т.б. музыкалық терминдер кездеседі. Осы айтылған терминдерге қысқаша түсінік беріп, мысалдар келтірейік.

Прелюдия деп музыкалық аспаптарға арналып жазылған, пьесалардың алдында ойналатын шағын бөлімді айтамыз. Прелюдия деген латын тілінен шыққан алдын ала ойнаймын, бастаймын деген ұғымды білдіреді. И. С. Бахтың орган аспабына жазылған прелюдиясы бар. Прелюдия деп бұрын тек қана көлемді шығарманы айтатын болсақ, Шопеннің шығармасынан бастап тек прелюдия ғана емес, сонымен қатар балладаның, ноктюрнның жанрлық формасы қайта құрылып, басқа бағыт алды. Кейін прелюдия жеке концерттерде ойналатын көлемді шығармаға айналды. Рахманиновтың до-диездік прелюдиясы оған мысал болады.

Фуга деп әр түрлі дауыс жоғарылығында бірінен соң бірі ойналатын екі, үш, төрт т.б. дауыстардың бір мезгілде орындалуын айтамыз. Музыканың бұл формасы XVII ғасырдан бастап шыға бастады. Фуга – полифонияның (көп дауысты) ең жоғары дамыған түрі. Фуганың негізгі темасы үлкен емес, есте қалатын шағын мелодиядан құралады. Ертеде фуга прелюдиядан кейін жазылатын болған. ХVIII ғасырдан бастап фуганың көлемі мен мазмұны тереңдеп, Бах пен Гендельдің шығармаларында аса үлкен орын алды. Бахтың 48 прелюдиясы мен фугасы бар.

Ноктюрн деп лирикалық жалынмен, жай салмақпен ойналатын романтикалық шығарманы айтамыз. Ноктюрн – ноктюрне деген француз сөзі (түнгі) деген ұғым. ХVIII ғасырда түрлі музыка ансамбльдері кешкі мезгілде, ашық далада (серенада секілді) пьесалар ойнайтын болған. Белгілі пианист және композитор Ф.Шопеннің фортепианоға арнап жазған ноктюрндері кешкі табиғат көрінісі мен романтикалық көңіл-күйді баяндайды.

Баллада деген – латын тілінде балло (билеймін) деген сөз. ХVIII ғасырдың соңында ХІХ ғасырдың басынан бастап баллада поэзияға ауысып, одан музыкаға көшеді. Ертеде ақындар баллада деп өзінің көлемді поэзиялық өлеңдерін атаған. Міне, соған байланысты кейіннен композиторлар баллада сөздеріне музыка жазып, сюжетіне байланысты әндер шығарған.

Халықтың фантастикалық ертегі сюжеттеріне арнап Мацкевич, Шиллер, Гете, Байрон, Гейнелер балладалар жазды. Мысалға, Щуберттің, Гетенің сөзіне жазған «Орман патшасы» («Лесной царь») балладасы көпшілікке таныс. «Лесной царь» балладасында әнші ертегі айтқандай болып, оның дауысында сырқат баланың тынысы мен ат үстіндегі әкесінің жұбату сөзі, фантастикалық балладаның тасқын түсі мен сиқыршы орман патшасының әні естіледі. Ал сүйемелдеуші фортепиано партиясында аттың шапқанындай дегбірсіз үн естіледі.

Баллада деп орта ғасырда би музыкасын айтқан болса, кейіннен хабарлап айтылатын ән жанрына көшеді. Бертін келе әндік және фортепианолық баллада эпикалық, фантастикалық және драмалық сюжетті шығармаларды музыка тіліне көшіре бастайды. Бұған мысал Глинканың «Ночной смотр», Верстовскийдің «Черная шаль» және композитор В.Белыйдың «Баллада о капитане Гостело» деген шығармаларын, Шопеннің балладаларын және композитор С.Мұхамеджановтың «Домбыра туралы балладасын» атауға болады.

Токатта деп аса үлкен шеберлікпен орындалатын фортепиано мен органға арнап, тез жылдамдықпен жазылған прелюдияның формасына ұқсас шығарманы айтамыз. Токатта «токкарс» деген италия сөзінен шыққан, қазақша «жөнелу» деген ұғым береді. Прокофьев пен Бахтың токкатталары мысал бола алады.

Экспромт деп фортепианоға жазылған, үлкен шеберлікпен, күтпеген жерден суырып-салма әдіспен пайда болған, лирикалы және патетикалық қарқынды шығарманы айтамыз. Экспромт «экспромтус» деген латын тілінен шыққан, бізше әр уақытта дайынмын деген түсінік береді. Бұған мысал ретінде Е.Бруселовский, Шуберт, Шопен және Скрябиннің экспроматтарын айтсақ та жеткілікті.

Айта келгенде, композиторлық шеберлікпен, суырып-салма әдісімен пайда болған экспромт жанрларын біз композитор Е.Г. Брусиловскийдің шығармашылығынан байқай аламыз, оның экспромты үш бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлімі марш екпінді, қарқынды болып келеді. Сол басталған екпінді күш ешбір жерде тоқталмай алға ұмтыла түсіп,алдында пайда болған кедергілердің барлығын ығыстырып, кең-байтақ қазақ даласын көзге елестетеді. Музыка үні шырмалып адамша тіл қатқысы келеді. Дегенмен адамның құдіретті күшінің арқасында әсем дыбыстар үні гармониялық бір тілге ұласып, тыңдаушының көңілін көкке көтергендей сезім туғызады.

Екінші бөлімі алғашқы өткен тақырыпқа қарама-қарсы, жай, салмақты, лирикалы мелодияның нәзік үні өмір көркін елестетін музыкаға ұласады. Негізгі тақырып роялдың жоғарғы тілдерінде жайбарақат ойналып, еңбек жетістігінің рақатына шомып отырған ойымызды біресе ақырын соққан самал желге, біресе мөлдіреп аққан бұлақ суына, біресе кең байтақ далада пайда болған көлге, бау-бақшаға душар етіп, көз алдымызға төндіреді.

Үшінші бөлімде сол тақырып орта регистрде бірер қайталап, төменгі регистрге көшеді. Сәлден соң басқа да қысқа тақырыптар пайда болады. Бірақ олардың бәрі де кеңейіп өріс алмай, алғашқы тақырып жеңіп, күтпеген жерден музыка ұлғая ойналады.

Композитордың осы айтылған шығармасы көптеген фортепиано үшін жазған шығармаларының ішіндегі ең бір құнды ойнау шеберлігі тілейтін шығармалар қатарына жатады. Бұл экспромт қайсыбір шабыт кең пианисттерінің концерттік репертуарларына ене алады.

Баркарола деп музыкалы аспаптар мен дауысқа арналып жазылған, қайық үстінде аспаппен ойналып айналатын лирикалы мелодияны айтамыз. Баркарола шығармасында сүйемелдеу музыкасы су толқынын елестеткендей болып әсер береді. Баркарола – «барка» деген Италия сөзі, қазақша «қайық». Баркарола жанрының өте кең тараған жері – Венеция. Композиторлар Щуберт пен Глинканың фортепиано мен дауысқа арнап жазылған, Мендельсон, Шопен және Чайковскийдің фортепиано үшін баркаролдары бар.

Рондо деп музыкалы аспаптарға арналып жазылған, негізгі тақырыбы бірнеше рет өзгеріп қайталанып отыратын шабытты шығармаларды айтамыз. Рондолық формада негізгі тақырып ең кемінде үш рет өзінің бастапқы тональдігінде шығарма бойынша қайталанылады. XVII ғасырдан бастап рондолық форма анағұрлым дамып, күрделі шығармаға айналды.

Рондо «ронд» деген франция сөзінен шыққан, қазақша «дөңгелек» деген ұғым береді. Мысалы, көпшілікке белгілі А. Моцарттың рондосы бар.

Менуэт – франция биі. «Мену» деген сөз, қазақша «ұсақ,аз» деген ұғым береді. XVIIғасырдан бастап менуэт жанры биге айналып, композитор Люллидің творчествосында классикалық тұрақты формаға көшті. XVIII ғасырдан бастап би музыкасы ретінде Россияға ауысты. Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховен, Глазунов пен Чайковскийдің шығармашылығында біраз орын алады.

Соната – жеке музыкалы аспаптарға немесе ансамбльдерге арналып жазылған, үш, төрт бөлімнен тұратын классикалық музыка жанры.

Соната деген сөз италияның «сонере» деген сөзінен алынған, қазақша «үн шығару» деген ұғымды білдіреді.

Классикалық соната бөлімінің өзіне тән мазмұны мен идеясы бар, күрделі, көркем бейнелі шығарма. Классикалық сонатаның әр бөлімі тыңдаушы мен оқушыға түсінікті болу үшін, қысқаша мазмұнына тоқталып өтелік.

Бірінші бөлімі шапшаң, екпінді, жылдам болып келеді де, адамның өмірімен тығыз байланыса құрылып, сонымен бірге оның бақытты өмір үшін күресетін, сезімді елестеткендей, көркемдік бейнелермен беріледі. Қайсыбір сонаталардың бірінші бөлімі (Бетховеннің «Патетикалық» сонатасы) шабытпен екпінді шиеленіскен қызу жағдайлар мен дүниеге оптимистік көзқарас терең мағынада беріліп отыратын драматикалық шығарма болып келеді.

Екінші бөлімі жай, салмақты лирикалы ән мелодиясынан құралып, ашық мәнерлі, айқын дауысты боп келеді. Бұл бөлімнің өзіне тән тақырыптары бар: «анданте» – салмақпен, «адажио» – жай, жарқын, әсем, «лярго» – кеңінен, ашық дыбыспен т.б. Жай бөлімнің мазмұнында іштей қайғыру, ренжу немесе философиялық ойға шому бейне түрде музыкамен беріледі. Тіпті кейбір сонаталардың жай бөлімі өлікпен қоштасу(Бетховеннің 12-сонатасы Шопеннің сонатасы және Шуманның квартеті) сияқты сарында ойналады.

Үшінші бөлімі көбінесе тез, шапшаң ойналып, симфонияның финалы секілді, көңіл көтерерлік би музыкасы мен ырғақтары арқылы оптимистік музыкаға ауысады. Бұл бөлімнің ерекшелігі сол тұрмыстағы жағдайды көркем бейнемен бейнелеп, халық әндері мен билеріне тән қасиеттерді мәнерлі ұштастырып отырады. Музыканың бұл жанры – халық арасына өте кең тараған. Классикалық со натаның формасы Батыс Европаның Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховен, Лист, Шопен, Григ сияқты композиторларынан басталып, орыс композиторлары Скрябин, Мясковский, Рахманинов, Чайковскийлер арқылы совет композиторлары Раков, Богатырев, Филипенко сияқты талант иелеріне келіп жетті.

Аса үлкен шабытпен ойналып, тыңдаушысының ой сезіміне күшті әсер беретін классикалық соната жанрынан аса күшті шығармаларды айтар болсақ, Л. В. Бетховеннің шығармасына жататын 32 фортепионалық сонатасының ішінен программалы «Потетикалық-8», «Лунная-14», «Аврора-21», «Аппасионата-23» сонаталарын айтамыз.

Увертюра - симфониялық оркестрлер ойнау үшін музыка аспаптарына арналып жазылған көлемді шығарма. Увертюра симфониялық музыканың негізгі саласының бірі болып саналады. Увертюра өзінің тарихи даму жолында симфониялық музыканың арқауы: симфония және симфониялық поэманың тұрақты жанрға айналуына үлкен әсерін тигізді. Басқаша айтсақ, симфониялық поэманың негізі увертюрадан шыққан. Увертюра қазақша аш, ашу, бастау деген ұғым береді. Өзінің алғашқы пайда болған кезінде увертюра үлкен драмалық шығармалардың алдында (опера, балет, оратория және пьеса) музыка аспаптарымен ойналатын болған. ХІХ ғасырдан бастап увертюра тек опера, оратория ғана ойналып қоймай, өз алдына жеке ойналатын программалы симфониялық үлкен шығармалардың аттарын да увертюра деп атай бастаған.

Увертюра XVIII ғасырдың аяғында операның кіріспесі ретінде шығармаға айналып, италиялық симфония, франциялық увертюра деген атқа ие болады да, келе-келе симфония прологі боп қалыптаса бастайды.

Глинканың «Иван Сусанин», «Руслан және Людмила», Чайкоквскийдің «Черевички», Римский-Корсоковтың «Псковитянка», Бородиннің «Князь Игорь» операларының увертюралары операның жалпы мазмұнымен байланысты болып отырады.

Операдан бөлек жазылған симфониялық увертюралар неміс композиторы Бетховен, орыс композиторлары Чайковский, Балакирев т.б. шығармаларынан байқалады. Классикалық увертюраға жататын Бетховеннің «Эгмонт», «Леонора», «Кориолан» атты көркем шығармаларын мысалға келтіруге болады. «Эгмонт» увертюрасы, Гетенің шығармасы бойынша, шетел қанаушыларына қарсы жалпы халықтық күресті баяндайды. Ал Глинканың «Арагонская хота», «Испан увертюрасы», «Мадридтің түні» атты шығармалары испан халқының әсем мелодияларынан құралып, күрделі көркем образ жасап, сондағы халық тұрмысын елестетеді. Қазақ композиторларының ішінен Брусиловскийдің «Дударай» атты увертюрасы «Дударай» әнінің негізінде жазылған.

Симфониялық поэма деп бір бөлімді, сюжеті бар, симфониялық оркестр үшін жазылған күрделі музыкалық шығармаларды айтамыз. Былайынша айтқанда, симфониялық поэма увертюра түрінің бірі десек те болады. Музыканың бұл жанры XIX ғасырдың орта кезінде пайда болған. Симфониялық поэма заңды түрде программалы болып келеді. Бұл жанр, жеке музыканың формасы ретінде, Венгер композиторы Ф. Лист (1811-1886) және орыс композиторлары Глинканың, Римский-Корсоковтың, Чайковскийдің, Балакиревтің, Глазуновтың шығармасынан үлкен орын алады. Композиторлар Ф. Листың «Тэссо», «Гамлет», «Прометей», «Праздничные звоны», А. Сметанның «Менің Отаным», «Вышеград», «Шарка», Балакиревтің «Русь», «В Чехии», Глазуновтың «Тамара», «Степан Разин» атты симфониялық программалы поэмалары кімге болса да белгілі.

Симфониялық поэманың мазмұны, жоғарыда айтқандай, сюжетті, әр жақты: халық өмірінен алынған тарихи шындықтар мен ертегі-аңыздар, халықтың бостандық үшін күрестері мен табиғат көріністерін баяндайтын образды күрделі шығарма болып келеді. Композитор Е. Брусиловскийдің Абайға арнап жазған «Жалғыз қайың» атты симфониялық поэмасында, Абайдың әндері мен халық әндерін де шеберлікпен пайдаланып, Абай дәуірінің көрінісін оркестрдің үнімен күрсеткен. Совет композиторлары Б. Нерсосовтың «Александр Матросов», А. Свечниковтың «Шорс», А. Нестеровтың «Краснодондықтар», Д. Гаджиевтің «Бейбітшілік үшін» Қазақ композиторларының ішінен М. Төлебаевтың «Қазақстан», Қ. Қожамияровтың «Ризвангуль», В. Великановтың «Бейбітшілік жолы», Қ. Мусиннің «Халықтар бақыты үшін», Е. Рахмадиевтің «Аманкелді, «Толғау», М. Қойшыбаевтың «Мәншүк» атты симфониялық поэмалары бар.

Соңғы кезде ән-симфония шығармаларын да симфониялық поэма деп атап жүр. Оған мысал композитор В. Юровскийдің (А. Алигердің сөзі бойынша) «Зоя» атты музыкалық драмалы поэмасы бар. М. Төлебаевтың «Қазақстан» атты симфониялық поэмасы туралы академик А. Жұбанов былай деп жазды:»Мұнда автор бір жағынан туған жерінің табиғат сүретін берсе, екіншіден, сол жерді жайлаған бақытты елдің шұғылалы өмірін, оның өршіл ойын баяндайды. Қазақтың күйлерінде көп кездесетін ат шабыстың ырғағы арқылы композитор даланың сән-салтанатын, жаңа өмірдің, ат шабыстың дүрсіліндей, жер жарған жеңімпаз үнін береді. Осы кейіп бірде шырқаған әннің үнімен, даланың өзіндей шалқыған кең тынысты мелодиямен арқауласады. Ол тақырып коммунизм құрып жатқан елдің жеңіс үні, қуаныш үні сияқты болып естіледі. Лирикалық өрнек беретін жерде композитор полифониялық әшекеймен безендіреді. «Қазақстан» - жарықты, бақытты алдан іздеудің, үлкен мақсаттың жыры. Поэма басынан аяғына дейін лиркалық түйінде жүреді. Сондықтан кейбір үрлеп ойнайтын мыс аспаптар араласқан жердің өзінде де, алғашқы алған лирикалық түйін бұзылмайды. Шаттық сезімін де, жаңалықтың сарынын да композитор «ұрдажық» ноталармен емес, лирикалық, жан қылын шертерлік үндер арқылы беріп, шын мәнісінде әсерлі шығарма дәрежесінде көтереді. Мұнда шиеленіскен үлкен драмалық коллизия, қарама-қарсылық тартыс туғызатын жағдай композициялық орын алмайды. Шығарма басынан аяғына дейін бейбіт түрде дамып отырады. Әрине, осының бәрі поэманың жалпы «Сөздігіне» әсерін тигізген. Оркестр табиғатын жақсы білу, әр аспаптың өз бояуын тауып пайдалану, формалық жақтарды қатты ұстау, ішіне «сөз арасын былғайтын» бөтен сөз енгізбей, тұжырымды етіп қана бітіру арқасында, поэма тыңдаушылар алдында үлкен құрметке ие болып келеді.

Күрделі музыкалы шығармалардың ішінде симфония деген жанрдың аты жиі кездеседі. Симфониялық музыка деп XV – XVI ғасырлардан бастап бір бөлімнен тұратын музыкалық инструменталдық шағын шығармаларды атайтын болған.

Симфония – грек халқының сөзі, «дыбыстар бірлестігі» деген мағынада. Симфонияның көлемі үлкен, философиялық терең идеялы көркемдік шығарма болып келеді. Симфония әр уақытта үлкен музыкалы коллектифтен (70-80 адамдық) құрылатын оркестрге арналып жазылады. Симфониялық поэма, фантазия музыкалық шығармалар форма жағынан дами келіп, классикалы бірнеше бөлімнен құралатын симфонияның шығуына әсер етеді. Әрбір бөлімнің жеке аты, сонымен қатар көркемдік образы бар, бірақ та барлық бөлімнің жалпы идеясы бір классикалық симфония боп ХVІІІ ғасырдан бастап реттеліп қалыптасты.

Бүгінгі біздің дәуіріміздегі симфонияның тарихы ертедегі опера увертюрасының дамуымен тығыз байланысты. Кейіннен ол – форма жағынан дами қалыптаса түсіп, инструменталдық басқа жанрлардың (балеттік сюита, камералық соната және концерт) пайдалы әсерінің арқасында жеке күрделі, өзгеше музыка жанрына айналады.

Классикалық симфониялық шығарманың бірінші бөлімі (аллегро) жылдам болып келеді де, адам баласы өмірінің күресі мен тартысын, еңбек пен жетістік әрекеттерін баяндайды. Музыка үні адамға үлкен қайратты ой туғызып, драмалық тартыс ықпалды болып келсе, екінші бөлімі (анданте, адажио) жай салмақпен сазды мелодия болып отырады да, сезімді оятатын лирикалы сүйіспеншілікті суреттейді. Бұл бөлімнің мазмұны адамның ішкі сезімін оятатын, қайғы-қасірет, реніш, қуаныш, әсемдік, философиялық ой мен толғаныс күй-сырын сипаттайды. Екінші сөзбен айтқанда, бұл бөлімнің жай да салмақты өтілуін «қадамдап қозғалу» деп те атайды. Бұнда да симфониялық бояу бөлімін өлікті жерлеу маршы ретінде пайдаланылады. Бұған Бетховеннің 3, 7 – симфониясы мен Мясковскийдің 16-симфониясы жатады.

Үшінші бөлімі (аллегро) жылдам билейтін музыкаға негізделіп келеді. ХVІІІ ғасырда симфонияның бұл бөліміне тым сыпайы кербез «менуэт» деп аталатын француз биі қолданылса, кейіннен композитор Гайдн вальсі пайдаланатын болған. Ал ХІХ ғасырдан бастап неміс композиторы Бетховен симфонияның осы бөлімінің темпісімен мазмұнын тереңдетіп батыл өзгертеді. Сол кезден бері симфонияның үшінші бөлімі, мазмұны мен идеясы жағынан бірінші, екінші бөлімдері секілді, өмір бостандығы мен бақыттылық лебізін, тұрмыс тартысының шиеленісу арасалмағын көрсететін күрделі бөлімге айналады. Қорыта айтқанда, композитор осы бөлімде менуэт, вальс, скерцо (қалжың, әзіл) сияқты көңілде шаттық сезім тудыратын (көтеріңкі көңіл, демалыс, ойын-сауықтар) би ритмді музыканы пайдалана отырып, өмірдің шабыты қаһарлы не асқақты көріністерін есте қаларлықтай етіп музыка мелодиясымен әсер береді.

Симфонияның төртінші бөлімі – финал (соңы) – өте жылдам, тез темпта жазылады. Көпшілік классикалық симфонияның финалы жарқын, сүйсінерлік, дүниеге оптимистік көзқарасты баяндайды. Классикалық симфонияның ішінде күнделікті тұрмысты елестететін сцена (Чайковскийдің 1, 2 – симфониясы) немесе көпшіліктің мерекелі күйін көрсететін түрлері бар (Бетховеннің 3, 7-және 9-симфониясы, Чайковскийдің 3, 4-симфониясы, Бородиннің 2-симфониясы).

Композитор Гайднның бірнеше симониясының финалдарында тұрмыстың әрбір жағын көрсетумен қатар, халықтық музыка аспаптарда жиі ойнайтын мелодиялары мен аң аулаушылардың рожкамен беретін дыбыс белгілері де шеберлікпен пайдаланылған.

Ал Бетховеннің 3, 5, 7 және 9 – симфонияларының финалына тоқтайтын болсақ, олар да бұқара халықты салтанатты той мерекесін бірлестік пен пікірлестік жағдайда көрсететін философиялы мазмұны бар, қоғамдық, әлеуметтік образдар басым болып келеді. Орыстың музыка сыншысы В.Стасов, Бетховеннің «Батырлық» симфониясының финалы туралы: «Бұл музыка бір топ халықты, халықтың мейрам-мерекесін, әр түрлі адамдар тобын бір-бірімен алмастырылғандай елестетеді: біресе жай халық, біресе әскерлер жүріп келеді, біресе балалар-міне, осылардың барлығы бір ауыл аймағындағы әсем табиғат көрінісінде беріледі»,-деп бағалайды.

Симфониялық музыкалық жанрдың даму тарихына ерекше үлес қосқан-неміс композиторы Л.В.Бетховен. Оның үлкен шабытпен бүкіл халықтық салтанатты мейрамды көрсететін ұлы ой өрісінен шыққан атақты 9-симфониясында бірінші рет симфония оркестрінде ән квартеті мен хорда қосып (Шиллердің «Оды к радости» тексті бойынша), батыл жаңалық ашты. Бұл симфонияның негізгі темасы «Тема радости» бақыт тақырыбы мен «Обнимайтесь миллионы», «Түнектен жарыққа» деген ұранды сөздерді музыканың үніне бөлендіреді.

Классикалық симфонияның негізін салған композитордың бірі австриялық Иосиф Гайдн (1732-1809). Оны «Симфония әкесі» деп те атайды. Гайдынның шығармасынан жүзден астам симфонияны кездестіреміз. Соның ішінде Париждік – 6, Лондондық – 6 және программалы шығармаларда кездеседі: «Таң алдында», «Күн жартысы», «Кеш», «Охота», «Қоштасу симфониясы» т.б.

Симфониялық жанр орыс және совет композиторларыны шығармаларын да өте кең орын алады. Чайковскийдің «Қыстық қиял», «Монфред» (Байронның сюжеті бойынша), «Потетикалық – 6», Бородиннің «Батырлық – 2», «Батыр словяндық» Глинканың «Комаринскаясы» мен «Вальс фантазиясы» (симфониялық фантазия), Н.Мясковскийдің 16, 21, 27-, Шестаковичтің «5, 11, 7- Ленинградтық», Ю.Шапориннің «Куликов даласында», Н.Капптың «Жастар симфониясы», Е.Бруселовскийдің 3-4-5-6-симфонияларын айтуға болады.

Осы шағын шығарманың қуанышты үні Отанымыздың жарқын бейнесін, коммунизмге қарай қарштап адымдаған совет адамдарының өресін шаттық күйлі ән мелодиясымен тыңдаушыларды үлкен сезімге бөледі.

1944 жылы Ұлы Отан соғысының қызып жатқан кезінде жарыққа шыққан «Аманкелді» атты симфониялық поэмасында В.Великанов қазақ халқының арасынан шыққан батыр Аманкелді Имановтың ерлік образын симфониялық оркестрдің сазды үнімен баяндайды. Композитор – батырдың қазақ даласына бақыттың келе жатқанын сезген ірі тұлғасын көрсете келе, оның ел арасынан сарбаздар жинап, Совет үкіметін орнату үшін елі, халқы үшін күрескен ерлігін баяндайды. В.Великановтың «Қазақ симфониясы» Ұлы Отан соғысында қол жеткен совет халқының ұлы тарихи жеңісінің бақытты үнін шабытты көркемдікпен суреттейді. Композитордың негізгі ойы жалпы ел, халық қуанышын музыкалық картинамен көрсету еді. Шығарманың музыкалық интонациясы қазақ халқының әндерімен іргелес, сыбайлас болып келген. Симфонияның негізгі тақырыптары өте айқыен және әсерлі. Композитор үлкен шеберліктің арқасында симфониялық үнімен соншалықты қиын, жалпылама образды көрсетіп, оны халықтың музыка байлығымен ұштастыра білгені – үлкен творчестволық жетістік. Бұл шығарманың «Қазақ симфониясы» деп аталуының мәні осыдан.

Қазіргі замандағы симфониялардың тақырыбы мен ойы бұрынғы симфониялардың темасына әлдеқайда өзгеше. Қазіргі біздің заманның жетістігі, еңбек ерлері, Отан даңқын батырлықпен асқақтатқан адамдар, Отанға, елге, жерге деген сарқылмас ұлы сүйіспеншілік үндері, халық достығы, бейбітшілік тақырыбы ұлы гармониялық үндестікке айналып отыр.

Концерт – музыканың көлемді жанрының бірі. Концерт сөзінің екі түрлі мағынасы бар: бірінші, өнер шеберлерінің қатынасуымен өткізілетін музыкалық кештің атын концерт деп атайды; екінші, концерт деп көлемді де күрделі түрде жазылған аспаптық музыка жанрын айтады.

Концертті жеке артисттер мен үлкен-кіші музыкалық коллективті симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі, хор және камералық ансамбльдер бере алады. Сондықтан күнделікті өмірде симфониялық концерт, камералық концерт, хор концерті немесе жеке әнші, фортепианода, скрипкада ойнайтын адамдардың концерті, радио мен телевизордан беретін концерт деп жекелеп атайды. Концерт деген сөздің бірінші мағынасын осы сияқты атаулардың өзі анықтай түседі.

Музыканың бұл жанры Италияда ән музыкасы формасында пайда болып, кейіннен аспаптық музыкаға ауысады. Концерт деген сөз италияның сөзінен шыққан, бізше бәсекелесу деген үғым береді. Бұнда жеке дауыс пен көмектесуші аспаптың дыбыстары бәсекелесе жымдаса үндесіп тұрады деп ұғыну керек.

Концерт жанрын классикалық композиторлардың творчествосынан көп кездестіруге болады. Бұл жанрға композитор Моцарт көп жаңалықтар енгізіп, оның негізгі соло скрипка, виолончель мен фортепиано т.б. аспаптар партиясын ойнау үшін аса үлкен шеберлік техникасының болуын талап етіп жазды. Моцарттың концерттерінен бастап соло ойнаушы аспап пен симфониялық оркестр арасында өзіндік жарыс болып, сол жарыста жеке инструмент партиясы жеңіп шыққан. Моцарттың творчествосынан концерт жанры классикалы үш бөлімді болып орын алып, біздің дәуірімізге жетіп отыр.

Орыс композиторларының творчествосынан концерт жанры өте үлкен орын алды. Чайковскийдің бірінші си-бемоль минорлық фортепиано мен симфониялық оркестр үшін жазған концерті осы жанрдың дамыған жоғарғы сатысы деуге болады. Концерттің басталуы оркестрдің шақырылу үнімен басталып, әндік салтанатты темасы фортепианоның күшті аккорттарына қосылып, триумф шаттық үні үш рет қайталанып, фортепианоның тамаша коденциясы адамда ұлы айбынды, шаттық сезім туғызады. Музыка зерттеушісі А.Альшвангтың осы концерттің кіріспесіне «өмірдің манументті гимні» деп берген анықтамасы дәл келеді. Концерттің негізгі түпкі мазмұны адамның бақытты сезімімен ұштасып, өмірге деген сүйіспеншілігін баяндайды. Композиторлар Хачатурянның скрипка мен симфониялық оркестр үшін, Шестаковичтің скрипка, фортепиано, виолончель үшін, Кобалевскийдің скрипка, Чайкиннің баян мен оркестр үшін жазылған концерттерін еске түсіріндер.

Концерт музыкалық аспаптарға жазылумен қатар, дауысқа да арналып жазылып жүр. Мысалы: Глиэрдің, Шестаковичтің, Мұхамеджановтың дауыс пен симфониялық оркестр үшін жазылған концерттері бар. Қазақстан композиторларының ішінен бірінші рет Н. Мендіғалиевтің фортепиано мен симфониялық оркестр үшін жазған концертін тыңдаған боларсыздар. Қазақтың музыка мәдениетіне енген тұңғыш фортепиано мен симфониялық оркестр үшін жазған бұл концерттің құндылығы сол: оның әрбір бөлімі классикалық концерттердің формасымен жазыла отырып, оның ритмі, интонациясы, көркемдік қасиеттері, жалпы идеясы қазақ халық музыкасымен ұлттық колоритте ұштасады. Домбыраның дыбысы, қоңыр үні терең сырлар ұққызып, жүрекке жайлы әсер етеді.

Опера деген Италия тіліндегі шығарма, еңбек деген ұғымнан пайда болған. Музыка өнерінің ішіндегі ең көлемді жанрдың бірі – опера. Опера деп көлемді оқиғаны баяндайтын, әншілер, хор, оркестр, бишілер т.б. көптеген өнерлердің қосындысынан пайда болған музыкалық драмалы жанрдың түрін айтамыз.

Опера жанры XVI ғасырда Италияда пайда болып, кейінірек Европа, Азия елдеріне тарап кеткен. Опера жанрының өмірге келуіне бірінші себеп болған өнердің өзіндік музыкалы драмасы. Опера жанрын көлемді жанрлардың қатарына қосу себебі операда ең әуелі либретто болу шарт, сахнаға бейімделген драмаға ыңғайлап музыка жазылып, онда ән, ария, ариоза, каватина, дуэт, трио, квартет, оркестр, хор, би өнерлері мен коллективтер қатысып қоймай сахналық көріністер (декорациялар), костюмдер, түрлі шұғыла жарықтар арқылы көрсетілетін музыкалы драма пайда болады.

Композитор толғанып, белгілі либреттаға негіздей отырып, оған музыка жазуға кіріседі. Операның музыка желісі либреттадағы өмір оқиғаларында ән, ария, ариоза, хор, би, оркестр тілдеріне шеберлікпен түсіріп, тыңдаушы мен көрерменді музыкасының әдемілігі, әсемділігі, жүрек сырын шертетіндігі мен құлаққа жағымды, жүрекке қонымды, адамның жанын тебірентетін музыка әуенімен еліктетеді. Опера тематикасы үлкен тарихи болған оқиғалардың негізіне құрылып, драматургиялық конфликтерді, философиялық мәселелерді өзек етіп, тыңдаушы мен көруші қауымын, жеке кейіпкерлердің мінез-құлқын музыка тілімен баяндап отырады.

Музыка тарихында опера жанрына елеулі еңбек сіңірген композитор классиктер көптеген түрлі операларды жазып, өнердің алтын қазына қатарына үлестерін қалдырды. Бұл жөнінде Моцарттың «Свадьба фигаросы», Вагнердің «Тангейзері», Россинидің «Цивиль шаштаразысы», Вердидің «Аидасы», Пуччинидің «Чио-Чио-саны», Глинканың «Иван Сусанині», «Руслан мен Людмиласы», Чайковскийдің «Евгени Онегині», «Қарғаның мәткесі», Мусоргскийдің «Борис Годуновы», «Хованщинасы», Доргомыжскийдің «Русалкасы», Бородиннің «Князь Игорь», Римский Корсаковтың «Саткосы», Хренниковтың «Анасы», Шапориннің «Жас гвардиясы», Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», «Дударайы», «Ер-Тарғыны», Төлебаевтың «Біржан-Сарасы», Жұбанов пен Хамидидің «Абайы» т.б. көптеген шығармалар сахнадан орын алды.

Қазақ халқының опералық өнері де ең әуелі 1930 жылдары «Еңлік Кебек», «Айман-Шолпан» секілді музыкалық драмадан басталып, 1935 жылы опера жанрының пайда болуына тікелей ықпалын тигізді. Опера жанры туысымен сол операда қатысып ойнайтын басты кейіпкерлердің, екінші сөзбен айтқанда дарынды әншілердің, тууын өрістетті. Егер басты кейіпкерлердің рольдерін ойнайтын әншілер болмаған жағыдайда ол опера сахнаға қойылмаған да болар еді. Міне, сондықтан опера жанры көптеген компонеттердің керектігін талап ететін синтетикалық жанрға жатады. Октябрь революциясына дейін қазақ халқының өнері жеке-жеке ән салудан, домбыра, қобыз, сырнай тарту мен ою-өрнектерден ілгері көтеріле алмаған болса, жаңа заман дәуірі музыка байлығының арқасында опера өнерінің көп ұзамай пайда болуына тікелей әсерін тигізді.

«Ән сюжеттерінің молдығы және сан алуандығы,- деп , халықтар музыкасын зерттеуші, профессор А.Д.Кастальский қазақ әншілерінің қандай тақырыпқа болса да музыка тілімен үн қосуға өздерінің ерекше қабілетті екенін, әсіресе олардың мелодиялық жағынан дарындылығын сипаттайды».

1944жылы опера театрының репертуарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» (либреттосы М.О.Әуезовтікі) операсы енді. Бұл опера кейіннен біраз өңделуге түсіп, бүгінгі театрдың мықты репертуарының біріне айналып отыр. Ұлы Отан соғыс жылдарында қазақ композиторларының «Абай» операсын жарыққа шығаруы қазақ халқының опера өнерінің бағы бір айтарлықтай табысы еді.

«Операда Абай әлеуметтік әділетсіздікке, кертартпа шірік салт-санаға батыл қарсы тұрған, өмірден өгейлік көріп, жапа шеккенәлсізді дүлей қара күштен қаймықпай арашалап, қысылтаяңда жөн тауып, оны қатаңдық астына алатын кемеңгер данышпан ел ағасы ретінде көрінеді. Абай – заманының алдыңғы қатарлы ойшылы, халқының зар-мұңын жырына қосқан гуманист ақын, жастардың жанашыры, әрі ақылшысы. Абай операда жалғыз көрінбейді, оның Айдар – сынды өнерпаз ақын інісі бар, өзінің асыл арманын, ақындық өнерін, әділет үшін күрескен ізгі ісін осы Айдар сияқты абзал жастар өрбітпек, алға апармақ. Түнек түнде жалғыз шырақтай болған ұлы Абайдың үміті де осы Айдар – сынды талапты, өнерпаз жастар, соларды медеу тұтады, солар үшін жанын отқа салады. Жалғыз Айдар емес, қалың бұқара халық та Абай жағында: халқын өнер-білімге шақырған ағартушы Абай, нашарды қанатының астына алған гуманист Абай, халқының үміт-мүддесін жырына қосқан ақын Абай операда әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күрес-тартыс үстінде тұлғаланылады.

Операда жақсы болашақты, жарық дүниені аңсаған алғыр ой мен етектен тартқан ескішілдіктің, надандықтың бітпес шайқасы бірден басталып кетті. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі идеяның ссайысы бүкіл шығармаға өзек болады, оқиғаның өзі осы қақтығыстан өрбіп дамиды,- дейді А.Жұбанов.

«Абай» операсын жазғандағы авторлардың мақсаты қазақ халқының арасынан шыққан бұқара халықтың досы, прогресшіл, шыншыл ақын Абайдың ерекше тұлғасын тек әдебиет саласында қалдырып қоймай, сонымен қатар Абайдың музыкалық мұрасын пайдалана отырып, опера сахнасында да мәңгі қалдыру еді. Бұл операда Абайдың образымен сәйкес бостандық пен теңдік іздеген халық образы анық бейнеленеді. Сонымен қатар, ел арасындағы айтыс, тартыс, өшпенділік, ескі әдет-ғұрыптар да жақсы көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің жазған музыкалық мұрасы жұртшылығымыздың есінде мәңгі сақталатын қазақ операсының бірі болып саналады.

Қазіргі қазақтың академиялық опера театры Абайдың есімімен аталады. Оның құрамында көрнекті әншілер мен келешегі зор балетшілер, талантты режисерлар мен суретшілер істейді.

***

Қымбатты студенттер! Музыка өнерінің үлкенді-кішілі көптеген жанрларына аздаған түсініктер мен мысалдар келтіріп, соның ішінде музыканың ең көлемді жанрының бірі операны айта келіп, қазақ совет өнер саласында опера өнерінің қалай пайда болып дамығаны көрсетіліп, классикалы қазақ операсына қысқаша түсінік берілді.

Бүгінгі күні музыка мәдениеті даму үстінде. Бірінен соң бірі өмірге келіп жатқан музыканың барлық жанрлары мазмұны мен ойы жағынан терең болып, қазақтың музыка мәдениетін келешекте де дамыта беретіндігінің ерекше айғағы болатынында күмән жоқ.

Сіздерге ұсынылып отырған осы шағын еңбекте музыка өнерінің адам баласының өмірінде елеулі рөл атқарып, адамға пайдалы ықпалын тигізетіндігі туралы айтылды.

Қорытып айтқанда, оқырмандардың осы кітапшада айтылған музыканы тыңдай және түсіне білу туралы ойлар мен пікірлерді күнделікті өмірде іске асырып, музыка өнерін өмір азығы ететіндігіне сенемін.



Самые низкие цены на курсы переподготовки

Специально для учителей, воспитателей и других работников системы образования действуют 50% скидки при обучении на курсах профессиональной переподготовки.

После окончания обучения выдаётся диплом о профессиональной переподготовке установленного образца с присвоением квалификации (признаётся при прохождении аттестации по всей России).

Обучение проходит заочно прямо на сайте проекта "Инфоурок", но в дипломе форма обучения не указывается.

Начало обучения ближайшей группы: 27 сентября. Оплата возможна в беспроцентную рассрочку (10% в начале обучения и 90% в конце обучения)!

Подайте заявку на интересующий Вас курс сейчас: https://infourok.ru

Общая информация

Номер материала: ДВ-383055

Похожие материалы

2017 год объявлен годом экологии и особо охраняемых природных территорий в Российской Федерации. Министерство образования и науки рекомендует в 2017/2018 учебном году включать в программы воспитания и социализации образовательные события, приуроченные к году экологии.

Учителям 1-11 классов и воспитателям дошкольных ОУ вместе с ребятами рекомендуем принять участие в международном конкурсе «Законы экологии», приуроченном к году экологии. Участники конкурса проверят свои знания правил поведения на природе, узнают интересные факты о животных и растениях, занесённых в Красную книгу России. Все ученики будут награждены красочными наградными материалами, а учителя получат бесплатные свидетельства о подготовке участников и призёров международного конкурса.

Конкурс "Законы экологии"